Он тоғызыншы ғасырдың аяғы мен жиырмасыншы ғасырдың басында өмір сүрген орыстың Казимир Малевич деге...
Көкбөрі Мүбарак. Ханшатыр
(Мадиноштың әңгімесі)
Романнан үзінді
Қордай Газпром Нефть жанармай құю орнында тұтқа(пистолет) ұстап тұрған мені қалшылдатып тұрғаны даланың суық желі емес, Ыстықкөлге бара жатқан машиналармен қатарласа шапқан өмір тарихымның ызғары еді. Осы ызғарлы оқиғамды оқымас бұрын, қалшылдатар жеріне келгенде жаурамауыңыз үшін тоныңызды қалыңырақ жамылып алуға кеңес беремін.
Еуропалық безендірілуіне қазақы әшекейі қосылып құлпырған Астанадағы ең қымбат ресторанның бірі осы Flowery рестораны.
Осы керемет ресторанда бүйрек ожаумен қымыз сапырып ішіп отырғандардың көрінісі бірден сізді өзіне жалт қарата алады. Ауылдан шыққан карапайым басым тотыдай түрленген, заманымыздың ең ақ сұңқар қызының қолын тік көтеріп бүйрек ожаумен қымыз сапырғанын, әппақ, жұмсақ торғыннан тігілген жейдесінің ерекше қымбат тәнімен қабысып жүрек талдырып тұратыны... Осы көріністі есіме алғанымда аузыңа қымыздың дәмі келмейді. Тек көрініске көз қарашығыңды жүздіріп, әсемдіктің қайықшысына айналасың... Қазақылық деген осы ма?! Батпай тұрған жүрегің Қазақылықтың дегдарлығын солардан көргендей болады. Сендегі бары қарабайыр Қазақылық сияқты көрінеді. Иә, қанша дегдар болса да, бірақ бүгін ол кіндігі ашық тұратын жейдесін емес, кіндігін жапқан жейдесін киіпті... Оған да шүкір.
– Байырбек, – деп оймақтай ернін жаңа гүлдеген бүршікті өріктей шүршитті.
– Ау, не?, – деп өзіме тән дауыс ырғағыммен саңқ ете түстім.
– Жа-а-ан!...
– Ау?
– Бүгін басқа қонақүйге барып жатайықшы. Бір пәтерден мезі болып кеттім.
– Давай, давай, кеттік. Кімнің қонақүйіне?
– Оған уайымдамасаңшы. Өзім айтам. Машинаңа кілтіңді сұқ та, бұрап отыр.
– Былай, былай ма, – деп саусақтарыммен бұраған ишараттар жасап күлдірдім.
Қаланың BI Виллидж Делюкс районына келіп Мадиноштың өзіне тиеселі пәтеріне бас сұқтық. Соған қарағанда ол «қонақүйге апарам» деген ойынан айнып қалған сияқты, әрине бұл басқа пәтер болсада. Қонақүйге келесі жолы жатармыз. Әр жолы төсекке удай мас болып құлайтын қыз бүгін ешқандай вино да, джин да ішпеп еді. Оның мұнысы мені таңғалдырды. Кіндігі ашық, жалт-жұлт еткен маржанды шолақ бел, шолаң жең жейдесімен мойыныма асыла кеткен Мадиноштың қылаң қаққан жұмыр қолдары мойынымда жыландай ойнап барып сілтідей тынған. Кенет ол ойына әлде не түскендей байырқалап қалды да, екі бұтын екі жаққа ашып, толқыған қоңыр-сары шашы бүкіл Еуропаның көркемдігіндей төгіліп, тырна құсы бейнеленген бағалы жастығын жауып кетті. Тыныш қалған Мадиноштың қарақан басына жабысып шекесінен бір, құлағының түбінінен бір, тамағынан бір сүйудемін. Ақырында, мені елегізтіп айналдырып алған басын қарбыздай құшақтап жата кеттім. Сол кезде барып Мадиношқа жан біткендей болып икемді, сұлу білектерімен арқамнан мықтап құшақтап байлап алды. Ашаланып жатқан екі аяғының ортасында тыпырлауға әрі тыпыршытуға дайын тұрған екі аяғым ұзыннан жатыр.
Осы тыныш халдегі сары жылан – Мадиноштың ең кінәсіз, аяулы сәті еді бұл. Оның бейғам, мүләйім бұл жатысы, тыныштықтағы баяу қимылдаған қолдары су астынан інжу сүзіп баяу қимылдаған епті маржаншының қолындай әсерлі болатын. Осы қолдар оның барлық жауыздығын уақытша жуып кететін. Мығым жұмылған Мадиноштың саусақтары тоқтамай бір ашылып, бір жұмылып, бүйректен шыққан сирақ сұрп етіп сопақ ұясына қадалғанда, аяулым болып көрінген аяусыз қыздың тыпршып жан таппай кеткен халдерінен кейін, отқа оранған істігім өзінің мәйегін оған құяйын деген соңғы сәтінде, осы шұңғымамды жұлып әкетіп, сол мәйекті құдықтың сыртына ағызып жіберемін. Бұл менің кәнігі айлам еді. Бұған дейін неше ай бойы осылай жасап келемін.
Неге балалы болып қалмадым, -деп сұраған Мадинош жоқ. Соған қарағанда бұл менің осы айламсыз-ақ, сақтанатын дәрілер ішіп алды ма екен деймін. Қаннен-қаперсіз Мадинош. Жұмыртқадай ағарған жұмыр денені қабығынан аршып үйренген қолдарымнан кейін оның оты мен өзімнің отым денемді қосыла соғып, есеңгіреп барып қос томпақ таудың арасына тұмсығымды сұғанақтікіндей(крокодилдікіндей) сұғындыра, ханның қызының төсінің иісімен ұйқыға құлаш жайғанмын.
Оянғанымда, аздап түк жапқан төсімде жалтылдап тұрған алқамды сипап барып телефонымды аштым. iPhone 5 , 2014.06.18 деген уақыт шығып тұр. Отырып ап өткен күнді күндедігіме түсіргім келді. Орнымнан тұра бергенде сезгір Мадинош:
– Қайда барасың, -деді.
– Еш жұмысың болмасыншы, -дедім шалбарымды көтеріп жатып.
– Бро, -деді де теріс аунап жатып қалды. Қайтып келсем бөлмеде жоқ. Айфон 5- ке хат келіп тұр.
- Жүгіріп келем. Мені күт, бірге тамақтанамыз.
Оны күтіп төбеге бір, қабырғаға бір қарап жаттым. Пәтердің қабырғаларын безендірген түрлі әшекейлерге еш назар аудармайтын болғам. Сенесіз бе, басымда дым да жоқ сияқты. Қарайып қалу деген ең оңай нәрсе екен ғой. Аяқ астынан құжатым әлемнен толықтай жоғалса атымды ұмытып қалатын шығармын.
Таңғы жүгіруінен келгеннен кейін телефон соқты.
– Сыртқа шық.
– Хорошо, -дедім де іштей, жауап жазбастан жинала бастадым. Toyota Land Cruiser Prado 150 -мен келіп тұр екен. Жыдтыр қара BMW E39(Дельфин) -ымды оталдырдым да, оны отырғызып қаланың қара бастанған көшелеріне қайқы бастана тұмсық тіреп, зуылдатып келе жаттым. Бағдаршамнан лік еткізіп өте шықтым. Басқа машиналар сабырмен күтіп тұр. Оң жақта бір көлікті ұстап хаттама толтыртып тұр екен сақшылар. Менің машинамның «I love Astana» деген елде жоқ нөмерін көрген соң шапкілерін маңдайына барынша төмен түсіріп, беттерін бұрып теріс айналды. Май жаққандай жарқыраған жүзімен, толысқан тоты кеудесін ашып тастап, ашық терезеден Астананың таңғы ауасын жұтып келе жатқан қыз оңға, солға дельфиндей бұлықсып бұлқынып қояды, орындыққа орнығып отыра алмаған жандай.
