Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері (2022) Энни Эрно, Нобель сыйлығының қызметкері Клэр...
Көлеңкеде қалған - Жүсіп Қыдыров
Орыс поэзиясында "Пушкин дәуірі" деген бар. Ол кезеңде алапат ақындар болған, бірақ олардың бақытсыздығы - есім-сойларына, шығармашылығына арабтектес ұлы ақынның көлеңкесі түсіп тұрады...
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары - қазақ әдебиетінің шырқау биікке көтерілген шағы. Әсіресе, поэзия жаңа қуатты толқынның арқасында жалаң ұраншылдықтан, әсіресаясатшылдықтан, жасанды патетикадан біршама арылып, өзінің байырғы арнасына қайта түскендей болды. Әдебиетке Төлеген Айбергеновтің келуі жаңа бір дәуірді бастап берді. Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырза Әлі, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиевтер қиын да қызықты ізденістер нәтижесінде соны соқпаққа түскені белгілі. Бұл гиганттарды өкшелей, Фариза Оңғарсынова мен Мұхтар Шаханов кіріп келген. Ал, Өмірзақ Қожамұратов Алматыда найзағайдай жарқ етіп, ауылына кетіп қалса да, өлмейтін мұра қалдыра білді.
Осындай алыптар арасында бәсекелестік мықты болғандықтан, өлең өсіп-өркендеді. Тіпті, бұл ақындардың өзге қатарластарына көлеңкесі түскеніне де дау жоқ. Классиктер оқырман талғамын қалыптастырады.
Сол сұрапыл толқынның ішінде тың ізденістерге барып, әжептәуір нәтижеге қол жеткізген ақындардың бірі - Жүсіп Қыдыров. Ол ұзақ жылдардан бері көлеңкеде қалып келе жатқанымен, бүгін "ақынмын" деп бұтына толып жүрген, мүшәйра біткеннің жүлдесін қанжығасына байлағанды мәртебе көретін, "б" класстағы талай жазғышты қалпақпен ұрып алатын талант иесі.
Кейде өткенге көз тастаудың да қайырлы жақтары бар. Қазіргі поэзияның бастаулары кешегі күннің қойнауында екенін ұмытпаған жөн. Назарларыңызға Жүсіп Қыдыровтың бір топ өлеңін ұсынамыз. Патша көңіліңізден шығып жатса - ақынның өлмегені!
P.S. Ақынның лирикасы әнге сұранып-ақ тұр.
ЖҮСІП ҚЫДЫРОВ
(1937-1983)
БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ
Күндер де күндер болғанда,
Күлтілдеп өскен қоғажай
Күңіренген жауға толғанда,
Шырынды жайлау шымқай көк
Шерулі шаңға қанғанда
Шыдап бір жатар ер бар ма?!
Аспандап ұшқан ала үйрек
Аңқылдап келіп, адасып,
Қос қанаты талғанда,
Қарқылдап күліп көңқарға
Тоймай ішіп, тояттап
Тұмсығын қанға малғанда, -
Шыдап бір жатар ер бар ма?!
Шамырқанып шаңқ етіп,
Шашақты найза жарқ етіп,
Шырадай жанар жалт етіп,
Күлдір-күлдір кісінетіп,
Аузымен құсты тістетіп,
Аттандап атқа қонар да.
Құрақты көлден дәмелі,
Құйқалы белден дәмелі,
Дұшпанға қиқу салар да.
Ала өгіздің терісінен кескен адырна,
Аңыратқанда алты қарыс жебені,
Асфахани алдаспан
Айқайлап шапқан денені
Бассыз ғып, етсе адыра
Мейірің бір сонда қанар да.
Арғымақ мініп атойлап,
Қабырғасын күл-күл қылып күйретіп,
Қатарын жаудың сиретіп,
Сұңқардай сүрен салар да.
Қамшыдан аспас қаруы,
Қиянаты жоқ адамға
Қазақтан туған қайран ұл
Қылышын қанға малар да.
Қасірет қуған қаскөй жау
Қауқарсыз бұлттай ыдырап,
Қасиетті менің жерімде
Жұлынынын үзіп, жайланар
Қарауытқан қасиетсіз молада.
Е-ей, сонда бір көңіл жайнатып,
Ақбоз атты ойнатып,
Ауылына асық ардагер
Оралады майданнан.
Ақ сақалы желпілдеп,
Атаға тартқан көркім деп
Әкесі сүйер маңдайдан.
Ақ жаулығы желбіреп,
Қуана жылап, елжіреп
Анасы сүйер шалғайдан.
Тойлы күндер таусылмас,
Сұлу қыздың шолпысындай сылдырап,
Шымылдықтың шашағындай судырап;
Ән төгілер көмейден,
Жыр төгілер таңдайдан.
Туған елдің бақытына марқайып,
Түн қатқан ер
Қыз төсіндей ақ жастыққа жантайып,
Көз алмайды шолпаннан,
Көз алмайды айманнан.
Ұзағынан болсын қызығың,
Ұлдары нардай қайран жұрт!
Хас батыр отыр қасыңда,-
Қынапта жатқан қылыштай
Қылп-қылп етіп қайралған.
