Мұхаммед Салихтың өлеңдер жинағы тұңғыш рет қазақ тілінде «Вал-фажр» деген атпен жырық к...
Садеқ Һедаят. Сынық айна (әңгіме)
Одет көктемнің алғашқы гүліндей балғын, үлбіреген нәзік қыз еді: аспан түстес жанары кіреукеленіп, сары шашының бір тұтамы үнемі бетінің ұшына түсіп тұратын.
Өңі қашқан ашаң жүзінің бір қырымен бөлмесінің терезесінің алдында сағаттап отыратын. Аяғын бірінің үстіне бірін қойып, роман оқитын, шұлығын жамайтын, кесте тігетін. Әсіресе, Гризли вальсін виолончельде ойнағанда жүрегім атқақтап кететін.
Бөлмемнің терезесі Одеттің бөлмесінің терезесіне қарама-қарсы орналасты. Қаншама минут пен сағатты, тіпті жексенбі күндерін тереземнен оған қараумен өткіздім. Әсіресе, түнде шұлығын шешіп, төсегіне жатқан кезде оған талай қарайтын едім.
Осылайша екеуіміздің арамызда құпия байланыс орнады. Тіпті, оны бір күн көрмесем, бір нәрсемді жоғалтқандай күй кешетінмін.
Кейбір күндері оған ұзақ қарайтыным соншама орнынан тұрып, терезесін жауып қоятын.
Күн сайын кездесіп жүргенімізге екі апта болғанымен Одеттің жүзі сынық көрінетін, маған немқұрайлы кейіп танытатын: не күлімсіремейтін, не жүзінен маған деген ықыласын көрсететін ешбір белгі білінбейтін, тіпті жүзі өте байсалды, үнемі тоң-торыс жүретін.
Онымен бетпе-бет келген алғашқы жолы таңертең көшенің басындағы кофеханаға таңғы ас ішуге барғам. Сол жерден шыққан кезде Одетті көрдім. Қолына виолончельдің қаптамасын ұстап, метро жаққа бара жатыр екен. Мен амандасып едім, ол күлімсіреді. Қаптамасын көтеріп жүруге рұқсат сұрадым. Ол басын изеп, рахмет айтты. Осы бір сөзден таныстығымыз басталды.
Сол күннен бастап тереземізді ашқан кезде алыстан қол бұлғап, ишарамен сөйлесетінбіз. Ишарамыз үнемі төменге түсіп, Люксембург бағында кездесіп, соңсоң киноға, театрға немесе кафеге баруға ұласатын. Кейде бірнеше сағатты бірге басқаша да өткізетінбіз.
Одет үйде жалғыз болды. Өгей әкесі мен анасы сапарға кеткен. Өзі Парижде жұмысына байланысты қалған.
Сөзге сараң қыз болатын. Бірақ, мінезі баланыкі сияқты қырсық, қыңыр еді. Кейде менің шыдамымды тауысатын.
Дос болып жүргенімізге екі ай толды. Бір күні түнде «Ноуи» базарының жұма мерекесін тамашалауға келістік. Сол түні Одет үстіне көгілдір түсті көйлек киіп, бұрынғыдан ерекше көңілді көрінді. Рестораннан шыққан кезде метрода маған жол бойы өмірі туралы айтты.
Луна-парктің алдындағы метродан түстік. Адамдар арлы-берлі өтіп жатты. Көшенің екі жағына көңіл көтеріп, ойнайтын аттракциондар қойылыпты. Біреулер маңдарына адамдарды жинап алып, сиқыр көрсетсе, тағы біреулер мылтық атып, басқалар бақтарын сынап, лотерея ойнатып жатты. Тәтті-дәмді тағамдардың саудасы, цирк... тоқпен істейтін кішкентай машиналар бір осьті айналып зырылдады; әуе шарлары, айналыстағы орындық-әткеншектер мен әртүрлі қойылымдар көздің жауын алды. Қыздардың шыңғырған дауыстары, сөздері мен күлкілері, мотоциклдердің азан-қазан үні мен әртүрлі музыка араласып кетті.
Біз броньді вагон-аттаракционға отыруға шешім қабылдадық. Ол бір шеңберді айналатын орындық екен. Айналып жатқан кезде бетіне матадан перде жабылып, жасыл құрт кейпіне енетін. Мінбек болған кезде аттракцион қозғалып, айналғанда қолынан түсіп кетпес үшін Одет нәзік, жұқа қолғабы мен қол сумкасын маған берді. Біз қысылып-қымтырылып, бір-бірімізге жақын отырдық. Вагон жолға түсіп, жасыл перде ақырындап, көтеріліп, тамашалап тұрғандардан бізді бес минутқа көзден таса етті.
Вагонның пердесі артқа кеткен кезде еріндеріміз әлі бір-біріне жабысып тұрған. Мен Одетті ернінен сүйген кезде ол қарсыласқан жоқ. Аттракционнан түскен кезде жолда жұма базар мерекесіне осымен үшінші рет келгенін, анасының оған баруға тыйым салғанын айтты.
