Гюстав Флобер. Бувар мен Пекюше (І бөлім)

ӘДЕБИЕТ
3045

I

Күннің ыстығы отыз үш градусқа жетіп тұрғандықтан, Бурдон бульварында тірі жан көрінбейді.

Төменде екі тоспамен тұйықталған Сен-Мартен каналының сия түстес суы түп-түзу сызық жасай созылып жатыр. Су ортасында ағаш тиелген баржа тұр, ал жағалауға екі қатар етіп бөшкелерді үйіп қойыпты.

Каналдың ағаш қоймалары орналасқан арғы бетінде, үйлердің арасынан көгілдір таза аспан көзге шалынады, үйлердің күн сәулесіне шағылысқан ақшыл қасбеттері мен қыш жабындары, гранит төселген жағалау көзді қарықтыра жарқырайды. Тымырсық әуеде алыстан бір гуіл талып жетіп, айнала жазғы күнге тән жым-жырт тыныштық пен мұңға ұйып тұр.

Жолда екі жүргінші көрінді.

Біреуі Бастилия — алаңынан, екіншісі Ботаника бағы жақтан келе жатыр. Кенеп кәстөм киген ұзын бойлысы қалпағын желкесіне ысырып, жилетінің түймелерін ағытып жіберіп, галстугін қолына ұстап алыпты. Бойы аласалау екіншісі қоңыр сүртігін түгел түймелеп, картузының үшкір күнқағарын маңдайына түсіре киіпті.

Бульвар ортасына жете бере екеуі қатарласып бір орындыққа отыра кетті.

Маңдай терін сүрту үшін екеуі де бас киімдерін алып, жандарына қойды; аласа бойлысы көршісінің қалпағынан "Бувар" деген жазуды оқыды, ал ананың көзі бейтаныстың картузынан "Пекюше" деген сөзді шалып қалды.

— Қарай гөр, — деді ол, — екеуіміз де бас киімімізге аты-жөнімізді жазып қойған екенбіз.

— Иә, әйтпесе кеңседе біреу ауыстырып киіп кетуі мүмкін.

— Мен де сондықтан жаздым; мен де кеңседе қызметшімін.

Екеуі сол сәт бір-бірінің бетіне қарады.

Пекюшеге Бувардың тартымды келбеті бірден ұнады. Жартылай түсіңкі қабағының астынан көгілдір көздері үнемі күлімдеп тұрады екен. Кең пішілген панталоны киіз байпағына қарай жиырылып, қарнын қампайтып, белбеудің жоғарғы жағында жейдесін қомпитып тұр; ал ақшыл бұйра үрпек шашы оның өңіне балаға тән сипат беретіндей. Үнемі ернін шүйіріп, ысқырып жүретін әдеті бар көрінеді.

Буварды Пекюшенің салмақты пішіні таңдандырды.

Оның шүйделі басына жабыса біткен қара шашын парик екен деп қаласың. Салбыраған ұзын мұрынды пішіні сізге ылғи қырынан қарап тұратындай. Тарлау, жылтыр шалбар киген қысқа аяғы, кеудесінің ұзындығымен салыстырғанда үйлесімсіз көрінеді. Пекюше күңгірт, әрең естілетін даусымен тамсана тіл қатты:

— Қазір ауылдық жерде қандай жақсы!

Бірақ Бувар қала сыртында дәмханалардың көптігінен у-шудың да мол екенін көлденең тартты, Пекюше оған келісті. Дегенмен астаналық өмірден жалыға бастағанын айтты. Бувар да сондай күйде болатын.

Олар құрылыстан қалған үйінділерге, каналдың сабан жүзіп жүрген лай суына, алыстан көрінген фабрика мұржаларына жағалай қарасты; сарқынды судан мұрындарына сасық иіс келді. Олар бастарын екінші жаққа бұрып еді: көз алдарында астық сақтайтын қамбаның бір-біріне жалғасқан биік қабырғалары жалғасып жатты.

— Даланың қапырығы үйден де күшті екен-ау! — деп таңданыс білдірді Пекюше. Бувар оған сүртігін шешіп алуға кеңес берді. Мынандай ыстықта сыпайыгершілікке түкіргені бар ма, жұрт ауыздарына келгенін айта берсін.

Аяқжолмен теңселе басып мас адам өтті; осыған байланысты екеуі жұмысшылар жайын сөз қылып, одан кейін саясатқа ауысты: Бувардың аздап солшылдығы болғанымен, екеуінің көзқарасы бірдей болып шықты.

Шаңдатып, сартылдатып, соңынан шаң үйірген үш жалдамалы күйме тас жолмен Берси жаққа қарай өтті; ол күймелерде гүл шоғын ұстаған қалыңдық пен ақ галстукті бірнеше қалалық иықтары ашық көйлек киген әйелдер, екі-үш бойжеткен қыз және жасөспірім оқушы бала отыр екен. Үйлену тойының ауанымен Бувар мен Пекюшенің әңгімесі әйелдер жайына ауысып, олардың бәрі жеңілтек, қазымыр, ұрысқақ әрі бірбеткей деген қорытындыға келісті. Рас, кейде еркекке бергісіз әйелдер де кездеседі; дегенмен еркектің аты еркек қой. Қысқасы, оларсыз өмір сүрген әлдеқайда тыныш, сондықтан да Пекюше әлі күнге бойдақ.

— Ал менің әйелім қайтыс болған, — деді Бувар, — баламыз жоқ.

— Мүмкін, солай болғаны да дұрыс шығар! Бірақ түбінде жалғыздық деген қиын нәрсе.

Жағалауда келе жатқан әскери киімді жігіт пен жезөкше көрінді. Боп-боз шұбар бетті, қара шашты қыз солдаттың қолтығына кіріп, туфлиін сүйрете басып, мықынын ойнатып барады.

Олар қастарынан өтіп кеткенсің, Бувар бір әдепсіз қалжыңды айтып салды. Пекюше қып-қызыл болып кетті де, тақырыпты тезірек өзгертпек ниетпен оған қастарына келіп қалған священникті нұсқады.

