КҮН АСТЫНДАҒЫ МӘҢГІЛІК ҚАЗАҚ ЕЛІ

ӘДЕБИЕТ
2152

Дүние о баста жаратылғанда бір бүтіндіктен бастау алған деген пайым бар. Сонан ғаламат жарылыс орын алып, Жерден қарағанда ұшы-қиыры жоқ кеңістік, Ай мен Күн және мың сан Жұлдызды болып көрінетін Әлем туған секілді. Осындай жарылыстар легі мәңгілік жалғаса бермек. Кеңістік ұлғайып, ірілер ұсақтанып, әр тозаң бір әлемге айналуы мүмкін дейді…

Адамзаттың қоғамдасуы – табиғат зауалдарынан қорғанудан бастау алып, ақыры өзі тектестерінен де сақтануды қамтыды. Осы орайда қазақ жұртының дастандары арасындағы шоқтығы биік «Алпамыс батыр жыры» хақында ой тербесек деймін.

«Жақсылықтың ерте, кеші жоқ» деген ел тәмсілі – Байбөрі бай мен кемпірінің егде тартса да Тәңірден бір перзент тілеуін құптайтын асыл сөз деп ұққан жөн. Бұл – тек,  екі адамның ғана көксеуі емес, сол тұстағы ортаның сүйенерге тірек іздеп, жасампаздықты ту ететін тұлғаны аңсауы. Өмір сабақтастығы дегеніміз – ұрпақтың ата-баба ісін жалғауы десек, әр батқан күн – келесі таңның жалғасы емес пе. Ұлы Жаратуышының мейірімі түсіп, Алпамыстай ұл дүниеге келді. Жаңбыр суын аңсап, аңызақта қаңси бастаған кебу далаға нұр жауып, жаңа өскін дүрілдей көтерілді. Алпамыс өзге бір қуат күшімен – қалыптасқан тәртіпке сай емес, сығымдалған уақыт өлшемімен ер жете бастады.

Кезінде Байбөрі бай мен Байсары бай балаларын атастырған көрінеді. Бұл дәстүрдің күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпай, ел есінде сақталу себебі өзінше бір келелі әңгіме. Дейтұрсақ та бірер ауыз сөз айта кетелік. Атастыру салтын өміршең деп айта алмаймыз. Сөз басында келтірген ұсақталу, тозаңдану дегеннің мағынасын енді ашқанымыз абзал болар. Бүгінгі қоғам мүшелері бір тұтас қоңырқай топты елестетеді. Жеке тұлғаны айшықтайтын іріліктен жаңылып бара жатқандаймыз. Не бір саяси теперіштердің, тұрмыстық нәубеттердің санаға әсер ету салдарынан Егелік (Мен), (Ego) қасиетімізді өшіріп алдық десе де болады. Көкей-көксеулеріміз жорғалап қалған, қиын қылғанда сол пендешіліктің тоқтығына қол жеткізген – Абайша айтқанда «боққаппыз». Осындай пайымды көлденең тартып отырып, біз неге балаларымызды алдын-ала атастырмаймыз деу орынды ма? Әрине, жұртты жалпылай қаралауға болмас. Дегенмен кешегі өткен атаңның жүріс-тұрысы, ісі өзгеше бір сурет тудырады. Ол кездегі адамдардың бойында болмыс деген дің болды. Болмыс болған жерде Тек бар. Бесіктегі баланы атастыру сол текті сақтау емес пе. Текітінің ісінен де сөзінен де ірілік есіп тұрар. Ұлттың тозаң болып кетпеуіне бірде бір себеп – осындай ата-баба салтының маңыздылығын түсіну, бағалау болар. Кеуілге үрей әкелетін тағы бір қауіп – сол аталарымыз тектес, өзінен тарататындай биіктігі басым, Ата атану үрдісінің саябырлап бара жатқаны…

Он жасқа дейін алаңсыз өскен Алпамыстың келешегіне жол салған оқыс жәйттің де өзіндік мәні бар. Өрнек тоқыған кемпірдің жұқалтаң баласы бір нұқығаннан жан тапсыруы сол кемел келешекке жол ашқан сәт болды. Әр істің өз орайы, сәті болады деген осы да, сірә. Қайғыдан қапаланған кемпірдің Алпамысқа беймағлұм сырды ашып салуына өлі-тірісі бәрібір сүмелектің ажалы себеп болды. Осыған қарап, шынтуайтқа келгенде адамның жаманы жоқ дегің келеді. Еш пайдасы жоқ шіріктің өлімі де іске асты деп бір қоялық.

Ғұмырлық жары деп бағышталған Гүлбаршын сұлудың жат елге тап болған себебі де трагедия. Жыр желісінде екі байдың арасындағы дүдараздықтан осындай өкінішті жағдай туындайды. Осы секілді опық жегізер уақиғалардың қазақ елі басынан сан қабат өткеніне тарих куә. Қуғын-сүргін, ашаршылық және тағы басқа азаптардың салдарынан тоз-тозы шыға, жат елдің босағасын сағалаған халқымыздың бір бөлігі – сол, Байсарының күйін кешті. Тілі, ділі, діні бөлек, тумысын тани алмайтын, жері мен көгі де сені жатырқайтын, шөл қандырғанның орнына суы ішіңді айдайтын жат мекен – бұл ауғандарға пана бола алмады. Көзге шыққан сүйелдей екінің бірі шұқыйтын жараға айналды. Бой жетіп, көркі көз қарықтырған Гүлбаршынды қызыл аңдыған құзғындар жұтына жағалап, тырнағына ілмек болды.

