Біздің «Мәдениет порталында» белгілі мағжантанушы Бақыткамал Қанарбаеваның ALTAYNEWS.kz...
«Квант»: Кейіпкерлер мен оқиғалардың философиялық субординациясы
Қазіргі қазақ әдебиеті ХХ ғасырдың екінші жартысында модернизм ағымының орнын басқан ірі құбылыс – постмодернизм ағымының аясында өте жылдам деңгейде дамып келеді. Мейлі, ол насыр болсын яки назым болсын бәріне қатысты. Постмодернизм - мәдениеттің және адамзат өркениетінің барлық салаларын қамтитын жалпы әлеуметтік тенденция. Бастапқыда модерннен кейінгі жаңашылдық ағымы белгілі бір ғылымдардың дамуына ықпал еткен кескіндеме және сәулет өнерімен ғана шектелді. Уақыт өте келе ғылымға, оның ішінде әдебиетке сіңісіп, жаңа идеялар мен іргелі ұғымдардың пайда болуына ықпал етті. Ескере кетерлік бір дүние, постмодернизм теориясы қазіргі заманның ең ықпалды философтарының бірі Жак Деррида тұжырымдамаларына негізделген. Дерриданың сөзінше, "әлем - мәтін", "мәтін - шынайылықтың жалғыз ғана мүмкін моделі" [1]. Бүгінгі таңда постмодернизм дәуірінде пайда болған "әлем – мәтін" концепциясы аясында талдау және маңыздылығын анықтау әдебиетіміздің одан әрі дамуын болжау үшін қажет деп білеміз.
Қазақ әдебиетінде әлемдік тенденцияға айналған, философия мен өнердің барлық салаларын қамтитын постмодернизм туралы іргелі және жан-жақты зерттеулерден бөлек, постмодернистік сипатта жазылған шығармалар өте аз. С. Қасқабасов бұл жағдайды былайша түсіндіреді: «Постмодернизм – өндірісі қатты дамыған постиндустриялы елдерде кең таралған. Өйткені, олар бұрынғы классикалық әдебиеттен қол үзіп кеткен. Біз болсақ, классикалық реализмнен, классикалық әдебиеттен қол үзгеміз жоқ. Одан қол үзе алмайтын себебіміз, бізде әлі постиндустриялық қоғам құрылған жоқ. Сондықтан постиндустриялық қоғам болмай тұрып, постиндустриялық қоғамның өмірін суреттей алмаймыз. Алайда, постмодернистік тәсілді меңгеріп алған біздің кейбір қаламгерлердің ісі сыртқы көрініс қана» [2,4]. Ал сыншы Б.Майтанов болса: «Қазіргі дәуірдегі модернизм мен постмодернизмнің қазақ әдебиетіндегі көріністері тұтас бағыт деңгейіне көтерілмеген, олар өзара ара-жігін де ашып дараланбағандықтан, бүгінгі күн бедерінде көркем-әдеби ағым ретінде өмір сүруде. Орнына қарай дәстүр, үрдіс, көрініс, стиль терминдері қолданылуы мүмкін. Біз бұл үдерісті жылдамдатуға да, кідіртуге де құқылы емеспіз. Тақсыр уақыт пен әдеби тәжірибе негізгі сөздің тұтқасын ұстамақ.» [3,4]. - деген пікірде болған. Дегенмен тәуелсіз қазақ әдебиетіндегі жазушылардың шығармаларында постмодерндік сипат көптеп танылады. Соның ішінде жаңашыл сипатта өзіне тән шығармаларын қазақ тілді оқырманға ұсынып жүрген жазушылардың бірі – Досхан Жылқыбай.
Жазушы көбіне проза жанрының шағын түрі әңгіме жанрында қалам тербейді. Бұл дегеніміз оның романға яки повесть жазуға қауқары жетпейді деген сөз емес. Тек уақыт пен кеңістігі шамадан тыс тез ауысатын және өзгеретін капиталистік қоғамда үлкен көлемді шығарма оқу қиын екенін жазушы жақсы біледі. Әрісі әңгіме жанрының қысқалығы жөнінде сөз қозғағанда Уильяма Шекспирдың «Гамлетіндегі»:
«Therefore since brevity is the soul of wit,
And tediousness the limbs and outward flourishes,
I will be brief.
