Мен жан жоқ, өлген соң өмір жоқ дегенге таңғаламын. Оларға мұндай сөзді қандай ой айтқызып отыр екен...
Ги де Мопассан. Томпыш
(повесть)
Қатарынан бірнеше күн бойы қала арқылы қираған армияның қалдықтары өтіп жатты. Қазір бұлар әскер емес, әншейін берекесі қашқан қарақшылар еді. Шегінгелі бері солдаттардың қырылмаған сақалы үрпі-түрпі, мундирлері жұлым-жұлым болып, туларының да тастап, бет-бетімен зорға сүйретіледі. Қажыған, еңселері түскен, олар ойлаудан да, қимылдаудан да қалып, тек дағдыларымен ілбіп келе жатқан сияқты, тоқтай қалса болды, қалжырап құлай кетеді. Олардың ең көбі қосымша күштегілер -винтовкаларының салмағынан жаншылған бейбіт адамдар, зиянсыз өсімқорлар мен дабыраға да, жігерленуге де бірдей жеңіл берілетін, шабуыл мен қашуға да қашанда әзір тұратын ұлттық гвардияның жауынгерлері болатын; олардың арасынан анда-санда қызыл дамбалдылар да жылт етіп қалатын, олар шайқаста быт-шыты шыққан дивизияның соңғы шашырандылары еді; алуан полктың жаяу әскерлерінің қатарында артиллерияшылардың қара түсті мундирлері де қараң етіп, шапшаңырақ қозғалатын жаяу әскердің соңынан әрең ілесіп келе жатқан ауыр салмақты драгундердің де қасқалары ілуде бір жарқ етіп қалады.
Батырларға лайық аттары бар "Кек қайтарушылар", "О дүниенің азаматтары", "Өлімге қатыстылар" деген ерікті атқыштардың қарақшылар тобына ұқсайтын отряды да өтті.
Осы отрядтардың командирлері бұрынғы кездемеші, соңғы күндерге дейін май мен сабын сатқан, ақшасы мен әдемі мұртына бола офицерлік шен алған кездейсоқ жауынгерлер болатын, қару асынып, оқалы киім киген олар қатты дауыстап өздеріне сенімді сөйлейді, жорықтың жоспарын талқылап, бақытсыз Францияны қолдайтын жалғыз бізбіз деп даурығысады, алайда соған қарамастан өздерінің өжет, жанкешті әскерлерінен -бұзықтардан, тонаушылар мен азғындардан - қорқады да.
Жұрт пруссактар әне-міне Руанға да келіп қалады десіп жүрді.
Соңғы екі айда төңіректегі орманда өте-мөте сақтықпен барлау жасап, әлдебір қоян бұта түбінде бұқпантайлап жүрсе де аттан салып, кей-кейде өз күзеттерін де атып алып жүрген ұлттық гвардия үйді-үйіне тарасты. Бертінге дейін үлкен жолдың бойындағы үш шақырым аралыққа дейінгі бағаналардың зәресін алған қарулар, әскери киімдер, тағы басқа қаһарлы дүниелер кенеттен зым-зия жоқ болды.
Ақырында француздың соңғы солдаты Сенадан өтіп, Сен-Север мен Бур Ашар арқылы Понт-Одемерге бет алды; бәрінің ең соңында быт-шыт болған бөлімшесіне бір әрекет жасауға шамасы келмей күйзелген және үнемі жеңіп дағдыланған, ал қазір аңызға айналған қаһармандығына қарамастан түгі қалмай қираған ұлы халықтың басына түскен сұмдық нәубеттен өзі де сасып қалған генерал екі адъютантымен бірге бара жатты.
Сонан соң қала үстін сөзсіз болатын бәлені үнсіз күткен өлі тыныштық басты. Сөре мен дүкеншіктің ар жағында тұрып майланған, өжеттігінің бәрінен айырылған көптеген буржуа жеңімпаздарды үйіндегі істіктері мен үлкен ет кесетін пышақтарын қаруға жатқызып жүре ме деген қорқынышпен күтті.
Қала тіршілігі тоқтады: дүкендер жабылып, көшелер қаңырап қалды. Түнерген тыныштықтан қорыққан бірді-екілі жүргінші қабырғаға үрейлене жабысады.
Күтудің азаптағаны сондай, одан да жаудың жетіп келгені жеңілдік әкелетіндей болып көрінді.
Француз әскерлері кеткен күннің ертесі кешке қарай қайдан келгені белгісіз ұландар қала ішімен шапқылап өтті. Біраздан кейін Сент-Катринның еңісінен қара қорым болып қаптаса, қалған екі топ Дарнеталь мен Буагиом жолымен сау ете қалды. Үш әскердің сайлауыт тобы қала орталығындағы алаңда бір мезгілде тоғысты да, қалған көрші көшелерге жол табанын қатты адымдай нық басқан герман армиясының батальондары қаптап кетті.
Үні кеңірдектен шығатын жат дауыспен айқайлап берілген бұйрықтар иесі қырылып қалғандай немесе қашып кеткендей көрінген мылқау үйлердің терезелеріне дейін жетіп жатты, әйткенмен соның арасынша жартылай жабылған терезенің саңылауларынан үрейлі көздер жеңіске жеткен, "соғыстың заңы бойынша" қаланы, дүние-мүлікті, адам өмірін билеуге қақысы бар жаңа қожайындарға ұрлана қарайды. Бүкіл ақыл-ой, адамзаттың барша құдіреті оның алдында шарасыз болып табылатын үлкен күйреуге, қаһарлы табиғат апатына ұшырағандай қорқыныш билеген қала тұрғындары жартылай қараңғы бөлмелерге тығылды. Орнықты тәртіп құлап, қауіпсіздік саласы жоғалып, табиғат заңымен немесе адамзат заңымен қорғалған нәрсенің бәрі мағынасыз, дөрекі және қатыгез күштің билігіне берілген кезде қорқыныш сезімі кімді де болса билейді. Қираған үйлерге бастырып бүкіл қала тұрғындарын қырып салатын жер сілкінісі, суға тұншыққан шаруалардың денесін өгіздерінің өлігімен және үй шатырларының ағаштарымен қоса ағызып әкететін су тасқыны немесе қорғанғанның бәрін қырып, қалғанын тұтқындап әкететін, Қылыштың атымен тонап, зеңбіректің зіркілінің астында өз құдайына мадақ айтатын жеңімпаз армия -мұның бәрі адамзаттың әділдікке, аспанның қорған болатынына, адамның ақыл-ойына деген біздің мәңгілік сенімімізді азайтатын алапаттар.
Әйткенмен әзірдің өзінде әрбір есікті қағып, сонан соң үйге шағын отряд кіріп шықты. Шабуылдың арты басып алуға ұласты. Жеңілген жақ үшін жеңгендерге құрмет көрсету дейтін жаңа міндеті туындады.
Біраз уақыт өткен соң алғашқы үрейдің қыспағы басылып, тағы да тыныштық орнады. Көп үйде пруссиялық офицер отбасы мүшелерімен бірге бір үстелде тамақтана бастады. Егер ол дұрыс тәрбиеленген адам болса, сыпайылықпен Францияға жаны ашып, бұл соғысқа қатысу өзі үшін өте ауыр болғанын айтып та жіберетін еді. Оның ондай сезіміне риза болып жатысты, өйткені оның қамқорлығы күн сайын-ақ қажет болып қалатын. Оған жағыну арқылы үйге жататын адамның санын бірер адамға азайтуға да болатын-ды. Оның үстіне өзің барлық жағынан тәуелді болып отырған адамды ренжітудің не қажеті бар? Ол енді батырлық емес, ақылсыздық қой. Ал Руан қаласының тұрғындары өз қаласын қорғау кезінде ерлікпен даңққа бөленген кездегідей емес, қазір ондай ақымақтықпен күнәлі бола алмайды. Ең соңында әркім француздық әдептілікпен туындаған даусыз дәлелге жүгінді: жат жерлік солдатпен үй ішінде сыпайы болудың ешқандай сөкеттігі жоқ, тек жұрт көзінше онымен әлікей екеніңді көрсетпесең болды. Көшеде көрсе, оны танымағандай өте шығады, есесіне үйде онымен өліп-өшіп әңгімелеседі, содан неміс күн өткен сайын кешкісін ұзақ отырып, отбасының ошағында ұзақ қыздырынатын болды.
Қала да бірте-бірте өзінің әдеткі қалпына келе бастады. Француздар үйден шығудан әлі қашқақтағанымен, есесіне пруссиялық солдаттар көше-көшеге сыймай құжынайды. Дегенмен өздерінің ажал әкелетін ұзын қаруларын аяқжолда шамдана салаңдатқан көгілдір гусар офицерлері, сірә, бір жыл бұрын осы кофеханадан дәм татқан арнайы француз атқыштарының офицерлерінен гөрі қарапайым қалалықтарды көбірек жақтырмайтын секілді.
Бәрібір қалада әлдебір көзге көрінбейтін, дағдыда жоқ бір нәрсе сезіледі; оны бір бөтен, тұншықтырған ауа мен ауыр, адам төзгісіз иіс - жаулап алу иісі тұмшалап алған. Ол тұрғын үйлер мен қоғамдық орындарға орнығып алып, ас-тағамға айрықша дәм беріп, құдды алыс бір елде, жабайы қанішер тайпаның арасында жүргендей әсер қалдырады.
Жеңіске жеткендер ақша талап етті, ақша болғанда да көп ақша. Тұрғындар төлей берді, төлей берді; дегенмен олар бай болатын. Бірақ нормандық коммерсант неғұрлым бай болған сайын өз иелігіндегі дәулеттің басқа қолға азғантай түйірінің ауысуынан тартқан зиянға соғұрлым қатты қайғырады.
Әйткенмен қала сыртындағы өзеннің екі-үш шақырым төменгі жағынан, Круассе, Дьепдаль мен Бьессар маңынан қайықшылар мен балықшылар су түбінен бауыздалған немесе ұрып өлтірген, таспен ұрып басы жарылған немесе көпірден суға лақтырып жіберген неміс солдаттарының ісініп кеткен өлігін талай рет тауып алысты. Бұл қатыгез және әділ, әрі құпия кек алудың құрбандары мен белгісіз батырлардың ашық күндегі айқасқа қарағанда әлдеқайда қауіпті және ешбір атақ-абыройға ие етпейтін бұл ерліктерін өзен балдырлары білдірмей жасырып-жауып жатты.
Жат жұрттыққа деген жеккөрініш Жаужүрек, Идея үшін жан қиюға әзір аз топқа атамзаманнан бері қолына қару алғызып келеді.
Алайда жеңушілер өзінің мызғымас тәртібіне қаланы бағындырғанмен, бәрібір, қаңқу сөзге сенсек, жеңімпаз жорығы кезінде жасаған жан шошырлық қатыгездіктерінің бірде-бірін жасаған жоқ, - ақырында тұрғындар батылданып, жергілікті табыскерлердің жүрегінде пайда табуға деген ынтықтық қайта тұтанды. Олардың кейбірі ірі ақша табу мақсатында әлі де Француз әскерлері тұрған Гаврмен байланысты болатын, сондықтан олар әуелі Дьеппаға дейін құрғақпен барып, сол арадан кемеге мініп Гаврға жетіп алып жүрді.
Таныс неміс офицерлерінің ықпалы да іске қосылып, соның арқасында қала коменданты шығуға рұқсат беріп жатты.
Сөйтіп, он жолаушы төрт ат жеккен үлкен дилижанс жалдап, сейсенбі күні таңертең, халық жиналып кетпей тұрып, күн шықпай жүріп кетуге ұйғарысты.
Аяз қысқалы бірнеше күн болған, ал дүйсенбі күні күндіз сағат үшке таман солтүстіктен ұшы-қиырсыз қара бұлт қаптап, қар жауды да, содан кешке дейін толастамады, түні бойы жауды.
Жолаушылар таңғы төрт жарымда күйме арбаға міну үшін, "Норман" қонақ үйінің ауласына жиналды.
Олар әлі ұйқылы ояу болатын, суықтан қалтырап, тоңғандарынан жылы орамал мен шәлілеріне оранып алысты. Қараңғыда бір-бірін әрең таныды, ал қысқы ауыр киім олардың бәрін ұзын шапан киген жуан кюреге ұқсатып жіберген-ді. Алайда екі жолаушы бір-бірін танып, оларға үшіншісі қосылып, содан әңгімелесіп кетті.
— Мен әйеліммен кетіп барам, - деді олардың бірі.
— Мен де.
— Мен де солай.
Алғашқысы тағы қосып қойды:
— Біз Руанға қайтып оралмаймыз, ал егер пруссактар Гаврға жақындаса, онда Англияға кетіп қаламыз.
Барлық жолаушының ойлағаны бір ғана мақсат болатын, себебі, олардың бәрі де табиғаты бірдей адамдар-ды.
Күймеге ешкім әлі жүгін тиеген жоқ-ты. Атшының шамы қараңғы есіктің бірінен жарқ етіп жанса, екінші біріне барып жалп етіп өшеді. Атқораның түкпірінен сабан төселген еденге тұншыққан ат тұяғының тықыры мен еркектің шу-шулеген, атты боқтаған даусы талып естіледі. Сылдырмақтардың ақырын шыққан сыңғырына қарап, арбаға жегетін атты жабдықтап жатқанын түсіну қиын емес-ті, көп ұзамай әлгі сыңғыр анық естіліп, ат қимылына қарай құбылған үздіксіз күңгірге ұласты; кейде ол тына қалып, іле-шала қайта басталады, сол кезде тағаның тықылы да естіліп қалып тұрды.
Кенет есік ашылды. Бәрі тына қалды. Жаураған жолаушылар жым болды; суықтан қатып қалған олар қозғалмай тұра берді.
Жылт-жылт еткен ақ жапалақ аспаннан жерге түсіп жатыр, түсіп жатыр; мұзды мүк барлық нәрсені сүмірейтіп, еңселерін басып, кейіптерін бұзып жіберді; қыс көрпесін жамылып, ұлы тыныштықтың құшағында мүлгіген қалада тек жауған қардың құбылған, көмескі, түсіндіруге келмейтін сырылы ғана естіледі, - дұрысы ол дыбыстың өзі емес, дыбысты сезіну ғана, бүкіл кеңістікті көмкеріп, бүкіл жер бетін орап алған аппақ түйіршіктердің жеңіл дыбыры ғана.
