Марлен Ғилымхан. Менің ғұмырым - қардың ғұмыры...

ӘДЕБИЕТ
5841



Марлен Ғилымхан - 1998 жылы 4 наурызда Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келген. 2016 жылы өткен республикалық "Мен жастарға сенемін!" мүшәйрасының бас жүлдесінің сыйы – 1 жыл тегін оқу грантының негізінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 4 курс студенті. 2018 жылы тіл мерекесіне орай Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің "Құрмет грамотасымен" марапатталған.


Марлен Ғилымхан 
Құс жолы

Мылқау маңда маңғазданған Аспаным,
Алашапқын жолдарымдай аспалы.
Кезбе бұлттың кеудесінде бүрлеген
Ойды ұната бастадым!

Тұтқасында ашылмайтын есіктің,
Оқылмайтын жазу барын есіттім.
Бәсекеде бәлсінбеген бәзбіреу
Келте ғұмыр кешіпті.

Секпіліңе жұмбақ қонған сері Айым,
Күлімдеген кештеріңнен не қайыр?!
Жағалауға жетпей сынған қайығым,
Ескегіңнен не қайыр?!

Жан-жағымда жанайқайы жат елдің, 
Қаңқасына гүл өсірдім қатемнің.
Делқұлыдай айқыш-ұйқыш іздерге,
Күз жауынын әкелдім! 

Сақалы мен шапаны ұзын мүсіндей, 
Кербез күннің керуенінде кішірмей,
Қапияда құйын ұрған парақтай,
Қалтыраймын түсімде.

Секпіліңе жұмбақ қонған сері Айым,
Кеш сұралған кешірімнен не қайыр?!
Мәңгіге өлі тыныштықты құшатын
Есіміңнен не қайыр?!

Боз жаңбырды ақ жаңбырым жалмады,
Ауламдағы жапырақтар жаурады.
Құс жолында құстай ұшып жүр ме екен,
Ақындардың аруағы?!

Туннель

Сарғыш алаулар - көңілсіз демім,
жалқынға жалқын жалғана алмайды.
Көгілдір сәуле - өмір сүргенім,
Аспанның нұры - саулаған қайғы.

Сыңарымды іздеп жаңбырдың үні,
талыққан тамшы тасалай қалар.
Менің ғұмырым - қардың ғұмыры,
Қартамыс жерде аз аялдаған...

Тәнімдей тоңар өңімде Ай қашан,
Жапырақ миым - мызғыған мұра.
Өлімнен кейінгі Өмірді ойласам,
...өзің келесің көздің алдына.

...Жүздегі үмітте тұмса мұң бар сәл,
Көктемнің неге жолы үнсіз әлі?.
Қоңыр қораптың құрсағын жарса,
Өзіне өзі қолын созады.

Шұбалған жолға сананы ұшырам,
Жалғызым – жалған... жолығуға алшақ.
Жоғалған Жарық жанар ұшынан,
Ораласың ба орыныңды аңсап?!

Толқыған күйі - теріс те бөтен,
Бар маңызға ие түндер үшін не?..
...Жұмақта жүрген Періште ме екен,
Талықсып кеткен Туннель ішінде?!

Архетип 

Қар астында көкшілденер сезігім,
есім қалқып ауада,
бу секілді бұрқырайды санада
қызғылт сары қауырсын.
Сен шалғайдан
естілген
жүрегіңнің дүрсілінен ауырсың!
Сұр бөлмеңде көлбеңдеген Елестер –
өлгендердің түсіндегі бейнесі,
бұлдыр шақта бұйыққаның емес пе ол?!
Шыңырауға сүңгіп бара жатырмын...
Мұздай тұнық болашағым ішінде,
түссіз кейпім үшін де
сүйіп тұрдым өткенімнің өңінен.
Қолдарыңды сипап едім...
сезбедің...
Жеткенімді жеткізе алмай желпіндім,
тастап кеткен тәнімдегі еркімнің
боз еңсесі бұртиды,
енді қайтіп жанарыңа шалынам?!
Жалған шүбәм – 
жазылмайтын сырқатым,
жаңа өмірден шаршаған да шығармын,
бар өмірді құртатын?!
Түс ауғанда түсінісер Түс-жолым,
cәтке сыйған ғүмырымдай күшті едің?!
Тарғыл түнде тұманытқан тылсым сол,
дидарыңнан ойыңды оқып отырмын,
терезеңнен қалай көрмей тұрсың сен?!
...Табан тиген тас сөзіне иланып,
тәтті уілге елтідің,
Жел - әуенің ең әуезді әуені,
Айдынданған көзіңнен 
бір тамшы жас қимадың,
...Көгершіннің не жазығы бар еді?!

