Сөз мырза алдымнан ойқастап шыға келді. Әдеттегіше асқақ қарап, айбарланып тұр. Мені, бәлкім басқа б...
Шағала-жігіт жіне шын өмір (Мәлік Отарбаевтың бір әңгімесіне орай)
Көркем әңгіме не мақсатпен жазылмақшы? Әлбетте, асыл арман-ақ ниетті оқырманыңа бірнеңе айту үшін, ойына ой қосу үшін және, ең бастысы, ізгілік деген таңғы шықтай тап-таза әлемнің алаңына қарай жол көрсетіп-жетелеу үшін... Тағы бір, шамасы, тосындау оқиғалы, айтары да салмақты әңгімені оқып отырмын. Әңгіме аты – «Шамнан ұшқан шағала», «Ана тілі» газетіне жарияланыпты, ал авторы – Мәлік Отарбаев! Бірден-ақ былай деп сөз сабақтап ала жөнелсек, асылы, артық пікір бола қоймас, сірә! Бұл шығарма қазақ әдебиетінде сирек көтерілетін, аз айтылатын, әсіресе, қазіргі замандағы аса зәру тақырыпты қозғаған.
Бір сөзбен бейнелегенде – тағдыр тәлкегіне түскен босқындар жайы... Бас кейіпкер Төлеген қазақ жігіті, өзі ізденімпаз, білмекке құштар, шетелде білім алуды мақсат еткен талапты жас, алайда бар болмысымен туған жерін сүйеді, оның асыл қасиеттерін әуелете көрсетсем деп жан-жүрегімен талпынады. Әсіресе, адамдарға деген көңіл көзқарасы мейлінше бөлек! Оқиғаның ширатылып ала жөнелетін тұсы – Сириядан келген босқын әйел мен оның жанындағы бүлдіршін қызбен ұшырасар сәт! Әуелі кішкентай қызбен танысады, аты Айсамал, қазақ қызы, одан соң бас-көз болып жүрген қара орамалды әйелмен тілдеседі, аты –Ниса!
Қысқасы, оқиға желісі былай: Айсамал әке-шешесінен айрылған жетім қыз, елге қайтайын десе, құжаттары жоқ; оған қамқор болып жүрген қара орамалды әйел Сириялық, оның да басар тау, паналар жері қалмаған; әйтеуір босқын болып, жан сақтаған жансебіл өмір; жетім қазақ қызына қамқор болу себебі – оның анасын біледі, екеуі де тағдырлас еді, бірақ теңіз үстіндегі асау толқындар қыз анасын жұтып қойған... Айсамал қыз өте арманшыл, Төлеген ағасымен танысып алған соң, оған ертек айтып бер деп қиылады. Төлеген ақ шағалалар туралы өзі ойынан шығарған ертегіні шертеді. Әйгілі патшаның сұлу қызына өлердей ғашық болған жас жігіт сол мінезі үшін алыстағы аралда зынданға салынады, шынайы махаббат сезімінің өтеуіне пенде шыдамас азап шегеді.
Міне, осы тұста теңіз үстінде еркін самғаған ақ шағалалар көмекке келеді. Ертегінің түйіні қызық. Егер жігіт сүйген қызын емін-еркін көріп жүруге келіссе, онда түн келген кезде ақ шағалаға айналып, теңіз бетімен ұшады, тек таң ата ғана адам кейпіне енеді... Ғашық жігіт осыған бас изеп келісіпті... Арманшыл қазақ қызына бұл ертек керемет әсер береді, сол көкті кескілеп ұшқан шағалалар арасында өзінің қапыда жоғалтып алған ата-анасы да бар екенін ойлап, қиял бесігінде тербетіледі...Сонымен, бұл шығарманың түпкі айтпақ ойы не? Біздіңше, қаламгер екі-үш қосарлана ширатылған саланы қатар қамтып –божылағандай. Сүйген жарға деген шынайы махаббат, туған жерге деген ыстық ықылас және... өмір сүруге деген ұлы талпыныс! Сириялық әйел Ниса да, кішкентай қазақ қызы Айсамал да... өмірге барынша құштар!
Тіпті бас кейіпкер Төлегеннің де жан әлемінде тіршілікке ынтызарлық пен адамдарды сүюге деген ыстық көңіл сәт сайын мен мұндалайды. Әңгіменің саяси астарына тереңдемей-ақ қоялық, алайда бүгінгі заманда Сирия мен Алепподағы орын алып отырған содырлық пен сойқандар жан түршіктіреді – жазушы оны да астарлап сыздықтатып қояды, көңіл көзі деген осы болар, сірә! Қысқасы, біздің бүгінгі мақсат әңгімені жан-жақты саралап, терең талдап отыру емес, әуелгі әсерді бөлісер болсақ – қазақ прозасына тағы бір ойлы дүние келіп қосылды деуге толық хақылымыз! Жазарың көбейсін, жас қаламгер дос!
Жолтай Әлмашұлы