Тағы бірнеше жерді тамашалауға бардық. Шаршап, шалдығып қайтпақ болған кезде түн ортасынан ауып кеткен еді. Бірақ, Одет бұл жерден де айналшықтап кете алмай, әрбір жиынның маңына тоқтады. Мен де онымен тұруға мәжбүр болдым. Екі-үш рет білегінен күштеп тарттым. Ол ырықсыз маған ілесті. Жол ортада «Джиллетт» ұстарасын сатушы жарнамалап, артықшылықтарын іс жүзінде көрсетіп, адамдарды соны сатып алуға шақырып тұрған жиынға жеттік. Бұл жолы өзімді ұстай алмай, Одеттің білегінен қатты тартып: «Мұның енді әйелдерге қатысы жоқ!» дедім. Бірақ ол білегін тартып алып: «Өзім білемін. Көргім келіп тұр», – деді.
Мен де жауап берместен метро жаққа бет алдым.
Үйге оралған кезде көше тым-тырыс екен. Одеттің бөлмесінің терезесінің шамы сөніп тұрды.
Бөлмеме енген соң шамды жағып, терезені аштым. Ұйқым келмеген соң біраз кітап оқыдым. Түнгі сағат бір еді. Терезені жауып, ұйықтамақ болдым. Қарасам, Одет терезесінің түбіндегі шамның түбінде тұр екен. Мен оның бұл әрекетіне таңданып, тереземді жаптым. Киімімді шешейін деген кезде Одеттің моншақпен әдіптелген сумкасы мен нәзік қолғаптарының қалтамда екенін түсіндім. Ақшасы мен үйінің кілтінің де сумкасында екенін білдім. Соның бәрін бірге байладым да терезеден төменге лақтырдым.
Үш апта өтті. Осы уақытта мен оған селқостық танытып, бөлмесінің терезесі ашылған кезде өзімнің тереземді жаба қоятынмын. Оның үстіне Лондонға сапармен баратын болдым.
Британия сапарымнан бір күн бұрын көшенің бұрылысында Одетті кездестіріп қалдым. Қолына виоленчельдің қаптамасын ұстап, метроға бара жатты. Аман-саулық сұрасқаннан кейін жолға шығып бара жатқанымды айтып, ана жолғы түндегі әрекетім үшін кешірім сұрадым.
Одет салқынқандылықпен бетіне моншақ тізілген қол сумкасын ашып, ортасынан қақ бөлінген кішкентай айнаны қолыма ұстатты да: «Сол жолы түнде сумкамды терезеден лақтырған кезде сынды. Білесің бе, бұл бақытсыздық әкеледі», – деді.
Мен күліп, оны ырымшыл деп атап, кетпей тұрып, қайта кездесуге уәде бердім. Бірақ, өкінішке орай, көре алмадым.
Лондонда жүргеніме шамамен бір ай болған. Одеттен мынадай хат келді:
Париж, 1930 жыл, қыркүйектің жиырма бірі.
«Джамшид, жаным!
Қаншалықты жалғыз екенімді білмейсің. Жалғыздық мені қинап бітті. Бүгін түнде сенімен бірауыз сөйлескім келеді. Саған хат жазған кезде сенімен сөйлесіп отырған сияқтымын. Егер бұл хатта «сен» десем, кешір. Әттең, жан дертімнің қаншалықты ауыр екенін білгеніңде ғой...
Күндер не деген ұзақ еді. Сағаттың тілінің ақырын қозғалатыны сондай, тіпті не істерімді білмеймін. Саған да уақыт ұзақ өтетіндей көріне ме? Мүмкін, андағы жақта бір қызбен танысып алған шығарсың. Алайда мен сенің үнемі кітаптан бас алмайтыныңа сенімдімін. Парижде болған кезіңдегідей кішкентай бөлмең сәт сайын көз алдымда тұрады. Қазір оны бір қытайлық студент жалға алған. Мен сыртты көрмес үшін тереземді қалың матамен жауып тастадым. Жақсы көрген адамым енді ол жерде жоқ. Өлеңнің қайырмасындағыдай: «Басқа өлкеге кеткен құс оралмайды...».
Кеше һелен екеуіміз Люксембург бағында серуендедік. Тас орындыққа жақындаған кезде сол орындықта отырып, сенің өз елің туралы айтып, көп уәде бергенің, менің сол уәделерге сенгенім есіме түсті. Бүгін өзім достарымның келекесіне, сөзім елдің қауесетіне айналды.
Мен сені еске алып, әрдайым Гризли вальсін орындаймын. Венсен тоғайында түскен сурет үстелімнің үстінде тұр. Суретіңе қарағанда жаным жұбаныш тауып, өзіме: «Жоқ, бұл сурет мені алдамайды!» – деймін. Бірақ, әттең!.. Сен де сенесің бе, жоқ па, білмеймін...