Қара бұлттың аяусыз шеңгелі бүрді-ау дегенде – ақиқаттан жаралған адал ұл дер кезінде жетеді. Алпамыстың бойындағы буырқанған намыс – қарақан бастың саулығы мен бақай асты пайда сияқты пендешіліктерді өртеп жіберетін алмастан туған табиғи от еді. Бұндай отансүйгіштік ақық сезім ана сүті, ата қанымен ғана даритын тазалық. Тектіліктің аса бейнелі көрінісі! Сондай-ақ, қаймықпас қайсар батырлықтың, ел-жұрты дегенде бауыры езілген бауырмалдықтың, жан жары дегенде өз өмірін үзуге даяр, ақы тілемес мәрттіктің белгісі деп бағалаймыз.

«Битке өкепелеп тонын өртеген» ағайынды азат етіп, еліне келгендегі көрген жау ойраны Алпамысты қайта атқа қондырады. «Ер қанаты – ат» деп әділ айтқан. Алпамысқа арналып жаратылған қасиетті жылқы сырын жасырып, өз иесі жеткенше бұғып жүрді. Бесіктен атастырған жары Гүлбаршынның сыры да оқыс оқиғадан соң ғана барып, бетін ашты. Жалпы Жаратушы жазуында – ұлылық даруы тиіс тұлғалардың тағдыры о бастан өрнектелетін тәрізді. Ол – жолында кездесетін кездейсоқтықтың ешбіріне алаңдамай, қызыл-жасылына көзін сатпай, күллі санасына азаматтық шұғыла төккен – көңіл көгіндегі күнді ғана бетке ұстар.

«Жау қайда деме, жар астында». Тегі, қоғам дамып, күрделіленген сайын: жерді адам баласы ғана мекен етіп, сол ғана билеп-төстеуі тиіс деген жаңсақ пікір меңдеп бара жатқан сияқты. Өзге тіршілік иелері: «Ата Заңын» қалтықсыз орындап, біреудің «алажібін» аттау деген қаперіне келмейтін қағидаттармен өмір кешуде. «Малдың аласы сыртында, адамның аласы ішінде» деген осындайдан туындаған болар, әсте. Біреудің қазынасына қол сұғып, боқдүниеге көзі тұнған, тойымсыздығы шектен шыққан тоғышарлық – осы адам кейпіндегі қосаяқтыларға ғана тән бе деп қаласың. Алпамыс барымтадан ойсырап қалған елінің тиесілі дүниесін қайтару үшін және әлімжеттілік жасаған озбыр жауды жазалауға аттанады.

Тайбуырылды қазіргі заманның өркениеті бойынша елестетсек – құрлықаралық зымыран яки дауыстан жылдам ұшақ деуге де пара-пар. Әрине, ондай дәрежедегі шайқасты басқа бермесін! Дейтұрсақ та жер шарының әр түкпірінде соғыс оты тұтанып, бейкүнә халықтың зардап шегіп жатқаны баршаға аян. Соның барлығы қоржын-қабы алтынға толы, байыған сайын қалтырап, қара халықты жоюға қару-жарақ жасақтаған бір шағын ғана топтың айла-шарғылары. Олар – «Біздің жанымыз ешкімге ашымайды, бізге қымбаты – өз мүддеміз» деген ұстанымды жалау еткен. Оны саясат деп те атайды.

Сонымен Алпамыс айлық жерді күн шауып, жау еліне тақай түседі.  Қиянатшыл Жоңғар ханы Тайшық түс көріп, түсінде жаман іс көреді. Жылан улы, бал тілді айланың алпыс түрі ойнақшыған – саясат деген залым, зымиян мыстан кемпір кейпінде торын торлайды. Сұмды тану үшін сұм болып қажеті жоқ. Себебі, адал адамға сұмның қылығы оспадар көрінер. Ал адалдықтың кәусары болып арбау – періштені де алжастырар. Алпамыс сондай торға түсіп, жеті жыл терең зынданда қамалады. «Ер жігіттің басына нелер келіп, не кетпес» дегендей Алпамыс ауыр сынға жолығады. Әділет жолындағы өзінің міндетін айқын түсіну, ер-азаматқа тән қажырлылық, жақсылықтың түбі бір жетеріне сенген ол, тауқыметтен мойымады. Әр қыйлы жолдармен Алпамыс батырдың өміріне төнген қауіп, әр жолы сәттілікпен сейіле берді. Әділетсіздік орнаған елдің халқы кілең жаукес, озбыр бола бермес. Керісінше, сол халықтың өзі билеп-төстеушісінің табанында езілер. Көңілінде сәуле тұнған жандардың көмегімен және өзінің қанаты Тайбуырылдың қайратымен батыр қапастан құтқарылады. Төңірегімен түтесіп, халқын езіп-жаншыған қанішер ханның басы алынып, оның орнына күні кеше ешкі баққан, адал еңбектің адамы таққа отырады. Бұл – патша, хан тағы сол сияқтыларды Жаратушы ерекше жаратады деген қағыс пікірді жоққа шығаратын айқын дәлел. Сондай-ақ, осы заманғы саяси әлемдегі өз билігін орнатуға ұмтылған – білектілердің талас-тартысына да ұқсамайтын әділ шешім еді.

