Күн сәулесіне шағылысқан оксюморон-II

ӘДЕБИЕТ
2358

Жоан Миро. Әлемнің жаралуы. 1925 жыл

Әйел әлемі

Әйел дегеніңіз – біреу үшін Әлем секілді ашық, бәзбіреу үшін мың құлпылы есіктей жабық...

Әйел – Пейіште жүргенде-ақ Құдай «тыйым салған жемісті» бірінші жеген, Адам-Атаның қабырғасынан жаралған күрделі, «синтетикалық» жан иесі. «Қисықты түзетсем» деген ой – дұрыс ой, дегенмен оның морт – «парт» сынатынын ескерсек екен.

«Әйелдер әлемін» түсіну тым қиын, ал сезіну аса қолайсыздау болғандықтан да, көп ел осынау сөз­ді түсіндірме сөздігіне енгізіп қойған екен. Ол әлемнің ішіне енді ғана дендеп ене бастағандар өзі үшін үлкен жаңалық ашары сөзсіз. «Әйел затының жоқ дегені иә, ал иә дегені жоқ...» екенін дәлелдеген психоаналитик З. Фрейдке бәрі алғыс айтқанда, бір кейуана келіп: «Бұл да аксиома емес», – деуі – әйел­ өмірі­нің соңына шейін ішкі және сыртқы қайшылықпен, өз «шай­та­ны­мен», өз қалауымен, өз болмысымен, өз арымен, өз ойымен, өз-өзі­мен күресіп өтетіндігінің бір ғана дә­лелі. Әйелдің артықшылығы – қателікті кешіре білуінде. Оның жаны НКВД архивіндей жабық әрі сан түрлі сыр­ға толы келетіні – бітім-болмысынан. Жаратушының кереметі көп қой. Соның бірі – Ана, жар, қыз, әпке, қарындас. Әйел – Ана! Анадан хан да туды, қа­ра да туды, ғалым да туды, залым да туды, үлкен де туды, кіші де туды, әлді де туды, әлсіз де туды, бәрі де ту­ды... Кей-кейде қиялға бері­ліп, «қисық қабырға» ұғымын тәпсір­легенде, ұбақ-шұбақ сөз бен адам са­насы ұғып-түсінбейтін «Морзе әліппесі» іспеттес код-шифр шыққанын байқап, таң-тамаша қалғаны­мыз бар. Ол – оның сезімі, жүрегі, та­нымы, қабылдауы, жүйкесі, дү­ние­танымы. Мына Дүн-дүниеге, жал­пақ Жаһанға жанары жасқа толы әйел­ше қарау да белгілі бір деңгейде – адамның өсу сатысы, түлеуі деуге бо­лар. Себебі, ол әлсіз бола тұра қат­ты, қатты бола тұра өте әлсіз, нәзік бо­ла тұра темір, темір бола тұра бал, бал бола тұра тас, тас бола тұра су, су бола тұра жанартау, жанартау бола тұра самал жел, самал жел бола тұра ар­қаңды қаритын ақпанның аязы, аяз бола тұра тоңғанда, мұздағанда жы­лынатын от, от – От-анасы!.. Қа­зақ топырағында еріне адал, еліне сый­лы боп, Алла алдында үлкен дә­ре­жеге көтерілген кісілер аз емес. Ел жадында жатталған есім­дерді тізе берсек, сұмдық бір ­галерея түзіле түседі: Тұмар мен За­ри­­на патшайымдар, Домалақ ана, Зе­ріп ана, Сары бәй­біше, Рабиа Сұл­тан бегім, Еңлік пен Баян сұлу, Қа­ра­шаш ана, Гүл­бар­­шын мен Құртқа, Ақ­жүніс пен Назым, Гаухар ана, Айша-бибі, Ба­баджа-хатун, Абақ ана, Жаған бике, Бопай, Фатима, Тоташ, Күнімжан ханымдар, Хан­би­бі, Айтолқын, Гауһар батыр, Есенби­ке, Табын Сапар (Сапура) Мәтен­қы­зы, қыз Данай, Айбике-Шаншар, Нұр­бике-Шан­шар, Қызданбике-Ша­н­шар, Бо­тагөз батыр, Ақбикеш, Мұ­рын ана, Қызай ана, Бақты ба­тыр, Зере мен Ұлжан, Айғаным мен Ұлпан ана­ларымыз, т.б. Дәл осы бір сал­қар көш­ке әдебиет, мәдениет және өнер са­ласында еліне елеулі ең­бек еткен тұлғалар да енгені сөзсіз...

