Мағауин оқушы кезінде Бату хан туралы айтатын

ӘДЕБИЕТ
5308

Блок Шайкенов

Мен екінші сыныпқа көшкен кезде бізге бас­қа ауылдан ақшыл сары өңді, жұқа сары шашты, бетінің аздап секпілі бар, жұмсақ мі­незді Мұқан аға Мағауин мұғалім болып кел­ген. Бір айдай бізді қырман басына қа­ты­нап жүріп оқытқан. Егін жинаудың негізгі нау­қаны біткенде біз орталықтағы үйімізге кө­шіп келдік. Жаймашуақ бір ашық күні сы­нып бөлмесіне келсем, менің партамның екін­ші бөлігінде кең маңдайлы, бадана көз­ді, ақ сары бала отыр екен. Мұғаліміміз аз­дап танауынан сөйлеуші еді, «Блөкжан, се­нің қасыңа Мұхтарды отырғыздым, енді қа­тар оқисыңдар», – деді». Әлі есімде, бұл 1948 жылдың қазан айының 8-күні болатын. Осы күн менің өмірімде шешуші бұры­лыс жасады. Мен сыныптың үздік оқушы­сы­мын. Келген бала да бірден өзінің та­ла­бының жоғары екенін көрсетті. Менің басқалардан басымдығымның өлшемі аздау еді, енді тайталаса жарысып оқудың кезегі келді. Есеп сабағынан екеуміз бірдей өткір қабілет көрсетсек, ауызша сабақтарды Мұхтардың орамды айтып, ұтымды тұжырым жасайтынын байқадым. Алпыс жылдай уа­қыт өткеннен кейін Мұқан аға айтқан «қа­тар оқисыңдардың» да мәніне жеткендеймін. Бәсекелесе оқу кейінгі өміріміздің бастауына өлшеусіз артықшылық жолдаған екен. Біздің кеудемізді керген жасырын мен-мендік те мол болса керек.

Мұқан аға отызыншы жылдардың ортасында оқу іздеп барып біздің елден жырақ Жаркент қаласындағы мұғалімдік училище­ні бітірген. Жарасы бітпеген қуғын-сүргін мен аштықтан кейін сондай батыл қимылға бару ел ішінде сирек кездесетін оқиға. Әлде ертеректе Томскінің адам дәрігерлік институтын бітірген немере ағасының ықпалы ма, әлде жақын отырған Абай атам ауы­лы­ның әсері ме, Мұқан аға соғыс алдында шал­ғай қазақ ауылынан оқыған бірінші мұ­ғалім. Өз талабының өресі де соған жетеле­ген шығар. Бірақ оқу жемісін ұзақ көруге жаз­бапты, әуелі Фин соғысына, кейіннен дү­ниежүзілік Екінші алапатқа қатынасып, тек сегіз жылдан кейін ғана елге оралған. Осы уақыттарда бір адамның басынан асып жатқан бейнеттерді де арқалаған екен. Әйт­се де күлімсіреп жүретін сабырлы қал­пы­н­ан өзгергенін көрген жоқпын.

Мұқан ағаның оқыту тәжірибесі өзгеше бо­лып шықты. Әрбір ай сайын өткен са­бақ­тарды қайталап, жиынтық есеп өткіземіз, тоқ­сан аяқталарда сол барлық материалды тағы да пысықтап шығамыз. Ол орташа оқи­тын оқушыларға едәуір қиыншылық әкел­генімен, мұндай әдіс еш босаңсуға, шалағай оқу­ға мүмкіндік бермейтін. Ең үлкен пайдасы ұғу қабілетін сергек қалыпта ұстауды керек етеді. Ми тұнықтығынан ба, әлде қа­жеттілік итермелей ме, бір жыл бойы оқыл­ған материалдарды жадыда ұзақ уақытқа тұтып қалуға қалыптастық. Ержетіп инсти­тут­қа түскенде әрбір кезеңнен кейін зачет, ал жарты жылдықта емтихан алатынын кө­ріп, менің бастауыш мектептегі мұғалімімнің қан­шалықты алдыңғы қатарда болғанына таң қалдым.
Соғыстан кейін іле-шала оқу бастаған ме­нің құрдастарымның көңіл қаяулары қалың еді. Сынып балаларының жартысынан көбінің әкелері жоқ, біразының әкесін сыбырлап айтатын отыз жетінші жыл әкеткен, көбінікін соғыс жалмаған. Біздің бәрімізде ата мен әже жоқ, олар отыз екінің құрбаны болған. Ауылда тек бір баланың әжесі, басқа бір баланың атасы ғана бар еді. Бұл жөнінде Мұхтар бай болып шықты. Бір атасы, екі әжесі бар. Алладан тілеуін тілеген бес адамның ортасындағы жалғыз ұл. Ұзын бойлы, мұртты, шешен сөйлейтін, кейде артық қимылың мен орынсыз кеткен сөзіңді қалт жібермей мысқылдап күліп отыратын атасы мен сұңғақ бойлы, байсалмен сөйлейтін, қараторы өңді әжесінің қамқорлығындағы Мұхтар алып таудың ығында тұрғандай көрінетін. Тағы да тыным тап­пай үй шаруасын тындырып жүретін ақ сары әжесі бар. Қазақ мәдениетінде қазба­ла­майтын жағдай, ол кісінің туысқанды­ғынан бейхабар едім. Алпыс жылдан кейін өзі жаз­ғанда білдім, нақты әжесі осы Көкіжан екен. Ол үйдегі барлық билік те, тіршілік қа­мы да осы үш кісінің қолында.