Your noble son is mad» [4] деген сөзі ойымызға оралады. Кейіннен бұл өлең жолдарын Чехов «Краткость – сестра таланта» [5] деп қорытындылайды. Сонымен Досхан Жылқыбайдың қазіргі қазақ оқырмандары мен әдебиеттанушылары арасында өте көп талданған һәм талқыланған "Квант" әңгімесіндегі кейіпкерлер мен оқиғалардың философиялық субординация мен еркіндігін, олардың таңдау құқығын, шығарма тіліндегі көрінісін рационалист Лейбництің монодтары мен постмодернист философ Бодриярдың симулякрларын басшылыққа ала отырып хәл-қадіріміз жеткенше тоқталып өтсек.
Аталмыш әңгіме атаусыз он тоғыз бөлімнен тұрады. Яғни, жазушы он тоғыз түрлі уақыт пен кеңістікте болып жатқан оқиғаларды бір ғана кванттың айналасында топтастырады. Бұл жерде квантты автор техникалық ғылымдардағы формулалармен немесе физика тілімен түсіндірмейді, қарапайым ғана Кәмиланың пиджактың киіп, кимеуінен оқырманның когнитивті санасына қазіргі физика ғылымындағы ең үлкен жаңалықтардың бірі кванттық теорияны түсіндіруге тырысады. Оқиға кейіпкері Бектің шақша атып, әжетханадан шығып келе жатқанынан бастау алған әңгіменің жоғарыда айтқан ең ауқымды кульминациясы мына бір диалогтан кейін орын алады:
Асханада қуырған жұмыртқасын тәрелкеге салып жатқан Кәмилә:
– Үш жүз сегіз, – деп дауысын көтеріңкіреді.
– Екеуміз бір аудиториядамыз ғой.
– Иә. ...Айтпақшы, Бек! Қай пиджагімді кисем болады?
– Түнде сұрыңды дайындап қойып ең ғой, Ками!
Тағы да тыжырынды.
– Осы не әдет?
– Ол түндегі көңіл күймен таңдалған.
– Түс көрдің бе немене?
– Иә. Айтпақшы тойды күзде жасасақ қайтеді?
– Ұзатуыңды жасағың келсе... Ал негізі үйлену той жазда ғой.
Қастарының түйіскен жері мен мұрнының үсті әнтек әжімденді де:
– Қой. Қызылымды киіп шыға берейін, – деп пиджагін қолына ұстаған күйі сыртқы есікке беттеді.
Жол бойына шыға қалғанда екеуінің қол көтеруін күтпестен қызыл Tоyota тоқтады. Баратын жерлері жақын болса да, көліктің жаңалығын ұнатқан Бекбол төрт жүзге келіскен» [6].
Міне, осы диалогтан кейін Бек пен Кәмилаға тиесілі уақыт пен кеңістік бір-ақ сәтте пиджагтың ауысуымен, яғни түнде дайындап қойған сұр пиджагтың орнына, қызыл пиджагтың киіп шығуыннан кейін өзгеріп шыға келеді. Үйден шыға келіп таксиге мінген кезден-ақ оқиға кейіпкерлерінде уақыт та, кеңістік те болмайды. Олар әңгіменің кейінгі бөлімдерінде уақыттан тәуелсіз. Ал уақыттан тәуелсіз адамда кеңістіктің болмайтыны екі бастан белгілі. Яғни, өздерін бар етуші уақытты, одан кейін кеңістікті табу үшін автор болуы мүмкін деген барлық оқиғаларды Кәмила мен Бектің алдына тізіп береді. Бұл біздің ойымызға философия тарихындағы ең көрнекті тұлғалардың бірі Лейбницдің шындық пен дұрыс жайлы философиясын еске түсіреді. Лейбниц үшін шындық пен дұрыс дүние бір емес. Себебі, дұрыс – айтылар сөздің бағамдалуына байланысты, ал шындық бұдан тәуелсіз [7]. Лейбницдің пікірінше, егер предикат тақырыпта болса, онда аналитикалық тұжырымдар болып есептеледі. Ал барлық аналитикалық тұжырымдар дұрыс дей келе, Лейбниц «Цезарь Рубикон өзенінен өтті» сөйлемін қарастырады. Сол замандағы алып баһадүр Цезарьдың болмысын ашу үшін оған нешеме сипаттар бере аламыз. Мысалы, Цезарь – мықты, Цезарь – әлем билеушісі сынды, Цезарь –Рубикон өзенін кешіп өтуші. Бұл жерде Цезарь жай ғана Рубикон өзенін