Қалихан Ысқақ. Менің ағаларым

ӘДЕБИЕТ
5575

Image captionБіз ағайынды үшеуміз. Ең үлкені Жанымхан, онан кейінгі Әлімхан, кенжесі менің атым Қасымхан, бір әкеден үш ханбыз. Апам хандарын алып тастайды да, Жаным, Әлім, Қасым деп атайды. Жанымхан үйлі-баранды, бізден бөлек тұрады. Айналдырған соңғы үш жылдың ішінде әйелімен үш ажырасып, үш рет қайта қосылды.

Жанымхан әйелін жамандайды:

– Осы қазақтың қатындары қақылдап, түзде жүрсе жатқанның жанын суырады. Үйде ағын ақтап, қарасын күптеп отырғанын көресің. Біздің Нағиманың қолынан түкте келмейді, арбалап кіргізсең де, қаптап тартсаң да, қазанына қақ тұрмайды, - деп апама шағынып кеп отырғаны.

Әйелі Жанымханды жамандайды:

– О заманда бұ заман еркектің қазан-ошаққа жағаласқанын көрсем көзім шықсын. Құдай-ау, бұл не сұмдық, қолыма кілт түспейді, соқыр тиын ақша ұстағанды қойдым. Ішер ас, киер киімге дейін санап, дігірлеп отырғаны, - деп жүз келіп, жүз кетсе де жамандайтыны Жанымхан.

– Тәйт әрі, екеуіңнің де ниеттерін жаман! Жап-жас бастарыңнан қымс етсе, «ойбой қырып кетті, ойбой жұлып кетті» деп, жау шапқандай жетесіңдер. Ел аман, жұрт тынышта сендерге не пәле жетіп тұрады осы? Үй анау, дүние-мүліктерің де бір бастарыңнан асып төгіледі. Мал анау, жылқыдан үйір салып, сиырдан перме ақшаларың келе ме енді. Шиеттей жалғыз баладан басқа асырай алмай отырған пендең жоқ, естіртпе әрі маған ондай бырқылыңды! – деп апам екеуін де үйден түріп шығатын.

Жанымхан заготскоттың конторында есепші болып істейді. Айтты айтпады, ауылдағы бай семьяның бірі. Бір ат, бір құлынды биесі, бір құнаншығары бар. Сиырдың саны бесеу-алтау болуы керек. Біз Әлімхан екеуіміз биыл жаңадан алты бөлмелі үй сатып алдық та, ескі саман үйімізді соларға қалдырған едік, сол екі бөлмелі баспананың іші жасауға аузы-мұрнынан шығып тұр. Көп сандықтарда не жатқанын бір Жанымханның бір өзі ғана біледі, біз көп бара бермейміз, анда-санда бас сұққанның өзінде жеңгеміз жасауына сұқтанып қарай бергенді жақтырмайды. Әйтеуір көзге түсерден он шақты пальто, костюм-шалбарлар да осыншама, кілем-сырмақтарын, шынымды айтайын, санағаным жоқ. Несін айтасын ағамыз керемет табысты адам. Не бүге, не шіге түспей, екеуінің итіс-тартыс керілдесіп жүргені де осы дүние бөлістің есебін таба алмай қиналады-ау деймін. Жанымхан соңғы кезде мыс-мыс ақшаны сақтап қой деп апама тастап кетіп жүр. Көздің жауын алады-ау шіркін сарқұлақтар. Қайдан келеді екен мұның бәрі?..

Әлімхан екеуміз колхозда жұмыс істейміз. Табысымыз жаман емес. Бірақ Жанымханның кірісімен салыстырғанда ешкінің тебініндей-ақ. Оның үстіне үй саламыз деп таза тақырланып қалдық. Бұл үйдің кесірінен Әлімхан биыл тағы үйлене алмайтын болды. Мына көршідегі Қызылбөрік Сиырбақтың бой жеткен қызы Айшаны төңіректеп жүр еді. Өзі бір жақсы адам, ашық-жарқын, қыз десе қыз-ақ. Түрі де әйбәт, жеңге болуға жарайды. Әттең білімі онша емес, үсті-басы қақ-қақ болып, ұзақ күнге фермада сиыр соңында салпақтап жүргені. Үйге келсе де алдымен мүңк еткізіп сүттің көк иісін ала кіреді. Қайтер дейсің, апам да сауыншы болып еді ғой. Бірақ қыз құрығырға сенім бар ма, зып етіп біреуге кетіп қалмай тұрғанда Әлімханның кіргізе қойғаны жөн еді. Тағы да мына қаражаты құрғыр...

