Арылайын десем де пенделіктен,Арылатын болмадым - ол неліктен?Жүгіріп те көрдім ғой, жығылып та,Ұрын...
«Атымды қайтпасын деп қойды Қабан»
2014
Асанқайғы мен Абай аралығында жатқан асыл сөз, сарқылмас қазына – ұлт ұлылығын айқындайтын ерекше көрсеткіш. Арғы-бергі рухани мұрамыздың тұңғиығына сүңгіп, маржан сөз терген Алаш үшін әр әріптің өз салмағы, өз караты, өз унциясы бар екені анық. Ана сүтімен бойға дарып, қанмен берілетін бұл ерекше құбылыс, бұл сұп-сұлу арудың аты – өлең, жыр. Осы тұрғыдан келгенде, Қабылиса Асанұлы (1733-1824 ж.) – XVIII ғасырда өмір сүрген жырау, қайраткер. Батырлығымен, өжеттігімен, қайсарлығымен және шешендігімен танылған тұлғаны халық Қабан ақын деп атап кеткен-ді. Мұның сырын Тұмарша екеуінің айтысынан айқын аңғара аламыз. Қабан: Атымды қайтпасын деп қойды Қабан, Қайны боп жаратылдым өзім саған. Еркімен өзгеге күң болғаннан да, Болып па менің атым одан жаман? Тұмарша: Қайным-ау, жаман емес сенің атың, Баласың байқап тұрсам сөз ұғатын. Әйелді кім мал берсе, сол алады, Нақсүйер – ақ тоқал намды болар қатын. Қабан: Ешкімнен туа бермес сіздей перзент, Бітіпті хор қызындай сізге келбет. Тоқалдың жарамдысы боласың ғой, Байқасам, тілің – тетік, сөзің – өжет. Тұмарша: Болсам да тоқал әйел, ағаң сүйген, Өзіңдей талай жастың іші күйген. Қайным-ау, тоқал деп сен кемітпегін, Тоқалға әуел баста дұға тиген. Қазақ даласында қуаныш пен шаттықты былай қойғанда, өлімнің өзін Өлеңмен жеткізу шынында да таң қаларлық әрекет. Таң қаларлығы – сөйлеушінің алғашқы сөзі-ақ тыңдарманды ерекше күйге бөлейді. Бұл күй – жүрек күйі, ақыл күйі, сезім күйі. Дәл сол күйді шынайы сезінгендер Поэтика шындығының шыңына шыққандай болады. Өйткені, екі дүниенің арасын байланыстырып тұрған дәнекер, бұл – сөз. Тіл алсаңдар, шырағым, Өсек сөзді елеме. Үйір болғын, шырағым, Жақсы сөзге өнеге. Тіршілікте сыйласқын, Дүние қайтып келе ме? Дүниеге сенім жоқ, Мінерсіз бір күн кемеге. Айтар әркім білгенін, Сөз ғып оны немене. Қағыспай халқым тек жүрсін, Онан пайда өне ме? Өсек-аяң сөз болса, Жуытпағын денеңе. Әділдің озар адымы, Адал жан шығар төбеге. Қабан жыраудың өлеңі бізге сонау көнеден күмбірлеп жеткен әдеби мұра емес, дәл бүгін, дәп қазір айтылған өсиеттей әсер қалдыратыны несі екен?! Аттың үстінде отырып-ақ адамзаттық ойды қозғаған тарихи тұлға шығармасының әр жолында бір оқиға, біз білмейтін бір тарих бар. «Бұларда тарих жоқ. Болмаған! Қаңғырған қазақта қалайша тарих болуы мүмкін?» – деп шулаған шовинистер қарасы әлі де мол екені айтпаса да белгілі. Қазақ Көктүріктердің ұрпағы, тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы, тегеурінді тектіліктің айғағы екенін археологиялық зерттеулер мен сөзбен жазылған тарих-ақ дәлелдесе керек-ті. Қабылиса Асанұлы сол кездің әдеби картинасын түзгені өз алдына, ел басына күн туған шақта жауынгерлік рухты жасытпас үшін алмас қылыштай жалт-жұлт