Гүл Зарқұмар. Өлімнің өзі де сезімге кіріптар!

ӘДЕБИЕТ
6663
***

Жан әлемі-
Жасындардың жарқылынан тұратын,
Аспан текті,
Аңсаулардың өзі емес пе шын ақын?!
Жанарымен,
Жасқап өтіп, асқақ өтіп барады,
Тағдыр деген,
Тас қаладан көрмесе де рахым...

 ***

Көктем аңқыған аспандай көңілім,
Көкжиектерге ұласқандай өмір-мұң...
Махаббат күткен бір жүрекпен, тілекпен,
Махаббат жұттым мен жұпардай лептен...

Алматы қысы бұл. Аспанда ақ бұлттар,
Ақындар туралы ауада дақпырт бар...
Қап-қара ниеттер, қараңғы пиғылдар,
Қара жер үстіне сендер де сыйдыңдар!

Осынау ғаламның өксігін көтеріп,
Отырмын өлеңмен өрт төгіп, от өріп...
Тек мынау аспанға көктемін көксеген,
Телінген жүрекпен, тілекпен жетсе өлең...

***

Сағыныштар-ай...
Сағым боп көшіп көктеммен,
Жауқазын болып,
Жайқалып шығар бөктерден...
Сен едің мені,
Сезіммен келіп тербетіп,
Жүрекке сөнбес,
Жүз жылдық алау, от берген...

Сағыныштар-ай,
Сарыла күткен шақтар мың,
Астында қалған,
Ақпанда жауған ақ қардың...
Сен менің мынау,
Сезімтал көңіл көгімнің,
Көктем боп келіп,
өкірек шерін ақтарғың...

Сағыныштар-ай,
Самалмен жеткен сыр сынды,
Аласың неғып,
Алаңсыз шақта шырқымды?!
Сен мені іздеп,
Сен мені аңсар сәттердің,
Таңдайы жібіп,
Тамырына да нұр сіңді...

***

Тағдырдың қатты, тасбауыр екені рас-ты,
Талай күндерім арманмен, мұңмен қыр асты...
Асыл дегенің бақыр боп шығар сәттерден,
Асқақ тұруға құдайдың өзі дәт берген...

Қара көздің де жасырған сыры бар ұқсаң,
Қараңғылықты ысырып тастар жарық таң...
Анық дегенің тамұқ боп жатса жоқ шара,
Арман бар сірә, алаулап жанған отта да...

Таланттың бәрі күйініп өтер тағдыр шын:
Талқылап, талап, тобырға көрін қаздырсын!
Жаласы жалған, өсегі өрттей қоғамда,
Жауһарды көрсе тоғытар тоқтау тоғанға...

Атақ пен мансап құлқынға ғана тәуелді,
Ақиқат жалғыз аспанда қалды, әуелгі...
Жасанды бәрі, жасанды әлем, тіршілік,
Жалған дүние жасайды көкке құлшылық...
Аспанның бірақ, жетпейді-ау пенде сертіне,
Ағып түседі жасындар ғана жер тіле...

***

Сезіну сені қандай ғанибет,
Сұлу да нұрлы ғұмырым?!
Мен сендегі ғашық жүректің,
Сыршыл бір арман-мұңымын...

***

Өлеңмен бірге өткізер талай күн-айды,
Ақынның мұңы неліктен сұлу, шырайлы?!
Өртеніп-жанған, өкінген құса жүрегі,
Аңсарын іздеп аспанда жүрген сыңайлы.

Күтеді бәлкім, күткендей құстар көктемді,
Сағыныш екен аңсаудың бәрі өткенді.
Күміс сырғалы жастықтың нұрлы бейнесі,
Самырсын толы аралап жүрер бөктерді.

Қаншама арман түсіме еніп, қара үзді,
Шаштарым қара шашылып кеткен тәрізді.
Қасқайып тұрған Алтайым сенің бауырыңда,
Шайқалмай қалған дүниедегі асыл,бар ізгі.

Алтайын аңсап көңілім көкті шарлайды,
Сағыныш екен мендегі білдім, бар қайғы.
Аршасы аңқып түсіме енген туған ел,
Самалыңменен сипайсың келіп маңдайды...

***

Сен мені сүйесің сырттай,
Аспанның жұлдызын ұрттай.
Айдың да нұрына көміп,
Түн болып төбемнен төніп.
Таулардың бөктерін торып,
Көзімнің көктемін қорып.
Жанымды жарыққа малып,
Дегендей, қамықпа, налып.
Құшасың елесіңменен,
Қиялға сенесің бе сен?!
Алыс бір арманға бастап,
Кетсек пе тағдырды тастап?!
Дегендей түсіме енесің,
Бізді жұрт түсіне ме, шын?!
Бақытқа бастайтын жолдың,
Бұралаң соқпағы, сол-мұң.
Мен сені сеземін анық-
Жанымның өзегін жарып.
Гүл сынды жұпарын шашқан,
Сағыныш бұтағын басқан...

 ***

Ай толған түнгі аспанның жамалы -
Ақиқаттан да анық,жап-жарық жанары!
Жұлдыздар жұмылған кірпігін аша алмай,
Жұмыр жер іңкәрлік демін бір баса алмай...

Запыран-құсадан зар шеккен жүрегім,
Зау аспан шегінен іздейді бір емін...
Құмығып дауысым қалмаса екен деп,
Құнығып ай саған ән болып жетем тек...

Тірліктен таппаған байызым бардай-ақ,
Тіледім махаббат жанына бармай-ақ...
Өмірдің жолында өкініш, үміт бар,
Өлімнің өзі де сезімге кіріптар!
 
