Ілияс Жансүгіров. Қуыршақ (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
4780

Қуыршақ деген кішкене кісі. Аяғы, қолы бар. Аузы, мұрны бар. Белі буулы, жеңі сұғулы, төсегі салулы. Ішпейді, жемейді. Қолдан жасайды. Базарда сатады. Қыз балалар ойнайды, бірінен бірі алады. Қуыршақ үндемейді. Берсе кетеді, алса келеді. Тіл болмайды, үн болмайды.

Жоқ, бекер, қуыршақ үлкен кісі. Аяғы, қолы бар. Аузы, мұрны бар. Белі буулы, жеңі сұғулы, төсегі салулы. Ішеді, жейді. Қолдан жасамайды, қатыннан туады. Базарда сатпайды, қазақта сатады. Сақалды балалар ойнайды. Бірінен бірі алады. Берсе кетеді, алса келеді. Тіл болмайды, үн болмайды.

Күндерде бір күн ауданы Бадам, ауылы алтыншы, Қасымбекұлы Әбдірақым деген адам қуыршақ іздеп Шымкент қаласындағы Құрият көшесін қыдырыстап келе жатты. Кенжетайдың қақпасына тоқтай қалды.

- Бабас осында тұра ма?

- Қай Бабас?

- Кәдімгі ағаш төресі Сәрсенов.

- Осында. - Бабас шығады.

- Қані, Бабас, қарындасыңа қанша сұрайсың?

- Әуелі көр, қолайыңа жақса...

- Көріп тұрмын. Құнтақты қолдың жасаған қуыршағындай бала екен. Тек саудасына келіссек...

- Мың жарым сом пұл бер де, ал.

- Жо, жолдас, ұстаған жерден ағаш та сынбайды. Өзің совет адамысың. Біледі деген қызметкердің, оқыған адамның бірісің. Совет тұсындағы қыздың бағасының арзандағанын қалай білмейсің? Берсең мың сом, артыққа ала алмаймын.

- Бір ат қос!

- Мәйлі, бопты.

Сауда бітті. Қой сойылды. Құда түсті. Бабасқа 700 сом өтті. Әбдірақым қыз қойнында, пұлы берілген!

Ертең қыз Әбдірақыммен «қашып» кетіпті, бостандық!

Бабас Қаңқада тұрат Ересіл Арыстанбайұлы деген, осы күнгі бір жуан саудагердікінде отыр.

- Әйел керек еді. Қызыңыз Әлимеге қанша сұрайсыз?

- Имам Ағзам болсын, алғашқы сауда ғой, 2000 сомнан кемге жоқ...

- Қызыңыз қымбатырақ екен... Шымкент қаласында қыздың қызының алды-ақ мыңға жетеді. Мәселен, мен, өз қарындасымды да мыңнан асыра алмадым. Бұдан арзандатпасаңыз ала алмаймын.

- Қайыр, Имам Ағзам болсын, мың жарымға көнсең, Әлиме сенікі.

- Мәйлі, бопты.

Сауда бітті. Қой сойылды. Құда түсті. Ересілге 1010 сом өтті. Бабас қыз қойнында, пұлы берілген!

Ертең қыз Бабаспен «қашып» кетіпті, бостандық!

Қатшаны қатындыққа әкелген Әбдірақымда бүгін ес жоқ. Қабағы жарқылдап, танауы желбегейленіп, ыржаң-ыржаң етеді. Алтыншы ауылдың халқына той қылып мырзамсып жатыр. Қайнағасы Бабас та тойда.

Той өтті. Бабас қайтатын болды.

- Бүйімтайыңыз?

- «Бүйімтайыңыз» дейтін не бүйімтай болады? Саудада достық жоқ. «Қолыма қыз тигенде берем» деген 300 сом мен бір атты бер; жұмысым сол!

- Сауда дегенмен сүйек болдық қой. Тойға да, қойға да шағындап қалдым. Біраз мұрсатана бересіз ғой деймін...

- Мен былай деп ойлаған жоқ едім... - Бабас сырт айналып кетті.