– Жанымханнан анада қарызға ақша сұрағанымда, ойбой түк жоқ деп қу шөппен аузын сүртіп еді, ұялмағырдың енді істеп отырғанын көрдің бе? – деп бір күні апам ренжіді.

Апамның мына шағымын естігенде, Әлімхан бұрқылдап шыға келді.

– Қара суға қамалсаң да содан бір сабақ жіп сұрама дегенім қайда? Неменеге барасыз соларға. Қайтсем қу бастан қуырдақ шығарамын деп отырған қарымбайдан қайыр күтіп жүрген сізде де ұят жоқ екен. Көштен қалып, аштан өліп жатқанымыз жоқ. Колхоздың есеп-қисабы өтсін, жарты жылдық отчет дей ме, сосын еңбек күнге шақтырып бірдемесін алармыз. Үйленбеген жұрт та өмір сүріп жатыр ғой. Биылша шығынданбай қоя тұрса мен ұшынып кетеді дедің бе?..

– Әлім-ау, мен соны сұрайын деп сұрады дейсің бе. Іштен шыққан шұбар жылан емес пе, той-томалақ жасай қалсақ, нендей көмегі болар екен, әдейі сынайын, білейін дегенім еді, - деп, апам ақтала сөйледі.

– Білетін түгі де жоқ! – деп Әлімхан торсиып отыр. – Білетін түгі де жоқ!.. Соған күнімді салмасын. Онсыз да елден естіген өсек-аяңым жеткілікті. Сүйекке таңба боп.... Осы жұрт бетіне қараудан қалдық қой түге!..

– Е, немене боды сонша? Біреудің алдындағысын тартып алып па ол? Дүние жиса өзінікі, адал еңбегі. Саған таңба салатын не жаман атын тарттың. Айта береді еріккен ел! – деп апам да болмады.

– Тартып алмаса да, адалдан тауып отырған жоқ. Біреу заготскотке малын өткізсе де, салмағын артық жазғызып, кір басындағы қулармен ауыз жаласады. Одан қалды өзінің арық-тұрағын колхоз малының есебінен өткізіп жібереді де, торпағын сиыр, қозысын қой, жабағысын бесті ат қып отыр. Ана қора-қора мал қайдан келді дейсіз. Сіздің еншіге бергеніңіз жалғыз қасқа сиыр емес пе еді... «Мына Жанымхан дегенің жұрт үстінен күн көріп, байып барады. Тіпті өзінен артылып інілеріне алты бөлмелі үй тұрғызып берген жоқ па?» - деп гу-гу әңгімені әркімдерден естіп жүрмін. Сіз қарыз бермеді деп түңіліп отырсыз. Мен адам болмайды ма деп түңілемін. Бұл қылығын қоймаса, ертең-ақ басы сотқа ілінеді. Сүйекке таңба деген сол!..

– Астапыралла!.. Тек отыр, балам, жоқты шақырмай. Жаман болсын, жақсы болсын, әйтеуір аман жүрсінші, - деп, апам жағасын ұстады.

Бәсе, айлығының бар-жоғы 900 сом, ағылып-төгіліп жатқан не қылған мұнша тегін ақша деп едім-ау.

Әлімхан бұдан артық сөзге келген жоқ. Киініп алды да, қиқайып тартып тұрды. Енді бірде оның қақпақтай кең жауырыны Сиырбақтың қақпасының алдынан қараң еткенін терезеден көзім шалып қалды. «Ой батырым-ай, қанша тайраңдағаныңмен қазір әперсе де әрі кет емессің-ау. Келіншектің зары өткен екен ғой», - деп түйдім ішімнен.

Апамның көзі шарасынан шығып кетті. Жанымханды біреу желкеден түйгіштеп алып бара жатқандай-ақ: «Құдай-ау, сақтай гөр, құдай-ау, сақтай гөр!» - деп өз-өзінен күбірлеп тәубесіне сиынып отыр.

