Кәкен Қамзин. Сәні ерек, салты бөлек Сәкен ақын

ӘДЕБИЕТ
2582

- Ассалаумағалүйкүм, хал-жағдайыңыз қалай, Сәкен аға?

- Уағалайкүм уассалам! Әйбат, бауырым! Қазақтың кемел шайыры, сөз тізгінін ұстар жоқшысы Сәкен Иманасов ағаммен анда-сандағы диалогымыз осындай қарапайым, әдети аман-саулықтан өрбитін. Ол кісінің «әйбат» деген лебізі көпке ортақ рай болғанымен, маған тап сол кісінің төл туындысы сықылды көрінетін. Құлағыма майдай жағатын. Одан шырайлы, бұдан нәрлі қандай эпитет керек? Өмір бойы сол мақамынан ағамыз жаңылмайтындай көретінмін. Сол бабынан айнымай бұл күндері 75-тің өріне де шығар ма еді. Қайтейік! Амал нешік? Дегенмен бәрін басынан бастайын. Құдайшылығымды айтайын. Шыным осы. Алтыншы кластамын. Қыс ортасы. Көк кашовкамен ұшыртып келіп, өзіміздің үйдің баспалдағын қанатымен сыза тоқтай қалғанмын. Нағашымның дегбірсіздене күтіп отырғанын білемін. Екеуміз күн сайын, түстен кейін «Правда» газетінде жариялантатын қос Михаилдің – Ботвинник пен Тальдің әлем чемпиондығында ойналып жатқан партияларын талдаймыз. Халықаралық гроссмейстер Давид Бронштейннің жан-жақты анализі далада қалады, өз бетімізше кетеміз, әркімнің өз ақылы өзіне дегендей. Кейін білдім, шахмат майталманы М. Тальдің: «Шатыраш – ең алдымен өнер», - деген анықтамасы бар екен. Иә, сол айрықша өнерге өткен ғасырдың алпысыншы жылдары біздің де ден қойған жай бар еді. Төбесі жылтыраған самсаған фигураларды ақ пен қараға тігіп қойып, пошташы әкеп берген бір құшақ газет-журналды жайып тастап отырғанымда, неге екенін қайдам, көп басылымның ішінен сусып шыққан (бұрын пәлендей жабыса қалмайтын) аудандық «Жаңа өмір» газетіне көзім түсе кетті. Жазып кеп жібердім, жыпырлаған өлең жолдары, айқара бетті түгел алып жатыр. Саты-саты, Маяковский үлгісімен түзілген. Поэма – «Өмір». Авторы – Сәкен Иманасов. Аудандық газетте тұтас поэма жарияланғанын өз басым бірінші рет көруім. Ол кезде публицистика мен көркем әдебиет жанрларын жыға танымасақ та, сөз өнерінің дәмін сезінуге азды-кемді қауқарымыз бар еді. Менің шығармашылық жаратылысы дара Сәкен ағамен сырттай таныстығым осылай басталды. Кейініректе, етене араласып кеткенімде, сол дастаныңыз қайда дегенімде, ондай шығарма жазғамын жоқ деп жалтарма жауап берді. Мен үшін бұл – әлі күнге дейін шешімі табылмаған жұмбақ. Тағы да ілгері кетсем, қазақтың көрнекті қаламгері Қастек Баянбай көкеміздің айтуынша, болашаққа адырнадай аңырата жол тартқан жас жыршы Сәкен Иманасовтың үрім-бұтағы Шыбынды тауының арғы жағын, Алакөл маңын қоныс етсе, өзі сол жоталардың бергі бетінде, Талдыбұлақ елді мекенінде, яғни Қаскеңнің ауылында дүниеге келіпті. Мұны мен «ары тарт, бері тартқа» салып, өспес елдің өнбес дауын қуалау үшін емес, шындыққа, тарихқа зәредей қиянат болмасын деп айтып жатырмын, басқалай, бөгде ойым жоқ. Жал-құйрығымның қысқалығынан ба, әлде шығармашылық деген сырлы әлемге деген таза құмарлығым ба, әйтеуір, Әнуар Әлімжанов, Тоқтар Бейісқұлов, Қастек Баянбай, Сайын Мұратбеков, Мәлгаждар Әубәкіров, Сәкен Иманасов, Құттыбек Баяндин сынды қайраткер, сырбаз азаматтарға шама-шарқымша рухани іні болуға тырыстым. Олар да сыртқа тепкен жоқ. Бауырына басып, басымнан сипамаса да, жақын тартарын сезетінмін. Ана бір тоқсаныншы жылдар шығаберісінде басынан сөз асырмайтын тарпаң Сәкең қинала-қинала кішірейіп, менің бұйымтайымды арқалай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры мен проректорына кіріп шыққанын қалай ұмытайын. Өз басым жасы үлкен жұрағаттың ол қадамын бауырға жанашырлық, осыдан бірдеңе шығар деген аванс, аға үміті ретінде қабылдадым. Сәкен ағамның бес томдық таңдамалы шығармаларының бірінші кітабында маған арналған автографы бар, оның ләмі мынадай: «Дербес талант иесі, кісілік, кішілгі бірдей інім Кәкенге ағалық құрметпен. Автор, С. Иманасов (қолы). 1 желтоқсан 2007». Мен үшін мұндай ажарлы көңіл – әрине, зіл батпан салмақ, ересен мақтаныш. Бірақ маған әманда ағамыздың «Інілерге реніш сөзі» жаныма жақын сияқтанады да тұрады, сол өлеңдегі мұқым қазақ бауырларына бағышталған өкпе-назды дәп өзіме арналған өсиеттей қабыл аламын: 