Жоан Миро. Ару құшағындағы сандар мен жұлдыздар. 1941 жыл

Тосын кездесу

Аптаның қай күні екені дәл есімде жоқ. Әй­теуір, мезгіл – күз. Ай – қыркүйек. 2013 жыл. Егер ұмытпасам, санамда сақ­тал­­ған хронология осындай болса керек. Қатты жаңбыр жауып тұрған. Ас­панның түбі тесілгендей, тура. Қолымда – «Академ-кітаптан» сатып алған үш кі­тап: Вампиловтың пьесалар жинағы, Агни-Йога, Леонардо да Винчидың ой-толғаулары. «Алматы-2» теміржол бе­ке­ті­не жақындаған тұста күртешесінің ар­қа­сына Дәуіт жұлдызы суретін тік­тіріп алған, басына кипа киген, әрдайым ұшы­расатын жебірейді кезіктіріп қалдық. Көше сыпырып жүр екен. Амандасып, жанына таяп барып:

– Шалом алейхем, – дедік қайтер екен деп.

Жалт қарады да:

– Здравствуйте!.. – деді салқын ғана.

– Сөйлесуге уақытыңыз бар ма?

– Жұмыстан кейін әңгімелесейік. (Қо­лы­ма қарап) Кітапқұмармысың?

– Иә.

– Үйімде үлкен кітапханам бар. Егер уа­қыт тапсаң, жұмыстан соң менімен жүр. «Алек­сандрия кітапханасындай» болмас, бі­рақ аса шағын да емес, – деді қалжыңдап.

– Бір сұрақ қояйыншы.

– Қой.

– Еврей ұлты неге әлемді жаулағысы келеді?

– Білмеймін. Өзімде ондай жоспар жоқ. (Күліп). Бір нәрсе айтайын... ғылым-бі­лімге ден қоюға бәрі құқылы. Баланы кі­тапқа жастайынан баулу керек. Ал, қол­дан келсе қоныштан басқанға не жетсін. Иосиф өзін өте қарапайым ұстайды. Туыс­қандары Йëся деп еркелетеді екен. Әл­гі кісімен біраз әңгімелестік. Белгіленген аумағын сыпырып болған ол, киімін ауыстырып көлігіне мінді де кетіп қал­ды. Сыртқа сыр шашпайтын адам кейде «сын сұрақ», кейде «жын сұрақ», ал кейде «шын сұрақ» қойып есіңді аударады. Бір нәр­сені өтірік білмегенсіп, сұқбаттасының па­расат-пайымын, ой-өрісін тексеріп алады. Иосифпен сөйлесіп отырғанда шы­ны керек, ішімде қызғаныш сезімі пайда бол­ды. Егер ынталанса олар үйренген дү­ние­ні қазақ та еңсере алады ғой. Олар білген нәр­сені қазақ та біле алады емес пе?! Рас қой. Құдай біреуін артық, біреуін кем еткен жоқ. Бәрін тең жаратты. Бізге асылы қай­сы, жасығы қайсы, айыратын кез жетті. «Анау мықты, мынау дүлей» деген сайын адам санасында «психологиялық барьер» пайда болатынға ұқсайды. 