– Жаным, ой-бой Әлім, туу, құдай-ай, Қасым! – деп шетімізден шақырып шықты да: – Барып келші әлгі сорлыға. Үйінде болса, апам шақырып жатыр де, тез жетсін деп жатыр де, - деп маған жабысты.

* * *

Жанымхан әйелі екеуі қара тер болып үлкен бір жауға кірісіп кеткен екен. Аула іші шаң-шұң боп жатқанға не десем, қаздың қызылшақа бір балапаны. Кешкі ымыртта көршісі Жақыптың қазы мен үйдің құсы араласып, ажырата алмай арам терге түсіп жүр. Жанымханның қолында балапанның басы, Жақыптың қолында сирағы, ары тарт, бері тартпен айғайласып тұр.

– Ей, балам, сен әуелі қарасаңшы, мен балапандарымның табанын түгел тіліп жібергенмін. Міне, сенбесең таңбасы. Қоя бер деген соң қоя бер! – деп, Жақып шал текпектейді. Жанымханның жіберер түрі жоқ.

– Жоқ... жоқ. Балапан менікі. Біздің қаздың тұқымының бәрі ала. Саған мұндай ала біткен жоқ! – деп ол әлек. Бір жағынан қыт-қыттап Нағима:

– Осы қазақ жоқтан пайдакүнем келеді екен түге! Қиюсыздан қиғылықты салуын. Ойбай-ау, сақалды басымен ұялмайды өзі тіпті. Жіберме деймін-ей, неге жібересің! – деп орағытып Жанымханның ол жағынан бір шығып, бұл жағынан бір шығып желпіндіріп қояды. Даудың көпке созылар түрі бар еді, бірақ Жақып ақсақал тайқып шыға келді:

– Шырағым-ай, менің қызыммен жасты бала едің, сақалыма жармасқанын неткенің?! Осымен байиын деп тұрған мен жоқ, тек ақ малым болған соң... Сендер-ақ ала қойыңдар! – деді де, шал балапанды қоя беріп шығып кетті. Құс екеш құс та бөтен үйірдің саяғын қоса қойсың ба. Анасы бір, мынасы бір тістелеп, соншама дырду туғызған аланы топқа жуытатын емес. Жанымхан күргейлеп сонда да қораға қуып тықты. Екі көзі қанталап шелденіп кеткен. Самайынан сорадай аққан терді жеңінің ұшымен олай да сүртеді, былай да сүртеді. Құдды бір сүле соқ боп қан майданнан шыққандай. Қауқалақтап жүріп Нағима бір балапанның аяғын басып кетіп еді, Жанымхан:

– Өй, атаңа нәлет! – деп шақ ете қалды. – Көз бе сенің басыңдағы, без бе?! Құрт, шетінен, құрт!... Бәрі сенің кесірің. Үйде отырып азғантай мал-қараға ие болу деген жоқ мұнда! – деп қодыраңдап барып Нағиманы майқұйрықтан теуіп жіерді.

– Қайтеді-ей мынау, қайтеді-ей мына құдай атқыр! – дегеннен басқа Нағима да қыңқ етер емес, үйреншікті тепкі сияқты. Мал басынан жан садаға деп тұрған тәрізді. Жанымхан әлі күйіп-пісіп жүр. Оның үстіне сиырлары мөңіреп, қозы-лағы маңырап, құсы қаңқылдап, азан-қазан болып ауланы басына көшіріп әкетті. Сол шудың ішінен: «Әй, Нағима, сиырыңды саудың ба? Әй, Нағима, қойды түгендедің бе? Әй, Нағима, ала тайынша өрістен келді ме? Әй, Нағима, биеге жем бердің бе? Әй, Нағима, өй бадалып қалғыр, бадалып қал! Ақ серкенің бақайына тотияйын салайын, құтыны әперші! Әй, Нағима, ананы өйттің бе, әй, Нағима, мынаны бүйттің бе?» – деген Жанымханның даусы қарлығып азар естіледі. Есік алдында екі жасар Әзімхан боздап ол тұр. Оған бұрыла қоятын ешкім жоқ.

«Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын», – депті ғой біреу. Жиған малың осы болса, рақаты құрысын деп тұрмын мен де ішімнен. Апамның сәлемін жеткіздім де, базар ішінен қашып шыққандай болдым.