Мұқан ағаның өз қызметінен қолы ти­мейді, оқуы болмаса Мұхтардың басқа тәр­биесінде ісі жоқ. Оның үстіне сегіз жыл сер­гелдеңде жүрген әкесі, отбасына аман жет­кен тағдырына шексіз риза болса керек. Ата баласы, өзімен тең дәрежедегі ұлы­­на қатынасы, сыртқы сүйіспеншіліктен ас­пайтын. Біз сияқты үй шаруасында біт­пейтін көп міндеттердің біреуі де Мұхтарда жоқ еді. Әйтсе де ол ерке болған жоқ, өз ер­кі­мен, тежеу көрмей, бұла өсті. Бір ғана міндеті – ол сабақ пен кітап оқу. Осы жағдай оның еркін ойлап, еркін жүруіне және ой-өрісінің ерте кемелденуіне үлкен әсер еткен шығар. Бұл ретте, әрине, Алла сый­лаған зор таланттың орны ерекше. Сөзім­нің асылығы жоқ, Мұхтардың бал дәу­реніне қиянатты, көңіліне қаяу түсірер кейіс­ті жағдай оны кейініректе күтіп тұр екен.

Айттым, қыс кезінде орталықта он шақ­ты ғана отбасы қалушы еді. Бұл кез жайлы болмаса да, біршама тыныштық бар. Тұр­мыс жағдайымыз оншама алшақ емес. Енді осы аз ғана үйлер мен жақын ауылдарда қыс­қы соғымға шақырыс басталады. Әу бас­та сыбаға, онан кейін шеке, омыртқа де­ген қонақ кәделерімен қыс бойы шақыру екі-үш айналып шығады. Жетім-жесір, мұғалім, бастық деген алалық жоқ. Барлық үйде қалтқысыз күлкі, жарқын көңіл бірдей ортақ қалыпта асып-төгілуші еді. Орынсыз дарақылық емес. Ет жеп, шәй іш­кен соң түн ортасы ауғанша, домбыра тар­тып, әңгіме айтуға орын берілуші еді. Сырттан келген қонақ болса, ән салу, ертегі, жыр айтудан құтылмайтын. Бірде жақын ағайын үш күн соққан бораннан шыға алмай, үш түн таң атқанша жыр айтты. Сал-салдың ер­тегісі болса керек, ұмыттым. Сол кездегі сауа­ты шамалы кісілердің ұзақ сонар жырларды жатқа айтуы, тұнық зерденің нәти­жесі ме, әлі де таңданамын.