Аббат аяқжолдың екі жағына тізіліп өскен сида шегіршін ағаштарының аллеясымен асықпай аяңдап бара жатты. Оның үшбұрышты қалпағы көзден таса болысымен Бувар жеңіл күрсінді де, иезуиттерді жек көретінін айтты. Пекюше оны жақтамағанымен, дінге бүйрегі бұратынын білдірді.

Бұл кезде ымырт үйіріліп қалған, қарсы беттегі үйлердің жалюздері көтеріле бастады. Қыдырушылардың қатары көбейе түсті. Сағат жетіні соқты.

Бұлардың әңгімелері таусылар емес, анекдоттары аяқталса, өткен-кеткенді сөз қылады, жеке пікірлері пәлсапалық топшылауға ұласып кетеді. Олар жол қатынасы мекемесін, темекі салығын, сауда үйлерін, театрларды, қыза келе барлығынан баз кешкен жандардай-ақ теңіз министрлігі мен бүкіл адамзат тегінің түгін қоймай сынады. Олардың әрқайсысы екіншісін тыңдап отырғанда, өзінің ұмытыла бастаған қасиеттерін есіне түсіргендей, өз-өзін көріп танығандай сезімде болды. Жоқтан өзгеге желпінетін жасты әлдеқашан артта қалдырса да, екеуі де бір жаңа, бұрын бастан кешіп көрмеген, ғажап достық сезімінің туып келе жатқанын сезініп отырды.

Олар жиырма шақты рет орындарынан тұрып, қайта отырды, бульварды бойлап, жоғарғы және төменгі су қақпаларының арасында әрлі-берлі қыдырыстап жүрді, қанша кетуге жиналса да, сиқырланған жандардай бірін-бірі қия алмай-ақ қойды.

Ақыры қоштасып, бір-бірінің қолдарын қысысып тұрған мезетте кенет Буварға бір ой түсе кетті:

— Тоқтай тұрыңыз! Бірге тамақтансақ қайтеді?

— Менің ойыма да келген, — деп жауап қатты Пекюше, — бірақ айтуға батпай тұр едім.

Бувар оны ратушаның қарсысындағы, өзі тәп-тәуір деп есептейтін мейрамханаға бастап жүрді.

Ол тамаққа тапсырысты да өзі жасады.

Пекюше, қанды қыздырады деп, дәм-тұздықтардан сақтанатын. Бұл медициналық пікір алысу тақырыбына айналды. Содан кейін олар ғылымды мадақтауға кірісті: қаншама қызықты нәрселерді біліп, қаншама зерттеулер жүргізер еді... егер уақыт болса! Өкінішке қарай, бар уақыттары нан табу әрекетінен артылмайды. Осы кезде екеуінің де қағаз көшіруші болып қызмет істейтіндері анықталды; қатты таңырқаған олар алақандарын шарт еткізіп, үстел басында құшақтаса кетуге сәл-ақ қалды. Бувар — бір сауда үйінде, ал Пекюше теңіз министрлігінде істей жүріп, күнде кешкісін біраз уақытын ғылыми ізденіске арнайды екен. Ол Тьер шығармаларынан біршама қате тауыпты, сөз арасында Дюмушель деген профессор жайында үлкен құрметпен айтып отырды.

Одан Бувардың басқа жағынан артықшылықтары бар екені байқалды. Оның қылдан өріп жасалған сағат бауы мен тамақты тұздықтап жеу мәнерінен көргені көп, өмір сүре білетін адам екені аңғарылды, ас үстінде сүлгісін қолтығына қыса отырып ол күлкілі әңгімелермен Пеюошені қарық қылды. Пекюшенің күлкісі ерекше екен — жуан дауыспен, бір нотадан ауытқымай, арасына ұзақ үзіліс салып, лекіте күледі. Бувар тістерін ақсита, иықтарын селкілдете, сылқылдап, рақаттана күледі. Тамақ жеп отырғандар екеуіне еріксіз бұрылып қарайды.

Тамақтан кейін олар кофе ішу үшін басқа дәмханаға кірді. Пекюше газ алауларының жарығында айналасына шола қарап, артық салтанатқұмарлыққа кейістік білдірді, онымен де қоймай, газеттерді алдынан жұлқына ысырып тастады. Бувар бәріне кеңпейілділік танытты. Ол жазушы атаулыны жақсы көретін, ал жас кезінде театрға актер болып барсам ба деген де ойы болған көрінеді.

Кенет ол бильярдтың кийі мен екі шарды алып, Барберу атты досынан үйренген ептілік фокустарын көрсетпек болды. Алайда шарлар қайта-қайта құлап түсіп, жұрттың аяғының астымен бұрыш-бұрышқа домалап кете берді. Оларды орындықтардың арасымен еңбектеп жүріп бірнеше рет алып берген даяшы ақырында күңкілдей бастап еді, Пекюше оған ақырып жіберді. Қожайын келіп кешірім өтінсе де, басыла қоймай, тіпті мейрамхананың бар тамағын түкке алғысыз қылып жамандады.

Содан кейін Пекюше осы жерде тиіп тұрған, Сен — Мартен көшесіндегі өзінің пәтеріне барып, бұл кешті тып-тыныш жалғастыруға ұсыныс жасады.

Үйге кірісімен ол матадан тігілген көкірекше сияқты бірдеңені үстіне іле салып, қонағына тұратын жайын көрсете бастады.

Жүріс-тұрысты бөгеп, қарағайдан жасалған жазу үстелі бөлменің қақ ортасына қойылыпты. Айнала сөрелерде, орындықтарда, көне креслода және бұрыштарда қалай болса солай үйіліп жатқан кітаптар: Pope энциклопедияларының бірнеше томы, Магнетизер басшылығы, Фенелон томдары және басқа кітаптар, қағаз бумаларымен аралас екі кокос жаңғағы, әртүрлі медальдар, түрік фескасы және Дюмушель Гаврдан әкеп берген ұлу қабыршақтары да шашылып жатыр. Бір кезде сары түсті болған қабырға қазір барқыттай шаң қабатына бөгіп қалыпты. Ақжаймасы салбыраған кереует шетінде аяқ киім шөткесі жатыр. Төбеде шамның ысынан пайда болған үлкен қара дақ қарауытады.

