Оралханнан екі әңгіме ("Ақ самаурын" кітабынан)

ӘДЕБИЕТ
1987

АПАТ

Жақында Шәуілдірде тұратын бір досым көлік апатына ұшырапты. Екі кештің арасында айдалада жылдамдықты 140-қа жеткізіп, жүйіткіп келе жатқанда алдынан сиыр шығып қалған ғой. Рульді оқыс бұрып қалғанда дөңгелек тасқа тиіп, көлік әуеде бір айналып барып, тұмсығымен жерге шаншылып түсіпті. 

«Әуеде айналып бара жатқанда бүкіл ғұмырым көз алдымнан өтті» дейді досым. Сосын ең бірінші келген ой -- көліктің ішінен шыға алмай қалып, жалынға жанып кетем-ау болыпты. Жан деген тәтті ғой, аяғым қысылып, темірлердің арасынан шыға алмай қалатындай сезіндім дейді. 

Бірақ көрер жарығы бар екен, қираған көліктің ішінен лып етіп лезде шығып кетіпті. Еш жері ауырмаған, сыздамаған. 

Мәңгіріп жолдың жиегінде отырғанда өтіп бара жатқан басқа көліктердің жүргізушілері көмекке келіпті. Көпшілік аңғармаса керек, есі ауып, бұл да солармен бірге жүгіре берген ғой. Келгендердің бәрі көлікті айналып шыр-шыр етеді дейді. Алғашында не айтып жатқандарын естімей, бұл да солармен бірге қирап жатқан көліктің асты-үстіне үңіліп, көк түтіннің арасында шыр айналып жүре беріпті. 

-- Біраздан кейін қасымдағылардың не айтып жатқанын аңғардым, -- дейді досым. -- Сөйтсем олар «Көліктің ішінде адам жоқ па екен?» деп жатыр екен. Енді біреулері «Ойпырмай, ішінде адамы жоқ, бұл не қылған көлік?.. Қалай апатқа ұшыраған? Әй, дегенменде тағы да жақсылап қараңдаршы, бәлкім астыңғы жағында біреу жатқан болар? Әлде кішкентай балалар қап кетті ме?» деп айқайлап жатыр екен. 

Елдің бәрі еңкейіп, шарқ ұрып шопырды іздеп, біресе көліктің астына үңіліп, біресе әр тесігіне көз жүгіртіп аң-таң болып жатқанда менің досым солардың артынан мойнын созып: 

-- Жоқ-ей, салонда менен басқа ешкім болған жоқ. Өзім айдап келе жатқам... -- деп жұртты одан бетер шошытқан ғой. 

Күлеміз-ау... Бірақ күлетін жағдай емес. Алла тағалам мұндай апаттың бетін аулақ қылсын! Аман бол, досым! Жарқын күндер әлі алда!


ШЫДАМ

 Әйелдердің өте шыдамды, төзімді жан екендіктерін бұрын да мойындағанмын. Қырық жаны бары екеніне жақында тағы да көзім жетті. Қазір балаларға сабақ оқыту деген бір азап. Әлде үй тапсырмасы көп беріле ме, жоқ, әлде қазіргі оқулықтарды түсіну қиын ба, әйтеуір, мектептен алқын-жұлқын келгеннен қайтып сөмкесін асынып мектепке кеткенше сабаққа шұқшиюмен болады. Соның өзінде ара-арасында ұрыс-керіс, айқай-шу, соңы балалардың таяқ жеуімен аяқталады. 

Келіншегім балаларға өте қатал. Қабағымен зыр жүгіртеді. Жынына жақпағанын қамшымен сабап алады. Қамшысын алып балаларды тұра қуған кезде ашу үстінде мені де сабап жібере ме деп қыпылықтап, ғазиз басымды ол бөлмеден әрең алып шығамын. Ал, көңілді кезінде одан асқан мейірімді жан жоқ. Балалар да еркелеп, бір жетісіп, ойнақтап қалады. 

Жалпы өзім баланың тәрбиесіне, сабақ оқуына көп араласпаймын. Келіншегім асханада қазандағы еттің сорпасын сапырып тұрып, бір қолында балалардың оқулығы, сабақ түсіндіріп жатады. Аяғына кішкентайымыз жабысып алған. Қайбір күні қатты кетіп, қамшымен балаларды «сойып» салды. Шыдай алмай ара түсіп едім, «Онда балаңа сабақты өзің оқыт...» деп есікті тарс жауып шығып кетті. «Оқытсам оқытамын...» деп күбірлеп қала бердім. 

Содан баламды он минөт оқыттым-ау деймін...Он минөттен кейін «Ой, шешеңнің сенің... Бір айтқаннан неге ұқпайтын баласың? Бар, шешеңе...» деп кітабын тарс жауып, бөлмеден шығарып жібердім. Бар шыдамым осыған жетті. Әлде мен дұрыстап оқытпадым ба, әлде менің оқыту «стиліме» балам үйренбеді ме, әйтеуір мен түсіндіре алмадым, ол мүлдем ұға алмады. Қазір үйдегі балаға сабақ оқыту мұғалім болып қадағалаумен бірдей ме деп қалдым. Осыдан кейін үйдің шаруасынан бөлек балалардың сабағын оқытып, кішкентайын жұбатып, біздің жағдайымызды жасап жүрген әйелдердің шыдамдылығына, төзімділігіне, сабырлылығына тағы бір көзім жетіп, басымды идім. 

Тағы бір жағдай. Келіншегімнің күн сайын қайталайтын бір сұрағы бар. «Бүгін тамаққа не істейін?» Күн сайын таңертең жұмысқа шығып бара жатқанда сұрайды. Жаңа ғана түннен қалған тамақты соғып алып, қарын тоқ, тіс шұқып кетіп бара жатып: «Енді көрерсің... Жеңіл-желпі бірнәрсе істей салсайшы...» дейсің. "Онсыз да шаруаң шашетектен, көп әуреленбей-ақ қойсаңшы" деп келіншегіме жаным ашыған түрі ғой бұл. 

Жұмыс аяғына таман қарын аш, асқазан ұлиды. Үйге телефон соғасың.

-- Не тамақ істеп жатырсың?

-- Өзің жеңіл тамақ дегеннен кейін... борщ істеп жатырмын. 

-- Жындысың ба, борщ деген тамақ па? Ең болмаса ет пен картоп қуырмайсың ба? 

-- Енді өзің айттың ғой...

-- Айтсам, таңертең айттым... Мен барғанша тез-тез бірдеңе қуырып қойшы...

Басқа-басқа асқазанның ашуы қатты. «Аш адам ашуланшақ келеді» деп бекер айтылмаған. Түске дейін былай жалт етіп, түс қайта былай бұлт ете қалған ерлерінің қиқарлығына төзіп жүрген әйелдерді нағыз болаттан жаратылған демеске амалың жоқ. Айналайындар-ай, қайтейін енді... Аман болыңдар!

Оралхан Дәуіт

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...