Ақ тұлпар маған былай деп аян берді... Егер сіз өле қалсаңыз... яғни, алда-жалда, өлуге шешім жасай...
Оңайгүл Тұржан. Мифтің түбі – ақиқат
Кейіпкерлер:
1. Серікбол – ғалым.
2. Уақыт
3. Тергеуші – милиционер
4. Бір топ студент
5. Серікболдың анасы
6. Айсұлу – Серікболдың апасы
7. Арғықазақ
8. Ұмай-Ана – мифтік кейіпкердер
9. Жылан-Ана – мифтік кейіпкерлер
10. Аққу-Ана – мифтік кейіпкерлер
Сахна алакөлеңке. Жаяу Серікбол қараңдап кетіп бара жатыр. Аяқ басқан дауысы түнді жаңғырықтырады. Адам аяғының дауысын алыстан талып естілген поездың дауысы басып бара жатыр. Кенет ана адамның жанұшырған дауысы естілді де, қара көлеңкеде құлап бара жатқан сұлбасы көрінді, дауыс алыстай бастайды. Мұңды музыка үні.
Қараңдаған Ажалдың сұлбасы ес-түссіз жатқан Серікболды шыр айналып жүр, оның ызғарлы демі тұр. Тоқтай қалып Серікболға үңілді. Серікболдың үрейлі ішкі дауысы:
— Ажал! Менің қасымда мынау неғып тұр? (Адам мен Ажал көз арбасып біраз тұрды).
Серікбол:
— Жоғал!
Ажал:
— Мен қайбір ерікті дейсің. Сені алуым керек. бітті. Бізде көп сөз болмайды.
Серікбол (жарасы жанына батып, әрең сөйлеп, әрі үрейлене):
— Онда мені тыңда. Мен сенен қорқып тұрғаным жоқ. Бірақ менің мойнымда парызым, міндетім бар. Жаратушы Иеміз мені жарық дүниеге сол үшін жіберген. Мен әлі оны орындағаным жоқ. Ол парызымның салмағы ауыр, ол салмақты сен де көтеріп кете алмассың. Сондықтан...әзірге...бара тұр.
Ажал:
— Жо-о-оқ!
Серікбол (айқай сала):
— Бар! Жоғал! (жаңғырық)
Алай-түлей дауылдың үні. Музыка. Сахна қараңғыланады. Жарық түсіріледі. Балбал тастардың арасынан арбада отырған Серікбол көрінеді. Ол балбал тастарды аралай жүріп:
— Балбал тастар, кәрісің бе, жассың ба? Жаңалыққа доссың ба, әлде қассың ба? Тасқа айналған адамсың ба, сен, әлде, Адам болып келе жатқан тассың ба? А-а? Мені құштар еткен жұмбақ сен едің, Жұмбағыңды шешсем деумен келемін.
Сағат үні күллі әлемді жаңғырықтыра естіліп, сахна төрінен Уақыт көрінеді (биіктеу жерде):
— Рас, өрсің! Келесің құламастан, Сенен тіпті Ажал да тұра қашқан.
Серікбол (оған таңдана қарап):
— Сен кімсің?
Уақыт:
— Мен – Уақытпын!
Серікбол:
— Уақыт?!
Қалай ғана шыға келдің төрімнен.
Бос жүріспен Уақытымды
Көп жоғалтқан едім мен.
Уақыт:
— Білем, білем, жел соңында жүгірдің, Содан, ұлым, талай жерде сүріндің.
Серікбол:
Рас, Рас! Уақыт:
-Біреулерге бас қайғы.
Ал біреулер қиындыққа қарсы жүріп қасқайды.
Дегенменен небір ұлы істерін,
Бұл адамзат сүрінуден бастайды.
Серікбол:
Қателіктер қас-қағым,
Рас, мен де ұлы өмірді сүрінуден бастадым,
Содан болар бар өмірім айырылды көріктен.
27 жаста едім мен, берік те ем,
Қол арбаға таңылған соң – айырмам не өліктен.
Уақыт:
Серікболым, жап-жас жаның жаралы-ау,
Дегенмен де сенің сүрінгеніңнің,
Алғашқысы бұл емес қой, балам-ау.
Серікбол:
Иә, талай сүріндім,
бірақ қайта тұра салып армандарға жүгірдім.