– Даяшы, күндегіше «Florette Sea&Earth» салаты, Жапондық «Кобе» стейкі, қамыры теңіз анчоусының безімен көгертілген, бұзау еті мен бұлан еті араласқан тұшпара...
– «Florette Sea&Earth» - 197 мың тг, көкшіл тұшпара -546 мың тг, Балықшы десерті – 3 миллион 297 мың тг...
Ұзынтұра даяшы жігіт белі сынғанша бүгіліп жымиды.
Тамақтар жаңбырдай себелеп келіп жатты. «Florette Sea&Earth» салаты, үстіне қара уылдырық жиналған Паркер Меридиен омлеті,«Балықшы» десерті...
Мадинош «Florette Sea&Earth» салатынан 2-3 шөкім жеді де:
Мынауың онша дәмді емес.
Сырғыта салды. Даяшы қағып алып кетті.
Тұздалған қияр, тіл және зәйтүн қосылған салатқа мен де сақпы батырдым. Оны таласып жегендей жедік. Тұздалған қияр және жұмыртқа қосылған салатқа шанышқы соза бастап ем:
Тұра тұр. Дәмін көрейін, -деді.
Татып көрді де, өңін бұзып:
– У-у, удай ащы. Неге бұлай? -деді. Біздің қабағымызды аңдып тұрған даяшыға саусақтарын себелетіп ым қақты.
– Тұзын көп салып па не?, -деймін.
«Иә» дегендей қабағы түйіліп, жылаңқы баладай бас изеді.
– Қане, мен татып көрейінші, -деп қолымды создым. Болымсыз ащы екен, басқалай мін таппадым.
– Қайтармай-ақ қойшы. Тастай салады. Обал емес пе? Сен жемесең мен жейін.
Қолымды қаға берді. Даяшы алып кетті.
Тегі сен де, -деп арқалы орындыққа жауырынымды соғып барып отыра қалдым. Оның ет тағамдарды ерекше құшырланып жейтініне таңданып жүрем. Қазақ інжуан деп атайтын, ішінен маржан алынатын устрицаның тірідей түрін де асайды.
Тамақтанып болуға жақындағанда, бетіме үңіліп қарады да риза емес жандай бас шайқап:
Сақалың аздап өсіп кетіпті. Бүгін алдырасың.
Үнсіз бас изедім.
Сақалымды алдырғаныма 3-ақ күн болып еді. Мадинош ертіп апарған Aristocratic сұлулық салонына бардым да шалқамнан түсіп жаттым орындықтарында. Сақалымды екі түрлі сабынмен жуып, қылтанның түбіндей қылып қалдырды да, өскен тұсын қырқып тастады.
Сақалды толықтай қыруға болмайды. Жаңа тебіндеп өсіп келе жатқан сияқты көрініп тұруы керек, әрдайым. Бұл мырзалық. Ақсүйектердің әдебі.
Оның осы айтқандарына бас изеп жүре бердім. Енді 2-3 күннен соң бақайымның, саусақтарымның тырнақтарын алатын күн. Апта сайын шалқамнан түсіп тырнаққа арналған бөлмеде домалап жатам. Сақалымды қысқартқан қыз абыр-сабыр көңіл-күйімді аңғара қойды:
Сіз осы басқа келушілерге, өзге байдың балаларына ұқсамайсыз. Жүзіңізде қашан да бір мұң тұра ма қалай? Әйтеу, шешімі жоқ бір сұрақ.
Мен басымды бұрып қарадым да:
Енді «аха, ха»,« хоха-ха» деп жүрмейсің ғой, -деп шаңқ еттім. Қызметші қыз сескеніп қалып, бақадай ашылған аузын бақ еткізіп жұмып алды.
Расымен «бұл қыздан қайтып құтыламын?» деген ой мазамды алып, жүйкемді жегідей жейтін еді. Жарқыраған қап-қара BMW Дельфиніме міндім де, қаланы айналсоқтап жүрдім. Ерігіп қаланы айналып жүріп ойыма алғашқы күндердің елесін іле бастағанымда телефон қоңыраулап қоя берді.
Бүгін көңіл күй жоқ. Бурабайға тарт. Өзім барам ба,өзің келесің бе?!
...
Бурабайда бір күн болып, қыз-қайыңы қолтықтасқан жағалауда құшағымда қисайып отырған Мадиноштың мені күлдіріп бар айтқаны:
Көңіл күй шұлыққа түсіп тіземе қайта келді, -дегені болды. Сықылықтап күліп ала бердім.
Қайтып кеде жатқанымда, Мадинош қалғып- шұлғи бастағанда менің Бурабайда сүртіп шыққан сергек әлемімді жодың қара мұнары басып, иығыиды жаншыған бір күш еңкейте бастады.
Дубайға барамыз, екеміз ЗАГС-ке тұрған соң, -деп қояды. Ішім қылып ете түсіп секем алып қалам. Арасында «Ы-ы-ыстықкөл» деп те қайталап қояды.
Мадиношқа алғаш тұтылған кездердегі бір ыңғайсыз оқиға есіме түсіп кетті. Ол мені алғаш өзіне алған күні Хайвил-Астанадағы байларға арналған жан-жақтылы салонға әкелді. Ол жерде алдымен тырнақ алатын бөлімге кіргізді. Бұған дейінгі уақытта намазхан болған мен, сол жылдары намазды қойып кетіп едім. Құрлыс алаңынан тікелей келген мен аяғымды қызметші бикештер шешіп алғанда, бақайларымның арасындағы кір мен иістің толқынынан ұялып, жүзімді қара тер басып, бетімді теріс бұрып алып жаттым. Олар еш қымсынбай тырнағымды әдемілеп алып, ақ тұяғымды майлап, сақал-мұртымды күзеп, моншаға аунатып,содан кейін меңдей жер қалдырмай уқалап, терімді ағартып буға қақтады. Хош иісті заттарымен терімді майлап жатып, маған ең жағымды әуендерді тыңдатып қойған. Мен бұл әуендермен де таныс бола бастадым. Пьеро Буссидың «Ромамені», Джованни Торнамбененің «Жаңа бөлмесі»...
Шалжиып жаттым, мойынымды бұрмаймын да. Автоматты орындықтары олардың қызметінің қажетінше жазылып, жиыла алады. Денемдегі артық түктерді де сыпырып алды. Маса шаққа, тырналған жарақаттардың ізін құлан таза өшіріп тастаған. Қақтаған ақ күмістей тайқы маңдайлы Байыр мырзаны Мадинош осыдан шығарған соң қасына ертіп алып, қаладағы ең қымбат сауда орталығына – MEGA Silk Way-ға кіріп келеді. Әсем бойжеткеннің жанында қарабайыр ұсқынмен қаңғалаңдап ұшып келем, қалып қоймауға тырысам. Бізді көргендер «мынау осы ханымның жәшіктерін көтеруге жалдаған жалшысы» деп ойлап қалатын шығар.
Үстіңдегі қоқыстарды лақтыр, -деді маған жайрадай тікірейіп.