Біз төртіншіге жақындап қалғанда, жаңа­дан шыға бастаған әңгіме, жыр жинақ­тарын оқытып отыруға әке-шешеміз жалық­пайтын. Осы кезде шыққан Абай атамыздың бірінші жинағын алып келіп, қара сөздері мен өлеңдерін оқытып, «пай-пай, жарықтық-ай», – деп әкем орнында отыра алмаушы еді. Көрші ел, сөзі де, қасиеті де біздің жақ­қа ертеден белгілі, жақында ғана жүз жыл­дық тойына барып келген, енді атамыздың жинағы қолына тигенде, асыл қазынаның шеті өзіне бұйырғандай, қуанышы шексіз. Осы жағдайлар әдеби шығармаларды ерте оқуға септігін тигізді. Әйтсе де менің талпыныс бағытым бөлек екен, «Абай жолын» мен 8-ші сыныпта ғана оқыдым. Институттың екін­ші курсынан дүниежүзілік әдебиеттің не­гізгі классиктерін зерделедім, сонан кейін­гі елу бес жылда үзіліссіз жалғастырып ке­лемін. Дегенмен, бұл әдебиетке әуестіктің маңы ғана.
Мұхтар әу бастан түзу жолға түсті. Оның ойлау үрдісі де ерекше еді. Үшінші сыныпта оқып жүргенде: «Бату хан бастаған біздің аталарымыз (сол кезде-ақ) орыстың жерін ойрандап, Еділдің бойында Алтын Орда хандығын құрған», – деді. Сол кездегі дабыра тым әсерлі ме, бұл жаңалық менің санама орнықпады. Келесі кезіккенде: «Екі керемет жиһангер болған: Шыңғыс хан мен Македонский, бірақ Шыңғыс хан дүниежүзін жаулап алды, ал Ескендір Византия мен Персияны ғана жаулай алды», – деді. Бұл кейінгі екі елді де, Сүбедей мен Жебені де бірінші рет Мұхтардан естідім.

Біздің ауылдың қысы ол кезде өте қатты болушы еді. Алдымен екі-үш күн жапалақтап қар жауады, сонан соң толассыз бір жетіге дейін созылған боран болады, артынша сықырлаған аяз келеді де, тау болып үйілген қар, тағалы аттың тұяғы батпастай жал-жал үйіндіге айналады. Бұл кезде ол аласа тоқал тамдардың үстінен өтіп кететін. Сыртқы есі­гін ішке қарай ашқан үй иелері жалды тесіп өтіп, басқаларға да көмек беріп жататын. Әдетте, кезінде жел өтіне көлденең салын­ған көп кеңседен біздің үйге созылған қар үйіндісі тым ұзын және биік болатын. Шана жоқ, қолға түскен күрек, анау-мынаумен сыр­ғанап, қызықтайтынбыз. Коньки тек Мұх­­тарда ғана бар еді. Сабақтан кейін бір күні ол менімен ілесе шықты, аяғына коньки бай­лап алыпты. Жел жоқ, тынық еді. Үйін­ді үсті­мен келеміз, ол күш салмай, ая­ғын тіре­мей жайбарақат сырғанайды. Бір кез жалт қарап: «Өй, мынаның өзін аруақ итеріп келе ме, әлде арқасынан жел есіп келе ме», – деп ойладым. Балалық кезде сирек келетін сол ұшқыр ой, жиырма бір жыл өтіп, «Алдаспан» шыққанда қайтадан есіме түсті. Өзіне жақында ғана айттым.

Сол балалық шақтың әлі де бояуы ескір­меген бір көрінісі – жазғытұры еді. Көкек айының соңына таман қалың қар кенет дүр сөгіліп, толықтай ерімеген кезде аласа таулар сілемінен басталатын Қорық өзені жер­ге тоң қатқан жылдары екі-үш күн буыр­қа­нып, ауылдан төменгі алқаптарды суға толтырып, үзік-үзік жайылма көлге айналатын. Олар сарқыла бастағанда, осы мезгілді бақылап тұрғандай мыңдаған құстар ұшып келіп айналаны шуға толтырады. Неше түрлі үйректер, қоңыр қаздар, сарала қаз, тырналар, әсіресе, тым шулы, ұзын тұмсықты балшықшы мен тарғақтың келуі балаларға үлкен қуаныш әкелетін.

