Жолтай Жұмат-Әлмашұлы. Қыранның қанды ғұмыры (Бүгінгі әфсана)

ӘДЕБИЕТ
4778



(Бүгінгі әфсана)



Санадағы арпалыс

(Ойжелі)


Ауылдың қоңыр кеші. Қою қараңғылық енді-енді үйіріліп, айнала қаусырмаланып келе жатқан шақ. Төңірек тып-тыныш. Әлгінде шудаланып көтерілген қою шаң қараңғылыққа сіңіп, бірсін-бірсін жоғалып барады. Әлдекімдердің екеуара күбірлескен әлсіз даусы еміс-еміс естіліп қалады. Сұрақ пен жауап, жауап пен сұрақ...

– Асау ақын қайда?

– Көрмедік.

– Момын философ қайда?

– Көрмедік.

– Ау, әлгі Қайғы шалды көргендерің бар ма?

– Оны да көрмедік.

– Е-е, олар ақыры алыс жолға аттанып кеткен болды ғой...

– Алыс жол қайда бастаушы еді?

– Тауға.

– Тауда не істемек?

– Тауға барғым келеді де тұрады. Тауға барсам, ескі кез көз алдымда дөңгеленеді дейтін.

– Ескі заманнан не іздейді екен ол шал?

– Ол енді ұзақ әңгіме. Қайғы шал түсінде тауды көргіш. Тау асып бара жатқан түйелі көшті айта беретін. «Қазақтың қасиеті сол түйелі көшпен бірге тау асып кетпесе жарар еді» деп отыратын.

– Ойпыр-ай, ә! Айтқан-ақ екен! Ащы сөз ғой мынасы...

Тып-тыныш ауыл түні. Көкте жұлдыздар жамырады. Әне, қияқтанып ай да туып келе жатыр...


* * *

Осы ауылға қала сәнімен киінген екі жігіт пайда болғалы әлденеше күн. Екеуі қатар. Құрдас десе де жарасып тұр. Айтпақшы... сәл кейінірек екеу емес, үшеу болды. Тағы бір кісі – қыран қабақ, қияқ мұрт, имек мұрын. Ешкімі жоқ, ешкімді қажет етпейтін, өзімен-өзі өмір сүріп жатқан тымырсық шал еді, екі жігітпен оп-оңай тіл табысып алған сыңайлы. Жо-жоқ, бұл асылы, білмей айтылған бөстекі сөз. Тірлікте жалғыз болғанымен, жан сарайындағы буырқанған ой-сезімге сізді сүңгітіп жіберсе, бар дүниені бір сәтке мүлде ұмытып, жанына айналшықтап, кете алмай кібіртіктей беруіңіз де кәдік. Өйткені, ол...

Ойпырмай, әңгіме қай жаққа қарай бұрылды? Өзі, ащы да болса ашығын айтайықшы, осы күні жөні түзу әңгіме айтудан да қалып бара жатырмыз-ау, сірә! Сөзді елге ғайыптан келе қалған, қала сәнімен киінген екі жігіттен бастамап па ек. Оларды бір шетке ысырып салып, Қайғы шалға ауысып кеткеніміз қалай?

Екі жігіттің бірі – Асау ақын да, ал екіншісі – Момын философ. Ең қызығы, олар сырт көзге дос сияқты болып көрінгенімен, бір-бірін бірде түсініп, бірде түсіне бермейді. Аяқ астынан дау-дамай туғызып, айқайға басып, айтыса кететін кездері көп. Дарақы дау емес бірақ!

Салалы сөз сайысына кіріп кеткенде, басқалар түкке түсіне алмай, желке қасиды. Неге дейсіз бе? Онда өзіңіз тыңдап көріңіз.

Олардың ойлары бірінен-бірі асып, лықсып төгіліп, төгіле жайылып жататын еді.


* * *

Сөзбен басталған соқталы текетірес кісіні әрі ойландырады, әрі жүйкелетеді.

Екі күннің бірінде екеуі сөз жарысын бастап жібереді. Жайбарақат басталып, аяғы зіл батпан ауырға жетелейді. Момын философ: «ақынсың ғой, сөзді сен баста». Асау ақын: «...Ауылдың кемеңгер қариялары кесек әңгімеге кірісер алдында әр қиырдан ой бастап, әр саладан сөз қозғап барып, содан кейін арналы әңгімеге жол салатын. Әу дегеннен кезінде өзіміз қадірін білмеген сол әуен, сол сара дәстүр еске түседі. Ендеше, өз шамамызға шақтап, сол сара жол соқпағымен сөз өрбітелік.» Кішкене мүдіре түсіп, енді басқа бір арнаға ауысып кетеді. Сол Асау ақын: «Сіз бен біз, уа қаламдасым, мына өмірді түп-түгел, сол қалпында мөлдіретіп, қағазға түсіруге болады деп қаншама жыл әуре-сарсаңға түстік. Бос әурешілік екенін әлі түсінбей келеміз бе? Кісінің сара жолы деген не? Қара сөзге айналдырып, қағазға түсіруге бола ма? Жоқ. Оны қалай сипаттаймыз? Тағы да жоқ! Сара жолдың, әсілі, сипаты жоқ. Сипатталған жол – сара емес. Осыған көнуіміз керек!»

«Сара жол деген бола ма өзі!» дейді Момын философ. 

«Неге болмасын! Артына сара жол қалдырған саңлақ адамдар аз ба өмірде! Бірақ, біз оларды көзі тірісінде қадірлей алған емеспіз, қадірлемейміз де!» (Асау ақынның сөзі)

«Оған несіне таңданасың! Пенде ешқашан қатар жүргеннің қасиетін білуге ұмтылған емес. Атам заманнан бері солай.» (Философтың айтқаны)

Момын философ тағы да айтады: «Кісіден кісі артық па? Осылай деуіміздің өзі артық. Табиғат заңы бұны көтермейді. Ең қиыны – қадірліні мақтап-мадақтап, ел көзінше көтермелесең, адамдар арасында бәсеке басталады. Пейіл бүлінеді. Ниет ылайланады.»

Сөз аяғын былайша түйіндейді: «...Дүниеде бір заттан бір зат артық па? Асыл деген не, жасық деген не? Тіпті соның ара-жігін ашуға неге ұмтыламыз? Асылды бұлдасаң, адамдар соған қызығады, қайтсем қолға түсірем деп талпынады. Демек, өзінде жоқты ұрлайды. Соған жол салады. Кісі пейілі – сондай. Қай кезде де сондай...» 

«Барлық уақытта емес» деп қарсы сөз айтады Асау ақын. «Елдің бәріне қиянат жасап, қиып салуға болмайды.»


* * *

Асау ақын: «...Көп сөйлей білгенді һәм сөзден сөз балалатып әкете беретіндерді – шешен дейді. Барлық уақытта ма? Кейде қысқа сөйлегендер қадірлі болып, солардың сәйгүлігі бәйгеден озып келіп жататыны да бар. Мылжың әңгіме қажытады. Миыңды атала қып жібереді. Қысқалық – түптеп келгенде, өзіңді де, өзгені де құрметтеу,» – деп, бір тоқтайды. Сосын тағы да ой өрбітеді: «Көсемдер – ел аузында аты шығып жүрген адамдар ма? Әй, қайдам!.. Аты көп аталған көсем – кезеңдік, тез ұмытылады. Көптің аузына көп түскен кісі көсем боп көп тұра ала ма? Кемел көсемді ел аз біледі. Уақыт өте келе, ғасырдан ғасыр алмасқан кезде айтылады. Шың, биік, алып екені білінеді.» 

Момын философ Асау ақынды үнсіз тыңдайды. «Ал, мен былай ойлаймын» деп сөз таластыра, ой жарыстыра түскісі келеді де, артынан тоқтайды. «Сөз бен ой таласында ешқашан жеңімпаз болған емес. Өйткені жеңілгісі келетіндер-таласпайды». (Философтың ойы)

Сосын үнсіз отыра береді. Асау ақын да қарсы дау айтылмаған соң, мүдіре түседі.

Бірақ Момын философ өз ойымен әуре. 

«Дүнием көп болса ғой» деп армандау қай жұмыр басты пендеге де әдетке айналған. Дүние – бақыт па? Ешкім ешқашан олай демеген. Қайта, қолыңа түскен асыл мүлік кісіге көз ілдірмейді. Тынышыңды алады. Дегбіріңді кетіреді. Дүние – рахат емес, азап.» (Философтың ойы)

Айтқысы кеп кетеді, бірақ айтпайды. Өз ойын іштей ілгектеп-жалғай түседі.


* * *

Момын философ: «Шындықты айқайлап айтамын, ашына, ақыра айтамын деушілер өте көп. Олай етпесем, сөзім де, ойым да ел жүрегіне жетпей қалады дейді. Сөйтіп, даңғаза шу шығарады. Өмірді алай-дүлей етеді. Ал, бірлік ше? Оны кім ойлайды? Бірлікті сақтау үшін ең алдымен көну керек. Тағы көну керек! Сосын тағы да көну керек!.. Бәріне де...»

Асау ақын қасындағы серігінің жан сарайындағы аласапыран сезімді іштей сезінеді. Ішкі ой сезімінің тайталасы басталады.


* * *

«Адамдар неге айтысады? Неге бір-бірімен тайталасады? Оның негізі – неде? Асылы, соның бәрі де бәсекеден. Тайталаспасаң – бәсеке жоқ. Тайталас – түптің түбінде жақсылыққа бастайтын жол емес.» (Асау ақын)



* * *

«Көп кісі «мен данамын» деп өзін-өзі әйгілеуді тәуір көреді. Өзі туралы көп айтылса екен дейді. Өзгені аузына ала бермейді, алғысы да келмейді. Ал, шын дана кім? Басқаны бағалап, өзгені танитындар – даналар. Олар өз бойын өзі жасырын ұстайды.» (Момын философ)


* * *

«Бай адам кім? Дүние-мүлкі көп пе, жоқ білімі көп пе? Шындығы – оның екеуі де емес. Асылы, ең үлкен байлық – ол тәубе ете білу. Тойымсыздық – қасірет. Шүкіршілік еткендер – бай.» (Асау ақын)


* * *

Момын философ: «Қаттыдан да мықты, мығым болады деседі. Ол не? Ол– жұмсақ. Ең жұмсақ түптің түбінде қаттыны жібітеді. Қаттылар – түптің түбінде қажиды. Жұмсақтың жолы – жайлы жол.» 


* * *

Асау ақын: « Көпті бәрі де көреді. Топты әркім-ақ ауызға алады. Ал, ең ізгі сезім – ол көрінбегенді көру. Азды көру – көрегендік. Азды бағалау – ізгілік.»


* * *

Момын философ: «Мына жарық әлемде үнемі биікке, жоғарыға ұмтылу – ақылдылық па? Ақылдың көзі неде? Асылы, шын даналар биікке ұмтылмайды. Биікке құмарту – өзіңді төмендету. Өзіңді қорлау. Өзің тұрған, өзің шыққан биігіңді бағалай білмеу!»


* * *

Асау ақын: «Мына жарық жалғанда, басшы болу оңай деседі. Айтқаныңды кім болса да тыңдайды, қайтсе де орындайды дейді. Айтылмай жүрген бір шындық – аса қабілетті адамдарды басқару қиын. Өте қиын. Сосын да басшы мен қабілеттілер арасында қабыспайтын қиындық болады, сосын да қабілеттілер қиналып өмір кешеді.»


* * *

Асау ақын тағы да айтады: «Жігітті тірлікте батыр етіп жіберетін құдірет не? Соның құпиясын осы күнге дейін дәл айта алдық па! Біздіңше, махаббаттан батылдық туады. Сүю – батырлыққа бастайтын негізгі баспалдақ.»


* * *

Момын философ былай дейді: «Біліп айтсаң – сын жоқ. Ал, білмей тұрып та, білетін болып сөйлеу ше? Ондайлар бар ғой. Білмей білем деу – дерт. Өзі үшін емес, қоғам үшін дерт.»


* * *

Момын философ тағы да айтады: «Ақиқат қашанда ащы, оны айта білу одан да ауыр. Соны біле тұра, көлгірсіп, өтірік мақтау айтуға әуестік ше? Шын сөз сұлу емес, ал сұлу сөз ақиқат емес.»


* * *

Асау ақын: «Жер бетіндегі жұмыр басты пенделердің бәрі де бірдей. Оларды алалау-ақылсыздық. Ал, ең жаманы – біреуге бас ұру. Пендеге табыну – қорлық. Өзіңді – өзің қорлау...»