«Іштен шыққан жау жаман». Құлдан туған бір ұлды бауырына баласындай басып, асырап-жеткізген Алпамыстың ата-анасы сол асырандыдан жапа шегеді. «Құл құтырса құдыққа қармақ салады» деген мәтелдің сыпайысына жүгінсек Ұлтан құл өзінің бағып-қаққан жанашырларын жалшылыққа салып, жауға аттанарда іште қалған Алпамыстың Жәдігер атты ұлын аяқ-қолын кісендеп, қозы соңынан ілестіреді. Ұлтан өзі тектес құл-құтандарға дес беріп, оларды бек атандырады. Ел іргесі шайқалып, алмағайып кездер туындаған шақта – Отанды қорғайтын да қорлайтын да құбылыстар болып жатады. Кешегі тоқырау тұсында жұрттың бірі сіңірі жыртыла, қабырғасы сөгіле ел егемендігіне еңбек етсе, енді бір бөлегі «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген қағидаға қос түкіріп, барды да жоқты да қарақшылықпен тонады. Беттері жылтырап, ел билігіне суша сіңді. Жалғандық атаулы ашытқы көтерген қамырдай ісініп-кебінді. Қоғамды жең ұшынан жалғасқан, сыбайлас жемқорлық жайлады. Қазақтың сый-сияпат тарту сынды ежелгі салт-дәстүрінің тоны төңкеріліп, саусақтың жыбыры, еріннің емеуіріні билеген кәззап қатынның биіне айналды…

Ұлтан құлдың бұл тіршілікте ештеңеден жібімейтін кенезесі – енді Алпамысты жары Гүлбаршынға ауды.. Ай мен Күнмен таласып туған асыл перизатты құшып, көрдей қараңғы көкірегіндегі күркілдеген запыран кекті осылай таратпақ болып еді, ол қараң. Төрткүл дүние табан астындағы жаман тулақ сынды көрініп, көзінің еті өсіп, қадір-қасиет деген ұғымдардан ада тексіз жұрыны ірің толы ісіктей көлкілдей жайылды. Сын сағаты соғар тұста Алпамыс та дәл жетті. Жұрт ішінен жау шығып, жаты түгілі жақынын жасытқан сұмырайлыққа тосқауыл болды. Басқыншыдан да әрмен зорлық-зомбылық, аяр қылық көрсеткен, қуа келсе ағайын танылар жұрағаттар жазасын алады. Жақысылық пен жамандықты Күн мен Түнге теңеу жаңсақтық. Күн сәулесі сарқылғаннан – Түнге ерік бермес. Түн – тек, қараңғылықтың нышаны емес, Ой мен Қиялдың, Тыныштық пен Татулықтың мөлдірей тұнып, тылсым әлемнің жер бетіне маужырай қонақтайтын ғажап бір кезеңі.

Алпамыс батыр жырының соңы – ежелгі ертегілердегі сынды бақыт пен баянға ұласады. Жоғалтқандар табысып, адасқандар қауышып, көрген қайғы-қасірет көз жасымен шәйіліп, жарқын ертеңге деген үміт оты қайта лаулап, рухтары өседі. Ьүгінгі таңдағы Рухани Жаңыру, Ұлттық код деп әуелете көтерген жалауымыздың сыбдырынан – сол, ата-баба тынысын есту меңзелгендей. Баяғыда бір батыр атағын алған атамыздан сұраған екен: «Ата сіз қандай батырлық жасап, батыр атандыңыз?» десе, қария: «Мен пулеметші болдым. Алдымда ентелеген жау. Артымда кісі бойламас – терең өзен. Атпасам жау атып өлтіреді, суға қашсам малту білмеймін, батып өлемін. Содан білетінімді істеп, қаптаған жауды қамысша жапыра бердім, жапыра бердім!» деген екен.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тоқталсақ: «Алпамыс батыр жыры» еш жасандылығы жоқ, шынайы адами қасиеттерді әспеттеген, әр адамның бойында болуға тиіс: ар, намыс, иман, патриоттық от сынды өрліктерді боямасыз өрнектейді. Ғасыр мен ғасырды, ұрпақ пен ұрпақты жақындастырған осындай сабақтастықтың ғұмыры – Күн астында Қазақ елі барда мәңгілік! Азаттығын алған халқымызға – енді тек, еңбектегі жеңістерін тойлау ғана жазсын!

З. Самалбекұлы

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...