Үйдің тымырсық ауасын ұнатпаған Бувар терезені ашуға рұқсат сұрады.

— Қағаздарым ұшып кетеді! — деп қарсылық білдірді Пекюше. Оның үстіне ол өкпек желден қорқады екен.

Дегенмен күні бойы шатырдың қыш жабынынан өткен ыстықтан тымырсық тартқан бөлмеде өзі де алқына бастады.

Бувар оған ескерту жасады:

— Сіздің орныңызда болсам, көкірекшені шешіп тастаған болар ем.

— О не дегеніңіз!

Пекюше өзін суықтан сақтайтын фланель жилетінсіз елестете алмай, үрейлене басын шайқады.

— Онда мені үйге дейін шығарып салыңыз, — деді Бувар, — таза ауамен демалып қайтасыз.

Пекюше тағы да етігін тартқылай киіп жатып:

— Сіз мені сиқырлап алдыңыз, шын айтам! — деді күбірлей сөйлеп.

Ол қашықтығына қарамастан, жаңа танысын Турнель көпірінің қарсысындағы Бетюн көшесінің бұрышында орналасқан үйіне дейін шығарып салды.

Бувардың едені жалтырай тазаланып, матадан терезесіне перде ілген, жиһаздары қызыл ағаштан жасалған бөлмесінің өзен жаққа қараған бетінде балконы бар екен. Басты көзге түсер әшекейлері — комод үстінде тұрған қол сандық пен айнаның шетіне айнала қыстырылған дос- таныстарының суреттері. Қабырғадағы қуысқа майлы бояумен салынған сурет ілініпті.

— Бұл — менің ағайым, — деді Бувар. Оның қолындағы майшам мосқал еркек бейнесін алға тартты.

Үрпиіп бұйраланған айдар шашына ұласып кеткен жирен жасақалы жалпақ бетін көмкеріп тұр. Сәнді галстугіне қоса жейдесі мен барқыт жилетінің және фрагі үшеуінің үш бірдей жағасы жабыла мойнын қылқындырып тұрғандай әсер береді. Омырау желбіршегі бриллиант түйреуішпен бекітіліпті. Еті салбыраңқы бетінің жоғарғы жағынан көздері сығырая қарап, еріндері мысқылмен күлімсірейді.

— Мен сіздің әкеңіз деп қалып едім.

— Ол — менің кіндік әкем, — деді Бувар жайбарақат қана, сонсын өзінің шоқындырған кездегі есімі Франсуа — Дени-Бартоломе екенін айтты.

Пекюшенің аты Жюст — Ромен-Сирил болатын. Екеуі де қырық жетіде, құрдас болып шықты. Бұл сәйкестікке олар қуана тұрып, қатты таңғалысты, өйткені екеуі де бір-бірін өзінен анағұрлым үлкен болар деп ойлаған-ды. Олар содан кейін екеуін барлық жағынан осылай керемет үйлестіріп қойған құдіреттің пәрмені шексіз екенін айтып даурығысты.

— Ойлап қараңызшы, егер біз бүгін қыдыруға шықпаған болсақ, таныспаған күйі өліп кетер ме едік.

Өз жұмыс орындарының қайда екенін айтып, ақыры екеуі бір-біріне қайырлы түн тілесті.

— Байқаңыз, жолда қыздарға бұрылып кетіп жүрмеңіз, — деп дауыстады Бувар қонағын баспалдақ алаңшасына шығарып салып тұрып.

Пекюше бұл орынсыз әзілге жауап қатпаған күйі баспалдақпен төмендей берді.

Келесі күні таңертең Отфей көшесі, 92-дегі ағайынды Декамболардың Эльзас маталары кеңсесінің ауласында біреу айғайлап тұрды:

— Бувар! Бувар мырза!

Бувар терезеден басын шығарып, Пекюшені көрді.

— Мен сап-саумын! Мен оны шешіп тастадым, — деп ол одан да қаттырақ айғайлады.

— Нені дейсіз?

— Мен кеудешемді шешіп тастадым, — деді Пекюше кеудесін түртіп.

Кешегі әңгіменің әсерінен әрі бөлменің тымырсық ауасы мен тоя ішкен тамақтан ұйықтай алмай, шыдамай кеткендіктен, ол түнде фланель кеудешесін шешіп тастаған еді. Ертеңгісін одан еш зиян шекпегеніне көзі жеткесін, осылай жасауға ақыл берген Бувардың беделі арта түсіп, жаңалығын жеткізуге асыққан болатын.

Ұсақ саудагердің ұлы Пекюше дүниеден өте жас кеткен анасын білмейтін. Ол он бес жасқа толғанда мектептен шығып, жекеменшік сот приставына қызметке орналасуға тура келген. Бір күні аяқ астынан жандармдар жетіп келіп, қожайынын галерада жұмыс істеуге кесті. Бұл сұмдық оқиға есіне түссе, әлі күнге денесі түршігеді. Содан кейін ол көптеген мамандықтың басын қайырды: дәріханашыға көмекші, репетитор, Жоғарғы Сена пакетботында есепші болып істеді. Ақыр аяғында жазуын ұнатқан бір бастық оны кеңсесіне көшірмеші етіп алды. Талапты ақыл иесі Пекюшені білімінің аздығы қатты қынжылтатын еді. Мінезі ашушаң болғандықтан, ол ешбір туысқансыз, ашынасыз, жападан-жалғыз өмір өткізіп келеді; жексенбі күні ермек үшін құрылыс жұмыстарын бақылауға баратын.