Қолына шам ұстаған адам аяғын әрең алып, басы салбыраған атты жетектеп тағы көрінді. Ол атты арбаның тәртесіне жақындатып қойды да, қамыттың құлақбауларын байлады. Сонан соң бір қолымен шамды ұстап тұрғандықтан, қалған бір қолымен айыл-тұрмандарды жөндеп ұзақ айналды. Екінші атты әкелуге бара жатқанында, ақ қар жамылып, орындарынан қозғалмай тұрған жолаушылардың сұлбасын байқап қалды да:
— Неге дилижансқа отырып алмайсыңдар? - деді. - Тым құрыса, қардан қорғанасыңдар ғой.
Олар, сірә, оны ойламаған болу керек, енді дилижансқа қарай лап қойды. Үш еркек өз әйелдерін артқы орынға отырғызды да, артынан өздері кірді; сонан соң оранып алға, түр-түсі бұлдыр басқалар да қалған орындарға келіп орналасты.
"Аяқтың астына сабан төселген екен, бәрінің аяғы көмілді де кетті. Түкпірде отырған әйелдер ала келген химиялық көмірі бар күміс жылытқыштарын жақты да, оның әрқайсысы баяғыда біліп алған артықшылықтарын бір-біріне сыбырлай санамалап жатты.
Жолдың қиындығына байланысты, әдеткі төрт аттың орнына ақырында дилижансқа алты ат жегіліп біткен соң, сырттан әлдекім:
— Бәрің отырдыңдар ма? - деп сұрады.
— Иә, - деді іштен біреу.
Дилижанс жолға шықты. Олар баяу, өте баяу, жаяу жүргенмен бірдей дерлік дәрежеде жүріп отырды. Дөңгелектер қарға батып, күйменің шанағы ыңырсып, тұншыға шықырлайды; аттар тайғанақтап, пысқырып, бұрқырап булары аспанға шығып келеді; айдаушының ұзын шыбыртқысы дамылсыз шартылдап, жіңішке жыланша біресе ирелеңдеп, біресе жазылып жан-жаққа сілтенеді, жылдамдата жүрсін деп, біресе ана аттың, біресе мына аттың жон арқасына ширатыла шүйлігеді.
Сол арада жерге де жарық түсе бастады. Жолаушылардың бірі Руан қаласының таза қанды тұрғыны қаңғалақтаған қарды теңеп айтқандай, ақ мақта да жерге жаууын тоқтатты. Бірде шық жамылған ұзын ағаштар, кейде қар кепкінің астындағы лашықтар көрініп қалатын аппақ даланың аппақтығын одан бетер айқындап, қап-қара, ауыр бұлттың арасынан буалдыр сәуле сызықтайды.
Сол жабырқау шұғыланың жарығында жолаушылар бір-біріне қызығушылықпен қарай бастады.
Дилижанстың ең түкпіріндегі ең жайлы орынға орналасқан Гран-Пон көшесінің көтерме саудамен шарап сатушылары ерлі-зайыпты Луазо бір-біріне қарама-қарсы отырған қалпы қалғып келе жатты.
Бұрын біреуге қызмет жасаған Луазо өзінің банкрот болған бастығынан барлық істі сатып алып, содан байлық жинаған. Ол шет аймақтағы ұсақ саудагерлерге нағыз нашар шарапты арзанға сатып қулығы мен емен-жарқын жүретіндігінің арқасында достары мен таныстарының арасында аты шулы суайт, нағыз нормандық аталған.
Алаяқ деген аттың оған берік орныққаны соншалық, жергілікті жерге танымал шақпа тілді, өткір ойлы, мысалдар мен тақпақтар құрастырғыш Турнель деген мырза шенеуніктер жиналған бір кеште іштері пысып отырған әйелдерге "ұшты-ұшты" ойыны, яғни "Луазо воле" ойнайық деген ұсыныс жасайды, онысы әрі "құс ұшты", әрі "Луазо ұрлайды" деген мағына беретін-ді, оның бұл әзілі лезде шенеуніктерге тарап, одан соң қаланың бүкіл қонақ үйлеріне жетіп, содан бір ай бойы бүкіл аймақ күлкіге батқан-ды.
Оның үстіне Луазо өзінің қызықты қылықтарымен, бірде сәтті, бірде сәтсіз әзілкештігімен де атағы шыққан адамды, ол туралы әңгіме бола қалса-ақ: "Ә, әлгі Луазо ма, ол бір теңдесі жоқ адам", - десетін.
Ол онша ұзын бойлы емес-ті, оның ұсқыны құдды шар тәрізді қарыннан, оның үстіне орныққан ақ бас көмкерген қып-қызыл денеден тұратындай еді.
Оның әйелі ұзын бойлы, толық денелі, өз білгенімен жүретін, ащы дауысты, қатал мінезді адам болатын, Луазо өзінің емен-жарқындығымен, қайнаған қат-қабат жұмысымен жандандырып жүрсе, ал әйелі олардың сауда үйіндегі тәртіп пен есептің үлгісі еді.
Олардың қасына өз орны мен жоғары дәрежесін жақсы сезінген кейіппен фабрикант, мақта-мата өндірісінің маңызды шікірәсі, үш жіп иіру орнының иесі, Құрметті легионның офицері және Бас кеңестің мүшесі Карре-Ламадон мырза жайғасыпты. Империя тұсында ол кейін оған қосылғаны үшін, өз сөзімен айтқанда, игі қарумен өзі соғысқан лагерден көбірек қамтып қалам деген бір ғана мақсатпен игі ниеттегі оппозицияны басқарған болатын. Өз күйеуінен әлдеқайда жас Карре-Ламадон ханым руан гарнизонына тағайындалған жақсы отбасынан шыққан офицерлердің нағыз алданышы болған-ды.
Күйеуінің қарама-қарсысындағы үріп ауызға салғандай әп-әдемі, жылы тонға оранған әйелі дилижанстың сұрықсыз ішіне түңіле көз сап отыр.
Олардың көршісі граф және графиня Юбер де Бревиль ежелгі және атақты норман тегінен тарайтын. Граф, аса келбетті егде тартқан дворянин, өзінің киініп-тарану айласымен король Генрих Төртіншімен табиғи туыс екендігін әйгілей жүруге тырысады, отбасылық мадақ шежіре бойынша, бұлардың бір арғы әжесі корольден жүкті болып қалады, ал оның күйеуі соған байланысты граф атағын алып және губернатор болады.
Граф Юбер Бас кеңестік жағынан Карре-Ламадон мырзаның әріптесі, департаменттің орлеан партиясының өкілі еді. Оның Нанттағы ұсақ кеме ұстаушының қызына қалай үйленгені біржола жұмбақ болып қалды. Алайда графиня ақсүйектік мәнерді жақсы меңгергендіктен, оның үстіне тамаша қабылдаулар ұйымдастыра білгендіктен, тіпті, бұрын Луи-Филипп балаларының бірімен ашына болыпты деген де әңгіме бар болғандықтан, бүкіл бетке ұстарлар соның төңірегінде үйірілетін және ежелгі ізеттілікті сақтаған бірден-бір орын болғандықтан, оның салоны департаменттегі ең бірінші саналатын әрі оған кіру де оңай болмайтын.
Ал Бревильдердің тұтастай мүлік түрінде жинаған байлығының жылдық түсімі, қауесетке қарағанда, бес жүз мың ливрге жететін көрінеді.
Күйменің төрінде отырған осы алты адам қоғамның ауқатты, өзіне-өзі сенімді, құдіретті тобын бейнелесе, ал адамдардың ықпалды, діндар әрі тұғыры берік тобы саналады.
Таңғаларлық кездейсоқтықпен барлық әйел бір іскәмейкеге отырыпты; графиняның қасына "О, біздің жаратушымыз" бен "Құдай анасын" сыбырлап айтып, ұзын тәспихтерін термелеген екі монахина орналасыпты. Оның бірі - құдды тақап тұрып бытырамен атқандай бетін шешек шұбарлаған егделеу әйел. Екінші өте әлжуаз әйелдің бет әлпеті әдемі, аурушаң көрінді, кеудесі азаптанушылар мен тақуаларды тудырып, бәрін өзіне бағындырып алатын дін жолында шаршап, құрт ауруына шалдыққан адамдыкіндей.
Бәрінің назарын монахиналардың қарсысында отырған әйел мен еркек аударды.
Еркек демократ, барлық атақты адамның қорқытушысы белгілі Корнюде болатын. Ол өзінің ұзын сары сақалын табаны күректей жиырма жыл бойы барлық демократиялық кафеге батырып шыққан-ды. Ол өзінің бауырларымен және достарымен бірге кондитер болған әкесінен қалған айтарлықтай мол дәулетті шашып бітіп, енді соншама ынтамен жасалған революциялық шарап құрбандығынан соң, ақырында еңбек сіңірген орнын алу үшін, республиканың орнауын шыдамсыздана күтіп жүрген-ді. Әлдекімнің әзілі арандатқан болу керек, төртінші қыркүйекте ол өзін жоғары дәрежедегі шенеуніктікке тағайындалдым деп есептейді, содан өз қызметіне кірісейін деп келсе, шенеуніктер кеңесінің бірден-бір қожасы болып қалған хатшылар оны мойындамай қояды, содан тайып тұруына тура келеді. Табиғатынан адал көңілді, қиянатқа бармайтын, елгезек адам болғандықтан, ол айрықша жігермен қорғану шараларын ұйымдастыруға кіріседі. Оның тапсырмасы бойынша, далаларда қасқырдың апаны сияқты орлар қазылып, төңіректегі ормандардан жас ағаштарды кесіп, барлық жолға бөгесіндер жасалды; сол әрекеттерге көңілі толған ол, жау жақындап келген кезде, асығыс қалаға шегініп кетті. Енді оның өз ойынша, ол Гаврда аса зор пайда келтірмек, ол арада да ор қазып, бөгесіндер жасатуына тура келеді.
Ал жеңіл мінезділер қатарына жататын әйел өзінің ерекше толықтығымен даңқы шыққан, содан "Томпыш" деген атқа ие болған адам-ды. Аласа бойлы, доп-домалақ, денесін май басқан, борбиған саусақтарының буын-буыны емшекке ұқсап үдірейген, терісі жалтыраған жұмсақ, көйлегін шіреп тұрған төсі құшақ жетпестей шалқар бұл әйел қалай дегенмен де көз тартарлықтай келісті еді және сұранысы да жақсы болатын, әсіресе оның жап-жас екендігі көз қуантатын. Алманың қызылындай бет ұшы шұғынық гүлдің жарылайын деп тұрған қауызын елестетеді; өте әдемі қара көзі ұзын жиі кірпіктердің қоршауында тіпті қап-қара боп көрінеді, ал ұсақ аппақ тістері жарқырап көрінген сүйкімді, дымқыл оймақ аузы дәп бір сүйгеніңді күтіп тұрғандай тіпті.
Егер қауесетке сенсек, оның басқа да баға жетпес артықшылығы толып жатыр.
Оны таныған сәттен бастап әдепті әйелдердің арасында сыбыр-күбір басталды да кетті; "масқара", "бұзылған қыз" деген сөздердің анық сыбырлап айтылғаны соншалық, Томпыш басын көтеріп алды. Ол өзінің жолаушы жолдастарын шамданған, өткір жанарымен бір шолып өтіп еді, сол сәтте-ақ қолма-қол тыныштық орнап, бәрі жерге қарады, тек Луазо ғана оған ойнақылана көз тастады.
Алайда көп ұзамай үш әйелдің арасында әңгіме қайта тұтанды: анандай әйелдің орталарында отыруы оларды ойда жоқта біріктіріп, тіпті туысқанға айналдырып жіберді. Заңды махаббат ежелден өзінің еркіндікті аңсаған сіңлісіне жеккөрінішпен қарап келе жатқандықтан, мына ұяты жоқ мақұлықтың алдында өздерінің бірігуі қажет екенін адал жанды жұбайлар сезді.
Корнюденің көзқарасына қарағанда консервативті дағдылары билеп кеткен үш еркек іс жағдайын әңгіме етіп кетті және олардың сөз ыңғайынан кедейлерге деген жеккөрініші байқалып-ақ тұрды. Граф Юбер өзін пруссактар душар еткен қырғын-жойқын туралы, мал ұрлаумен егінді қиратудан тапқан үлкен шығыны жайында сөз етті, әйткенмен ондай зиян өзі сияқты ауқатты, миллионер адамды мықтағанда бір жыл ғана қыспағына алады деген байсалды сенімділік сөз арасынан сезіліп тұрды. Капиталист Карре-Ламадон мырза мақта-мата өндірісінің тұрақсыз жағдайына байланысты, қиын күндерге деп сақтаған алты жүз мың франк ақшасын аман-есен Англияға аударып үлгеріпті. Ал Луазо болса француз әскерлерінің жабдықтау бөліміне амалын тауып бүкіл сақтаулы шарабын сатып жіберіпті, енді оған мемлекет мол ақша қарыз болып отыр, ол соны Гаврға барып алып алсам деген ойда.
Үш еркек бір-біріне жылы достық шыраймен қарасады. Қоғамдық жағдайларының әрқилылығына қарамастан, олар өздерін байлық жөнінен бауырластар санап, барлық ауқатты, қалталарында алтын сыңғырлайтын адамды түгел біріктіретін ұлы франко-массон орденінің мүшелеріндей сезінді.
Дилижанстың баяу қозғалғаны соншама, таңғы онға дейін тым құрыса төрт мил де жүрмеді, Асуға өрлеген кезде, еркектерге үш рет жерге түсіп, шығуға тура келді. Тотеге жетіп таңғы тамағымызды ішерміз деген жолаушылар қобалжи бастады, мына жүріспен ол араға түнде әрең жететін түрлері бар. Жол бойынан әлдебір ас ішетін бірдемені көреміз бе деген үмітпен бәрі терезеден сыртқа үңіліп келе жатқанда, кенет күйме қасат қарға тығылды да қалды; оны ол арадан шығарып алуға артық-кемі жоқ екі сағат кетті.