Маған, әттең, тек соңғысы батып тұр,
Темір жолдың көпірінен құладым,
Құлаған соң мертікті ғой ұлы әнім.
Уақыт:
Айтып тұр ғой түр-өңің.
Сен ерекше жаратылған ұл едің.
Бірақ шерге толып сендік ой-кеуде,
Азап жайлы көп айттың,
Қазақ жайлы тиіс едің сөйлеуге.
Серікбол:
Қазақ жайлы сөйлегенбіз,
болған ондай ұлық күн,
Уақыт болсаң сен ол күнді қалайша тез ұмыттың?
Уақыт:
Мен – Уақытпын!
Сан миллиард жыл төсінде,
Өткен сәттің әр секунды есімде.
Ұмытшақтық маған емес, адамға тән, шырағым.
Мен тек сенен қай оқиға жайлы екенін сұрадым.
Серікбол:
Сексен алты.
Желтоқсанның сүргіні,
Көңілімнен кеткен емес ол күндердің мұңлы үні.
Сахнада желтоқсан көріністері. Алакөлеңке, опыр-топыр, «Менің Қазақстанымды» бұрынғы сөзімен айтып тұрған жастар, кейбіреуі жаралы. Ортасында – Серікбол. Милиционер Серікболды сүйрелеп алып кетеді. Сахна қараңғыланады. Тергеушінің бөлмесі. Тергеуші және қолы таңулы Серікбол.
Тергеуші:
— Алаңға шығуға ешкім де үгіттеген жоқ дейсің, ә? Өтірікті соқпа.
Серікбол:
— Ағай, шын айтам, бізді ешкім де үгіттеген жоқ, біз, студенттер, өзіміз шықтық.
Тергеуші (ақырып):
- Не үшін?
Серікбол (ойланып):
— Ол ұз-а-ақ әңгіме.
Тергеуші:
— Ұзақ әңгіме емес, тергеушіге жауап қысқа қайтарылуы керек.
Серікбол (ызалана):
— Қазақтың ұлы халық екендігінің тарихы тергеушіге беретін қысқа жауаптың ішіне сыймайды.
Тергеуші мазасызданып Серікболдың қасына келіп, сыбырлай сөйлеп:
— Інім, айналайын, кешірім сұрай сал. Қазір босанып шығасың.
Серікбол:
— Не үшін кешірім сұрайын, біз қазақ ұлтының, тілінің, ділінің, дінінің келешегіне алаң екендігімізді айтуға жиналдық.
Тергеуші (ызалана, бір жағынан, шынымен жаны ашып):
— Ақымақ болма, кешірім сұра, әйтпесе, құрисың, әкем қайтыс болған деп, жасы келген шешем бар деп өзің айтып тұрсың, сен түрмеге кетсең, шешеңнің жағдайы не болады, ең болмаса соны ойласаңшы. (Серікбол үнсіз.)
Тергеуші (ақырып):
— Әй,сен мына түріңмен түрмеде жатып не бітірем деп отырсың, а? Одан да оқуыңды бітір, ғұмырыңды түрмеде өткізбе, талай қазақ түрмеде қалған, содан не ұттық, не ұттық? (дауысын бәсеңдетіп, жалынғандай үнмен.) Айналайын, шешеңді ойла, (жаңғырық) ойла, ойла...
Сахнада Уақыт және арбада отырған Серікбол.
Уақыт:
— Иә, сол жанашыр жігіт саған кездеспесе сен түрмеге кететін ең шынында, Ал бірақ сен ол кезде, Бет бұрған да жоқ едің ғой ғылымға.
Серікбол:
- Бірақ сол сәт – батыл басқан аяқты,
ішімде бір жанартауды оятты.
Біз кімбіз деп жан-жағыма қарадым.
Қараңғылық ішінен, өзімді өзім және ұлы тарихты,
оятпаққа айқай сала жүгірдім,
Бірақ маған естілмеді дүбірлі үн,
сонда өзімнен түңілдім,
сонда ғана сол қоғамның түрмесінде
жүргенімді алғаш рет ұғындым.
Уақыт:
- Ұғынғандар көп қой, бірақ, іс керек,
Ондай істі атқаруға шексіз шыдам,
Және ұлы күш керек.