Балалық шағын еске алғанда, Бувардың көз алдына Луараның жағалауындағы бір ферма ауласы келеді. Содан кейін сауда ісіне баулымақ ниетпен, немере аға болып келетін бір кісі оны Парижге алып кетті. Кәмелетке толғанда оған банктен бірнеше мың франк берілді. Осы ақшаға ол үйленіп, кондитер дүкенін ашты. Жарты жыл өткенде, кассадағы ақшаны алып әйелі қашып кетті. Қалған ақшаның түбіне достарымен өткізетін дырду-думан, тамақтан қайысқан үстел, ең бастысы — жалқаулық жетті. Осы кезде оған өзінің таланты — әдемі жазуының пайдасын көру туралы ой түсті; содан бері он екі жыл бойы матамен сауда жасайтын ағайынды Декамболардың Отфей көшесі, 92-үйде орналасқан кеңсесінде табан аудармай жұмыс істеп келеді. Бір кезде естелікке портретін жіберген ағайының қайда тұратынын ол білмейді, одан ештеңе дәметпейді де. Бір жарым мың франк түсім мен көшірмешінің айлығы оған күнде кешкісін кофеханада қалғып отыруына жетіп жатыр.

Сөйтіп, кездейсоқ кездесу екеуінің де өміріндегі бір нышанды оқиға болып шықты. Олар алғаш көргеннен еріксіз бір-біріне тартылысып, бауыр басып кетті. Шынында да, олардың арасындағы тартылысты немен түсіндіруге болады? Бір адамның бойындағы қандайда бір ерекшелік, кәдімгі кемшілік, немқұрайдылық немесе адам төзгісіз нашар қасиет екінші біреуге тартымды болып көрінетіні неден екен? Жұрт айтатын бір көргеннен ғашық болу өмірде жиі кездеседі ғой. Қысқасын айтқанда, апта өтпей жатып Бувар мен Пекюше сенге ауысты.

Олар бір-бірінің жұмыс орнына жиі келетін болды. Біреуі келген бойда, екіншісі дереу үстелін кілттеп, екеуі көшеге шығады. Бувар адымын кере аяңдаса, өкшесін соққан сүртігіне аяғы шалынып, соңынан зорға ілеседі. Олардың талғамдары да осындай кереғар. Бувар трубка тартады, ірімшікті ұнатады, тамақтан соң міндетті түрде бір шыны кофе ішеді. Пекюше темекі иіскейді, десертке тек қана қайнатпа жеп, қантты кофеге малып тістеп жейді. Алғашқысы сенгіш, ақкөңіл, жомарт болса, екіншісі — тұйық, ойлы, сараңдау.

Пекюшені көңілдендірмек оймен Бувар оны Барберумен таныстырды. Ол бұрынғы сауда фирмасының өкілі, қазір биржада істейтін, отанын жанындай сүйетін, әйелдердің тілін таба білетін, тұздықтап сөйлегенді ұнататын сүйкімді жігіт еді. Пекюше оны ұната қоймады да, Буварды Дюмушельге ертіп апарды. Бұл жас қыздарға арналған пансионда әдебиеттен сабақ беретін, принципті көзқарасы бар, өте салмақты ғалым (мнемоника бойынша кітап шығарған) екен. Ол Буварға көңілсіз адам болып көрінді.

Екеуі де оз пікірлерін ашып айтты және әрқайсысы екіншісінің дұрыс айтып тұрғанын мойындады. Ұзамай олар әдеттерін өзгертіп, пансион тағамдарын жеуді қойып, күнделікті бірге тамақтанатын болды.

Олар қазіргі ауызға алынып жүрген пьесалар мен үкімет саясаты жайлы, азық-түлік бағасының өсуі және саудадағы алаяқтық жайында әңгіме қылысады. Арасында королеваның алқасына қатысты іске немесе Фюальдес процесіне байланысты тарихи оқиғаларға айналып соғып отырады; содан кейін революция себептерін қарастыруға кіріседі.

Олар ескі-құсқы сатылатын жаймаларды да аралады, Өнер және қолөнер мұражайына, Сен-Дени аббатына, гобелен фабрикасына, Мүгедектер үйіне барды және көрмелер мен коллекциялардың барлығын қарап шықты.

Рұқсат қағаз сұраған кезде, олар оны жоғалтып алған түр танытады немесе өздерін шетелден келген екі ағылшын етіп көрсетеді.

Табиғат тарихы мұражайының галереяларында жануарлар тұлыптарының алдында олар ұзақ тұрады, көбелектерге сүйсіне көз тігеді, металдарға сыдырта көз жүгіртіп, кен қазбаларына әуестікпен қарайды, ал моллюскілердің қасынан өте шығады. Жылыжай әйнегінен өсімдіктерге көз салып, осы жапырақтардан у бөлінетінін ойлағанда, денелері түршігіп кетеді. Балқарағайдың алғаш қалпаққа салынып әкелінгенін естігенде, екеуі де қатты таңырқады.

Луврде олар Рафаэль туындыларынан ләззат алуға тырысты. Ұлттық кітапханада томдардың нақты санын анықтамақ болып әуреленді.

Бір жолы олар Колеж де Франс университетіндегі араб тілі дәрісіне қатысып, профессордың таңданысына орай, бір нәрсе жазып алуға тырысып жатты. Барберудің көмегімен олар бульварлық театрда сахнаның арғы жағына өтіп кетті. Дюмушель оларға академияның мәжілісіне билет алып берді. Онда олар қандай ғылыми жаңалықтар ашылғанын сұрастырды, кітап каталогтарын оқыды, сөйтіп, осындай екеуіне де тән әуесқойлықпен ақыл-ой қабілеттерін арттыра түсті. Күн санап ой-өрістері кеңейе түскен олар құпияға толы қызықты нәрселерге көз тіге бастады.

Көне жиһаздарды қарай жүріп, ол дәуір жайлы түк білмесе де, сол жиһаздар заманында өмір сүрмегендіктеріне өкініш білдірісті. Кейбір ел аттарын естігенде, сол мемлекет жайынан ештеңе білмегендіктен, құпия көрінген елді қызыға армандасты. Кітаптың түсініксіз атауларының өзінде құпия тұнып тұрғандай әсерлі көрінеді.

Жаңа идеялар туындаумен қатар олардың өмір сүруі де қиындай түсті. Көшеде пошта күймесін көріп қалса, онымен бір жаққа жол жүргілері келеді. Гүлге тұнған жағалау дала табиғатына деген сағыныштарын оятады.