Аштық буып, ақыл-ой тұмандана бастады, ал келе жатқан пруссактар, шегініп келе жатқан француздың аш әскері сауда орындарының иелеріне үрей туғызғандықтан, жол бойынан бірде-бір асхана, бірде-бір қабақ көзге түсер емес.
Еркектер жол бойындағы фермаларға жейтін бірдеме іздеп жүгіріп барғанмен, ең құрығанда нан да сатып ала алмай оралды, себебі ешкімге сенбейтін шаруалар көзге көрінгеннің бәрін тартып ала беретін аш әскерлерден қорқып, өздерінің артық қорларын тығып тастаған болатын.
Түстен кейінгі сағат бір шамасында Луазо төс шеміршегімнің астын шыдатпай тырнап барады деді. Қалғандары да одан кем қиналып келе жатқан жоқ-ты, аяусыз, бірте-бірте күшейіп бара жатқан аштық олардың әңгімеге деген ықыласын баяғыда быт-шыт қылған болатын.
Анда-санда жолаушылардың бірі есіней бастайды; оның артынан іле-шала тағы біреуі қостай жөнеледі; әркім өзінің мінезіне, тәрбиесі мен қоғамдық жағдайына орай бірі шуылдатып, бірі үнін шығармай кезек-кезегімен аузын ашады да, бұрқырап бу шығып жатқан тесікті тез алақанымен жаба қояды.
Томпыш жерден бірдеме іздегендей, бірнеше рет еңкейіп белдемшесінің астына қолын жүгіртті. Қасындағыларға батылсыздау көз тастап, қайтадан түзеліп отырды. Бетінің қаны қашып, бәрінің жағы суалып кеткен еді. Луазо шошқаның титімдей сан еті үшін мың франк төлеуге дайын екенін айтып салды. Оның әйелі еріксіз наразы қимыл жасап қалды да, бірақ сол сәтте-ақ сабасына түсе қойды. Ақшаны желге шашқандай көрінген жай сөздің өзі де оның жынына тиетін, ол тіпті ондай әзілді де көтере алмайтын.
— Шындығына келгенде, маған бір түрлі ыңғайсыз болып отыр, - деді граф. -Қалайша мен тамақ алып шығуды ойламағам?
Әркім де өзін ойша солай сөгіп отырған болатын.
Алайда Корнюденің бір құты тола ромы бар екен; кім ішкісі келеді деп айнала ұсынып көріп еді, бәрі салқын ғана бастарын шайқады. Тек Луазо ғана бір жұтуға қарсы болмады, алғысын айтып құтысын қайтарып жатып:
— Дегенмен жақсы екен! Қыздырады әрі аштығыңды ұмыттырады, - деді.
Ром оны көңілді күйге түсірді де, ол енді кемедегілердің аш қалғанда жолаушылардың ішіндегі ең семізін жейтіні жайындағы өлеңді еске алып, біз де сөйтейік деген ұсыныс жасады. Томпышқа қарата астарлап айтылған әлгі сөзге тәрбиелі жолаушының бәрі тыжырынды. Луазо мырзаға ешкім жауап бермеді, тек Корнюде ғана жымиды да қойды. Монахиналар дұға оқуын доғара салып, қолдарын кең мол жеңдеріне тығып, көздерін жерден алмай тесіле қараған күйі қозғалмастан отыра берді, өздеріне жіберілген тексеруге азапты төзімділікпен шыдап бақты.
Ақыры сағат үш кезінде бірде-бір қылтиған ағашы жоқ шетсіз-шексіз мидай жазықпен келе жатқанда, Томпыш тез еңкейді де, іскәмейкенің астынан беті ақ дастарқаншамен жабылған үлкен кәрзіңкені көтеріп шықты.
Әуелі ол оның ішінен фаянс тақсы мен күміс стақан шығарды да, содан кейін кесектеп туралған екі балапан тауықтың еті салынған үлкен табақ алып шықты; кәрзіңкенің ішінен қағазға оралған басқа да дәмді тағамдардың төбесі көрініп қалды: қатпар нан, жемістер, тәттілер мен түрлі тамақтар, үш күн бойы асханаға бармай-ақ тамақтануға есептелген тәрізді. Азық-түлік түйіншектерінің арасынан төрт бөтелкенің мойны қылтияды. Томпыш шөженің қанатын алды да, Нормандияда "регенттік" деп аталатын наннан тістей отырып, сыпайылап жей бастады.
Барлығының назары соған ауды. Ұзамай дилижанстың ішін еліктірген иіс жайлап кетті де, танаулар делдиіп, сілекейлер тоқтамай ағып, жұрттың жағы сіресіп қалды. Әйелдердің жезөкшеге деген жек көрінісі енді ашуға ауысты, олар оны өлтіруге, дилижанстан стақанмен, кәрзіңкесі және азығымен қоса жұлып алып қарға лақтырып тастауға дайын еді.
Бірақ Луазо піскен шөже салынған табақты көзімен ішіп-жеп барады. Ақырында ол сөйлеп қоя берді:
— Міне ақылдылық! Мадам бізден гөрі көреген болып шықты. Әрқашан бәрін ойластырып жүретін адамдар болады!
Томпыш оған бұрыла қарады:
— Тамақ жемейсіз бе, сударь? Таң атқалы түк татпау тым ауыр ғой.
Луазо басын иді.
— Иә, ұят болса да мойындайын, қарсы емеспін. Соғыс кезінде бәрі де соғыс кезіндегідей, мадам, солай емес пе?
Өзінің сапарластарын көзімен бір шолып өтіп:
— Мұндай минутте өз міндетіне жауапты қарайтын әйелмен жолығу да өте ғанибет, -дегенді қосып қойды.
Шалбарын былғап алмау үшін, ол тізесіне әуелі газет төседі, сонан соң ылғи да қалтасынан тастамайтын бәкісінің ұшымен тауықтың санын тұздық-мұздығымен қоса шаншып алды да, тісімен жұлқып сондай бір рақаттана жей бастап еді, күйменің ішін күрсіне дем алған үн кернеп кетті.
Томпыш жуас, момын үнмен монахиналарға да тамақ ұсынды. Екеуі бірден келісіп, міңгір етіп алғыстарын білдірді де, бастарын көтерместен асығыс жей бастады. Көршісінің сыяпатына Корнюде де қарсы болмады, монахиналармен бірігіп тізелеріне төсеген газеттен үстелсымақ та жасап алды.
Ауыздар өршелене шайнап, жеп, жұтып, дамыл таппай ашылып-жабыла бастады. Луазо өз бұрышында барын сап кірісіп, әйелін де сөйтуге сыбырлай үгіттеп жатты. Әйелі ұзақ қарсыласты, бірақ ақырында, асқазаны жабысып қалатын болған соң, көнді. Күйеуі ең тәрбиелі сөздердің көмегімен "сапарлас арудан" Луазо ханымға да бір кесім ет алып, беруге болар ма екен деп сұрады.
— Әрине, болады, алыңыз, мырза, - деді Томпыш. Сөйтті де, ықылас білдіре жымиып, табағын созды.
Бордо шарабының бірінші бөтелкесін ашқан кезде, біраз абыржу байқалды: бар-жоғы бір-ақ стақан бар екен. Алдын ала ернеуін сүртіп алып, оны бірінен кейін біріне бере бастады. Сірә, сыпайылық істегені болу керек, тек Корнюде ғана көршісінің ерін ізі көрініп тұрған дымқыл жерге өз ернін тигізді.
Тамақты құныға жеп жатқан адамдардың ортасында оның иісін жұтып, ерлі-зайыпты Карре-Ламадон және граф пен графиня де Бревиль де "Танталдың азабы" аталған қиямет азапты бастан кешіп отырды. Кенет фабриканттың жас әйелі қатты күрсініп қалды да, жұрттың бәрі жалт қарады; дилижанс терезесінің сыртындағы қардай екі беті аппақ болып кетіпті, көзі жұмылып, басы кеудесіне салбырап түсіп кетіпті: әйел есінен танып қалыпты. Қорқып кеткен күйеуі көмек сұрап жалбарынды. Бәрі сасып қалды; монахинаның егделеуі аурудың басын сүйеп, аузына Томпыштың стақанын тосты да, бірер тамшы шарапты зорлап жұтқызды. Жас әйел қозғала бастады, көзін ашып, жымиды да, өлімсіреген дауыспен жаңағыдан да тәуір екенін айтты. Қайтадан талып қалмауы үшін, монахина бір стақан бордо шарабын түгел ішіп қоюға мәжбүр етті де:
— Бұл аштықтан басқа түк те емес, - деді.
Оны естіген Томпыш ұялғанынан қызарып, әлі де тамақ татпай отырған төрт жолаушыға қарап былдырлай жөнелді:
— Аһ, құдайым-ай, мен сіздерге тамақ алыңыздар деуге батпай отырсам...
Өзін қорлап, қарсылық білдіретін шығар деп күткен ол үндемей қалды. Сөзді Луазо бастады:
— Е, жөн ғой, мұндай жағдайда барлық адам бауыр, бір-біріне көмектесулері керек. Қанеки, ханымдар, әлдеқандай болмаңдар, айтатын несі бар, келісіңдер! Біз, бәлкім, түні бойы тоқтайтын жер таба алмаспыз. Мынандай жүріспен Тотаға біз ертең түске қарай жетсек те жаман болмас еді.
Бірақ төртеуі әлі толқу үстінде болатын, олардың келісім жауапкершілігін өзіне алуға бір де бірінің батылы бармады.
Ақырында мәселені граф шешті. Ол ұялып отырған толық әйелге барынша маңғаздана бұрылды да:
— Біз сіздің ұсынысыңызды алғыс сезімімен қабылдаймыз, мадам, - деді.
Тек алғашқы қадам ғана қиын екен. Рубиконнан өткен соң, бәрі қысылуды қойды. Кәрзине әп-сәтте жылан жалағандай болды. Оның ішінде бауырдан, бозторғайдың етінен жасалған паштет те, бір кесім қақталған тіл, крассан алмұрты, понлевек ірімшігі, печенье мен бір банкі маринатталған ұсақ қияр және пияз да бар боп шықты, - әйелдің көпшілігі сияқты Томпыш та ащы нәрсеге әуес-ті.
Әйелдің алып шыққан азығын жайпап тастаған соң, оның өзімен сөйлеспей қою мүмкін емес-ті. Әуелгіде ептеп үйлеспегенмен, бірақ Томпыш өзін өте келісті ұстағандықтан, бірте-бірте әңгімелері жарасып кетті. Ақсүйектік үлкен әдептілікті меңгерген графиня де Бревиль мен Карре Ламадон ханым нәзік сыпайылық танытты. Кіммен сөйлессе де өз беделін түсірмей сөйлесетін графиня бұл жағдайда атақты әйелдің әдепті кешірімділігін көрсете білді. Бірақ жандарм секілді жігерлі Луазо ханым ғана бетінен қайтпады; ол аз сөйледі, алайда көп жеп отырды.
Әңгіме, өзі де белгілі, соғыс жайында өрбіді. Пруссактардың қатыгездігі мен француздардың ерлігі жайында талқыласты; жаудан қашып құтылған бұлардың бәрі басқалардың батырлығын мадақтады. Біраздан соң әркім өзі туралы айта бастады, Томпыш та шынайы сезіммен, кейде көпшіл әйелдер өзінің табиғи сезімі туралы айтқанда көрсететін қызулықпен Руаннан неге кеткенін айтып жіберді.
— Басында ешқайда кетпеуді ойлағам, - деді. - Үйім тамаққа толы болатын, белгісіз бір жаққа кетіп қалғаннан гөрі бірнеше солдатты азықтандырғанды дұрыс санағам. Бірақ мен пруссактардың өзін көргенде, өзімді-өзім ұстай алмай қалдым! Ызадан бүкіл ішек-қарным аударылып кеткендей болды; ұяттан өртеніп күні бойы жыладым. Еһ, еркек болсам, мен оларға көрсетер едім! Мен терезеден шошақ қасқа киген сол жуан қабандарға қарап тұрғам, күтуші әйел мені қолымнан тартып жібермей қойды, әйтпесе үйдегі бүкіл жиһазымды солардың басына лақтыратын едім. Кейін олар менің үйіме түнеуге келді, мен бірінші кіргенін кеңірдектен ала кеттім. Немісті қылқындыру басқаларды қылқындырудан ешбір қиын емес! Егер мені шашымнан тартып әкетпегенде, мен оны қылқындырып өлтіретін едім. Содан кейін маған тығылып жүруге тура келді. Мынандай мүмкіндік туа қалған соң, мен кеттім де қалдым - міне енді осындамын.
Бәрі оны жабыла мақтасты. Ол ондай ерлік көрсете алмаған жолаушылардың арасында үлкен беделге ие болып қалды, ал оны Корнюде апостольша құптап, мейірлі жымиыспен тыңдады; құдайды мадақтаған діндар адамды священник, әсте, солай тыңдайды, өйткені ұзын сақалды демократтар да патриотизмге келгенде діни адамдардың құдайға құлшылық жасау мәселесіндей монополистер болып алған ғой. Содан соң ол уағыз айтушының даусымен, қабырғаларда күн сайын желімделіп жатқан үгіт қағаздарынан жұққан шабытпен сөз бастады да, "оңбаған Баденгемен" аяусыз есеп айырысқан соң, қызыл сөзді қыздырып барып тоқтады.
Бірақ Томпыш ашуланып қалды, ол бонапартшыл болатын. Ол шиедей қызарып кетті, қатты ыза кернегендіктен, тұтыға сөйледі:
— Оның орнында өзіңіз болсаңыз, көрер ем-ау қайткеніңізді. Айтатыны жоқ, қатырар едіңіз! Шындығында, сіз ғой оны сатып кеткен! Егер Францияны сіз секілді сотқарлар билесе, онда бізге тек алды-артымызға қарамай қашу ғана қалар еді!