еткен жырларын тудырды. Қиян-кескі шайқасқа шығар алдында, соғысқа аттанарда имандылықты ту етіп, әдеп, мораль, ізгілік атты адамға ең қажетті рухани аспектілерді жырлай білді. Себебі, бүгін ардан аттаған сардар ертең өз елін де сатып кететінін терең түсінген-ді. Көрегендігін өлеңмен көмкере білген жыр сәйгүлігі – Қабан ақынның төмендегі толғауын оқығанда ойға қалады екенсіз. Қиын-қыстау заманда аталы сөз айтып, азамат басын қосып, ұлтты ұйыстыратын адам қажет болды. Дәл сол қызметті Қабан ақын абыроймен атқара біліп, көптеген кесапаттың алдын алып, кесірден сақтады. Жер ойпаңы білінбес, Ебін тауып үй тіксе. Ел ойпаңы білінбес, Еліне сай ұл туса! Бірлік тербеп бесікті, Жауға ашпай есікті, Қазақ елі көктесін, Шыңға шығып кесікті. А, құдайым оңдасын, Оңдағанның белгісі, Күн нұрындай арайлап, Бақ пен дәулет орнасын! Жырау ұлтты ұстап тұрған алтын діңгек – тектілік екенін, ел іргесі сөгілсе, оның арты жақсылыққа апармайтынын, елдің күш-қуаты, әл-дәрмені әлсірей түсетінін сонау он сегізінші ғасырда-ақ ескерткен. Бүгінгі қазақтың генофондына қауіп төнгенін білсе, бабамыз не күй кешер еді деген де ой келеді. Жырау туындылары іс-әрекетке құрылып, әркез қозғалыс үстінде жүруі – дала драматургиясының ерекшеліктерін айқындай түседі. Өлеңдегі кей сөз, кей ой айтылмай, құпия түрде қалуының өзі шығарма поэтикасының қуаты мен әсерін, эффектісін күшейте түсіп, оған қайталанбас бояу, ерекше реңк, сырлылық сипатын дарытып, жаугершілік уақытындағы батыр намысын жанитын қайрақ бола білді. Бұл – тек жыраулар поэзиясына ғана тән ерекшелік. Мәселен, қарға бойлы Қазтуғанның: Жарлысы мен байы тең, Жабысы менен тайы тең, Жары мен сайы тең, Ботташығы бұзаудай, Боз сазаны тоқтыдай, – деп басталатын толғауында өзі дәурен шеккен кезеңдегі теңдік рухы мен Отан-Ана, «Еділ жұрты» дегенде емешегі езілетін елдің көркем бейнесі ғажап суреттелген. Оның теңеулеріндегі адуындылық, қаһарлылық пен сөз сұлулығы кісіні тәнті етеді. Бұлт болған Айды ашқан, Мұнар болған күнді ашқан, Мұсылман мен кәуірдің, Арасын өтіп, бұзып дінді ашқан, Сүйінішұлы Қазтуған! Автордың жоғарыдағы жолдарына ден қойғанда, бұл ұлттың өзін-өзі көтермелеуі, өзін-өзі қамшылап, жігерлендіруі үшін қажет деген тоқтамға келеміз. Себебі, жырау – халықтың екінші аты. Толғаулардағы ішкі толқыныс, жан дірілі айтушы екпініне екпін қосып, қара домбыраның қағысы, ат тұяғының дүбірі, жердің дүрсілі, жел тұрғандағы шөптің тербелуі, киіз үй есігінің сықырлап ашылуы, жебенің суылы сезіліп тұрады. Барлы, барлы, барлы тау, Басы есеннің – дені сау. Ұйықтамасаң – қабақ жау, Жарытып ішпесең – тамақ жау. Жыртық үйге – тамшы жау, Арық атқа – қамшы жау. Бетіңнен алса – қатын жау, Кесірлі болса – келін жау. Жасынан асып, үйіңде жүрсе – Өзіңнен туған қызың жау, Тіл алмаса – ұлың жау. Парықсыз болса – туысың жау, Күншіл болса – көршің жау, Тебеген болса – биең