Асқар Алтай. Селебе (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
10968

Асқар АлтайЖазушы Асқар Алтай. Суреттің авторы Қабдырахман Отарбай

Ақжауын сібірлеп тұр. Сілбі дүниені сүзіп, салт аттылар суыт желеді. Ұзын-сонар із кесіп келеді... Ұрылар ізі.

Тау арасы. Тамыз ортасы. Көкжасаң әлем көңілсіз. Салқын сыз еңсені басады. Қырмызы жаз етекке ауар таусыншақ мезгіл. 

Өрлі-ылдилы тау ішіне өмілдірік пен құйысқаны сайлы құр аттар таңдап мінілген. Құр атқа қонған үшеудің бірі – түбіт мұрт Сұңқар, жасы он алтыға енді шыққан. Қылшылдаған қырықтағы Мұса әкесі мен жамағайыны Жомарт ескі әскери плащ күлапарасын көтеріп алып, сүрлеу бойын тінте қарайды. Із өкшелегелі ерден атып түсіп, шашыла төгілген құмалақты тереді. Бозбалаға әдейі естірте сөйлейді. «Құмалақ кебу емес, асып кетсе бір күн бұрын өткен» дейді әкесі. Ішін жарған Жомарт болса, аузына салып, тамсанып-тамсанып түкіріп тастайды да, «Тіс қаққан кәнігілер! Жылқыға су ішкізбей қуып отырған» деседі. Әкесі «құлын-тайлар зорығып кетпесе болды, – деп қынжылады. – Әдейі із тастап, Марқа асырып әкеткен катондықтар болса керек. Малды шығарып берген жымысқылар – біздің күршім-марқалықтар...» «Иә, Мұса аға! Жон-жонмен түнделетіп айдаған. Күндіз сай-сала, шат-шатқалдар шыңырауын шиырлапты. Қара айғырды жетекке алып, үйірді соңынан салғаны білініп тұр. Қысаңда қаздай тізіліп өтіпті, жануарлар!» «Ат жалында күн көргендер» деп қалды әкесі. «Қарақшылар! Қарумен шыққанымыз абзал болды» деді Жомарт та.

Бұлар бір үйір жылқыны іздеп шыққалы үшінші тәулік. Ізіне түсіп, індете қуып келеді. Жылқы жымқырғандардың жымсымасы ауыларасы хабар беріп жүрмесін деп, әкесі өз ішінен сөз асырмай, ойы мен бойын жасырып, түлейге түнеп, түзді пана тұтқан. Ұрылар да үйіші ұрдажықтар емес, қансоқта көрген жырындылар... жеткізер түрі жоқ. Мәйтеректің ойына құлап, Бала Қалжырды бауырлап, ұлы Қалжырмен өрлеп, Шүмектен бір-ақ шыққан. Шүмекті де кемерлей кесіп өтіпті... Алқабектің басына аяқ суытысып, бірақ қоналқаламастан Қаба жаққа бет бұрыпты. 

Ұрылар шығандаған Қаба-Марқа жері иен. Иен жер жау шақыруда... Көздің құртын жеген өңір көңілге ыстық, іргеден ызғар ескендей сезімге суық. Бағы баба заманында Хан жайлау болған төр мекен ырғын мал мен думан елден қабырғасы қайысып, күреңшесі майысыпты... Кейінгі кердең заманда аустриялық тұтқындар тауды жарып, тасты қашап салған әйгілі Мәрмар жолымен жүріп өтем деуші әуесқой мен арғымақ Алтайдың сауырына күміс ертоқымдай жараса кеткен Мұзтау мұзартын бір көруге ынтызар турист болмаса, жоқ іздеген бейсауат жолаушы мен аң шадырын таңдап атуға жалғыз аттанған жанкешті аңшы ұшырасып қалмаса, кісі атаулыны жолықтыру неғайбыл. Құс қауырсынын сындырған, аң терісін сыдырған жабайы жыныс. Жаз келе соқпақтың сорабы ғана ашылатын, қыс түсе тыныштық қана мүлгитін меңіреу маң. Жыртқыш атаулыға жұмақ... өркениет өрісіне жұмбақ жер. 

Қуғыншылардың ұялы телефондар үні Марқакөлден ұзамай-ақ өшкен... Иеннің аты – иен. Байланыссыз Сарытау сілемі хабар-ошарсыз. Дүрмек дүниеден мақұрым қалдырып, тұмылдырықты жандай ділгір күйге түсіреді. Таңмен таласа басталған ақжауын да күшейген.  

 Салт аттыларды салқын сезім жайлап, сызды табиғат билеп алды. Ымырт түспей аңғал-саңғал шатты құлдай аққан Ақ Қабаға да жетті. Сабалақ-сабалақ балтырлы қарағай мен шоқ-шоқ шырша шоқтары, өзен бойлаған қайың-тал, ұшқат пен қарақат-қызылқат, ырғай мен тобылғы-бүрген түбіне түнере төнген қоңыр кеш күргейлей берді. Жаңбырдан тасыған Ақ Қаба шуылы еркін естіледі. 

– Сүңгі болып кеттік. Қараңғылық үйірілмей, тоқтайық. Өзеннен өтпейміз. Жағаға қонамыз, – деп, әкесі өзен жағалаған биік жартасқа қарай бұрылды.

 Ақ Қаба толқыны жартас етегін жалайды.

– Аға, – деді Жомарт, – мен із кесіп қайтайын!.. Таңға дейін жаңбыр шайып, жапырылған шөп жасанып шыға келер. Болмағанда бағдарын аңдайын.