* * *

Момын философ: «Мына өмірде «мен өлемін» деп қорқытатындар көбейді. Бұл – сұмдық! Ақылсыз сұмдық! Өлгендер өлмейді. Шын өлу – өмір сүріп жүрген шақта да бола береді.»


* * *

Бірінің ойын бірі үнсіз жалғап әкетіп отырады. Бір сәтте жалт ете түсіп, аяқ астынан нілдей бұзылып сала береді. Әуен күрт өзгереді. Кәдуілгі айтыс басталып кетеді. 

Асау ақын шарт мінез байқатып: 

– Сенің ойларың шым-шытырық! Пікір қайшылығы көп, – деп, Момын философқа тап береді.

Момын философ айтады:

– Қайшылықтан қашпау керек. Түптеп келгенде, шындыққа бастап баратын ең сара жол-қайшылық. Қайшылықсыз даму жоқ.

– Жоқ, – деп қасарысады Асау ақын. – Қайшылық барлық уақытта қоғамның қозғаушы күші емес. Кейде дамуды тежеуі де ықтимал.

– Философия тілінде «терістеуді терістеу» деген бар. Оны оқымаған екенсің, – деп, Момын философ Асау ақынды тоқтатпақ болады. Тоқтайтын ақын ба!

– Сен кітап оқып, құрғақ теориямен қалыптасқан ойшылсың. Ал, мен болсам, сол ойдың бәрін де өмірдің өзінен үйренгем. Үйрене де берем.

– Өмір философия! – дейді Момын философ. – Оған дау жоқ. Алайда оны жүйелеу, ретке келтіру де қажет. Оған кісінің бәрінің ақылы жете бере ме?

– Даланың даналары ше! Оларды қайда қоясың! Тіпті алысқа бармай-ақ, мына Қайғы шалды алайық. Осы шалдың өзі-ақ...

– О-о, бұл басқа әңгіме! Қайғы шал тақырыбын бүгін сөзілгек етпей тұра тұралық.

Сөз таласы, ой тайталасы осылайша жалғаса береді, жалғаса береді...

Ал, Қайғы шал сөзге сараң. Аз сөйлеп, көп тыңдайды. Қашан көрсең де тыныштық тілеп, табиғаттан тың-тыңдайды. Желдің уілін, бұлақтың сылдырын, ағаштың ызыңын, жапырақтың сыбдырын...

Бір мезет басын әнтек көтеріп, аспанға қарайды. Сағымдар арасынан әлдебір аңсарын іздейді. «Қайда?.. Қырандар қайда жоғалып кеткен?!» – деп күбірлейді ара-тұра. (Қыранды қайтеді екен, а?)

Көкте қалықтап жүретін кереге қанат қырандар бүгін шынымен-ақ көрінбей қойды. Жым-жылас жоғалып кетіпті... 


* *  *

– Қаратаудың мұзарт шыңы – Көктауға бару Қайғы шалдың арманы еді, ақыры дегеніне басып, жолды бастап кеткен екен ғой...

– Солай дейді. Олар жолға шыққалы да бірнеше күн болыпты.

– Ал, хабар-ошар әлі жоқ па сонда?

– Хабар қайдан болсын! Кімге хабарласады?.. Қалай хабарласады!..

– Е-е, ол жағын ойлап жатқан тірі пенде бар ма! Тау арасында жерге түсіп кеткен инені іздегенмен бірдей екен-ау бұл өзі!..

– Дәл айттың! Осы күні талай пенделер жоққа малданып, құла түзден ине іздеп, бар ғұмырын босқа өткізіп жүрген жоқ па! Бар ғой. Бар ондайлар... 



Бірінші сала


Қайғы шал


Күш қуаты еттен өтеді,

Сөз қуаты сүйектен өтеді.

Халық даналығы

1


Тау, тау! Тағы да тау! Сосын тағы да тау. Содан кейін тағы да...

Ғұмыр бойы осы арада өмір сүрсең, жер бетін түгел тау қаптаған, тегіс жер жоқ деп ойлауың кәдік. Тау иірімін тағы бір тау жалғайды. Тау кезеңін тағы бір тау іліп әкетіп жатады. Тіпті әрбірден соң сен таудан тауға өрмелеп емес, тау саған қарай көшіп келе жатқандай. Сен тоқтап тұрғандайсың. Ал, тау... саған төніп келіп, сосын жалт беріп, жанап өтіп кететіндей. Әрбірден соң тау екеш тау да көзіңді шаршатып, жүйкеңді жұқарта түсердей. Өркеш-өркеш шыңға, биікке деген сағыныш та бір сәтте басылады. Иә, сағыныш мәңгілік емес. Аңсау да уақытша. Күту де солай. Сүю де...

Ертеден бері өрмелеп, бір биіктен екінші биікке ышқына көтеріліп, шаршау мен қалжыраудың сәл-ақ алдында келе жатқан үш жолаушының бірі – Асау ақын «уһ» деп күрсінді. Осымен үшінші рет... Жас басымен күрсіне бергеніне алда келе жатқан Қайғы шал жақтырмай, қабақ түйе, қатулана қараған. Момын Философ ештеңені елең қылмаған. Ол да шаршаған. Сөйтсе де өз ойымен өзі әуре. Әлгінде күрсінгенде де осылай оқты көзімен ата қарап еді, қазір тағы да... Алдында да сөйткен.

Ақын енді шыдай алмады. Іштегі қайнаған судай бұрқ-сарқ еткен бұрқылдақ ойды айтпасына шарасы қалмады.

– Сен шал... – деп, тез айта алмай, мүдіріп қалды да, «айтсам ба екен, жоқ айтпасам ба екен» дегендей, философ досына қарап дамылдай қалған.

– Ал, айт! Шалға не демек ең? – Қайғы шал да тоқтап, бұған енді біржола бар денесімен бұрыла қарады.

– Сен шал маған ұнамай келесің!

– Е, неге? Қай жерім ұнамайды?

– Бәрі!

– Сонда-а..

– Жүрісің де, кісіге қараған қабағың да... 

– Жүріс – жаратушыдан, – деді Қайғы шал. – Қалай жаратылсаң, солай жүресің. Айталық, жылқы да солай. Жорғасы болады, текірегі болады дегендей.

– Ол солай екен, ал қабағың... Қабағың неге қату?

– Қабақтың қатуы – қасыңдағы серігіңе байланысты. Жақсымен жүрсең – жадырайсың.

Жатып келіп ашуланды, жатып келіп тулады. (Ақын ғой)

– Жаман адам мен бе! Мен біле-білсең, жай адам емеспін. Мен, мен...

– Білем. Ақынсың.

– Ақынды қалай жаман дейсің?

– Ақын болғанның бәрі данышпан емес. Ақын еместің бәрі ақымақ емес.

– Бұл – сөз ойнату!.. Сөз бұлталаңы!.. Өйтіп мен де айта алам...

Осы кезде Момын философ сөзге қосарланды.

– Байқаймын, біздің шал... шын философ. Сөздері қандай! Шетінен тұнып тұрған философия!

– Қоя ғой, – деп, Асау ақын шарт кетті. – Әуелде солай ойлағам! Шын философ – мұндай болмайды. Философия тіні – білімде.

Момын Философ айтты:

– Білімділердің бәрі философ бола алмайды. Білу – басқа. Ойлау басқа. Ал, ойды тереңнен қозғау – ол тіпті бөлек дүние...

– Ой тұңғиығы – ақындарда, – деді Асау ақын. – Әр өлеңнің астарында өмірлік, фәнилік терең сыр жатады...

Оның сөзін философ бөліп, өзінше сөз сабақтады.

– Ақын – сезімнің құлы. Өлең – сезімге, көңіл-күйге бағынады.

– Сенің ойыңша, терең ой сезімнен бөлек нәрсе ме? – деп Асау ақын қызарақтады. – Ойды өрнектейтін, әрлейтін – сәулелі сезім, түйсік.

– Нағыз философия – салқын қанды. Әшейін сөз секілді, ал астарында тереңге бастайтын тұңғиық ой жатады! (Философтың сөзі)

Асау ақын кілт тоқтады. Момын философ оған жалт қарады.

– Неге тоқтадың?..

– Ары қарай жүргім келмейді. Қайда бара жатырмыз?..

– Қайда барамыз деуіңе жол болсын! – деді Момын философ. – Осы сапарға бастаушы өзіңсің! Қаратаудың ең бір биік заңғары – Көктауға көтерілеміз дедің. «Бала күннен арманым сол еді». Сосын... жол-жөнекей аңызға айналған үңгір – «Қатынқамалды» көрейік дегенсің...

Ақын есінеп алды.

– Енді... сол ойымнан айныдым. Тау жолы мұншама мехнатты болар деп ойламаппын. Қалжырай бастадым...

Екеуінің сөзін Қайғы шал бөлді.

– Жол ауыр емес, асылы сен екеуіңнің туған жерге деген махаббаттарың кемшін, – деді шал. – Әйтпесе, шын сағынып келген адам шаршамас болар...

– Туған жерді басқалар менше сағынып алсын! – деді Асау ақын. – Екі жырымның біреуі – туған топырақтың қадір-қасиетіне арналған.

– Елді тек өлеңмен жақсы көру жеткіліксіз, – деді Қайғы шал. – Елді өлердей аңсау керек. Аңсармен ауырмаған адамның жақсы көруі де жалған...

– Ендеше, мен сондай күйдемін! Мен – аурумын! – Асау ақын айқайға басты. – Туған жермен сырқаттанған жанмын-н...

– Әй, қайдам!.. Сене алмаймын осыныңа... – Момын философ оны мазақ етіп тұр.

Тағы да Қайғы шал еріксіз өзіне қаратты.

– Әне, анау бұлдырап көрінген Көктау! – деп, дауыстап жіберген. – Шіркін, Көктаудан асқан философ бар ма әлемде!..

Сөздерін доғара қойып, шал нұсқаған жаққа жалт-жалт қарасты... Қаратаудың бір бөлек заңғарындай боп аспанға атыла ұмтылған Көктау бірнеңе деп күбірлеп тұрғандай.

Көктаудың қабағы қатулы екен.



2


– Тау үндемейді! Сосын да көп біледі, – деді Қайғы шал. – Ал, көп сөйлейтіндер білмейді.

– Жоқ, білген адамдар ғана сөйлейді. Білмесе – несін айтады, – деп Ақын тағы да қиялады. – Ғұламалар айтпаса, сөйлемесе, оны кім айтады.

Ақсақал әлдеқайда, алысқа қарап тұр.

– Мықтыларды ешкім танымайды, ал танылғандар – мықты емес...

Ақын түсінген жоқ. Ашуы келді. Осы шал, шамасы, қияли! Қисық сөйлейді. Философқа қарады. Бұл да қызық. Шал не айтса, соны дереу жазып алып жатады. Дауласу орнына, бас шұлғуы көп. Сонда кімге?.. Ауылдың әйтеуір бір шалына... Оқымаған! Білімсіз! Сауатсыз! Ал, оның қасында бұл екеуі – жоғары білімді. Тіпті бірі – ғылым кандидаты, бірі – ақын... Бүкіл қазақ жұртына қиналғанда жол сілтеп жібере аламыз дейтін...

– Ой, шал, сен өзің аузыңа келгенді айта береді екенсің – деді Ақын. – Ауырды жер біледі, мықтыны ел біледі... Осы сөзді мен айтқам жоқ, бұрынғы ғұламалар...

– Біледі, бірақ үндемейді, – деді Қайғы шал.

– Бір ақынды білемін. Өте тапқыр. Тауып айтады... Өзі өте мықты ақын... Сол ақын бір өлеңінде... – Асау ақын сөзін аяқтай алмады. Қайғы шал оны бөлді. 

– Пендеге табыну – қорлық! (Ақсақал сөзі)

Тау үнсіз. Жоталар ұйқыда. Аңғарлар есінейді.

– Таулар мүлгіп жатыр екен, – дейді Ақын. – Дәу піл секілді...

– Жоқ! – деді Ақсақал. – Тірі сөз емес. Тау ұйықтамайды. Тау бәрін де көріп-сезіп жатады.

– Онда... – деді Ақын. – ...Онда, бұл тау әбден қалжырап, шаршап, есінеп жатыр дейін.

– Тау шаршамайды, – деді Ақсақал. – Тау қажиды. Оны қажытатын – пенделер...

Ақын жерден жеті қоян тапқандай кенет айқайлап сөйледі.