* * *

Жанымхан біз кешкі асты алдымызға ала бергенде келді. Бет-аузы айғыз-айғыз болып барлығып кетіпті. Манағы ырың-жырыңнан бұрлығып жеткені осы болса керек. Келе кеберсіген ернін жалап-жалап алып шайға тиісті.

Апам да үнсіз, Әлімхан да қырсығып отыр. Әлімхан бір шыны шай ішті де, ыдысын төңкеріп, газет оқыған болып диван үстіне қыңырайып жатып алды. Апам шақыртарын шақыртып алса да батып ештеңе айта алмай отырған сияқты. Шайға қанып алған соң әңгімені Жанымханның өзі бастады.

– Шіркін-ай, Заготскотқа желіні жер сызған неше түрлі жақсы сиырлар түсіп жатыр! – деп тамсанып қойды. – Шіркін-ай, несін айтасың, ағып тұрған сүт, несін айтасың!.. Мен гуртоправпен келісіп қойдым, Қасым, сен ертең әлгі ала сиырларыңды тірі пенденің көзіне шалдырмай әкеле қойшы. Айырбастап жіберейік. Әбден кәртайды емес пе, апа, ә? Сүті де қайтқан шығар. Көп сұрамайды, гуртоправтың көмейіне жүз сом тықсаңдар болды, – деді де, алақанын жанып-жанып қойды.

Әлімхан қолындағы газетін лақтырып жіберді де, бірдеме шағып алғандай атып тұрды орнынан. Көзі шақырайып Жанымханның өңменінен тесіп барады.

– Әй, сиырың өзіңе! Сен кетемісің осы үйден! Саған сиыр тауып бер дедім бе?

– Мынау не деп мыжып отыр? Кеті несі-ей мынаның? – деп, Жанымхан тұттығып, қақалып-шашалып, ішіп отырған шайын кері итере салды. – Не деп отыр-ей өзі?.. Бар жазығым жақсылық жасайын дегенім бе? Тура беттен алатынды қайдан шығарғансың өзің? «Өлетін бала молаға қашады» деп!.. қара мұның өзін!..

– Қарайтын түгі жоқ! Сенің жиған-тергеніңді де көріп отырмыз ғой. Арам дүниенің шапағатын саған-ақ жазсын, баршы өзің, бар!

Әлімхан алпамсадай денесімен иектеп Жанымханның жанына жетіп келді. Шынымен-ақ қонжитып жібереді деп ойлады ма, апам да өре түрегелді.

– Менің көрмегенім осы еді. Бей уақытта бұнысы несі-ей, мыналардың? Оңбағандар!.. Жайымен айтса болмай ма? Сен де бір... Сүзеген бұқа құсамай былай!

Керілдескен екеуі жым болды да, бірі қомпаң-қомпаң етіп диванға қайта беттеді, екіншісі бұртиып орындыққа сылқ түсті. Әлімхан дүңк-дүңк етіп ұрысты тағы қоздата бастады.

– Жайымен дейтін түгі жоқ! Жымысқыланып қазан үстінен бөліп жеуге әбден машықтанып алған. Байытпай-ақ қой бізді!

– Кімнің несін жеппін? Беталдына көкіме. Көріп-біліп жүрген адам бар ма екен? Қойып берсін мойныма!

– Ойпырмай қойсаңдаршы енді?! Қойсаңдаршы!.. – деп апам екі ортада шыр қақты. Тыңдайтын Әлімхан ба, бас-терісі аузына түсіп, жұлып тастағандай өкіреңдеп қоймады.

– Қойып беретін түгі жоқ! Жеп жатырсың ал! Өліп кетші! Жеп жатырсың!

– Ендеше сотқа бер, көрсет барып!..

– Көрсететін түгі жоқ! Мен көрсетпеймін, барамын да айтамын!

Жанымхан тұзаққа түскен қояндай көзі бақырайып, тыпыр-тыпыр етіп, тұрған орнында қырық айналды. Жағасынан ала кетейін десе, Әлімханның бойы беретін түрі жоқ, жармаса түскеннің өзінде де оның жағасына қолы да жететін емес.

– Мына иттің қорлығын-ай, ә!.. Мына иттің!.. Апырмай!.. – деп зығырданы қайнап, өшімді сенен алайын дегендей столды жұдырығымен салып-салып жіберді. Шетірек тұрған бір-екі кесе ұшып түсіп талқаны шықты. – Апырмай, ә!.. Арқа етім арша, борбай етім борша боп, мұны асырап, сақтап... оқытып, адам қылған мен едім. Семіріп кеткенін қарашы бұл дүлей неменің, ә?..ә!..

