Детектив – күрделі жанр

ӘДЕБИЕТ
3000

Белгілі кинотанушы, ғалым Нәзира Мұқышева "Қашқын" телесериалына қатысты пікірімен бөлісті. Оның айтуынша бұл туындыда қазақтың болмысы, ішкі қайсарлығы мен рухани құндылығы айқын сезіледі.

нар9.jpg

- "Қазақстан" РТРК" АҚ тапсырысымен "NAR Media Group" компаниясы түсірген осы туындыға қатысты кинотанушы-сыншы ретіндегі пікіріңіз қандай?

- Жалпы соңғы жылдары таза қазақ тілінде телехикаялартүсіру жағынан "Қазақстан" телеарнасы көпшіліктің көңілінен шығып жүргені белгілі. Жыл сайын көптеген телетуындыны көременге ұсынады. Жақында ғана детектив жанрындағы "Қашқын" телехикаясы эфирге шықты. Осы жанрда түсірілген шығарманың айтар ойы маған өте ұнады. Детектив жанры әлемдік киноөнерінде, телевидение саласында, көрермен әсіресе сүйіп көретін жанрлардың бірі ғой. Жалпы осы жанрға кинода,телевидениеде жиі бара бермейді. Бұл жерде маған шығарманың ойы, тақырыбы мен идеясыұнады. Детектив дегеніміз ол қылмыскерді іздеу, із кесу, шырғалаң оқиғалардың тізбегі ғой. Міне осы оқиғалардың соңынан ілесіп кетебермеген Бигелді деген басты кейіпкері бар "Қашқын" телехикаясы қазіргі біздің қазақ экранында ұмыт болып, сиреп кеткен рухы мықты кейіпкерді алып шыққанымен ұнады. Бұл жерде үш буын – Бигелді мен оның замандасы, кәсіпкер Сәрсен, Бигелдінің ұлдары Дәлел, Жәлел және Қанат, Жасар секілді жас буын өкілдері бар. Үш ұрпақ арасындағы үзіліп бара жатқан рухани байланыс, рухани құндылықтар және ол құндылықтардың қаншалықты сақталғаны көрінеді. Бигелдіні белгілі театр және кино актері Тілектес Мейрамов ойнаған екен. Бұл актерді осыған дейін аса жиі болмаса да көркем фильмдерден көріп тұратынбыз. Осы телехикаядағы басты кейіпкердің бірін экранға алып шыққаны қуантты.

нар6.jpg

- Тілектес Мейрамов кейіпкерінің болмысы қандай?

- Маған Тілектес ағамыздың кейіпкерінің болмысында кезінде Кәукен Кенжетаев, Әнуар Боранбаев сияқты аға буын актерлеріміз ойнаған кейіпкерлердің рухани болмысы бардай көрінді. Қанша уақыт өзгерсе де, заманның түс-бояуы, адамның мінезі өзгеріп жатсада, жалпы қазаққа тән мызғымас рухы бар, ішкі мінезі мықты,сөздің қасиетін, істің қадірін білетін, таудың, даланың қазағын көрсете алған кейіпкер болып көрінді. Мұндай кейіпкерлер қазіргі көркем фильмдерде өте сирек, тіпті мүлдем жоқ десек те болады. Ол кейіпкерлер Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалин, Шәріп Бейсембаевтардың фильмдеріндегі ақсақал кейіпкерлерінен кейін жоғалып кеткендей көрінетін. Бигелдінің болмысында "Тұлпардың ізі", "Гаухар тас" фильмдеріндегі қария бейнесінің сарыны бар. Бізге мұндай кейіпкерлер өте керек. Бұлар – біздің рухымыздың діңгегі. Телехикаяда, сондай-ақ, қазақ киносы мен театрының бірегей актрисасы Нүкетай Мышбаеваның эпизодтық рөлде көрінгені қуантады. Аз ғана уақытта пайда болса да, ол ойнайтын кейіпкердің де бейнесі өте маңызды. Қазақ сахнасының майталмандарының бірі Нүкетай Мышбаева секілді белгілі актрисамыздың бейнесін экранға алып шығу дұрыс таңдау деп ойлаймын. Біздің жастар, жас көрермен,әрі кетсе, оншақты актерді ғана біледі. Өйткені ол актерлер экранда өте жиі көрінеді. Ал сол жас көрермен Нүкетай Мышбаева секілді қазақ өнерінің аға буын өкілдерін аса біле бермейді.