Серікбол:
- Ондай күшті қайдан табам, жылаулы ой,
Омыртқамды сындырып, қол арбада отырысым мынау ғой.
(Атып тұрмақшы болып ұмтыла бере, арбасынан құлай жаздап, тура алмай қайта отырады.)
Уақыт (ызғарлы, әмірлі дауыспен):
— Қателестің!
Дәл сенде сол ұлы күш!
Серікбол (ызалана айқай салып):
- Күш жоқ менде, жұрдаймын дос-серіктен,
қандай менің айырмам бар өліктен.
Ол аз десең, Айтшы, Уақыт, мына менің еншімде,
Сен тым азсың неліктен?
Уақыт:
- Ең Ұлы істер қысқа уақытта бітеді,
Елің сенен енді соны күтеді.
Тек алты жыл уақыт берем –
Ең ақырғы сөзім бұл,
Ендігісін өзің біл.
(Уақыт көрінбей кетеді).
Серікбол шошына өзіне-өзі.
— Алты-ақ жыл ма? Менің алты-ақ жыл өмірім қалды ма?
(мұңды музыка)
Өмірімнің қысқа екенін айтпаса да сезіп ем.
Көрген де едім көңілімнің көзімен.
Бірақ мына көкіректе жүргенде от,
Осыншама аз екенін білгем жоқ.
(Пауза. Ойлы, мұңлы):
Секілдімін жетім қалған жеке тау, Енді қайттым, Бекет-ау?
Анасы кіреді:
— Ақ Серік-ау, Айсұлу апаң телефон шалды. Сені Мәскеуге апарып үлкен бір доғдырға көрсететін болыпты. (Серікбол қобалжыған түрімен анасына қарайды. Анасы Серікболдың жанына келіп):
— Иә. жарығым, өз аяғыңмен жүріп кететін күнге де жетерміз. Үйленерсің...
Серікбол (ызалы қатқыл дауыспен):
— Жоқ! Онсыз да үш жыл уақытымды емделем деп жоғалттым, аяғымнан тұратын болсам, содан бері тұрмас па едім. Емделетіндер де, дертінен жазылатындар да – басқалар. Бұлар маған бұйырмаған. (Тізіліп тұрған сансыз кітаптарды көрсетіп);
— Міне, менің дертіме дауа болар әлем. Мен сол әлемге кетемін.
Анасы:
— Астапыралла! Не деп отырсың, жарығым-ау? Онсыз да кітаптан бас алмайсың. Пенде емеспісің, шырағым-ау, емделмеймін дегені несі?
Серікбол:
— Пенде болатындар – бақыттылар. Бұл да маған бұйырмаған. Айсұлу апама айт, әуре болмасын. Әне, телефон шырылдап жатыр. (Анасы телефонға жүгіріп кетеді).
Музыка алай-дүлей әуенге ұласады, жарық, жанып-сөніп Серікболдың аласұрған көңілін жеткізеді. Музыка баяулайды, Серікбол қалғып кетеді. Серікболдың түсі: Сахнадағы балбал тастардың ортасынан кәрі Арғықазақ көрінеді.
Серікболдың дауысы:
— Сен кімсің?
Арғықазақ (ауыр күрсініп):
-Тани алмай дәл қасымнан өтіп кетті талайлар,
Уақыт болса ақ таңдарын сынайды әр.
Үмітті едім азамат деп жаны бай,
Қайтейін енді, сен де тұрсың танымай.
Серікбол:
-Танымадым, атамбысың-кең мүсін,
әлде менің жастай қайтыс болған әкем сенбісің?
Арғықазақ.
— Әкеден де, атадан да әрімін,
8 мың жыл бойы сені іздеп жүрген кәрімін.
Серікбол:
— 8 мың жыл?
Арғықазақ:
Көкірегіңде сөйлеп жатқан ер бабаң,
Бастау алып жататұғын кең ғалам,
Тарихтағы сенің ұлы орныңды,
Саған айтып беруге,
Келіп тұрған Арғықазақ – мен болам!
Қатты музыка. Арғықазақ көрінбей кетеді. Серікбол ұшысынан шошып оянады:
— Арғықазақ! Арғықазақ! Қайда, қайда кетіп қалдың? Арғықазақ – ұлы баба (жаңғырық):
— Ұлы баба! Арғықаз-а-ақ! Арғықаз-а-ақ!