– Кет дегенде ит те кетеді, кет өзің елдің шырқын бұзбай! Ақыңды жемеймін. Менің мойнымда қарызың болса өтермін! – деп, Әлімхан тағы да ентелей түсті.

Бір шатақтың шығарын ішім сезіп екеуінің арасына түскен болып едім, Әлімхан ай-шайға қарамастан Жанымхан екеуімізді қос-қабаттап тығынша есіктен атып жіберді.

– Мынау қайтеді-ей!. Қайтеді-ей, мынау! – деп, Жанымхан есікті ұрғылап біраз тұрды да, ақыры түк өндіре алмайтын болған соң бүгжеңдеп үйіне қарай тартты. Күбірлеп бірдемелерді сөйлеп барады. Әлімханды сыбап бара жатқан болуы керек. «Тойға келіп, тонынан айрылып қайтты», – деген осы екен-ау. Не күлерімді, не ренжірімді білмедім. Күлейін десем жаным ашиды. Ренжиін десем оның да реті жоқ сияқты. Бұл сорлының жеген таяғы жалғыз осы ма еді?

* * *

...Соғыс алғаш басталған жылы әкеміз майданға кетті де, «Ерлікпен Волгоград түбінде қаза тапты», – деген қаралы қағаздан басқа ырым келген жоқ.

Артында көзіміз жаудырап үшеуіміз қала бердік. Сондағы ең үлкен, естияр дегеніміз осы Жанымхан болатын. Қысылшаң кез, таршылық күн туды да, оқуды тастап, қаршадай басынан заготскоттың сиырын бағуға жұмысқа енді. Құлқын сәріден тұрып, қуырған бір саптыаяқ бидайды қалтаға салып алады да, дірдектеп жөнеледі. Бет-аузы салтақ-салтақ болып, арып-ашып кешке аяғын сүйретіп үйге әзер жетеді. Кейде қасына серік бол деп апам мені де жіберетін. Екеуміз екі сиырға жайдақ мініп алып, күні бойы өрісте жүреміз. Жалыққан күні Жанымханды жалғыз тастап, ауылға қашып кететін де уақыттарым болушы еді. Сондықтан ол қалтадағы бидайдың көбін маған беріп, ананы айтып, мынаны айтып алдаусырататын. Жанымхан сол кездің өзінде-ақ малсақ еді.

– Шіркін-ай, мына көк сиырды бізге берсе қандай рақат болар еді, ә! Тұрған бойы ағып тұрған сүт қой. Онда жұмыс істеп те әуре болмас едік. Жаз сүтін қажақ-құжақ етіп, күз жеткенше бұзауының өзі тайыншадай болып тұрады, соғымға жық та ал. Аяғын сиырдың бір жақ бүйіріне салақтатып жібері, қиялдап отырады да: – Бір қыс қара тамақпен де күнелтеміз ғой, балықтай ұрғашы тайыншаны сойып жын ұрып кетіп пе, жаз тоқтап келесі жылы оның өзі бір сиыр. Онан арғы жылы үш сиыр, – деп кесіп-пісіп жатады өзінше.

Бір күні сол көк сиыр ұшты-күйді жоғалды да кетті. Кешінде Жанымхан жылап-еңіреп жетті үйге. Гуртоправ өзін қамшымен бір-екі ұшындырып та алса керек. Солқ-солқ етеді. Сөйлеуге аузы келмейді. «Гуртоправ айтты, сиырды тап деді. Әйтпесе ертең өз сиырыңды қос деді», -дегеннен басқаға дәрмен жоқ. Енді қайттық дегендей, үшеумізге жалтақ-жалтақ қарап, танауды солқ еткізіп бір тартып қойды да, ағыл-тегіл боп жылай берді. Шынында ағымызды айырып отырған жалғыз мүйізді жетелеп әкетсе хал мүшкіл-ау. «Жә, қой енді», –– деп, апам жұбатса да болмайды. Әйтеуір қорс-қорс етіп таң атқанша ұйқы бермей шықты.

Абиыр болғанда ұры табылып, біздің қасқа сиыр аман қалды. Жанымханның қуанғанынан төбесі көкке тигендей болды.