Корнюде сабыр сақтады, жақтырмай, менсінбей күлімсіреді, алайда қазір жағдайдың ұрсысуға жететіні сезіліп тұрды; сол сәт граф сөзге араласты да, сеніммен айтылған кез келген пікірді сыйлау қажет екенін салмақтай ескеріп, ашулы әйелді еш қиындықсыз-ақ сабасына түсіре салды. Сол арада барлық құрметті адамдар сияқты республиканы қисапсыз жек көретін, рақымсыз монарх пен сырт жылтырағына әйелге тән әуестікпен қарайтын графиня фабриканттың әйелі өзін-өзі лайықты ұстай біліп,бұлардікіне ұқсайтын сезімді білдіргені үшін, мына жезөкше әйелге еріксіз іш тартып қалды.
Кәрзіңке босап қалған болатын. Оны жабылып еш қиындықсыз-ақ тазалап тастаған, тек оның үлкенірек болмағанына қынжылған. Тамақты тып-типыл қылған соң сәл саябырсығандай болғанмен, әңгіме тағы біразға дейін созылды.
Ымырт түсіп, қараңғылық бірте-бірте қоюлай берді; асқазан тамақ сіңіріп жатқанда суық өте-мөте қатты сезіледі, өзінің толықтығына қарамастан Томпыш қалтырап кетті. Бревиль ханым оған өзінің бірнеше рет көмір салған жылытқышын ұсынып еді, Томпыш оған дереу келісті, өйткені аяғы әбден қатып қалған еді. Карре-Ламадон ханым мен Луазо ханым өздерінің жылытқыштарын монахиналарға берді.
Арбакеш фонарларды жақты. Ортадағы терлеген аттардың арқасынан көтерілген будың бұлтына жарықтың шұғыласы түсті; жол жиегіндегі қар сол шұғыланың құбылған от сәулесінен бітпейтін бір перде секілденеді.
Күйменің ішінен ештеңені айқын көру мүмкін емес еді, бірақ Томпыш пен Корнюде отырған бұрышта кенет бір қозғалыс болды да, қараңғылыққа тесіле қарап отырған Луазо мырзаға ана сақалды дәл бір дыбыссыз, алайда айтарлықтай тепкі жеген адамша шоршып кейіндеп отырғандай көрінеді.
Алдағы жолдан оттар жылтылдады. Ол Тот ауылы еді. Қазірдің өзінде бұлар он бір сағат бойы жол жүруі, ал егер оған аттарды жемдеп, демалдыру үшін төрт рет аялдаған уақытты қосса, онда тура он үш сағат болады. Дилижанс ауылға кіріп, "Сауда" қонақ үйінің алдына тоқтады.
Есік ашылды да, өздеріне жақсы таныс дыбысты естіп, жолаушылар кенет селк ете қалды: ұшы жерге сүйретілген қылыштың үзік-үзік сылдыры шықты. Сол мезет ащы дауыс немісше әлдене деді.
Дилижанс тоқтағанмен, жолаушылардың бірде-бірі орындарынан қозғалмады; күймеден шықса болды, бұларды дереу өлтіретіндей, бәрі қорықты. Арбакеш келіп, қолындағы шам жарығын кенет күйме түкпірінде әрі таңғалғаннан, әрі қорыққаннан аузы ашылып, көзі бақырайып екі қатарда отырған адамдардың жүзіне түсірді.
Арбакештің қасында жарық түскен белдеуде неміс офицері тұр екен: ұзын бойлы ақ сары жас жігіт, жіптіктей тым жіңішке, корсет киген бикештей мундирі тартылып лактелген қисайта киген жалпақ фуражкасы оны ағылшын қонақ үйлерінің шабарманына ұқсатып тұр еді. Өлшеусіз үлкен, қатты мұрты құдды үстіңгі ернін үстінен басып, жағы мен езуін төменге созып жібергендей көрінеді; мұрты созылған сайын сүйірленіп, бірте-бірте жіңішкеріп, ақырында жалғыз тал қылға айналып кеткендей ұшы мүлде көрінбейді.
Ол жолаушыларға эльзас ерекшелігіндегі француз тілінде қатқыл сөйлеп, күймеден шығуларын талап етті:
— Шығыңдар, мурзалар!
Ең алдымен қасиетті қыздардың сыпайылығын сақтап, айтқанды орындауға дағдыланған екі монахина қозғалды. Артынша граф пен графиня көрінді, сонан соң фабрикант пен әйелі, оның соңынан өзінің айбарлы әйелін итере-митере Луазо шықты. Дилижанстан шыға салып, сыпайыгершіліктен гөрі сақтық ойлап, Луазо офицерге:
— Қайырлы күн, мырза! - деді.
Құдіреті бәріне жетіп тұрған адамның кейпімен офицер оған арсыздықпен қарады да, бірақ еш жауап қатпады.
Томпыш пен Корнюде, дәп есік алдында отырса да, жау алдында сұсты, тәкаппар кейіп сақтап ең соңынан түсті. Жуан қыз шамасы келгенше өзінің жеккөрінішін байқатпауға тырысты, ал демократ өзінің ұзын жирен сақалын дірілдеген саусақтарымен жабырқау жұлқылай берді. Мұндай кездесуде әркім белгілі дәрежеде туған елінің өкілі саналатынын түсініп, екеуі де намыс сақтауға тырысты, оларды өзге жолаушылардың бейімделе қойғыштығы қынжылтты, сондықтан Томпыштың тәуір әйел саналатын серіктеріне қарағанда өз намысының көп жоғары екендігін көрсеткісі келсе, ал Корнюде өзінің үлгі көрсетуге міндетті екенін сезініп, жолдарды қазудан бастаған қарсылық миссиясын қазір де жалғастырып тұрғанын бүкіл бет пішінімен көрсетіп бақты.
Бәрі жолаушылар қонақтайтын үйдің кең аспазханасына кірді, неміс сол арада Руан коменданты қол қойған барлық жолаушының аты, ерекше белгісі, қызмет орны тізімделген рұқсат қағазын талап етті, ол адамдарды өзі туралы жазылғандармен салыстырып, бәрін кезек бойынша ұзақ қарады.
Сонан соң: "Жақсы", - деп кесіп айтты да, кетіп қалды.
Бәрі жеңілдеп үһ десті. Аштық әлі де өзін ұмыттыра қойған жоқ-ты: кешкі тамаққа тапсырыс жасады. Оны даярлауға жарты сағат қажет болған соң, екі қызметші әйел ас әзірлеуге кіріскен кезде жолаушылар үйдің ішін қарап шығуға кірісті. Барлық бөлме көп санды нөмірі бар әйнек есікке тірелетін ұзын дәліздің бойына орналасыпты.
Ақырында бұлар үстел басына отыра бастаған кезде қожайын келіп кірді, ол бұрынғы алыпсатар, үнемі тамағында әлдене ысқырып, сырылдап, қырылдап тұратын демікпесі бар жуан біреу еді. Оның фамилиясы Фоланви болатын.
— Мадемуазель Элизабет Руссе деген кім? - деп сұрады ол.
Томпыш селк етіп солай бұрылды:
— Менмін.
— Мадемуазель! Прусс офицері сізбен дәл қазір сөйлескісі келеді.
— Менімен?
— Иә, егер сіз Элизабет Руссе болсаңыз.
Томпыш абыржып, сәл ойланып тұрды да төтесінен қойып қалды:
— Ал ендеше!.. Бармаймын!
Жұртта толқу басталды: шақыру себебін жорамалдап, бәрі жамырай сөйлеп кетті. Томпыштың қасына граф келді:
— Сіздікі жөн емес, мадам, - сіздің бармауыңыз тек өзіңізге ғана емес, өзге жолаушы серіктеріңізге де үлкен зиян тигізуі мүмкін. Өзіңізден күшті адамдарға ешқашан қарсылық жасауға болмайды. Бұл шақыру, сөз жоқ, ешқандай да қауіп төндірмейді; сірә, түкке тұрмайтын бір тоң тәртіпті орындау керек болған шығар.
Бәрі де графты қостап, Томпыштан өтіне бастады, үгіттеп, иландырып жайып, ақырында оны көндірді-ау; олардың әрқайсысы арты ақылсыз бір әрекеттерге ұласып кететін шиеліністен қорықты.
— Жарайды, бірақ мен тек сіздер үшін ғана осылай істеуге мәжбүрмін, - деді ақырында Томпыш.
Графиня оның қолын қысты:
— Біз де сізге ризамыз!
Томпыш тұрып кетті. Ешкім үстел басына отырмады, бәрі оның қайтып келуін күтті.
Ана ұстамсыз, қызба әйелдің орнына әзін шақырмағанына әркім іштей қынжылып, егер шақыра қалғанда былай дер едім деп, әр түрлі татымсыз сөздерді ойша әзірлеп қойысты.
Алайда он минуттен кейін ентігіп, қып-қызыл боп ашуына сыймай кеткен Томпыш қайтып келді.
— Аһ, жексұрын! Қандай жексұрын! - деді ысылдай сөйлеп.
Бәрі жабыла оны сұрақтың астына алды, бірақ ол үндемеді; граф тақақтап қоймады; болмаған соң Томпыш өз абыройын жоғары ұстай жауап берді:
— Мұның сіздерге ешқандай қатысы жоқ, мен ештеме де айта алмаймын.
Бәрі суп құйылған үлкен табақты айнала отыра қалысты, одан капустаның иісі шығып тұрды. Алаң еткен әлгі оқиғаға қарамастан, кешкі тамақ көңілді өтті. Ерлі-зайыпты Луазо мен монахиналар үнемдей ішіп отырған сидр өте жақсы екен. Қалғандары шарап талап етті; Корнюде сыра сұрады. Оның бөтелкені ашуда, сыраны көбіктендіруде, сынап көруде, әуелі стақанды қисайтып, сонан соң түр-түсін жөндеп байқау үшін, шамға қарай көтеріп қарайтын айрықша әдісі бар-ды. Ол ішкен кезде, біраздан кейін сүйікті ішімдігінің түсіне ұқсап қалатын ұзын сақалы сүйсінгеннен желпілдеп, кружкеге қараған көзі қылиланып кететін де, ол құдды бір сол үшін өмірге келген бірден-бір мақсатын орындап жатқандай болып көрінетін. Ол өзінің өмірін толтырып тұрған екі ұлы құштарлықты - ағылшын сырасы мен Революцияны - қалайда ойша жақындатып, үйлестіргісі келетін; ол, сөз жоқ, бірін ойламай тұрып, екіншісін елестете алмайтын.
Фоланви мырза әйелі екеуі үстелдің ең арғы шетінде отырған. Күйеуі ескі паровозша пысылдап отырды, кеудесінің қырылдап кеткені соншалық, тамақ үстінде ол сөйлей алмай қалды; есесіне әйелі бір минут те дамыл таппады. Ол пруссактардың келуіне қатысты өз әсерін түгел суреттеп, олардың не істегенін, не дегендерін - бәрін айтып берді; оларды оның жек көретін себебі, біріншіден, олар мұның ақшасын шығартты, тағы бір себебі оның екі баласы әскерде болатын. Әйел негізінен графиняға қарап сөйледі, өйткені мейірбан әйелмен әңгімелесу оған бедел еді.
Әлдебір қылпылдақ жағдайларды баяндаған кезде әйел даусын бәсеңдете қояды, ал күйеуі анда-санда сөзін бөліп:
— Мадам Фоланви, ең дұрысы сенің сөйлемегенің болар еді, - деп ескертті.
Алайда әйелі оған ешқандай да көңіл бөлместен әңгімесін жалғастыра берді:
— Иә, ханым, бұлардың барлық жұмысы сол, картопты шошқаның етіне қосып, ал шошқаның етін картопқа қосып жей береді! Олар таза жүреді дегенге түк сенбеңіз. Мүлде олай емес! Олар, ашық айтқанымды кешірерсіз, кез келген жерді ластай салады. Ал олардың бүкіл сағат бойы, бүкіл күні бойы өздерінің жаттығуларын қалай жасайтынын көрсеңіз ғой; далаға жиналады да, марш деп алдыға, марш деп артқа жүріп, бірі ары бұрылса, бірі бері бұрылады да жатады. Одан да өз отанында жер жыртып немесе жол жасаса ғой! Өйтпейді ғой, ханым, әскери адамдардан ешкім опа көрмейді! Бұлар тек адамды қалай өлтіруді ғана үйренетін болса, ана сорлы халық бұларды неменеге асырайды? Мен кемпірмін, ашығын айтқанда, оқымағанмын, ал олардың ертеден қара кешке дейін өздерін аямай жер тепкілегенін көрген кезде: "Пайда келтірейін деп, әр түрлі жаңалық ашып жататын адамдар бар, ал мыналардай тек зиянкестік жасау үшін аласұратын адамдардың не керегі бар?" - деп ойлаймын. Шын ғой, мейлі пруссак болсын, не ағылшын, не поляк, не француз болсын, кім болса да оларды өлтіру оңбағандық емес пе? Егер өзіңді ренжіткен біреуден өш алсаң, сол үшін жазалайды, яғни олай істеу -жаман, ал біздің балаларымызды мылтықпен қоянша қырып жатса, оның жақсы болғаны ма: өйткені кім көп өлтірсе, оған орден береді ғой! Жоқ, білсеңіз, мен мұны түк түсіне алмаймын.
Корнюде айқайлай сөйледі:
— Соғыс - бейбіт көршіге шабуыл жасағанда тағылық, ал отаныңды қорғағанда, -қасиетті борышың!
Кемпірдің басы салбырап кетті:
— Иә, қорғаған кездегі мәселе басқаша; дегенмен өзінің қызығы үшін соғыс жасайтын барлық корольді қырып тастаса, дұрыс болар еді.
Корнюденің көзі жанып шыға келді.
— Жарайсың, азаматша! - деді айғайлап.
Карре-Ламадон мырза абдырап қалды. Атақты қолбасшылардың алдында басын игенмен, алайда оны кәрі шаруа әйелдің орынды сөздері ойлануға мәжбүр етіп тастады: қазіргі текке кетіп жатқан, яғни пайда келтірмейтін жұмыс қолын, осыншама еш нәтижесіз ысырап болып жатқан күшті егер аяқтап шығу үшін ғасырлар қажет болатын өнеркәсіп саласындағы үлкен бастамаларға жұмсаса, онда елдің әл-ауқатын қаншалық жақсартуға болар еді.
