Ерекше қазақы әңгімелерімен елге танылып, Қазнетте ең көп оқылатын қаламгер Ұларбек Нұрғалымұлының &...
Біржан Ахмер. Измир жырлары
Кейде ойлайсың
мұның бәрі не үшін деп,
бұлт қарайды бұйығып көк ішінде..
ыстық мұң бар көзінде әр адамның,
өкініш бар біреудің жеңісінде.
елең етер ештеңе таппағанда,
енгендей бір боласың жат ғаламға.
барлығы да басқаша болар ма еді,
жүректерін адамдар сақтағанда…
жүрек – үнсіз,
жан – мұңлық,
дене – тірі,
көлеңкелер сызығы.. көретіні.
теңіз менің сырымды сөзсіз ұғып,
маңдайымнан жел келіп өбетіні,
тылсым сынды..
әрбір сәт – тағдыр демек,
сөзін айтты тамшымен жаңбыр бөлек.
жаңбырдан соң.. көкірек жұпарлана,
тас ғұмырды қақ жарып жан гүлдемек.
ішке бүккен шаттығын, өкінішін,
пендеміз ғой, ұшырған көбі құсын.
мөлдірлігін теңіздің сүйемін мен,
мөлдірлігін көздердің көру үшін.
***
адасқым келеді осы қалада,
адасу –
жол табу жаңадан.
өлеңнің жұпарын шашып ауаға,
көшеде..
асықты
сан адам.
өздері сезінбей, өздері білмей,
өлең боп аңқыды,
қаламда.
бүр жарған сұп-сұлу көздері гүлдей,
көркемдік сыйлаған
ғаламға.
адасқым келеді осы көшеде,
шаһардың шақырып
жаһұты.
кім білер, теңіздің жасы нешеде,
қаншада
бір мұңның
уақыты?..
болмасын, қалқам-ау, күш-ағын ғайып,
адасқым келеді,
тап бүгін.
алдыңнан шықпайды құшағын жайып,
адаспай табылған шаттығың.
үміттен жаралған гүл ерін өбіп,
ішімде беймәлім
сыр қалды.
толқыған теңіздің жүрегін көріп,
кеудемді ұстадым,
тұр ма әлгі?..
***
гректің амфитеатрында,
сөздер билеген,
сөздер – адамдар..
скрипканың сызылған үніндей,
сезімі қалқып барады.
сағыныш мәңгі қалады,
тастардың
бетінде..
мен мұны көргенмін,
бұрында.
немесе,
келмеген шағымда өмірге.
уақыт – сарқып ішілген патшаның тәтті уы,
кермек дәмінен,
көркем қиялды жаратып алады
санамыз.
біз қайда қаламыз?..
дәуірлік сезімді көтеру – азап тым,
сөйлесем, бу болдым,
көкке ұшқан құстардың қанаты секілді.
бәрінен жерінді,
бәрінен жеңілді,
мендік сыр
айтылмай, кеудемді ұрғылап..
үн
бірақ,
өзгеше сұп-сұлу көрінер..
көлдерге шомылған арудың жүзіндей,
қолындай нәп-нәзік.
сыңғыры екінші әлемнен естілген.
кеш білген,
мен ғана емеспін әлемді.
естіген,
таныған..
мен ғана емеспін,
мыңдаған жылдан соң оралған.
***
айнаға қарайсың.. үнсіз тағы да,
сұлулық осынау кім үшін?
енесің көңілдің гүлсіз бағына,
сұп-суық
күз лебі -
тынысың.
ойландың оңаша.. шашыңды тарап,
сүйсініп,
жауығып сезімге.
бір сәтке сыятын ғасырды санап,
бір ғұмыр сырғиды көзіңде.
жанарың мөп-мөлдір, жамалың керім,
ұйқысыз жетесің таңдарға..
махаббат дертіне амалың жоғын,
мұң шағып айтатын жан бар ма?
тілдесер адам көп өмірде мынау,
сырласар бірақта жоқ ешкім.
күз келіп салады көңілге қырау,
жалғыздық -
өзі ме
елестің?..
көкірек күрсінсе, тән түршігерін,
білсең де, сыр бермей ғаламға,
“есікті ашық қып қалдыршы” дедің,
естімей, асыққан самалға.
О, сезім құстары!.. алып ұш биік,
адамдар
ұшады
қанатсыз.
Жүрегі барларға сағыныш – күйік,
жүрегі жоқтарға - азапсыз..
***
көзіңе көздерім байлана,
қарадым..
“ғашықсың” деді үміт.
жаныңа үңілдім
жай ғана,
қолыңнан ұстауым -
өтірік.
білесің,
бәрінен безінгем,
жүрекке ып-ыстық тамғанда ой.
шұғыла өріппін сезімнен,
шашыңды тарауым -
жалған ғой.
бұйрала толқиды бұрымың,
менікі -
сезімнен мәнді іздеу.
ерніңнің бағамын қылығын,
құбыла сөйлеуім -
мәнсіздеу.
екеуміз,
теңіздің үніндей,
елеңдеп тұрамыз тілдессек.
