Мөлдір бұлақтай кәусар жырларымен жүректерге ұялаған көрнекті ақын Қастек Баянбай шығармашылығы хақы...
Сәбит Мұқанов туралы ақиқат пен аңызды кім ажыратады
Біздің «Мәдениет порталында» белгілі мағжантанушы Бақыткамал Қанарбаеваның ALTAYNEWS.kz интернет басылымына берген сұхбатын жариялаған едік. Содан кейін де Сәбит Мұқановқа қатысты материалдар легі басылар емес. Қазақ әдебиетінің қара шаңырағына діңгек болған ірі тұлғаны түрлі алып-қашпа, рас-өтірігі беймәлім деректермен төбеледі. Соның арасында «Айқын» газетінің журналисі Гүлзина Бектастың араша түскен жазбасы да келіп жетті. Осы дүниені оқырман қауым назарына ұсынуды жөн көрдік.
"Белгілі мағжантанушы Бақыткамал Қанарбаева ALTAYNEWS.kz интернет басылымына берген сұхбатында: «Ең сұмдығы Сәбит Мұқанов болды. Сәбит неге соңына түсті? 1919 жылғы соғыс кезінде жетім бала Сәбитті Мағжан атасы Жұмабай қажыға жібереді. Жұмабай қажының жылқысында Көкдауыл деген сетер аты болады. Бірде Сәбит шанаға сол Көкдауылды жегіп, байдың балаларын қыдыртып жүреді. Сонда Көкдауылдың аяғы інге кіріп, мертігеді. Атпаз Жұмабай Сәбитті бишікпен сабап-сабап, уәде еткен киімін де бермей, қуып жіберген ғой. «Өмір мектебінде»: «Бекен деген оңбаған, уәде берген киімін бермеді» деп айтады. Ал себебін қозғамайды. Сол күннен бастап Сәбит Жұмабаев әулетіне өшіккен, соңына түскен. Мағжанның ұсталуына Сәбит Мұқановтың рөлі үлкен» деген пікір білдірген екен.
Қанарбаеваның «Мағжанның соңына түскен үш адам бар» сұхбатынан кейін әлеуметтік желілерде Сәбит Мұқановты қаралаған пікірлер көбейді. Тіпті кейбірі «Сәбит Мұқановқа берілген көше аттарын, мекеме атауларын алып тастау қажет» дегенді де жазып жатыр. Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ақиқатты айтқанда, біреуді қаралап, біреуді ақтап жататынымыз анық. Бұған дейін де Сәбит Мұқанов туралы талай-талай мақала жазылды. Тіпті оның «сатқындығын» бетке басқандар да бар.
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов әдеби мемориалдық музей кешенінің директоры, белгілі ақын Әділғазы Қайырбековтің бір сұхбатында: «Сәбең советтік идеяға құлай берілген, шын жүрегімен сенген. Алашорданы қабылдамаған. Сондықтан да Мағжанды да, Ахмет Байтұрсынұлын да, Міржақып Дулатовты да, басқаларын да таптық тұрғыдан аяусыз сынаған. Бұл мәселеде пікірлерін жасырып-жаппаған, ашық айтып отырған. Сәбеңнің бұл пікірлері баспасөзде де ашық жарияланған, кітаптарында да бар. Яғни, олардың бағытының дұрыс емесіне шын көңілмен сеніп, тура жолға салғысы келген, жаны ашыған. Бірақ оларға қастық ойламаған, жамандық тілемеген. Оған қатысты мына мысалды алайықшы. Мәскеуде қызыл профессурада оқып жүргенінде айдаудағы Мағжанға «Райыңнан қайт, Совет үкіметін қабылда» деп хат жазады. Кейін оқуын бітіріп, Алматыда қызмет етіп жүргенінде айдаудан оралған Мағжаннан «Орталарыңа алмайсыңдар ма?» деген мағынадағы хат алып, Сәкеннің ақылымен сол кездегі республика басшысы Мирзоянға барады. Бұл кезде Мағжан Қызылжар жақта жүрсе керек. Мирзоян: «Мағжанға көмектесіңдер, бірақ оған шығарма жаздырмаңдар. Дүниежүзі классиктерінің шығармаларын қазақшаға аудартып, қаламақы төлеңдер, баспана беріңдер» деп тапсырма береді. Осыдан соң Сәбең Мағжанды Алматыға шақыртып, теміржол вокзалынан күтіп алады. Міне, Мағжанға шын жанашыр болып, сол үшін республика басшысының алдына барған Сәбең оған қастандық жасады деу – қисынсыз әңгіме», – дейді.