- Қарағым, Қатша қарындасым. Мен мына қуыңнан түңілейін дедім ғой. Ауылыңның да, аймағыңның да сұрқы жоқ екен. Тамырын тарттым. Мені кісі келді-ау деген жоқ. Осындай жекжат бола ма? Мен кісі танысам, сен мұнда кісі бола алмайсың, келсәп боласың.

Қатша солқ-солқ жылайды.

- Қой, жылама. Мен тұрғанда қор болам деме! Қайда барсаң да еркің. Совет тұрғанда зорлап қатын қыла алмайды.

- Аға, енді қайтем?

- Үйге қайтасың. Саспа. Жауға жараны білдірмелік. Бір құр жорық сапарымыз шығар. Ауданға барғанда айтарыңды айтарсың. Мен Сайрамнан тосам. Қош, қарағым!

Әбдірақымның қағанағы қарқ, сағанағы сарқ; тойды өткізді. Қайынағасын қайырды. Енді келіншегін жаздырып алуға февральдің төртінде ауданға алып келді.

Аудан адамының алдым-бердім тіркейтін дәптерін жайып тастап:

- Бір-бірлеріңе ырзасыңдар ма? - деген сұрауына:

- Ырзамыз! - деп, күйеу жып ете түсті.

- Жоқ, ырзалығым жоқ. Осы пәленің қайдан жабысқанын білмеймін. Ажыратыңыз, ықтиярыма жіберіңіз! - деді Қатша.

- Басында мұнымен неге қаштыңыз?

- Қашқан кісім бұл емес еді. Осының маған қайдан бай болып қалғанына өзім де түсінбеймін дедім ғой. Әйтеуір, менен бір оқыстық болды, жолдас!

- Енді қайда бармақсың?

- Тіпті, үйіме қайтем. Байы құрысын. Тимей-ақ тұра тұрайын, - деген қорытындыға келіп тұрмын, ағатай.

ЗАГС бастығы кітабын жаба салды. Ұрған итке ұсап сүйретіліп Әбдірақым кеңседен шықты. Сырттан бақылап жатқан Бабас, Қатышты қолына алды.

Бостандық!

Қыздан айырылған Әбдірақым, пәлен малымды қалыңға алған деп, Бабастың үстінен аудандық милицияға арыз кіргізді. Милиция Бабасты жауапқа алды. Бабас:

- Бұларды танымаймын. Мал алғаным жоқ. Қарындасым мен жоқта қашып кетіпті,- деді.

Өзі кепілге босанады. Қатышты алып Бабас Шымкент қайтады.

Әрі қатын жоқ, әрі ақша жоқ; ығындалып-шығындалып Әбдірақым қалады. Милициядан маңдайы тасқа тиеді. Бабастың ыстық-суығы басылмаған жаңа қайын атасы Ересілді кеп табады:

- Сенен жәрдем болмаса, дәрмен кетеді, - дейді.

Қапалардың (Әбдірақым руы) тайлы-тұяғын ертіп Ересіл сәудагер Бабасты табады:

- Бабас, сенің бұл не қылғаның? Сауда сақал сипағанша емес пе? Қыздың басын шаққан пұлыңды алсаң нең бар?

- Е, онда нем бар? Өкпем де жоқ, кінәм да жоқ.

- Ендеше, мына 300 сомын ал. Айтысқан ат үшін мына астындағы қарала айғыр сенікі.

Мейлі бопты...

Сауда бітті. 300 сом мен қарала айғыр Бабасқа өтті. Милициядағы арызды аяқсыз қалдыруға екі жағы да баталасты. Әбдірақым қайтадан қыз қойнында. Пұлы берілген!

Қыз ертеңіне Әбдірақыммен кетті.

Бостандық!

Міні, қуыршақ! Міне, ойын!

Бізде әлі мұндай қуыршақтар бар. Әйелді әлі қуыршаққа айналдырып жүрген ескі әдеттің құлы қулар, атқамінерлер бар. Біз бұл қуыршақты, бүгінгі күн сықылды, жер жүзі еңбекші әйелдерінің азаттыққа қажырмен, қайратпен шығатын күні әдейі көрсетіп отырмыз. Әйелді қуыршақ етуші қулар құрысын!

Ілияс Жансүгіров

author

Ілияс Жансүгіров

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...