Бір жексенбі күні жаяу қыдырып қайту үшін, олар таңсәріден жолға түсті; Медон, Бельвю, Сюрен, Отейльді көктей өтіп, күні бойы жүзімдіктерді аралады, даладан жабайы қызғалдақ терді, шөпте жатып мызғып алды, сүт ішті, қала сыртындағы дәмханада, акация түбінде отырып тамақтанды; үйлеріне күн батқанда шаң-шаң болып, шаршап-шалдығып, бірақ сондай көңілді оралды. Олар мұндай серуенді жиілетті, бірақ келесі күні адам айтқысыз мұң басатындықтан, ақыр аяғында одан бас тартуға мәжбүр болды.

Кеңседегі бірқалыпты өмір екеуін де жалықтырған. Қолдарында сол баяғы қырғыш пышақ пен өшіргіш, сол сиясауыт пен қауырсын қалам, сол қызметтестер. Бувар мен Пекюше кеңсе қызметкерлерін ақымақ санап, жұмыста сирек тіл қатысады. Олар реніш білдіріп, өздерінше бұларды мазақ қылады. Екі дос та күнде дерлік жұмысқа кешігіп келіп, сөгіс алып жүрді.

Бір кездері бұлар өз жағдайларына ризашылық сезінетін кездері болған; бірақ қазір өздерін жоғары бағалай бастағандықтан, мына жұмыс қорлық сияқты көріне бастады. Олар осы ойды бір-біріне сіңіріп, қолдап, қолпаштап, бірін-бірі одан әрі бұза түседі.

Пекюше Бувардың шырт етпе мінезін қабылдап алса, Бувар Пекюше сияқты түнеріңкіреп қабақ шытуды үйренді.

— Мен көшпелі цирктің акробаты болып кетуге даяр жүрмін! — дейді біреуі.

— Тіпті бұдан гөрі ел кезіп, ескі-құсқы жинаушы болып кеткенім артық! — деп екіншісі қостай кетеді.

Неткен торығушылық! Бұдан шығатын ешқандай жол жоқ! Тіпті үміт те жоқ!

Бір күні (бұл 1839 жылдың 20 қаңтары болатын) кеңсесінде отырған Буварға пошташы хат әкеліп тапсырды.

Бувар әуелі қолдарын шарт еткізді, басы ақырындап шалқалай берді де, ол есінен танып құлап түсті.

Кеңседегілер тұра ұмтылып, галстугін ағытты, дәрігерге адам жіберілді. Бувар көзін ашты; жан-жақтан жаудырған сұрақтарға міңгірлей жауап қатты:

— Аһ!.. Жай әншейін... Таза ауаға шықсам, жеңілдеп қалармын. Жоқ, тиіспеңіз маған! Шығып кетейінші!

Денесінің ауырлығына қарамастан, ол теңіз министрлігіне жеткенше тоқтамастан жүгірді; маңдайын сипап, есімнен ауысып кетермін деп қорқып, өзін сабырға шақырып қояды.

Ол Пекюшені шақыртты.

Пекюше көп күттірген жоқ.

— Менің ағайым қайтыс болыпты! Маған мұра қалдырыпты!

— Шын айтасың ба?

Бувар қолындағы қағазды ұсына берді: Тардивель мырзаның потариалдық кеңсесі Септендегі Савиньи, 14 қаңтар 1839 ж.

Құрметті мырза!

Менің кеңсеме келіп, біздің аймақта осы айдың 10-ы күні қайтыс болған бұрынғы Нант қаласының негоцианты, әкеңіз Франсуа — Дени- Бартоломе Бувардың өсиетімен танысуыңызды өтінемін. Аталған өсиетте сіздің пайдаңызға аса маңызды жарлық берілген.

Сізге деген құрметімді қабыл алғайсыз.

Нотариус Тардивель.

Толқудан өзін әлсіз сезінген Пекюше аулада тұрған жәшікке отыра кетті. Қағазды Буварға қайтып беріп жатып, тұтыға тіл қатты:

— Тек қана... бұл өзі... біреудің қалжыңы болып жүрмесе!

— Сен солай ойлайсың ба? — деп сұрады Бувар жан тапсырар алдындағы адамның қырылына ұқсас үнмен.

Бірақ пошта мөртабаны, кеңсенің атаулы қағазы, нотариустың қойған қолы — барлығы құжаттың түпнұсқалығын айғақтап тұр. Олар бір-біріне қадала қарағанда еріндері дірілдеп, көздерінде жас тұнып тұрды.

Екеуі де жер-көкке сыяр емес. Олар жаяу аяңдап Салтанат аркасына дейін барып, жағалаумен қайта оралды, Құдай-Ана соборының қасынан өтті. Бувардың беті оттай жанып барады. Ол жұдырығымен Пекюшені арқасынан қойып қалып, жақ жаппай, аузына келгенін сөйлей берді. Екеуі қосыла кеңкілдеп күледі. Мұра сөзсіз аз болмауы керек, мүмкін...

— Ох, онда керемет болар еді! Қой, енді ол туралы сөз етпейік.

Бірақ бәрібір соны ғана сөз қылысты. Айтпақшы, тап қазір хат жазып, анықтап білуге болады ғой. Бувар нотариуске хат жазды.

Нотариус өсиеттің көшірмесін салып жіберіпті. Көшірме мынадай сөздермен аяқталған екен:

"Сондықтан мен некесіз туған, балам екенін мойындаған өзімнің ұлым Франсуа — Дени-Бартоломе Буварға, мүлкімнің оған заң бойынша тиесілі бөлігін өсиет етемін".

Жас кезінде жасаған күнәсін барынша жасырып, Бувар қария баланы немере інім деп атап, өзі тұратын қаладан жырақта тәрбиелейді, ол да істің мәнісінен хабардар болғанмен, оны ағайым деуден танған емес. Қырыққа таянғанда Бувар — әке үйленеді, содан кейін әйелі қайтыс болады. Заңды екі ұлы тілін алмай ренжіткен кезде ол тұңғышын тағдыр тәлкегіне тастағанына өкіне бастайды. Егер өзі аспаз қатынның ықпалында болмағанда, оны қолына да алар ма еді. Отбасылық жанжалдың қырсығынан әйел мұны тастап кетеді де, жалғыздық зардабын тартқан қария ажал аузына таянған кезде оз кінәсін жеңілдетпек болып, алғашқы махаббатының жемісіне қолда бар мүлкінен үлес беруге шешім қабылдаған екен. Оның барлық мұрасы жарты миллиондай болыпты. Одан екі жүз елу мың франк көшірмешіге тиесілі болып шықты. Ағайындылардың үлкені Этьен мырза өсиетті мойындайтындығын білдіріпті.