Мұхтар екеуміз сабақтан кейін табиғат­тың осы беймаза тіршілігін зерттеуге шыға­мыз. Әсіресе, тарғақ пен балшықшы көзге жиірек түседі. Тарғақ беймаза құс. Сен со­ның ұясын дәп басып тұрғандай, тынымсыз шырылдап жеті-сегіз қадамдай жерге келіп қонады да, қаздаңдап жүгіре жөнеледі. Әй, осы пәленің ұясы осы шамада шығар деп іле­се қуасың, шөпке шалынып құлап, шал­шыққа да малынып біраз жерге барасың. Жақындай бергеніңде жер бауырлай ұшып басқа бағытқа кете барады. Адастырып жүр екен. Көк шұңқыр деп аталатын өзекті еркімізше кезіп, малтыға шаршап, барлық аңшылық құмарымызды толтырғандай болып қайтушы едік. Бұл да біздің балалық түр­ленуіміздің, ой өсірген құнарлы кезеңі екен. Әйтсе де пәк, бейкүнә тірлікті, үлгілі болдық десек, шындықтан алшақ кетерміз. Жазды күні жалықпай өзеннен шелектеп су тасып, қосаяқ, саршұнақтардың ініне құйып, амалсыздан шыға қашқан тышқан­дарды ит қосып қуу бір мәз болатын кез еді. Күзде қырманның бидайын қорғағанда, тобымен үймелеген торғайларды ұзын таяқты жіберіп құлату да ерлік белгісі болатын. Әрине, бір жібергенде бірнешеуін жал­бы­ратсаң, мәртебең зораятыны анық қой. Бірақ біз екеуміз чемпион бола алмадық, қарымы ұзындар үнемі жеңіп кететін.

Май мейрамының бірінде Мұхтар екеу­міз мектептің жадағай төбесінде, сырмақ үстінде өмір жөнінде толғаныс айтып жат­қан­быз. Бір кез Мұхтар маған: «Сен өскенде кім боласың?» – деді. Бастық боламын деуден жасқандым, басқадай мардымды еш­теңе айта алмадым. Ол бетіме тіктеп қарап: «Мен жазушы боламын», – деді. Мен ол кезде де, қазір де жазушыны ерекше қасиет қонған, тәңірдің таңбасы түскен адам (қазір тым көбейіп кеткені болмаса) деп есептей­мін. Кейін де өзі айтып жүргендей, сол кезде де өз қасиетін азға баламайтын ол, аз бөгеліп: «Мұхтар Әуезов сияқты», – деді. Ме­нің жүрегім шымыр ете қалды. Зердем то­лық жетпесе де, ұлы жазушыны жер бе­тінен басқа жерде жаралған шығар деп ойлай­тынмын. Біздің Мұхтар өзіне сол алыс межені болжаған екен…

Төртінші сыныпты бітірген соң, біз әкем бастық болып барған басқа ауылға көштік. Күзде бесінші класқа аудан орталығына кел­генде, көңілсіз жағдай күтіп тұрғанын біл­дім. Менің мұғалімім Мұқан ағаны соғыс ке­зінде неміс тұтқынында болған деп 25 жыл­ға айдауға жіберіпті. Көпке мәлім, кеңес әскерлері Харьков түбінде аз сәт жеңі­ліске ұрынып, үлкен армия неміс қор­шауында қалған. Сол үлкен әскердің ішінде Мұ­қан аға да бар. Жас өмірімде жылы ала­қанын тосқан адамның толықтай сезбесек те, жан түршіктірер жағдайға жіберілгені ме­ні де қатты толғандырған. Мұхтардың жағ­дайы айтпаса да түсінікті.

Ми мен жүректі кептеген ішкі дауыл толқындарымен қалай күресті, қандай дауа тапты оны өзі біледі, бірақ Мұхтар жасыған жоқ. Екеуміз алғашқы кезіккенде тоста­ғандай көзін буалдыр басқандай көрінді, әйтсе де босаңсымады. Мен де жараның ау­зын тырнамадым. Сонан соң томаға-тұйық қалыпқа енді. Ол бұрында ауыл бала­ларына тән орынсыз ойын мен дарақы күл­кіге берілмейтін. Жүрекке салмақ салар ма­засыз ойлар бір сәт кетпеген шығар, ол бар уақыты мен жігерін білімге бұрды. Мін­детті сабақ оған әрдайым жеңіл келетін, енді барлық назарын онан тыс әдебиет қа­зынасын ақтаруға кірісті. Жас болса да көп нәрсені жинақтады.