Мадиношпен кезіккен алғашқы күнім. Байдың қызынан тіксініп, айтқанын орындаумен болдым. Киім ауыстыратын қуыста тұрғанымда үстіме 2 қара костюм, бір қара, 1 ақ рубашка, өткір қыры алақаныңды қылыштай қия жаздап тұрған 2 қара шалбар, он неше нәзік тоқымалы байпақ, 2 қабат іш киім, 2 әппақ шілия, жалғыз галстук, бір кебісті(бәтіңкені) әкеп басымнан асырып тастай салды. Оны киген соң қатып кеттім. Киімдерімді қоқысқа тастатты. Күміс жалатылған сағат пен мәрмәр жиекті қара көзілдірікті кейін әперді. Содан кейін Комфорт Таунның ішіндегі бір үйге әкеліп:
- Мынау сенің тұрағың, -деп қолыма үйдің кілті мен қазіргі мен мініп жүрген мінсіз қара BMW Дельфиннің кілтін қатар ұстатқан. Қақпа алдында сары овчарка байлаулы. Содан бері көлігімнің арт жағында алыстан бір қара көлік еріп мені бақылап жүреді. Мадиноштың соңыма салып қойған адамы екенін бірден аңғарам. Сыртқа шыққанда, үйде өзіммен қалғанда өзімнің қарапайым Samsung Galaxy S-ті жаныма алам да, оның берген iPhone 5-ін жұмтақтың(креслоның) үстіне лақтыра салам. Лақтыра салуымның себебі, осы телефонға өзінің бақылау бағдарламасын кіргізіп қойған сыңайлы.
- Бүгін ресторанда неге ұзақ отырдың, -дейді мойынын қисайтып, шашын бір жағына төнілтіп тұрып.
Артымнан еріп жүретін көлік пайда болмай тұрғанда ол менің қайда барғанымды осылай біліп отыратын. Содан кейін айфоннан күдіктеніп мұны лақтырғаннан кейін, ол менің ізімді біле алмай, осы қара машинаны менің соңыма салған. Ойым әрі қарай шашырай бастағанда құрсағымның ашқаны сезіліп, өзіміз келіп жүретін Intimate ресторанның алдына шырқ иіріліп келіп көлігімді тоқтаттым. Есіктен кіре бере соңғы 2-3 айда үнемі еститін сөзім жарқ етіп алдымнан қанатын қағып иығыма ұша бастады. Кеудесінде қызыл гүлді өрнегі бар ақ жейде киіп қаз-қатар тұрған даяшылар:
– Уважаемый!, - деп иілді. Шағырайған көзілдірік менде. Бас изеп өте бердім. 3-4 түрлі қалаған тағамымды алдырдым да, асықпай күйсеп отырдым. Тағы да 6-7 түрлі тағам алып даяшы қыздарды шақырып:
– Үйлеріңе алып кетіңдер, -десем,
– Рас па, мырза, -деп жылай жаздап жарқылдайды.
– Сіз басқа байдың балаларына еш ұқсамайсыз ғой. Олардың бәрі бізді көзге ілмей табалап кетті. Сіз оларға ұқсамайсыз.
– Мен бар болғаны водительмін. Мен де өздеріңдей қарапайым адаммын. Не қарап тұрсың, беріп тұрғанда алып ал. Басқа тамақ қалайсыңдар ма, оны да айтыңдар.
Олар жүгіріп екпетінен түсе жаздап, қуанышы қойынына сыймай дорбалап тағам алып жатады. Ал, менде қаражаты еш таусылмайтын карта бар. Бұл Мадиноштардың әулеттік шотының картасы. Машинаның бакінің ауызы-мұрнына толтырып май құям, қалағанымша ішіп-жейім. Таусылып бітпейді. Үйге келіп телевизор қосып шалқадан түсіп жатыр едім, телефон ызыңдап көтерілетін әлдебір жәндіктей қоңыраулап қозғалды. Танып тұрмын, ауылдағы менен 2 класс төмен оқыған Таңат бауырым ғой.
– Ой, аға, қарнымыз аш. Жатақханада жатырмын. Оқуға келгем. Ақша жоқ. Бір бес мың тг беріп тұрасыз ба?
– Қайдасың? Адрес айт. Сендерді аш қылып қарап отырмаймын. Қазір барам.
– Кенесары көшесі, 60a деп бассаңыз. Картадан шығады. Күтем аға. Қанша минутта келесіз.
– 5.
Жүйткітіп отырып Қазтұтыну одағы жоғары колледжінің алдына тоқтадым. Екеу тұр екен.
– Бір бөлмеде нешеуің тұрасың?
– Үшеу.
– Онда енді біреуі қайда?
– Жатақханада отыр.
– Шақыр. Қалдырма.
– Жарайды.
Үшеуін салып алып бір ресторанда тоқтадым. Cyprus болар.
Қабырға етінен болған клефтико, Халуми ірімшігі, Сувлаки қой етімен 12 тал, қуырылған ұлулар, Пацас лақ сирағының сорпасы, теңіз кірпі салаты, ұнға оралып зәйтүн майына қуырылған ұлу қабыршағы...Ұлу қабыршағының сиясы ағып кетпейтін болсын!..
Өмірге ең жақсы разылығымен тояттады қырандар.
– Аға, от души рахмет. Қандай жақсысыз.
– Собой алуларың керек. Тартынбаңдар. Менюді ақтарып айтыңдар қалағандарыңды.
Олар Грек тағамдарының көбін білмей, әңгүдіктеніп отырды. Өзім еті мол тағамдардан 3 клефтико, 20 тал Сувлаки, қуырма ұлулардан талдап оларға собой алдырдым. Үстілеріне қарадым да:
Тағы бір баратын жерлерің бар.
Иманов 19-дағы Sportmaster-ге әкелдім де:
– Бір-бір пар киім алыңдар. Шалбар, жалаң, байпақ, кебіске шапкы қосып алсаңдар да болады.
– Аға, бұл...
Кібіртіктеген оларға қолымды сілтедім де:
Алаңдамаңдар. Өз ағаларыңдікін істетіп жатырсындар. Тартынудың қажеті жоқ.
Олар мен айтқан түрлер бойынша құлпырып киініп, әдемі шалбарға бөленген сирақтарын олай көститіп, былай көститіп қызықтайды.
От души, рахмет, брат.
Аң-таң болған үшеуін колледжіне апарып түсірдім де, үйге келіп екі қолымды айқастырып жастанып жатып, шымырау ұйқыға баттым. Киімшең ұйықтап қалғанымды біліп, таңертең жуынып киім ауыстырдым. Шифанер жаңадан алынған костюм, шалбарға сіресіп толып қалған. Мадинош киімімді қайта жудырып кидірген емес. 7 күндей киілген костюмды шифанерге ілдіртіп жаңасын алдыртады. Оның бағалары удай болсада әлгі мәңгі таусылмайтын картаны сыр еткізіп кассадан бір өткізсең болды, төленеді, болды. Өңкей қара костюмдарға шифанерім сіресіп толып қалды.
– Алло, жа-а-ан?
– Айта бер. Не болды?
– Жинал. Жарты сағатта келем. Құрбым ауырып қалыпты.
– Хорошо.
Телефон тастай салып, бетімді жуып дайындалдым. Ол бұл жолы Toyota Land Cruiser Prado 150 -мен емес, Lexus RX 300-бен жетіп келді де, кіндігі ашық тұрған ол екі мықынын ұстап, иығын бүлк еткізіп көтерді де:
– Жүрдік, – деді.
– Қайда?
– Қалалық 2-ші болницаға. Талшын сонда жатыр.
– Жақсы.
Картаны туралап алдым да, зымырадым да отырдым.