бақытты сәттер жоқ бүгіндей,
бүгіндей аяулы бір кеш жоқ..
бұлақсың, қапырық шөлдегі,
жаныма берсеңші бір тыным.
себепсіз күлгенім –
сендегі
іштегі жасыңды сүртуім.
бұлдырап тұрса да мына бақ,
жүректің көктемі -
әлі алда.
айдындай бір сәтке тына қап,
ұзақтау қарашы жанарға.
мен де ұзақ қараймын көзіңе..
***
мына бақша көркем десем, сенер ме?
мына уақыт өткем десем, өкпелер..
өлең маған, мен айналдым өлеңге,
мәңгі үмітім алдамшыға кектенер.
кептер ұшқан кеңістікте ой қалқып,
беймезгілде қанат біткен көңілге.
құстар бізге, біз құстарға айналдық,
пәк сәбидей жаңа келген өмірге.
сана қашан жүрек тілін түсінген?
сарсаң күннің сезе алмадым бірін де.
кінәсізбін, адам болған үшін мен,
құлақ тосқан жанымдағы күбірге.
күбір бірақ, таусылмашы, тоқтама,
күдеріңнен тағдыр тоқып аламын.
тағдыр дерсің, тылсым дерсің.. жоқ дауа,
мен жаралдым сөздерінен ауаның.
***
сені ойламай мүмкін емес күн кешу,
жауыр қылды жалғыздықпен тілдесу.
бұл махаббат - қара жерден алшақтап,
құстар ұшқан кеңістікте үйлесу.
сені ойламай қонбас білем маған бақ,
сірә, сенсіз мекенімді табам ба ақ?
жапырақ та үзілуге ұялар,
сенің нәзік жүрегіңді алаңдап.
сені ойламай жалған шығар күлгенім,
мәңгілікке ұзарғандай түндерім.
еркеледің, еліктірдің, бұрымға,
тағып алып қырдың әсем гүлдерін.
сені ойламай қалам алу - жанға обал,
аңғал жүрек әр нәрсеге алданар.
өмір құны - сағыныш қой, ақшамда,
көңіл нұры көкжиекке жалғанар.
..сені ойламай мүмкін емес күн кешу,
жауыр қылды жалғыздықпен тілдесу.
бұл махаббат - қара жерден алшақтап,
құстар ұшқан кеңістікте үйлесу.
***
сен сұлу екеніңді өзің білесің,
сонымен алдайсың,
сонымен баурайсың,
өмір секілді.
өмір секілді.. үміті жылт еткен,
сарыла күткен,
сағына іздеген,
әйтеуір келеді деп бір көктем.
бұл неткен,
сезім деп ойлады барлығы,
жүрегін өзінің кеудесіне жасырып,
күткізетін күн санап,
кім бұйырған деп мұнша бақ?..
сен бәрін де көндіріп қойғансың,
өтірігі бар шыныққа,
шындығы бар өтірікке,
немесе
екеуі араласқан бояуға.
аяуға,
тұрарлық сені көрген көздерді,
өйткені олар,
содан соң,
ештеңе көрген жоқ,
көргісі келсе де..
***
Сен неткен сұлусың, теңіз..
толқының,
әр күнің.
ғашықтай сүйгенің жағаны.
жамалы,
жүректің көзіндей жансыншы,
қауырсын сезімдер жүзіңде қалсыншы,
мәңгілік..
жаңғырып,
жырлайды көңілдің жартасы.
ашылып кеудемнің сағыныш арнасы,
тасыған..
басынан,
бастайық өмірді, дедің де,
үміт боп тіл қаттың ғашық боп өмірге,
ес қалмай.
кеш қандай!..
түн қандай әдемі,
қызарған.
көлеңке - уақыттың сөзі боп ұзарған,
сызығы.
Қыз үні,
шығады мөп-мөлдір қылықтан..
мен емес, әлем ғой,
ғалам ғой
ұмытқан,
теңізді..
ең ізгі,
мен үшін осынау түн – керім,
көрсең ғой, жердегі жұлдыздың күлгенін,
қарғам-ай..
Сен неткен сұлусың, теңіз..
***
ақшамда..
алқызыл сәуленің сынығы,
шашылған теңізге.
отырсың..
ештеңе ойламай,
ештеңе деместен.
елестен,
құтылғың келеді бұрынғы,
өткеннің ізінде бәрі бар,
бар сенің күлгенің,
күйгенің,
жалыннан қарайған мәтінің.
ақырын,
жүресің ойлана.
шағала теңізден биіктеу ұшқанда,
ұйыған көңілің -
сәбидей..
тап-таза.
Хақ назар,
салады ішіңнен,
ескі бір парақтар көңілден кетпесе,
қиялың бұлттарға жетпесе,
не етесің?..
не етесің,
жаным-ау,
сызық қой – бір үміт,
өмір деп аталған беймәлім
шимайда.
осы бір ақиқат жаныңды қинай ма?
ақшамда..
алқызыл сәуленің сынығы,
шашылған теңізге.
отырсың..
ештеңе ойламай,
ештеңе деместен.
(Түркия, Измир қаласы)
adebiportal.kz