АҚШ-тың девизі: «Ақша тау­сылғанда соғыс ашу керек». Расында да солай. Саяси тұрақсыз елдерде көтерілістер қол­дан ұйымдастырылатыны, оның көп­те­ген жоспары, сценарийі бар екені еш­кім­ге жасырын емес. Бұндай аса ауқымды жо­балардың басты мақсат-мұраты рес­пуб­ликаның бар байлығын басып алуға ба­ғытталған-ды. Психология, биология, ге­не­­тика, химия, медицина, дін, саясаттану, әлеуметтану сынды салалармен қаруланған «Ақылдылар алқасы» Жер планетасында өз билігін орнатуға ниетті. Дүние күйіп кетсе де отырған орнынан бір қозғалмайтын мінезімізді жөн көріп, «қойдан қоңыр» деп сылап-сипаумен әлі келеміз. Уақытындағы катаклизмге сабырмен қараған жапон жұртының мінезі бір ғана жылда не бір ғана ғасырда қалыптаспағаны мәлім. Ол самурайлар салған са­ра жолдан айныған жоқ. Рухты екенін көрсетті. Арына түскен қа­ра дақты харакиримен жуып-шаюға әдет­тенген олар Фудзияма басына шығып, Жа­ратушыға барлық сырын айтуға дайын жү­ретіні сеп­тігін тигізсе керек (осынау нәрсе адамды шы­найы әрі ашық болуға тәрбиелейді). Жа­пония қиын кездерді басынан өткеріп жатқанда бір тәтеміз айтпақшы: «Жапондар жақсы халық. Себебі, африкалықтар жа­ман болмайды, білемін», – деп бір шара­да елді күлдіргені бар. Дәл сол кезде шетелден келген қонақтардың құлақшындары (әлде аудармашы тетікті басып үлгерді ме екен?! Қалай болғанда да о жағы бізге бұ­лың­ғыр) істемей қалып, әлгі сөз қазақы күл­кінің фонында қалып қойды. Егер ана сөзді конференцияға жиылғанның бә­рі тегіс естісе нағыз масқара сонда болар еді. Ұлт үшін... қазақ ұлтына сын айтылып, ұятты жағдайда қалар ма едік, кім білсін?! Қайта Құдай сақтады. Әлгі тәтем кітап­тың құндылығы, оның адамзат өміріндегі мән-маңызы турасында бөсіп отырған. Бір сөзі қа­зақша, бір сөзі орысша, енді бірде ағыл­шын «сленгтері» де сөз арасына кірігіп ке­тіп жатты. Соңғы қатарда отырған сту­дент­тер ішін ұстап күлкіге көмілді. Ал, тәр­жімашы бүкіл сөзді «ақсүйектер тіліне» аударып, тігісін жатқызып әлек. Бұ жерден де аман өттік, әйтеуір.

Жоан Миро. Күн сәулесіндегі кескін мен ит. 1949 жыл

«Бір ел – бір кітап»

Есте жоқ ерте заманда «Дао дэ Цзин» трактатының авторы, қытай ойшылы Лао-Цзыға бейтаныс жігіт кеп, шәкірттікке қабылдауын өтінеді. Байқаса, талапкер талай кітапты тауысыпты. Сонда дана дастарқанға жайғасып, шайды алдыменен өзіне түбінен ғана, ал әлгінің шынысын ернеуінен асыра құяды. Жігіт шошып, «мына шалекең алжи бастаған екен» деген оймен орнынан тұра бергенінде, ғұлама: «Сен – мына кесе сияқтысың, бәрін тегіс талғамай оқи беріпсің. Келесіге шейін тәкаппарлығыңды жең-дағы, алдыма әлі ештеңе оқымағандай боп кел! Сенде оқу бар да, бірақ тоқу жоқ екен», – деп жылы шыраймен шығарып салыпты.

Оқу – қараңғылықтан қорғар оққағар, сауатсыздықтан сақтар сауыт. Бала кезде әлі есімде, көп оқып, жырақтау жүретіндерді: «Оқу өтіп кеткендер», – деуші еді, ауылдағы ағайын. Басқа-басқа, бірақ мен үшін шын мәніндегі зиялылар, шын мәніндегі интеллектуалдар – солар-тұғын. Кітап оқып, кісіліктен кеткендерді әлі жолықтырмадық. Қайта, қата­рың­нан қара үзіп, іштей өсетінің өтірік емес. Қылаяғы артыңда ежелгі ассириялықтардың аңызындағыдай: «Ол – оқыды!» – деген белгі қалмақ.