Белгілі ғалым, сыншы Құлбек Ергөбек: «Соңғы кездері Сәбит Мұқановтың 1937 жылғы Алашордаға жасаған сын-пікірлеріне қатысты оның атын көшелерден өшіру, мекемелерден алып тастау туралы мәселе қойылып жатыр. Бұл – меніңше, біржақтылық. Тарихқа қарасақ, архив деректеріне ден қойсақ,
1937 жылдың кесапатынан аман шыққан қазақ жоқ. Сонда қалай етеміз? Солардың бәрінің атын көшеден алып тастап, атындағы мекемелерден атын өшіріп, қоя береміз бе? Бұл – дұрыс принцип емес. Ондай жағдайда бізде кейінгі жас ұрпақ сенетін, шығармасын оқып, үлгі тұтатын тұлға қалмауы мүмкін. Енді не істеу керек? Менің ойымша, Сәбит Мұқанов ұстаз тұтқан Тұрар Рысқұлов, ол ұстаз санаған Сәкен Сейфуллиннің есімін көшелерден өшіру, кейінгі ұрпақтың жадынан аластау – бұл шешім емес. Бұларды қатты сынап, жетістіктерін жетістіктей, кемшілігін кемшіліктей түзіп қана қойып, олардың атындағы бар жайларды орнында қалдыра беру керек. Мүмкін, бірі қатты сыналар, бірі аздап сын естір, мұның бәрі олардың 1937 жылы қалай қызмет етуіне байланысты. Ал Мұқановқа келер болсақ, ол 1929 жылдан бастап, 1980 жылдарға дейін қазақ әдебиетінің даму тенденциясын айқындап берген жазушы.
1929 жылдан өмірінің соңына дейін әдебиетке еселей-еселей үлес қосты. Әрине, Сәбит Мұқанов – социалистік реализмнің төл перзенті. Жазушының «социалистік қоғамның жетістігін насихаттадым» деп жазған шығармаларының өзінде халықтың қаншама ой-арманы, асыл мұрасы сәулеленді. Қазақ әдебиетінде Мұқанов араласпаған, ол жемісті еңбек етпеген сала жоқ. Оның бәрін тарихтан өшіріп тастау обал болады. Сәбит Мұқановтың еңбектері – дәстүр түзген, мектебі бар шығармашылық. Олай болса, қазақ әдебиетіне ол еңбектерімен ғана емес, өзінің дәстүрімен де айрықша еңбек сіңірген, аса көрнекті жазушымыз. Ол әдебиет тарихына еркін енетін бірсыпыра рухани қазына қалдырды. Оның үстіне 1932 жылы ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетін, яғни ұлтшылдық-байшылдық дәуірі деп аталатын Алаш саясатының жетістігін айта отырып, қатты сынайтын монографиясын жазса да, жазушы көзі тірісінде жылымық кезеңде Қазақстан Жазушылар одағына хат жазып, «Қиын-қыстау заманда осындай ғылыми зерттеу еңбегін жазған едім. Дүние бір орында тұрмайды. Оны білемін. Сондықтан жаңарған жылымық заманына орай, осы еңбегімнің қаншалықты тарихи рөлі бар. Осының сәтсіздігі мен кемшілігі неде екенін комиссия құрып, анықтап беріңдер. Мүмкін, сол комиссия шешімінен кейін, оны қайта жасармын. Бұл – менің 1937 жылы партиядан шығарылып, үй қамағында отыруыма себепкер болған еңбек еді. Мұнда Алашордамен дүниетаным мәселесі жөнінен сынасқаным рас. Ал бірақ оны сынап отырып, олардың жетістігін де, әдбиетке қосқан үлесін де тартынбай айтқан едім. Соның өзі өзіме бәле болған еді» дегені бар. Осындай әрекетіне қарағанда, Алашорданың түптің түбінде ақталатынын білген адам. Керек болатын болса, Шәкәрімді ақтауға Орталық комитетке хат жазып, өзі басшылық жасаған. Сәбеңнің өзі де: «Совет үкіметіне қарсы оқ атпаған, көзқарасы сәл басқалау болған Шәкәрімді біз әдебиетіміздің тарихына қоса алмай отырмыз. Бұл – аса зор қателік» деп мәселе қояды. Тәуелсіздік алып, әдебиетіміздің тарихындағы ақты ақ, қараны қара деп айтатын тұста Сәбит Мұқановқа ревизия жасаған дұрыс шығар. Бірақ әділдікті қалпына келтіреміз деп отырып, әділетсіздікке жол беріп алмауымыз керек. Оның әдебиет тарихындағы бағасы айтылуы тиіс. Оның атына берілген көшелерден есімін алып тастау – бұл «артық етемін деп, тыртық ету». Болмаса, қас түзейміз деп, көз шығарып алумен бірдей болмақ. Сондықтан Сәбит Мұқанов жөнінде де, онымен айтысқан-тартысқан тарихи тұлғалар жөнінде де адал әрі әділ болуымыз керек», – дейді.