Болницаға кірген соң Мадинош алда ор қояндай орғытып келеді-ау!... Мен қалбалақтап ілесіп келем. Ол құрбысының жатқан орнына тіке тартты. Аяулымның халын сұрап шыққан соң, Мадинош тағы да тіке тартып отырды шығар есікке қарай. Сол кезде көп палаталардың бір бұрылысында туған әпкемді көріп қалдым. Әпкемнің осы Астанада бір болницада жұмыс жасайтынын білем. Бірақ, дәл осы болница деп ойламаған екенмін. Көз отым жарқ ете түсті. Ажарланған өңім, сықырлатып киген киімім... Маған қарап таңғалған бейнемен, ботадай көздері жалтылдай қарап тұрып қалғанда мен қаштым. Асығып түсіп баспалдақтан, Мадиношты қуып жатып ентігіп келіп көлікке отырдым.
Кешке қарай әпекемнен телефон келді.
– Мен сені бағана көрдім бе? Бұл қалай? Сен «құрлыста, үй салатын жерде қара жұмыс істеп жатырмын» деп едің. Бүгінгі қалпың директорға ұқсайды ғой. Сірә, не болып жатыр? Түсінсем бұйырмасын.
– Сестра, маған тұратын жеріңді жазып жіберші. Өзім бәрін түсіндірем.
– Найзақара 1/6а...
Ертесі оның пәтеріне тартып отырдым да, айтқан уақытымда жетіп бардым. Сүтті шайын дайындап күтіп отыр екен.
Сүтті сен келеді деп Шапағаттан барып алып келдім. Айран да бар ішем десең...
Әпекем жмыстан да жарты күнге сұранған. Осындай қисынсыз жағдайға тап болғанмды жасырмай айтып шықтым.
– Үйдегілерге қазірше айтпа. Арасында келіп халыңды сұрап тұрам.
– Жұмыс күндері болницаға, демалыс күндері пәтеріме келсең болады.
Ертесі Мадинош екеуміз Ханшатырға бардық. Мадинош Ханшатырға кірердің алдына қолыма 150 мың тг қағаз ақшаны санап берді де:
Міне, осы айлық еңбекақың, -деді.
Мадинош Zara брендке кіріп кеткенде, банкомат іздеп мырзадай киінген Ханшатырдың бір келісті күзетші жігітіне келдім.
– Банкоматтар қай жақта?
– Міне, ана жақта. Алдыға тура жүріп отырсаңыз болды. Алдыңыздан шығады.
– Содан сұрайыншы, азаматым, өзіңді екі-үш рет көрдім. Осы Ханшатыр кімдікі?
– Сенің қасыңда бірге келетін қыз бар ғой?
– Иә.
– Бұл соның әкесінікі.
– Солай ма?
Аң-таң қалдым.
– Әкесінің орнына Ханшатырға есеп тексеруге келіп жүргені сол.
– Соның сол ісіне күдіктеніп, өзінен сұрасам ештеңе демеді.
– А, сіз оның жігіті емессіз бе?
– А, жоға. Мен оның жай ғана водительімін.
– Жёстккй киінесіз. Киімдеріңіз базар жоқ.
– Рахмет, – деп бас изедім де банкоматты тауып алып, ақшаны әр айдағы әдетім бойынша бір тиынын қалдырмай үйге салып жібердім.
– Кеште казиноға барамыз.
Мадиноштың осы сөзін құлағыма қыстырмастан үйге келіп жатқан соң көзім ілініп кетті. Мадинош қоңыраулатып жатыр. Екі рет қоңыраулатты. Көтермедім. Бір уақытта келіп тұр.
Неге көтермейсің? Жатырсың ғой.
Үндегем жоқ.
Казиноға кірер алдында төс қалтама үш буда долларды нығап салды да, алдыға түсіп жүріп отырды.
Менің жігітімнің жолы болғыш. Ол көрсін.
Менің қолым жақсы шығып отырды. Жүздіктерді біріңғай алтымен жапырып карта лақтырғанымда Малиноштың асығы алшысынан түсіп отырды. Қарулы күзеттегі сұсты жігіттер төрт төңіректі қоршап, желкесін қабырғаға жапсырып қақиып тұрады. Казинодан шыққан соң төс қалтама қолын тығып долларды түгел өзіне алып алады.
Бүгін құрбысы ауруханадан шыққандықтан ресторанға бірге бардық. Мадинош қол жууға кеткенде ол менің оқтаудай мүшеме қарай қолын жүгіртіп:
Мадиношқа білдірмейміз. Арасында маған келіп тұрсаңшы, -деді жымиып.
Қанжардай қатып, мұны екеуі ақылдасып сынап отыр деп қарап:
Мен Мадиношқа адалмын, -дедім. Шын мәнінде мен одан құтыла алмай жүрмін ғой, адалдық түгілі.
Бір-бір джип мінген жігіттер мен қыздар жиналды. Бәрі Мадиноштың достары.
– Че Там, жігіт, бұрын сені көрмененбіз ғой?
- Алматыдан болам.
- А, бәсе. Достым, сен қайдан оқыдың?
- Лондоннан, -дей салдым. Осының алдында ғана олардың бірінің Париждың, бірінің Венаның ең жақсы оқу орындарында оқығанын естіп қалып едім. Ал, мен болсам аудан жанындағы Шоқпардағы мемлекеттік колледжден аспаған жанмын ғой.
-Мә-ә-ә, Алматы деген жақсы ғой, жазда барсаң. Алматының қай районында тұрасың, Золотой квадрат шығар? Әлде Бағанашыл ма?
Ол мені Алматыдағы ең қымбат ауданының бірінде тұрады деп шамалады.
- Иә, әрине.
- Іш пысты ғой, зайбалымыз шықты. Енді не істейміз?
Қалың джиптер қаланың бір көшесін жауып тастаған. Бұл Сауран көшесі болса керек. Қалаған көшемізде машиналарды тізіп қойып тұра береміз. Сақшы бізді көрген соң лезде осындай көшенің басы мен аяғын қымтап басқалардың жүруіне тыйым салады. Құрдастары Мадиноштың бетінен сүйіп, белінен сипап тұр. Оған ерегесіп мен ең жақын құрбысы Талшынның белінен құшақтап тұрдым. Бір қызығы Мадиноштың денесі әрқашан суық та, құрбысының денесі әрқашан жылу шашып тұрады. Ыстық белі мен жұпар денесіне қызығып құрбысының жанында жылынып ұзақ тұрғым келе беретін.
Бір жігіт келді де өзін таныстырды.
- Мен – Әлихан. Мадиноштың бұрынғы жігітімін ғой. Бауырым, Мадинош төгіп-шашқыш. Мен компаниямды өз күшіммен құрған үнемшіл адаммын. Мадинош екеуміздің айырылысып кетуімізге оның ысырапшылдығына шектеу қоя бергенім себеп болды. Сен қолында барды аяма, төгіп-шаш.
- Ұқтым, -деп бас изедім, -Рахмет!
Мадинош күллі достарына:
Міне, менің жаңа жігітім. Өте бай тұрады, -деп жағамның тозаңын қағып, сылап-сипап жатыр.
Бәріміз бірге ресторанға тарттық. Ресторанға кірерде бөлек алып қалып, тағы да төс қалтама бір бума доллар тықты.
Осы жолы картамен емес, осымен төлейсің.
«ARNAUD’S»
Дастарханды 20-30 түрлі тағаммен, айтар болсақ Алмас деп аталатын дүние жүзінде сирек кездесетін белуги-альбиноса уылдырығы, мацутакэ саңырауқұлақтары, сиыр етінен жасалған Вагю стейкі қатарлыларды толтырып тастап есеп айырысар сәтте, бай баласының бірі есепшотты көрді де даяшының бетіне бірнеше қағаз ақшаны лақтырды. Доллар, доллар...