кешіп өтпеді, кешіп өту арқылы өз болмысындағы батырлықты дәлелдей алды. Бұдан былай Рубикон жәй ғана өзен емес, батырлықты тәмсіл етуші концепт болып ортаға қайта шығады [7]. Яғни, кез-келген бір адамның «Мен, Рубикон өзеннін кешіп өттім» деуі расында да сол өзеннен өткені емес, оның үлкен бір батырлыққа барғанындағы мағынаны үстейді. Алып философиялық ойлардың қысқа қайыратын болсақ, Лейбниц ұсынған аналитикалық тұжырым шындыққа жатпайды, ол жай ғана дұрыс. Себебі Цезарь Рубикон өзенін кешіп өтпеуі де мүмкін еді. Егер кешіп өтпеген жағдайда қолбасшының болмысына сызат түспейді. Бұл тек қана болуы мүмкін әрекеттің нәтижесінде мағынаға тап болған сипат. Сол секілді Досхан Жылқыбайдың «Квант» әңгімесінде Кәмиланың қызыл пиджагты алуынан басталған кіл оқиға болуы мүмкін әрекеттердің нәтижесінде мағынаға тап болған сипат деп қабылдауымызға әбден болады. Мысалы, Кәмила шығарда қызыл пиджагын алып шығып, екеуінің қызыл Tоyota-ға мінулері аналитикалық тұжырым. Осы сөйлемге дейін жазылған мақала яки әңгіменің осы тұсына дейін оқыған оқырман үшін Кәмиланың болмысына мағынаны қызыл пиджаг үстеп тұр. Яғни, кез-келген оқырман «Мен қызыл пиждагымды кигім келеді» десе келесі бір оқырман оның Кәмиланың болмысындағы бар қасиетті дәлірек айтсақ қыңырлықты сөз етіп отырғанын анық байқайды. Бұл демек «қызыл пиджаг» өзінің «қызыл пиждагтық» болмысынан шығып индивид әрекетінің нәтижесінде «қыңырлық» сипатына ие болады. Әрине, қызыл пиджагқа «қызыл пиджаг» сипатын үстейді де индивидтің әрекеті. Алайда бұл сипат интерсубъективті қасиетке ие.
Ювал Ноаһ Харари өзінің «Sapiens» еңбегінде «интерсубъективті нәрсе адамдардың субъективті сана-сенімін ұластыратын қатынаста, коммуникативтік желіде болады. Жеке адам өз сенімін өзгертсе, интерсубъективтіге әсер етпейді» [8:109]. Бұл дегеніміз интерсубъективті нәрсені өзгерту үшін нысанадағы заттың жалпыадамзаттық когнитивтегі сипаттарын өзгерту деген сөз. Ал жеке тұлға «қызыл пиджаг» жайлы ойын өзгертсе де, әлем халықтары үшін «қызыл пиджаг» тек «қызыл пиджаг», ол өзгермейді. Ал «қызыл пиджагтың» «қыңырлыққа» ойысуы ол интерсубъективті емес, индивидке тәуелді субъективті нәрсе. Кәмиланың болмысын ашудағы аналитикалық тұжырым Лейбниц философиясы бойынша дұрыс, шындық емес. Себебі Кәмила қызыл пиджагты кимеуі де мүмкін еді. Автор Лейбницдің бұл ойын да шығарма кейіпкерлеріне таңдау құқығы қылып береді де, қай оқиғаның болуы мүмкін екен деп кейіпкерлердің артынан жүріп отырады. Оны бір екінші бөлімнің мына бір сөйлемдерінен көре аламыз:
«– ...Бек, қай пиджагімді кисем болады?
– Түнде сұрыңды дайындап жатыр ең.
Кәмилә тыжырына сұр пиджагін қолына алды.
– Киетін киімім жоқ.
– Артыңнан келеді ғой.
– Жазға дейін жүрем бе осылай, – деп буыны кеткендей мойнына асыла берді.
– Ками! Жылдам шығайық енді.
Жол бойына жақындағанда Бекболдың көзіне өтіп бара жатқан қызыл Tоyota жылы ұшырады. «Жаңа сияқты» деп ішінен бір ойлады да, жол бойына шығып қолын көтерген. Ақ Audi келіп тоқтады да, сақалы орақ көрмеген қарасора секілді жүргізуші көзі шыңылтырлана иек қақты» [6].
Кәмиланың үйден шығарда қызылды да, сұрды да киюі мүмкін еді. Немесе сұр пиджагтың қалтасындағы шпоргалканы ұмытпай қызыл пиджагын киерде салып алуды ұмытпауы да мүмкін болатын.