Жел өтінде тұра қалған топсыңдар, 

Әлі сендер көретін де көп сын бар. 

Дара құрмет дәметердей әзірге 

Жеке шауып жау түсірген жоқсыңдар. 

Туған жердің тектісі тек сендер ме, 

Ептісі тек, беттісі тек сендер ме?

 – Ата барын, аға барын аңғармай, 

Орын тілеп тұрғандарың төрден де. 

Көзді қадап туылдырық, түңлікке, 

Көкке қарап жатып алып күндікке, 

Сендердей бір іні туар түбі деп, 

Босқа лағып, түк бітірмей жүрдік пе? 

Жоғарыда аты аталған үлкендермен, оның ішінде Сәкеңмен тонның ішкі бауындай жаһаттастым, сырлас-жақын болдым, алды-артыма қарамай еркеледім деп еш айта алмаймын. Әрқашан арақашықтықтан асып көргемін жоқ. Сұғына жүруден гөрі ұғына жүру, сондай бір ақсүйектей сызылған жұғыстықтың жөн де бір басқа. Ол да жасы үлкен замандастары Қасым Қайсенов, Сейтжан Омаров, Хамит Ерғалиев, Тоқаш Бердияров, Ғафу Қайырбеков, Әнуар Әлімжанов, Зейнолла Қабдолов, Төлеужан Ысмайылов, Мұқағали Мақатаев, Шерхан Мұртаза, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Модағалиев, Әділбек Абайділданов, Қастек Баянбай, Сейдахмет Бердіқұлов сынды ағаларына тым тете жүрсе де, өзінің Құдай берген мінез-образынан айнымайтын, «ананы алып кел, мынаған барып келге» иліге қоймайтын. Алдыңғы толқынның ықпалы мен шарапатынан гөрі өзінің туған ағасы Нүсіптің адамгершілік, зияттылық өнегесін айта беруден жалықпайтын біздерге. Атағы Алаш мәдени-шығармашылық кеңістігінде дүрілдеп тұрған Сәкен Иманасов ақын өткен күндерге көз тоқтатар «Аға» деген эссесінде: «Менен тұп-тура он жас үлкен Нүсіп ағам өлең шығаратын. Бозбала кезінде ауылдағы құрбылас қыздарының біріне өлеңмен хат жазып, онысын төрткөз дәптердің ортасынан «сыдырып» алған темірмен «түймелеп», «оқыма!» - деп маған шегелей тапсыратын да, апарып бер!» - деп жиі-жиі жұмсайтын. «Ит қорыған жерге әуес» дегендей, тыйым салынған нәрсенің бәрі жұмбақ, бәрі дәмді болып көрінетін әдеті емес пе, егер ағам: «Пәлен қызға апарып бере сал!» десе, кім біледі, «бұл не?» деп сұрамастан жалаңаяқ қалпымда желдей есіп барып жеткізіп бере ме едім. Бірақ әлгіндегі: «Оқыма!» - деп қатаң ескерткен соң құмарта қызықпай қалай тұрмақпын, оқымай, қалай шыдамақпын... Өлеңге деген құштарлығым да сол ағама шабарман болып жүрген кезден басталса керек-ті», - деп бір қайырып тастайды. Адам баласына тән осалдық, өзімшілдік, өктемдік сықылды бейдауалықтың инабаттылық, имандылық, игілік сияқты құбылыстармен ішек-қарны аралас. Кейде қайсысының қай жерде түйісетінін айыра алмай қаласың. Данагөйдің шығармасы, ұлының қылығы қағаберісінде де менмендік, күншілдік, жел сөзге құлақ асу, мақтауға иіп қалу, аңғалдық пен аңқылдақтық бой тасалап тұрады. Әйтпесе осы күнге дейін данышпандар санатынан түспей келе жатқан Карл Маркс: «Ничто человеческое мне не чуждо», - деп кесек сөйлемес еді ғой. Яғни адамға тән нәрсе үлкен ақынға да тән. Бірде мен Сәкен ағама қарап: - Осы данышпандардың әйелдерінің аттары неге Мәриям? Мысалы, Сәбит Мұқановтың, Сайын Мұратбековтің, Сәкен Иманасовтың? – деп тіке тарттым. Ол кісі осының шыны ма, ойыны ма дегендей бетіме бадырая қарады. Міз бақпадым. Сонан соң қарқылдай күліп алды да:

- Тауып айттың, - деп риза болды. Бір-екі күннен кейін телефон соғып:

- Осы үйдегі келіннің аты, ұмытпасам, Мәриям емес пе? – деп қарап тұр.

Менің мына айтарым тағы да керемет бір таңдайға татыр нәрсе, соншалық әңгіме етуге тұрарлық дүние болып көрінбеуі мүмкін. Дей тұрғанмен кейде кіп-кішкене детальдің өзі ойнап шыға келетіні бар емес пе? Ал осы әңгімені ақынның өз аузынан да талай естігенмін. Шындыққа бір табан жақын болу үшін оның естелігінен қысқа үзінді келтірейін: «...Жұбағаң Қазақстан Жазушылар одағына хатшы болып сайланды. Кезекті съезд өтерде мәскеулік Виктор Широков деген ақын маған телефон соғып, бір топ өлеңімді «Литературная газета» жариялағалы жатқанын, «соған атақты бір адамға шағын алғысөз жаздырсаң жақсы болар еді, Жұбан Модағалиев болса, тіпті қатып кетеді, ол кісімен өзің сөйлессең қайтеді», - дегенді айтты. Мен «жарайды» деп уәде берсем де, әлі уақыт бар шығар деп жүргенде, естен шығарып алыппын. Дәл сол съезд болатын күні өлеңдерім Жұбақаң алғысөзімен орталық газетте басылып шықты. Жоғарғы Кеңестің мәжіліс залында өтетін съезге қатысу үшін биік баспалдақтарды бойлай көтеріліп келе жатыр едім, алдымнан әлдекімдермен әңгімелесіп тұрған Жұбақаң ұшыраса кетті. «Сәкен, «Литгазетаға» шығуың құтты болсын. Менің сөзімді сен жазып бердің бе?» - деп сұрады. Ішім қылп ете қалды да, не де болса деп: «Не, Жұбан аға, маған қимайтын сөздер ме екен, соншама?» - деп қитыға қыңыр сөйледім.

-Жоға, - деді Жұбақаң. – тек өзіме айтқанда, бұдан да жылылау, бұдан да салмақтылау жазар ма едім дегенім ғой, әншейін.

Риза болып қалдым: «Ұялған тек тұрмасқа» бағып, арсалаңдай күле беріппін». Сәкен ағам – көлденең көк аттыға сыр шаша бермейтін жан. Бәлки, құрдастарына, жақын жүрген жолдастарына шешілсе, шешілетін шығар. Ал біз сияқты інілеріне, шипагерлер тілімен сөйлесек, ішіндегісін шағын дозамен ғана татыратын. Сондықтан маған Сәкен ағада, Сәкен ақында ылғи да айтылмай жүрген, өзгеше бір бұғып жатқан құпия бар секілді көрінетін де тұратын. Соны төгіп-төгіп тастағысы, іштегі ащы запыраннан арылғысы келетінін де сезгендеймін. Бірақ ол нендей тылсым, нендей сыр, нендей түйін – мен үшін мәңгілікке тарс жабылған сыр сандық. Бәлкім, оның кілті ақын ағаның лирикасы мен пәлсапасы араласқан өлеңдерінде, тасқа басылған қара сөздерінде шығар. 

Далаңда мал да қалмай ар да қалмай, 

Қарқылдап қала бердік қарғалардай, 

Тоқтайтын түрі де жоқ тажалыңның 

Түп-түгел тұқырта бір жалмап алмай. 

Қаншама қарасаң да түсінікпен, 

Көңілім көлге айналды құсы біткен 

Қорқасың келе-келе біздің елде 

Түк қалмай жүре ме деп кісіліктен. 