нар7.jpg

- Телехикая сценариіне қатысты пікіріңіз қанадй?

- Бұл жерде сценарий авторының көп еңегін айтуымыз керек. Кейіпкерлерінің, әсіресе Бигелді айтатын сөздер оның бүкіл болмысын білдіреді. Жалпы соңғы кездері экранымызда сөз қадірі жоғалып бара жатқандай көрінеді. Кейде бір-ақ ауыз сөз арқылы өте көп дүниені жеткізуге болады. Сол бір-ақ ауыз сөз ағыл-тегіл ағылған сөзден гөрі, анағұрлым маңыздырақ. Осы тұста "Қашқын" телехикаясындағы Бигелдінің көпірме, лепірме сөзден гөрі, бүкіл жан-дүниесін, болмысын бере алатын қысқа, нұсқа, көпастарлы сөзге жақындығы көңілге қонымды екенін айтқым келеді.

куан.jpg

- Әлеуметтік желіде осы туындыға қатысты пікерлер қандай?

- Иә әлеуметтік желіде жақсы пікірлер көп. Өйткені мұнда ойнайтын мықты актерларымыз көп. Қуандық Қыстықбаев та елімізге танымал кино және театр актері. Қуандықтың кейіпкері екі ұрпақтың, екі заманның ортасында қалып қойған бейнені береді. Мұнда ол өз замандастарына да ұқсамайды.Себебі оның бойында адамгершілік бар. Ол қасиет оған әкесінен дарыған. Бірақ әкесінің(Бигелді) мызғымас рухы мен көп замандастарының бойында кездесетін солқылдақ рухтың арасында қалып қойған әлсіздігі де бар. Актер сол екі ортада адасып қалған жанның ішкі дүниесін бере алды деп ойлаймын.

нар8.jpg


- Түсірілу ерекшеліктеріне кәсіби тұрғыдан ойыңыз қанадай? 

- Кәсіби деңгейіне келсек, детектив жанры кез келген жанр секілді шымырлықты, жинақылықты жақсы көреді. Онда сюжеттің тарқатылуын бергенде жайылып отыруға болмайды. Сюжет оқиғасында шымырлық қана аздап жетіспейтін секілді. 

- Неліктен детектив жанрында кинотуындылар аз? 

- Жалпы детектив – өте күрделі жанр деп ойлаймын. Бұл жанрда қалам тербеген қазақ жазушылары да аз. Біздің кинода да осы жанрға аса бара қойған жоқ. Арғы жағын айтпағанда, соңғы он жылдың ішінде бұл жанрда түсірілген фильмдердің саны, әрі кетсе, екі-үшеуден аспайды. Әрине детектив элементтері бар шығармалар жиі кездеседі. Бүгінде көрермен үшін күрес жүріп жатыр ғой. Көрерменге арналған жанрлардың бірі осы детектив жанры. Болашақта бұл жанрда көптеген фильмдер түсіріледі деп ойлаймын.

нар3.jpg

- Жалпы туынды негізігі ойын жеткізе алды ма?

- "Қашқын" телехикаясықала өміріне, бүгінгі күннің күңгірт жағына бейімделген қазақ пен заңғар таулар, сайын дала секілді мызғымас рухы бар, тұла бойы солармен үндес, өзінің ішкі тазалығын сақтаған қазақтың, екі әлемнің қарама-қайшылығы туралы айтқысы келді деп ойлаймын.

Бұл хикая Бигелді сияқты қазақтың нағыз болмысы бұзылмаған кейіпкерлердің бар екенін көрсетті. Осы кейіпкері арқылы рухани құндылықтарымызға назар аударған. Телесериалдың ең құнды тұсы осында.

- Сұқбатыңызға рақмет!


Самал КӨШЕРБЕКҚЫЗЫ

baq.kz


Телехикаяның идея авторы әрі бас продюсері Нартай Өтеген, қоюшы-режиссері Төлеген Бейсет. Сценарий авторлары: Мұрат Алмасбек, Нартай Өтеген. Қоюшы-операторы Асылхан Мелдебек.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...