– Бұныңа қосыла алмаймын, – деді. – Тау неге пенделерден қажиды? Мұнда пенделердің табаны оқта-текте ғана тиеді. Айында, тіпті жылында бір-ақ рет... Оны қажытатын – аң-құс. Тау тағылары. Тау арқарлары. Солардың тұяғы...

Ақсақал келіспеді. Ақынға қарап:

– Тау арқарды еркелетеді, – деді. – Арқар – тау перзенті. Аң-құс та солай. Тауға жат жаратылыс – ол біз. Біздің түсіміз де, ісіміз де бөгде. Суық. Бөтен. Өгей ұлдай.

– Еһе! – деп күлді Ақын. – Өз ұлы аң-құс, арқарлар ма? Солар таудың қадіріне жете ала ма әуелі...

– Биік шыңдар есіркегенді ұнатпайды. Биік таулар биікпін демейді.

– Туһ! – деп күйініп кетті Асау ақын. – Сізге дауа жоқ екен! Туһ!..

Қайғы шал көкке қарады. Көкте бір қыран қалықтап ұшып жүр.

– Әне, ана қыранды көрдің бе? – деді Асау ақынға. – Көріп тұрсың ба оны?..

– Көріп тұрмыз, ал... Көрдік, ал...

– Жоқ, сен көрсең де көңіл болып тұрған жоқсың. Мына таудың киесі – сол қыран. Оған сан мәрте өзім куә болдым...

Бұлардың жанына Момын философ жетіп келді.

– Қызық екен. Қызық әңгіме басталғалы тұр, – деді Момын философ.

– Сен-ақ тыңдай ғой, – деп Асау ақын ілгері оза берген.

Шал әңгіме бастады.

– Баяғыда, – деді ол. – Бала күнімізде осы тау арасына көп келетінбіз. Біз үш ағайынды едік. Жорға аға, Мұрт аға және мен. Бір жолы осы таудың бір жартасынан бүркіттің ұясын көрдік. Жорға ағам өте мықты, мығым, жүректі. «Бүркіттің ұясында балапаны бар, мен соны алып келемін». Тауға өрмелеп берді. Біз төменде қалдық. Ұзақ өрмелеп, әзер деп, ұяға жақындағанда бір қыран ұшып жетті. Жорғаға шүйлігіп келіп, қайта ұшады, шүйлігіп барып, қайта қайқаң етеді. Айқайға бастық. «Түс, кері қайт». Бізді тыңдар ма! Ақыры ұяға тақап, қол соза бергенде қыран түйіліп келіп, қанатымен қағып өтті. Жорғаның жан даусы шықты. Жерге қарай құлдилап, құлап бара жатқанын көрдік. Сосын зым-зия жоғалды...

– Сосын не болды? – деп ынтыға түсті Момын философ.

– Біз үйге қарай жүгірдік. Жылдам хабар жеткізгенбіз. Үлкендер тау арасын екі күн тінтіп, Жорғаның денесін таба алмады...

Түнеріп отырып қалды. Көз алдынан өткен күндер елестеп өтіп жатыр... 


* * *

...Көш келе жатыр екен дейді. Көш алдында тайпалған жорға мінген екеу. Олар-жол бастаушы жігіттер. Іркес-тіркес шұбатыла созылған түйелі көш. Бір түйенің үстінде үлкен кебеже. Кебеже ішінде екі-үш сәби. Сәбидің жанында ақ жаулықты кейуана. Кейуана кішкене балаларға әлде ертегі, әлде аңыз, әлде өмір хикаясы – бірнеңені баян етуде. Балалар сілекейі шұбыра үнсіз тыңдайды. Аспан шайдай ашық. Табиғат мүлги қалған. Тіпті торғай екеш торғайлар да осы сәт шырылын доғара қойып, кейуананың қызық әңгімесіне құлақ төсегендей.

Бұл – бір түйенің үстіндегі көрініс.

Соңғы жағында осындай қос-қос, лек-лек түйелер маң-маң басады. Үстінде әлде кейуана, әлде келін-бала ұстаған әйелдер тобы. Кеу-кеу әңгіме айтады. Ара-тұра күлісіп-күлісіп те алады.

Әріректе бір-бір тай мінген өңкей бозбала. Бір-бірін қуысып, әзіл-қалжың айтып, дуылдаса күліп, көш қызығын одан бетер толтыра түскен.

Көш қыр асып бара жатыр...

Бұл – Қайғы шалдың түсі. Екі күннің бірінде көретін таныс түс. Таныс көш. Таныс адамдар. Тек... ол күндер баяғыда өтіп кеткен. Баяғыда-а...

Бала кездің елесі, сірә, барлық уақытта есіңнен кетпей, бұлдырап тұрып алар. Әсіресе, түсіңде оның әрбір суретін дәл көріп, тап сол қалпында көз алдыңа әкелесің. Бұл не деген құдірет! 

Баяғыда... әлде төрт жасар, әлде бес жасар, кезі, тау етегінде отырған ақбоз үйлі ауыл дүр көтеріліп, көшіп ала жөнелді. Үлкендердің қабағы қатулы. Күлгендерге ала көзімен ата қарап, «өзіңде ес жоқ екен» дегендей жанарымен жасқап тастайды.

Ақбоз түйенің үстіндегі үлкен кебежеде әжесінің қасында отыр еді, еркелей тіл қатып:

– Біз қайда бара жатырмыз? – деп сұраған. Әжесі үндемеді. Ьұл тағы да сұрады. Үн қатқан жоқ. Сосын үшінші рет:

– Жол алыс па? Ішім пысып кетті, – деп қыңқылдаған. 

Әжесі айтты:

– Балам, енді шыдауға тура келеді, біз ұзақ-қ жолға шықтық.

– Қайда? Қашан жетеміз?..

– Оны айта алмаймын, құлыным!..

Зеңгір көкте бір қыран саңқ-саңқ етіп, дауыс шығарды. Бала аспанға қарады.

– Әже, – деді бала. – Әже деймін.

– Әу, қарағым?

– Ана аспандағы құсты қарашы! Қатарласып ұшып келе жатыр. Ол неге бізден қалғысы келмейді?

– Ол да туған жердің құсы ғой, құлыным! Бізді қия алмай келе жатқаны шығар. Ең болмаса біраз жерге дейін шығарып салғысы келгені ғой. (Әжесінің сөзі)

Басынан сипады. Онысы «ұйықтай ғой» дегені. Тәтті ұйқыға еніп жүре берген...

Бүгін ойлап қараса, өмірдегі ең ұзақ-қ сапары сол жолы басталыпты. Түйелі көшпен. Елден ұзап шығып, алысқа-а жол тартыпты да, қайтып туған жерге оралуға асықпапты. Жас бала жат жұртта, атан түйе үстінде ес біліп, ержетті. Жарық әлемді сосын да түйелі көшсіз елестете алмайтын. Тіршіліктің бір бөлшегі – түйелі көш...

«Еһ, дариға-тірлік!» деп күрсінді Қайғы шал. Мен көремеген не қалды мына фәниде!.. Сонда да майырылмай, шыдап-ақ, шыдап келе жатыр екенмін-н...» 


3


– Біз қашан жетеміз? – деді Асау ақын.

– Қайда? – деді Қайғы шал.

– Ау, әлгі оқпан қайда? «Қатынқамал» қайда?

– Оған әлі ұзақ. Екі белес бар...

– Онда осы қалпымызда шейіт боп кетеміз десейші. Менде әл жоқ.

– Мақсат шаршатпайды. Шаршайтындар – мақсатсыздар...

– Не дедіңіз? Қайталап жіберіңізші, – деп, Момын философ қағаз-қаламын алып, жүгіріп келеді.

– Ой, сен де... – деп, Ақын оған кейіп тастады. – Өмірі естімей жүрген сөзің бе! Таң қалмасқа таң қалып...

– Жоқ, мынау тірі сөз...

– Е, ендеше қу соңынан! Салпақтап ере бер... Тірі сөз екен деп тірсегіңе соғылғанша жүгір...


* * *

Алыс сапарға аттанған түйелі көш арыды, ашықты, өзегі талды...

Ақбоз түйе қартайды. Үстіндегі кебеже тозды.

Баланы басынан сыйпап, еркелететін әже өмірден озды. Қапан (Қайғы шалдың шын аты) ер жетті. Бұлшық еті ойнаған бозбала жігіт жан-жағына көз салды. «Мен кіммін?». «Кім болам?» Арман, бірақ, алдамшы елес сықылды екенін сәл кейінірек, ес тоқтата бастағанда түсінді.

Қапанның алдымен қапа болғаны – көшпелі жұрттың баласы болғаны. Көшпелі жұрттың тұрақты мекені жоқ. Бүгін-мұнда, ертең-анда... Арғы күні қайда болады, оны бір Алла ғана біледі.

«Көшіп жүрген елміз ғой» деді Мұрт ағасы.

«Көшіп жүрген дегенше, босып жүрген елміз демейсіз бе!» (Қапанның ойы)

Мұрт аға ашуланып қалды. «Өзіңде ес жоқ екен».

«Е, неге ес жоқ?»

«Ойлана білмейсің!»

«Нені ойлауым керек?»

«Неге көшіп жүргенімізді...»

«Е-е-е...»

«Е-е болса, сол. Енді есейдің, ойлануың керек. Ел жетіскеннен жат жерге көше ме? Туған жерді есі дұрыс қай адам қиып тастап кетеді».

«Енді түсіне бастаған секілдімін. Ғапу етіңіз!..»

Осы әңгімеден соң, Қапан көшпелі жұрттың тірлігіне қисық мінез көрсетіп, қияс қылықтанбады. Алыс сапардың енді қалай аяқталуы керектігін ойлана бастады. Санасына ойтүрткі түсті...


4


– Ақсақал, ептеп қызба мінезім бар. Көңіліңізге ала көрмеңіз. Кішкене дем алалық. Бірақ әңгімеге дем алу жоқ. «Қатынқамал» тарихын сөз ете отырыңыз!.. (Ақынның сөзі) 

Ақсақал қақырынды. Түкірінді. Бұлақ суына қолын малды. Мұздай су денесіне қуат құйып жібергендей.

– Не дедің? – деді сосын.

– Әңгіме... айтыңыз.

– Иә-ә... Әңгіме көп. Қазақтың өмірінің жартысы сол әңгіме.

– Ондай бос әңгіме емес. Маңызды әңгіме...

– Қазақ маңызсыз сөз айтқан емес.

– Бастаңыз ендеше.

– Тау тарихы де. Тау тарихын мен айтып біте алам ба! Тіпті мен білетін тарих – бір тұтам ғана. Тау тарихы – айтылмайтын тарих. Оны жүрекпен сезіну керек...

– Сіз білгенді білсек те аз болмас.

– Мен білетін тарихты осы күнгі шалдардың кез-келгені біледі. Шын тарихты түсінбейсің, түсінетін тарих тарих емес...

– Осындай да тарих бола ма?

– Болады. 


5


«Тау биік, асқақ! Сосын да момақан. Ол өзінің биіктігіне, асқақтығына, заңғарлығына мақтанбайды. Өмірде бәрі де солай. Айталық, піл соншалық зор бола тұрып, ең момын жануар. Ал, кіп-кішкентай тышқан болса, сондай жылдам, ширақ. Демек, ұлылық – үнсіздік. Мықтылық – төзімділік-к...»

Бұл – Ақсақалдың ойы.

«Таулар сонша айбарлы бола тұрып, неге үндемейді екен? Неге тып-тыныш! Барды бар деп көрсетпесе, оның қадірі бола ма? Мен деп кеуде ұрмағанды кісі тани ма?»

Бұл – Ақынның ойы.

«Таулардай Тау Адамдар болады. Оларды момын дейміз. Үндемейді дейміз. Алайда олай емес. Тау Адамдардың ішкі жан сарайында таудай-таудай ойлар тұншығып жатады. Сол ойлар жарыққа шықса ғой, шіркін! Онда мына әлем бұдан да бетер жайнап сала берер ме еді, қайтер еді...»

Бұл – Философтың ойы.


6


– Әй, атаңның көрі... Ергежейлі палуандар кеуде қағып, есімізден алып жатқан заманда тау мінез Адамдар бағаланар ма? Тау мінез Адамдарды сақтай біліңдер. Соларға қамқор көңіл керек...

Ақсақал анадайдан, бір биік төбеден айқайлап тұр...

– Сонда-а... – деп, Ақын Ақсақалға айқайлады. – Кімді айтасыз? Ондай да палуан бола ма?