– Байқа! Жарқабаққа жақындама! 

Әкесі белуардан келетін қалың шөпті жапырып, жартас қуысына қарай жаяу кеткенде, Сұңқар аттарды суытуға кірісті. Салт жүрістен терлеп, алқынып келе жатқан жануарларды жанастыра қарсы қойып, ердің артқы қастарынан ала шылбырларымен қаңтарып тастады. Ауыздықтарын шығарып, бөктеріншекті алып, қоржынды түсірді. Шап айылдарды босатты.

 Қабырғалай біткен қаракөк жартастың қуысына келіп, әкесіне жас шырша бұтақтарын төсесті. Құрғақ қуыс суық жаңбырдан қамсау болды. От жағысып, қоржындағы суыған ет пен оны-мұны асты шығарып, дастарқан мәзірін әзірледі. Әскери қалайы күрешкеге ыстық су ысытып, малма шай салды.

Арындаған Ақ Қабаны құлдап кеткен Жомарт та оралды. Ұрылар өзеннің үш ашалана айырылып, жайылып аққан таяз тұсынан өткенін айтып келді. Өзен сарынына құлақ құрышын қандыра отырып, күні бойғы атүсті жүрістен тақымдарын жазысты.

– Тартып жібер! – деді әкесі Жомартқа. – Шаршағаның басылады.

– Сұңқар, сен де!.. – деп қалды Жомарт.

– Тәйт! – Әкесі зекіп жіберді. – Енді әкесімен арақ ішуі қалып ет, мұның!..

– Қойдым, аға! Қойдым!

– Сенсіз де ауызданып үлгерер… 

Жомарт ағасы әскери құтыдан қылқ-қылқ жұтып жіберді де, әкесіне ұстата салды. Әкесі қалайы құты аузын бұрап, бекітіп қойды.

Жартас қуысы аузындағы тасошаққа қарағай бұтақтарын салып жатып:

– Ұлым, аттарды тұсап қой, – деді.

Сұңқар үнсіз ғана орнынан көтеріле берді.

– Сарытаудан сырт айналғалы «сотовый» да ұстамай қалды, – деді Жомарт. 

  – Алқабектің басына ілінбей, жоғалып кетті, – деді Сұңқар нақтылап.

 – Торыға тимей-ақ қой, суысын! Өзім отқа жіберем, – деп Жомарт шайын сораптады.

Ақжауын әлі құйып тұр. Маңайды қара көрдей ымырт жапты. Жартас аузындағы оттың жалпылы ғана көзге шалынады.

Сұңқар әкесінің адуын мінезін біледі. Ана бір жылдары Күршім әскери бөлімінде контрактімен істеген. Қазір үшеуі жамылып жүрген әскери плащтар, бинокль, қалайы құты, былғары офицерлік белбеу содан қалған. Екі иығынан асыра киілген қайысты қоңыр былғары қап  тапанша да сол кезден жасырып қалған қару… Әлде қандай күн туса деп, целафанға орап, қораның бұрышындағы көң астына көміп ұстайды. Өткенде көкесі жоқта балалықпен тапаншаны алып, оңбай қамшы жегені бар. Жаңа Жомарт жамағайынының көзінше ызғарланып отырғанының бір себебі сол.

Қаңтарулы аттардың ерлерін алып жатқанда, қараңғылықты жарып Жомарт та жетті.

– Сұңқар, шаршадың ба?

– Жоқ, – деді бұл намысқа тырысып.

– «Азамат болды» деген осы…  Әкең ашулы. Сен түсінбесең, оны  кім түсінеді! Талай жылғы табан ет,  маңдай тер… Қолдан бермеспіз! Сіңіріп кете алмайды. Отыздан астам бас қой.

– Иә, аға! Сіз де қарулысыз ба?

– Әрине! Қазіргі ұрылар – ұры емес, қарақшы!.. Аямайды. Ал мыналар тіпті, жасанып шыққан жау!

– Қайда келе жатырмыз? Мына жақ иен ғой…

– Бұ жақты мен де білмеймін. Қаба жақ. Ары қарай шекара… Жазы-қысы елсіз иен. Әкеңе таныс сияқты. Жүрек жұтқан жан ғой… Нартәуекел! Ертең Қытай асып кетпесе, қуып жетуге тиіспіз.

Бұлар шолақ тондар мен ертоқымдар үзеңгілерін сылдырлата көтеріп келгенде, әкесі отты мол жағып отыр екен. Қуысқа арша мен шырша сабақтарын қалыңдап салып, жатар орынды жайлап қойыпты. Қабақтағы жалама жартасты жалаған өзен сарынымен қосылып, әлдебір әуенді ыңылдап айтады. Әке аузынан шыққан әуен сөзі өзен шуылынан Сұңқардың құлағына талып естіледі. Ол ертоқымдарды бастарына жастап, ішпек пен тоқымдарды жамбастарына жайып, жалынға телміре түсіп отырған әкесі әніне құлақ түрді.

Қара Қаба, Ақ Қаба

Арқырайсың тас жара.

Өткел бермей жатасың

Аттың жалын, төс қаба.

Ахау, Алтай!..

Сұлу Алтай!..

Өмірім өтіп жатыр 

Бір өзіңде-ай!..

Қара Қаба, Ақ Қаба

Сарқырайсың тас жаба.

Құла атпенен жүземін 

Омыраулатып, төс жара.

