ВААН ТОТОВЕНЦ. ӘЛИ

ӘДЕБИЕТ
546

ВААН ТОТОВЕНЦАрмян жазушыларының әңгімелері

(«Үлкен өмірге апаратын жолда» повестінен үзінді)

Аударған Шәрбану Құмарова

Бұ фәни жалғанда моншаның артындағы үйілген ыстық күлде тіршілік ететін адамзаттың ұрпағы болған екен.

Осы тектес адамдар Күлханбек, яғни «күл-қоқыстың нояндары» деп атаныпты. Жаратқанның пенделері жарық дүниеге тұп-тура Иса пайғамбардай, бұдан 1930 жыл бұрын, әкесіз келіпті. Біздің ғасырда қолында балпандай баласы бар қызды, ала қоятын балташы Жүсіп қайдан табыла қойсын. Сондықтан қыздар да балаларын ыстық қозға лақтырып жүре беріпті, ал олары күл-қоқыста аунап әкесіз-ақ, шешесіз-ақ өсе беріпті.

Әсіресе, қақаған қыста жаңа төгілген ыстық қозға оранып жатудан артық не бар дейсің бұл бейшараларға.

«Күл-қоқыстың нояндары», аш арық, жұлым-жұлым боп мешіттің алдында қара қоңыздай үймелеумен күн кешеді. Қауын-қарбыздың қабығын кеміріп, алманың қалдығын талшық етеді. Мысық байқұстың аузындағы бір кесек етін жырып алады, қасапшылардың бас-сирақтың соры, ал жұмыртқа дегенге жаудай тиеді, бай балаларының қыр соңынан қалмай үйінен тәтті тоқаш, жеміс-жидек алдыртады, базарға келе жатқан арбаларға тап беріп, үстіндегі оны-мұнысын ту-талақай талап кетеді.

Түс әлетінде солдаттардың казармасына келіп, қалған-құтқан тамақтарды ішеді. Бастарынан таяқ кетпей жүрсе дағы әйтеуір күнделік күн көріс талшығын таба жүреді. Кейде, бір уыс бидай немесе қолдарына бір кесек қызылша түсіреді. Қызылша тапқан күні алтын тапқандай қуанады. Өйткені оны ыстық қозға көме салса, демде борпиып пice қалады.

Ол кезде бұл мүсәпір «нояндарға» қамқорлық көрсететін не бір мемлекеттік, не бір қоғамдық, немесе дінилік ұйымдар болмап еді.

Өлгендерін шетінен сол үйілген күлдің астына көме беретін.

Қаланың тәртібіне сай, жылына бір рет, монша иесі жиналып қалған күл-қоқысты қопарып орнынан арши бастағанда, астынан талай өліктер де шығып жататын.

* * *

Осындай «нояндардың» бірі — Әли. Ішіндегі көзге түсетін сұлу, сымбатты тұлғалы, жігері жалындаған жас жігіт.

Менің әкем Әлиді біздің хуторға қарауылшы етіп орналастырғанда, ол тұп-тура 25 жаста еді. «Күл-қоқыстың нояндары» хуторымызға бөрідей шауып тыным бермейтін. Әли қалай күзетші болды, олардың шапқыншылығы да сап тиылып, біздің жаққа бірде-біреуі аяқ баспайтын болды. Әли досы бақшадағы жеміс-жидекпен оларды қарқ қылып жатқан соң қайтсын босқа шабылып, шашылып.

Әкем болса, өзінің қарауылшысына қатты риза. Соның арқасында ғой біздің хуторымыздың ту-талақайға түсіп таланудан аман қалғаны.

Соған орай Әли де адал, ақжүрек, батыл адам.

Күзетші болғаннан кейін Әли киімін жаңалады (тумысында үшінші рет шығар-ау), сақал-шашын алдыртып, беліне жалпақ жасыл белбеу оранды. Онысына кішкене кездік пен жуан таяқты көлденең қыстырып қойды.

Мұздай қатып, шіреніп шыға келді. Әй сонда дағы адам баласының пендешілігі қала ма. Әлидің өткенін ұмыта алмай-ақ қойды. Қалай да бір орайы келген жерден «Оу, Күлханбек сабазым!»— деп мұқатып қалмаса, көңілдері бір көншімейді.

Бір күні Әли менің әкеме жаман қапаланып келіп: - — Қажы әпенді, басқа бір қалаға кетпесем болмас, мұндағылар көзіме шұқып қоятын емес,— деп еңіреп жіберді. Бұған шейін ол арқа-жонын осып түскен таяқ пен қамшының өткір табынан ғана жылайтын.

— Қой, Әли, ондайларға жасып қайтесің,— деді әкем.— Одан да адам болуыңды ойла, біраз жыл өткен соң-ақ сенің Күлханбек екенің де, басқа екенің де ұмытыла бастар,— деп оның қолына бірнеше күміс теңгені ұстата салды.