Осы уақыттарда Мұхтардың ең үлкен ар­қа тірер тұғыры, өзі де өмірдің талқысын көп көрген, ойлағаны мен түйгені мол, қа­зақ­тың емендей берік шалы, үлкен әкесінің қажырлы мінезі мен берген ақылы, оның қожырауына тосқауыл болған шығар. Бұл семьяда сөз қадірін құрметтеу ежелден қалыптасқан. Арғы үлкен атасы Құрымбай ақ­сақал, әлде өтініш, әлде ұлылығына өзі құмартқаннан Абай атамызға бір жазда жайлауын ұсынған. Буырқанған Балқыбек, Байқошқар өзендері қосылған босаға. Ұлы ақын сол жерде атақты «Жаз» өлеңін жаз­ған. Сол жерде Абай атамыз «Сөз ұстаған ұл тусын», деп бата берген. Қасиетті баба айт­қан осы өсиеттің салмағын Мұхтар арқа­лай туды.

Жасырақ кезімізде ауылдан үлкен кісі­лер келгенде дәм татысу бір дәстүр еді. Әкем бір келгенде Мұхтар су жаңа шыққан «Аласапыранның» бірінші кітабын сыйлады. Аға бас көтермей оны бір жетіде оқып бітірді. Демалыс күні шәй ішіп отырған бір кез­де: «Е, – деді, – бұл өзі Қожагелдіден әрбір­ жетпіс-сексен жылда бір атақты адам шығады екен ғой, арыда Томан би, өткен ғасырда Бегеш шешен, енді мынау Мұхтар, жасы ұзақ болсын». Мен таласып қатар оқыған өз ұлымын, мені төмендетемін деп ойлаған жоқ, шын талантқа қалтқысыз ризалығын айтып отыр. Ал Қожагелді Мұх­тардың сегізінші атасы, небәрі 170-180 жыл аралығы. Әкемнің ой түюі қатесіз.

М. Мағауин

Сегізінші оқитын жылы күзде Мұқан аға айдаудан оралды. Әдейі барып сәлем бер­дім. Жүдеп, қартайып қалыпты. Жылына екі-үш ай жылт етіп күн көзі көрінетін Вор­ку­тада, жер астында көмір қазыпты. Сол азаптан аман келгені олжа. Мұхтардың көңі­лі көтерілді, бірыңғай әдебиетпен шұ­ғыл­данды. Ел ол уақытта әуес емес «Мә­дениет және искусство» деп аталатын жур­налды жаздырып алып, барлық жаңалықты нақ­ты біліп отырды. Мектепті бітіргенде ол қа­лыптасқан әдебиетші еді. Білім алу өрі­сіміз бөлектеніп, жеті жылдан кейін мен Ал­м­атыда аспирантураға түскенде қайта то­ғыстық. Сонан кейінгі бүкіл өмір қатар өтіп келеді.

Екеуміз енді Академияның ғылыми кі­тап­ханасында кезігеміз. Ол сирек қол­жаз­балар залында диссертациясын жазып отыр. Мен журналдар қарап, табиғи ілімдер залында отырамын. Ел саябырлағанда түскі асқа барамыз, сонан соң біраз уақыт қазір­гі Пушкин ескерткіші орнаған алаңға шы­ғып, серуен құрамыз. Негізінен ол сөйлейді. Тың әңгімелер. «Он бесінші ғасырдан кейінгі жыраулар мұрасы» деген тақырыбы бар еке­нін білемін. Бірде, сақталған дүниелер көп пе, деп сұрадым. Әй, Шайкенов, тыңда­шы мынаны деді:
Алп-алп басқан
Арабы торым өзіңсің.
Жазылы, алтын, қол кескен,
Алдаспаным өзіңсің, –
деп бір тоқтады. Сонан он бес минуттай тоқ­тамай сілтеп, алқынып барып тоқтады. Жай­шылықта алға шығара керіп жүретін кеу­десіне сыймай жүрсе керек, тыңдау­шысы табылған соң, құмарын бір қандырды. Жел­пініп, түрленіп кетіпті. Сол кезде, сол оқи­ға­ның дәп ортасында өзі жүргендей. Жыр­дың мағынасы мен бөлек құрылымына тебіреністе. Қуанышы мен мақтанышын жасыра алмай тұр.
Біткен кезде ішімнен: «Ой сайтан-ай», – де­дім. Әу бастан білем, оқығанды жадында сақтау қабілеті тым жоғары болатын. Соншама жырды жатқа айтып тұр. Бірнеше рет оқып, машықтанып әуреленбейді, ой жүйелеп бір-екі оқығанда есінде берік сақ­талып қалады. Ұмытпайды.
– Керемет екен. Кім? – дедім, мен де әзер демімді алып.
– Шалкиіз жырау.
Күн бұлыңғырлау болатын, екеуміз Фур­манов көшесіндегі жартылай жер астын­дағы академиялық кітап дүкенінен қайтып келе жатыр едік, «Әй, Шайкенов, мынаны тың­дашы», – деді. Сонан соң: «Күн батыста бір дұшпан…» – деп басталатын бір жырды түгел­дей айтып шықты. Бұқар жырау. «Асан қайғының болжамын тұйықтап, Абылайға айтқан», – деді. – «Терең толғам. Бәрі айт­қан­дай келді».