Луазо сол екі арада өз орнынан тұрып кетіп, асхана иесінің қасына барып отырды да, онымен сыбырласып сөйлесе бастады. Ал жуан қарын қарқылдап күліп, жөтеліп, қақырынып әлек: оған дейін пруссактар, бәлкім, кетіп тынатын көктемге салым алатын алты бөшке бордо шарабын қазірден сатып алған Луазоның әзілдерінен оның дөңгелек қарны көңілдене секіріп жатты!
Кешкі тамақтан кейін бәрі де қатты шаршағандықтарын сезіп, ұйықтауға кетті.
Сол екі арада кейбір бақылаулар жасап үлгерген Луазо әйелін төсекке жатқызды да, өзі есіктің кілт салатын тесігіне біресе көзін салып, біресе құлағын төсеп, өзі айтқандай, "дәліздің құпиясын" біліп қалуға тырысып бақты.
Бір сағаттан кейін сыбдырды құлағы шалып қалды да, дереу есіктің тесігінен сығалай қойып, ақ шілтермен көмкерген көгілдір кашемир шапан кигенге бұрынғыдан бетер томпиып әдеміленіп кеткен Томпышты көрді. Ол қолына балауыз шам ұстап, дәліздің түкпіріндегі көп санды нөмірі бар бөлмеге қарай бет алып бара жатты. Алайда көрші бөлмелердің бірінің есігі ашылды да, бірнеше минуттен соң Томпыш оралып келе жатқанда, иықбауы бар Корнюде оның соңынан кетіп бара жатты. Олар сыбырлай сөйлесті де, сонан соң тоқтап тұрысты. Сірә, Томпыш өз бөлмесіне кіруді үзілді-кесілді қорғаған сияқты. Өкінішке орай, Луазо сөздерін ести алмады, әйткенмен соңына таман, олар даусын көтере сөйлеген кезде, бірер сөзді аңдап қалды. Корнюде қоймай өтінді. Ол:
— Тыңдашы, мұның ақымақтық қой, оған сенің нең кетеді? - деп тұр екен.
Томпыш ашық наразылықпен жауап қатты.
— Жоқ, айналайын, оның мүмкін емес кезі болады, дәл қазір ол масқарашылық болар еді.
Ол, сірә, оның ол сөзін түсінбеген болу керек, "неге?" - деп сұрады. Сол сұрақ Томпыштың жынын келтіріп, даусы қатты шығып кетті.
— Неге? Неге екенін сіз түсінбейсіз бе? Пруссактар үйіңде тайраңдап жүргенде, көрші бөлмеде жатыр деуге болатындай жағдайда да ма?
Еркек үндемей қалды. Айнала жатқанда, оның тілегіне көнбеген жезөкшенің патриоттық ұятшылдығы оның, сірә, жүрек түкпірінде қалған адамдық қасиетін оятып кеткен болу керек, ол тек әйелді қолынан сүйді де, өз бөлмесіне ұрлана басып қайта оралды.
Луазо өте бір ойнақы көңіл күйде тесіктен алшақ кетіп, екі аяғын бір-біріне секіре соғып антраша жасады да, түнгі тақиясын киіп, көрпенің астында жатқан қатты денелі зайыбын бір сүйіп оятып алды да, сыбыр етті:
— Сен мені сүйесің бе, жаным?
Бүкіл үй тыныштыққа шомды. Бірақ көп ұзамай қайдан екені белгісіз, бәлкім, үй астынан, бәлкім, үй төбесінен, құдды бір жерде жоғары қысымды бу қазаны қайнап жатқандай біркелкі, бірқалыпты күшті гүріл, тұншыға шыққан әрі ұзаққа созылған гуіл естілді. Ол ұйықтап жатқан Фоланви мырза еді.
Ертесінде таңғы сегізде жүріп кетуге келісілгендіктен, бәрі сол уақытта аспазханаға жиналды; бірақ брезент төбесін қалың қар басқан дилижанс ауланың ортасында атсыз, ат айдаушысыз жалғыздан-жалғыз қалқайып тұра берді. Ат айдаушыны атқорадан, шөп жинаған жерден, отын тұрған арадан мұқият қарап шықты. Еркектер айналаны тексеріп көрмек оймен қақпаның сыртына шықты. Олар қарсы беттегі шетінде шіркеу тұрған алаңға тап келді, ал екі жағы прус әскерлерін анықтап көруге болатын екі қатар аласа үйлер екен. Олар байқаған ең алғашқысы картоп тазалап отыр екен. Әріректе тұрған екіншісі шаштараздағы айнаны тазалап жатты. Көзінің алдына дейін сақалы өскен үшіншісі жылаған баланы тізесінің үстіне қойып тербетіп, төбесінен сүйіп жұбатып отырды. Күйеулері "қазіргі армияда" жүрген, өздері туғаннан шаруа боп туған әйелдер өздерінің елгезек жеңімпаздарына не істеу керегін, отын жаруды, суп әзірлеуді, кофені ұнтақтауды - ымдап-ақ көрсетеді; олардың бірі тіпті қаусаған, қуаты қашқан қожайын әйелдің көйлек-көншегін де жуып жатты.
Таңғалған граф священниктің үйінен шыққан шіркеу қызметкеріне сұрау қойды. Шіркеудің кәрі тышқаны оған былай деді:
— Иә, бұлар жауыз емес; бұлар пруссактар емес көрінеді. Олар бір алысырақ жақтікі, бірақ қай жер екенін білмеймін; бәрінің де өз отанында әйелі мен балалары қалған, соғыс оларға ермек емес қой! Сірә, олардың да әйелі күйеуін ойлап жылап жүрген болар, мына жағдайда олардың да мұқтаждығы біздікінен кем болмас. Қазірше мұнда аса наразы болатындай ештеңе жоқ, себебі олар еш жаман нәрсе жасамайды, өз үйлерінде жүргендей жұмыс істейді. Қалай дегенмен де, мырза, кедейлер бір-біріне көмектесуі керек... Соғысты жасайтын байлар ғой.
Корнюде жеңгендер мен жеңілгендердің арасында орнаған шынайы келісушілік наразы болғандықтан, кетіп қалып, одан да асханада отырғанды орынды санады. Ал Луазо бір әзіл айтты:
— Бұлар кеміген халықтың орнын басады.
Карре-Ламадон мырза шыңдап қарсылық білдірді:
— Бұлар шығынның орнын толтырады.
Ат айдаушы әлі жоқ. Ақырында оны деревняның шарапханасында прусс офицерінің қосшысымен бірге бір үстелдің басында отырған жерінен тапты. Одан граф:
— Сағат сегізге күйме жегулі тұрсын деген бұйрық сізге берілмеді ме? - деп сұрады.
— Берілді, бірақ кейін басқаша бұйрық болды.
— Ол қандай?
— Мүлде жегілмесін деген.
— Кім сізге ондай бұйрықты берген?
— Кім болушы еді? Прустардың коменданты.
— Неге?
— Мен қайдан білейін? Оны өзінен сұраңыз. Жекпе деп бұйырған соң, мен жеккем жоқ. Болған-біткені сол.
— Соны ол өзі айтты ма?
— Жоқ, мырза. Бұйрықты соның атынан маған асхананың иесі айтты.
— Қашан?
— Кеше кешкілік, жатар алдында.
Үш жолаушы мазасыз күйде қайта қайтты.
Фоланви мырзаны шақыртып еді, бірақ қызметші әйел демікпесіне байланысты қожайын ешқашан оннан ерте тұрмайды дегенді айтты.
Офицермен жүздескілері келіп еді, бірақ ол мүмкін болмай шықты, ол осында асхана үйінде тұрғанмен, азаматтық істер бойынша онымен сөйлесуге тек Фоланви мырзаның ғана қақысы бар екен. Күте тұруды ұйғарысты. Әйелдер өз бөлмелеріне тарап, ойына келгендерімен айналысты.
Корнюде ас үйдегі лапылдап от жанып жатқан ошақтың аузына барып отырды. Ол сол араға шағын үстел, бір бөтелке сыра әкелуді бұйырды да, қалтасынан темекі трүпкесін шығарды, ол трүпке демократтардың арасында иесінің өзімен пара-пар дерлік сыйланатын, құдды Корнюдеге қызмет жасау арқылы отанға да қызмет жасайтын секілді еді. Ол өзі ағаш түбіртегінен жасалған тамаша трүпке болатын, әбден ысталған, иесінің тісіндей қап-қара, бірақ иісі бұрқыраған, имектеу, жалтыраған, иесімен әбден үйлесіп кеткен, оның бет пішінін толықтырып тұратындай трүпке еді. Ол көзін біресе ошақтағы отқа аударып, біресе крүжкедегі бұрқыраған сыраның көбігіне салып, әр жұтымнан кейін өзінің жіңішке саусағын майлы ұзын шашының арасына рақаттана жүгіртіп, мұртында шашақ құсап қалған сыра көбігін сорғылап, сол орнында тырп етпестен отырды да қойды.
Луазо аяғымды жазып келейін деген сылтаумен өз шарабын сатуды жеке саудагерлермен келісіп келуге кетті. Граф пен фабрикант саясатты әңгіме етісті. Олар Францияның келешегін болжасты. Бірі орлеандықтарға үміт артса, бірі әбден құрып бітер кезде пайда бола кететін белгісіз қорғаушыға сенді: онысы әлдебір Дю Геклен бе әлде Жанна д'Арк па, адам білмейді. Әлде жаңа Наполеон I ме? Еһ, егер мұрагер ханзада мұншалық жас болмағанда ғой! Оларды тыңдай отырып, Корнюде тағдырдың құпиялары өзіне белгілі адамша жымиып қойды. Оның трүпкесінен тараған иіс бүкіл ас үйді жайлап кетті.
Сағат онды ұрған кезде Фоланви мырза келді. Жағдайды сұрап білу үшін, бәрі оған тұра жүгірді, бірақ ол бір де сөзін өзгертпестен үш рет былай деп қайталады:
— Маған офицер былай деді: "Фоланви мырза! Ертең мына жолаушылардың күймесін жектірмеңіз. Менің айрықша рұқсатымсыз олардың кеткенін мен қаламаймын. Түсіндіңіз бе? Солай болсын, бітті".
Офицермен сөйлесу ұйғарылды. Граф оған өзінің өздерек кәртішкесін жіберді, оған Карре-Ламадон мырза өз аты-жөні мен өзінің бүкіл атақ-шенін қоса жазып қойды. Пруссак оларды ертеңгі астан кейін, яғни сағат бірге таман қабылдайтынын айт деген бұйрық берді.
Әйелдер келді; жалпы жағдайдың мазасыздығына қарамастан, жолаушылар тамақ жеп алысты. Томпыш ауырып қалғандай, қатты абыржып жүрді.
Кофелерін ішіп бола берген кезде, граф пен фабрикантты шақыруға қосшы келді.
Оларға Луазо қосылды; салтанатты көріну үшін Корнюдені де қосып алмақ болып еді, бірақ ол өзінің немістермен әлдеқандай араласуға ниеті жоғын мақтанышпен мәлімдеп, тағы бір бөтелке сыра әкелуін талап етті де, қайтадан ошақтың қасына барып жайғасты.
Үш еркек екінші қабатқа көтерілді, олар керуен сарайдың ең жақсы бөлмесіне кіргізілді; оларды офицер креслоға шалқалай жатып, аяқтары ашық пештің торына артып қойған күйі ұзын фарфор трүпкесін тарта отырып, қызыл жалын түсті, сөзсіз әлдебір буржуйдың тастай қашқан үйінен ұрланған, жақсы талғамға сай келе қоймайтын халатына оранған қалпы қарсы алды. Ол орнынан тұрған жоқ, амандаспады, беттеріне басын көтеріп қарамады да. Ол өзі тұрған бойы жеңген әскерсымақтарға тән арсыздықтың таңғажайып бейнесі еді.
Біраз үнсіздіктен кейін ол сұрақ бере сөйледі:
— Сіздерге не керек?
Сөзді граф алды:
— Біз, мырза, кетсек пе деп едік.
— Жоқ.
— Қарсылықтың себебін білуге батылдық етсем бола ма?
— Сепепі маған ол онамайты.
— Мырза, сіздің генералдың бізге Дьеппаға дейін баруға рұқсат еткенін құрметпен есіңізге салып қояйын, ал, менің байқауымша, біз сіздің мұнша қатал жазалауыңызға тұрарлықтай ештеңе де жасай қойғамыз жоқ.
— Маған онамайты... болты, битти... ките бериниз.
Олар бастарын иді де, шығып кетті.
Ол күн жабырқау күн болды. Немістің қиқарлығы мүлде түсініксіз еді; жолаушылар мүлдем сорақы болжамдар жасай бастады. Бәрі ас үйге жиналып алып бірінен-бірі өткен адам нанғысыз жорамалдар айтып, мәселені талқылауға кірісті. Бәлкім, бұларды аманат ретінде алып қалмақ шығар?
Бірақ қандай мақсат үшін? Әлде тұтқын есебінде ұстамақ па? Немесе, ең дұрысы бұлардан аса көп құн сұрамақ шығар?
Осы ойдан оларды қорқыныш биледі. Әсіресе одан байлар қорықты: Өз өмірлерін сақтау үшін, мына мундир киген дөрекі немеге тұтас қаппен алтын беріп жатқандарын олар алдын ала елестетіп те үлгерді. Олар шындық сияқты көрінетін өтірікті ойлап табуға кірісіп, байлықтарын жасырып, өздерін кедей етіп, кедей болғанда да өте кедей етіп көрсетуге қам жасай бастады. Луазо қолындағы сағат бауын шешіп алып қалтасына тығып қойды.
Түсіп келе жатқан қараңғылық олардың мазасыздануын тіпті өршіте түсті. Шам жағылды, ал тамаққа дейін әлі екі сағат бар болғандықтан, Луазо ханым отыз бір ойнайық деген ұсыныс жасады. Оларды ол аз да болса алдарқатар еді. Ұсыныс қабылданды. Тіпті Корнюде де трүпкесін өшіріп қойып, ойынға қатысуға кірісті.
Қартаны граф араластырып, өзі таратты, Томпыштың қолына бірден отыз бір ұпай шықты; көп ұзамай ойынның қызығы олардың мазасын алған қауіпті де ұмыттырып жіберді. Алайда Корнюде ерлі-зайыпты Луазолардың қартаны бірлесіп суырып алып отырғанын ескертті.