Даяшы жігіт үстел мен жерге шашырап түскен доллады жинап алып жатқанда:
- Э, жете ме мынау? Керек пе тағы?, -деп 100 долларлық қағаз ақшадан тағы екеуін бетіне лақтырды. Аяп кеттім даяшыны. Сыртқа шыға бере төс қалтама салған ақшаларын қайта алып қойды. Бұл кездесулер маған Мадиноштың туған күніне дайындық құсап сезілді. Мұны кейін сезіндім. Көп өтпей Мадиноштың туған күні болғанда қалада шеру жасадық. Ол күні Мадинош қатты мас еді. Қалың джиптен шеру жасап, достары терезеден бастарын беліне дейін сыртқа шығарып тұрып:
- Мадинош, -деп жар салды. Бірі отшашу атып, бірі гүлшашу жарып, бірі шар домалатып, кейбірі сигаретін сорып, түтінін жинап көкке үрлеп оның туған күнін осылай құттықтап жатты. Қалада біз жүріп өткен көшеде қала халқының машиналары бауыздалар тоқтыдай тыпырлап жан-жаққа ығысып, тоз-тоз болды. Сигнал мен музыканы аямай беріп айхайлап өтіп барамыз. Қызынып мен де аянбадым. Бастапқы алты ай бойы арақ татпадым. Себебі, бұрыннан арақ ішпейтін едім. Алтыншы айынан бастап арақ пен темекіге үйреніп алдым. Сол кезде барып олардың ортасына сіңісіп, шынайы жаңа белеске көтеріліп бара жатқандай болдым. Кейде ресторанда, барда түн ауғанша, кейде таң атқанша қымбат шараптардың, көк-сары сағымға аунағандай болған Domaine Leflaive Montrachet Grand Cru, қою қара Domaine Leroy Musigny Grand Cru, алтын сұйық Domaine de la Romanee-Conti Montrachet Grand Cru қатарлы түр-түрін сораптап отырам. Мадинош тамақтанған соң винодан, джиннан, кауфманнан қаншалықты ішсе де неге мас болмайды деп жүретін ем, өзім де осы өте қымбат шараптапды талғаусыз көп ішкенде мас болмадым. Тек бойым онан әрі жайланып сала берді. Ресторанның, бардың жұмыстан түсу ақыты болып кетсе де ешкім ештеме дей алмайды. Мен қай қалаған уақытта кетем, соған дейін күтеді. Мен кетерде «Уважаемый!» деп шығарып салмақ. Мадиношпен Ханшатырға тағы есеп анықтауға барғанда өткенде жолыққан күзетші жігітпен ұшыраса кеттім. Келіп амандасты қолымды алып. Халын сұрадым да өте шықтым. Ойымда осы жігіт және оның өткендегі сөздері жүрді. Түнде масаң жатқан Мадиноштан әкесі туралы сұрадым.
- Қазақстанның бүкіл байлығын ұстап отырған 16 адам болса, соның бірі менің әкем, -деді.
- Аты кім, -деп едім,
- Саған көп нәрсені білудің қажеті жоқ. Өзіңе зиян болады, -деп жұмған аузын ашпады. Мадинош әдетте ешқандай ашылып сөйлемейді. Бір нәрсе айтты ғой, екіншісін сұрап қалайын деп:
- Осы сенің руың қандай?, -деп ем, жастықтан бері аунап түсіп:
- А, сенікі қандай?, -деп сұраққа сұрақ беттестірді.
- Менікі – Шөмекей.
- А, ондай руды естімеппін.
- Өзіңдікін айтсаңшы енді.
- Менікін біліп керегі жоқ. Жақсы адамда ру бар, жаман адамда ру жоқ, -деді де, сылқ етіп ұйқыға кетті. Телевизордың дауысын бәсеңдетіп қойдым да, осы сөзіне миым жетпей біраз ойландым. Ол өзінің жауыз қылықтарының түбіне жете ойланған ба, өзін шынымен жақсы адамдардың қатарынан есмеспін дей ме, өзін еш уақытта төмендетпейтін оның мұнысы не дегені екен?! Ақырында, қажытар ойдан талықсыған мені қоңыр түннің көрпесі жаба берді.
Енді мен казинода ауызыма Treasurer сигаретін қыстырып отырып доллар таласына түсетін болдым. Мадинош электронды темекі мен сутемекіні(кальян) ермек үшін болымсыз сорып ырымын жасауды осы казинода да, түнгі клубтада істейді. Бірақ, әріге бармайды.
- Клубқа кеттік.
Осы клуб та олардікі. Өйткені, біздің бірге тамақтанатын ресторандарымыз бен көңіл көтеретін клубтарымыздың саны көп емес әрі осыларға қайта айналып бара береміз. Менің түсінгенім Мадиноштың ақшаны аямай жұмсайтын орындарының бәрі өздерінің меншігіндегі орындар екен. Ол қанша ақша жұмсаса да оның бәрі кіріс болып өздеріне түседі де, олар ешқандай шығын көрмеген болып шығады. Міне, осындай ақылдылық.
Мадиноштың Комсомол кентіндегі тағы бір пәтеріне бардық.
Мадинош аунап-қунап жатқанда мен жатпай, қазықтай қадалып отырып алдым.
- Өкпем қара қазандай. Бір автомойка ашқым келеді. Ашып берсеңші таңнан кешке дейін бос жүрем бе өстіп.
- Ашып берем.
- 150 мың тг айлықтан басқа қолыма ештеңе бермейсің. Қағаз ақша қолдануға тиісті жердің бәрінде қалтама ақша саласың да, шыға бере бәрін қайта ап аласың.
Ол тек күлді.
- Мен сенімен алда ЗАГС-ге тұрам.
Осыны айтты да, керіліп-созылып жатып:
- Келші, -деді. Удай мас. Менімен төсекте мас емес болған күні әнеу күнгі жалғыз түн. Калған түннің бәрінде мас.
Мадинош әр жолы «ЗАГС-ке тұрам, автомойка ашып берем» деп сандырақтап жатады да, ертесі оны әдейі ұмытып кетеді. Менің осы жерде қалғаныма алты ай толғанда соңымнан көлеңкедей ілесіп жүретін қара машина жоғалды. Мүмкін «енді сенуге болады» дегені шығар. Мадиноштың үнемі мас болуы Мадиноштың әйел ретінде түнгі жұмыста тартымды қылық жасай алмайтын қопалдығын жасыруы үшін деп те ойлаймын. Оның құрбысы бұл жағында әлдеқайда тартымды, қылықты, айлакер екенін тұспалдаймын. Бұл тұспалымның шындыққа шыққан бір түні болды. Мен оның құрбысына барып, оның менің құлағыма өзеуленіп тамызған сырларына қанық болдым. Оның құшағы, қылығы баға жетпес тартымды-ақ. Оның қылықтылығына қарап отырып мен «оңбаға» деп санайтын Мадиноштың тәжірибесіздігін көріп аяп кеттім. Құрбысы қанша ашылып сөйлесе де, менің ашылып сөйлемеуімнің себебі: мені көзінен бір сәтке таса қылмайтын Мадиноштың мына жағдайдан хабарсыз қалуы мүмкін емес. Демек, құлазыған құрбысы бір түнге рұқсат сұрап алған болуы мүмкін одан. Осы түн арқылы менің ішімде не жатқанын білуге де талпынса керек.
