ХІХ ғасырдың ортасынан бері академиялық ортада, модернизациялық үдерістердің күшеюіне байланысты &la...
Анар Кабдуллина. Сын туралы
Сын жаңа шығармамен қатар жүреді, сөйтіп қазіргі әдебиеттің дұрыс бағытта жүйелі дамуына ықпал етеді. Алдымен қаламгерлердің шығармаларының деңгейі жоғары болуы керек!Неге?Себебі, бұл – оқырман алдындағы зор жауапкершілік.
Бұл жауапкершілікті сыншы жақсы сезінгендіктен, авторға жаңа шығармасын жетілдіре түсудің жолдарын көрсетіп беруге тырысады. Бұл жауапкершілікті сыншы ғана емес, автор да жақсы түсінгені керек. Жауапкершілікті сезіну деген – үздіксіз іздену, классикамен бірге жаңа шығармаларды да оқу.
Әрине, оқу үшін уақыт қажет. Оның үстіне, бізде кітап блогерлері жоқтың қасы. Өзге елдер сияқты ю-туб және басқа платформаларды тиімді пайдалана алмай жатырмыз. Жаңадан шет қалғысы келмеген адам шағын ғана топпен жаңа кітапты бірге оқып, талқылайтын «оқырман клубын» неге құрмасқа? «Книжный клуб» деген жақсы фильм бар, орта жастан асқан төрт құрбы жаңа кітапты оқып, белгілі бір уақытта кездесіп, демалып отырып, талқылайды. Демалыста көруге болатын жақсы фильм.
Білімді жетілдірудің жолдары көп. Шығармашылық адамы тек өзінің ой-қиялында ғана өмір сүріп, сол жерден ғана шабыт алуы жеткіліксіз. Бәрібір ол жерде бұрынғы оқығандарыңның әсері болады. Ол бұрынғы оқығандарың шабыт көзі ретінде өзіңді қанағаттандыратын шығар, өзің де «маған сол жеткілікті» деп ойлайтын шығарсың, бәлкім өзіңді осы күйіңде сарқылмайтын қайнар сезінетін боларсың? Бірақ не нәрсе де ескіреді. Кеше бүршік жарған жасыл жапырақ сарғайып, қар астында қалып шіритіні рас. Табиғат келесі жаңаруды күтеді. Ал адам – табиғат бөлшегі, ерекше энергия, бөлек жаратылыс. Әсіресе, оның ойлау жүйесі еш нәрсеге ұқсамайды. Сондықтан ойды қозғау, оны үнемі жаңартып, тазартып отыру жайында неге ойланбасқа?
Ми үшін жаңа шығып жатқан дүниелер әсерлірек, ой қозғалысы маңыздырақ. Мысалы, Джан Сюэнің «Любовь в новом тысячилетии» кітабы халықаралық Букер сыйлығының лонг-парағына кірген. Қазақ тіліне аударылмағандықтан, орыс тіліндегі атауымен атап отырмын. 2019 жылы Нобель сыйлығын алған Петер Хандке, сол сияқты, 2018 жылғы сыйлық иегері, поляк жазушысы Ольга Токарчук шығармаларын оқуға болады. Негізі, халықаралық әдеби сыйлықтар кімді оқу керектігіне таңдау жасау үшін аса тиімді бағдар.
Айтпағым, әдебиет те, сын да оқу арқылы дамиды. Талай шығармалар, олардың идеясы уақыт елегінен өткен: дәл қазіргі сәтте адамзат баласына не нәрсе тән болса, сол ерекшелік әдебиетте жасай береді. Мәселен Кафканың жалғыздығын алайық. Ол кеше Муракамиде жалғасын тапты, бүгін Арман Әділбектен («Жоғалған бөлмелер») көрініс беріп отыр дегендей. Сол сияқты, Рахат Әлішерді қазақтың бүгінгі Габриель Гарсиа Маркесі деп атар едім.
Бүгінгі жас таланттар елеусіз қалып жатыр. Оларға қолдау керек.
Сын бүгін неге жоқ? Себебі, нарықтық әдебиет жүйесі әлі қалыптаспады.
Ал сынның өзі ешқайда жоғалып кеткен жоқ, оны әр білікті әдебиеттанушы, көп оқитын, талғамы бар оқырман, талантты жазушы тірілте алады. Тек қазіргі тенденцияны сезінетін қабілетің, салыстыратын дүниелерің болсын.
Ештеме оқымайтын адам сын айта алмайды. Себебі, салыстыратын дәнемесі жоқ.
Қазір сынмен айналысу тиімді ме? Жоқ.
Неге десеңіз, ешбір нарықтық жүйе альтруистік бастаманы көтермейді.
(ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ұсынған онлайн дәрістен үзінді)
Анар Кабдуллина