Олар тамақтануға отырған кезде тағы Фоланви мырза келді де, қырылдай былай деді:
— Прус офицері мадемуазель Элизабет Русседен ол өз шешімін әлі өзгертпеді ме екен деп сұрауды тапсырып еді.
Томпыш ақ бәтестей бозарып кетті де, бір орнында қатты да қалды; сонан соң бұрқ ашуланып еді, бірақ ыза булықтырып, түк сөйлей алмай қалды. Ақырында ол тарс жарылды:
— Ол сұмырайға айта барыңыз, былғаныш сасыққа, прустың оңбағанына, мен еш нәрсе үшін де келіспеймін! Естіп тұрсыз ба? Еш нәрсе, еш нәрсе, еш нәрсе үшін!
Асхананың жуан иесі шығып кетті. Оны сұрақтың астына алып, офицер екеуінің құпия сөздерін айтуды өтініп, бәрі енді Томпышты қоршап алды. Әуелгіде Томпыш айтудан ат-тонын ала қашты да, кейін оны да ыза жеңді.
— Оған не керек?.. Оған не керек?.. Оған менімен жату керек! - деді ашуланып.
Бәрінің ашуланғаны сондай, ол сөз ешкімді де абыржытқан жоқ. Корнюденің крүжкені үстелге қатты соғып қалғаны соншалық оның быт-шыты шықты. Бәрі бірауыздан кіжініс білдірді - мына оңбаған әскерсымақ бәрінің зығырданын қайнатып, бәрі ызадан жарылып кете жаздады, әйелден сұраған нәрсенің бір бөлшегін бәрінен де сұрап тұрғандай бәрі де қарсылық білдіруге бірікті. Граф мына адамдардың өздерін ертедегі жабайылардан артық етіп көрсете алмағандығын жиіркенішпен баян етті. Әсіресе әйелдер жағы Томпышқа өздерінің ыстық әрі мейірімді жанашырлықтарын білдіріп жатты. Өз бөлмелерінен тамақ үшін ғана шыққан монахиналар бастарын төмен салып үндемеді.
Бәрін қамтыған ашу ептеп басылған соң олар үстел басына келіп отырды, алайда аз сөйледі: әркім өз ойымен болып кетті.
Әйелдер өз бөлмелеріне ерте кетті, ал еркектер темекілерін тартуға қалып, карта ойнауға отырысты да, ойынға Фоланви мырзаны да шақырды, ондағы ойлары офицердің қарсылығын қандай жолмен қойдыруға болатынын одан қулықпен біліп алу еді. Алайда асхана иесі тек картаны ойлады да, басқа ештеңені естімеді, ештеңеге жауап бермеді, тек қайталап:
— Мырзалар, ойнайық та! Мырзалар, ойнайық та! - дей берді.
Оның ойынға бар ықыласымен беріліп кеткені сондайлық, тіпті түкіруді де ұмытып кетіп, содан оның кеудесінен кей кезде органның үніндей күркірей созылған дыбыстар естіліп қалып жатты. Оның ысқырынған өкпесі салтанатты бас дауыстан тартып тұңғыш шақыра бастаған жас әтештің қырылдаған үніне дейінгі демікпе ауруының күллі дыбыс жиынтығын бірінен кейін шығарып жатты.
Ол тіпті шаршағаннан аяғына шалынысып зорға жүрген әйелі келіп шақырғанда да ұйықтауға бармай қойды. Әйелі амал жоқ жалғыз кетті, өйткені ол күн қылаң беріп келе жатқан кезден оянған болатын, ал күйеуі оның жарым түнсіз жата қоймайтын адам, ол өзінің көңілі жақын адамдарымен таң атқанға дейін де отыра беруге бейім. Ол әйелінің соңынан айқай салды: "Маған пештің үстіне оны-мұны қоя салшы", сөйтті де, ары қарай ойнай берді. Одан еш нәрсе сұрап білуге болмайтыны анықталған соң, енді жату керек деген шешімге келіп, бәрі өз бөлмелеріне тарасты.
Бұлдыр да болса кетерміз-ау деп сеніп, содан бұрынғыдан бетер кеткілері келіп, тағы бір күн бойы мына адам жиіркенетін асханада қаламыз-ау деген ойдан зәрелері ұшып, бұлар келесі күні тағы ерте оянды.
Бәлі, аттар әлі қорада тұр, ат айдаушы көрінбейді. Істейтін ештеңелері жоқ болған соң, бәрі күймені айналып аулада жүрді де қойды.
Таңертеңгі тамақ көңілсіз ішілді, Томпышқа деген әлдеқандай салқындық байқалады, кешкі ойдың қателігін таңертеңгі ой түзетеді дегендей, бәрінің көңіл күйі ептеп өзгере бастағандай. Енді оған жолаушылар пруссакқа ешкімге білдірмей-ақ бара салмағанына, сөйтіп бұлардың жайлы оянуына күтпеген сыйлық жасай қоймағанына ренжісті. Одан оңай не нәрсе бар еді? Және ол туралы кім біле қоятын еді? Сыпайыгершілік жасап, офицерге мен мұны өзімнің бақытсыз жолаушы серіктерімді аяғандықтан жасап отырмын деуіне де болатын еді ғой. Ол үшін бұл дегенің әншейін нәрсе емес пе?
Алайда өзінің мұндай ойын оған әлі ешкім ашып айта қойған жоқ.
Түске таман бәрі зерігіп шаршаған кезде граф төңірекке қыдырып қайтайық деген ұсыныс жасады. Жылы киініп, аз ғана топ жолға шықты, тек от қасында отыруды артық санаған Корнюде мен күні бойы не шіркеуде, не діни адамдардың қасында болатын монахиналар ілеспеді.
Күн сайын қатайып келе жатқан аяз мұрын мен құлақты аяусыз шымшылайды; аяқтың мұздағаны сондай, әрбір аттап басудың өзі азапқа айналды. Ал деревняның сыртындағы аппақ дала өзінің ұшы қиырсыздығымен қауіпті түнеріп тұрғандықтан, бәрінің өне бойы суынып, жүрегі қысылып кетті де, бәрі қайта қайтты.
Төрт әйел алдында, үш еркек артында келе жатты.
Жағдайды жақсы түсінген Луазо кенет "әлдебір сайқалға бола" мына шет түкпірде ұзақ аялдауымызға тура келе ме деп сұрады. Әрқашан әдепті граф әйелден соншалық ауыр құрбандықты талап етуге болмайтынын, ондай құрбандық тек өз еркімен жасалуы керек екенін айтты. Карре-Ламадон мырза егер француздар Дьеппа арқылы қарсы шабуылға шығатын болса, онда пруссактармен қақтығыс басқа жерде емес, дәл осы Тотеде болатынын, мәселенің өзі осылай қойылып отырғандығын айтты. Бұл пікір әңгімелесіп келе жатқандарды қатты шошытты.
— Ал егер жаяу кетіп қалсақ қайтеді? - деп сұрады Луазо. Граф иығын бір қомдап қойды:
— Сіз де айтады екенсіз-ау! Мынандай қарда, әйелдерімізбен жүріп пе?! Оның үстіне дереу артымыздан қуғын жібереді, он минут өтпей-ақ ұстап алады да, тұтқындар есебінде солдаттардың қолына тапсырады.
Әрине, тап солай болар еді. Бәрі үнсіз қалды.
Әйелдер киім сәнін сөз қылып келе жатты, бірақ араларында әлдебір именіс байқалатындай.
Кенет көшенің аяқ жағынан прус офицері көрінді. Ұшы-қиыры жоқ қардың үстінде оның ұзын бойы мундир киген сонаны еске түсіретін еді; ол мұқият тазаланған етігін былғап алмайын деп, аяғын талтаңдай басқан айрықша әскери жүріспен кетіп барады.
Әйелдермен қатарласа беріп, оларға басын иді де, қалпақтарын шешпей амандасуға дәті барған еркектерге жақтырмай қарады, әйткенмен Луазоның қолы бас киіміне дейін барып та қалған болатын.
Томпыш құлағына дейін қызарып кетті, ал күйеуі бар үш әйел өздерін мына әскерисымақтың өзі ожар қылық көрсеткен қыздың қасында көргеніне қатты қорланды.
Енді олар сол туралы, оның дене бітімі, түрі жайында сөз қылысты. Көп офицерді білген, олардың бітім-болмысын танитын Карре-Ламадон ханым оны аса жаман дей қоймады; қайта оның француз болмағанына өкініш білдірді, әйтпесе одан, сөз жоқ, әйелдерді есінен тандыратын көрікті гусар шығар еді деп бағалады.
Қыдырудан оралған соң, сапарлас әйелдер енді немен айналысарларын білмеді, тіпті түкке тұрғысыз нәрселерге бола бір-бірін шағып сөйлей бастады. Асты үнсіз отырып ішісті және ол ұзаққа созылмады, сонан соң бәрі өйтіп-бүйтіп уақыт өткізу үшін, ұйықтауға кетті.
Келесі күні жолаушылар төменге түскенде, бәрінің түрінен шаршағандық, ал жан дүниесінен ыза болғандары байқалып тұр еді. Әйелдер Томпышпен түк сөйлеспеді десе де болады.
Қоңырау күмбірледі. Шіркеуде шоқынуға әзірлік басталды. Томпыштың Иветодағы шаруалар қолында тәрбиеленіп жатқан баласы бар болатын. Оны жылына екі реттен артық көре де алмайтын, ол туралы ешқашан ойлаған да емес, бірақ шіркеуде баланы шоқындырғалы жатқанын естіп, кенеттен жүрегіне өз баласына деген толассыз нәзік мейірім сезімі құйылып, оның шоқындыруды тоқтаусыз барып көргісі келіп кетті.
Ол шығып кете салысымен сапарластар бір-біріне қарасып, сонан соң бір-біріне жақындаса отырысты - қалай болғанда да бір әрекет жасау қажет екенін бәрі де сезді. Луазоға кенет ой келді: Офицерге тек Томпыштың бір өзін алып қал да, басқамызды қоя бер деген тілек айтайық деді.
Фоланви мырза ол тапсырманы орындауға келісе кетті, бірақ барған бойда қайта қайтып келді: адам табиғатын білетін неміс оны қуып жіберді. Ол өз тілегі орындалғанға дейін барлық жолаушыны жібермеуге бекінді.
Осы арада Луазо ханымның оспадарсыз тұлғасы барлық болмысымен бір көрініп қалды:
— Біз бұл арада қартайғанға дейін отыруға тиіс емес шығармыз!
— Ол жүзіқара ақыры ондай кәсіппен айналысатын болған соң және оны барлық еркекпен жасай беретін болғандықтан, әлдебіреуге көнбей қоюға оның қандай қақысы бар? Құдайшылықтарыңды айтшы, Руанда ол кім болса сонымен ең аяғы ат айдаушымен де байланысты ғой! Иә, ханым, префектураның ат айдаушысымен де! Мен оны жақсы танимын ғой - ол бізден шарап алып тұрады. Ал енді бізді бәледен құтқару қажет болған кезде, ол бір шыбық тимес шыңқ етер бола қалыпты!.. Менің ойымша, офицер өзін мейлінше орынды ұстап жүр. Бәлкім, ол талайдан бері әйел көрмеген болар, сондықтан, әрине, үшеуіміздің бірімізді ұнатады ғой. Әйткенмен ол, қалай болғанда да, әркімге тиесіліні қанағат етіп отыр. Ол күйеуі бар әйелдерді сыйлайды. Өздерің ойлап қараңдаршы, ол бұл араның қожасы ғой. "Маған қажет", - десе болды, солдаттардың көмегімен ол қай-қайсымызды да күшпен ала алады.
Әйелдер жиырыла қалды. Әдемі Карре-Ламадон ханым көзі жайнап, құдды офицердің өзін күшпен қалай көндіргелі жатқанын ойша елестетіп көргендей, боп-боз болып кетті.
Бір шетте әңгімелесіп тұрған еркектер енді әйелдерге жақын келді. Бұлқан-талқан ашуланған Луазо "бұ немені" қолы мен аяғын буып жауға бере салуға даяр еді. Бірақ елшілер әулетінің үшінші ұрпағы және өзінің де саясаткер екені сырт пішінінен көрініп тұратын граф шебер әдіс қолдануды ұсынды:
— Оның көзін жеткізу қажет, - деді ол.
Қастандық ұйымдастырылды.
Әйелдер бір-біріне жақындады, әңгіме ортақ болды, енді әркім даусын бәсеңдетіп өз пікірін ортаға сала бастады. Дегенмен бәрі айтарлықтай әдепті болды. Әсіресе әйелдер ең өрескел түсініктердің өзін бейнелеу үшін сыпайы сөздер мен сәтті тіркестерді таба білді. Сөздерді аса мұқият талғай білгендері соншалық, бөтен адам олардың не туралы айтып тұрғанын, тіпті, түсіне алмас еді. Алайда ақсүйек әйелдер оранып алатын таза ұяттылықтың жұқа қалқаны оларды әншейін сырт көзден ғана қорғайтындықтан, олардың бәрі өздеріне таныс ортада жүргендей сезініп, осы бір өрескел оқиғаға шексіз сүйсініспен рақаттанды, сол махаббат машақатын өзгеге тамақ жасап беретін тәтті әзірлеуші аспазша ынтызарлықпен атқаруға кірісті.
Айтып-айтпай не керек, бұл оқиғаның жақсы ермек болғаны соншалық, әдемі көңіл күйі өз-өзінен орнай қалды. Граф анда-санда екі ұшты ескертпелер айтып қалып отырды, олары соншалық нәзік астармен айтылғандықтан тек жымитудан арыға аспады. Луазо одан әлдеқайда тұздығы ащы әзілдерді жіберіп жатса да, оған ешкім жәбірленбеді, себебі бәрінің басында оның әйелі айтқан бір ғана анайы пікір айналып жүрген-ді: "Ақыр оның өз кәсібі болған соң, біреуге көніп, біреуге көнбей таңдап отыруға қандай қақысы бар?" Сүйкімді жүзді Карре-Ламадон ханым, сиқына қарағанда, тіпті егер Томпыштың орнында өзі болса, онда қайта мына офицерден басқаға көнбес едім деп ойлап отырған тәрізді.