– Бұрын болмаған. Қазір болып жатыр.

– Болғаны қалай? – деп Ақын одан бетер қызыға түсті. 

– Салмағы қырық келі палуанды көкке көтереді. Палуан деген ол палуан. Өз күшін, өз қабілетін көрсете алатын болуы керек. Ал, бүгін ше? Бір тойда «ойбай, несін айтасың, республика чемпионы келіпті» деп шуласады. «Мына ауыл палуанымен күресіп көрші». «Ойбай, менің салмағым емес». Оны да палуан дейміз бе?

Шалды Момын философ қостап кетті.

– Сіз... дұрыс айтасыз, – деді ол. – тура айтасыз. Баяғыда... Қажымұқан Жапония елінде өз салмағы былай тұрсын, тіпті жапон палуанымен де белдескен. Жапонның ұлттық күресі деседі. Дзю – до дей ме... Аты есімде жоқ. Әлгі мықтың, Саракики болар, Қажымұқанға ұстатпай, секіріп жүріп, бір құлағын жұлып алмай ма. Ашуға мінген Қажекең әлгі ұшқалақ немені бір оңтайлы сәтте қолға түсіріп, екі бұтын... Әні, күш дегенің... Әні, палуан!

– Оһ! – деді Қайғы шал сұқ саусағын шошайта. – Міне, нағыз палуан! 

Ақын күледі. Күледі де:

– Бұл жолы да дөп сөйлеген жоқсыз, – дейді. – Әр салмақтың өз күш иесі болады. Сіз піл мен қанденді салыстырасыз ба?

– Піл басқа, қанден басқа! – деді Ақсақал. – Адам мен адам арасында ондай алшақтық жоқ. Болған да емес. Күш иесі ме, ендеше Қажымұқандай болсын. 

– Ол басқа-а... – деп Ақын міңгірлей бастап еді, Ақсақал:

– Жоқ, басқа емес, тап өзі, – деді.

Енді Момын философ сөйледі.

– Ақсақал сөзінің жаны бар, – деді ол. – Палуан деген шын күш иесі болуы керек. Айталық, атағы жер жарған боксер көше кезген бұзықтан таяқ жеп жатса...

– Ой, сен де! – деп Асау ақын ашуға булықты. – Көше бұзығы таудай біреу болуы мүмкін. Ал, әлгі боксер жеңіл салмақтағы жеңімпаз...

– Әй! – деп айқайлап жіберді Қайғы шал. – Өзің не деп былжырап отырсың! Бөдене боксерді жақтап не керек!– Сосын кідіре түсті де:

– Таяуда естідім, – деді. – Түркістан жағында туған жұдырығы темірдей Әбдісалан бір жолы елге келгенде, Кентау барып, жол-жөнекей кездескен көлікке мініп, қайтып келе жатса, жеңіл машинадағы үш жігіт ниеті бұзылып, оны тонамақ болады. Киімі әдемі, қолында алтын сағат, басында әсем малақай. «Шеш, жаныңның барында». «Жігіттер қойыңдар, бұларың әдепке жатпайды». «Шеш деген соң шеш, әйтпесе сазайыңды тартасың!..» Әбдісалан ашуға әбден булығып, үшеуін үш жаққа ұшырыпты. Оңбай жарақат алған үш бұзақы кешірім сұрап әзер құтылыпты. Міне, шын боксер осы...

– Паһ, өзі де азамат екен! (Философтың таңданысы)

– Әй, Әбдісалан Нұрмахановты естімеп пе ең! Қазақта оған жететін білекті, жүректі боксер бар ма? Әттең... әттең, бағы жанбай қалған жігіт. Қазақ қай ұлының қадіріне жетіп еді! (Ақын сөзі)

Қайғы шал есіней түсіп:

– Жанбаса жанады. Ер жігіт ешқашан болашақтан күдер үзбеуі керек, – деді. – Сабыр түбі – сары алтын демей ме!

– Ол енді орындалмас арман! – деп күрсінді Асау ақын. – Әбдісалан аға бақилық.

– Қалай?! –деп Момын философ жалт қарады. Қайғы шал да мойын бұра қарап, жауап күткендей.

Ақын күрсіне сөйлеп:

– Қайран азамат жүрегі жоқ бұзақылар қолынан қаза болды, – деді.

– Ұрып өлтірді ме? – деді Момын философ.

– Ондай ерлік бүгінгі қиқым адамдарды қолынан келе ме, желкесінен оқ атты.

– Әрине!– деді сосын. – Бетпе-бет келіп кім өлтіре алады? Ондай жүрек бар ма бүгінгі жүгенсіздерде! Бүгінгі ұрпақ – қыл-қыбыр, жүн-жыбыр... Әйтеуір бірнеңе-е...

Қайғы шал айтты:

– Оны өлтіргендер алланың қарғысына ұшырайды. Сөзсіз ұшырайды... 

Асау ақын үндеген жоқ.

– Әй, осы күні қарғыстан қорқатындар бар ма өзі! (Асау ақынның ойы)


* * *


...Қапан тау арасындағы болған оқиғадан соң, талай рет сол жерге келіп-қайтып жүрді. Әр келген сайын Жорға ағасы алдынан шыға келетіндей үмітпен күтеді, бірақ ағасы жоқ. Тау сол мүлгіген қалпы.

Ең қызығы – сол жылдан кейін әлгі бүркіт өз ұясынан безіп кетті. Қаңырап орны ғана қалды. Иесіз ұя тұрды. Құзғындар қабаттаса келіп қонып алып, ұзақ-қ қарқылдап, айналаны басына көтеріп жатады.

Ауылдағы ес білер кісілер көпке дейін Жорғаның мәйітін тінтіп іздеп, шарқ ұрды. Бірақ, таба алмады. Сосын бәрі де күдер үзді.

Бір ақсақал айтты:

– Әй, шамасы, бүркіттің қасиеті бар болар. Біздің баланы қанатының топшысымен ұрғанда, ол жерге қарай домалай беріп, кенет оған да қанат бітіп, көкке ұшып кетті білем.

Ол сөзге сене алмаған. Адам қалай ұшады? Ол мүмкін бе?

Қашан басқа жаққа көшіп кеткенше келуін доғармап еді. Ең соңғы рет келіп, таумен қоштасып тұрғанда кенет көкте бір қыран пайда болды. Төбесінде айналшықтап, ұзақ қалқып тұрып қалды. Қапан оған:

– Бұл сен бе, Жорға!.. – деп айқайлады. – Сенбісің, Жорға!.. 

Бүркіт қайқаң етті де, қанатын қағып-қағып жіберіп, әлдеқайда, алысқа ұзап ұша жөнелді. 


7


– Сіз неге жалғызсыз?..

Сауал қоюшы – Философ. Қайғы шалға.

Ақсақал үндемеді.

– Сізді неге Қайғы шал дейді? Шын атыңыз жоқ па?

Шал үн қатпады.

Философ тағы да сұрады.

– Өмір бойы жалғызсыз? Жалғыздық қорқынышты емес пе?

– Жоқ! – Ақсақал айқайлап жіберді. – Қорқынышты жалғыздық емес! Қорқыныштысы – жүрексіздік. Қорықсаң, сол жүрексіздерден қорық.

Философ ойланып қалды.

– Дегенмен, – деді сосын. – ... дегенмен Алла-тағала о баста пендені егіз етіп жаратпады ма? Тірі жәндіктің бәрі де егіз. Сол егіз тірлік жаңа тірлікке есік ашады.

Шал әрлі-берлі жүріп алды. Әрлі-берлі жүріп алды да, кенет тоқтап:

– Әй, – деді. – Әй, философ!.. Сен осы өмірдің мәні не екенін білесің бе? 

– Ептеп білетін сияқтымын.

– Тіпті де білмейсің. Егер білетін болсаң, жаңағы сауалды сұрамаған болар ең.

– Жазығым не?

– Жазығың – өмірді әлі де түсінбепсің. Өмір сүру деп ойлайтын екі жұп – негізгі шешім емес. Екі жұп ең аяғында артына ешкімге керексіз ұрпақ қалдыруы да мүмкін. Ондайлар аз ба? Қоғамның кері домалайтыны да содан. Қажетсіз адамдар керексіз жұптардан туады. Ал, мен... өйткім келмеді.


* * *

...Бір мәселені талқылау үшін жиналыс өтіп жатыр екен дейді. Кәдімгі көп-п халық у – ду етіп, бір-бірін тыңдар емес. Анау да сөзшең, мынау да сөзшең. Жиналысты жүргізіп отырған Ақбас кісі алақ-жұлақ етіп, кімге тоқтау сөз айтарын білмейді.

– Ау, не болды? – деп тарығады. – Жөн сөзді кім айтады?

Жастардың бірі:

– Біздің сөзімізді тыңдамайсыз, әйтпесе айтып жатырмыз ғой, – дейді.

– Жо-жоқ, сендер ылағып кеттіңдер.

– Ылағып жүрген жастар емес, кәрілер.

– Не деп тантып тұрсың! – деп, Ақбас кісі орнынан ашулана түрегелді. – Көргенсіз неме!

– Сіздің де көргенді болып тұрғаныңыз шамалы. Әйтпесе «келешек-жастардікі» деп айтуға аузыңыз неге бармайды!

– Ойбай-ау, сол келешектің тұтқасын ұстайтын жас болса кәні! Есі дұрыс бір жас таба алмай...

Топ шуласып ала жөнелді. У да шу!

– Кім! Кім басады мына шуды! – деп Ақбас айқайлайды. Құлақ жоқ...

Шошып оянады. Тағы да түсі! Берекесіз, бейбастақ жастар даусынан шошып оянғаны.

«Ойпырмай!» деп ойланды Қайғы шал. «Ойпырмай, бір жылдары мына момын елім ойсыз, тексіз, даңғаза жастар қолында қалып қоймаса болғаны да...»


8


«Қатынқамалға» жеткенше Асау ақын мен Момын философ әлденеше рет сөзге келіп, таласып-тайталасып, бірінен-бірі асыра сөйлеп, тоқтамай-ақ қойды. Олардың мағынасыз-мәнсіз әңгімесіне Қайғы шал көбіне араласа бермейді. Екі қолын артына ұстап, үздіксіз жүріп отырады. Сосын екі жас ұялғанынан соңынан қалмауға тырысады.

Тағы да бүйірлей тиісіп, қисық әңгімесін бастады. (Момын философ қой...)

– Сенің ақын екенің рас па?

– Рас.

– Е, ендеше неге өлең оқымайсың?

– Саған «сен философ екенсің, неге пәлсапа соқпайсың» дедім бе?

– Философияны айту ауыр. Ал, өлең... оқылады. Көпке арналады.

– Оқиын ба? Өлең бе керегі саған...

– Оқы.

– ...О, адамдар-перзенті ұлылықтың,

Ұлылықтың көзіңнен тілін ұқтым.

Өздеріңнен көрдім мен көп ізгілік,

Көкірегімді тербеген теңіз қылып!..

Өлең деген осы! Осылай төгіледі.

– Өзің жаздың ба?

– Жоқ, Төлеген Айбергенов.

– Тағы оқышы.

– ...Өле берсін күншілдер күйігінде,

Өз тағдырым өзімнің иінімде.

Ақ жаңбырлар тоздырған тау секілді,

Мен өлемін өзімнің биігімде!..

– Бұл ше? Бұл өз өлеңің бе?

– Жоқ, бұл да Төлегендікі.

– Сен не, Төлегеннен басқа ақынды білмейсің бе?

– Білем.

– Енді неге басқасын оқымайсың?

– Өйткені, бүгін жол үстінде, тек Төлегенді ойлаумен болдым. Ол өмірден қыршын кетті. Небәрі 30 жасында...

Бір тойым болатыны сөзсіз менің,

Дәл қай күні екенін айта алмаймын.

Бірақ... бірақ...

Біріңді де билетпей қайтармаймын

Ол күндері тасталар ұран сондай,

Қайта алмайды қартың да бір ән салмай...

Кілт үзіп, қамығып тұрып қалды. Әрі қарай оқи алмады. Көңілінің терең түкпірінен ауыр мұң лықсып келіп қалғандай. Оны өзі ғана сезе алады...

Шалдың даусы екеуін де селк еткізді. 

– Ой, сендерді де оқыған жас деп... Өлеңнің падишасы ескілікті жырлар да.

...Өткір сөз – наркескендей қынаптағы,

Айтпауға ішті кернеп шыдатпады.

Ішіме біткен қайнар өнерім бар,

Таусылмас аққан судай бұлақтағы.