Қараша айының ақ гүлдері төгіліп, жер бетін қылау жапты. Астана қалтырай бастады. Менің Мадиноштың жанына келгеніме 7 айдан аса бастады. Күнделігімнің ең бірінші бетіндегі 04.04.2014 деген уақытты оқып, бүгінгі 16.11.2014 деген уақыттың арасын салыстырдым. Намаз оқымасам да екі алақанымды жайып жіберіп:
- Иә, Алла, мені Мадиношпен ЗАГС-ке тұрғыза көрмеші!, -деп жалбарынам.
Ақ бұрқақ ойнап, сақылдаған сары аяз Арқаның жонын үстікенде тағы да достары жиналып, Әл-Фараби оқушылар сарайының қырындағы көшені жауып темекіні бұрқылдатып тұрдық. Қалың киінген ешкім жоқ. Қымбат араққа қанып алған оларды суық алмайды. Мен жаурап Мадиноштың денесі қашан да оттай жанып тұратын Талшын құрбысының ашық белінен ұстап жылынып тұрдым. Олар ұзақ тұрған сайын шыдамым таусылып қалтырай бастаймын. Жиналып алып «Bao-Bao» түнгілік кулбқа бардық. Мадинош ешқашан жұлқынып билемейді. Бидің сүйкімді тербелістерін үйреніп алған. Сол сүйікті қозғалыспен тербеліп, жеңіл қозғалыстар жасап ғана тұрады. Клубта үнемі солай.
Екі күннен соң бассейнге бардық. Мен мандытып жүзе алмаймын. Ол құрбысымен қатар жалаңаштанып отырады. Барыс-Арена спорт кешенінің жүзу орнын қалаған уақытқа алып алады да, басқаларды кіргізбейді.
- Үйреніп кетесің. Ештеңе етпейді, -деп демеу береді.
Тамақтанып отырып:
- Фитнес-кулбқа неге бармай жүрсің. Барсаңшы, -дейді.
Мені Iron фитнес-клубқа бір жылға жазып қойған. Ұнатпаймын, бармаймын. Спорт картамды аю өрнегі түсірілген жұмтаққа(кресло) лақтырып жіберіп үйде зерігіп жата берем.
- Өмірдің рахаты деген осы. Қалай өмір сүру керектігін көрдің бе?
Басымды сақалы темір торға ілініп қалған серкештікіндей шапшаң түрде изей бердім, басқа ләм-мим демедім.
Мадинош әр күні таңғы 6-да тұрып жүгіреді, содан соң тамақтанатын уақытында мені шақырады. Үнемі жүзіп тұрады. Денесі арық та емес, толық та емес, толысқан әппақ ай. Киіиді өте әдемі жаратырып киіп алады. Ондайда мен қызықтап елжіреп қарап қаламын. Есімді жинап алып сұлулықтан басымды шығарып алып, өзіме келген соң барып машинаның есігін ашам.
Қыс ортасы. Аяз Астананың топырағына мұзға төсеп, құшағына шытырлатып қыса түскенде, үйлер селк-селк етіп, жаны нәзік жандар төсектерінде ұйқысы бұзылып сан рет аунай беретіндей.
- 2 сағаттан соң әкемізге барамыз.
Депутаттар қалашығында бір тәжді ғимараттың алдына келіп тоқтадық. Әкесі маған алыстан семсердің жүзіндей суық қарап қойды да, мынауың кім деп сұрап жатқандай болды. Мадинош маған бір қарап қойды да, бірдеңе деп жатқан. Біршама уақыт сөйлескен соң әкесі ғимаратқа кіріп кетті.
- Қайтамыз, жүр.
- Жындысың ба, не? Әкеңмен мені неге таныстырмайсың?
- Зб. Аузыңды жапшы.
Мадинош арам ауыз сөздерді бұрқыратқанда мен де аянып қалмаймын.
- На... Ху... Жапсаң аузыңды менен бұрын жапшы шыбын кірмей тұрғанда.
Әр шоқының басынан бір күйкентай соқтығып кетеді сізге. Бойыңыздағы кері бұрқасындардан абайлаңыз. Біреудің лай мінезінің түртпегін жұқтырмай, қағып отырыңыз. Өз тілінің тікені өз көмейіне батсын! Тілінің тікенін қабылдамңыз!
Маған берілген үйде күні бойы қақпа алдында байлаулы жататын овчарканы тамақтандырып қолыма үйретпек болам. Тамағымды жеуін жесе де, арс етіп бір жуымайды.
- Сары овчарканы қолыма үйретем деп әуре брлма.
- Неге!
- Оны әкем күшік кезінен өзі баққан. Овчарканың еркшелігі сол. Кім бақса соған ғана бағынады, екінші адамға үйренбейді.
- Бәрін камерадан көріп отырдың ба, наху?
- Енді ше?!...
Қайқайып, сары-қоңыр шашып саусақтарымен жара, толқытып бір тарап өтті.
Алғашқы кезде мен жатқан үйдің үй қызметін жасайтын апаны:
- Болды, кете беріңіз: -деп жібере салып едім, Мадинош маған ұрысты.
- Сағат онға дейін жүруі керек. Келісімшарт бойынша солай. Оны жіберуші болма.
Кейін тіпті қатты құлазыған уақытта апаны жібергім келмейтін болды.
- Апа, кетпеңізші. Қорқам. Енді біраз жүре тұрыңызшы.
Апа көңіліме қарап тағы бір 30-40 минутын өткізеді. Жастығымды құшақтап етбеттеп жатып ұйықтап қалам. Кеш батқанша жан-жаққа, достарыма өзімнің карапайым телефоныммен хабарласып шығам.
- Ой қалай жағдай, че там брат? --деп саңқылдаған дауысыммен үн қатам.
- Жақсы, шүкір, брат. Кайдасың?
- Астанада сол. Стройкада...
Бұл уақытта үйдегілер мазасыздана бастады.
- Балам-ау, бітпейтін недеген құрлыс. 8 айға таяп барады. Үйге бір келіп кетсеңші. Бұрын істеген жерлеріңнен ай сайын келіп тұрушы ең ғой.
- Мама, еш уайымдама. Әкеме сәлем айт. Жылы қалтқыда істейтін тағы бір жұмысқа кіріп кеткен. Көкөніс баптаймыз. Ақшаның бәрін жіберіп жатырмын ғой үзбей. Игілігін көріп жатырсыздар.
- Сонда да балам...?
Телефонымды ақырын қоям. Екі қолымды жамтап ап,
- Қалай қашып шығам, -деп тағы ойланам. Ойым осылай болсада, осы кездердегі менің бір үлкен өкінішім болды. Осылан екі күн бұрын ғана ол өз машинасын жуып келуге жұмсады. Сол кезде оның машинасының алдында тартпада жатқан портмонесін жұлып ал қарасам, оның жеке куәлігі тұр екен. Мадиноштың атын оқып оның туған жылына қарасам «1986» деп тұр.
- Мәссаған!..
Екі көзім баданадай болды. Менен 12 жас үлкен екен ғой. Қалай білінбейді? Ешқандайда үлкен екендігін сезгем жоқ қой, -деп іштей күбірлеп ала сұрдым. Менің құжатымды тастаған жерінен әлі қозғамапьы. Ол менің есіміме де қарап қойған жоқ. Есімімді білмейді де. Құжатымды ең алған күні лақтырып тастаған бойы қалай қозғамаса, есімімді де солай атаған емес.