Цифербург

Елегізумен еңсем өсірген тебіренуім,
Бұлыңғырдан бу ұшқан.
Бөгде күйде өнген қылық етіне Қырғи -
Еңірелі кім,
былдыр да бұлдыр дыбыстар...

Сылдыр қасиетінде қалқып жапырақ қанар,
Өртенген аспаптағы жасын үн.
Бұрқылынан бүтін әлпеттер қақырап қалар
бейнеден нота тасыдым

сырқырауға бейім сүйекке қатқан,
олжа сүйреген аңшыдай.
Ұйыған жанымның жасы иектен аққан,
инелік өңді тамшыдай...

Үркіген қиял үстінде қара ағаш қаңсып,
Көңіл терезесін ұрды ол да...
Бұғыша қарғыған буы араласқан су,
гүлді көтеріп тұрғанда,

пейілге пернелердегі аңсар аударар
майшамнан аққан қоймалжың.
Соршыл шылымдарын өртеп шаршаған қала
Шіңкілге құштар ойлардың!

Солғын қауыздың бойында базына балқып,
Жанарға жапты түн Айды.
...Балы сорыққан күннің сазына малтып,
Солықтаған жаным мұңайды...

Маталған бастардан безген топырағына
тамыр байлайды маң қилы.
Ол
сананың сары кеудесінде оқылады да,
Жүрек ішінде қалғиды...




Алагеуім
                                        Ауада – жердің иісі
                                                      (Эльза Ульмер)

Сергек көңілмен ояндым... ұйқым да қанды.
Ішіндегісін ішкенмін көктегі ожаудың, 
Сондағы әсер ме бөлеген сиқырға маңды?
Парақтан көрдім шұбалған шимайын түннің, 
ЖаҺандағы ойлы жалғыздай қол тигіздім бе?
...Неліктен ғажап кездерді өртейміз Күнге?!
Омақаласа жазуды оқып алдым да,
Сәттерді ақтардым қиялмен қоқыған қырда.
Жабығу дендеп дауысты күйреп ішкенге,
"Тәңір күбірін" тыңдаймын күйзелістен де.
Шаршаған сана тылсымға боялуды айтып,
Шақтардың "шаңына" илігіп пәк сезімдерім, 
Тәнін аймалап бағымның қалжырап қалдым,
Түн кешкен ессіздігімді жоямын қайтып?!
Зор санап әлін тұр біреу күштіге күліп,
Түтін билеп жүр сәуленің үстіне мініп.
Бірге билейік...
болмаған әлемімде ешкім,
Мүмкін, сіміріп алқызыл таңның бейнесін
жанымның бұрын естіген әуенін кештім?!
Салбырап басы арық тал тыңдап тұр оны...
Осылай келіп кете ме ақынға бақыт,
Бұл үнді тыңдап алдым ба жатырда жатып?!
...Неге өмір төге береді жарығын бойға,
Менің шынайы күрсінген дәуірім қайда?!.

Иллюзия

Ол отыр ма жарық көзін жұмғызбай,
Түн біреуді тәтті ұйқыдан тұрғызбай.
Ұстай қалсам сұлу Күннің белінен,
Ту сыртымнан қадалады күндізгі Ай.

Куәгерім - ауа да үнсіз қаңғымақ,
Жұлдыз біткен оянған ба қалғып ап?!
Шуақ барда елесін де еске алмай,
Тұрам сосын басым төмен салбырап.

Қанаттардың сусылында қалықтап,
Менен ұшып бара ма өзі жан ықтап?!
..."Кең" теңізді сүңгіп өтіп дем алмай,
Тамшы ұшында дірілдеймін талып қап.

Қалжырайды тінтіп інін тар ойдың,
Таныта алмай кеңістікке сана айбын.
Тілеуіне тілім иіп тәнімнің,
Жүрегіме сүмірейіп қараймын.

Кенет көңіл жанарына жас алды,
Ғайыпқа ертті өлеңі де масаңды.
Кеуде ішінен ес жаңыла кеуде аңсап,
Аспан әні айтылады қашанғы?!

Ту сыртымда Ай тұрады қашанғы?!
author

Марлен Ғилымхан

АУДАРМАШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...