Әли жанына ақша сап жүрмейтін. Жаңағы ақшаны да әкемнің кәрі әпкесіне аманат қылып беріп қойды. Ақша жұмсап қайтсын, ішер тамағы біздікінен, үстіндегі киіп жүргені әкем сатып әперген шапан. Ал кәрі әпкеміз оны әкемнің қамбасындағы темекісімен қамтамасыз етіп тұрады.

Өз шаруасы оңалған соң Әли енді жолдастарының қамын жей бастады. Оның арқасында көбісі-ақ тәуір-тәуір жұмысқа орналасып алды. Бірі — үй қызметшісі, екіншісі — одан да тәуірірек — ат айдағыш боп, енді біреуі атшы дегендей адал күнкөріс жолына түсті. Қалғандары баяғы өздерінің қарақшылық, тонаушылық, кәсіптерімен айналысып, жұрттың үрейін алумен жүр.

Жұрттың арасында Әлидің кісі тонаушы бағзы жолдастары қашып тығылған жерлерінен түсіп Әлидің қол астын, яғни біздің хуторды паналайды екен деген күбір-күбір пайда болды. Әйткенмен, сол қарақшыларын өмірі көрген емеспіз.

Қала әкімдері әлденеше қабат құпия түрде жандаралдарын жіберіп көрді, бірақ бандиттерді ұстаймыз деген талай әрекетінен түк шықпады.

Шешем осы бір қолға ілінбейтін қарақшылар әкемді де күндердің күнінде сыпыра тонап кетеді-ау деп қорқып жүретін.

— Түнге қарай көп кешікпесеңші,— дейтін шешем.— Айтпады деме, өзіңді де бір күні сымпитып қоя берер. Тым болмаса, ақша мен сағатыңды жаныңа сап жүрме...

— Қорықпағын, бәйбіше, мені біледі ғой, тиісе қоймас.

Айтқандай-ақ әкем бір күні тоналып қайтты. Шешем «бәсе, айтпап па ем» деп бажылдай бастап еді:

— Түн тастай қараңғы, дауысымнан танымай қалған ғой,— деді әкем.

— Қойшы-ей, шынымен-ақ танымай қалды ма?

— Әрине. Әйтпесе, жүректері дауаламас еді.

Түн жарымында әкем Әлиді хутордан шақыртып алды.

Лезде-ақ жетіп келген Әли әкемнің әңгімесін естігенде қап-қара боп түтігіп, тістене үйден шығып кетті.

Құзғын сәріде бір белгісіз адамдар біздің терезеден ұрланған сағат, пальто, ақша және бағалы қағаздарды лақтырып кетті.

Түс кезінде ұяттан өртене қызарған Әли келіп әкеме:

— Қажы әпенді, сізді байқамай қапты,—деді.

— Оларға ренішім жоқ,— деді әкем,— аш қой, қайтсын...

Әли біздің хуторды қызғыштай қорып, жан тәнімен беріле түрлі пәледен сақтап жүрді.

Мұндай қобалжып жүргенін Әлидің көрген емеспін. Қос жанары жалт-жалт етеді, бейне бір әлдеқандай қасиетті сырын әкеме ақтарғалы келгендей.

— Ия, Әли, не болды?— деді әкем де.

— Қажы әпенді, айтар-ақ едім, бірақ батылым барыңқырамай тұрғаны... Сіз күліп жібере ме деп...

— Е, қызық нәрсе болса, күле саламыз, онда тұрған не бар? Кәне...

— Қажы әпенді, мен жалаңаяқ Мекеге барып, құдайға құлшылық етіп қайтсам деймін. Өзіме-өзім ант еттім.

— Өте жақсы, Әли, бара ғой. Ал жалаң аяғың не?

— Солай барсам, тілегім қабыл бола ма деп ойлаймын.

— Жақсы,— деді әкем,— өте жақсы.

Әли тағы да бірдеңе айтқысы келіп қипалақтап тұрды да:

— Қажы әпенді,— деді бір уақта барып.

— Тартынба, Әли, айта бер. Сенің алдыңда қарызым көп...

— Қажы әпенді,— деп міңгірледі ол,— жол қаражатына... маған екі алтын теңге берсеңіз...

— Бұл аз ғой,— деді әкем.— Мен саған он бес теңге берейін.

Әли иіліп ол кісінің шалғайын сүйді.

Ертеңіне Әли өзінің Мекеге жүретінін білдірді. Мұсылмандардың ғұрпы бойынша құдайға құлшылық етуге баратын адамды үлкен сый-сыяпатпен шығарып салады.

