Түні бойы дөңбекшіп, дұрыс ұйықтай алмады. Қайта-қайта телефонның сағатына қарайды. Бір қараса түнгі...
Күйлердің шығу тарихы туралы аңыз — әңгімелер
Дала философиясы тарихында Қорқыт ата– қайраткер, түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде көрінеді. Мұнымен қоса, Қорқыт Ата жайындағы аңыздардан оның бойындағы үш түрлі өнер ерекше айқындалады. Біріншіден, ол оғыз-қыпшақ ұлысынан шыққан айтулы бақсы, абыз. Екіншіден – әйгілі жырау, оның жырлары оғыз-қыпшақ өмірін бейнелеген әдеби-тарихи мұра. Үшіншіден – күйші, қобыз сарынын алғаш туындатушы өнерпаз. «Мәдениет порталы» Қорқыт атаның осы үшінші өнері, күйшілігін басшылыққа ала отырып, халық арасына кеңінен таралған бірнеше күйлерінің шығу тарихына тоқталып көрген еді. Мархаббат!
Қорқыт "Тарғыл Тана"
Бір күні Желмаясымен желін келе жатқан Қорқыттың алдынан бір тарғыл тананы қуып жүрген кемпір жолығады. Ол Қорқыттан: «Баспағымды қайырып жіберші!» -деп өтінеді. Құбылаға қарай қашқан тананы Қорқыт қуа жөнеледі. Қуып жетіп қайырайын десе, әлгі тарғыл тана жеткізбейді. Әбден ызаланған Қорқыт: «Осы тананы қуып кетіп, қайыра алмасам, жер басып, Қорқыт атанып жүргенім құрысын. Өлсем де жетемін!»- деп өршелене қуады. Мұны естіген Тәңірі тарғыл тананы тасқа айналдырып жібереді. Денесі тасқа айналып бара жатқанда тарғыл танаға тіл бітіп:
Менің өзім қара едім,
Қарадан туған ала едім.
Туған жерім –Қазалым,
Мына тау болды-ау ажалым, - деп қиналған екен. Сонда Қорқыт қобызын алып, «Тарғыл тана» күйін шығарған көрінеді.
Айтушы Н. Шәменұлы
Қорқыт "Башпай"
Аңыз бойынша, “Башпай” Қорқыттың өмірінің соңында шығарған ақырғы күйі екен. Қорқыт кілемін төсеп дарияның бетінде отырғанда, қарындасы Ақтамақ ағасына тамақ әкеліп беріп тұрған екен. Күндіз – түні күй тартып, өліммен алысып әбден шаршаған күйші бірде қарындасының әкелген тамағын ішкеннен кейін бойы маужырап, көзі ілініп кетеді. Тамақ салынған дорбамен қайрақ жылан болып ілесіп келген ажал қобыздың үні шықпай тұрған кезде күйшіні шағып алады. Жыланның уы бойына жайылып, әлсіреп бара жатқан Қорқыттан Әзірейіл: “Қандай тілегің бар?” – деп сұрайды. Сонда Қорқыт: “Менің өмірде екі күнәм бар. Біріншісі — өлімнен қырық бір жыл бойы қашқаным. Кілем жайып Сырдың бетінде отырғанда бірде алай – түлей дауыл тұрған еді. Сол кезде қарындасыма башпайым тиіп кеткен болатын, екінші күнәм – сол.
Сол себепті мені көмгенде осы екі башпайымды ашық қалдырыңдар”, деп қобызын қолына алып, ең соңғы Башпай күйін тартқан екен. Ағасының тірі қалмасын сезген қарындасы: «Аға, аға, АЛТЫНЫМ», -деп жылағанда, Қорқыт: «Жылама, жаным, жылама, жылағанмен бола ма, өлімнен ешкім де қашып құтыла алмайды екен деп жұбатып, басу айтады. Әзірейіл Қорқыттың жанын да, өзі айтқандай, оны жерлегенде екі башпайын ашық қалдырып, қобызын бейітінің үстіне қойыпты. Содан көп жылдар бойы Қорқыттың қобызы өзінен-өзі мұңды күй тартып, «Қорқыт, Қорқыт» деп күңіреніп тұрыпты деседі.
Айтушы Н. Шәменұлы
Қорқыт “Ұшардың ұлуы”
Бір жесір кемпірдің жалғыз баласы болады. Ол құс салып, ит жүгірткен саятшы екен. Қашқан аңды құтқармайтын “Ұшар” деген тазысы, желмен жарысқан жүйрік аты бар екен. Күндердің күнінде жігіт кенеттен қайтыс болады. Сол кездегі елдің әдет – ғұрыпы бойынша, өлікті жерлегеннен кейін жұрт қоныс жаңартып, басқа жерге көшетін болған деседі. Жаңа орынға көшіп келгеннен кейін кемпір баласынан қалған көз – тазыны іздесе, ол ұшты – күйлі жоқ боп шығады. “Ескі жұртта қалған болар!” – деп, ана бұрынғы қоныстарына қайтып келсе, айтқандай-ақ, Ұшар иесін қиып кете алмай, мола басында сай – сүйекті сарқырата аспанға қарап ұлып отыр екен. Мұны көрген ана:
Жалғызымнан айрылдым,
Қанатымнан қайрылдым,
Ұшар, Ұшар, кә, кә…- деп аңырайды. Иен далада жалғызының артында қалған ана мен иесінен айрылған тазы – қос мұңлық қосылып күңіренеді. Қорқыттың осы оқиғаға байланысты шығарған күйі «Ұшардың ұлуы» деп аталады.
Айтушы Н. Шәменұлы
Базархан Қосбасаровтың кітабы “Қобыз өнері”