Алайда, айнам, өзің сыйлаған айна сынған сол түннен бері жүрегім жағымсыз оқиғаны сезеді. Бір-бірімізді көрген соңғы күні Британияға баратыныңды айттың. Жүрегім маған сенің өте алысқа кетіп бара жатқаныңды, енді екеуіміздің ешқашан көріспейтінінімізді сездірді. Қорқынышым шынға айналды.
Мадам Борель: «Неге соншалықты қапалысың?» – деп сұрап, мені Бретаньге апарғысы келді. Бірақ, мен халімнің одан бетер мүшкілге айналатынын білдім.
Қойшы, өткен іс өтті. Егер хатта қатты кетсем, – ашудың ісі. Басыңды әуре-сарсаңға салсам, кешір мені. Ұмытасың деп үміттенемін. Хаттарымды жыртып, көзін құртасың... Олай емес қой, Джимми?
Осы сәтте дертім мен қайғымның қаншалықты зор екенін білгеніңде ғой. Бәрінен бизармын. Өзімнің күнделікті ісімнен түңіліп, үмітімді үздім. Бұрын мұндай болмағам. Білесің бе, мен бұдан әрі осылай белгісіз күй кеше алмаймын. Көп адамның алаңдаушылығына себеп болатыныма қарамастан, олардың бәрінің қам-қайғысы менікіне жетпейді. Жексенбі күні Парижден кетуге шешім қабылдадым. Сағат 6:35-те жүретін пойызға мініп, сен сол жерден өткен ең соңғы қала Калеге барамын. Сол жерде теңіздің көгілдір суын көремін. Су менің барлық бақытсыздығымды жуып-шаяды. Сәт сайын түсі өзгеріп, мұңлы, сиқырлы сыбырымен толқындары құмдауыт жағалауына ұрып, көбіктенеді. Көбіктердің дәмін құм татып, өзіне сіңіреді. Соңсоң теңіздің сол толқындары менің соңғы ойларымды ағызып әкетеді. Ажал күлімсіреп қараған адамын күлкісімен өзіне тартады. Ол ондай іске бармайды дерсің. Бірақ, көресің, мен жалған айтпаймын.
Менің алыстан сүйгенімді қабылда».
Одет Ласур.
Одетке екі хат жаздым. Біреуі жауапсыз қалса, екіншісі өзімнің мекен жайыма қайтып келді. Бетіне «Жөнелтушіге қайтарылды» деген мөр басылыпты.
Парижге оралған келесі жылы Сен Жак көшесіндегі бұрын тұрған үйіме асығып жеттім. Менің бөлмемнен қытайлық бір студент Гризли вальсін ысқырып айтып тұрды. Одеттің терезесі жабық екен. Есігіне «Үй жалға беріледі» деп жазылған қағаз іліп қойыпты.
Парсы тілінен аударған Айнаш ҚАСЫМ
Айнаш Қасым – шығыстанушы, парсы тілі мен әдебиетінің оқытушысы, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты. 1974 жылы сегізінші наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Самар ауданының Бастаушы аулында дүниеге келген. 1991 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Шығыстану факультетінің «Парсы филологиясы» мамандығына оқуға түсіп, 1996 жылы үздік бітірді. Еңбек жолын 1998 жылы Абылай хан атындағы Әлем тілдері және Халықаралық қатынастар университетінің Таяу Шығыс елдері кафедрасының парсы тілінің оқытушысы болып бастады. 2004-2011 ж.ж. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері болды. 2009 жылы Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында кандидаттық диссертация қорғады. 2011 жылдан осы уақытқа дейін ИИР-ның астанасы Теһрандағы Иран Телерадио бірлестігі Шетелдік қызмет торабындағы Қазақ радиосының редакторы. «Абай және парсы әдебиеті» атты монографияның авторы. Аударма саласы бойынша парсы тілінен балалар мен жасөспірімдерге арналған Фарид-ед-дин Әттардың «Әулиелер шежіресін», Мұхаммед ибн Жәрир Тәбәридің «Тәбәри тарихын», Мохсен Хеджридің «Жарық жұлдыз» шығармасын, сондай-ақ, «Он төрт бейкүнә жан», Ахмад Хатамидің «Имам Әлидің көзқарасы бойынша басқару» және «Иранның қазіргі дәуір әдебиеті» атты кітаптарын, Иранның қазіргі дәуір жазушылары – Мохаммад Али Джамалзаденің, Садеқ Һедаяттың, Джалал Але Ахмадтың, Ғоламхосейн Саедидің прозалық шығармаларын қазақ тіліне, А.С.Пушкиннің «Барышня-крестьянка» повесін парсы тіліне аударған. Қазақ-парсы әдеби байланыстары, Қазақстан мен Иран туралы танымдық тақырыптарда қазақ, парсы және орыс тілдерінде ғылыми-публицистикалық алпыстан астам мақала жазған.