Бувардың есі ауысып кеткендей. Ол ішіп алған адамша масайрай күліп, сыбырлай қайталай береді:

— Он бес мың франк рента!

Буварға қарағанда қаттылау болғанмен, Пекюше де өз-өзіне келе алмай жүр.

Тардивельден келген жағымсыз хабары бар хат олардың есін тез жиғызды. Александр атты кіші ұл бәрін сот арқылы шешетінін, қажет болса, өсиеттің шынайылығын тексертіп, жарамсыз етіп шығаратынын айтып, дүние-мүліктің мөрленіп, тізімге алынуын, пайдалануға тыйым салынуын, тағы сондай істерді талап етіп жатқан көрінеді. Бұл хабарды естігенде Бувардың өті жарылып кете жаздады. Аздап тәуір болысымен ол Савиньиге жүріп кетті де, онда еш мәселе шешілмей, жолға босқа шығынданғанына ренішпен қайтып оралды.

Содан кейін ұйқысыз түндер, торығу мен үміт, шаттық пен уайым кезек алмасқан күндер өтіп жатты. Ақырында, алты ай өткен кезде, Александр ақылға келіп, Бувардың мұрагерлік құқығы күшіне енді.

Оның бірінші сөзі:

— Енді қыстаққа кетеміз! — болды.

Аяқ астынан басына түсе қалған бұл бақытты досымен бөлісу шешімін Пекюше солай болуға тиісті нәрседей қабылдады: бұл екі адамның одағы ажырамастай берік болатын.

Бірақ Бувардың есебінен күнелткісі келмеген Пекюше зейнетке шыққанша ешқайда бармайтынын айтты. Екі жыл деген де сөз бе екен! Ол шешімінен қайтпай қойды; ақыры екеуі соған келісті.

Қай жерге көшуді ойластырып, олар барлық шет-аймақты түгел саралап шықты. Солтүстіктің топырағы құнарлы, бірақ тым салқын; оңтүстіктің климаты жайлы болғанымен, ұсақ жәндіктері мазасыз; ал орталық аймақта, шынын айтқанда, қызығатын түк те жоқ. Бретань жақсы-ақ жер, бірақ онда өңкей тақуа жандар тұрады. Шығыс өңірлер жайлы, жергілікті диалектісіне бола, оны да ойлаудың қажеті жоқ. Бірақ басқа өлке де аз емес қой. Мысалы, Форе, Бюже, Румуа сияқтылар. Географиялық картада олар жайлы еш мәлімет берілмеген. Әйткенмен, қай жерде екендігі де тым маңызды емес, — бастысы, бұлардың өз үйлері болады ғой.

Олар өздерінің пиджакты шешіп тастап, жеңдерін түрініп алып, бақтағы раушан гүлдерін қиып, жер қазып, топырақ аударып, қызғалдақты көшіріп отырғызып жүргендерін көз алдарына елестетеді. Таң атар-атпас бозторғай әнімен оянып, соқамен жер жыртатындарын, себет алып, алма жинайтындарын, май былғау, астық бастыру, қой қырқу, араларды азықтандыру жұмыстарының басы-қасында болып, сиырдың мөңірегенін тыңдап, шабылған шөп иісін құмарта жұтатындарын жыр қылысады. Кешірмешілік жайына қалады! Бастық болмайды! Пәтер ақысын уақытында төлеу дегеннен құтылады! Өйткені үй өздерінікі ғой. Өздерінің құс қорасында өсірілген тауық етін, өз бақшасының көкөнісін жейді, тамақты үй киімдерімен отырып, өз үйлерінде ішеді.

— Біз не істегіміз келсе, соны істейміз! Сақалымызды өсіріп жібереміз!

Олар бау-бақша саймандарын, содан кейін "қажет болып қалуы мүмкін" құрал-сайман жәшігін (ол шаруашылыққа қашанда керек), таразы, жер өлшейтін шынжыр, сырқаттана қалса бұлауға түсетін ванна, қызу өлшер, тіпті физикалық тәжірибе жасай қалса керек болар Тей - Люссак жүйесінің" барометрі сияқты заттарды сатып алды. Біраз үйде оқитын әдеби шығармалар алса да болар еді - өйткені үнемі бақшада жұмыс істей бермейді ғой; олар кітап дүкендеріне кіріп, кейде ол кітап шынында "үй кітапханасына" лайық екенін анық біле алмай қинала жүріп, кітап таңдауға кірісті.

Ақыры Бувар мәселені шорт кесті:

— Құрысын! Бізге кітапхананың керегі жоқ!

— Менің кітаптарым да жетеді ғой, — деді Пекюше.

Олар жоспар жасаумен болды. Бувар барлық жиһазын, Пекюше үлкен қара үстелін алады; перделер де керек, соған қоса аздаған асүй жабдықтарын алса, жетіп жатыр.

Олар ешкімге ештеңе айтпауға келіскенімен, екеуінің жарқын жүздері қызметтестер қалжыңына тұздық болып жүрді. Бувар кеңсе үстеліне еңсесін сала жатып алып, қисық әріптерді әдемі етіп түсіру үшін шынтағын көтере түсіп, үнемі көңілдене ысқырып, қалың қабағын қулана керіп қояды. Пекюше биік қамыс орындыққа жайғасып, бұрынғыша маржандай әріптерді мұқият тізе отырып, кенет танауы желбірей түсіп, бірдеңе айтып қоярмын деп қорыққандай, ернін жымқырып алады.

Олар бір жарым жыл іздегенмен, лайықты ештеңе таба алмай-ақ қойды. Париж төңірегін түгел қарап шықты, Амьеннен Эвреге, Фонтенеблодан Гаврге дейінгі аралықты шарлады. Олар міндетті түрде көрікті жер болуын мақсат етпей, нағыз кең-байтақ жазықта орналасқан деревняны іздестірді.