Махаббат тіледім аспанға,жерге де,
Махаббат тіледім арманшыл кеудеме...

***

Иә, ол рас дер едім:
Сенің мені құлай сүйгенің.
Өз отыңа өзің күйгенің!
Мен кеткен ем ғой ішінде,
Арман атты күміс күйменің...
Иә, мойындар деп едім:
Өмірдің жылдам өтерін сен,
Көкке шын көтерілсең!
Бірақ, сен қалып қойдың,
Шеңберде өте өміршең...
Иә, серт берген де сен едің:
Маған деген жанкешті сезімің үшін,
(Жалқы боп өтем деп...өзі кім үшін?!)
Тағы да санам санға бөлінер,
Жеккөріп кеттім төзімің үшін...
Иә, жетпейді саған дерегім:
Мен сенен жырақ кеткенмін,
Өкіндің, жылап, кектендің...
Айтшы өзің, осы бір сезімің үшін,
Шын азапты шыдап, шеккен кім?!
 
***
Түн. Айдың алтын нұры-
Ойнайды бұғағымда.
От демі алқындырды,
Күлдім бе, жыладым ба?!

Түн. Жұлдыз тамды көктен,
Жансебіл жастығыма.
Жанды күз, жанды көктем,
Өзекке жас тығыла.

Түн. Таулар қарауытқан,
Көздерім шағылысып.
Көкжиек алау жұтқан,
Тынады лағыл құсып...

***

Уақытпен өлшенгеннің бәрі мұң,
У жұтсақ та, су жұтсақ та көнеміз...
Жалқы қалған жүрегіңнің жарығын,
Жаға алмадым, жазымышты көмеміз.

Сенің жазған хаттарыңның арты зар,
Сен шыдаған серттің дәті тым берік.
Тобыр сырттан тон пішер де, талқылар,
Тосын сенің сезіміңді мін көріп...

Жаңбырлы түн қолшатырды қорғалап,
Жалғыздығын арқалаған жүректер.
Бір сағыныш отыр бәлкім, жол қарап,
Бір кем дүние жеткізбейді, бір өткел...

***

Менің неден түңілгенім-
Маңызды!
Сенің неден үгілгенің-
Аңыз-ды...
Екеуімізді,
Өр еткен сол Өр Алтай,
Екеуімізді,
Өкпелеткен тәрізді...
Менің неден жылағаным-
Шын еді!
Сенің неден құлағаның-
Сын еді...
Кең кеудесі,
Бейіш болған Алтайдың,
Керек болса,
Біз деп соғар жүрегі...
Менің неден қамыққаным-
Анық-ты!
Сенің неден жалыққаның-
Қалыпты...
Ешкім ұқпас,
Жалғыз ғана шындық бар-
Екеуімізді,
Аңсады Алтай, зарықты...

***

Маған бүгін керек боп тұр бір өлең,
Махаббатпен көк пен жерді тіреген.
Сәулесімен жылытатын жанымды,
Сәл де болса, таба алатын бабымды.
 
Мынау дүрмек дүниеден аулаққа,
Мына ақынды алып кетер тау жаққа.
Аспан жаққа апаратын сонан соң,
(Адамдар жат, болып кетті қоғам тоң.)
 
Күздің мұңы жапырақша жауғанмен,
Күй естідім сабырлы анау таудан мен.
Маған бүгін керек боп тұр бір өлең,
Махаббатпен көк пен жерді тіреген... 

***

Гүл күлтесін жарып шыққан шық дірілі секілді,
Бір тамшы нұр түсті үзіліп, сипай өтті бетімді...
Сенің мені ойлаған сол сәттеріңнен басталған-
Батқан күн мен атқан таңдар шуақ төкті асқардан...
 
Құшағыңа ұмтыла алмай, ынтыға алмай алыстан,
Менің сұлу мұңдарым-ай, қара түнмен қабысқан...
Жақын келіп жана алмаған,ала алмаған алауын,
Айтшы, маған жасырмай-ақ, жүрегіңнің қалауын?!
 
Жасырмағың, жасырмағың... сезетінім анық шын,
Қарлықтырып бара жатыр жанарымды жарық түн...
Сенің мені аңсаған сол шақтарыңнан басталған-
Ерте көктем еңілікгүлі тау өтінде тас жарған...

***

Ертең тағы күтіп алар таң нұрлы,
Ертең талақ етемін мен тағдырды...
Армандардың гүлі ашылар бір демде,
Ақын болып менше өмір сүргенге...
Бақыт деген өзі қағар есікті,
Бар жаныммен күткен едім, кешікті...
Алтайыма апарады тағы... Түс,
Аршасы аңқып, ермен тұнған сағыныш...

Бақытгүл Баймолдақызы (Гүл Зарқұмар) 1974 жылы 15 қыркүйекте Монғолияның Улаанбаатар қаласында дүниеге келген. Монғолия қазақ ақындары арасында өткен Алтын жебе жыр мүшәйрасының (1992ж), Ақтан Бабиұлының 100 жылдығына арналған мүшәйраның (1997ж) бас жүлдегері. Монғолия Жастар одағының алтын медалінің иегері, ақын. 2012 жылы Жалын баспасынан «Жүректегі жүзік» атты кітабы жарық көрді. Өлеңді монғол тілінде де жазды.

2022 жылы қыркүйек айының бесінші жұлдызында, қырық сегіз жасқа қараған шағында, қазақтың аяулы ақын қызы кенеттен өмірден озған еді.



author

Бақытгүл Баймолдақызы (Гүл Зарқұмар)

АҚЫН

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...