Өнердің іште жатқан керегі не,

Сендерге көрсетпесем сынатқалы...

Төгіле жырлап келе жатты да, кенет, оқыс тоқтады. Тоқтады да, аз-кем ойланып қалып, қайтадан бір өлеңді жорғалата жөнелді.

– Неше сұлу өткен жоқ,

Қызыл тон киіп қырланған!

Неше жігіт өткен жоқ,

Шаршылап мақпал шұлғанған!

Дүние кімнен өткен жоқ

Боз жорға аттай ырғалған...

Ақын шыдай алмай, оның сөзін бөле:

– Сіз... сіз ағып тұрған ақынсыз, – деді. – Ойлап ем, осы шал поэзияны түсіне ме деп...

– Е-е, – деді Қайғы шал. – Поэзия дейсіңдер! Өлең дейсіңдер!.. Со шіркінің атам қазақтың қара өлеңінің алдында жіп есе ала ма? Нағыз ақын ұйқас қуалаушы емес, нағыз ақын – көңіл шерін айта білген адам... Іштегі қайғыны қозғай білсе – ол ақын!


* * *

...Елден жырақтап, шалғай кеткен соң, әлдебір ауылдың тұсына келіп, ат басын тіреп, сонда тұрақтап, бес-алты ай бел жазғандай. Осы тұста қарайып көрінген үлкен тау да бар екен. Қапанды ертіп, Мұрт ағасы сол тауға екі-үш рет барып қайтты. Тұп-тура ауылдағыдай. Жықпыл-жықпыл. Сілем-сілем. Етегіндегі бұлақ, төскейінде құрақ.

Бір жолы Мұрт ағасы тау иінен бір құстың ұясын көріпті. Ұяда-жұмыртқа бар. Тағы да сол ұяға өрмелеп бармақ болды. Жұмыртқаны алып, пісіріп жейміз дейді. 

Қапан:

– Бәлеге қаламыз, кетейік, – деді. Мұрт ағасы тыңдаған жоқ. Тауға өрмеледі. Өрмелеп барып ұядағы жұмыртқаға қол соза бергені сол еді. Әлдеқайдан қанаты суылдап, бір бүркіт пайда бола кетті де, Мұрт ағасына құлдилады. Мұрт төмен қарай тез-тез түсіп кетпек болды. Бірақ ұядан көп ұзай алмады. Қыран жақындап келіп қалған соң, ол басын қос қолымен жауып, отыра қалды. Қыран төніп келді де, қайта қайқаң етті. Сосын зеңгір көкке көтеріліп, айналып ұшып жүрді. Мұрт енді тез-тез төменге түсуге асықты.

Тас-тастың арасымен екеуі үйге жеткенше жүгірді. Қыран көпке дейін төбеде қатарласып келе жатты да, кенет көзден ғайып болды...

Үйге келген соң өз көзімен көрген жағдайды марқұм әкесіне айта бастаған.

– Әй, сендер отпен ойнап жүр екенсіңдер! Қыран қасиетті құс екенін білмеуші ме едіңдер! Жорғаның тағдырын неге естен шығардыңдар, а? Неге тез ұмыттыңдар-р... (Әкесінің айтқаны)

Сақалын салалап аз-кем үнсіз отырды да, екі баласын екі жағына отырғызып алып, сөз бастады.

– Баяғыда, – деді ол. – Біздің бала күнімізде Батыр есімді жігітке еріп, тауға барғанбыз. Біраз бұрын тау иінен бүркіттің ұясын көріпті. Ұяда жұмыртқа бар екен. Осыдан балапан шыққан соң, үйге алып кетемін депті. Соның уақыты жетсе керек, бізді етіп алып, тауға келе жаттық. Жолда әртүрлі әңгіме айтты. Қырандардың ең мықтылары адамды да бүріп өлтіре алады екен. Біз екі бала едік, Батыр ағаның сөзінен зәреміз ұшты. Сонда да сыртымызбен сыр бергеміз жоқ. Тауға да жеттік. Батыр аға тасқа өрмеледі. Біз төмендеміз. Өрмелеп барып, ұядағы балапанды алды. Қойнына тықты. Төмен түсіп келе жатты. Осы кезде әлдеқайдан бір қыран пайда болды да, Батыр ағаға шүйлікті. Сасқан жоқ, қолындағы таяғымен оны жасқап-жасқап қойып, төмендей берді. Қыран үш рет төніп келді де, ақыры айласы құрып, зеңгір көкте шаңқ-шаңқ етті. Сосын құлдилап барды да, үлкен жартасқа соқтығып, мерт болды...


9


– Елді басқару қиын! Осы күні ел басында жүрген азаматтарды кейде аяп кетемін. Әр адам – өзінше білгіш. Әрбір жұмыр басты пенде өзінше қиялдағыш. Барлық елдің көңілінен шығуға бола ма? (Философтың ойы)

– Ол – мінездер шарпысуы! Мың адам – мың мінез. Ол солай болған, бола да береді. Адамдарды басқара білу де – өнер. (Ақынның ойы)

Қайғы шал әріректе оқшау тұр. Көз жанары биік тау шыңдарында. Өзі ойланып тұр ма, жоқ қиналып-қамығып тұр ма?

– Елді басқару дедіңдер ме! – деп енді ол бұл екеуіне бұрылды. – Адам елді басқаруды емес, өзін-өзі басқаруды үйренуі керек. Кісінің өзін-өзі басқаруы қиынырақ.

– Еһе, айтады-ақ екенсіз! – деді Асау ақын. – Өзін-өзі басқару деген не сөз? Басшы болу үшін халық болуы шарт. Халық болса, оны жөнге салып отыратын басшы бар. Өзіңді өзің басқар дегеніңіз ақылға қонбайды. Өз басыңды өзің алып жүр десеңіз, сөз басқа...

– Қызық! Өте қызық әңгіме басталғалы тұр! – деп Момын философ қағаз-қаламына қол салды.

Көз жанарымен жасқай қарап тұр. (Қайғы шал ғой...)

– Сен... көпті басқару керек дедің бе? – деді сосын. – Көпті кім басқарады? Көпті – көпшіл адам басқарады. Көпшіл болу үшін – кең болуың шарт. Өз басына май жаға аламай жүргендер аз ба осы күні...

– Ол басқа әңгіме, – деді Асау ақын. – Өз басына май жаға алмайтындар – ақылсыздар.

– Ал, ақылды деген кім? Ақылды мен ақылсыздың ара жігін ажыратып берші маған?

– Оның ашып беретін несі бар! Ақылды деген ақылды, ал ақымақ деген ақымақ...

– Міне, қызық! – деді Момын философ тағы да. – Міне, ғажап! Сөз енді қызайын деді.

– Ақылдымын деп жүрген кісі ақымақ та, ал ақымақпын деп жүрген кісі ақылды боп шығатын кездер де болады! Ондайлар өмірде аз емес. «Ең жаман адам» деген ертек есіңде ме? (Қайғы шал...)

– Есімде! Киімі жұпыны адам ең соңында алабөтен ақылды болып шығатыны ма? (Ақын...)

Шал аз-кем үндемей тұрды да, сосын қайта сөз жалғады.

– Мәселе киімде де емес! Сөзді әдемі сөйлейтін, кез-келген ортада өзін көрсете алатын жүзіктің көзінен өтердей жігіттер болады. Бірақ солардың бәрі де ақылды, парасатты емес.

Асау ақын да қисая шапты.

– Ондайды мен де айта алам! Кез-келген ортада дұрыс сөйлей алмай, күбіжіктеп, мүдіре беретіндер де болады, бірақ солар, жеме-жемде ақылды, ойлы кісі боп шығады.

– Міне, мен соны айтып отырмын, – деді Қайғы шал. – Демек, жақсы мен жаманның ара жігі өте жақын, әрі өте алыс.

– Оһ! – деді философ, – Мынаны жазып ала қояйын.


10


Шешіле сөйлеп, көсіле шабатын кезі тым сирек. Не айтса да, нені бастаса да орта жолда шорт. Неге өйтеді? Әлде өз сөзі өзіне ұнамай кете ме? Әлде... арғы жағын өзің ойлап тап дегені ме?

Қазір де бір әңгіме бастады.

– Ақылдылық дегеніміз – пысықтық дейді екен кейбіреулер. Ақылдылық дегеніміз – қушыкештік дейді екен тағы біреулер. Осының бәрі де өтірік. Бұл – адамның біле тұрып адасуы... Ақылдылық деген – ақымақтық... (Қайғы шал...)

Осы жерге келді де, сөзді үзе салды.

– Е, неге? Неге ақылды адам ақымақ?.. (Философтың сауалы)

– Ол солай.

– Ойыңды ашып айт, – деп, Асау ақын сөзге араласты. – Неге ақымақ болады?..

– Ақылды болған соң да ақымақ...

– Бұл енді даулы мәселе, – деп философ өзінше шудалатып келе жатыр еді, Асау ақын:

– Әй, осы шалың бірнеңе біледі! – деді. – Жер бетіндегі ақылды деген кісінің бәрі де мына дүние рахатын да, жақсылығын да, ләззатын да көре алмаған... Көре алмай өте берген. Демек, ақымақ... Ха-ха!.. Бәрі де ақымақ... Одан өткен ақымақтық бола ма?.. Айтшы өзің?.. Ха-ха-ха!..


* * *


...Бір ауылмен жарты жылға жуық уақыт көрші болып отырған соң, ағайын-туыстай болып кетесің. Ауып келген келімсек деген жоқ. Тонның ішкі бауындай бауырластық байқалып келе жатқан. Соның дәлелі – Қапанның бейтаныс ауылдың бір қызына үйленуі. Мұрт ағасы бір күні кеште түйеден түскендей етіп:

– Сені үйлендіреміз, – деді.

– Кімге? Оны ұнатам ба, ұнатпаймын ба!..

– Біз айттық, олар көнді. Сен енді қиқаңдама!

– Менің көңілім... Сезімім-м...

– Оттай берме! Заман мынау! Өзіңе қатын керек болса, осы қызды аласың.

Түйін осы. Кесімді шешім. Қапан аяқ астынан қатынды болды.

Еш өкінген жоқ бірақ. Екеуі тез-ақ тіл табысты. Тіпті көп ұзамай, кішкентай бөпесі де келді дүниеге. Бұл кезде қыз аулынан бір көш ұзап кеткен екен, хабаршы жіберіп «жиенді болдыңдар» деп сүйінші сұрапты. Олар да мәрт, боталы түйе жетелетті. Құда-жекжат қайта бас қосып, екі күн той тойлады.

Бұларды іздеп, қызыл жағалылар келді бір күні.

– Сендер қашқын екенсіңдер, бастығымыз келіп сөйлеспек. Енді осы жерден қозғалмаңдар, – деді зор денелі біреуі зіркілдей сөйлеп. Жан қалтасынан наганын суырып-суырып алып, қайта-қайта қоқаңдады. 

Қызыл жағалылар қара үзіп кетісімен, Мұрт ағасы айтты:

– Тез табан жалтыратайық. Әйтпесе, қақпанға түсеміз.

– Бізді жібере қоя ма?

– Келін баласымен отыра берсін. Көз алдау деген сол...

– Баламды қайтем! – деді Қапан қинала.

– Жастың баласы өлмейді. Бір бала – көп баланың садақасы...

– Ағатай-ау! – деп қиналды Қапан. – Өз отбасымды ойран етем бе! Бала – бауыр ет...

– Тәйт! – деді Мұрт аға. – Боркемік жігіт екенсің! Бұл ер-азаматқа жараспайтын мінез. Болаттай бол.

– Құс екеш құс та өз балапанын қорғайды. Ең болмаса, сол жұдырықтай құс секілді қауқарым болмаса...

– Жағдай деген болады, жаным! Әулет амандығы үшін тәуекел етуге тура келіп тұр. Соны түсін!

Тайталаса берудің реті жоқ екенін іштей түсінді. Бас изеп, келісім бермесе де, үнсіз қалды.

Сол түні Қапан түс көріпті. Баласы мен келіншегі отырған кебеже ішіне дәу қарасұр жылан жылжып кіріп кетті. Бұл оны анық көріп тұрса да, орнынан қозғала алмайды. Екі қолы көтерілмейді, бейне біреу байлап-матап тастағандай. Айқайлайын десе, даусы шықпайды.

Қиналып, қара терге түсіп жатып оянып кетті. Түн іші. Сұп-суық түн. Бойы тоңазып, денесі тітіркенді.