Сұңқардың әкесінен бұрын естімеген сөзі… естімеген әуені… Әке әуені мен Ақ Қаба сарыны елтітіп жатып, ұйықтап кетті. Олар бозбала ұлды ортаға ала жамбастаған. Бөктеріншекке таңып жүрген шолақ тондарын жамылысты. Бәрінің кірпіктері су сарынымен тез-ақ айқасып қалды. Күні бойғы салт жүріс те соғып тастаған еді.

Түн күйедей қара. Жартасқа түскен от көлеңкесі жалмауыздың жамылғысындай көлбең-көлбең қағады. Жартас жүзін ақжауын жуып жатыр. Тек тасыған өзен төңіректі талмастан тербейді.

Бозбаланың түсіне Қаба кірді… 

Өзен күркүрі қара қытайша қаптаған қабан табынын елестетіп, тұманытқан санасын ақжауындай сілбілеп жатты.

 * * *

Түздегі сүргін кештетіп келіп ерулетсе де, олар таң бозында тыңайып тұрды. Терең шатқал ішін лекітіп салқын самал есті. Ақжауын тыйылыпты. Тауды торлаған ауыр бұлт көбесі сөгіліп, күн көзі анда-санда жылт ете қалады.

От өшкенмен, қоламтасы қалыпты. Апыл-құпыл жүрек жалғады. Аттар да иенде иелерін қара тұтып, алысқа ұзамапты. Төс айыл мен шап айылды шірей тартып, шаппа-шұп ерге қонысты. Түн асқан жануарлар да бабына кепті, қамшы салдырмастан қайқаңдай жөнелді. Қашқан қылқұйрықтылар кесіп өткен үш айрыққа лезде жетті. Жауыннан кейін Ақ Қаба дөңбекшіп, ақ көбігін шашып қарсы алды. Су деңгейі көтеріліп кетіпті.

Орта айрық терең екен. Ат бауырынан асып, таралғы мен тебінгіні жуып, тақымды шылады. Суға қатарласып түскен бұларды тулаған тау суы ығыстыра ағызып,  құр аттардың күшімен қайраңға тұяқ іліктірді. Арынды Ақ Қаба мінезін көрсетіп қалды.

«Ұрылар ақжауын басталмай тұрып өтіп алған-ау!» деп болжамдады Мұса. Уақыт ұзатпай ұрылардың ізіне түскен бұл жатқа сыпсың сөз таратпай, жұлдызбен жусап келеді. Ұрылар да түзге тізе бүгіп, қылқұйрықтыны елсіз-құзсыз жерлермен желдіртіп әкетіп барады. Күйлі малға Қалжыр бойында құмалақ тастатып, тоғын тарқатып алған соң, аш бөріше жорттырыпты. Бұрдықтырып алмау үшін суды сүзе іштіріп, ашқұрсақ ұстап; қызыл май қаппас үшін түнде тастақты тақыр қолтықтарға қамап, соны басын таң қараңғысында ғана шалдырып отырыпты. Арасында ұзақ сүргінде жылқы бабын жақсы білетін дәулескер атбегі бары анық... Алқабек басындағы асуға жеткенше төртеу еді, Ақ Қабаға  қарай үшеуі қуып кетіпті.

Өзі жасында жырынды жігіт, жылқышы боздақ болған Мұса ұры-қарының қарабауырдай алдаусыратып із тастағанын Бала Қалжырды басып, Қара Қалжырды асып, Шүмекті кесіп, Марқаның көлін орағытып өткенде-ақ сезген. Таутекедей теке мүйізін ғана көретін биіктер мен бұлғын жүретін құлама-қорым шатқалдар ішімен ізерлеткенде, алыстан аңду салып келгендер екеніне көзі толық жеткен.

Бүгін соңғы күн. Бүгін жылқы жануарлар да байырқалар шақ. Құлын-тай атаулы енді ұзақ жүріске жарамайды. Тау-тасты жол азабы тәлтіректетіп, болдыртып тастағаны шәлкем-шалыс тұяқ тастасынан көрініп жатыр… Алтай ақжауыны да малтықтырса керек.

Кезек енді – қуғыншынікі…

Бұлар бірақ қуғын-сүргінді талай көрген көксоқтылар болса керек. Алыстан қарауыл салып, соңдарын байқастап келе жатқанға ұқсайды… Екі күн бойы жылқыларға жайылым бермей, жапырақ жамылып, жылыстап келеді. Жем басып жолығысар шақ таяу… Оны Жомарт інісі екеуі де сезіп келеді. Бала Сұңқар ғана алаңсыз. Оған Алтайдың адам аяғы жетпеген, жабайы аң-құсы ғана мекендеген жыныс тайгасы таңсық. Жан-жағына кейде жатырқай, кейде таңырқай қарап, көкпеңбек күреңше мен ну орманды алқаптар, терең шат-шатқал мен жалама жартасты шың-құздар сұлулығына көз суғарады. 

Жомарт құндақ алқымынан кесілген шолақ мылтығын белбеуіне қыстырып, плащ астынан оңай суырылатындай оңтайлап алыпты. Қамсыз келе жатқан ұлы. Қолында сегіз өрім қамшы ғана. Сұңқар да бірақ бір кісілік әлі бар, шылбыр сүйретіп, асау үйретіп, көкпар тартып жүрген жан. Тақымы тегеуірінді. Ат үсті алдыра қоймас, есесін жібермес. Тек бұлар қапияда қалмаса болды.

Шатқалдың құрғақ бір сайымен өрлей шығып, қарағай-шырша басқан төскейге көтерілді.

– Жомарт, бұлар ұзамас… Күңгейдегі қарағайлы биіктен дүрбі салайық. Мына орманды өңірге аяқ суытуға тиіс– деп, Мұса ат бауырын сулаған соныға сүйсіне қарады. 