Олар халқы көп елді мекенді ұнатпайды, сондай-ақ айдалада жалғыз тұруды да қаламайды.

Кейде олар бір шешімге келгендей болады да, содан кейін артынан өкініп қалудан қорқып, ол жер қолайсыз сияқты, теңізден соққан жел өтінде екен немесе фабрикаға тым жақын, немесе жол қатынасы қиын деген сылтаумен дереу бас тартып жүрді.

Оларға Барберу көмекке келді.

Бұлардың нені армандайтынын білетін ол бір сәтті күні Кан мен Фалез арасындағы Шавиньолда поместье сатылады деген хабар естігенін айтып келді. Поместье отыз сегіз гектар аумағындағы фермасы, қожайындар үйі мен мол табыс әкеліп тұрған бағы бар шаруашылық екен.

Олар дереу Кальвадосқа барып, бірден ұнатты. Бірақ ферма мен үйді қоса (бөлек сатуға қожайын келіспеді) жүз қырық үш мың франк сұрады, ал Бувар жүз жиырма мыңнан артық бергісі келмеді.

Пекюше оны көндіруге тырысып, келісім беруін өтінді, ақырында ол қалған ақшаны өз қаражатынан төлейтінін мәлімдеді. Бұған оның барлық ақшасы — анасынан қалған мұра, өзінің барлық жиған-тергені түгел кетті. Ол бұл капиталын төтенше жағдай бола қалса деп, ешкімге айтпай сақтап жүретін.

Пекюшенің зейнетке шығуына алты ай қалғанда, 1840 жылдың аяғына қарай үйдің ақысы толық төленіп те болды.

Бувар бұл кезде жұмысты қойған-ды. Алғашында ол әлі де келешегіне сенбей, жұмысқа барып жүрді. Тек мұрагерлік мәселесі толық шешілген соң ғана жұмысты біржолата тастап шықты. Алайда ол ағайынды Декамболар кеңсесіне жиі барып жүрді де, көшіп кетер алдында кеңседегілерді түгел пуншпен сыйлады.

Пекюше керісінше, әріптестерімен салқын қоштасып, соңғы рет шығарында есікті тарс еткізіп жауып кетті.

Оның алдында әлі заттардың буылып-түйілуіне бақылау жасау, көптеген тапсырманы орындау, керек-жарақтарын сатып алу және Дюмушельмен қоштасып шығу міндеті тұр еді.

Профессор оған хат жазып тұруға, барлық әдеби жаңалықтарды хабарлап отыруға уәде берді, содан кейін тағы бір құттықтап, мықты денсаулық тіледі.

Бувармен қоштасар сәтте Барберу сезімге көбірек ерік беріп, тіпті ойнап отырған доминосын тастай салды. Оған деревняға қонаққа баруға уәде берді, екі рөмке анис арағын алдырып, қатты қысып сүйіп қоштасты.

Үйге келісімен Бувар балконға шықты да, кеудесін кере дем алып, күрсіне сөйледі: "Жеттім-ау!" Канал суының бетінде жағалаудағы шам оттары дірілдейді, омнибустар шуы алысқа сіңіп кетіп жатқандай. Бувар осы қалада өткізген бақытты күндерін, мейрамханалардағы дырду- думандарды, театрдағы кештерді, қақпа қарауылдайтын әйелдердің өсектерін, өзінің барлық әдетін еске түсірген кезде, жүрегінің қысылыңқырап, бойын өзі де мойындағысы келмейтін мұң билеп алғанын сезінді.

Пекюше түнгі сағат екіге дейін бөлмесінде ерсілі-қарсылы жүрумен болды. Ол енді мұнда қайтып келмейді, құдайға шүкір!

Дегенмен артында қандай да бір естелік қалдырып кеткісі келіп, камин қабырғасына атын ойып жазды.

Жүктің ауырлары кеше жөнелтілген. Бақ жұмысына қажетті құрал-жабдықтар, кереуеттер, матрастар, үстел-орындықтар, темір пеш, ванна және үш бөшке бургун шарабы Сенамен баржа арқылы Гаврға, одан Канға жеткізіледі, ол жерде Бувар тосып алып, Шавиньолға жөнелтеді.

Оның әкесінің портреті, креслолар, ликер қорлары, кітаптар, қабырға сағаттары және басқа барлық бағалы бұйымдар жабық арбаға тиеліп, Нонанкур, Верней және Фалез арқылы жеткізіледі. Пекюше оны өзі бастап жүрмек болды.

Ол өзінің ең ескі сүртігін, мойыншалғышын, қолғабын киіп, аяғын тері қапшыққа орап, жол бастаушының қасына жайғасты да, жексенбі, 20 наурыз күні азанмен астананы тастап шықты.

Алғашында шапшаң қозғалыс пен жаңа жол әсерінен ол сергек отырды. Содан кейін аттардың жүрісі баяулай бастады, осы үшін Пекюше жол бастаушымен және арбакешпен ұрсысып қалды. Түнеуге олар қайдағы бір оңбай қалған керуен сарайларды тандап қонады, дүние-мүліктің сақталуына солар жауапты болғанымен, оларды көзден таса қылмас үшін, Пекюше де сонда қонуға мәжбүр болды.