Автор бұл жерде кейіпкерлерге болуы мүмкін болжамдарды ұсынады. Яғни, Досхан Жылқыбай қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған әдеби әрекетке бас ұрады: кейіпкерлерге еркіндік беру. Иә, бұған дейінді классикалық қазақ әдебиетінде кейіпкерлер оқиғаларға тәуелді болса, «Квант» әңгімесінде оқиғалар кейіпкерлерге тәуелді. Ал автор болса Кәмила мен Бектің қай оқиғаны бастан өткеру мүмкін деген сұраққа жауап іздейді. Ең қызығы автор, сұрақтың жауабын іздеуге талпынбайды, жәй ғана барлық оқиғаларды Кәмила мен Бектің алдына жайып бере салады. Таңдау кейіпкерлердің өздеріне тиесілі.
Он тоғыз бөлімді әңгімедегі оқиғалардың шиеленіскені және бір-бірінің ішіне кіріккені соншалық әр бөлімдегі таңдалуы мүмкін болған шешімдер кейіннен бір-біт матрицаға айнала бастайды. Ал матрица өз кезегінде симулякрлар жаратады. Осы жерде әйгілі социолог, философ Жан Бодрийяр өзінің «Симулякрлар және симуляция» кітабындағы «Симулякр — это вовсе не то, что скрывает собой истину, — это истина, скрывающая, что ее нет. Симулякр есть истина» [9:3] деген сөзі есімізге түседі. Бұл дегеніміз шындыққа жатпайтын, тек қана дұрыс аналитикалық тұжырым ретіндегі қабылданған оқиға Кәмиланың қызыл пиджагына тәуелсіз, дербес дами бастайды. Демек емтиханға кірген «Кәмиланың аудиториядан қуылуы», «артынан Бектің жүгіріп шығу немесе шықпауы», бұл болуы мүмкін жағдаяттардың ішінде пайда болған «Кәмиланың кездесуге баруы немесе бармауы», тіпті мұның ішінде пайда болған «Бек пен Арайдың кездесуі немесе кездеспеуі» оқырман санасында симулякр орнатқаны соншалық аналитикалық тұжырым болудан шығып, дұрыс яки шындықты ажырата алмайтын хәлге жетеді. Осылайша Лейбництің ұсынған шындығына Бодрийярдың айтуы бойынша ешқашан жете алмайтынымызды, тіпті ондай шындықтың жоқ екенін бағамдай аламыз. Әр бөлімін жаңа бір оқиға ішіндегі оқидан басталатын Досхан Жылқыбайдың «Квант» әңгімесі барлық дұрыстар мен шындықтарға, шындықтар мен симулякрларға, тіпті бұларды жасаушы әрекеттердің тағдырға айналтынына тек қана әр адамның өз таңдауы екенін айтқысы келеді. Себебі тағдыр – ол таңдау.
Қорытындылай келе, Досхан Жылқыбайдың «Квант» әңгімесіндегі кейіпкерлер классикалық қазақ әдебиетіндегі кейіпкерлерден еркін болуы арқылы ерекшеленеді. «Шредингердің мысығы» [10] секілді бір уақыт пен мекенде мыңдаған таңдаулардың болуы, барлық кейіпкерді бар етуі де, жоқ етуі де мүмкін. Сол секілді кейіпкердің нақты бір таңдау жасауы тек бір саңылаудың ішіне кіріп кетуін, яғни өз матрицасына түсуін көрсетеді. «Параллельді әлемдерде» кейіпкер таңдамаған басқа матрицалар да өмір сүруін тоқтатпайды. Олар тек, өзге бір тұлғаның таңдауына айналады. Осындай философиялық ойлар мен әрекеттерді жазушы оқырмандарына өз деңгейінде ұсынуға талпынған.
Әдебиеттер тізімі
- L. Derrida. «Yazı ve Fark»: (ауд.). –Стамбул: «Metis Yayinlari», 2016, 394 бет.
- «Қазақ әдебиеті» газеті, №13, 10 сәуір, 2009 жыл.
- «Қасым» журналы, №2, 2011жыл.
- У. Шекспир. «Гамлет»: Москва: АСТ, 2020- 384 бет
- А. Чехов. 8 томдық шығармалар жинағы, 1-том, 1980, М: Правда, 254 бет.
- Д. Жылқыбай. «Квант».
- Г. Лейбниц. «Монадология», М: Рипол, 2018 жыл, 198 бет.
- Ю. Н. Харари Sapiens. «Адамзаттың қысқаша тарихы». –Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2018 жыл, 368 бет.
- Ж. Бодрийяр. «Симулякры и симуляции»: (ауд.) – М: «ПОСТУМ», 2015. – 240 бет.
- Э. Шредингер. «Квантовой кот вселенный»,М: Алгоритм, 2017 жыл, 224 бет.
Жомарт Жылкелдіұлы