– Аға, із де көрінбей қалды... Кешегі ақжауын жым-жылас қылыпты.

– Сұңқар, сен де сақ бол! Алыстан сауысқан шақырып, қарға қарқылдаса, құлағыңды түріп отыр… Олардан аулағырақ жүрейік. Алдымен ұрыларға хабар беретін солар.

– Бізден олар енді қауіптенбей ме? – деді бозбала.

– Кімдер? – Жомарт жорта сұрады. – Құстар ма?

– Жоға да!..

– Қауіптенеді, ұлым! Бірақ көлік жүрмейтін қиянға келеді деп ойламаулары мүмкін. Қалта телефон да істемейді… Жым-жырт иен ғой. Күн де ашылып келеді. Ызғар ғана күшті. Жылқыға жайлы.

Олар иін тірескен орман мен итмұрын, ұшқат пен қарақат, бүрген мен тобылғы, ырғай сіресе өскен жүндес биікке тыңнан сүрлеу салып, аттың күшімен жара көтерілді. Айнала айнадай көзге ұрды.

Сұңқар ат белінен түсіп, айылдарды босатып, атының құлағы түбін қасып тұрды. Жылқы жануар сүйсіне тосты. Жас бозбаланың қылығына Жомарт ағасы жымиып қойды.

Ат үстінен дүрбі салып тұрған әкесі:

– Теріскейдегі құз үстін қарақұс айналып жүр, – деді Жомартқа қаратып. – Құз астындағы қалың қарағай орманнан тұман сейіліп барады. Бірақ жұқа бір шарбы бу көтеріледі… әлсін-әлсін… Мә, дүрбі салшы! Сенің көзің қаршығадай өткір ғой.

Әлі де ерде отырған Жомарт дүрбіні қолға алды.

– Ештеңе байқалмайды.

– Көке, мен салайыншы дүрбіні!

– Атқа отыр.

Сұңқар дүрбіні жанар отына дәлдестіріп бұрап, қара құз астына көз жіберді. Іле-шала:

– Көке, – бу емес сияқты… Түтінге ұқсайды. Қарағай арасынан селдіреп шығады. Жиі емес бірақ.

– Жомарт! Сұңқар! – деді Мұса. – Қарақұс та тегін айналып жүрген жоқ. Қызылдың иісін алған ғой… Бізге де осы керек. Дәп төбесінен түсеміз. Дәу де болса, осы құз астына кідірген. Құлын-тай қалжырыған ғой… неше күнгі жүріс?!

– Аға, төте бармайық, – деді Жомарт.

– Сен екеуің құздың қос бүйірінен барасың. Алыстан орағытасыңдар. Атты көш құлаш, анау жатқан орманды белдердің астына түйіп тастаңдар. Ары қарай жымдарыңды білдірмей, жаяу тартыңдар.

– Сіз ше, көке! – деп қалды, бала көңілі алаң Сұңқар.

– Мен құз биігінен түсем. Ұшар шың емес қой. Жақпар жартасты биік. Соқпақ болуға тиіс.

– Олардың қосы көрінсе, сол маңды қарауылға алам, – деді Жомарт. – Тек сіз белгі берсеңіз болды.

– Жарайды. Оң қолымды көтере бұлғасам, қосты қарауылға ала екі-үш қайтарға ат!.. Бірақ жоғарырақ ал. Адамға тигізіп алма!

– Сіз қайтесіз, көке?!

– Атысуға бармаспыз… Алда-жалда ондай күн туса, жастығымды ала жатармын!

– Аға, о не дегеніңіз? – дей берген Жомартты кесіп тастады.

– Тыңда мені! Ұлым сен де… Біз бас тігіп шыққан жанбыз… Олар да солай… Жаман айтпай, жақсы жоқ. Сақ болайық!

– Қолға түсіп қалмаймыз ба? – Балалық алаң білінді. 

– Түспе! – деді Мұса. – Қамшы не үшін? Сенен мықты дейсің бе? Жассың. Шапшаңсың. Қашсаң да құтыласың. Қапылыста… онда тіс жарушы болма! Мен өзім сөйлесем.

– Олай болдырмаспыз, аға! – Жомарт шорт кесті.

– Жазатайым! Жазатайымда дегенім ғой… Жомарт, қару қандасуға барып жатсақ, аянба! Мергендігің бар… Алла бірақ көріп тұр, біз ақпыз!

– Иә, аға!

– Көп деп қорықпа?! Ұры қорқақ болады… Асып кетсе – төртеу-бесеу. Жылқыны айдаған үшеу ғана… Бәлкім, үшеу болар. Тәуекел!

– Тәуекел, көке! – Бозбала Сұңқар да шамырқанып шыға келді.

Жомарт ағасы да:

– Жарайсың! – деді жымиып: – Сескенбе, бауырым!

Бір үйір жылқының қан мен тері көтерген жан ашуы қандас, туыс адамдарды тәуекелге бел будырып, қиян түзге алып шыққан еді. Қияда бастарын бәйгеге тікті.

Он шақты шақырым орманды, таулы жерді орақша орағытты. Басынан құзғын айналған құз жартас қоралана біткен екен. Табиғи қолтықтың қойнауы самырсын орманы боп шықты. Қолды болған үйір жусап, мама биелер құлын-тайын емізіп, қаннен қаперсіз.