Әдебиет арнасында алпысыншы жыл­дың аяғында, ескі мәдени мұраны, әдебиетті ардақтайтын қауым күтіп отырған оқиғалар келді. 1968 жылы «Қобыз сарыны», 1970 жылы «Алдаспан» жарыққа шықты. Авторы – Мұх­тар Мағауин. Жай оқырман құ­ша­ғын жайып қарсы алды. Қуанышы шексіз болды. Елді мақтаныш биледі. Шық­қан кі­тап­тар әп-сәтте дүкен сөресінен тоқ­тау­сыз кетіп жатты. Өзім куәсі болдым, са­тушы қыз­ға: «Айналайын, міне жүз сом, Мағауин­нің «Алдаспанын» тауып берші», – деп сұрағанын.
Әйтсе де осы қазынаны ашуды Мұхтарға қимаған, қиса да қызғанышы жібермеген, «білуші едік, пайдаланып кетті» деген күңкіл әңгімелер көбейді. Ол ашық қарсылыққа ұла­сып, тараған кітаптың жартысы қай­та­рылып, туралды. Қысқартылып, «жөнделген» түрі бір жылдан кейін шықты.
Бес жыл бұрын досым Се­кеңе, академик Сейіт Қасқабасовқа телефон шалдым: «Алдаспаннан» кейін, ежелгі заманнан қосылған жыраулар бар ма?» – деп. «Сыпыра жырауды қосып жүрміз ғой», – деді. Есімі маған да таныс. – «Ал, сол бұ­рын анықталған жыраулардың жаңадан қо­сылған жырлары қанша?» «Көп емес, бі­рер жол, бірер шумақ», – деген жауап алдым. Де­мек, мардымды қосылған дүние аз.

«Поэты Казахстана», «Бес ғасыр жыр­лай­ды» атты кітаптар ғылымда істейтін бір адам­­ға өмірлік жүк болар еді және оған барлық қалған ғұмырында мақтанып жүрер еді. Бұл тек әдебиет алдындағы парызын мойындаған, қажыр-қайраты мол адамның қолынан келетін іс. Өзінің басын дауға салды, ұрыс-төбелеске ұрынды, ағаларымен жаға жыртысты, бірақ алған бетінен қайт­қан жоқ. Сол жұмыстар оңымен орындалып, ел игілігіне айналды. Осы биыл той­ланар елдің тарихи мәдениетіне ең алғашқы болып жазылған Мұхтардың «Қазақ тари­хының әліппесі» кітабының қосқан үлесі де аз емес.

Ең даулы тақырып – тарихи таным. Мұ­қаңның бұл жөніндегі түсінігі анық. Ол әкесі Воркутаға айдалып кеткенде қалыптасқан. Өзі айтқандай, жас кезінен ұлтшыл еді. Уақыт өте келе ойы кемелденіп, екшеленді. Енді еліміз жеке мемлекет болып құрыл­ған­да, ұлт намысын бірінші қатарға шығарды.
Тіпті, оның ойлары тосын. Бұрын қалып­та­сып берік орын алған тұжырымдарға ке­реғар. Жәй адамның, жәй адам емес, жо­ғарғы лауазымды, барлық атақ-дәрежесі тү­гел тұлғалардың ойымен үйлеспейді. Бұ­зақы, шатақ. «Біз ХІІІ ғасырда Отырарды қор­ғағамыз жоқ, азат еттік», – дейді.
Даулы түйіннің бірі – жат қоғам қалып­тастырған тұжырымға қарсы, Мұқаңның Шың­ғыс ханды қанішер жаулаушы емес, ұлы азат етуші деп жариялауы. Мәдениетті қауымның біраз бөлігі онан хабарсыз екен. Мұхаң ең үлкен күнә кешкендей айыпталды.