Бояу сыры

Тегінде, өнер адамының жандүниесін, табиғатын, бойына қонған ерекше қасиетін, дарыған дарынын, шама-шарқын шығармасы арқылы танитынымыз шындық. Автордың орнына туындысы сөйлеуге тиіс. Бұл – шығарманың көрерменмен және оқырманмен беттесетін жауапты сәт. Көбіне-көп суретшілер қауымы әлемді қанық бояу қалпында қабылдайтындығын Винсент Виллем Ван Гог мысалынан көруімізге болады.

Осыдан біршама жыл бұрын Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қаламгер-Медиа» орталығының ұйымдастыруымен қылқалам шебері, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің түлегі – Алмас Сырғабайдың ақтаңгер ақын Мұқағали Мақатаевқа арнаған «Қарлығашым, келдің бе?» атты жеке көрмесі өткен еді. Тауарихта суретшінің ақынды объекті есебінде қарастырғаны туралы мысал көп. Айталық, Сандро Боттичеллидың Дантеге, Орест Кипренскийдың Пушкинге, Михаил Врубельдың Брюсовқа, Пабло Пикассоның Сабартеске, Газанфар Халыковтың Низамиға, Әбілхан Қастеевтің Абайға арнаған портреттері – соның айнымас айғағы. Сондағы ақ, қара, көк, сары, қызғылт түстерді мақсатына қарай қолданған «Реквием» атты картина анадайдан көзіме оттай ұшырауы мұң екен, алдында біразға шейін тұрып қалдым. Ортада – Мұқағали, оң қолында – ұшы жалт-жұлт еткен қалам, сол қолында – қағаз, одан кейін өткен мен бүгінгіні жалғап жатқан Пырақ (Пегас), ал ең артында – қап-қара рояль. Аталған қалам иесінің портретін салғандар аз емес. Солардың бірі – Жұмақын Қайрамбаев. Мэтр Жұмақын Қожақынұлында академизм басымдау болса, уақытында біраз шәкіртті сурет өнерінің қыр-сырына баулып, графика, иллюстрация, портретке ден қойған Алмас Сырғабайда эклектика барын байқадық. Суретші осыған қатысты ойын былайша түйіндейді: «Еңбектерімнің негізгі тақырыбы – Мұқағали. Сондықтан да, Мұқағали шындығы арқылы қазақтың болмыс-бітімін ашып көрсеткім келді. Ақын туған топырақтан нәр алғандықтан да бала кезімнен оның өлеңдерін бойыма сіңіріп өстім. Өсе келе сол өлеңдердің құпия-сырларын қылқалам көмегімен бейнелеуге ұмтылыс жасадым. Көп іздендім, оқыдым, зерттедім. Әртүрлі жанрларды қамтуға тырыстым. Әлі де ізденіс үстіндемін. Жалпы, кез келген әсерлі поэзия әдемі суретке сұранып тұрады. Әйтсе де, сөзді бейнеге айналдырып, оған жан бітіру жеңіл жұмыс емес». 

Жоан Миро. Ай астындағы әйел мен ит. 1935 жыл

Тағы да Әдебиет туралы

Әлқисса...