Ертеңіне олар таңсәріден жолға шықты; жол еш өзгеріссіз, бұрынғыша көкжиектен асып созылып жатыр. Үйілген ұсақ тастар, су толы орлар, біркелкі, салқын жасыл түсті жазықтың шет-шегі жоқ тәрізді, аспанды бұлт торлап, жаңбыр сіркіреп өтеді. Үшінші күні күшті дауыл көтерілді. Арбаның нашар байланған брезент төбесі жел екпінімен желкенше жалп-жалп етеді. Пекюше қусырынып, күнқағарын мұрнына түсіре бетін көлегейлеп алды, темекі сауытын ашқан сайын, көзіне түспесін деп, желге қырындай арқасымен бұрылады. Кедір-бұдыр жерлерде арба қатты шайқатылған сәтте арттағы жүктерінің салдыры күшейгенін естіп, жол бастаушыны ақыл-кеңес айтумен шаршатты. Онысынан ештеңе өнбесін білгенде, ол мінезін шұғыл өзгертті: айтарын жұмсақ жеткізуге тырысып, қалжыңдай, жағымпаздана сөйледі; өрлеу жерге келгенде жұртпен бірге арбаны итерісті, тіпті тамақтан соң кофе мен арақ әперіп сыйлады да. Осыдан кейін бұлардың жүрісі жылдамдағаны соншалық, Гобюрж маңында білігі сынып кетіп, арба қисайып қалды. Пекюше дереу жүгін тексеруге кірісті: фарфор шыныаяқтардың быт-шыты шығыпты. Ол екі қолын аспанға көтеріп, тісін шықырлатып, екі нақұрысқа қарғыс жаудырды. Келесі күні арбакеш мас болып қалып, бір күн босқа өлді; уайым-қайғысы бастан асқан Пекюшенің енді ашулануға да шамасы қалмаған-ды.

Бувар Барберумен тағы бір кешті бірге өткізіп, Парижден тек екінші күні ғана жолға шықты. Пошта стансасына асыға-аптыға жүгіріп жеткен ол оянған кезде алдынан Руан соборын көргенде ғана шатасып басқа дилижансқа мініп кеткенін түсінді.

Кешкілік Канға бірде-бір бос орын болмады; уақытын қалай өткізерін білмеген ол театрға барды. Онда көршілеріне күле қарап, өзінің таяуда ғана осы төңіректен поместье сатып алған бұрынғы коммерсант екенін айтып танысты. Ақырында ол Канға жеткенде, жүгінің әлі келмегенін білді. Оны тек жексенбі күні ғана алып, арбаға тиеп Шавиньолға жөнелтті де, фермерге өзінің жүктің артынан бірнеше сағаттан кейін жолға шығатынын айтып, сәлем жолдады.

Пекюше жолға шыққанына тоғызыншы күн болғанда Фалезде жалдап жегілетін ат жалдады да, күн батқанша олар жақсы жүріп отырды. Бретвильден өткеннен кейін арба үлкен жолдан бұрылып шаңдақ жолға түсті де, Пекюше әне-міне Шавиньоль шатырлары көрініп қалар деген үмітпен келе жатты. Бұл арада шаңдақ жол ақырындап көмескілене беріп, ақыры мүлде жоғалып кетті де, жолаушылар жыртылған егістікке келіп тірелді. Ымырт жабылып келеді. Не істеу керек? Пекюше арбаны қалдырып, батпақтай басып шолғыншылық жасады. Бір фермаға жақындап келгенде, иттің үргені естілді. Пекюше бар даусымен айқайлап, жол көрсетуді өтінсе де, ешкім шықпай қойды. Үрейден денесі түршігіп кеткен ол қайтадан кері салды. Кенет қараңғылықтан екі жарық көрінді. Оның екі доңғалақты жеңіл арба екенін білген Пекюше қарсы жүгірді. Арбада Бувар отыр екен.

Ал жүк тиелген арба қайда қалды? Олар тастай қараңғыда арбакештерді шақырып, бір сағат бойы айқайлаумен жүрді. Ақырында әрең дегенде фургон табылып, бәрі Шавиньолға келді.

Каминде қу бұта мен шырша бүршіктері шытырлай жанып жатыр. Екі адамға үстел жасаулы тұр. Арбамен әкелінген жиһаз кіреберіске үйіліпті. Бәрі аман-сау жеткізілген екен. Екеуі дастарқанға отырды.

Оларға сарымсақ қосқан кеспе, балапан еті, шошқа майы мен піскен жұмыртқа берілді. Қартан аспаз әйел жиі-жиі келіп, тамақтың дәмі қандай болғанын сұрап қояды. Бұлар: "Тамаша, керемет!" — деп жауап береді; кесілуі қиын көмпиіп піскен нан, қаймақ, жаңғақтар — бұларға бәрі керемет болып көрінді. Еден тақтайларының арасы ашылған, қабырғаны сыз басыпты. Алайда үстінде майшам жанып тұрған кішірек үстелде тамақ іше отырып, олар айналасына ризашылықпен көз салады. Таза ауадан екеуінің де беттеріне қызыл жүгіріпті. Олар қарындарын қампайтып, сықырлауық орындық арқалығына шалқалай түсіп, бір-біріне:

— Әйтеуір, үйге жеттік-ау! Неткен бақыт! Мен әлі түс көріп отырған сияқтымын! — деседі.

Түн ортасы болып қалса да, Пекюшенің бақты аралап көргісі келді. Бувар қарсы болмады. Олар майшамды желден газетпен қалқалап, жүйектерді аралап жүрді. Көздеріне түскен көкөністердің атын қуанышпен атайды:

— Сәбізді қара! Мынау — орамжапырақ!

Содан кейін олар ағаштар қатарын аралады. Пекюше бүршік атқан ағашты тауып алуға тырысты. Кейде қабырғамен өрмекші жүгіріп өтеді, ал бұлардың зорайып кеткен көлеңкелері екеуінің барлық қозғалысын қайталап, ербең-ербең етеді. Жіңішке шыбықтардан шық тамшылайды. Көзге түртсе көргісіз түнде айнала ұлы тыныштықта мүлгіп қалған. Алыстан әтеш шақырды.

Екеуінің бөлмелерінің ортасында тұсқағазбен желімдеп тастаған құпия есік бар болып шықты. Комодты жылжытқан кезде ілгегі шығып кетті де, есік үңірейе ашылып қалды. Бұл олар күтпеген қуаныш болды.

Шешініп, өз төсектеріне жайғасқаннан кейін де олар біраз сөйлесіп жатып, ұйықтап кетті: Бувар — шалқасынан, аузын ашып, жалаңбас жатса; Пекюше — он бүйірімен, тізелерін ішіне бүгіп, басына жылы телпегін киіп алған; екеуі де терезеден түскен ай сәулесінің астында қатты қорылға басты.

Орыс тілінен аударғандар Қ. Құрманғали, Ә. Орынбаева.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...