Сахна төрінен Айсұлу мен анасы көрінеді. Олар Серікболға таңдана қарап:
— Таң атпай не деп айқайлап отырсың?
Серікбол (қуана):
— Айсұлу апа, маған тағы кітап әкелдің бе?
Айсұлу (қуана күлімсіреп):
— Кітап әкелмесем, сен менімен сөйлеспей қоярсың.
Міне!
Бір құшақ кітапты төгіп тастайды.
Серікбол (қуанып, кітаптарды қарай бастайды):
— О-о-о! Тамаша! А-а-а, «Мифологияның» екінші томын алып қойдым деген едің ғой?
Айсұлу:
— Ойбо-о-ой, қалып қойыпты! Саспа, ертең екі ортаға жүретін автобустан беріп жіберемін. (анасына қарап) Апам автостанцияға шауып барып, әкеліп береді.
Анасы:
— Иә, жарығым, әкелем ғой.
Серікбол (күрсініп):
— Рақмет, екеуің менің екі аяғым болдыңдар ғой. Амал жоқ, үшеуімізге бұйырған тағдыр — осы. Енді мына жазып біткен қолжазбаларымды қалай жарыққа шығарамыз деп уайымдап отырмын. Кім қол ұшын береді оған, білмеймін?
Айсұлу:
— Ал мен оны тауып келдім. Өзің айтатындай-түркінің мәрт мінезі біздің бүгінгі азаматтардың бойында сақталған ғой. Қайың Озарбеков ағай «Маңғыстау географиясы» деген кітабыңды шығартып беріп еді ғой, енді сенің кітаптарыңды шығарып беруге облыс басшысының өзі уәде берді. Ал Ерліхан Данағұлов деген бизнесмен саған ай сайын айлық беріп тұратын болыпты.
Серікбол:
— Мәссаға-а-ан? Рас па? Сонда...Сонда олардың бұл жақсылықтарын мен немен қайтарамын? Ұят болды ғой.
Айсұлу:
— Олардың сұрайтыны – сенің осы зерттеу жұмысыңды жалғастыра бергенің. Біздің арғы түбімізді қазып жатқан азаматқа жасаған көмегіміз дейді. Біз апам екеуміз де сенің керегіңе жарап жүрсек, одан басқа не керек бізге.
Серікбол (ойланып, алысқа көз салып отырып):
— Солай ма? Бірақ енді сендердің де жүктерің ауырлай түсетін шығар. Мен бір үлкен жолдың алдында тұрмын.
Айсұлу:
— Қандай жол? Мәскеуге емделуге барасың ба?
Серікбол:
— Жо-о-оқ! Маған енді емделу жайлы айтпаңдаршы. Мен Арғықазақты іздеймін.
Айсұлу:
— Кімді?
Серікбол:
— Арғықазақты. Мына кітаптардың барлығын күндіз-түні шұқынып неге оқып жүр дейсің. Түс көрген заман шежіресін ақтарсам деймін. Менің әлі бүкіл әлемнің мифологиясын ақтарып шығуым керек. Біздің Арғықазақ солардың ішіне араласып кеткен. Содан құм ішінен алтын шайқағандай шайқап, екшеп алуым керек.
Анасы:
— Е-е, балам-ай. есіңде ме, мына кітаптарға қарап тұрып бір күні: шіркін-ай, осы кітаптарды асықпа-а-ай отырып бір оқитын уақыт болар ма екен деп едің ғой?
Серікбол (жымиып):
— Е, есімде ғой, апа. Екі аяқпен жүгіріп жүргенде маған уақыт жоқ сияқты еді, енді менде уақыттан көп нәрсе жоқ. Ешқайда бара алмаймын, ешқайда шыға алмаймын. Шамасы, Алла тағала маған Арғықазақты іздеу міндетін жүктеген болар, ол міндетті орындауға қолым тимей жүргенін көріп, мені әдейі орнымнан тұрмастай етіп осылай отырғызып қойған шығар. Біз – Алланың құлы, көнеміз де. Алла жүктеген міндетті орындаймыз да.