Пәни жалғанның күнгейі мен көлеңкесі, жарығы мен түнегі, жылуы мен ызғары үзеңгі қағыса жүреді. Оған етіміз әбден үйреніп кеткен. Қолдан келсе, кварктар мен кванттарға әмір етуге де әзірміз. «Иә», - деймін-ау. Жоғары кернеулі желі істен шықса, электр сымы үзілсе, олардың бір буынына ақау түссе, электромонтажшы шіркінің ұзаққа созбай, тап-тұйнақтай етіп, лекерлеп тастайды. Әлеуметтік құбылыс, қоғамдық жүйе ондай заңдылыққа бағынбайды. Оның бір тізбегін, бір буынын ғана жұтындырып, гүлге орап қоя алмайсың. Оны тұтастай үстіріктеу, күрделі жөндеу қажет. Осы жайтты С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, одан соң Мәскеу жоғарғы партия мектебін таусып, қоғамдық ғылымдарды бір кісідей ұғып келсе де, күндердің күні Қазақстан Республикасының азаматы Сәкен Құсайынұлы Иманасов Парламент депутаттығының додасына түсті де кетті. Қиқу мен дүбірге құлағы елеңдеп тұратын арғымақ тұяқ ақынның мынадай алашұбар дүрмекке ілесуі жарасымды бола қояр ма екен десем де, оның өзі басшылық еткен «Қазақ мемлекеті» газетінің жеті-сегіз қызметкері түгелдей тақымымызды қысып отырғанымыз аян. Жұрты, электораты әз ұлының меселін бұл жолы да қайтармады, қосқан аты озып келді. Сөйтіп ғұмыры қысқа парламенттің депутатығына да сайланды. Осы төтен қадамның жұмбағы неде? Бәлкім, мұндай ғажаби құбылысты ақынның төмендегі жолдарынан іздеген жөн болар: 

Тұра тұр сен, тұстасым, кіжінбе де, 

Бәсең болмақ өзгеден жүзім неге? 

Кірмеген де шығармын, қолдан-қолға 

Көшіп жүрген тұрақты тізімге де, мәселе – тізімде ме? 

Жаратушы иемнің жауабынан гөрі сұрағы мол өз сценарийі бар. Шахмат теориясының қалыбына салсақ, өмірлік партия дебюттен, миттельшпильден, эндшпильден құралады. Жазмыш дегенміз – сол Ұлы Санадан шыққан виртуалды сценарий. Адамзат баласының оны редакциялауға күш-қайраты қайдан жетсін. Қай фигураны тақтадан қай уақытта алып тастауды да Алла тағаланың өзі ғана біледі. Қайсымыз ферьзіміз, қайсымыз пешкадан ферьзіге аяқ басамыз – ол жағы да бізге бимәлім. Мына жалпақ дүниедегі адами ырыздықты үлестірушінің ұйғарымы да шақша бас пенденің танымына еш сай келмейді. Қаншама жаныққанымен, қаншама желіккенімен, біз – сол алпыс төрт шаршының ғана ойыншысымыз. Сол ақиқатты, сол хаттаманы ақыл-түйсікпен үзіп-үзіп ажыратсақ та, біз бейбақ күрес пен тірестен еш жалыққан емеспіз. 

Күрт азайып кешегі бақ та, наз да, 

Ақтарып ем барлығын ақ қағазға.

 – талайын деп арадай ағайынның, 

Алайын деп алқымнан жатқаны аз ба? 

Тұтқын ғұрлы көрместен түрмедегі, 

Көк желкеден көп ойлар бүрген еді, 

Атып келе жатты бір әдемі таң 

Талатпайын дегендей түнге мені. 

Тап-тап беріп түнімен небір қуы, 

Түрінен де, тілінен төгілді уы... 

...Адам деген осы ғой, атқан таңның 

желіктіре бастапты жеңіл буы, - деген екен кеше ғана тұрғыластарының арасында ақ алмастай жарқылдап жүрген қазақтың пішіні бөлек, сымбат-сыры ерек тағы бір Сәкені, Сәкен Иманасовы! Не десек те, не ойласақ та, мына жұмыр жер бетіндегі Адамдықтың, Ақындықтың ғаламат миссиясы грек мифтеріндегі титандардай Олимп шыңында шалқақтағандармен арпалыс, ғасырдан-ғасырға жалғаса берер сусыны таусылмас Өмір Жыры емес пе?

author

Кәкен Қамзин

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...