Әкем он бес алтын теңгені саудыратып санап жатқанда өзге діндегі шешем қызғанып кетіп:

— Біздің бір армян Иерусалимге бара жатса ғой, мұнша ақшаны ұстата қоймас едің,— деді.

— Жұмысың болмасын! Әли қайтып келсін, сонда еселеп қайтарармын мұны.

Бірнеше күн өтіп, Әли жұлма-жұлма, жалаңаяқ, қолында ұзын таяғы бар жолға шыққанда өзінің қауымдастарынан тілеуін тілеп шығарып салушы оншалық көп бола қоймады. Сыйлық дегеніңді алмады деуге болады. Оның шыққан тегі ешбір мұсылманшылығыңды да, құдайшылығыңды да пысқырмады.

Әли иіліп әкемнің шалғайына тағы бір ернін тигізіп:

— Қажы әпенді, аманшылық боп оралсам, бұларға мен көрсетермін! — деді тістеніп.

Әкем Әлидің маңдайынан сүйіп, білдіртпей тағы бір теңгені қолына ұстата қойды.

— Иерусалимнен шыққан бойда әулие Жақыптың құдығын көресің. Сол жерде біздің Иса пайғамбар самарит әйелді кездестірген. Осы құдықтың басына мен үшін бір шырағдан жағып кет, құдайым қабыл бола жүрсін деп...

— Бір ғана емес, бірнешеуін қойып кетем, қажы әпенді, еш күманданба,— деп Әли ұзақ сапарға шықты.

* * *

Екі жыл өтті, Әлиден бірде-бір дерек жоқ.

— Е, бір қалаға жетісімен, құдай берген алтындардың арқасында дүкен ашып, дүркіретіп саудасын жүргізіп жатқан болар,— деушілер әкемнің құлағын сарсытты.

Әкем болса оның біріне де құлақ аспай:

— Әлі-ақ келеді, көрерсіңдер,— дейді.

Мекеден қайтқандардың әрқайсысынан әкем ол туралы сұрастыра жүреді.

— Иерусалимде көрдім,— дейді бірі.— Әзір жететін түрі жоқ, жаяу келеді.

Пайғамбардың үмбеттері Әли осындай жапан түзді жаяу кешіп өзін-өзі қиындыққа жегуімен шыққан тегіне байланысты бар күнәсін жуыпты деген сөзді қала халқының арасына таратып жіберді.

Үш жыл өткен соң қаланың әр жер – әр жеріне хабарландырулар ілінді — Әли жалаң аяқ арып, ашып, шаршап Мекеден қайтып келе жатыр деген.

Мекеге барып қажы боп қайтқан адамды құрметпен қарсы алып шарапатын алу әрбір мұсылман діндарының қасиетті парызы. Әлиге жаратқан иемнің қайырымы түсіп, тілегі қабыл болыпты, өйткені ол сонау Мекеге аптаған ыстықта табанын құм қарып, бет-аузын күн күйдіріп жалаңаяқ жаяу барған екен деген сөзді жұрт бірінен-бірі ала қашып гу-гу еткізеді.

Әли енді Әлибек атанды.

Діндарлар бұл құрметті атпен оны Мекеден қайтпай тұрғанда-ақ атандырған.

***

Жаз. Ми қайнатқан ыстық айналаны түгел күйдіріп, шыжғырып жатқандай. Буалдыр сағым көкжиекте қалықтайды.

Жиналған қарақұрым халықтан қою шаң аспанға көтеріледі. Жол бойы жайылған қалы кілемдердің ұшына көз жетпейді, көздің жауын алар әдемі түгі қара топыраққа көміліп бұрқ-бұрқ етеді.

Алыстан бір нүкте қараяды. Біртіндеп жақындап, жақындаған сайын ұлғая түседі. Әне — Әли, жасыл сәлделі, сөлеңдеген жасыл шапанды, қолында ақ таяқ, жалаң аяқ.

Жұрт үнсіз қаумалап алған. Кімде-кім әулиенің ақ таяғын сүйіп шапанының етегіне ернін тигізсе, оған өзінің сый-сыяпатын да әзірлеп тұрады. Біреу астындағы атын, біреу қарамағындағы жерін, біреу дүние-мүлкін сыйлап жатыр. Әлидің алдына қойылған тартулар таудай үйілді. Оның ішінде не жоқ: шәйі жібек, қалы кілем, алтын, күміс ақшалар, түрлі киім-кешек, төсек-орын — есеп жоқ.

Әли түнеріп үн қатпайды. Әбден қалжыраған, дір-дір етеді. Жұрт жапырыла қалаға кірді. Шатырдың үстінен ақырып қызықтаушы халық. Top көз терезелерден сығалаған әйелдердің өткір көздері өңменіңнен өтеді.

Әли үнсіз. Бетіне қонған қара шаң терге шыланып айғыз-айғыз таңба түсірген. Буын-буыны дірілдеп зорға жүріп келеді.

Мешітке жеткенде табалдырықтың қасында тізесін иіп, оның мәрмәр қабырғасын сүйді, құбылаға бетін қаратып басын сәждеге тигізді. Мешітке кіріп тағы дұға оқыды.

Әлиді енді мешіт сыйға тартқан сарайына алып келді, Ол өзінің сәл тынықсам деген тілегін білдірді.

Түн жарымында әкем қажының келіп кетсін деген шақыруын алды.

Әкем табалдырықтан аттар-аттамастан Әли әкемнің алдынан жүгіріп шығып құшақтай алды.

Қажы әпенді, сенің арқаңда мен талайда кеткен кегімді алдым,— деді.

Қоштасарда Әлибек қарызыңызды алыңыз деп өтініп еді, әкем оны тыңдамады. «Өле өлгенше сізге қарыздармын. Керек десе, жанымды да жолыңызда құрбан етем» деп қалды Әлибек.

* * *

Бір ай өтісімен Әли кішкентай дүкен ашты. Бірақ онда сауда-саттық белгісің беретіндей не таразы, не кез, не товар көрінбеді.

Атлас жастықтарға шынтақтай жатып, жасыл мауыты шапаны мен жасыл жібек сәлдесіне малынып, солқылдаған көк шыбықты аузына көлденеңдей тістеп маңғазси өткен-кеткен байларға тіл қатады:

— Ал, сізге не жібертейін?

Олар әр түрлі заттардың атын атап, атлас жастықтардың үстіне алтын теңгелерді қалдыра кете береді.

Әлибектің байлығында есеп жоқ, ақшаны да судай шашады.

Қалыңын қырқа матап бірінен соң бірін сатқандай сегіз қызға үйленді.

Әлибек өзінің бұрынғы «қарын бөле»— ескі достарын да ұмытпады. Бет-бетімен қаңғып жүрген олардың басын қосып, қалаға орналастырып, үй-жай, қаражат беріп қорған болмаққа тырысты. Бірақ қанша әрекеттенгенімен олар өздерінің үйреншікті «тамұғынан» «ұжмаққа» шыққысы келмеді.

Бір күні қалада айқай-шу көтерілді. Оның себепкері — Әлибек. Қаһарынан қан тамған әйгілі жандарал Күлханбектің біреуін қамшының астына алып шықпыртып жатыр екен. Әлибек көңіл бөлмей-ақ өте шықпақшы еді, бірақ әлгі бейшараның құлындағы шырқыраған даусы жүрегін дір еткізді, барды да жандаралды ұшырып түсірді.

— Е, тегіне тартпай тұра ала ма, қайтсын,— десіп күңкілдеседі шеткерірек тамашалап тұрған байлар, пайғамбардың қалаулысының бетіне келуге бата алмай.

«Күл-қоқыстың нояндары» күніне үш дүркін Әлибектің сарайының алдына жиылады. Әміршісінің бұйрығымен қызметшілер олардың алдына үйіп тұрып нан турап қояды. Талан-тараж енді басталады. Үлкенірек кесекке ие болғысы кеп бірін-бірі жаншып, езіп, кеңірдектеріне жармасады. Ең ашқарағына бір тілім де нан тимей қалады. Ондайларын Әлибек қасына шақырып өзі нан береді.

Қажы әкеме бір орайда:

— Шіркін, ыстық күлге оранып бір жатар ма еді!— деді.

Жібек пен алтынға малынып отырса дағы, Әли өзінің өткен өмірін сағына аңсайтын.

Түрік шайханасындағы бір қызметшіге Әли көрінеу кір-кір алжапқыш байлатып, бір шыныаяқ кофе алдыртты. Кетерінде кәдімгі бір қалтасында көк тиын ақшасы жоқтай-ақ, есебіңе жазып қалдыра тұр деп, кофенің ақшасын төлемей кетті. Қызметші есікке қара күйемен баттитып тұрып бір сызық сызды, кедейлер қарызға кеп шәй ішетін шайханаларда тұра өстетін. Мұны көргенде Әли бір рахаттанып қалды.

— Е, қарадан туып хан болмас деген,— деп әкем күйінеді.

Мекеден келген соң Әли, обалы қанша, әкемнің бірталай шаруаны қалыптастырып алуына жанын сала кірісіп көп қолқабысын тигізді: әкем армяндардан тартып алынған жерді иесіне қайтартқызды, түрмеде жатқан өзінің достары мен туысқандарын босаттырды. Тіпті атам заманнан бітіспес мәселе боп келе жатқан армяндардың қорғайын ұлғайту мәселесін де әкем Әлибектің арқасында шешіп алды.


Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...