«Балам мен әйелімнен тірідей айрылам ба?» деп ойлағанда, денесі одан бетер қалтырап қоя берді...

«Уһ!» деді Қайғы шал. «Уһ, жаным-ай!..» 


11


– Аһ, туған жер! Мен сені сүйемін. Шексіз сүйемін-н... (Асау ақын...)

– Әй, осы сөзіңе соншалық сене алмай тұрмын! Ұран сөз сияқты... (Философ...)

– Ақын ұран айтпайды! – деді ақын. – Жүрек сөзін сездіреді.

– Әй, қайдам-м...

– Ой, сен өзі... Қисықсың ғой тіпті. 

Жұдырық түйіп ұмтылып келе жатыр еді, Қайғы шал тоқтатты.

– Сендер байқайсыңдар ма!– деді шал. – Осы күнгі жастар туған жерді сүю сезімінен ажырай бастаған. Өз жерінен гөрі өзге елді жоғары қояды. Демалғысы келсе, шетел асады. Осы не өзі?..

– Міне, мәселе қайда жатыр! – деді Асау ақын. – Шал дұрыс айтады. Бүгінгі жастар туған жердің қадірін қашырды. Өзіміздегі асылды өзге жұрттан іздейді. Бұл-сұмдық.

Қайғы шал айтты:

– Осы қазақ таяқ жесе, түбі ойсыз ұрпағынан, ұрпағының өз қанын, өз ұлтын һәм өз жерін қадірлемеуінен жейтін болар. Туған топырақ үшін қан төгуге даяр болмаса, ондай елде болашақ бола ма? Айтыңдаршы, бола ма?..

Асау ақын да, Момын философ та үндей алмай қалды.


* * *


...Түйелі көш енді ғана тұмсық тіреп, әзір ғана тізгін тартып, түйені шөгеріп жатқаны сол еді, тып-тыныш табиғат азан-қазан болды да кетті.

– Уа, атаңа нәлет! Сен кімсің әй?

– Өзің кімсің?

– О-о, мені білмейтін қай маубассың. Біз осы аймаққа белгілі шонжар байдың қызметкерлеріміз, ә!..

– Е, болсаң боларсың. Біз де тоқалдан туған жоқпыз.

– Жер біздікі!

– Қазақ жері бәрімізге ортақ. Өйтіп әкіреңдеме.!

– Бұл жерге тоқтап абырой таппайсыңдар, ә! Аман-сауда басқа жер іздеңдер, бейбақтар!

– Өзің бейбақ! Іздесең, өзің ізде!

Шарт-шұрт төбелес басталып кетті. Жер үшін талас па, жоқ әлде байларға қолшоқпарлық па! Түсініп жатқан екі жақ жоқ!

Төбелес! Тартыс!.. Айқай, у-шу!..

Қайғы шалдың түсі. Көштің кермек дәмі... Бір-біріне дөң айбат жасаған, қыр көрсете қоқиланған екі әулет... Екі жұрт! Екі ауыл... 

Еске түссе, жүрегі айниды. Қандай азапты еді, қандай қайғылы еді!

Кішкентай сәбиін көз алдау етіп, ескі жұртқа тастап қашқан бұлар күн-түн жүріп отырып, ауылдан біржола ұзаған. Енді ізіне түскеңдер де жете алмайды. Арада қаншама белестер, елсіз далалар қалды. Көңіл әбден сенген кезде түйелі көш бел босатып, ошақ жақты.

Ойламайын десе де, әйелі мен баласы көз алдына келіп, еріксіз мұңаяды. Мұңаяды да күрсінеді. Соны байқаған Мұрт ағасы:

– Әй, боркемік! Дәл мұндай қатын жанды деп ойласамшы, – деп бұған қайрау сөзін айтты.

– Жоқ, мен қатынымды ойламаймын. Баламды қимаймын.

– Айтпадым ба, жастың баласы өлмейді деп. Асықпа, қайта үйлендірем.

Мұрт ағасы сөзінде тұрды.

Тағы да қатын алды. Елден ауып жүрген екінші көш кездесіп, сол жерде әңгіме оп-оңай шешілді.

Бірақ... Қапанға Жаратқан ие ылғи да тайғақты жол ұсына берді... 

Әйелінің аяғы ауырлағанын сезіп жүруші еді. Дүниеге ұл келер деп армандаған. Бір-ақ күнде... баласынан айрылды. Қатыны ыстық суға отырып, түсік тастапты...

«Құдай-ай!»деп қиналды Қайғы шал. «Құдай-ай, мен дегенде неге ғана қатты болдың сен-н...»


12


Біреу түсініп, біреу түсіне алмайтын қиялилау әңгіме бастады. (Қайғы шал...)

– Сен таспен тілдесе аласың ба? Тастың тілін білесің бе?

– Жоқ! Кісі таспен қалай сөйлеседі? (Момын философтың сөзі)

– Әні, – деді Қайғы шал. – Әні-і... Сендер тастың тілі жоқ деп ойлайсыңдар. Ал, шын мәнінде...

– Ой, бұл деген бос пәлсапа ғой! (Асау ақын сөзді бөле берген.)

– Тәйт! – деп Қайғы шал зекіп тастады. – Білмейді екенсің, босқа көкіме! Тастар да тірі табиғат. Тас тұрмақ, мына тұтас тау кейде пенделерге сыр айтып тұрады. Оны көңіл көзімен оқи білу керек.

Сөйлемей қойды. Қойтастың үстіне шығып алды да, үнсіз ұзақ-қ отырды. Асау ақын да, Момын философ та енді оған не деп тіл қатарын білмеді. 

Кенет Асау ақын шалға қарап:

– Сен дұрыс айтасың! – деп саңқ етті. – Рас, тастардың да тілі бар. Олар ақындарша тебірене алады. Төлеген ақын былай деген:

– Сағынбай келсең тастар да сені қарсы алмайды тебіренбей,

Ойлайсың сонда дүниені кеткен бе деп тас қаптап!..

Демек, бәрі де сағынудан!.. Құштарлықтан! Бір нәрсеге деген іңкәрліктен...

Шал жалт бұрылды. Көзінен от ұшқандап ала жөнелді. 

– Өте дұрыс! Әлгі ақын... кім еді?..

– Айбергенов Төлеген.

– Дұрыс айтыпты. Көкірегінде көзі бар! Әні, нағыз ақын! Ақын сондай болуы керек!..

– Поэзияның падишасы – халық жыры деп едіңіз, – деп Асау ақын жымысқыланады. – Енді өзгеріп сала бердіңіз білем... 

– Мына Төлеген халық жырын көп оқыған екен! Мен солай ойлаймын... (Шалдың сөзі)

Шал енді ұшар құстай қомданып алыпты...

Көңілі асқақтаған ол енді «Қатынқамал» туралы әпсананы бастап жіберді.

– Бұл үңгірдің тарихы ұзақ! Баяғы жоңғар шапқыншылығы кезінде аталастарымыз қатын-балаларын жасырған. Үңгірді қазып, тау қуысынан баспана жасаушы бабаларымыз қандай көреген! Жау ең болмаса, бала-шағаға тиіспесін. Үңгірді жау жасағы біле алмас та еді, іздесе де таба алмас еді, әйткенмен... бір қатын кенет босанып қалып, сәбидің іңгәләған даусынан орнын біліпті. Ит екеш ит те үре алмайтын. Бәрінің де ішін тартып байлап тастаған. Ал, сәбидің аузын қалай буарсың! Жарық дүние есігін енді ашқан сәбиге үндеме деп кім айта алады! Ол – сәби! Дүние қожасы...

Әлдеқайда алысқа көз тастап, ұзақ-қ қарап, отырып қалды. 

Момын философ шалдың көңілсіз күйін сезгендей, жадыратайын деп:

– Әттең, сізден ұл туса, ұлтты уысында ұстайтын данышпан болатын еді-ау! – деген.

Одан бетер қайғылана түсті.

– Ұл болмасын дедім бе! – деді даусы дірілдеп. – Ұлды тұншықтырған мен емес...

– Ол кім? – деп сұрады Момын философ.

– Әйелім-м...

– Ол не істеді?

– Ол ма! Жас кездің қызығын көруім керек деп, іштегі сәбиін өзі алдырып тастады. Алланың қарғысына ұшырады. Екінші рет құрсақ көтере алған жоқ...

Көзі жасаурағандай болып, тамағына өксік тығыла, үнсіз отырып қалды.

– Енді әйеліңіз қайда?

– Өз ұрпағына өзі қастандық жасаған адаммен көп ұзамай қош айтысқам. Одан бері қаншама заман өтті...

Тағы да сөзге тарта бастады.

– Сіз сонда өмір бойы жалғыз болғансыз ба?

– Жоқ! – деді шал. – Пенде болған соң үнемі үмітті боласың. Осы жолы жолым болар деп армандап...

– Арманыңыз ақталды ма?

– Ой, сен өзің!.. Тым асығыс екенсің. Сабырлы болсаң нетті! Айтып жатырмыз ғой...

– Кешіріңіз, ақсақал!

Үнсіздікке бас қойды. Әудем уақытқа дейін ләм-мим.

– Қысқасы, – деді сосын. – Қысқасы үшінші рет үйленіп едім, жолым болмады. Жиырма жас кіші еді. Ой, тоба-ай! Осы біз пенделер, табиғат заңын неге бұзғымыз келеді? Сол енді ақымақшылық! Шын ақымақшылық-қ...

– Махаббат жоқ дегеніңіз бе?

– Ол бар.

– Тең-теңімен дегеніңіз бе?

– ?!. 


* * *


«Адамды адам етіп ұстап тұрған ұлы қасиет – ол мінез!» деп ойлар еді Қайғы шал. «Біз бірақ, пенделер, қай кезде де момындарды, үндеместерді ұнатамыз. Соларды мақтаймыз. Ешкімге зияны жоқ. Тыныш тірлікті қалайды. Өзгелермен тайталаспайды» деп көкке көтереміз. Сол пенде қоғамға қаншалық қажетті? Ер басына күн туып, етікпенен су ішкен уақытта ондайлардан не күтеміз? Заман тарылып, тар жол, тайғақ кешуге түссек, одан не үміт? Беу, заман-ай, қолды кеудемізге қойып сөз сөйлер болсақ, тіршілікті қалай-қалай бұраңдату да, қалай-қалай сылаңдату да – сенің қолыңда емес пе, ұлы пендем! Соны бәріміз білеміз, біле тұра білмеген боламыз яки өтірік аңқаусимыз. Содан не ұттық? Не пайда таптық? Жарық дүниеге екпіндеп келген ермінез ұлдарыңды кеудеден итергенде, тобықтан қаққанда тапқаның кәні! Ұтқаның кәні! Жеткенің кәні!.. Сенен, о қасиетті өмір, мүлде жеріген сияқтымын! Бәлкім, өмір, кінәлі сен емес шығарсың. Тағы да пенделер кінәлі болар! Бәрібір! Бәрі де өмір-р... Адамдар тайталасы мәңгі бітпес, мәңгі аяқталмас осынау тіршілікті өмір демегенде не дерсің! Сенен шағылдым, өмір! Мүмкін, оған өзім де кінәлі болармын. Өзімнің жасықтығым, өзімнің момындығым һәм өзімнің тұйықтығым да себеп болар. Себеп көп! Ал, шығар жол жоқ! Жол аяғы – құрдым-м... Түпсіз тұңғиық...»


* *  *


Түнде тағы да түс көрді. Түсінде көкте қалықтап жүрген кереге қанат қыран бұған адам тілімен үн қатты.

– Сен жерде өмір сүріп қайтесің! Кел мына жаққа! Ұшып жет жаныма! – деді.

Қыранның даусы, о тоба, баяғы Жорға ағасының үніне ұқсап тұрды.

Көктен қыран емес, Жорға ағасы сөйлеп тұрғандай.


Екінші сала


Асау ақын


«Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым,

Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның!..»

Төлеген Айбергенов,

қазақ ақыны.


1


Ақындық мінез қызық. Ол бірде сөйлемей, томсарып жүріп алады. Енді бірде түбі түскен шелектей даудырлап кететіні де бар. 

Бүгінгі әңгіме тізгінін Асау ақын өзі алыпты. Ешкімге сөз кезегін берер емес. Өзі сөйлеп, өзі айтып, өзі тамсанып қояды.

– Поэзия деген тазалық! – дейді. – Адам жанының мөлдірлігін бейнелейді. Кәусар жырлар тууы үшін ақын жүрегі таза болуы шарт.