жау, Тартыншақ болса – түйең жау, Түйе менен биеңді Алып кетсе – жиен жау. Қабан ақынның отансүйгіштік, күрескерлік, ерлікті насихаттайтын жырлары келер ұрпақты да рухтандырып, жаңа бастамаларға шабыттандырары хақ. Жаһандану аш бөріше жан-жағымыздан анталаған заманда тіліміз сұйылып, ата дәстүрі, әке жолын ұмытып, діңімізден алшақтай түскен уақытта жыраулар поэзиясының Ахаң «Масасындай» ызыңдап, ұлтты ояту жолындағы мән-маңызы зор-дүр. Доспамбеттің «Азаулының Стамбұлдан несі кемі?» еш жерге алмастырмайтын туған топырақ пен алты қырдың астынан Күнге шағылысқан алтын түстес күмбезінің жарқылы көрінген бөтен елді салыстыру кезінде қолданатын тұрақты тіркеске айналғалы қашан. Соншама ұғым-түсінік пен соншама сөз-сөйлемнің ішінен «шұбар жыланың» өз орнын тауып жатса, бұдан асқан бақыт жоқтай көрінеді. Өлім алдында Отанды жоғары қоюдағы жырау философиясы барша ұлтты «Шаһид кешсем, өкінбен!..» дегенге шақырады. Ер Доспамбет дәл осы өкінбестік сарынын – «дұспан аттым, өкінбен», «дулыға кидім, өкінбен», «қоныстар қонған өкінбес», «арғымақ мінген өкінбес», «көбелер киген өкінбестікпен» жалғайды. Дала пәлсапасындағы бақи мен фәни, рух, жан, ар, иман, ұрпақ, Отан, арман-қиял, келешек, жалпы барлық категорияларды жыраулық дәстүр өзгеше қырынан аша түседі. Бұндағы Баласағұни дидактикасы, «Зар заман ақындарының» запыранға толы жырлары мен Ясауи, Иүгінекилердің діни-мистикалық, сопылық әдебиетімен салыстырғанда түр-түсі, ритмикасы, мазмұны, тақырыбы бөлектеу. Егер байқай түссек, Махамбеттің билік апаратын сынау арқылы халық сөзін сөйлеудегі жасындай жырлары мен Сүйінбай поэтикасы рухы жағынан Қабан жыраудың ырғағы, мелодизмімен сарындас келеді. Айталық, көбіміз Махамбет феноменін өңгелерден бөлек қарастыруға тырыссақ та бір айта кететін дүние – Өтемісұлы жыраулар поэзиясына жаңа дем бергенін, жаңаша түрлендіріп, жаңаша жаңғыртқан дала шайыры. Махамбеттің «Асқар, асқар, асқар тау», «Мен, мен, мен едімі», Доспамбеттің «Сере, сере, сере қар», «Тоғай, тоғай, тоғай суы» секілді сөздің қайталауына құрылған әуен, әуез, ырғақ поэзияны кие дәрежесіне жеткізіп, ұлы ритм Біздің қанымызға сіңіп, уағында өлең тілінде сөйлейтін ұлт деңгейіне дейін көтерілуіне септігін тигізді. «Халықты тілмен қорғаған» Сүйінбайлар заманында өлең мен тыңдарман, сөз өнері мен автор бөлінбестей ұғымға айналған-ды. Ол уақытта әдебиетке құрметпен қарап, «қара сөздің қаймағын сүзгендердің» өз пантеоны, өз Олимпі болғаны шын жүректен қуантады. Себебі, Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмайы» соғыс психологиясын нақ ашатын классикалық шығарма екені өз алдына, адамның өсу, даму, қалыптасу кезеңдеріндегі ер деген ұғымды соншалықты нәзік, зергер секілді дәлдікпен бере білгені расында да таңғалдырады. «Тебінгі терге шірімей, терлігі майдай ерімей», «Өзіңнен туған жас бала, сақалы шығып жат болмай», «Түн қатып