Есте жоқ ескі заманда бір адам болыпты. Жазғанды жақсы көреді екен. Естіген, біл­ген, оқыған, түйгенін түртіп отыра­тын­ға ұқсайды. «Жазу да ұлылықтың бір түрі. Алла берген қасиет», – дейді екен жа­нын­дағыларға. Бәрі оған: «Теңдессіз ше­бер!» – деп лақап ат қойыпты. Жасы жет­піске толған шағында бүкіл ғұмыр бойы жазған дүниесі елу есекке жүк бо­лып­ты. Әлгі ақсақалдың білмейтін нәр­се­сі, оқымаған кітабы жоқ екен. Бір күні ол асау өзеннен өтіп бара жатқанда бар­лық дүниесі суға кетеді. Шал жағада не істерін білмей ары жүгіріп, бері жүгіріп, сол жерде жан тапсырады. Осы жағдайдан кейін ел арасында: «Білгеніңді бізге қал­дыр!» – деген сөз қалыпты.


***

– Сартрды білемісің?

– Жоқ, кім ол?

– Әдебиет пен философияда «сана ағы­сы» деген бар. Оны экзистенциализм дейді. Соның ірі өкілі.

– А-а-а… – деді бәрі таң қалып.

– Марсель Пруст деген жазушы бар. Ға­жап, енді.

– Прус?

– Прус емес Құдай-ау, Пруст, Пруст!

– А-а-а... Қайдан білейік.

– Джеймс Джойстың «Улисс» деген ро­ма­ны бар. Соны оқыңдар. Сендер оқы­май­сыңдар, білмейсіңдер... Ізденіңдер!

Дәл осы бір әңгімені әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-інде оқып жүргенімізде Одақ фойесінде отырған қалам­гер ағамыздың аузынан естіп қал­ған­быз. О кезде «Оба», «Бөгде» және «Калигуланың» әсерімен жүрген біз үшін Камю бөтен көрінбеді. Дегенмен, француз жазушысынан алған со әсер кәсіби әдебиетші биігінен емес, оқыр­мани ой-түйіні аясында ғана қа­лып қойған еді. Кейін Сана турасында Батыс және Шығыс ойшылдарының еңбектерін оқыған соң, тұмсығымыз Чехов­тың «конфликт адам ішінде» концепциясына тірелді. Ескіні жаңа деп таныған біраз кісілердің сөзіне қарап, шыны керек, қарныңыз да ашады екен. Біздіңше, әлем әдебиетін өзіңді өзге әдебиетпен салыстырып, дамудың қай тұсында тұрғаныңды бағамдау үшін қажет (ең басты қажеттілік те осы деп ұққан жөн секілді). Көп оқығанын бұл­дап, көп білгенін міндетсіну әдебиетке қаншалықты пайдасын тигізетінін айту қиын. Алайда, мы­на бір нәрсе анық – әдебиет әркез түрле­ніп тұруға тиіс.

Оқу, білу, іздену былай тұрсын, біз әл­ем әдебиетінің озығын толық игере алдық па? Кітаптан бас алмағандарды «батысшыл» деп айыптап, тұқыртып отырған да өзіміз емес пе?! Ал Шығыс әде­биетін зерттеп, зерделегендерді «шы­ғы­с­шыл» етіп шығаруға бейімбіз. 

Әдебиет біздің бөліп алған ен­ші­міз емес. Бірақ басқа оқымағанды өзің біліп алып, соны ұлы жаңалық ре­тінде көрсет­кі­міз келетін ғадет мақтаншақтық, кеу­дем­соқтық, даңдайсуға ұласып, роман, повесть, новелла «ин­тел­лектуал­дық проза» деген әдемі сөздің қанжы­ғасында кет­песіне кім кепіл?! Фолкнер өзін ешқай әдеби кланға, әдеби кастаға, ешқай әдеби топқа, ешқай ағымға жатқызбауын өтінген. Алайда сыншылар қауымы оны «сыни реализмнің патриархы» етіп сайлапты. Ал түрік жазушысы Орхан Памукқа Набоков қолтаңбасы қатты ұнағанымен оның жазу стилінен орыс қаламгеріне тән ешқандай ұқсастық байқай алмадық. Әдеби ортада: «Памук «дискуссиялық роман­ның» жазушысы», – деген пікір ба­сым­дау. Бірақ ол өз сұқбатында: «Мен ешкімге еліктемеймін. Өзімді мазалаған дүниені ғана жазамын. Шығармамда жаман, не жақсы кейіпкер жоқ. Мен үшін ағым шартты ұғым», – деген еді. Оны бір сын­шылар «авангардист» десе, енді бірі «жаңаша жазатын Бальзак» деп жатты. Бұнымен келісуге де, келіспеуге болады. Әдебиетшілердің оған берген бағасы қан­шалықты дәл екені туралы көп дау­ласуға болады.

