Ертеде аласа бойлы, шағын денелі бір адам өмір сүріпті. Оның есімі Мукраһ болатын. Алайда ел оны Кіш...
Дидар Амантай. Қазақ Уақыты (Бауыржан Қарағызұлының шығармашылығы туралы)
1.
Мәңгілік – өтпейді. Өзіне өзі тең, бір қалпы тұра береді. Өзгермейді, дамуды білмейді – көз жетпейтін, ой жетпейтін алапат, кешегі мәнге ертеңгі ұғымы тең, себебі, қосындысы, қалай айналдырсаңыз да, бүгін.
Бүгін – мәңгіліктің қарайған бейнесі. Уақыт мәңгіліктен көрінеді, сағатта мәңгілік жоқ.
Уақыт кеңістіктің бесігінде өсті. Жарылыстан перзент жаралды, сәбидің есімі – уақыт. Әлдиледі, жырын айтты, тәрбиеледі.
Еркін жүрді, балалық шағы, жастық кезі бақытты өтті. Бірақ, әлемнің ұлы ұстазы мәңгілік қартайған жоқ, ақыл-ойы асқан дана қалпы, кемеңгер болмыс-бітімі, данышпан кескін-келбеті өзгеріссіз, айна-қатесіз, сол күйінде қалды.
2.
Қазақ ақындары уақытты жырлайды. Жаугершілік заман жыраулары, ескі салтынан мұра – асыл ғадет, сақарадағы әдеби ұлы дәстүр, ауыз екі тілден жазба тіліне көшкен інжу-маржан сөз қазынасы, үзілмей – Абайға жетті, Абаймен жалғасты, Абайдан қалды.
Шайырға сол уақыттан бастап жақсы тақырып, адал міндет жүктедік.
Уақытты жырға қосамыз, тілдесеміз, ой жарыстырамыз. Ол кетіп бара жатып бізге тіл қатады. Жаңа уақыт табалдырықтан аттап келеді.
Бізге уақыттың бәрі бірдей, заман ғана басқа, заман дәуірге, дәуір ғасырға ұласса да, уақытқа жетпейді, уақыт мәңгіліктің аясында жоғалады. Қарақұрдым түпсіз құдығына түсіп кетеді. Қауға шелек жетпейтін, Еңсептер таппайтын шыңырау, жыра, шатқал.
Уақыт бедеріне оқиға із салады, картаға түскен елді мекен тәрізді, уақиғаның, сөйтіп, уақыт бедеріндегі нүктесі дәл сол уақытты ажалдан құтқарады, тарихи сюжетті жойылудан сақтайды, оқиғаның уақытта таңбалануы – тарих, тарих – оқиғаның уақыттағы ізі.
3.
Өмірдің өзі – екен... Франц Кафка жазғандай, өмір сүріп отырғаныңызға ешқашан анық көз жеткізе алмайсыз.
Бірақ, уақыт ертең көмескі, кеше – бұлыңғыр. Бүгін – бет-жүзі анық бақыт. Біздің уақыт, as Ernest Hemingway’s book “In Our Time” written and published in 1925, – бақытты шақ.
Бауыржан Қарағызұлы қазақтың уақытын жырлайды, демек, ұлттың қуанышты кезін... күн тәртібіне шығарады.
Түркияның бір қаласы жөнінде:
"Бұл қалада бәрі бар екен.
Жоқ та бар екен", - дейді.
Келесі бір өлеңінде құстардың төбеде, ауада жүзгеніне таң қалады, Қадыр ағасындай, пәлсапашылар жүйелеріндей. Философия сауалдан басталушы еді, қазір ойдың қайнары, пайымның көзі – қуаныш, күмән, таңғалыс.
Ақындар – үнемі таң қалып жүретін халық. Бірақ, бір теңеуінің әсемдігіне, орындылығына күмәнданып қалдық.
"Ұшып жүр Құдай!"
Десек те, автордың туындылары метафораға бай. Қанатты сөздерге – мырза.
Өлім келді алаңға...
Жалпы, бұл шығармасы сәтті туындылардың бірінен:
"Келді Өлім ал қызыл гүл ұстап,
жөткірініп сөйледі, галустугін дұрыстап:
"Менің атым Құрбан" деді. "Сен" деді. Ешкім сенбеді."
"БейБақ" "Ей, бейбақ, Ар алдында тыр жалаңаш шешінген,
және өлім сотына тірідей кесілген,
сен ғана емессің, сөз оғына атылған,
сен ғана емессің қашып шыққан жатырдан...
Топырақ! Топыраққа жанталасып жүгірген,
Мен ғана емеспін, өз ойына өртенген, жүгінген, үгілген,
Мен ғана емеспін..."
Бауыржан – табиғи ақын, шынайы қаламгер, жазғандарында жаңсақтық, жасандылық жоқ, қаламында еркіндік, бостандық бар.
"Мен жасанды мұңнан қорқамын…
Түннен қорқамын дұғасыз.
Соқыр сөздерден."
Мен, тегінде, қазақ, орыс, ағылшын, француз, испан, неміс, жапон... түсінігіндегі бақытқа сенбеймін.
Бақыт дегеніміз бұл әлемде Құдайдың бар екендігі. Басқа бақыт жоқ, басқасының бәрі осы тұжырымның өзгерген нұсқалары. Бауыржанның өзі анық жазады:
"Айтқан Ол, уақытқа серт етіп.
Ал енді Арлы кім?! Арсыз кім?! Жазған.
Жазылған барлығы. Өзіңді оқы.
Қадыр Түні ұлымасыншы құлқының.
Тек қана Өлең түседі Аспаннан бұл Түні.
Қадыр түні."
4.
Ойдан – қорытынды: Бауыржан Қарағызұлы шығармашылығынан философиялық пассаждарды молынан табамыз. Уақыт пен кеңістікті жырға қосқан өрелі автор, күрделі ақын ретінде ол бізге қажет, бізге құнды, бізге таныс.
Таныс – туыс шығармашылық тұлға деген сөз. Біздің мұңымызды, біздің сырымызды, ең бастысы – біздің уақытымызды жырлайды.
03.03.2019