Қораланған құздың қысаң аузы ат арқандай ашық болып бітіпті. Шөккен түйедей дөңкиген нар тастың ығында екі жігіт әңгімелесіп, күзетте отыр. Әрірек ақ самырсын арасына ағаштан қиып, қос тұрғызыпты. Кең етекті. Қос сыртын ала қазан көтеріліпті. Тай етінің иісі самырсын шайырымен астаса аңқиды.

Құз жартастың қанатша жайылған қапсағай қабырғаларын паналап, жасырына көз салған Жомарт пен Сұңқар да үнсіз. Құз иығының жапсар-жапсар жарықшағын қалқалап, етектегі жылқыларға жеткен Мұса бір сәт қарағай діңіне сүйенді. Қоңыр салқын күнде жусап тұрған өз жылқыларының шашау шықпағанына бір қуанып, бір қуарды… Үйір иесі қара айғыр ғана көзге шалынбады.

Құз етегіндегі жартас түбінен бұлақ атқылап жатыр. Мұздай мөлдір бұлақ суы сұлу самырсын орманын аралап кетіпті.

Мұса сілеусінше самырсын қалқалап, қысаң аузына қарай беттеді. Ағаш қостың ту сыртынан келді. Қара айғырдың құпиясы қос артында ашылды. Терісі төрт бүктеліпті. Ат арқан жерде ит тұмсығы батпастай жиі өскен балапан шырша арасынан жас аршаның қою түтіні сұйыла көтеріледі. Айғырдың сұрпы еті мен қазылы қабырғасын шырша арасына арсалап, түтін салып қойғанын түсінді. Дәуде болса, жабық жерошақ қазған. Қос түбіндегі тасошақта жас ет былқиды. Ірге қуалай қос алдына жетті. Іштен сыбыс жоқ. Бал татыр сорпа иісі мұрын жарады.

Қос қабырғасына сүйене тұрып, неде болса тұтқиылдан басып кіріп баруға бекінді… Ту сырттарын тасқа тіреніп отырған қарауылшы жігіттердің бейқамдығын жақсылыққа жорыды. Қораланған құздың қос бүйіріне көз жіберіп, ұлы мен жамағайын інісін іздеді. Олар бірақ еш белгі бермеді. Сонда да қосқа кірем дегенді білдіргісі келіп бөгеле берді. Ет жүрегі елеусіз қобалжыды… Бірақ мынандай қолайлы сәтті өткізіп алуға болмайтынын да түсінді.

Бұрыштан оқ жыланша атылып, қос есігін жұлқи ашып ішке енді. Тыстан кіргеннен көзі алакөлеңкеге үйрене алмай, босағада тұрып қалды. Қолында – тапанша. Сәлден кейін ғана май шамның жарығында өзіне үңірейе қадалған қосауыз мылтықты көрді. Қосауыздың дүм жағында екі адам отыр. Міз бақпайды.

Екі жағы да қару кезенген қалпы үнсіз… Үшеуін де үңірейген қару оқпаны тоқтатқаны анық еді.

Мұсаның жонынан мұздай су құйып жібергендей суық тер бұрқ ете түскен. Олар да тілдерін жұтып қойғандай тесірейеді. Бірінің қолында – жалаңаш селебе. Жүзі май шамның жалынына шалына жарқ-жұрқ етеді... Алакөлеңкеде уақыт таудан құлаған тастай зулап, ес жиюға мұрсат бермеді.

Үшеуі де жүректерінің дүрсілін тыңдап, көздерімен атысты. Үнсіздікті өлімге бас тіккен Мұса бұзды.

– Пистолетте алты оқ. Мүлт кеткен емеспін!.. Бұл жерден сендер де тірі шықпайсыңдар! 

Бір сәт тыныштық орнап, бәрі де іштен тынды. Кенет селебелінің ызғарлы дауысы шығып кетті.

– Мұсамысың?! 

Бұл жауап қатпады... 

– Малды шығарып берген марқалық айтып еді… «Мұса екені рас болса, соңдарыңнан қалмас» деп! «Аю апанына» жалғыз түскен қандай адамсың?!

Сонда ғана серіппедей ширығып тұрған Мұса :

– Аю тұрмақ... албасты жолықса да әзірмін! – деді тістеніп.

Бір сәт тыныштық орнады.

– Бәсе, барыс баспас жерді бөрі басар... Өлімге бас тіккен пері екенсің! Бір пенде менің «аю апаныма» жүрегі дауалап жете алған емес! – деді анау да, қасындағының қолындағы қосауызын кереге жаққа селебесімен бұрып: – Тапаншаңды түсір! Сендей жүрек жұтқанмен тұңғыш кездесіп тұрмын... Менің иендегі қосыма сайтанның сапалағы да жоламайды!  Сыртқа шығайық. Қарусыз-ақ сөйлесейік... Қару бізде де бар.

Дауысы дірілсіз. Қорыққан-қорықпағаны белгісіз. 

Мұса не дерін білмеді?! Сенер-сенбесін… Мына екеуін жайрата салса ма? Тыстағы қарауыл-сымақтар өздері де безіп кетер. Жомарт та оларды қос басына жуықтатпас… Әлде, іс насырға шаба ма? Қайтсе екен?! Қаруын тастай салғаны қалай? Қарусыз адамды ата салу… кісі қанын жүктеу де оңай емес!? Бұлар бірақ тайсалмайды ғой тар жерде… Не істеу керек? Ұлына не айтады? Жо-оқ, не болса да бопсаға шыдайын!

Осы бір толқымалы ойлар сеңдей соғып өтті.

– Сен не? Сенбей тұрмысың?!

– Неге сенем? Нағашымбысың?!

