Ықылас Ожайұлы. Семсердің жүзіне өскен гүл...

ӘДЕБИЕТ
3479
Ықылас Ожайұлы. Семсердің жүзіне өскен гүл...Ықылас ОжайұлыДегуманизация

Кермек ақыл кімге керек
білесіз...
Түптің түбі – қорлану.
БІР ҒАЖАЙЫП ШАРИҒАТ БАР ӘЛЕМДЕ
БЕЛДЕН ТӨМЕН ОЙЛАНУ.

 Шын шариғат осы ғана 
мен білсем,
Бәсі биік басқадан.
АДАМЗАТТА  АЯТ ЕКЕУ – ТАБЫНАР
Жыныс мүше,
Азқазан...

Кестелі сөз,
кемеңгер боп көріну
Мұның бәрі бер жағы.
Қой, құрысын...
сөз қылмай-ақ қоялық 
жүзіміздің ар жағын.

Бес сезімнен биіктесек көрінер
Ауызы бар қолдың да,
Жұпары бар,
тозаңы бар түшкіртер
Жалғыз тамшы ойдың да.

Шын махаббат, гүл мейірім, ар-ұят
Бұлар неткен ұлы сөз.
Мұз бетіне гүл қаулайды
ол рас
Тамып кетсе жылы сөз...

 Варвар

Қару жасауға кеткен
қайран уақыт,
Сені тостаққа құйса
Харибданың қаны.
Бір...
бір, екі, үш...
Тепкілеген жерді
Ет жүректі езді,
Сансыз солдаттың
Етігінен ұшқан
Ессіздіктің шаңы.
Түрме ғой рас топастың басы
Әлем...
Әйнекке тамған
әйелдің жасы.
Әмір мен Шахтар
Ерігіп...
немесе есінеп отырып
Умаждай ғана салған
Қайран да ғұмыр
Сизифтің тасы.

 Алас

 ...Бақсы айтады екен «Әлихан келсе, жын қашады» деп. 
 (Смахан Бөкейхан)

Әлихан өлген жоқ,
кие өлді,
Киесіз бұл жердің
төсінен жын өрді.
Әттең, шіркін,
сарала қамшыны сусытып
төбеге үйірсем, –
Іштегі ордалы қара жын
безіп шығар ма бұл елден.
Қан-сөлі қарайған,
Көмейі күрмеліп,
жанары алайған
мына елге
«Жынды су» дұғасын қайтарып,
Тасаттық берсем бе?
Тіктеліп кетпесе,
Үшбу қайыра дем салып
бетіне су бүркіп
ұшықтап көрсем бе?
Әттең...
әлпеті сұрланған,
Ішегі мұздаған,
Ұяты жоғалып
зияты жынданған
қауымға
дәрменім жетер ме?
Жерошақ айналып,
Аластап аршамен бір көрсем,
Апырай... айығып кетер ме?
Алас, алас, алас
шіркін...
Аласым қабыл боп
Тамырды арда қан жуар ма?!
Рухым тік шапшып
Тасты да қақ жарып шығар ма.
Көңілім тазарса
Кием оралса,
Қайыра Әлихан
Қайырылып туар ма?!

 Он бір буын омыртқаң кетсін сынып...
 (Төлеужан Ысмайылов)

 Еркін өлең

 I

Алапат ойлардың аяғын қысқартып
Ұйқасқа салатын
Құтқар құлдықтан
Еркін ой.
Бұл – шайырдың мінәжат дұғасы
Сорасы...
Зары...
Өңі нарттай күрең
Тамырдан өрекпіп
Аспанға шапшыған
Асау ой – 
Бейнебір бұла
Кенесарының қаны.

 II

Рас...
Өнер – жанкештілік,
Бөгде бір мақамға елтіп
Әулие халіне жету.
Ей, еркін ой
Ғұмыр сүтпісірім...
Өлім – түпсана 
Бағзы бір бастапқы нүктеге өту.
ШЫНДЫҚ –
Символ мен таңба
мәнісін жүрекпен тоқу.
Ғазал – 
КҮН ШАПАҒЫНАН ТАМҒАН
СОЛ «ЖАЗУДЫҢ»
ҒАЖАЙЫП ТӘПСІРІН ОҚУ.

 III

Раушан гүлін көз жасымен суарып
Қызғалдақты қарындас,
Айдың нұрын алқа тұтар ізгілік
Ей, еркін өлең...
Әр әрпіңнен әтір аңқып
Тұла бойың тұнған сенің мейірім
Болса, шіркін тағы...
Жеті сарынның
Желдегі әні.
Сосын...
Демінен дүние өртеніп кетердей
Түсі қардан да аппақ,
Мұздан да мөлдір
Шәһит...
ШӘКӘРІМ ҚАЖЫНЫҢ
ЖАЛҒЫЗ-АҚ ТАМШЫ АРЫ.

 IV

Ей, еркін ой
Таңға жақын тоңазыған гүлдердің
Әнтек қана дірілін,
Құс жолының сыңғырын
Қасиетті қара жердің күбірін
Сезіне алсақ...
бұдан өзге 
қажет те емес бөтен ой
(Бұл дәргейдің биігіне талаптанса жетеді ой).
Ал...
Өлең деген Тәңір тілін тәпсірлеу...
Қалғып кеткен көбелектің немесе
ӨЗІ ҰМЫТЫП
ЕШ ЕСІНЕ ТҮСПЕГЕН
КӨРГЕН ТҮСІН
КӨПКЕ ЖОРУ ЕКЕН ҒОЙ...


...Осынау қалалар мен елді мекендер халқы құдайға 
 құлшылық ететін. Бірақ, сол құдайы олардың 
 дүниеге тура қарауына көп кедергі жасайтын.

  ( М. Симашко)
 
I

Таным – теріс, 
Талғам – қисық
Мейлі...
Қарсы шықсын мың ойшыл.
Жалғыз сөзде шындық қалды,
Мен үшін...
«Жаман адам құдайшыл».
Көбік ауыз көсемге ерген
Құдай-ай...
Әй, не деген есер ем.
Кәне, содан шыққан мүйіз
Мінекей,
Көгермеді көсегем.
Ақыл кеппей,
Ауа жетпей тұншығып
Шықсам биік аңғарға,
Жұмекеннің жазуы тұр о, тоба:
«КЕЙБІР ЕЛДІҢ ҚҰДАЙЫ ДА АУДАРМА».
Алжастық-ау
Ал, арсыздық исінен...
Борсып кетер әр теңіз.
ЖАН-ТӘНІМІЗ 
СЕНГЕН ҚҰДАЙ КҮНІ ЕРТЕҢ 
АЛДАП СОҚСА ҚАЙТЕМІЗ?..

 II

Құдайдың құдіреті адам арқылы көрінеді...
(Мәшһүр-Жүсіп) 

Тәңірдің тілі бар...
Біз кеттік киелі ілімнен.
Сауал көп санада
саусақтай бүгілген.
Құдайдың бар-жоғы
байқалар кеудеде
Қандағы ұжданның
Қарасақ нілінен.

Дүние тылсым-ды
Өзгеше көруге 
Өмірім ұмсынды.
Сол мезет...
Абайды сабаған қамшының
Қайыра дүр етіп
Қанымнан естілді сусылы.

Садақа жәшігі
Сиқырлап ішімді,
Теңіздей топан сөз
Түбінен ішілді.
Сол үшін сыңғырлап
Әуелеп азандар
«құдайды» қуалап
Құрыққа түсірді.

«Құдайға» айналу...
Осы жол – анық-ты.
ҚОРҚУДА ҚҰДАЙ ЖОҚ
Сүйгенде жарықты.
Тең тұрып тілдесер
ЖЕТІЛГЕН ЖАН таппай
Құдай да «құлдар» мен 
«күңдерден» жалықты...

 III

Мен аяқ астынан «Құдай» боп кетсем
Адамдар бес уақыт атымды айтар,
даңқымды сатар
ішіне орап тұмардың.
Сонда деймін-ау
Маған жылағаннан,
сұрағаннан басқа
Жұмысы жоқ па бұлардың.
Базбірінің перзенті қара ниет болса да
«О, Жаратқан
жолын мұның оңғарар» деп
Жалбарынар жасын төгіп түнімен
(Жаратпасамда мұны мен).
Менің пәре алмайтынымды
жершіл болмайтынымды 
мынау жұрт 
Түсіне алмай ма шынымен.
Пейішім – пенденің көңілі, 
Тозағым – ұяты,
Мекенім – жүрегі екенін
жып-жылы қан болып
Сыбырап айтады әр сөзім
(Көрсетіп көп сенім қатесін). 
Тамырдан тіл қатқан осы үнді
Тіпті, көбінің
Еш естігісі де келмейтінін қайтесің.
Ай, көрдім ғой нелерді
Небір найсап
шымырлатты-ау төбемді.
Жүндей түтіп жібергім-ақ келгенді
Кештім бәрін
ұмыт қылдым 
енді мен... 
Мейірімді «Құдаймын» ғой себебі.

PS.
Жалғыздық – «Құдайға» айналу
Кейде сол жалқылығыңнан
Түсіп те кетеді иінің.
Ал, арыны басылмаған 
Қызба бас 
қалың тобыр қайдан білсін...
«Құдай» болудың қиынын.

  «...Қазақтықтан  құтылғандарға өмір сүру екі есе жеңілдейді...» 
Мейірхан Ақдəулет 

 Иммунитет

 (Ұмтыл Зарыққанға)

Мен адастым
Қалжырадым білемін,
Қарт құрлықты 
Қағба ғып сорыма.
Мың ғазалым татымады ол рас, 
Қара өлеңнің жалғыз тармақ жолына.

Кірлеген ой
Буланған сөз дерт болып
Шел боп бітті көзіме.
Сол «көзғарас» кейде арқанға айналып
Қол да қатты өзіме.

Тегімде жоқ, сөлімде жоқ бұл сөзде
Көрдемше ойдың көбі содан елес қой.
Сайтаншалыс, сандырақтау, жоқты айтып
Мендік болмыс емес қой.

Әлем ортақ...
Зердем қайда түркілік
Егей ерге мұның жөні бөлек-ті.
Мен әлемді тұндырамын ішіме
Ал, неге оған жұтылуым керек-ті?! 

Қыңыр көріп қазақы ойды өмірге
Қолдан келсе менсінбедік, қорладық.
Содан болып көгерді ме көсеге,
Көрдіңіз бе  ойланып?!

Сөзден кеттім... 
Бұздым сөйтіп болмысты
Енді бұдан «тағдыр» жасау тек болар
Мың «данышпан» жат болмысқа тұншығып
О дүниеге неге асығып кетті олар?!

... ал енді?!

Абстракция

 (немесе төрттағандар)

 ***
 Қару тұр қасқайып... 
 Тіл қатып өткен шақ ізінен.
 Ағарған шаштардың азабын оқыдым
 Қанжардың қылпыған жүзінен.

 ***
 Жарқылы жаныңды қақ тілген
 Ғашықтық – сол дерттің жарасы.
 Мен білсем, екеуі
 тамырлас, тым жақын
 Қыз бенен қылыштың арасы.

 ***
 Жұпары жаныңды ерітіп
 Тандырған естен бір...
 Махаббат бұл енді шыңырау
 немесе ол кәдімгі...
 Семсердің жүзіне өскен гүл.

 ***
 Қыркүйек...
 Қайтқан құс сорабы
 Менің де кеп еді ұмтылғым,
 Тостаққа тұндырып ұсынды құдаша 
 Бір жұтым аққудың сұңқылын. 

 ***
 Түнімен түс көрдім
 Анамның дауысын таныдым.
 Таңертең сол түстің... 
 Көзімнен  төгілген
 Тауып алдым мамығын.

 Қып-қысқа диалог

Мінбер...
– «Қағба – жұмақ бақшасы» деді...
– Бұрқ етті сөзден ақшаның исі.

Шеңбер...
–Ойлаудың ұшар басы Абай болар
–Қозғалса көп көзқарас қалай болар?..

 Мұражай...
–Сойылдар мынау тастарды шақты...
–Наданның басы одан да қатты.

Саясат...
–Екі мың елуде... ерекше келешек
–Біз үлкен сәбиміз
 еміздік ембейміз демесек.

Жұма...
–Үлкендер тазарып сәбилік дәргейге өтеді
–Тыңдаса әрине, бес мәрте «ертегі».

Шариғат...
–Ұжымақ, қор қызы...
енесің қызыққа
–Мен білсем бұл сөздер кванттық физика.

Жүйе...
–Ғажайып! Сұлтанның тұсында деймін
– Жақатпайды оны
 әр шашым ұшына дейін.

Тәңір ісі...
– Бес бала батып өлді лайсаңға
–Қанға құмар болды ма «құдай» сонда?

Әй, құдайсыз... 
– Неге мұнша қасарсып сыздадыңыз?
–Жарайды...
 аяғын әлхиссаның сіз жазыңыз...

Өзгеріс 

(Өзгеріс Шерікбайұлына)

Екпіні тау теңселтер
алапат дыбысты
«Көмейге бұқтырып
ыра көтерген».
Ол ән салса,
тамырға шоқ түсіп
Жай ойнап кетеді
жап-жасыл шекеңнен. 

Қымыздай сапырып
әр әуен сорабын,
Сан желпіп 
жүректің самалын.
Су бетін жалаған
қаймақтас тәрізді қалқытып,
шалқытып
Шіркін...
салады-ақ сабазың!

Ол ән салса,
Көргендей боласың
көрдегі анаңды,
көмілген атаңды.
Көмейден жамырап
ауаға жайылған дауыста
Боз үйлер бұлдырап,
шұрқырап 
жылқылар жатады.

Ай, аңырап кеткенде
әкең тірілгендей
анаң бір омырау емізгендей
күйде боласың...
Білесің пайымын киенің,
Дидарын ұғасың Иенің.
Сол шақта...
Аруанадай исініп,
Айрандай ұйыған әуездің
түбінен сыздықтай 
Тамшылап тұрады сүйегің.

Ол 
Күндей күркіреп кеткенде
Бір босап ырқынан
Биіктеп қарайды
дүние сыртынан. 
Жасқанып 
жын-пері,
құл-құтан
жерге еніп кетеді,
Алқара аспанды қақ тілген
найзағай дауыстың
Жүзінен қылпыған...

 Айырауық

 I

Ыңыранды қобыз
Сүттей шымырлаған үнге
Сүңгідім де кеттім.
Күндей күркіреген ойдың
Көмбесіне жеттім.

Ой іші кеңістік екен ––
Бағзы бір адамдар көші.
Аспаннан ағады өзен
Ауада...
Көбелек исі.

Бұл жердің күні де басқа
Шаттығы, мұңы да бөтен.
Тоғайдан төгілген үнге
Топырақ жылынады екен.

Екі ішек бұрқ етті
өрттен,
Қандай шер жандырды екен.
Қос қылдан құлаған дыбыс,
Қазақтың
Тағдыры ма екен.

Сол дыбыс татыса кермек
КҮЙ деген
осы ғой деңіз.
...Шанақта шайқалған әуен
Бейне бір толқыған теңіз.

 II

Құсар перненің бетінен дүр еткен әуен
Жаныма тастады кейіс.
Кеудемді шарпыған өрті
«Қиямет» болуға тиіс.

Екі ішек бетінен қалқып
Сусылдап төменге тартты.
Демінің лебінен...
дүние шұрқырап жатты.

Жамырап мың жұпары
Шымырлай жүрекке тұнды.
Әр мақам бұтағында
Бір әуен
бүр атып тұрды.

Соңғы саз
қаңқ етті қаздай
Шанақтан құйылып жаңа.
Әуеден құлады төмен
Бір шөкім ұйыған ауа.

Қос ішек
пәни мен бахи
Уілдеп құшағын ашты
Көрмедік неліктен күйдің
Көзінен бұрқ еткен жасты.

Төрттағандар

 ***
Сыбызғы сұңқылы
Кеудемнен күй өріп.
Сол үннің исіне
Жаным тұр сүйеніп.

 ***
Қыркүйек құстарды
Әкетсе көтеріп...
Түнімен шығады
Жапырақ жөтеліп.

 ***
Өзіңді жарығым
Көрген де кезігіп,
МЕН түгіл көлеңкем
Кетеді езіліп.

 ***
«Әйелден ер артық...»
Сөз бе осы аталы?
Болғанда қайтер ек
Әйелдің сақалы.

 ***
Сүйінші, сүйінші...
Мұны айту міндетім.
Жүректен тауып алдым
Жұмақтың суретін.

 ***
Кітапты ашқан ем
Доңыз тұр алдымда.
...түшкірді домбырам
Ұшынып қалды ма.

 ***
«Тас ғасыр ғажайып
Тәубада мың сауап...»
...Ілкіде қап қойды
 Іштегі құмсағат.

Өлім

Жалғаншыға келмей бақ,
Келсең бірақ өлмей бақ.
(Қорқыт)

Жан менен тән өзгергенмен әр күйге,
Өмір-өлім тұтас ұғым, әрине.
Тірі болу тірлік кешу емес ол,
«Өлгендер көп» өмір сүрген пәниде.

Келуің мен кетуіңнің тынысы
Ішіңде екен, сезсең соны дұрысы.
Өмір деген – өз ақылың, өз ойың,
Өлім соның азабы мен жемісі.

Өз кеудемде тозақ пенен жұмағым,
Өз шұғылам...
Қияметте шығар КҮН.
Өлім менің өзі ішімде шайқалып
Туғызады...
Түпкі сана тұрағын.

Қабірменен қорқытады көр молла,
Көрдің қашан көз бітеді орнына.
Бахи мекен 
Жан жаралған ЖЕРҰЙЫҚ,
Жерұйығын аңсамайтын ЕР бар ма.

Ғақыл түсіп ғарыштағы бір Хаһтан
Өз бетіңмен өмір сүр деп тіл қатқан...
Сол жұмбақтың кілтін салды кеудеге,
Құдай бізді қуған күні жұмақтан.

Кеудемдегі хикметпен ойландым
Кісіліктің кілтін тығып 
қойған кім?
Адамдағы ақиқаттың жауабын...
Көрден іздеп 
көрге айналған қайран «дін».

Жалқы өмірге жалғыз рет келгесін,
Жанның нұры
Жарқырасын сөнбесін....
Ажал мені алдап соқпақ
Тәйір-ай...
Тапқан екен «өлтіретін» пендесін.

Қарт Қорқыттың қазыналы қойыны
Бір үрейден айырады бойыңды.
ӨНЕР, БӘЛКІМ,
АЛДАП КЕТУ АЖАЛДЫ
ӨМІР, БӘЛКІМ, 
ӨЛМЕЙ ҚАЛУ ОЙЫНЫ.

 ***

Мен өлең жазған кезде...
Ақ қағаздың гүл қаулайды бетіне.
Көбелектер пырлайды оның өтінде.

Мен өлең жазған кезде...
Жеті жұмақты көрем.
Жалбыз бүркіп тұрады бүкіл денем.

Мен өлең жазған кезде...
Бойым бұлттан да өтеді
Күмп берсем  ішіне... көк аспан өртеніп кетеді.

Бетіме кім келіп
Дәтіме кім шыдар бұл маңда
Алланың жүзінен «аян» ап тұрғанда...

 ***

Жасқа шылап
не марқайтып мың көзді,
Бабам тартқан
бағытты ұстап бір кезгі.
Аяқ асты аспан жаққа аттансам,
Айта алмаспын
бұл сөзді.

«Есіл ер-ай қандай еді өлеңде
Бүйте алмадық,
сүйте алмадық» дегенде...
Жаны таза
жан аңғарар сол шақта
БАРМАҚ ШЫҒЫП ТҰРҒАНДЫҒЫН ТӨБЕДЕ

... кезеліп.
author

Ықылас Ожайұлы

КОМПОЗИТОР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...