–– Мен енді сиыр бақпаймын, –– деді ол бір күні.

–– Бақпасаң бақпай-ақ қойшы, өмірің өксіп кетті ғой, құлыным, -деп апам да қоштағандай сыңай білдіріп еді, сүйтсек Жанымханның басқа жоспары бар екен.

–– Апа, гуртоправ айтты, табысы мол, ақшасы да көп дейді, мен осы Семейге мал айдатсам қайтеді. Заготскотта соған кісі жетпей жатыр ғой. Киімнен де тұттай болып барамыз,-деді.

–– Қой, балам, Семей деген жер түбі екен. Әмбе үлкен гөрт, жүлік-мүлік дегені көп дейді. Ақшаға қызығып өлтіріп кете ме, әлде жолда адасып кетіп жүремісің, қайдан білейін. Не көрсең де көз алдымда болщы, ауыл арасы, таршылық көре қоймаспыз, -деп, апам бұған қарсы шықты. Жүлік деген сөзді естігенде Әлімхан екеуміздің төбе шашымыз тік тұрды. Асырап отырған жалғыз азаматымыздан айырылсақ, жетімсіреудің әкесі сонда болар.

Бірақ Жанымхан көнбеді. Ақыры мінгесіп-ұшқасып, сол малшылармен бірге Семейге, ет комбинатына қой айдап аттанып кетті.

Хабар-ошарсыз ұзақ жүрді. Апам екі көзі төрт болып, жол тосумен әлек. Әлімхан сол кезде суықбауыр еді, ойына кіріп те шықпайды. Мүмкін, ойлайтын да шығар, менен естиярлау ғой, сыртқа білдірмейтін. Ал менің түсіме түні бойы Жанымхан кіріп шығады. Бірде ол айдалада, қалың тұманның арасында адасып, «Қасымхан, Әлімхан! Апа, апа!» деп боздап жылап жүреді. Бірде өңкей бір жүліктер пышақтарын жарқылдатып, шырылдатып Жанымханды кескілеп жатады. Ұйқымнан шошып оянамын.

Сонан алғашқы қар түскенде Жанымхан да жетті-ау. Азып-тозған, үсті-басы жыртылған. Аяғында баяғы сол жұлығы ырсиған көн етік, жарғақ шалбар, онысының өзі күнге күйіп, отқа түскен тулақтай бырысып, қаудыр-қаудыр етіп қапты. Әкемнің ескі күпісі, ол да бой-бой, қасқыр талағандай бопты. Оның есесіне ақшасы мол екен.

Ертеңіне қылқиып гуртоправ Орысбай келді. Боталы түйесін жұтқызып қойғандай-ақ:

–– Иә, Бүбіхан, жолаушың кеп көзайым болдың ба?! Қою шайыңды түрілте бір құйшы!-деп төрдің қақ басына жантайып жатып алды. –Пай,пай бұл жол дегенің де бір қиямет-ау, өліп-талып әрең жеттік. Балаңның жаны сірі екен, тыртысып шыдап бақты... Ештеңе етпейді, дүние жию керек, әйтпесе адам болмайсың, –– деп қояды Жанымханға. –Жүрдім-бардым пайдасы болмаса сандалып осында неменеге жүр дейсің бізді. Иә, онсыз санаттан қаласың. Маған разы шығарсың, бала, ә, соқыр тиыныңа дейін жұмсатпай алып келдім... Е-е, тіршілік дегенің оңай емес...Орекеңнің қасында тағы бір төрт-бес жыл жүрсең талайды үйренесің әлі...