Апасы мен анасы шығып кетеді. Серікбол жалғыз. Қолында кітап (күбірлеп):
— Үнділердің мифологиясында Ума деп аталатын мифтік бейне бар. Олар оны біздің жыл санауымызға дейінгі 3-ші мыңжылдықтардағы Құдай-ана категориясына жатқызады. Бұл кезде ғой арийлер әлі Үндістанға келмеген. Демек, оның үндіеуропалық тектілігі өтірік. Ол көне түркінің Ұмай-Ана есімімен тамырласып жатқандығына күмән жоқ. Демек Ұмай-Ананың біздің ұғымымызға енген уақыты да шамамен біздің жыл санауымызға дейінгі 4-3-ші мыңжылдықтар болып шығады. Ал зерттеуші Гуев ортағасырлық түркі ономастикасындағы «иам» негізді ұғымдарды үнді мифімен байланыстыра түсіндірген. Бұл дұрыс. Бірақ ол үнді-арийлік түсініктердің бастауында дей-түркілік қайнар жатқанын неге айтпаған? Тек Гуевте емес, еуроңентристік баска ғалымдарда да дей-түркілік негіз туралы мүлдем ой жоқ. Олар бір ғана ұғымды ұстанып алған, яғни, күллі ұлы ойлардың отаны үнді-еуропалықтар дейді. Олар қатты қателеседі. Мен олардың ұлы қателіктерін таптым. (айқайлап жібереді): Таптым! (жаңғырып) Тапт-ы-ым!
Биіктен Ұмай-Ана көрінеді («Арғықазақтың» 3-ші томының 16- шы бетіндегідей үш шошақты бөрік кию керек):
— Дұрыс айттың, балам.
Мен сенің дей-түркілік Ұлы анаң!
Музыка. Серікбол оған аң-таң болып қарап қалады:
— Ұмай-Ана!
Сахнаның екінші жағынан Жылан-Ана көрінеді (3-ші томның 37-ші бетіндегі суретке ұқсас алтын түстес киіммен шығады, би ырғағымен, көне музыка әуенімен әсем қимылды би орындалады, жылан қозғалысын көрсететін қимылдар болуы қажет, музыка баяулап, Жылан-Ана Серікболдың дәл алдына келіп малдас құрып отыра кетеді де сөз бастайды, қимылын тоқтатпайды):
— «Нағашы» деген сөздің астарында,
Жасырынып жаттым мен басқа құмда.
Арий емес тайпаға жеке кетіп,
Үндінің ертегісін мекен етіп,
Қартайса да жүректе гүлді көңіл,
«Нага» деген ұғыммен сүрдім өмір,
Жылан-Ана кейпінде сыры – ғалам,
Мен де бір Арғы Анаңмын, ұлы балам.
Серікбол оларға аң-таң болып қарай береді.
Аққу-Ана бейнесі (кең, екі жеңі мол ақ көйлекті, қанатын сермегендей қимылдар жасап, аққудай таранып, билей басып жүреді, қобыздың үнімен «Аққу» күйі естіліп тұрады. Ашудың сұңқылдаған үні де алыстан талып естіледі):
Аққу құспын – түп-анаңмын мен-дағы,
Дей-түркілік мендік ұғым кең-дағы.
Су тектімін, қос қанатым – желегім,
Арғықазақ дәуірінен келемін.
Гректердің аңызында айтылған,
Аполлонның арғы тегі – мен едім.
Ұмай-Ана:
- Дауыс жетер жерде емеспіз біз бірақ,
Жолыңда бар құзар шың мен мұз-бұлақ
Аққу-Ана:
-Телеқұс бар, алтын қанат - жейдем бар,
Күлтегіннің бас киімінде бейнем бар,
Жылан-Ана:
Тарихыңды қиыр-шиыр бастады із,
Ұлы әулиең – Баба түкті Шашты әзіз.
Сегіз мың жыл дәуірінің жастысы ол,
Дей-түркілік Тәңірлердің басшысы ол.
(Музыка. Сахна қараңғыланып Уақыт көрінеді).
Герман тәңірлері (герман тәңірлерінің киімдері көне дәуірлік сипатта болуы тиіс):
Ұлы герман тәңірлері – асстармыз,
Тегімізді Азиядан бастармыз.
Жарты әлемді аралап,
Еуропа даласына асқанбыз.