– Мен екі сөйлемеймін! Әйгілі «Қара Балтаның» ұлымын! Екі сөйлегенім – өлгенім… Сенбесең – атып таста! Міне, селебеге серт! – деп селебені сүйіп, маңдайына басты да, жүрелеп отырған күйі алдына қойды. Сөйтті де қасындағы жігітке қосауызын ірге жаққа тастатып, құрқол орындарынан тұра берді. 

– Жарық дүниеге шығайық!

– Шықсақ шығайық!

Тапаншасын кезенген күйі Мұса шегіншектеп, сыртқа алдымен шықты. Таяқ тастам жерде қарумен қалған ол өз-өзіне сенімді еді… Бірақ «Қара Балтаның ұлымын» деген сидаң жігіт те айылын жияр емес. Мұсаға басынан аяғына дейін көз жүгіртіп өтіп, жүректі жанға тән күдіксіз дауыспен:

– Жігіттер! – деп, қарауылшыларға айғайлады. – Қару кезеніп жүрмеңдер! Бұл  көкжал Мұса екен… Мені іздеп келіпті.

Мұса әлі де секем алып, мына қарақшыдай көрінген ұрыға шүбәмен қараған. Тапаншасын қойнындағы былғары қорабына салар-салмасын білмеді. «Әйгілі Қара Балтаның ұлымын!..» деген ұры сөзі мен жүзі жалынға шағылған суық селебе есіне түсе берді.

– Сенің әкең Балтабек Жағалов па? – деп сұрап қалғанын өзі де түсінбеді. Бұл сөз еркінен тыс шықты.

Ұры да таңырқай қарады.

– Балтабек Жағалов, – деді ұры жігіт.

– Мүмкін емес! – деп қалды Мұса. – Сонда сен… «Қара Балтаның» ұлымысың?

– Әкемді білуші ме едіңіз?!

– Білетінмін… Өте жақсы білем. Дос та болғам!

– Қалай?!

– Атыңды да мен қойғам… Алаш емес пе!? Анаң Аршагүл қарсы болса да, досым Балта құптап ет! 

Ұры жігіттің үш сыбайласы да екеуіне үнсіз қадала қарасты… Ал баспалап келіп, самырсын арасынан сыналай сығалаған Жомарт пен Сұңқар да дайын тұр еді.

– Кешіріңіз, ағасы! Мен масқара болдым! Тірідей өлтірдіңіз! Өткенде бір ақсақал налып ет: «Адамның сырттанына жолық!» деп. Айтқаны келді. Адамның сырттаны екенсіз!..  Жаңа атып тастағаныңыз артық ет! Бұлай қара бет болармын ба?!

– Тоқтат! – деп, Мұса ақырып қалды. – Мен қарақшы емеспін!  Сені әкең босбелбеу болады деп ойлаған жоқ… Қысқарт, қысыр сөзді!

Алаш та әйкелдей қалшиды…

– Атыңа сай бол! Босама! 

– Жігіттер, – деді Алаш кенет сілкініп, – үйірді толықтыру керек. Аға, екі құлын суға кетті. Қаба жұтты... Тай мен айғыр пышаққа түсті. Басқасы түгел. Жоғалғанның орнын жоқтатпаймын!

  • Жоқ, Алаш! Маған жаттың малы мал болмайды... Қажеті жоқ. Шығын – сілекейі.

Алаш самырсын арасында бой тасалап тұрғандарды әлде қашан байқаса керек, оларды да дауыстай шақырды. Мұса үндемеді. Жомарттар да қозғалмады.

– Ет түсіріңдер! – деп Алаш бұйыра тіл қатты.

Жігіттері ас қамына кірісті. Мұса сонда да күдік алып тұрды.

– Жасырынбақ ойнамайық, аға! Әкемнің көзін көрген адамға қару қандамаспын! Селебемді әкел! – деп әлдекімге бұйырды.

Селебені алдырған бойда сол жақ бас бармағын тіліп кеп жіберді. Қан бұрқ етті. Көк шөпке тырс-тырс тама бастады. Селебенің жалпақ бетіне қанын сорғалата жағып алды да, маңдайына басып, одан жалап-жалап жіберді.

– Қаным мен жаныма серт!

Алаш тізерлеп отыра кетті де, Мұсаға селебені көлденең тартып, басын иген күйде ұсынды. Мұса селебенің қан-қан күміс сабы мен болат жүзінен еріксіз ұстай берді. Ішкі жан-дүниесі алай-түлей болып кетті.

– Тұр! Әкең де арыстан азамат еді... Өлсең де тізеңді бүкпе!

Алаш орнынан тұрғанда қой көздерінен жас парлап, бетін айғыз-айғыз жуып тұр екен.

– Кеш, аға! Мендей бейбақ сорлыны!

– Болды, жігітім, болды!

Бұл кезде Сұңқар мен Жомарт та жандарына келген еді...

Тайдың еті тамақтарынан өтпеді...

Самырсын көлеңкесіне жайылған дастарқан үстінде екі жүзді селебе туралы сөз қозғалып қалды. Оны да Мұса қолына алып отырып қозғады.

– Әкең жанынан тастамаушы еді... Сенімен селебе жүзінде көрісем деп ойламаппын, – дегенде, Алаштың мұрны қусырылып, иығы қушиып, жерге кіріп кетуге тесік таппай, көзін төмен салды.

Маңына ескі құрым кигіз төселіп, құрақ көрпе тасталған жер-дастарқан басындағылар да тым-тырыс. Бірінің қабағын бірі бағып отыр. Құз бауырындағы ұры қолат ішіндегі тыныштықты құлынның жақыннан кісінеген дауысы бұзды.

