Тауда өткізген үш күндік демалысынан кейін таңсәріде Венаға келіп жеткен белгілі беллетрист Р., вокз...
КӨРКЕМ СӨЗДІҢ ҚОС БӘЙТЕРЕГІ
өз мырза менің ұйықтап кеткен ойымды кенет сілкілеп-сілкілеп, дереу-ақ оятып жіберді. Осындай әдеті бар, жаман әдет емес бірақ! Кей-кейде тым сылбыр, сүлесоқ болып кетеріміз бар емес пе! Сондайда рахатты осы Сөз мырзадан көріп жүрмін, сенсеңіздер! Бүгінгісі бәрінен де қымбат: өзім рухани ұстаз санайтын, санап та келе жатқан, санай да беретін қос қаламгердің туған күні екенін есіме салды, ойымды оятты. « Сен... басқаны елемесең де осы қос қаламгерді ұмыт қалдыруға еш тиіс емессің, олай етсең, кешірілмес күнаға батқаның!» деді. Селк еттім. Кімді айтып тұр? Сол сәтте есіме сарт ете қалғаны. Апыр-ай, жұмыс-жұмыс деп шапқылап жүріп, расында да, менің азды-көпті шығармашылығыма ұшан-теңіз, шексіз ықпал еткен екі тұлғаны қалай қалт жібере жаздағам? Ештен кеш жақсы деуші ме еді! Әп деп ой тізбегін ағытып отырғаным да содан.
Қос бәйтерек кімдер? Олар – Мұқтар Әуезов пен Оралхан Бөкей! Біз Мұхаңды көре алған жоқпыз, алайда шығармаларын жастана жатып оқыдық. Маған «Қорғансыздың күні» де, «Көксерек» те, «Қараш-қараш» та, «Қаралы сұлу» да – бәрі қатты әсер етуші еді. "Абай жолының" жөні бір бөлек. Көп еліктедік. Жазсақ, тек Әуезовше жазу керек, болмаса әуре болып қажеті жоқ дескен күндер де кеше ғана еді-ау! Есейе келе, еліктеудің аяғы өзіңді жоғалтып тыну екенін де түйсінгенбіз, бірақ Әуезов-шың бәрібір алдымызда кес-кестеп тұрып алған. Кейінде «Әуезовтің жұмбақ әлемі» деген ғылыми монография жазуға тура келген, оны докторлық диссертация деп бағалаған ағалар да болған, бірақ ғылым қайда, біз қайда! Міне, осылайша Ұлы Мұхаң маған рухани ұстаз болды, қаламыма қанат байлап берді, кеудеме шығармашылық жел ұялатты, көркем сөз кестелемесіме қоймады, қиял сарайының қонағы болмасыма ерік қалдырмаған. Мен сізге қай заман, қай уақытта да бала шәкірт болып қала бермекпін, қазақтың маңдайына біте салған қабылан қаламгер!
Сосын... Мұхаңның әруағы ай-шайға қаратпастан, жетелеп алып, «Жұлдызға» әкеліп кіргізді. «Жұлдызда» бұйра шашы бұрқырап, өзі кермаралдай ойқастап, паң қалпымен мысы баса, Оралхан ағам қарсы алды мені! «Кісіге жұғымы аздау болар» деп ойлағам әуелгі көрген сәтте. Бірақ осы жерде қатты қателескенімді кейінірек, Орекеңмен қым-қиғаш араласа бастаған тұста, өзім де іштей сезіндім. Оралхан аға, турасын-ақ айтайын, халтурщиктердің қасы, таланттылардың досы! Бойыңда бірнеңе барын сезе қалса, сені төбесіне көтеріп әкетуге әзір. Содан да болар, университеттің екінші курсында оқып жатқан, тиіп-қашпа бірнеңелерімді айтпағанда, әлі жарытып ештеңе жазып үлгермеген мендей пақырыңызды үлкен аудиторияда сөйлеп тұрып, бүкіл студенттерге естірте «осы қара баладан үміт күтем» деп ағынан жарыла мақтар ма! Орекеңнің «Кербұғысы», «Жасыны», «Жылымығы», «Ұйқым келмейдісі», «Қасқыр ұлыған түні» - бәрі де жастана жатып оқыған шығармаларым. «Қайдасың, қасқа құлыным» повесінің жөні басқа! «Өз отыңды өшірме» романының да орны бөлек. Менің үлкен бақытым – осы кісіге әп дегеннен «балағының биті бар» болып көріндім білем, жас, үміт күтетін қаламгер ретінде барынша ұнадым да, араласуымыз да оп-оңай болды. Аға-дос сыпатында көп-п сырласа алдық.
Тіпті Индияға кетіп бара жатқан сапарының алдында менің кабинетіме оқыс кіріп келіп, (ол кезде Президенттің баспасөз қызметінде бас консультант кезім), маған қарап тұрып, бұйра шашын сілкіп жіберіп, «бала, саған ол жақтан қандай сыйлық ала келейін» демесі бар ма! О, жарықтық ағатайым! «Түк те қажет емес, тек аман-сау барып қайтыңыз» деп жылдам-жылдам сөйлеп ем, жүрегі құрғыр бірнеңені сол сәтте-ақ хабарлап тұрды ма! Қайтейін! Бұл сапар аса талантты қазақ жазушысының соңғы жорығы болар деп кім ойлаған!
Бүгін өткенді салмақтап, ой бере қиялға берілемін ғой. Екі бірдей аса жүйрік сөз сардарының да тағдыры өз елінен сыртта, басқа елде үзіліпті. Әуезов – Ресейде, Бөкей – Индияда көз жұмғанын көрмеймісің! Сіздердің асыл рухтарыңызға тағзым, қара сөздің хас шеберлері! Қазақ деген кертөбел ел барда рухани бәсі еш төмендемес құнды мұраларыңызбен сіздер де мәңгі жасай бересіздер!!! Жарық дүние есігін ашқан күнгі сіздер деп жүрегімнен төгілген жан сырым осы!
Жолтай Әлмашұлы