Жоан Миро. Күн астындағы әйел. 1950 жыл

Сыйлық

Құдайдың бақырбастыға берген ең үлкен екі сыйы бар. Біріншісі – өмір, екіншісі – сана. Бұрынғының жомарты әрі аңғал батыры Робин Гудтың: «Өмір керек пе, әлде ақша ма?..» – деп сұрайтынындай, жаннан тәтті не бар, бірақ қаржы да қалтаңа ауырлық етпес еді деген дәме, кейде қараңғыда дән іздеген көртышқанның тірлігін көз алдыңа елестететіні бар. Іздейді, еңбектенеді, іздейді, еңбектенеді, ақыры дегеніне жетеді. Алтынның артынан кетіп, Элдорадоны тапсақ деп көксеген конкистадорлар күтпеген жерден адамзат өркениетінің бір бөлшегі, кешегі – инк, майя, кечуа, аймарлардың мұрасына тап болғанын кейін білген-ді. Осы мысалды әдебиетке алып келсек...

Әдебиет тарихын ақтарып отырғанда саналы ғұмырын сыйлықсыз, сый-сия­патсыз өткізген жазушылардың бар екенін де көрдік. Саусақпен санарлық болса бір жөн ғой. Біршама екен. Дегенмен, олар жаз­ды, тоқтаған жоқ. Заманы мен ортасы бөлек бол­ған дейсің. Сол қаламгерлердің туындыларын жаһан сөз жауһары антологиясынан оқисың да бәрін ұмытасың. Біз де бәрін ұмытуға дайынбыз ба? Бірақ ұмытылмай­тын бір нәрсе бар. Бәйгеден орын алып, сахнаға шы­ғып, көрермен қошеметіне бөленген ке­зің... Алған қаламақыңды айт­пағанда, өзіңе белгісіз бір сезім, сені алдыға сүй­рей­тін түсініксіз сезімді ұмыту мүмкін емес. Қа­тарластарың мен аға-інілеріңнің құттық­та­ғаны сені ынталандыра түсетіндей. Ерекше бір күй кешіп, со күй – бір-екі апта, кейде бір ай көлемінде көлеңкедей қасыңнан қалмай жүретін. «Кет!» – дейін десең қуып жі­­­беретін күшік емес. Уақыт өте келе алған әсер жоғала бастайды да, өз-өзіңе келгендей боласың. Айналаңа қарайсың. Әлем ор­нында екен! Тек сен ғана өзгергенсің. Мен­мендік мекен еткен кеудеңде сағы­ныш­қа ұқсас бір Ұлы кеңістік, Ұлы шөл пайда бо­лады да, бәз-баяғы қалпыңа түсесің. Сон­да есіңе Пушкиннің жағада тесік науа ұста­ған кейуанасы түседі.