Уақыт:
- Естідің ғой. Сенің бабаң дауыс жетер жерде жоқ,
Тауда да жоқ, көрде жоқ.
Серікбол:
Рас, рас, мен де соны іздеп жүр ем,
«ішкі Елім» бар менің,
Сол Еліммен жалғанады әр демім.
Ішкі Елім – әр қазақтың көңілінде, ішінде,
Әр қазақтың тілінде, түр-түсінде.
Уақыт:
Әрі сенің ғажап ұшқыр ойында,
Және менің мына тұла бойымда.
Өйткені, мен уақытпын,
Ештеңені ұмыттырмас жақұтпын.
Серікбол:
Шатасудың шаң-тозаңы басып қап,
Қырғындардан кейде көңіл жасып қап,
Көріне алмай келген, ой-хо-о-ой, аңыздар,
Ұлы мифтер, оларда зор маңыз бар.
Уақыт:
Ұлы мифтер – ата-баба сарқыты,
Сол сарқытта дей-түркінің бар құты.
Серікбол:
Мәңгі елім, енді таптым мен сені,
Енді ғана көтердім-ау еңсені.
Осы арбамен жылжыр едім тек алға,
Қысқа қылмай, өмір берші тек, Алла!
Уақыт:
Бар мәселе осында,
Ұлы балам, тек сен одан шошынба.
Есіңде ме, алты жылың бар деп ем,
Сол уақытқа бар күшіңді сал деп ем.
Серікбол (ызалана қарап):
Салдым ғой мен бар күшімді,
Көне дәуірді жылжытсам деп бір адым,
Тағдыр салған дертке де мен шыдадым.
Сан мың дерек шықты алдымнан бір-біріне дес бермей,
Сараптадым мен оларды ұлы жұмбақ шешкендей,
Күллі әлемдік шежіреден үміт желі енді ғана ескендей,
Дей-түркінің деректерін әлі талай табар деп,
Көріп тұрсыз,
Ұлы аналар жолығып жүр маған кеп.
Уақыт:
Ол рас қой, жан мен тәннің ұлы азабын елемей,
Бір қанаты сынған алып кемедей,
Тарих деген шексіз мұхит төсінде,
Қас батырдай еңбек еттің телегей.
Серікбол (жанұшыра Уақытқа жалбарына):
Бұлдап тұрғам жоқ оны,
Сенің берген алты жылың алты күндей болмады,
Таудан ауыр әлі менің маңдайдағы борышымның салмағы.
Бітпеген іс қаншама, бастағаным одан көп,
Сол арманның бәрі енді ұшады ма тозаң боп?
Уақыт:
Батырлардан жерін жаудан тазартқан,
Құтыла алмай қойсаң да дерт-азаптан,
Із кесумен тарих деген кәріден,
Дәл осыдан сегіз мың жыл кәріден,
Дәл осыдан сегіз мың жыл әріден,
Дей-түркінің шын тарихын ашып ап,
Болашаққа жағып бердің шам-шырақ.
Серікбол (жалбарына, айқай сала, мұңды музыка оның даусын әрең естіртеді):
— Ұлы Уақыт, Еһ-еь-еһ-й, Уақыт! Естимісің...
Шыдадың ғой алты жыл,
Менен кетпей тұра тұршы тағы да бір алты жыл.
Уақыт (ол да айқай сала):
Риза саған Арғы, Бергі қазақ та,
Лайық болдың Дей-түркілік әз-атқа.
Жан шыдамас, сен шыдаған азапқа.
Бірақ, балам, алты жылың бітті енді,
Не істей алам, мен де соған налыдым,
Сенің үшін таусылды дәм, жарығым.
Музыка. Ұмай ана, Аққу-ана, Жылан-ана, Арғықазақ, қалықтап ұшып келе жатқандай жай қимылмен (замедление) Серікболды жан-жағынан қаумалай бастайды, Серікбол да дәл сондай жай қимылмен (замедление) орнынан тұрып, оларға ілеседі, артына қайта-қайта қарайды.
Уақыт:
Жастық оты өшпей жатып көзінде,
Мифке айналды енді оның өзі де.
Бірақ өлмес жазып кетті ол бақи-хат –
Мифтің түбі - ақиқат.
Соңы.