Бұл сапарын Жанымхан бір жылдай ертегі-жыр қып айтыр жүрді. «Бұл дөдең Семейді де көрген, пай-пай, Мәскеуден де олқы түспес, тіпті үлкен екен. Қасымдағы шал-шақпұттар адасып кетеміз, жүлік тонап кетеді десіп бірін-бірі жетелеп жүргенде, біз деген ешкімнен қорықпай-үрікпей-ақ армансыз сайрандадық», -деп соғады. Жолда азығымыз таусылып, ешкіні де емдім дейді. Екі-үш тәулік жаңбыр астында көзге түртсе көргісіз қараңғы түнде жалғыз өзіміз қой да күзеттік деп гүпілдетеді. Арасында бөсіңкіреп қоя ма, қайдан білейін. Басқасын қайдам, әйтеуір ешкі емгені бекер болмауы керек. Оған бір сау ешкі де жолықпай, қайдағы бір қағынған бруцеллез ешкі тап болыпты. Соның ауруы жұғып, осы күнге дейін ыңқыл –сыңқылы қалмай жүр. Пенде емес пе, желігі анда-санда арақ ішіп қойғанда бруцеллезі алып соғады да, бір жұмадай төсек тартып жатып қалады. Емдел, курортқа бар деп апам көндіре алмай-ақ қойды. Өзіне де обал жоқ, қыс қызметім бар дейді, жаз малының шөбі, отын-суының соңында танауына су жетпей қу жанын отқа сап жүргені...

Сөйткен Жанымхан осы... Асырадым-сақтадым деп отырғанының да титтей өтірігі жоқ. Обалы қане еді, мен болсам мектеп бітірдім, өзімді өзім билеп, жұмысқа кіріскенім жаңа ғана. Әлімхан үзіп-жұлып жүріп малдәрігерлік техникумын аяқтап шықты. Оны да оқытқан осы Жанымхан. Біз оң-солымызды танып, адам болған соң әйел алып, бөлек шыққанына үш жылдай уақыт өткен екен. Ендігі күні міне... Қайтып жаның ашымас. Мен мүсіркегенмен немене, аюдай ақырып Әлімхан отырғанда қып ете алам ба. Осы екеуіне не жетпейтінін білмеймінғ бақасады да жатады. Соңғы кезде сәлемдері де дұрыс емес. «Дүние қоңыз», «қарымбай» деп үнемі Әлімханның жақтырмай отырғаны. Екі ортада мәре-сәре боп апам жүреді.

Ертеңіне таң атпай баласын арқалап Нағима жетті. Бет-аузы көк ала, көнтиіп ерні ісіп кеткен Жанымхан әңгіртаяқты ойнатқан екен сабазың.

– Әлгі, құдай атқыр... Желік суын ішіп-ішіп мас болып келді де, көзіме көк шыбынды үймелетіп!... Енді, міне, үйден қуып шықты... – деп бырқ-бырқ етіп есіктен жылай кірді, – құдай атқырды құдай да алмайды, адам да алмайды...

– Тек отыр! – деп апам жекіп тастады. – Біз кінәліміз бе, бәрі өздеріңнен!...

Бұдан арғысының не болғанын білмейміз, Әлімхан екеуміз киініп, алып жұмысқа кеткен еді. Кешінде келсек, апам Жанымханды үйге ертіп келіпті. Тобан-аяқ болып төсек үстінде жатыр. Өңі сұрланып, бетінде қан-сөл қалмапты. Тағы да баяғы бруцеллезі алып соқса керек. Бұл жолы Әлімхан жұмған аузын ашқан жоқ. Апамның ала көзіне бір қарап алды, да тықыр таянғанын сезді ғой деймін, үндемей отырып тамағын ішті.

– Ал енді өстіп өмір-бақи қырқысып өтпексіңдер ме? Мені тірідей отқа салдыңдар ғой. Осы сендердің күйіктеріңді тартпайын деп едім, ақыры қоймадыңдар! – деп, апам үй ішінің абыр-дұбыры басылған соң, топ ортамызға бір сөзді нығарлап тастай салды. Бірақ оған жауап қатқан ешкім болған жоқ. Әлімханның қазандай басы төмен қарай алып түсіп, салбырап кетіпті. Әрқайсымыздың арқамызға мың батпан жүк арқандай зіл басып еңсемізді көтере алмай отырмыз. Тым-тырыс тыныштықты:

– Ойбай белім! – деген Жанымханның қинала шыққан даусы бұзды. – Ойбай белім, сүйек-сүйегімнің сырқырап бара жатқанын қарашы. Шамасы, ертең жауын жауатын шығар, сұққылап кетті ғой. Қасымхан, бір су берші, –деді. Күндізгі торсық түбінде қалған ашытқан көженің суын тостағанға толтыра құйып әкеліп беріп едім, өңіріне төгіп-шашып бір-ақ жұтты. Бір түннің ішінде көзі шүңірейіп ішіне тартып, самайының ажымы сай-сай болып тереңдей түскен екен. Маған сол самайда сонау өткен күннің қым-қуат қиямет ізі жатқандай болды. Ыңқылдап-күрсілдеп Жанымхан басын көтереді. Тамсана түсіп таңдайын бір қағып қойып да, Әлімханға бұрылды. – Әлімхан, сен маған неменеге өкпелейсің? Көңіліңді қалдырған жоқ едім. Мал жиясың, дүние жинайсың дейсің, сол шіркінді кім жимай жатыр. Өзің кешегі күніңді ойлашы, тесік өкпе боп азар дегенде ел санатына қосылып едік. Бір таяқ талқанды талшық еткен күніміз де болған. Осы сендер деп тырманып, сендер деп күн кешіп, ішкен асымды жерге қойғам жоқ па. Әлі де сендер деп өлем өлсем. Ал не өкпең бар менде, айтшы енді, –– деді де, иегі кемсеңдеп, бет-аузы жыбырлап кетті.

– Дүниеде тұрған түк жоқ, –– деп, Әлімхан сөзді әуелі өзінің үйреншікті «түгі жоғынан» бастады. –– Онда тұрған түк жоқ. Дүние жима демеймін, мал таппа, киім киме демеймін. Бірақ оның да шегі, мақсаты болу керек. Жидың, жидың ал не таптың сонан? Қаршадай басыңнан дедектеп едің, жә ол кезді қойшы, оның жөні бір басқа, содан міне әлі дедектеп жүрсің. Кәзіргіңе не жорық?.. Екі-ақ бассың, біз болсақ ер жеттік, салмағымызды артпаймыз. Күлді –көмеш болып көң-қоқырдың арасында отырғанша адамша адал жолмен тіршілік құрмаймысың. Сең өзіңді өткенмен өлшеме, бір күн көрісті ойлайтын кез өткен. Енді мәдениетті, ел санатында өмір сүру керек. Сат ана малды, өзіңе керегің ғана жи. Үй керек пе өзіңе, көмектесейік, үй салып берейік.

– Үй салып берейік!... Осында көшіп кел демейсің, ә?! Біреуді кінәлағанда сондайсың, ә! Өзің ғой екі бөлмеңді қимай отырсың, ә!..–– деп апам Әлімханға тарап бас салды. –– Мына даңғарадай кең жатқан алты бөлмеңе асық ойнамайсың?! Маған енді үйіңнің де, күйіңнің де керегі жоқ. Асарымды асадым, жасарымды жасадым. Өлсем екі-ақ аршын жер жетіп жатыр. Анам десең бір күрек топырақ тастарсың! –– деп, апам көз жасын домалатып-домалатып жіберді. Апамның кейде өстіп көз жасымен қорқытып алатын әдеті. Мөлт еткенін көрсек, бәріміз күрт түсіп иіле қаламыз.

– Оны қуып отырған кім. Келем десе көшіп келсін, Қасымханның ат-арбасы даяр емес. Бригадир бір күнге берер, –– деп Әлімхан ойындағы бар шынын ақтарып салып орынан тұрды да, төргі бөлмеге кіріп кетті.

Жанымхан жынын алдырған бақсыдай тұқырайып үнсіз қалды. Қара сұр жүзі бұрынғыдан да күрең тартып, қушиған жаурыны бір уыс болып шөгіп бара жатқан сияқты. Жас толған жанары осы бөлменің төрт қабырғасынан тірелер бұдыр таппағандай, тайсақтап кеп, апама да, маған да тіктеп қарай алмай терезе жаққа жалтақтай берді. Өстіп сең соққан балықтай әрі-бері сұлық отырды да, ауыр күрсініп орнынан көтерілді. Ақсаңдай басып бөлме ортасына барып бір тұрды. Босаға жеткенде тағы аялдап артына бұрылды. Кеткісі келмей тұрған тәрізді. Осы үйде бір аяулысы қалып бара жатқандай, қимай тұрған тәрізді. Әрі қипақтап, бері қипақтап:

– Қой, мен үй жаққа соғайын, ––деп міңгірледі. Оған жауап қатқан ешкім болған жоқ.

Жанымхан сол мықынын таянған күйі иығы салбырап есіктен шығып кетті. Қара шаңырағына қайтып орала ма, кім білсін.

1959 жыл.

author

Қалихан Ысқақ

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...