Жазушы біраз ойларын өтпелі кезеңде мәдени құндылықтарымызды, тіл таза­лығын, діни көзқарасымыздың қалыптасуы, халықтың өзіндік мінезін сақтауға, жер мәселесі, шеттегі қандастардың көші-қоны жөнінде батыл пікірлер айтты.

Мағауиннің творчествосындағы қиын ке­зең – алмағайып өмірдің тұсы. Бұрыннан да белгілі мұндай кездерде өмірдің аңысын аңду, бұлан құйрыққа салыну, әйтпесе теріс айналу болып жататын жағдай. Бұл кезде тура бағытты іздеуші аз, табатындар тіпті ша­малы. Айтушысына да, көтерген жүгіне де түсетін салмақ ауыр. Әлбетте, тарихи бұ­ры­лыстарда бел алатын қиралаң, бұраң­дарды пайымы, білімі зор, табиғатынан турашыл тұлға тереңірек болжайды, олардың кері нәтижесінің де салмағын ертерек сезінеді. Өзіне қайта серпілер зиянын білсе де, батыл ойларын бүгіп қалмайды.

Енді мен өзім жетік білетін Мұхтардың ең үлкен қасиетіне тоқталайын. Ол оның ке­ремет зердесі. Бізде көп оқитын адамдар аз емес. Соның басымы, белгілі жүйені, бел­гілі бағытты ұстамайды, әр саланың бұта, көдесін шалып кететіндер де көп. Мұхтар әу бастан тек әдеби мұраны, қазақ халқының мәдениеті, бай ой жүйесін көр­сететін мұраларды ғана таңдап оқыды. Сара­лап, соның ішінде ең құндыларын жік­теп, бөлек жинады. Соны әдебиет, тарихи шығармаларды оқып, зерделеудегі қаты­насы да осы принципке бағынған. Студент кезінен жинақтаған кітапханасы екі-үш бөлменің қабырғасын алып тұр. Сірә 5-6 мың болар. Осы кітаптардың кездейсоқ біреуін түртіп: «Мынау не?» – десең, бай әңгімеге кенелесің. Әсіресе, тәнті болатыным, қазақ эпостары, жырлары, Абай, Мағ­жан, Бұқар жырау, Сұлтанмахмұт, жырау­лар­дың маржандары, замандастардың елең еткізген құнды өлеңдері, бәрі-бәрі тек­ше­леніп зердесінде жинаулы тұр. Еш-қайсысын да бірнеше рет оқып әуреленіп, жаттаған емес, оқығанда бар зердесімен көңіл бөле ме, миының бір түкпірінде жатталып қа­ла­тын сияқты. Қашан да сол керек­тіні ойына сал­саң, компьютерден суыр­ған­дай ағылта жө­неледі.

Көп білетін адам әр кез жан-жағына қауіпті. Мұхтар және тым турашыл, халық мүддесіне, тарихқа келер қиянатқа төзбейді. Ой жүйесінде сараланып, тізбектеліп тұрған мәселені өткір тілімен, ең жақын жүрген, сыйлас боп өскен құрбыға да, шындықты өлтірмеймін деп айтып салатын кемшілігі бар. Бұл, әрине, жақпайтын дүние. Сонан кейін біздің қауымда қалыптасқан әдет – тура замандасқа жақсылықты қимау. Өтіп кеткен, заманы бөлек, енді бәсекеден тыс қалған тұлғаларға ақтарылып жатуымыз да соның бір пұшпағы болса керек.
Мұхтардың соноу «Қобыз сарыны», «Алдаспан» аталатын тарихи жырнамалары, ша­ғын «Кешқұрым» әңгімесінен басталған «Ала­сапыран», «Мен», «Жармақ» романдары, повестері, өтпелі кезеңге жазған қырық шамалы мақалалары, ең соңы төрт томдық «Шың­ғыс хан» тарихнамасы қазақ қауы­мы­ның мәдени өрісін, сана тағылымын кеңейт­кен асу да, асу белдер. Олар қайталанбас құн­дылықтар.
Мен Мұхаңа жетпіс бес жылдық асу бе­лің құтты болсын, берерің көп болсын деп тілеймін!
Блок Шайкенов,
биология ғылымының докторы,
профессор.
Дерек көз: «Қазақ әдебиеті» газеті
author

Мұхтар Мағауин

ҚАЙРАТКЕР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...