- Жа-а-аным, -дейді де қояды.Қашуыма жалғыз тұсау болып жүрген құжатыма қолым жетіп тұрса да, сол жолы «маған сеніп тапсырып отыр ғой!» деп көлігін жудым да орнына әкеліп қойдым, кілтін бердім. Өз көлігінің кілтін алғаш рет ұстатуы еді бұл. Бір жағы казиноларда есепсіз көп ақшаны менің қолыммен айналдырған ол сол ақшаларды түбінде менен сұратама деп қаупім арта түсті.
Ара-тұра басым қатты ауырып, жүрегім айнығанда ол сумкасынан бас ауруға дәрісін береді. Қандай құсқым келіп басым ауырып тұрсада, тіпті тұмауратып мұрным бітеліп, қатты жөтеліп қалсам да оның дәрілерін ішсем көзді ашып-жұмғанша аурудан құлантаза айығып жайнап шығам. Кейін бұл дәрілерінің атын есіме сақтап алып дәріханадан барып бағасын сұрағанымда бүның соншалықты қымбат дәрі екенін білдім. Мадиноштың қыстың өзінде кіндігінен ашық жүрсе де ауырмайтынын енді түсінгендеймін. Уайм басып әрі тұмауратып басым ауырған кездері ол менің басымды уқалап ұзақ отыратын. Оның осындай мейірімділігі де бар болатын.
Ол бүгін тағы сандырақтап жатты:
- Келе...Сі... Сенімен енді ЗАГС-ке тұрам.
Ол кеткен соң тағы да екі алақанымды көкке жайып жіберіп:
- Алла, мені онымен ЗАГС-ке тұрғыза көрмеші, -деп тілеймін.
Ол Назарбаевтың атын ешқашан атап көрген емес.«Папамның досы» деп қысқа қайыратынын мына жерден көресіз.
Ақорданың жанындағы көпірге келіп машинаны тоқтатып сейілдеп тұрдық. Патрулдық полиция келіп «бұл жерге тоқтауға болмайтынын» айтты. Сол кезде Мадинош бөлек шығып онымен біраз сөйлесті де:
- Қайттық, -деді маған басын кекжең еткізіп.
- Папамның досының тұрған жеріне көлікпен жақындауға, албаты жүруге болмайды, -деді жай ғана. Көлікке мінгелі жатып көлігімнің «I love Astana» деп жазылған нөмірін алып тастады. Неге алып тастағанын түсіндірмеді. Содан кейін мен кеткенше нөмірсіз көлік айдадым, бірақ «заң бұздың» деп мені тосқан ешкім жоқ.
2012-2013 жылдары әскер міндетімді өтеген кезімде өзіміздің Тараздың Отар әскери алаңында борышымды өтедім.
- Кішкентайыңнан машина құлағына жармасып өскен болсаң, машинаға шебер боларсың. Сен бұдан былай Отардағы әскери орынның водителі боласың.
Командир осылай бұйырды. Әскери орында қалай водитель болсам, енді міне Мадиноштың да водителі болып жүрмін.
Мадинош көктемнің Астанаға әлі қанатымен толық жайыла қоймаған кезінде әдетінше мас болып жатып, маған «көлігін жуып келуімді» тапсырды.
- Міне, қашатын орай, -деп масаттанып қуандым. Одан алған ақшасы таусылып бітпейтін картамды, айфонымды... Бәр-бәрін қаодырдым да, оның көлігін ашып, портмонесындағы жеке куәлігімді алып, кілтті сыртына жабыстырдым да, қақпадан шығып кеттім. Арнайы билет алсам тауып алар деп пойызға, автобусқа отырмай, Таразға шыққалы тұрған алыс аралыққа жүретін таксиге отырдым. Бұл күннің датасы мені таңғалдырды. Таңғажайып дата.
04.04.2015 күні екен. Бұл сәт - менің Мадиноштың қазығына арқандалғаныма дәл бір жыл толған уақыт. Бір күні де артық не кем емес. Мадинош мені әдейі жіберді ме, ол жағы әзірге анық болмады. Таразға жеткен соң, Қордайға жүргелі тұрған көлікке отырып үйіме зымырадым-ай келіп.
Үйге келсем мен жыл бойы жіберген 2 миллион теңгеге жуық ақшаға әкем үйдің сыртын берік дуалмен қоршап, үйдің кем-кетігін толықтай жөндеп қойыпты. Маған қарап жымияды, разы.
- Бір жыл бойы қайда болдың? Бұл не жағдай?
- Сестрамнан сұраңдаршы. Сол бәрін біледі. Менен ештеңе сұрамаңдаршы, -деп өтіндім.
Дүкенге барып келе жатсам кластассым Аңсар жолыға кетті
- Э, брат, ассалаумалейкум! Келіп алғансың ба? Астана қалай екен?
- Жақсы, шүкір, ойдағыдай. Уағалейкумассалам.
Құшақтасып амандастық.
- Мә-ә-ә, сені «крутой болып кеткен» дейді ғой. Астанада BMW дельфин дейді астығдаңы. Па,па,па,па!...
- Таңдайын қақты,- Таңат пен оның достарын Sportmaster-ден киіндіріп, өте дәмді, қымбат тамақтар әперіпсің ғой. Астанадағы сенің өңіңді, киіміңді тану мүмкін емес, ерекше жүр, -дейді ғой.
- Э, жоқ, қайдағы! Әсірелеп жәберген ғой,-дедім де қойдым.
Ауыз үйге кіріп ішетін су іздеп жүргенімде үйде қонақтардың бар екенін байқадым. Дауыстар дүрлігіп шығып жатыр.
- Біздін арғы аталарымыз шетінен бай, қуатты адамдар болған.
Құрдасының әлдебір қосқан пікірінен соң әкем осы сөзін қайта жалғады:
- Менің тұсымда ғана заман тарылып күнімізді қалт-құлт етіп әрең көріп отырмыз ғой.
Әкемнің сөзінен күйініш табы байқалады. Соншама биікте табаны күректей бір жыл өмір сүрген соң, енді ауылға түсіп қалғанда төменде жүру адамға оңай соқпайды екен.«Уважаемый!» деген сан қилы тұнық дауыстар құлағымнан жаңғырып өтеді. Осы кезеңдерде, өзімнің меншікті машинам болмаған соң, такси жүргізудің жөні жоқ. Өзіміздің Қордайдағы Газпром Нефть жанармай құю орнына жұмысқа тұрдым. Ыстықкөлге сапар шекен Алматы мен Астананың небір ақ жағалылары, бай-бағландары осы араға келіп бакін ауызы-мұрнынан шығара толтырып алады.«Ішінде Мадинош болып қалмаса екен!» деп қымбат машиналар көрінсе теріс айналамын.