– Белгілі қағида, – деді Момын философ. – Ешқашан, ешбір қоғамда фашист ақын болған емес.

– Сен түсінбедің. Айтайын дегенім – ішкі сарайы тұнық, таза, шынайы болмаса, ештеңе шықпайды.

– Қоғамнан тыс бола ма?

– Әлбетте.

– Саясаттан да аулақ па?

– Әлбетте.

– Сонда-а...

– Сөзіңді бөлейін, – деді Асау ақын. – Мысалы, Абай ақын төрт құбыласы тең, байлығы бір басына жететін кісі. Бірақ іштегі іңкәр сезім бәрібір поэзияға жетелей берді. Сол Абай:

Туысқаның, достарың – бәрі екіұшты,

Сол себепті досыңнан дұшпан күшті.

Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған

Бұл не деген заманға ісім түсті? – деп күйзеле жырлаған.

– Абайға сөз жоқ, – деді Момын философ. – Поэзия пайғамбары секілді алдымыздан мен мұндалап шыға келеді. Бірақ, барлық ақын Абай ма?

Асау ақын арқалана сөйледі.

– Басқаны білмеймін, әйтеуір қазақ ақынға кенде емес! Қазақ қазақ болғалы бері өлең-жырмен өмір сүріп келе жатқан ел. Ертедегі батырлық-ғашықтық дастандардан бастап Абайға дейінгі кезең – бір бөлек әңгіме. Ал, енді Абайдан соң да Сұлтанмахмұт, Мағжан, Қасым, Төлеген, Мұқағали... болып жалғасар ақындық ұлы көш ше! Оны неге сезбейсің? 

– Сеземіз-ау, бірақ сезіне алмай жүрген сыңайлымыз, – деді Момын философ.

– Сезіну үшін поэзияны сүю керек. Тани алатын талғам керек.

– Иә, сосын?.. Ары қарай, – деп, Момын философ оны тыңдай түскен.

– Ақындық – алла сыйы! Оны қолдан жасай алмайсың. Мысалы, Мұқағали ақынды о баста Алла-тағала ақын етіп жаратқан. Бірақ ол «мен талантпын» деп кеуде қаққан жоқ. Қайта «мен қалай ақынмын деп айта аламын, халқымның өз айтқанын қайталадым» деді. (Асау ақын...)

– Осы Мұқағали қазір екінің бірінің аузынан түспейді, оның құдіреттілігі неде? Айтшы осыны... (Философ...)

– Мұқағали құйма талант, – деді Асау ақын. – Оның жырлары өзінен-өзі төгіліп тұрады. 

– Сен менің жанарымның ішіндесің,

Жанардың білесің ғой кішірмесін.

Ішіне жанарыңның сақта мені,

Біреулер көлеңкесін түсірмесін!..

Әдемі емес пе, а?

– Тәп-тәуір ғой, бірақ... – деп, Момын философ күмілжіп қояды.

– Түсіндім, – деді Асау ақын. – Мұндай төрт жолды кез-келген ақын жаза алады демексің. Аузыма түскен өлең жолдарын айта салдым. Әйтпесе, Мұқағалида санаңды семсерлеп өтетін сұмдық жырлар баршылық.

– Қай өлеңі?..

– Ол былай жазады:

Жазықсызбын дей алман, жат көріндім,

Жазықтымын дей алман, ақ көңілмін.

...Өмір деген біреу бар билік құрған,

Билігінен мен соның қақ бөліндім!..

Момын философ ойланып отыр.

Сосын айтты: 

– Осы сен, – деді Асау ақынға. – ...Мұқағалидың ең әдемі өлеңдерін оқымай отырсың. Соны байқаймын.

– Ал, мықты болсаң, өзің оқышы! Өзің-ақ айтшы ендеше.

– Айтсақ айтамыз, – деді Момын философ. 

Содан кейін сәл мүдірді де, былай деді:

– Қалқам,

Мен Лермонтов, Пушкин де емен,

Есенинмін демедім ешкімге мен.

Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,

Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген...

Оның аузындағы өлеңді Асау ақын жұлып алды:

– Ақынмын деп қалай мен айта аламын,

Халқымның өзі айтқанын қайталадым.

...Күні киген қазақтың қар өлеңін.

Шекпен жауып өзіне қайтарамын. 

Осылай жалғастыра оқыды да, қол шапалақтап, жас балаша мәз-мәйрам болды.

– Рас, – деді ол. – Рас айтасың. Шын мықты өлеңдерін еске түсіре алмағам екем.

– Кешір дос,

Айқайым бар кейде тегін,

Жер үшін жаралған бір бейнет едім.

Туған жердің құлы емес, тілімін мен,

Қалайда оны, сөйлетем!

Сөйлетемін! – дейді ғой қайран Мұқаң. 

Момын философ ақынға қарады. Толқулы жүзіне бір сәт көз тоқтатты.

– Ақын деген құбылыс қой, – деді сосын. – Құбылыс-с... Ақын болып туу керек...

– Өте дұрыс айтасың! Сен... дұрыс айтып отырсың. Шіркін, жер бетіндегі барша Адамзат ақынды сенше түсіне алса ғой...

– Ол мүмкін емес! Ақын – құбылыс. Ал, құбылысты жәй пенде түгел түсіне бермейді. Түсіну үшін терең зерде керек. Тұңғиық сезім керек...


2


– Мына әлемге тек қана Ақын көзімен қарау ләзім! Өмір сонда ғана әсем, сұлу көрінеді! Әйтпесе, өмір аса қызық емес. (Асау ақын)

– Өмірге ақын көзімен қарасаң, әдемі де әсем болады дегенге сенбеймін! Бұл даулы мәселе. (Философ...)

– Неге? – деді Ақын.

– Олай дейтінім, – деп философ әріден сөз қозғады. – Олай дейтінім – Ақын өмірге әртүрлі қарауы мүмкін. Неге жап-жас Есенин бұл өмірден безінді? Неге Маяковский өмірге сонша құмар бола тұрып...

– О-о, ол басқа жағдай! Ол басқа-а...

– Неге басқа? Солар ақын ғой. Ақын болғанда қандай?

– Оның себебі бар! Оның басқа да себебі бар-р... 

– Жә, орыс ақындарының себебі бар екен. Олай болса, өзіміздің Мағжанды айтайық. «Мына өмір абақты ғой саналыға» деп неге жазды?

Асау ақынның қабағы қатуланды. Еріндері жыбыр-жыбыр етті.

 – Саналы адам өмірді сүймей ме? – деп Момын философ тағы да сөйлей 

беріп еді, кілт тоқтатып:

– Соны да түсінбегенің бе! – деді. – Өзің философ емессің бе! Мұны философ түсінбесе...


* * *


– Сен неге қазақ туралы өлең жазбайсың?

– Қазақ туралы маған дейін ақындар жазып қойған. Тіпті поэма да бар..

– Ол қандай поэма?

– «Мен – қазақпын!»

– Оны кім жазған?

– Жұбан ақын.

– Ал, сол поэманы өзің түгел оқыдың ба?

– Жоқ, түгел оқымаппын.

– Ендеше, тыңда. Саясаттың бұғауында отырып жазылған шығарма. Сосын да шынайылық жоқ. Айтам дегенін айта алмаған. Желкесінен біреу наган тақап тұрғандай, алаңдап отырып кестелеген...

– Сонда маған не демексің?

– Сен... ұлт туралы жаз. Ұлтты шынайы сүйіп жаз. Таңданып жаз. Толғанып жаз. 

– Өлең жалпы адамзатқа ортақ болуы керек.

– Әр ақынның өлеңінен ұлттық өрнек, ұлттық нақыш байқалып тұрмаса, тамырсыз ағаш сияқты.

– Поэзия сезім емес пе! Ал, сезімде ұлт бар ма?..

– Қателесесің! Сезімді инкубаторға салуға болмайды. Әр ұлттың бойындағы қасиет, қайрат, қызу, тасқын... сол қалпында өлеңге айналмаса, поэзияның өлгені.

Алқына, қысыла, демі жетпей қинала жатып, оянып кетеді. Түсінде әлдекіммен айтысып жатыпты. Ол кім? Кіммен айтысты? Өзі де түсінбейді. Әйтеуір белгісіз біреу бұны осылай алқымдап алады.

Талайдан бері қайталанып келе жатқан таныс көрініс.


3


– Кез-келген сезімге бай адам өлең жаза алады, – деді Момын философ. – Адамның бәрі де ақын...

– Жоқ, – деді Асау ақын. – Ол қате түсінік! Ақын болып қалыптаспайды, ақын болып туады.

Өз дегенінен қайтар емес. (Философ қой...)

– Мына жарық әлемге шыр-р етіп келген жас сәби ақын болып туады дегенге сену қиын. Оны ақын ететін – өмір, қиындық, қарбалас, талас-тартыс...

– Олай емес! Тіптен де олай емес. Ақындық дарын бала бойында анадан туған кезде-ақ болады. Оны талант дейді. (Ақын сөзі)

– Онда неге ақындар әртүрлі? Неге бәрі де талантты емес?..

– Өйткені талант бәрінде бірдей бола бермейді. Біреуде зор, ол біреуде бәсең...

– О, ол да даулы нәрсе! Талант деген талант қой. Оның үлкен-кішісі бола ма?

– Болады, – деді ақын. – Болғандай қандай! Олар екі-үш топқа бөлінеді: бірі – хас таланттар, екіншісі – орташалар, ал үшіншісі – халтурщиктер...

– Сонда-а... халтурщиктерді қалай ажыратып алуға болады? – деп сұрады Момын философ. – Қалай танимыз-з...

Қайғы шал анадайдан айқайлады.

– Ой, сендер де... – деді. – Мықтының аты мықты, ал нашардың аты-нашар. Оған анықтама беріп жатудың қажеті бар ма!

Кішкене тоқтап алып, әрі қарай сөзін жалғады.

– Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен де бір жұмбақ адаммын, оны да ойла!

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!

Міне, осылай төгілу керек. Осындай өлең жазса ғана талант.

Жалт қарады. (Асау ақын ғой...)

– Сіз... Абайды оқыдыңыз ғой, – деді. – Абай қай кезде де Абай... Бірақ, Абайды оқи бастасаң, көңілің құлазиды. Жаның сыздайды.

– Шын ақын кісіні ойландыруы керек, қиналдыруы керек, – деді Қайғы шал.

– Абай философ қой, сосын да жаныңды қинайды, – деді Момын философ.

Енді ашуланып кетті. (Қайғы шал...)

– Абайға баға беретін сендер кімсіңдер! Абай – шың! Абай – асқар...

Асау ақын сонда да тежелмеді.

– Ол жазады:

Адамзат бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ!

Ертең өзің қайдасың, білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойла шырақ! – дейді. Ішің қан жылайды. «Өлетініңді ойлан!» деп тұрған жоқ па!

– Ол саған ескертіп отыр. Бүгінгі жарқылдаққа көп алданба деп тұр, – деді Қайғы шал.

– Өмірден мүлде түңілдіре беруге бола ма? Сұмдық қой, – деп ақын шамданды. – Поэзия алдымен кісіге күш-қуат сыйлауы керек. Тіршілікті сүюге үндеуі керек.

– Шайқалып нұр,

Маужыраған мамырдан май тамып тұр.

Жайқалып қыр,

Тауға соққан боз сағым қайта ағып тұр. 

Айталық сыр,

Серуендеп, жүр, қалқам, қайталық бір!..

– Неге осылай жазбасқа!

Момын философ қағаз-қаламын алып, жазып жатып:

– Бұны өзің жаздың ба? – деді.

– Мұқағали ақындікі.

– Ал, өзің ше? Өзіңнің жазғаның бар ма әуелі? Сен де ақын емессің бе?

– Ақынмын. Өз өлеңдерімді оқығым келмейді.

– Міне, қызық! Өз өлеңін өзі оқығысы келмейтін ақынды тұңғыш рет көріп тұрмын.

– Қызық түгі де жоқ. Өзіңді-өзің тым қатты сүйе бастасаң, жан-дүниеңде тоқырау басталады. Ең сұмдығы сол-л...


* * *


Азат (Асау ақынның шын аты) өлең жазуды өте ерте бастады. Мектепте жүріп-ақ оның өлеңдері республикалық басылымдарда басылды. «Жолым болған жігіт шығармын» деп ойлайтын. «Әйтпесе мен секілді өлең шимайлайтындар әр-әр облыстарда да бар емес пе!..»