НАР ТӘУЕКЕЛ
"Нар тәуекел!" деп жарақты жаудан жасқанбай,
"Бір елім үшін пида, - деп, - мына қалған жан"
Дұшпанын таптап қаһарыменен асқардай
Бабалар өткен қиын да қыстау жолдардан.
"Нар тәуекел!" деп тәңірге жалғыз сиынып,
Көштері өткен долданып жатқан сулардан
Керуендері өткен жыртқыштар толы нулардан,
Таңдайы кепкен таусылмайтұғын құмдардан,
Шетсіз де шексіз сабырлы, жалқау қырлардан.
"Нар тәуекел!" деп, тістеніп, жағы қарысып,
Қарагер аттың жалына қата жабысып,
"Осы көкпар үшін пида - деп, - мына қалған жан",
Қарғыған талай опасыз терең орлардан,
Қасқайып тұрған жарлардан,
Ұйысқан жусан ішінде бұққан сайлардан.
"Нар тәуекел!" деп қылышынан қызыл қан тамған,
Хан, төреге- кәрінен дүние шайқалған,
"Бас кеспек бар да, тіл кеспек жоқ!" деп ақындар,
Сескенбей айтқан ел кегін,
Жазықсыз мерт боп қапыда кеткен ер кегін.
Оғындай мірдің сөзімен бәрін жайпаған.
"Нар тәуекел!" деп жігіттер атын ойнатып,
Жас арыстандай атылған сонау Айға тік,
Жолында тұрған жасық пен езді жайратып,
Ала кеп қашқан сүйген бір қызын жайнатып,
Бір ауылды ыза мен кекке қайнатып,
Бір ауылды ыю да қыю тойлатып.
Нар тәуекел - ұстара жүзі қылпыған,
Бір жағы - өлім, бір жағы - өмір құлпырған.
Осы ұранды айтып күштіні жыққан әлсіздер,
Осы ұранды айтып жігіттер алға ұмтылған.
Ақ намыс туындай - айқасқа кіріп боз аттар,
Осы ұранды айтып арманда кеткен боздақтар.
Ұрпақтар - ата жалғасы,
Шығады талай
Өмірде егес-бәйгеге.
Ей, туыстар, тәуекел - ердің жолдасы,
Ержетпей-ақ ұлың "тәуекел!" десе, "қой!" деме.
Ұстараның жүзімен жүрер батырлар,
Ұстараның жүзімен жүрер ақындар...
********
Алыста қарлы тау қалды,
Дүниеде жалғыз: көктем, біз.
Армандай әппақ бауларды
Аралап жүрміз екеуміз.
Бұл көктем басқа әр жылы
Көктемдер емес мен көрген.
Даланың майса шалғыны
Тірліктен мынау тербелген.
Шақырар мені соңғы рет
Шықпаған бұрын бір биік.
Шақырар мені мөлдіреп
Маржандар толы тұңғиық.
Терең мен шыңды көремін
Мұнарлы сенің көзіңнен.
Махаббат тәңірі дегенім
Айнымайды екен өзіңнен.
Табынам саған бас ұрып,
Сезімімді айтар тіл бар ма?!
Көз жасым желмен шашылып
Қалмаса болды құмдарда
Сенемін мынау көктемге,
Мұз қалдырмаған шыңымда.
Құйылған көктен көк көлге
Сенемін сенің нұрыңа.
Сағына жұтып саумалды,
Тереміз гүлді екеуміз.
Армандай әппақ бауларды
Аралап жүріп өтерміз.
******
Алыс-алыс елдерде,
Сен көрмеген жерлерде,
Сен шықпаған дөңдерде,
Сен жүзбеген көлдерде
Жүреміз ол екеуміз.
Самаладай түндерде,
Сағыныш толы күндерде,
Айтылмаған әндерде,
Тартылмаған күйлерде,
Ашылмаған гүлдерде
Жүреміз ол екеуміз.
Таңның мөлдір шығында,
Ертегінің шынында,
Шөлдеп өткен ғашықтар
Ләйлі-Мәжнүн құмында
Жүреміз ол екеуміз.
Алатаудың тасында,
Асқар шыңның басында,
Меруерт боп шашылған
Мың жұлдыздың қасында
Жүреміз ол екеуміз.
Жаңбыр болып жауасың,
Самал болып соғасың,
Бұлақ болып ағасың,-
Бізді іздесең шарқ ұрып,
Көз көрмеген қияннан,
Ой жетпеген қиялдан
Екеумізді табарсың.
*****
Қызғалдақтар жасыл белде ашылған,
Сонадайдан көзге оттай басылған,
Жаралдың ба аспандағы жасыннан,
Жаралдың ба ғашықтардың жасынан?!
Қызғалдақтар алаудай боп шалқыған,
Сонадайдан хош иісі аңқыған,
Жаралдың ба жүректерден шарқ ұрған,
Жаралдың ба сабырлардан сарқылған?!
Қызғалдақтар қыр қызындай жайнаған,
Сонадайдан көріп тілің байланған,
Жаралдың ба таусылмасқа айналған
Сағынысып, көріспеген айлардан?!
Қызғалдақтар махаббаттай лаулаған,
Менің мәңгі сүйгенімнен аумаған,
Жанған өрттей жер астынан қаулаған,
Жылыта гөр ғашықтарды жаураған.
Бегабат Ұзақов