Лев Толстой «Что такое искусство?» ат­ты еңбегінде көптеген «эстетикалық тео­рия­­ларға» қарсы шыға келе, қасқырмен бетпе-бет келген бала кейін жанындағыларға со оқиғаны айта отыра, оларды да үрейлен­діріп, қорқыныш сезімін сезіндіру турасында ғажап мысал келтіреді. Жазушы да сондай «эмоционалды көңіл-күйді толық­қанды беруге тиіс» дегенді ерекше ескертеді. Ақсақал: «Сонымен? Повестері мен роман­дарындағы сюжеті талас-тартысқа толы Золя, Бурже, Гюисманс, Киплинг, т.б. оқы­ған­­да ешқандай әсер алмадым. Алғашқы сөй­лемінен-ақ автор не айтқысы келгенін аңғарып қойған соң, ары қарай оқудың ешқандай мән-маңызы қалмады. Одан бұрын жазушының повест не роман жазуға ғана құштарлығы болғанын түсіндім. Сезім жоқ. Сол себептен, көркемдік атаулы­ның төмендігінен олар еш әсер етпеді. Ал, өзіме белгісіз бір автордың бала мен ба­ла­пан туралы әңгімесін бас алмай оқып шық­тым. Себебі, жазушы мені терең сезім­ге жетелеп, өзі сезінген оқиғаны бастан ке­шу­ге мүмкіндік берді» деп жазады. Автор Шекспир мен Бетховенге іші жыли қой­ма­ғанымен, Шекспир Шекспир күйінде, Бетховен Бетховен күйінде қалды. Қалай дегенмен де, Толтой ең негізгі нәрсе – бола­шақта жеңіл сюжет пен жеңіл жазу басым­дыққа ие болатындығын әулиелік­пен болжай алды. Нобельді айтпағанда әлемдегі ең белді де­лінген Либерти, Х.К.Ан­дерсен, РКС, Дублин, Орыс Букері, Оң­түстік-Шығыс Азия, АБС, Букер, Гонкур, Пулицер сый­лы­ғы лауреаттарының шығармасын оқығанда осыған көз жеткіз­гендей боласыз.

Бір қаламгерлердің регалийі WORD-тың тұтас бір бетіне сыйып жатады. Ал, библиографиялық көрсеткішін арлы-берлі ақтарғанда оқитын тұшымды нәрсе таба алмағанда мысың құриды екен. Әде­биет­ке адалдық, жазудағы тұрақтылық, жазушының өзіне деген қатал талап та қиын, кей кездері мүмкін еместей көрінеді. Бірақ идеал – қол жетпес арманға деген құмарлық пен құштарлық уақыт өткен сайын өсе береді, ұлғая береді. Сыйлық – ынталандырушы фактор ғана. Оқырман үшін ең ұлы сыйлық – қалам­гер­дің сапалы, көркем шығармасы. Автордың тоқсан толғанып отырып, жүрекпен жазған дүниесінен асқан тосынсый жоқ қой, адамзат үшін. 

