Маңғыстауда І халықаралық «Әбіш әлемі» театр фестивалі өтеді

ӘДЕБИЕТ
2262

Маңғыстауда 11 – 14 қазан күндері бірінші халықаралық «Әбіш әлемі» театр фестивалі өтеді. Қазақстанның Халық жазушысы, «Қазақстанның Еңбек Ері», мемлекет және қоғам қайраткері Ә.Кекілбаевтың 80 жылдығына арналған фестивальге 8 елдің театр ұжымы қатысады, — деп хабарлайды "Мәдениет порталы" mangystaumedia.kz сайтына сілтеме жасап.

«Әбіш әлемі» театр фестивалінің мақсаты – жазушы шығармашылығын көпке насихаттау, аудармаларын театр сахнасында сахналау. Сонымен қатар алыс-жақын шетелден келген өнерпаздармен рухани-мәдени байланыс орнату. 

Бірінші халықаралық «Әбіш әлемі» театр фестивалінің ашылуы 15 шағынаудандағы Амфитеатр алаңында өтеді. Бұл туралы Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрнияз Мұханов айтты.

«Заманымыздың заңғар жазушысы Әбекеңнің шығармашылығы әлемге белгілі. Биыл дүбірлі той тек Маңғыстауда ғана емес, республика бойынша тойланғалы отыр. 10 қазаннан басталатын салтанатты шара Ә.Кекілбайұлы ескерткішінің және облыстық тарихи-өлкетану музейінің ашылуымен басталады. Ал кешкі 18:00-де Амфитеатр алаңында бірінші халықаралық «Әбіш әлемі» театр фестивалінің ашылуы өтпек. Шарада 8 елден келген, яғни Армения, Грузия, Иран, Түркия, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстанның екі театр ұжымы және әділқазы алқасы таныстырылады», — дейді ол.

 Қазақ әдебиеті классигінің көркем туындыларын сахналау қажырлы еңбекті талап етеді. Шығарманың негізгі айтар ойын халыққа жеткізу – өнер адамының басты міндеті. Осы  ретте Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры дайындықты күшейтіп, қойылымды таңдауға ерекше көңіл бөлген. Фестивальдің алғашқы күні маңғыстаулық театрдың «Күй» драмасымен басталады екен.
 

Фестивальге қатысушы театр ұжымдарына қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов, Әзірбайжанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері, филология ғылымдарының докторы, өнертану ғылымдарының докторы, Халықаралық театр сыншылары Ассоциациясының мүшесі Исрафил Исравилов, ҚР Мемлекет сыйлығының иегері, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының қоюшы режиссеры Сердеш Қажымұратов, Өнертану ғылымының кандидаты, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі Еркін Жуасбек және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі кино және театр актері, эстрада әншісі, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының актері Нұркен Өтеуілов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, танымал кино және театр актері Әділ Ахметов төрелік етеді.

 

Сонымен қатар қазылар алқасының мүшесі, ҚР «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының, «Еңлікгүл – 2016» театр өнерінің кәсіби сыйлығының лауреаты, Қазақстан драма театрларының 27-ші республикалық фестивалінің «Үздік ер адам бейнесі» номинациясы бойынша жеңімпазы, Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының жетекші актері Медғат Өмірәлиев баға бермек. 

Шара соңында фестивальге қатысушылар арнайы диплом, номинациялармен марапатталады, ақшалай сыйлықтар беріледі.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА 

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...