Астыртын әрекет жасаушылар дәп бір қорғанды басып алғалы жатқандай, қалай бас салу әдісін ұзақ талқылады. Әрқайсысы өзін белгілі бір рөл белгілеп, кім қандай дәлел келтіріп, кім қандай айла қолданатыны әбден келісілді. Бұл тірі қорғанды жауға берілуге мәжбүр ету үшін, қалай шабуыл жасаудың, қулықпен алдаудың, кенет бас салудың жоспары жасалды.
Тек бір Коршоде ғана бұрынғысынша шет қалып, астыртын әрекетке еш араласпады.
Әңгімелесушілердің өз әрекеттеріне әбден беріліп кеткендігі соншалық, олардың бірде-бірі Томпыштың кіргенін естімеді, тек граф: "Тсс!" - деп сыбырлағанда ғана бастарын көтерісті, ол кезде Томпыш бөлме ішінде тұрған болатын. Астыртын әрекетшілер жым болып, әлдебір ыңғайсыздықты сезінгендіктен, Томпышпен қалай сөйлесе кетуді білмеді. Ақсүйектік екіжүзділікті өзгелерге қарағанда әжептәуір меңгерген графиня:
— Қалай, шоқындыру жақсы өтті ме? - деп сұрады.
Құдайға құлшылық етудің әсерінен әлі де арыла алмаған Томпыш бәрін егжей-тегжейіне дейін сипаттап берді: түр-түсін, қимылын, тіпті шіркеудің өзін де. Артынан:
— Кейде құлшылық жасаған да жақсы! - дегенді қосып қойды.
Сеніміне кіріп, сонан соң айтқандарына көндіру үшін, таңертеңгі асқа дейін әйелдер онымен абайлап ізетті сөйлесумен шектелді.
Содан қалай үстелге отырысымен солай шабуыл басталды. Әуелі өзін-өзі құрбандыққа қию туралы алыстан орағытқан әңгіме айтылды. Оған ерте замандардан мысалдар келтірілді: Юдифь пен Олоферн, олардан соң әй-шәй жоқ Лукреций мен Секст айтылды, өз төсегінде жаудың бүкіл әскербасыларын қабылдап, ақырында оларды құлдың бағыныштылығы дәрежесіне жеткізген Клеопатраны еске алысты. Тіпті бұл надан миллионерлердің өз елестетуінен туған Ганнибалды өз құшағында әлдилеу үшін Капуяға аттанған римдіктер туралы, олармен ілесіп барған қолбасшылар мен жалдамалы қалың әскер жайындағы қияли тарихты да айтып жіберді. Содан кейін өз тәнін соғыс даласына, биліктің қаруына айналдырып, ерлікке толы еркелігімен жауап алушылардың жолын бөгеген, кек алу жолында өзінің пәктігін құрбан етіп, жиіркенішті әрі жек көрінішті тирандарды бағындырған барлық әйелді еске алысты.
Тағы олар Бонапартты кездескен кезде кездейсоқ әлсіздігі ғажап жағдайда аман сақтап қалғанмен, соған жұқтыру үшін, өзі әдейі сұмдық аурумен ауырған, ежелгі әрі атақты әулеттен шыққан ағылшын әйелі туралы да айтты.
Осының бәрі сыпайы әрі ұстамды сөздермен баяндалды, тек анда-санда ғана дастарқандастарын қолпаштау мақсатында әдейі таңданулар ғана болып тұрды.
Тоқ етерін айтқанда, әйел затының жер бетіндегі бірден-бір мақсаты солдаттардың нәжісіне үнемі бағынып, ылғи да өзін құрбандыққа шалу екен-ау деп ойлауға болатын еді.
Терең ойға шомған монахиналар ештеңе де естімеген адам сияқты. Томпыш үнсіз отыр.
Оған ойлануға бір күн берді. Бірақ енді оны бұрынғыдай "мадам" демей, жай ғана "мадемуазель" десті, алайда неге олай дейтіндерін ешкім де анық білмеді; сірә, оны көпшіліктің бағалауы бойынша көтерілген биіктіктен бір саты болса да төмендету үшін, оған сөйтіп айналысып жүрген кәсібінің ұят нәрсе екенін ұғындыру үшін болар.
Алдарына суп әкелген кезде тағы Фоланви мырза келді де, кешегі айтқанын тағы қайталады:
— Прус офицері мадемуазель Элизабет Руссе өз шешімін өзгертті ме екен деп сұрайды.
Томпыш салқын жауап қатты:
— Жоқ.
Бірақ тамақ үстінде бірауыздылық әлсіреді. Луазоның аузынан бірер аңғырт сөз шығып кетті. Жаңа мысал ойлап табу үшін әркім-ақ тырысып бақты, бірақ түк таба алмады, кенет графиня, бәлкім, алдын ала ойлағандықтан емес, әншейін дінге деген құрметін бұлдыр да болса білдірмек мақсатпен болар, егделеу монахинадан әулиелердің өмірінен олардың ұлы жеңістері жайында айтып беруін сұрады. Көптеген әулие біздің көзқарасымызда қылмыс саналатын талай іс жасағанмен, бірақ шіркеу егер олардың істері құдайдың даңқы үшін немесе өз жақындары үшін істелген болса, онда олардың күнәлерін оңай кешіреді ғой. Бұл даусыз дәлел еді, сондықтан графиня соны пайдаланып қалуға асықты. Әлде үнсіз өтінудің күші ме, әлде барлық дәрежедегі дін қызметкерлері шебер пайдаланатын құпия сырды білмегенсуден бе, әлде жете ойламаушылықтың бақыты ма, жоқ ақымақтықтың құтқарғаны ма, міне, енді, егде монахина бұл бірлестікке аса зор көмек жасады. Оны бәрі ұяң деп есептейтін, ал ол болса өзінің батыл, сөзшең, тік мінез екенін танытты. Ол жалған дәлелдердің шытырманында адасып әуре болған жоқ, оның пікірі темірден соққандай, нанымы мызғымастай, ал ұятында еш күдік жоқ еді. Ол үшін Авраамның құрбандық шалуында табиғатқа жат түк те жоқ-ты, егер жоғарыдан сондай бұйрық келсе, ол өзі де ойланбастан әкесі мен шешесін өлтірер еді; оның айтуынша, егер мақталатындай ниетке бола жүзеге асырылса, онда ешқандай да теріс қылық құдайдың кәрін шақырмайды. Өзінің кенет пайда болған жақтасының әулиелікке бөленуінен неғұрлым мол пайда тауып қалу үшін, графиня оны "Нәтиже әдісті ақтайды" деген өнегелі қағиданы егжей-тегжейлі уағыздап талқылауға итермеледі.
Ол монахинаны сұрақтың астына алды:
— Сонымен, апеке, егер ниет таза болса, онда құдай қай жолды да қабыл көріп, теріс қылығыңды кешіреді ғой?
— Оған қалай күмән келтіруге болады, бикеш? Көп жағдайда өз тұрғысында жазғыруға лайық іс соған итермелеген ниетіңе бола мақтауға тұрарлық болып шығады.
Құдайдың қалауын талдап, оның шешімін алдын ала болжап, оны ешқандай қатысы жоқ нәрселерге де араластырып, монахина әңгімесін сол сарында одан ары жалғастыра берді.
Соның бәрі бүркемеленіп, шеберлікпен, әдептілікпен айтылды. Бірақ монах киімін киген апекенің әрбір сөзі куртизанканың ызалы қарсылығын ыдыратып-ақ жатты. Әңгіме содан кейін біраз басқа жаққа бұрылып, монахина өз орденінің монастыры жайында, өзінің ондағы бастығы туралы, өзі мен өзінің жанындағы иман жүзді көршісі қасиетті Никифор қауымының сүйікті апекесі хақында айтып берді. Оларды госпитальде шешекпен ауырып жатқан солдаттарды күту үшін Гаврға шақыртыпты. Ол сондағы бақытсыз жандар мен олардың ауруы жайында егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Бұларды мына пруссак өз нәпсісіне бола жолдан қалдырып жатқанда, бұлар, бәлкім, аман алып қалулары да мүмкін талай француз өлетін шығар! Ауырған немесе жараланған әскерилерді күту оның мамандығы екен: ол Қырымда, Италияда, Австрияда болыпты; өзі қатысқан жорықтарды баяндай отырып, ол өзі де әскердің артынан жүріп, қызу ұрыс кезінде жаралыларды жинап жүру үшін жаралғандай және бағынбайтын әскерилерді кез келген бастықтан артық бір сөзбен-ақ бас идіретін өжет, жауынгер монахиналардың бірі екенін байқатып қалды; ол нағыз "әскери апеке" еді, оның мыжырайған, шешектен тілмеленген беті соғыс зардабын шеккендіктің айнасы іспетті еді.
Оның өзі даусыз әсер еткен көңіл күйін бұзып жібермеу үшін, одан кейін ешкім бірде-бір сөз айтпады.
Тамақтан кейін бәрі өз бөлмелеріне асыға кіріп кетті де, тек ертесінде ғана, онда да тым кеш шықты.
Ертеңгі ас тыныш ішілді. Кешегі еккен дәннің көктегенін, сөйтіп жеміс бергенін күтісті.
Түс әлетінде графиня қыдырып қайтуға ұсыныс жасады; содан, алдын ала келісілгендей, граф Томпышты қолтығынан алып, екеуі өзгелерден біраз қалыңқырай соңдарынан жүрді.
Граф онымен сақа еркектердің жүргіш әйелдермен сөйлесу әдетімен тұрпайы, сәл елеңкіремеген үнде сөйлесті, оған өзінің қоғамдық жағдайы мен қоршаған құрмет биігінен менсінбей қарап, "балақайым" деп сөйледі. Ол бұлталақтамай бірден іске көшті:
— Сонымен, өз өміріңізде қаншама рет жасаған құрметіңізді тек тағы бір рет жасағыңыз келмей, сол үшін бізді де, өзіңізді де, прус әскері жеңіле қалғандай жағдай болса, болмай қоймайтын сан түрлі қауіп-қатерге душар еткізгелі отырсыз ба?
Томпыш оған еш жауап қайтармады.
Ол еркелете сөйлеп әрекет жасады, Томпыштың сезіміне ақыл-ойдың дәлелді сөзімен жол салды. Өзінің графтық атағына сай сабаздық танытып, қажетті жерінде жағымпазданып жіберді, бір сөзбен айтқанда, бар сиқырының бәрін жұмсады. Оның жасауға мүмкіндігі бар қызметін жоғары бағалап, оған өздерінің риза болатындықтарын айта келіп, сонан соң кенеттен-кенет оған көңілдене "сен" деп сөйлеп қоя берді:
— Сен білесің бе, қымбаттым, ол өзінің отанында көп кездесе бермейтін сендей жақсы қыздан ләззат алғанына мақтануға да қақысы бар.
Томпыш еш жауап қатпастан тездете жүріп, топтана кетіп бара жатқандарды қуып жетті.
Үйге оралған соң, бірден жоғары өз бөлмесіне көтерілді де, қайтып сыртқа шықпады. Өзгелер мазасызданудың ең шегіне жетті. Томпыш қандай шешім қабылдауы мүмкін? Ал егер алған бетінен қайтпай қойса ше? Қандай масқара!
Тамақ ішетін кез болды, бірақ Томпыш көрінбеді. Ақырында Фоланви мырза келді де, мадемуазель Руссенің денсаулығы онша болмай тұрғанын, сондықтан үстелге онсыз-ақ отыра беруге болатынын жариялады. Бәрі құлақ тіге қалысты. Граф асхана иесінің қасына келіп сыбырлап сұрады:
— Келісті ме?
— Иә.
Әдеп сақтап. ол өз серіктеріне ештеңе айтпады, тек сәл ғана бас изей салды. Сол сәт бәрі жеңілдене үһ десіп, жүздері жайнап қоя берді. Луазо айқай салды:
— Шайтан алсын мені! Шампанға мен төлеймін, егер ондай нәрсе мынандай мекемеде бар болса!
Луазо ханымның аса зор өкінішіне қарай, қожайын көп ұзамай төрт бөтелкесін бірақ әкелді. Бәрі бір сәтте-ақ әңгімешіл, шулағыш болды да салды; жүректері атқалақтап, желіге көңілденіп жатты. Каррс-Ламадон ханымның өте әдемі екенін граф қазір ғана байқағандай болды; фабрикант біраз қошемет айтып тастады. Тамақ үстіндегі әңгіме қызғылықты, күлкілі, әзіл-оспағы мол болды.
Кенет Луазо үрейлі түрмен алақанын жайып, баж ете қалды:
— Тыныш!
Тамақ ішіп отырғандар таңданып, тіпті қорқып та тыныштала қалды. Ол тың тыңдап, бәрін үндемеуге ымдап, қолын сілтеп-сілтеп жіберді, көзін үйдің төбесіне аударып тағы тыңдай қалды, сонан соң өзінің әдеткі даусымен:
— Тынышталыңыздар, бәрі ойдағыдай, - деді.
Әңгіменің не жайында екенін түсінгенін ешкім байқатпады, бірақ бәрінің жүзінен сәл жымиғаны сезіліп тұрды. Ширек сағаттан кейін ол әлгі әзілін тағы қайталады, ал кеш бойы әлденеше рет сөйтті; ол жоғарғы қабаттағы әлдекіммен сөйлесіп тұрғандай кейіп танытып. оған өзінің сауда-саттыққа қатысты шешендік қорынан алып астарлы мәні бар кеңестер беріп жатты. Бір сәт ол жасанды мұңайып: "Байғұс қыз-ай!" - деп күрсінсе, бірде: "Әй, оңбаған ғой мына пруссак!" - деді тістене ызаланып. Ол жайында жұрт мүлдем ұмытып кетті-ау деген кезде ол бірнеше рет қалтыраған дауыспен: "Жетеді! Жетеді!" -деді жыламсырап, сонан соң құдды өзіне-өзі сөйлеген адамша қосып: "Тек оны біз тірілей көрсек екен, тек оны ана оңбаған зорықтырып қоймаса екен!" - деді.