– Жә, жігіттер! Мен малым жоғалды демейін, сендер ұрладық демеңдер... Осымен бітісейік!

Ешкім де ләм-мим ауыз ашпады.

– Алаш, – деді Мұса, – қара айғырдың басы кесілгеніне қынжылмаймын... қарақұстың жемтігіне айналғанына өкінем! Малымның басы еді, жануар! Жазу солай шығар!? Сен маған сол сүйекті алдыр... Қорамның маңдайына іліп қояйын!

Алаш шеткерек отырған шойындай жігітке иек қақты.

– Бауырым, Алаш! Жастықта не болмайды? Ұрынасың... қателесесің... қу басыңды тауға да, тасқа да ұрасың... Бізде де ондай болған... бірақ ұрлыққа барған жоқпыз. Әкең де адал еді... Ер еді! Намысты еді... Сол намыс үшін кетті!

Алаштың ұзын мойны тұқжиып, екі иығының арасына кіріп кетті.

– Ұнжырғанды түсірме! – деп Мұса дауыс көтере сөйледі. – Қолыңда селебең тұрғанда, сесің қайтпайды! Боркемік пе едің?! Бабаң қанішер кержақты бауыздап, Қалжырға ағызып жібергенде... Сібірге алшаң басып кетіпті... Өкінбепті, жарықтық!.. Әкең селебені «тұмарым» деуші еді. Осы селебе белінде болмай, қапияда мерт болды... Көтер басты! Сен Балтабектің ұлысың! Анаң Аршагүлден ұл боп туғаның рас болса, енді селебені ұрлық-қорлыққа сілтемессің... Сесі қайтар! Аруақ атар!

Осы сөздер зілмен естілген сәтте Алаш өкіре жылап жіберді. Ішін тартып, тұншыға солықтап, қабанша қорс-қорс етті.

– Қорсылдама, Алаш! Солығыңды бас! Сенің әкең Өскеменде казак атаманының қайқы қылышын да осы селебемен қағып тастаған. Бетпе-бет кеп арыстанша айқаса кеткенде, жирен казактың кеңірдегінен алып тұрып, селебенің суық жүзін алқымына жаныған... Сонда жирен орыс жұрттың көзінше бұтына жіберіп қойған... Сенің қорсылдап отырысың мынау?! Тұр! Атқа қон! Селебеңді жауыңа жұмсамай,  қапияда бауырыңа жұмсап жүргенің жаныма батып отыр... Жетім қалып, жетілгенің осы болса... Қап, енеңді ұрайын! 

Тай еті топырақ татыды... 

Алаш орнынан оқыс атып тұрды. Сол бетінде бұлақ жаққа, самырсын арасына жүгіре жөнелді. Іштен тынғандар қозғала қоймады. 

* * *

Жылқы жануар текті ғой. Тектілігін тағы да танытты... Құз бауырынан қара үзіп шығысымен, мама биелер бас болып, Қабадан кешіп өтер қия сүрлеуге қарай бет түзеді. Жершіл жануар салқын таудың самалына кекілін таратып, тоқжарау күйде жатыр жарған жеріне жылыстай жөнелді.

Мұса бастаған жылқышылар да ілесе берді. Алаш жалғыз ерді... Үш ұры серігі қос басында үнсіз қалды.

Мезгіл – екінті еді...

Ере шыққан Алашқа Мұса елеусіз ғана ой жіберген. Әлгінде ғана қос басында жұрттан жырылып, самырсын арасында екеуара құрған әңгімеден түйін түйіп келеді: «Аудандық полиция бастығының орынбасары – шенді әкенің өгей тәрбиесі ғой. Қаныпезер қолымен баукеспелікке баулыпты... Жас қуатты қара қылыштай қайрапты. Ей, Алаш-ай!.. Өгей әке... өгей өмір көргені. Иенде иен-тегін тағдыр кешкені... Тағы тағдыр талайына жазғаны. Саған не дерсің? Қандай кінә қоярсың?! Ел ішінде көрген-түйгенің де, елсіз иенде білген-баққаның да осы болып тұр ғой... Ұрлық-қарлық пен қарақшылық-жыртқыштық... Жоқшылық... жоқ-жітіктік... Қайран Балтабек, ұрпағың Алаш осындай жолға түседі деп ойладың ба, сен?! Біз мұндай ұры-қары жолды күткен жоқ едік қой... Күтпеген дүние қай жағымыздан тап келгенін де білмейміз! Қай қылығымыздан сорлағанымыз да беймәлім! Қайта мұны көрмеген сен бақыттысың!.. Құсада қалған – біздер... артыңда жүргендер.»   

Қарақұс мүжіген қара айғырдың қу басы қоржынның сыңар басын толтырып келеді. Ол – Сұңқар мінген аттың беліне салмақ. Аттың бүйірін соғып тастамасын деп, артқы қастан ала қу басты қанжығамен жоғары тартып байлаған.

Аспан ашылған. Ат жауырындай ала бұлттар аунап барады. Бозбала Сұңқардың көңілі көтеріңкі. Әкесі ғана әлі суыққабақ. Одан шылбыр үзіспей қапталдасып Алаш келеді. 

Әлден бір уақытта:

– Мұса аға, – деді ол, – менің жетеме жететіндей етіп айттыңыз. Адасып-ақ жүріппін!.. Сізге қайта айналып соғам... шешемді ертіп... Өгей әкем бәріне де жауап береді, әлі!