Ал ғалым, филология ғылымдарының докторы Күләш Ахмет: «Алаш азаматтарын ұстатты, атқызды» деп пікір айтатынның барлығы да – Мұқанов мұрасынан хабарсыз, деректерді білмейтін жандар. Солардың арасында әдебиетші-ғалымдар да бар. Олар Сәбит Мұқанов саясаттың дүрмегімен айтылып кеткен кей пікірлеріне кейін қайта оралды ма, жоқ па, одан да хабарсыз. Қарапайым оқырмандар айтса, кешіруге болатын жағдай. Ал оны ғалымдар, жоғары оқу орындарында дәріс беріп жүрген ғылым кандидаттары өздерінің шолақ ойларын оқушыға жеткізер болса, онда ұрпақ үшін трагедия болар еді. Біле білсеңіз, Алаш азаматтарының ешқайсысын да Сәбит Мұқанов көрсетпеген. Егер оны КГБ өзіне шақырып, сұрақ-жауап алмаса, қайдан көрсетеді? 1988 жылдан бастап, Алаш азаматтарының алды ақталды. Алаш азаматтарын зерттеп жүрген ғалымдардың он пайызы тергеу ісін қараған болса, сол тергеу ісінде Мұқановтың аты аталған болса, осы кезге дейін жария болар еді. Демек, мұндай ақпар жоқ. Архив дерегіне сүйеніп, Сәбит Мұқанов мына азаматты ұстап берген деген фактіні айта алмайды. Себебі, Мұқанов КГБ-нің есігінің қайда екенін білмей кеткен адам. Оның өзі де Жазушылар одағынан, партия қатарынан қуылды. Сәбит Мұқанов ешуақытта ешкімнің атын атап, «осындай едің ғой» дегенге бармаған. Екінші мәселе – Сәбеңе айтылатын айыптардың бірі, 1932 жылы жарық көрген қазақ әдебиеті. Ол кітап шыққан бойда таратылмастан, түрмеге қамалды. Алаш азаматтары ақталған тұста Сәбит Мұқановтың сол кітабын М.Әуезов атындағы Әдебиет институты пайдаланды. Алаш арыстарының шығармаларының барлығын сол әдебиет тарихынан алды. ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіндегі, тарихындағы зиялылардың кереметі, артықшылығы қазақ ғылымына қатысты дүниенің бәрін әрқайсысы жазып кетті. ХХ ғасырдың әдебиетін жазған адам – Сәбит Мұқанов. Шығармашылық портретті ең бірінші жасаған да – осы кісі. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Сәбит Дөнентаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Ғұмар Қараш, Бернияз Күлеев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезовтің портретін жасады. Олардың шығармашылық портретін жасағанда, олардың өмірбаяны толық емес еді. Мұны ешкім айтпайды. Ал Мағжанға келер болсақ, ол – Сәбиттің ұстазы. Екеуінің бір үйде жатқаны рас. Мағжанға көмек қолын созды. Қаламақы алып берді. «Абай – ақылдың ақыны, Мағжан – ақынның ақыны» деген сөзді елдің бәрі айтады. Бұл сөзді айтқан кім? Оған ешкім мән бермейді. Ол сөздің авторы Сәбит Мұқанов екенін айтқымыз келмейді. Неге? Өйткені оған қимаймыз. Алаш азаматтарының ешқайсысына «Халық жауы» деген сөзді айтпаған адам», – деген пікірді алға тартады.
Қазақтың батыр ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлы өз естелігінде: «Қайран, Сәбең! Аңқылдаған, аузын ашса, көмейі көрінетін, ақпейіл, керемет те адал азамат, ағаға іні, ініге аға, бауырмал кісі еді-ау. Сол алғашқы кездесудің өзінде-ақ Сәбеңді солай танып, ұғып, біліп, отыз жыл бойы сол пікірден ауытқымай, адал досы, сыйлас інісі болуға күш салдым. Сәбең ақылдылығына қоса, өте кішіпейіл, ретті жерінде әзіл-оспақшыл болатын. Ол қазақ әдебиетіне үлкен қамқоршы еді» деп жазған екен. Сәбитті зерттеген, оның көзін көрген азаматтардың ешқайсысы да жазушыға күйе жаға алмайды. Тіпті оның «жазықты» екенін айғақтайтын нақты деректер де жоқ. Демек, Сәбит «сатқын» деп, біржақты пікір айту дұрыс па? Сыншы Құлбек ағамыз айтқандай, «әділдікті қалпына келтіру – әділетсіздікке жол беру» емес шығар. Не айтсақ та, не жазсақ та, әділін, турасын айтайықшы…"