Оның әзілі аса оспадар болғанмен көпшіліктің көңілін көтеруге әбден жарады, ешкім тыжырынбады, өйткені әділ ыза, басқа да жайттар сияқты, қоршаған ортаға байланысты: асханадағы ұйыған атмосфера жеңілтек ойлардан жыртылып-айырылатын.
Десерт үстінде әйелдер тіпті өздерін зорға тежеп, ойнақы ымдар жасай бастады. Бәрінің көзі ұшқын атып тұр: көп ішілді. Еркін отырған кездің өзінде маңғаздығын сақтаған граф олардың мына жағдайын полюсте амалсыз қыстап қалудың аяқталуына теңесе, ал олардың сезімін кемесі қирап, ақырында оңтүстікке жол ашылғанын көрген кездегі адамдардың қуанышына пара-пар санады; оның бұл теңеуі үлкен қошеметке ие болды.
Шегінен асқан Луазо бокалын ұстап орнынан түрегелді:
— Біздің бостандығымыз үшін ішем!
Бәрі де орындарынан тұрып, оның тосына түгел қосылды. Тіпті ешқашан аузына алып көрмеген монахиналар әйелдердің үгітіне көніп, көбіктенген шарапқа ернін тигізуге келісті. Олар быжылдаған лимонадқа ұқсайды екен, бірақ одан әлдеқайда дәмдірек екен десті.
Луазо мынандай қорытындыға келді:
— Фортепианоның болмағаны қандай өкінішті, кадрила билегенде, қатып кететін еді!
Бүкіл кеш бойы Корнюде бірде-бір сөз айтпай, қыбыр етпей, мұңды бір ойға батып отырған секілденді, тек өзінің ұзын сақалын одан ары ұзарта түсейін дегендей анда-санда оны ызалана тартып-тартып қойып отырды. Ақыры түн жарымға таман, қашан бәрі тарай бастаған кезде, аяғынан әрең тұрған Луазо кенет оның ішіне алақанымен салып қалды да, тілі күрмеле сөйлеп.
— Сіз нағып бүгін көңілсізсіз? - деді. - Сіз неге күні бойы үндемей отырсыз, азамат?
Корнюде басын шұғыл көтеріп алды да, отырған қауымды от шашқан, қаһарлы жанармен шолып өтті де:
— Біліп қойыңдар, - деді, - сіздер бәрін де арамдық істедіңіздер!
Ол орнынан тұрып, есіктің алдына дейін барды да, тағы қайталап: "Иә, арамдық!" - деді де, шығып кетті.
Алғашқыда бәріне біртүрлі ыңғайсыздау болды.
Абыржып қалған Луазо аузын ашып біраз тұрды, артынан өзінің әдеткі сенімділігі қайта оралды да, кенет қарқылдап күліп жіберді:
— Шикі ғой, шикі жүзім ғой мына бауырым! - деді оған өзінше үкім шығарып.
Оның неге олай деп тұрғанын ешкім түсінбеді, ол енді "дәлізде болған құпияны" ашып берді. Артынша бұрқ еткен көңілділік ұзаққа жалғасты. Әйелдер күлкіден "қырылдап" қалды. Граф пен Карре-Ламадон мырза көздерінен жас аққанша күлді. Тіпті олар сол оқиғаның рас екеніне де онша сенбеді.
— Қалай? Шынымен бе? Ол да оны...
— Айтып тұрмын ғой сіздерге, мен өз көзіммен көрдім.
— Әйел көнбеді ме?
— Себебі пруссак көрші бөлмеде болды ғой.
— Мүмкін емес!
— Ант ішейін!
Граф мүлде тұншыға жаздады. Фабрикант бүйірін ұстап, тоқтай алмады. Луазо басыла қоймады.
— Түсінікті, қазір оның жағдайы мүлдем, мүлдем күлетін жағдай емес!
Содан үшеуі бүйірлері шаншып, көздерінен жас аққанша күлісті.
Ақырында бәрі жан-жаққа да тарады-ау. Айрықша зымиян Луазо ханым жатар кезде күйеуіне "ана сұрқия әйел" Карре-Ламадонның күні бойы әншейін зорлықпен ғана күліп отырғанын айтты.
— Білесің бе, егер әйел мундир кигендерге қызықса, мундирдің ішіндегі француз ба, неміс пе, оған мүлде бәрібір! Құдай өзі кешірсін, масқара емес пе?
Түні бойы күңгірт дәлізден әлсіз суыл мен күрсіне дем алу, жалаң аяқтың жеңіл дыбыры, әрең естілетін шиқыл естілді де жатты. Сірә, тұрғындар тым кеш жатқан болу керек, өйткені есіктің саңылауынан жарықтың жолақ сәулесі ұзақ көрініп тұрған. Шампан адамға, әсте, солай әсер ететін көрінеді, одан ұйқы қашады деседі.
Ертесі қыстың ашық күнінен қар беті көз қарықтыра жарқырап жатты. Ат жегілген дилижанс қақпа аузында күтіп тұрды, ал қара қарашықты қызғылт көз бір топ ақ кептер қалың қауырсындарын қомпитып, алты аттың аяғы арасында маңғаздана қыдырып, буланған құмалақтарды аяғымен жан-жаққа шашып, ішінен жем теріп жүр.
Ішік киген атшы ершік үстінде темекі тартып отыр, ал жүздері жайнаған жолаушылар қалған жолға жететіндей азық-түліктерін асыға тиеп жатты.
Бәрі тек Томпышты ғана күтті. Ақырында ол да шықты.
Ол толқып, қысылып тұрғандай көрінді, сапарластарының қасына үрке жақындады, бірақ өзара келісіп қойғандай байқамағансып, бәрі одан теріс айналды. Граф маңғаз кейіппен, әлдебір былғаныш нәрсенің тиіп кетуінен қорғағандай, әйелін қолтықтап бір шетке алып кетті.
Томпыш таңданғанынан тоқтай қалды, сонан соң бүкіл өз бойындағы өжеттігін жинап фабриканттың әйеліне жақындады да:
— Сәлеметсіз бе, сударыня! - деді.
Ана әйел паңдана басын білінер-білінбес қана бір изеп, Томпышқа адамгершілігі қорланған адамша көз тастады. Әлденемен қатты айналысып жатқансып қарбаласы, құдды оның белдемшесімен әлдебір жұқпалы ауру ілесіп келгендей, мүмкіндігінше бәрі Томпыштан алысырақ тұруға тырысып бақты. Артынша бәрі дилижансқа лап қойды; Томпыш ең соңынан кіріп, өзінің жол басынан бері отырып келе жатқан орнына барып үнсіз жайғасты.
Бәрі оны енді елемейтін, танымайтын секілді, тек Луазо ханым оған алыстан тыжырына қарап, күйеуінің құлағына естілер-естілмес сыбырлап жатты:
— Одан алыс отырғаным қандай жақсы болған!
Ауыр күйме орнынан қозғалып, сапар қайта жалғасты.
Әуелгіде бәрі үнсіз болды. Томпыштың басын көтеруге батылы бармады. Ол өз көршілеріне наразы еді, солардың айтқанына көнем деп, өзін төмендетіп алғанын, құшағына осы екіжүзділер итермелеген пруссактың аймалауынан арамданғанын енді түсінді.
Көп ұзамай Карре-Ламадон ханымға қарата сөйлеп, графиня ауыр үнсіздікті ақыры бұзды:
— Сіз, байқауымша, Этрель ханымды танисыз ғой деймін?
— Иә, ол менің жақын досым ғой.
— Қандай тамаша әйел!
— Ғажап әдемі! Өте сирек мінез-құлықты, оның үстіне сондай білімді, талантты адам! Ол адам сүйсінерліктей ән салады және таңғаларлықтай сурет салады.
Фабрикант графпен сөйлесіп кетті, арбаның салдыр-күлдірінің арасында анда-санда олардың: "Купон - вексел, төлем - мерзімінде", - деген сөздері естіліп қалып отырды.
Бес жыл асхананың шала сүртілген үстелдерінің үстінде тұздықталған қартасын алып кеткен Луазо әйелі екеуі безік деген ойынға кірісіп кетті.
Монахиналар белінде салбырап жүрген ұзын таспихтарын қолдарына ұстап шоқынды да, кенет еріндері жыбырлай жөнелді, құдды кім озады деп жарысқандай, адам түсінбейтін күбірлерін бірте-бірте жылдамдата бастады; анда-санда құдай суретін сүйіп қойып, тағы шоқынды да, артынан өздерінің әрі жылдам, әрі ұзақ күбірлерін ары жалғастырып кетті.
Корнюде ойға шомып, қыбыр етпей отырды.
Үш сағат жол жүргеннен кейін Луазо қартасын жиыстырды да:
— Тамақтанып алған жаман болмас еді, - деді.
Әйелі жіңішке жіппен байланған түйіншекті шығарып, ішінен бұзаудың бір кесек салқын етін алды. Сонан соң оны мұқият жұқалап, жалпақ тіліп тұрады да, күйеуі екеуі жеуге кірісті.
— Біз де осылардан үлгі алсақ қайтеді? - деді графиня күйеуіне.
Оның келісімін алған соң, ерлі-зайыпты екі адамға есептелген азық-түлігін жайып салды. Қақпағының сыртында қоянның суреті бар, мұның ішінде қоян паштеті бар дегенді меңзейтін ұзынша келген жанан табақтың ішінде өзге де ұсақ туралған еттердің ортасында ақ майы жолақтанып көрініп жатқан құс еті бар екен. Газетке оралған жерінен алып шыққан көлемі үлкен ірімшіктің майлы бетіне басып жазған "Оқиға" деген сөз көзге түсті.
Монахиналар сарымсақ иісі бұрқыраған бүтін колбасасын шығарса, ол Корнюде пәлтөсінің терең қалтасына қолын сұғып жіберіп, бір жағынан төрт піскен жұмыртқа, ал екінші жағынан бір үзім нан алып шықты. Ол жұмыртқаны жарды да, қабығын аяғының астындағы сабанға тастай салып, ұзын сақалына жұлдызшаға ұқсаған ақ сары қоқымын түсіріп жей бастады.
Таңертеңгі қарбалас пен сасқалақтаудың салдарынан Томпыш жолға ешқандай қам жасап үлгермеген-ді, енді өкініш пен ызадан іші күйіп, мына мыңқ етпей шайнап жатқандарға қарады да отырды. Алғашқы кезде оны ыза кернеді, аузынан ағытыла кеткелі тұрған боқтау сөздерді араластырып, бәрін беттеріне тіке айтып салмақ болып аузын аша беріп еді, бірақ ашу булықтырып сөйлетпеді.
Оған ешкім қарамады да, ешкім ол туралы ойламады да. Ол өзін әуелі құрбандыққа шалып, артынан қажеті жоқ лас шүберекше лақтырып тастаған мына құрметті жексұрындарға деген жеккөрініш өзін қамшылай бастағанын сезді. Сол арада оның есіне мыналар жалмауызша жалмап қойған дәмді тағамға толы дәу себеткесі түсті, оның ішіндегі тұздыққа шыланған екі шөжесі, пәштеті, алмұрты, төрт бөтелке бордо шарабы есіне түсті; бейне бір ағзасының бір жерінде шіріп тұрған ішегі үзіліп кеткендей кенет оның ашуы басылды да, ол өзінің әне-міне жылап жіберетінін сезді. Ол көз жасын жұтып, бала құсап жылап жібермеуге тырысып бар күшін салды, бірақ жас көзіне толып, кірпігінен жылтырап тамып, біраздан кейін екі үлкен тамшы бетінен төмен қарай сырғып келе жатты. Оның артынан одан гөрі жылдамырақтары көрінді; олар тезірек жылжып, дәп бір жартастың қуысынан жарып шыққан тамшыдай сорғалап барып төсінің томпиған тұсына тырс-тырс тамып жатты. Ол бойын тік ұстап, сұп-сұр боп сазарған күйі, алдыға қарап көзін бір нүктеге қадады да отырды, маған ешкім көңіл аудара қоймас деп сенді.
Бірақ графиня Томпыштың көз жасын байқап, күйеуіне ымдап көрсетті. Күйеуі: "Енді не істейін, менің оған қандай қатысым бар?" - дегендей иығын қиқаң еткізді. Луазо ханым дыбысын шығармай, бірақ салтанатпен күлді де, сыбыр етті:
— Ол өзінің масқара болғанына жылап отыр.
Монахиналар қолбасасының қалдығын қағазға орады да, қайтадан құлшылық ете бастады.
Корнюде жеген жұмыртқаларын бойына сіңіріп жатып, қарсыдағы іскәмейкенің астына аяғын созып жіберді, қолдарын алдына айқастыра шалқайып отырды да, әлдебір сәтті әзіл ойлап тапқандай бір жымиып қойып, "Марсельезаны" баяу ысқыра бастады.
Бәрі қабағын қыржитты. Халықтың әнұраны, көпе-көрнеу білініп тұр, көршілеріне ұнамады. Жүйкелері шыдамай, ашулана бастады, шарманканың даусын естіген итше бәрі ұлып, қоя беруге әзір отырғандай көрінді. Ол соны байқап, ысқырығын қасақана тоқтатпады. Кейде тіпті сөзін де қоса айтып жіберді: Махаббатымызды отан танысын! Кек билеп, жанымызды жанысын Қымбатты еркіндік, баста ұрысқа, Қорғаушыларың бермейді намысын!
Қар жиілеп жауа бастаған соң, енді олар тезірек жүрді, ұзақ әрі ығыр еткен жол бойы, ойлы-шұқырдың таусылмайтын селкілдетуінде де, кешкі алагеуімде де, одан кейін қою қараңғылықта да шаршаған және ызаланған сапарластарын әнді басынан аяғына дейін тыңдауға, қажетті сөздерін еске алып, әрбір ырғағына іштей ілесіп отыруға мәжбүр етіп, ол өзінің өш алған, бірқалыпты ысқырығын өршелене жамғап, төзімділікпен тоқтатпады.
Ал Томпыш жол бойы жылаумен болды, кей-кейде бір жол өлең мен екінші жолдың ара-арасында оның өксігін баса алмаған даусы қараңғылықты бұзып-жарып естіліп қалып отырды.