– Жоқ! – деді Мұса қатқыл қайырып. – Сен оған жолама! Өз сазайын әлі-ақ тартады. Заң бар... Заң болмаса, құдай бар! Арамза өгейлігін істепті... селебе қып жұмсапты! Әкеңнің аруағын сыйласаң, өгей әкеңе енді жуыма!.. Балта о дүниеде саған разы болмайды!

– Кешір, аға! Мен сізді «Әке» десем, қарсы емессіз бе?

– Неге қарсы болайын?! Осы сәттен бастап ұлымсың. Досымның ұлы – менің ұлым... Мына Сұңқардың туған бауырысың!

– Рақмет, әке!.. Қалған өмірімді адал өткізуге ант етем! Қош болыңыз! Шыбын жаным тұрғанда барлық ұрлық-қарлық малды иелеріне қайтарам... Бірінші борышым болсын! Екінші борышым – шаңырақ көтеріп, әке сіздің алдыңыздан өту болсын! Қош, бауырым, Сұңқар! Аман-есен жолыққанша! Мына селебені жан бауырым саған тақтым, – деп, белдігінен босатып, Жайдарға ұстата берді. – Селебе серік болсын!

Алаш ат басын жалт бұрып, жөнеле бере кілт тоқтады.

– Әке, ай күзеткен топырақтан тысқары болсам, Сұңқарға жетіп жығылармын!.. – Қой көздері жасқа шыланып кетіпті. – Қош болыңыз!

– Қош бол, ұлым! – деді әкесі де жанарына жас үйіріліп. 

Сұңқар тіл қата алмай қалды. Алаш ағасы көртышқан томпайтып тастаған тышқанқорықтарды елеместен  шаба жөнелді. Соңында төр жайлаудың  түкті шымы ойылып, ойпаңда ат тұяғының дыбысы құмығып жатты.

Соңынан қарап тұрған Мұса бір сәт Балтабекпен жүрген жастық шағын еске алды. Ол бір дүние сынаптай бұзылып, теңіздей толқып тұрған кез еді. Абдыраған қазақ елін басынып, іштен шыққан шұбар жыландай әр жерден әркімдер бас көтеріп, келмеске кеткен қызыл империяның жоғын жоқтап, шиебөрідей шәуілдеп, ел арасы толқып тұрған тұс. Міне, сонда Балтабек сияқты жігіттер тау арасында азуын қайраған көкжалдардай, жалдары күдірейіп атып-атып шыққан. Қызыл түсті кілем бетінде ілулі тұрған, ата-бабадан қалған күміс балдақты селебені қызыл былғары қынымен белге байлаған.

Алдаспансыз уақытта селебе де сес екен…

Сондай азаматтан да көз жазып қалдық қой. Сақтай алмадық! Бұқтырманың балығын аулауға алдап алып шығып, мұз үстінде ту сыртынан сүймен сілтеп, жылымға батырып жіберді. Қайран ердің жан серігі – селебесі үйде ұмыт қалып, арманда кетіпті!.. Сол бір ауыр жылдарда полицияға тентектерді тию үшін, қауіп төнгенде казактар секілді сұғанақтың сесін басу үшін Балтабектер керек болды; кейін керексіз болды… Есеңгіреген ел ес жия бастағанда тізгінге ие болғандар жылымқұрттай жылмаңдап, кешегі атан жілік азаматтарды ықтырып, бұқтырып алуға көшті. Ертең азуын айға білер деген, артынан қарақұрым қара ертер деген күдікпен ақберен азаматтар жым-жылас жоғалтылды… Жұмбақ жағдайда желкелері қиылды. 

«Ей, дүние-ай! Селебелі күндер-ай!.. – деп күбірледі Мұса көмейіне өксік тығылып. – Қаның суымасын, Алаш! Қаның сұйылмасын, бауырым! Ата-бабаң дүмді еді… Аруақ табар сені!» 

– Жомарт! – деп, Мұса оқыс дауыс көтерді. – Күн батпай Қабадан өтейік… Жылқыны айдаңдар!

Жомарт ысқыра бишік үйіріп, шартылдата ауаны осқылай жөнелгенде, айғырсыз үйір аюдан үріккендей шұр ете қалды. Мұса да бейуақта босаған көңілін басқысы келгендей дауыстай әндетіп жіберді.

Аха-хау, Алтай! 

Салдым айқай,

Бай-бай, бай!..


Жан серігім – селебе, 

Ұқсатамын жебеге.

Намысыма тимеңдер

Қозып кетер делебе!..

Аха-хау, Алтай!

Бай-бай, бай!..


Жан серігім – селебе,

Берік едім сертіме.

Сен белімде жүргенде,

Дұшпан қарсы келе ме!?

Аха-хау, Алтай!. 

Бай-бай, бай!..

– Әке, – деді Сұңқар қатарласа беріп. – Кімнің әні?

– Балтабектің...

– Үйретесіз бе?

Мұса таңырқай қарады.

– Уақыты келгенде... Селебеңе ие бол!

 Желе-шоқытқан әкесі Қаба шатының құлама жылғасына қарай қиқулап, құлай берді.

 – Құру-құру!.. Құру!..

 Сұңқар да атына қамшы басты. Түнде ғана ақжауынға шомылған тұнық дүние жылқы жанарында жалтылдап, бозбала көңілін алып-ұштыра баурап әкетті. Белінде былғары қынды селебе санын соғып бара жатты. Еңкейіп қалған күн нұрына күміс балдағы шағылып, иенде майданға түсердей жарқ-жұрқ ете қалады.

Иесіз қалған қу медиенде қара айғырсыз қубас үйір сау желеді...


Қаңтар, 2019 жыл.

author

Асқар Алтай

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...