жүріп, түс қашпай, тебінгі теріс тағынбай» секілді теңдессіз, жауһар теңеулерінің арғы жағында өр әрі мұқалмас рухпен қатар адамның адам болып қалу идеясы жатыр. Жырауларға ортақ тақырып – Отанды қорғау, Отанды сүю, Отан-Ананы бәрінен жоғары қою екенін ескерсек, XXI ғасырдағы қазақ қоғамы әдебиетке қайта оралуға міндетті. Қабылиса жыраудың поэтикалық қуаты, іштегі ашу-ызасы мен өзінің арман-аңсары толғауларына бөлекше сипат дарытады. Үркінде, үркін, үркінде, Өтеді дүние бір күнде. Тыңдап отыр, шырағым, Мен саламын бүлкілге. Жігіт болсаң майда бол, Тал жібектей үлпілде. Барыңа қыл қанағат, Не береді құр тілге. Алпыс күн атан болғанша, Бура боп бір күн зіркілде, Көзіңді жұм да жауға шап, Ажалды өлер іркілме. Кешегі өткен заманда, Ердің құнын татқан көп. Ашуланып бір түнде. Жыраудың «Отан үшін отқа түсуге» (Б. Момышұлы) даяр батырларға қоятын талабы ерекше. Бұдан өжет болып қана қою аздық ететінін ұғынасыз. Яғни, адам ажал алдында өз көлеңкесін көріп, дірдек қаққан көжектей күйге түсетінін де астармен жеткізеді, жырау. «Жеті жарғыда» айтылғандай, ауыр қылмыстардың қатарына «соғыс алаңынан қашу» да енетінін еске салудың өзі – артықтау. Қолаға берме күмісті, Алтынға ұқсас сары деп. Азғырған арам тілге ерме, Адамның бірдей бәрі деп. Оқығанды ойлама, Есі кеткен сорлы деп. Надандарға қол созба, Адамның жақсы зоры деп. Билікке қарай қол созба, Жақсы оның бәрі деп. Сөзіне қарай кісіні ал, Деме елдің қоры деп. Момындарға күш етпе, Жетеді оған әлім деп. Ойланбай бұрын іс етпе, Өзім білем бәрін деп. Жыраудың XVIII ғасырда айтылған бұл сөзі бүгінгі ұрпаққа арналғандай көрінетіні несі екен, тағы да?! Сөз өнерінің өміршеңдігі деген осындай бір өлшемдермен өлшенсе керек. Әдебиет – шаң басқан, мұражайда қат-қат жиылған сары қағаз емес, тірімізде тіршілікке аса ділгір нәр, рухани нәр. Қабан бабамыздың арзу-арманы – халықтың көңіл-күйін аулау, халықтың мұң-наласын, халықтың шерін жазу еді. Жылағанда жұбатқан, қуанғанда құшағын жая білген қайран жырауларым-ай. Бір жағынан хан, бір жағынан соғыс, бір жағынан ел ертеңі сияқты дилемма тұрғанда Есенқұл айтпақшы, «теректей басы теңселіп», ой орманының ішінен жауап іздеуге сүңгіп кететіні содан ғой. Автор этика, иман мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, аз сөзге көп мағына сыйдыратыны – поэтика сиқыры. Құнарлы топырақта туған, ұлылар қалдырған толғауларды кейінгі ұрпақ көңілге тоқып, жырларын жаттап өсуге тиіс. Қабылиса жыраудың: «Желмаямен жортпасаң / Жампоз жүгін артпасаң / Адырнадай ширығып / Серпіле бір тартпасаң / Елдің де сыйы түзелмес / Ердің де сыры түзелмес» деуінде терең мағына жатыр. Өйткені, жырау, ақын, шайыр, жалпы сөз өнерін тудырушы тұлға – елдің еркесі, жұрт перзенті! Бірақ, оның талап-тілегі де аз емес. Әдебиет сонысымен де – құнды, бағалы, сыйлы!..
Әлібек БАЙБОЛ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы.