Белгілі кинотанушы, ғалым Нәзира Мұқышева "Қашқын" телесериалына қатысты пікірімен бөлісті...
Көрнекті ақын Абдрахман Асылбек дүниеден озды
Қазақ әдебиеті мен руханияты ауыр қазаға душар болды. 81 жасқа қараған шағында көрнекті ақын, аудармашы Абдрахман Асылбек дүниеден озды.
Абдрахман Асылбек 1938 жылы 1 мамырда Жамбыл облысының Талас ауданына қарасты Үшарал ауылында туған. ҚазПИ-дің тарих-филология факультетін бітіргеннен кейін мектепте мұғалім болған. Аспирантурада оқыған, облыстық газетте, республикалық Қазақ радиосында, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде қызмет жасаған. Сондай-ақ, «Жазушы», «Жалын» баспаларында, Қазақстан Жазушылар одағындағы көркем әдебиетті насихаттау бюросында, Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облыстық бөлімшесінде, республикалық «Әділет», «Мәдениет», «Заң», «Көзқарас» газеттерінде қызмет істеген. «Заңгер» журналында бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, ҚР Бас Прокуратурасының «Құқықтық Қазақстан» газетінің Бас редакторы болған.
1955 жылы «Бейбітшілік бақшасы», «Жауды аяған жаралы» сияқты тырнақалды шығармалары басылған. Балаларға арналған алғашқы өлеңдер жинағы 1961 жылы жарыққа шыққан.
Содан бергі уақытта отыздан аса жыр кітабы оқырманға жол тартқан. Сатира және аударма жанрларымен де айналысқан. Біршама әдеби байқаулардың жеңімпазы, жүлдегері болған. Сондай-ақ, қазақ эстрадасында шырқалып жүрген, халықтың жүрегінде жатталып қалған көптеген ән мәтіндерінің авторы.
«Жапырақтар», «Қиял қиясында», «Алтын дән», «Алатау аясында», «Ғажап бала», «Балам туралы баллада», «Әлемге үні тараған», «Көкорай көктем», «Түрлі-түрлі бала бар», «Туысыңды таптың ба?», «Светофор сыры», «Алтын арай», «Ерден атайдың ертегілері», «Достық балладасы», «Байқа, балақай», «Бәйшешектер», «Хантау қойнауында», «Ақ тілек», «За тучами – солнце», «Сауысқанның сәлемі», «Сыйқырлы сыбызғы», «Ақ моншақты аруым», «Шапағат шуағы», «Балбұлақ», «Айдай сұлу аруым», «Әнші бала», «Сүйеді екем», «Биназар батыр», «Байғозы батыр», «Құранға құрмет», т.б. кітаптары жарық көрген.
А.Асылбектің Құран Кәрімді қазақта тұңғыш рет өлеңмен мазмұндаған, 80 жасқа келген мерейтойында тұсауы кесілген «Қасиетті құран – мәңгілік мұраң» деген тәржімасы жарық көрген болатын.
Жарты ғасырдан астам уақыт бойы қазақ халқының руханиятына аянбай еңбек еткен еліміздің абыз ақсақалы Абдрахман Асылбектің жарқын бейнесі ел жадында ұзақ сақталатын болады.