Қордай Газпром Нефть жанармай құю орнында тұтқа(пистолет) ұстап тұрған мені қалшылдатып тұрғаны даланың суық желі емес, Ыстықкөлге бара жатқан машиналармен қатарласа шапқан өмір тарихымның ызғары еді. Осы ызғарлы оқиғамды оқымас бұрын, қалшылдатар жеріне келгенде жаурамауыңыз үшін тоныңызды қалыңырақ жамылып алыңыз деген едім. Тоныңыздың жылулығы арта түскей. Газпром Нефть жанармай құю орнында екі жыл бойы пистолетчик болып істегенде сары әйелді көрсем,«Мадинош па?» деп алаңдаумен өмір өткіздім. Үшінші жылы мен кассир болып өрледім. Ол кезде жүрегім тыныштыққа шомып бұрынғыдай алаңдауым азайды. Содан кейін жағдайым жақсарып, көлік сатып алғанымда алыс-жақын аралыққа кіреге жүре бастадым. Алматылық Көкбөрі Мүбарак деген жазушы жігітті дидар ғайып деген, Тараз түбіндегі Сарыкемерде жолықтырдым. Ол күпісін жылтыр былғарымен қаптатыпты. Менің айналамдағыдар оны сыртынан «жылтыр көйлек» деп атады. Өйткені, бұл кезде Еркебұлан Құмаровтың «Жылтыр көйлек» әні хит болып тұрған кез. Осы кезде осы ән тақырыбымен жылтыр күпілі қаламгер жігіттің бейнесі ұштаса кетті. Мен оларды күлкіден тыйып оның киімдерінің қаншалықты қымбат тұратынын айтқанымда олардың ауызы ашылып,кібіртіктеп қалған. Көкбөрі жан-жаққа кіреге жүретінімді естігенде:
- Астана жаққа неге жүрмейсің, -деді. Ол менің алғашқы махаббатымның әкесі сияқты бес уақ намазын қаза қылмай, тәспиқ тартып, салауат айтып және лингвистикалық зерттеуін жасап жүрді тоқтамай. Мен Астанаға қанша ақша берсе де не үшін жоламайтынымды, Қарағандыға жетіп барып кері айналып кететінімді осы жігітке ғана баяндап берейін деп шештім. Оның мұны шығарма етіп жазуын сұрадым. Ол келісіп үлгерді. Ол менен:
- Бұл жағдайға қалай тап болдың?,- дегенде:
- 2014 жылы ақпанда Астанаға Тараздан бірнеше жігітті стройкаға шақырды. Жұмыс соңында қаражатымды бермей лақтырып кетті. Аш қалып, қатты ашуланып кез-келген біреуді тонауға шықтым. Мектепте үйренген өзін қорғау әрекеттерін жаттықтырушы үйреткенде «мұны төбелеске, бұзақылыққа істетпейсіңдер» деп еді.Біз бір әрекет білген сайын төбелесіп спорт заңын бұздық. Енді сол шыныққа қолыммен тонаушылыққа аттанып барам. Екі аяғым қарды қарш-қарш еткізіп жаншып өтеді. Ауызыма «иә, құдайым мені қатты тойдыршы!» деген сөз сап ете түсті. Осы сөз менің тағдырымды жыл бойы қатты тойдырып,«бәріне тойдым» дегіздіретін шаққа алып ұшты. Осы кезде бір танысымнан дыңғ ете түсіп келген қоңырау менің өмірімді өзгертіп жіберді.
- Стройкаға жұмыс бар Астанада. Істейсің бе?
Бір байдың үйі екен.Соны жөндеп бүтіндеп болар кезде байдың қызы келіп тексереді деді. Ол келгенде тоқтамай жұмыс жасап жатуымыз керек болды. Ақ түйедей керілген әппақ тойота ішінен сол кезде осы Мадинош түсті. Мені көріп қасымнан өте шығып, қайта айналып келіп қарап тұрды да бригадирге:
- Оның жұмысы енді басқа жақта болады. Жиналсын!,-деді. Бір сумка затымды мойыныма іліп алып машинасына отырғам.
Үндемедім. Жолда:
- Сенің жұмысың – менің водительім болу. Менімен жатасың. Бұл жерде алатын 150 мыңыңды ай сайын қолыңа беріп тұрам. Жатын орның, тамағың болады, -деді.
Әрі қарай тырнақ алдыру, сақал қыру, денені қақтап ағарту, киіндіру содан тамыр тарта жөнелді. Құжатым қолында болатын, портмонесіне салып машинаның алдыңғы таптпасына тастай салды, атымды да қараған жоқ. Мен Көкбөріге әулетімізде жақсы сақталып жүретін тәпиғымды сыйға тарттым. Көкбөрі өте көңілді жігіт екен. Менің Мадиноштан қашпауымды, алда кезігіп қалуымыз мүмкін екенін айтты. Әкемнің күйінішті сөзі есіме түсіп, бұрынғы байлардың тұқымы осы заманғы байға жақын жүреді деген ой қылаң берді. Болат Назарбаевтің тоқалы болған Динара Әлжанның сұхбатынан оның да әрі жағында байлық барын аңғарғандаймын:
« Қыз өсіріп отырғандар өзгенің қызын табаламасын. Динара Әлжан туралы сұхбат өсек теру емес, ол бір адамның тағдыры. Бір адамның тағдыры арқылы Қазақстандағы 30 жылда ісіп-кепкен дөкейлердің ойына келгенін жасағаны туралы романның үзіндісі. Сенің қызыңа кез-келген дөкейдің көзі түспесін. Көзі түссе не өз еркіңмен беруіңді қалайды, одан бас тартсаң зорлықпен алсада алып кетеді. Сондықтан, жатып алып «ақшаға сатылған, құлқынның құлы болған арсыз» деп табалаудың орны жоқ. Оны табалап жерден алып, жерге салып отырғандар өз қызының періштедей өмір сүретініне сенімді ме?
Динара Әлжан барынша шынайы, бүкпесіз, адал, ержүрек қыз. Арғы аталары мейлінше бай болған адамдардың ұрпағына осындай сұрқия кезеңдерде де байлық тұтқасын ұстаған адамдардың өміріне жақын жүру бұйырылады. Арғы атасы мүлдем кедей адамдардың ұрпағы бүгінгі байлыққа жақын адамдармен жақын байланыста бола қоймайды. Осындай бір түсініксіз жазмыш байламы бар. Динара Әлжанның да арғы аталары бай, қуатты болған деп топшылаймын. Дөкейлердің қыздары да көзіне түскен еркекті жіпсіз байлап алады. Ұзағанда 1-2 жылға созылатын жыныстық құлдықтың өзгеше түрі. Алдап-сулап, сылап-сипау көзге уақытша махаббат құсап көрінгенімен, ол жерде өмірлік махаббат деген ұғым болмайды. Осыған қатысты мысалдарды білемін. Болат Назарбаев өзіне ең адал, ең сенімді, ержүрек ұрпақ тәрбиелеп беретін, өзіне шынайы көңілмен ән арнаған, тағдырына бұйырылған ерекше адамнан айырылып қалды. Оны басқа әйелдермен бірдей деп есептеді. Жаманға да, жақсыға да құдай үлкен мүмкіндік беретін еді.
Динара Әлжан бақытты болуға тиісті адам. Бір адамның ойран болған тағдырының үстіне тас атуларыңыздың қажеті жоқ. Тағдыры бір рет бүлінген әйел заты екінші адамнан шынайы құрмет, мейір күтеді. Екінші адам оны тастап кетсе ол бүлінген үстіне бүліне береді немесе торығып қиналады. Өз өмірін адамдар алдында да, Құдай алдында да ашық жеткізген Динара Әлжан алдағы уақытта бақытты болады бұйыртса. Тіпті ең кемел жандардың қатарынан орын алады»...
Көкбөрі кеткен соң, мен тағы да аяқ астынан қалтырай түстім. Қордай Газпром Нефть жанармай құю орнында тұтқа (пистолет) ұстап тұрған мені қалшылдатып тұрғаны даланың суық желі емес, Ыстықкөлге бара жатқан машиналармен қатарласа шапқан өмір тарихымның ызғары еді. Осы ызғарлы оқиғамды оқымас бұрын, қалшылдатар жеріне келгенде жаурамауыңыз үшін тоныңызды қалыңырақ жамылып алыңыз деп едім ғой. Дәл қазір өзіңізден сол қалың тоныңызды маған жабыңызшы деп жалғыз ауыз өтінішімді орындағаныңызды қалаймын.
Мәдениет порталы