Жоан Миро. Көк жұлдыз. 1927 жыл

Әли

Өзінің арғы тегі антропологтардың пікірінше «адам­заттың Отаны саналатын» – «Қара құр­лықтан» бастау алатын, Алланың сы­на­ғын Тағдыр деп қабылдап, ұлы азапты кез­дер­ді өгіз белі майыспай көтерген ұлдар аз емес-тін. Солардың бірі – джеб пен хуктың тең­дессіз шебері, панчер әрі нокаутер Кассиус Марселлус Клей 2016-жылы 75 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Паркинсон дертімен ұзақ жыл­дар бойы күрескен ол, бұны да Жа­рату­шы­ның «сыйы» деп ұқты. Мил­лиондаған жан­күйер жиған, аты аңызға айналған боксшыны достары әзілдеп «ақын» дейді екен. Қарсыласын қай раундта сұлататынын алдын ала шешетіні өз алдына, бұған қоса суырыпсалмалыққа салып, адамның жіге­рін құм қылатын, ашу-ызасына тиетін тақ­пақтар шығарып, горилланың тұлыбымен ой­найтын әдеті – үйреншікті нәрсе-тін. Бойы – 1.90, салмағы – 90 кг, қолы – ұзын, әрі ауыр спортшының жаны нәзік болған-ды. Ке­зекті бір жеңістен кейін үйіне келе жат­қан Әли қанаты сынған кептерді көреді де, оны екі апта бойы баптайды. Әлгі құс ұшып бара жатып Мұхаммед Әлидің басына саң­ғыпты-мыс. Со бір жылдары қара нәсіл­ді­лер­дің боксқа көптеп келуі «янкилердің» қыз­ғанышын тудырған. Алайда, «шын мық­тыны шаршы алаң ғана анықтайды» деген сөз кей сәтте ұран секілді естіліп, саяси си­пат алғаны да заңдылық еді. Расизмнің бе­лең алғаны сонша, ата сақалы аузына түскен шал-шауқанның өзі: «Қаралар – қарғыс атқан нәсіл», – деп боқтанып оты­ра­тын болған. Луисвилльдік гений жас­тайынан нәсілшілдік қорлығын көріп өседі. Анасы – Одесса Клей үй қызмет­шісі, әке­сі – Кассиус Клей суретші болған. Бір күні қат­ты шөлдеген үшеуі бір ақ нәсіл­дінің үйі­не кіріп, су сұрағанда әлгің оларды қуып шы­ғып, есікті тарс жабады. Ал, 1960 жылы Рим Олимпиадасында жеңіп алған алтын ме­далімен бір ресторанға кіріп, кофе сұ­рай­ды, М. Әли. Жауап жоқ. Қызметші «енді қай­тейін?!» де­гендей сыңай танытып, теріс бұры­лып кетіп қал­ғанына қатты қапаланған боксшы алқаны Огайо өзеніне лақтырып жібереді. Ол кішкентай кезінде: «Періште­лердің бәрі ақ нәсілділер ғой. Ғайса да ақ. Біз өлген соң жұмаққа бара аламыз ба, ше­ше?» – деп сұрағанда жанында тұрған әкесі шы­дамай, далаға шығып еңіреген екен. Әуес­қой деңгейде 100 жекпе-жек өткізіп, оның 8-інде ғана жеңілген мақтампаз әрі өзіне өте сенімді қара балаға ұрыссыз-ақ бе­ріл­гендер шаршы алаңнан кетпей, көз жа­сын көл қылып жылап тұрғанына көрер­мен талай рет куә болған-ды. Кәсіби дең­гей­де 21 жыл бойы бокстасқан спортшы өзін: «Ұлымын!» – деп жар салған. 12 жа­сын­­да спортқа барған Әли ағасы – Рудольфқа: «Әлем чемпионы боламын!» – деп уәде бе­реді де, оны 22 жасында орындайды. Оның бокс­қа келуіне басты себеп – қызыл ве­ло­сипе­дінің жоғалуы. «Ұрлықшыны тапсам са­зайын беремін!» – деген балаға бір кісі: «Ал­дымен төбелес техникасын үйрен», – деп кеңес береді. Содан бастап қара бала әлі еш­кім ашпаған әдіс-тәсіл іздейді. Рингте би­леу, қос қолын бос кою үрдісі кейін өң­гелерге үлгі болды. Мұсылмандыққа бет бұруы­на себепші болған, оның рухани ұстазы атанған, «Ислам ұлттары» ұйымының төрағасы – Элайд­жи Мұхаммед дүние салғанда спортшы қатты қайғырады. Ал, боксшы аты-жө­нін ауыстырғанда оны бәрі: «Өскелең ұрпақ­қа жаман үлгі көрсетті», – деп айыпта­ды. Былғары қолғап шеберінің спорттағы ең ұлы екі жеңісі – Джо Фрейзер мен Джордж Форманмен байланысты. Біреуі «Ғасыр жек­пе-жегі», екіншісі «Маниладағы триллер» деген атпен тарих жадында қалды. Американың Въетнамға қарсы әрекеті, же­тім-жесірлер күйі, зәңгілердің жайы, бәрі-бә­рі Әлиді қатты толғандырды. Оның: «Ме­нің жүрегіме адамзат сыйып кетеді!» – деуінде де бір сыр бар. 4 рет үйленіп, 7 қыз, 2 ұл сүйген Мұхаммед Әлидің жолын 3-ші әйелінен туған қызы – Лейла Әли жал­ғастырып, Әлем чемпионы атанды. Ол тек спорт Олимпына ғана көтеріліп қойған жоқ, ол ел есінде мәңгі қала алды!

Әлібек БАЙБОЛ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...