Журналист ағасы болды. Мұны сүйрелеп жүріп, университетке түсірді. Оқуына жағдай жасады. «Әуелі диплом ал, сосын бәрі де болады». Журналист ағасының айтқанын екі етпейтін. Күндер өте келе Азаттың бойына желік бітті. Көше ақындарына ілесті. Солармен жарыса өлең оқыды. Сыра ішуді үйренді. Шалқып сөйлеуге машықтанды. Бір-екі ақын өлеңдеріне мақтау сөз айтты. Азат мүлде өзгерді. Өз ағасы:

– Мұныңды қой. Желік алысқа апармайды, – деп еді, оған:

– Мен ақынмын. Сіз поэзия туралы не білуші едіңіз! – деді. Ағасы түңіліп кетті. «Не істесең, о істе».

Оқудан қуылды. 

Жазған өлеңдері кітап боп басылмады. Поэзия кешінде бұған сөз берілмеді.

Ішкілікке салынды...

Бір қызға өлердей ғашық еді. Үнемі қызара бөртіп жүретін ақыннан ол да қашты. Қарсы келе жатса, жат бұрылып кететін болды.

Жалпақ әлемде жалғыз қалғандай.

«Өзімнің де құдай сүйер қылығым болсайшы! Өзіме де обал жоқ...» (Азаттың ойы)


4


– Ақын деген асқақтық! – деді Момын философ.

– Жоқ! – деді ақын. – Ақын деген мүсәпір... Аяу керек.

– Неге? Неге олай дейсің?

– Жан азабын еш пендеге тілемеймін! Ол азап – бұл дүниедегі бар азаптан да ауыр. Сосын да жанып кетеді... Өз жүрегінің отына... (Азаттың сөзі)

– Мүмкін, ол өз кінәсінен болар. Өзінің осалдығын шығар. Ішкілік ішіп... (Философ...)

– Бұл қате түсінік! – деді Асау ақын. – Өте қате түсінік! Ақын ішпейді. Ал, іше бастаған ақын өз өмірінен біржола безініп, отқа ұмтылған бейбақ көбелек! Шарасыздық белгісі. Басқа барар жері қалмағаны...

– Орыстар «надежда умирает последним» демей ме? Үмітті тез үзу деген... – Философ өзінше ой сабақтай бастап еді, Асау ақын шарт кетті.

– Түсінбейсіңдер! – деді. – Түсінгілерің келмейді. Ақынды түсіну үшін ақын боп туу керек... Ақын боп азап шеге аласыңдар ма?

Айбарлана қарап, бетін басқа жаққа бұрып әкетті. 


* * *


...Бір күні таңертең ерте тұрып, айна алдына барып еді, өзінің түрінен өзі шошыды. «Мына албасты шынымен мен бе, жоқ сайтан ба!».

Өзін-өзі қолға алмақ болды. Алдымен – ішкілікті қою. «Онда емделу керек» деп ақыл берді бір досы.

– Мен емделетіндей салынып ішетін алқаш емеспін. Былай да қоя алам.

Сөзінде тұрды. Ішкілікті ұмытып, тап-таза болып шыға келді. Журналист ағасынан кешірім сұрады. Оқуына қайтадан қабылданып, сырттай бөлімде оқып, диплом да алды. Кішігірім қызметке тұрды. Ертелетіп тұрып, ақ көйлек киіп, галстук тағып, жұмысқа жүгіреді. Осылайша күн артынан күн қуалап жатты. 

Бір жолы көшеде баяғы сүйген қызына жолықты. Көрген сәтте көзі жасаурап, кешірім сұрағандай кейіппен қасына тақай беріп еді, арғы жағында күйеуі тұр. Жүрегі су-у етті. «Аққуымнан айрылған екем». Қыз сол ойды көзімен ұқтырды.

Түнде жазу столына отырып, өзі сүйген сүйкімді қызды көз алдына елестетіп, өлең жазбақ болды. Қолы жүрмеді. Жазғандары – өте сәтсіз.

Осы жағдай ертесіне де қайталанды.

Бір айдан соң да...

Ең соңғы жазған жырын бір ақын досына оқыды. Досы «ақындық сені тастап кеткен екен» деді...

«Уһ!» деді Асау ақын. «Уһ, мен жоғалған ақынмын...»


5


Әшейінде аз сөйлейтін Қайғы шал тағы да әңгімеге араласты. 

– Әй, осы – ...деді ол. – ...Осы бар ғой, бүгінгі ақындар неге түкке тұрмайтын тақырыпты өлең етеді, а?

– Ақын өлеңінде түкке тұрмайтын нәрсе жоқ! – деді Асау ақын.

– Е, неге болмасын! Радиодан естимін, өлең оқыған көп ақынның жан толғанысы жүрегіме жетпейді.

– Сонда-а... – деді ақын. – Жүрегіңізге жетпейтін қандай өлеңдер?..

– Қандай деуің бар ма! Өткенде бір ақынды тыңдадым. Даусы әдемі. Ырғағы да жақсы. Бірақ... өлеңі әсерсіз.

– Неге?

– Өйткені, жерді сүй, адамды сүй деп ұран. Ұран өлең – өлең бе! Өлеңде сезім төгілісі болмаған соң...

– Ақын айналасына жіті қарап, жақсы уағыз айтса, ол жаман ба! Поэзияның бір міндеті де сол емес пе! (Философтың сөзі)

– Жоқ! Өлең жазу – мақала жазу емес. Тіпті керек десең, пәлсапа соғу да емес. Өлең-сезімнің төгілісі. (Ақынның сөзі)

Момын философ ашулана қалды.

– Философия – ой тереңдігі, – деді ол. – Оны да естен шығармаңыз. Елге тек өлең ғана керек пе?

Бұл екеуін Қайғы шал тоқтатты.

– Жә, жүректі қозғай алмайтын жырлар бар дегенім ғой, – деді. – Сондай өлеңдерді тыңдай алмаймын.

– Сіздің жүрегіңізге жетпесе, онда ол ақын емес. Ол – халтурщик...

– Астапыралла! – деді шал. – Ондай ақындар бола ма?


* * *

Өлең жаза алмай қалған соң, мына өмір тіпті де қызық болмады. Қызмет те, адамдар да ешбір селт еткізбейді.

– Сен енді журналист болсаңшы! Оған қабілетің жетеді ғой. (Журналист ағасы)

– Бола алмаймын. (Азаттың жауабы)

– Неге?

– Өйткені, жүрегім жыр жазуға арналған. Өз кезінде түсінбеген өзім ақымақпын.

– Ақын болмай да өмір сүріп жүргендер көп. Жыр жазу – жас кездің әурешілігі. Кісі есейе келе мінезі орнығып, салмақты болады. Сосын салмақты ойлар айтуға ұмтылады. Ол үшін...

– Сізді түсіндім, – деді Азат. – Ары қарай айтпай-ақ қойыңыз. Онсыз да ішім алай-дүлей.

Журналист ағасы сонда да тоқтайтын емес.

– Осы ақындарды түсінбеймін, – дейді. – Өнердің бәрі де қадірлі емес пе! Жазушы! Драматург! Публицист!.. Олар кімнен кем? Олар да елге, жұртқа арнап жазады. Ішкі сезім жетегінде жүреді...

– Ақын басқа ғой, аға! – деді Азат. – Сіз неге түсінбейсіз!

– Ал, түсіндім делік. Енді не істейсің?

– Білмеймін! – деді Азат. – Білмеймін... Түні бойы кітабын жастанып, Мағжан ақынды оқып жүрмін. Туған елге барып, тарихты қозғаймын ба! Тарихи поэма жазам ба, білмеймін.

Азат тоқтап қалды. Содан соң:

– Жоқ, жазамын! Жазуым керек! – деді... – Жаза алмай қалсам, өлгенім бе?..


* * *

– Мен бір қызға өлердегі ғашық болдым! Сол қызға әлемде ешбір ақын жазбаған өлең арнаймын деп уәде етіп ем. (Азаттың сөзі)

– Ал, сол уәдеңде тұрдың ба? ( Момын философ)

– Жоқ, тұра алмадым.

– Неге? Ақын емессің бе?

– Қыз туралы қырық өлең жаздым. Бәрі де сәтсіз. Жыртып тастадым.

– Одан соң?..

– Одан кейін өлең мені тастады... 


* * *

«...Сені жас күнімнен жаныма серік етіп едім! Бүкіл ойымды, сырымды, мұңымды адамзатқа айтып кетем ғой деуші ем. Енді мынау. Сен мені жатсындың. Мен сенен асаулық сезіндім. Жалына жуытпас асау арғымақ. Ол сен екенсің ғой, қасиеттім! Сен тарпаңсың! Бірақ сол мінезің дұрыс-ақ. Көрінген мініп, шаба жөнелер жабы болсаң, сен кім боларсың! Мені кешір! Мен бейбақ сенің қадіріңді де, қасиетіңді де білмеппін! Түсінбеппін. Бұл – өз қайғым. Өз тақсыретім! Қайғыны өмір бойы арқалап өтер жарық әлемде бір пенде бар болса, ол мен шығармын. Саған ризамын, жыр-нөсер! Саған мәңгі қарыздармын, өлең-өмір! Жаса! Жасай бер мәңгі, жыр – сәйгүлік-к!..»


* * *

Түс көрді. Үлкен сарайда, халық лық толған кең сарайда сахнаға шығып, өлең оқып тұр. Жо-жоқ, өлең емес, ұлттың мұң-зарын өлеңмен айтып тұр. Үлкен де, кіші де бұның аузына қарап қалған. Әрбір сөзін соншалық ынтамен, ықыласпен тыңдайды.

– Тағы, тағы да оқы, талапты інім! – дейді бір үлкен ақын.

– Шөліміз қанар емес, тоқтамаңыз, аға, – дейді жас топ.

Зал іші теңіз бетіндей толқынданып, теңселіп кеткен.

Жүрегінен жыр төгілуде. Тоқтаусыз, үзіліссіз төгіліп-төгіліп кетіп жатыр... 


Үшінші сала


Момын философ


«...Жүргемін жоқ қайғының жүгін артып,

Ер сүрінсе еңкеймес, жығылар тік.

Бөліп, жарған қайсыбір қуаныштан,

Ойландырған оңаша мұңым артық!..»

Мұқағали Мақатаев,

қазақ ақыны.


1


Ол былай деді:

– Кім не десе, о десін, мына өмірді ұстап тұрған алтын діңгек-ол философия!

– Пәлсапа дегеніңді көп түсіне бермеймін, ал өмірді қисын ұстап тұрады. Қисынсыз түк те жоқ... (Қайғы шалдың сөзі)

– Қисын деген не? (Ақын аң-таң)

– Ол деген – өмірдің терең мәніне үңілу деген сөз. Өмір сырын терең ұғына білмесең – қадірі де болмайды.

Асау ақын Момын философтың сөзіне құлақ түріп, тыңдай түсті.

– Екі түрлі аштық болады, – деді философ. – Бірі асқазан аштығы, онымен өліп кетсең, тым аянышты емес. Рухани аштық деген болады, ал бұнымен өліп кетсең, қайғысы ұзаққа созылады...

– Е, оны білеміз, – деді Асау ақын.

– Рухы биік ел болады, – деді Момын философ. – Ондай елдің адамдары да асқақ. Талант дейміз. Таланттың тас қайрағы не? Ол – ең алдымен өз жүрегіндегі жалын атқан алау болса, екіншісі – қай кезде де оған қолдау көрсететін қамқор елі...


2


– Біреуді алдап кету зор ақылдылыққа жатпайды! Ал, енді біреуден алданып қалсаң да, адамшылық биік бейнеңді сақтап қалуға әбден болады... (Философ)

– Осы жолы өте әдемі айттың!.. Алайда, бұл заманда өзгеден алданып қала беретіндерді ез, ақылсыз дейді. (Ақын...)

– Алданып қалушылық – ақылсыздық деп түйін жасау мүлде дұрыс емес. Залымдар мен зымияндар ешқашан алданбайды. Алдану-жаны таза жандарға тән.

– Сен түсінерсің, мен түсінермін, бірақ басқалар түсінбейді ғой, – деді ақын. – Алданды екен, ақылы таяз деп ойлау басым осы күні... Алданып қалғандар сосын да қайғы жұтады.

– Дұрыс емес, – деді Философ. – Мүлде дұрыс емес. Алдансаң да адалдығың сезіліп тұрса, ол қайғы ма? Жоқ, оған қайғырмау керек. 

 Асау ақын ойланып отырды да:

– Адамдарды түсіну ауыр ғой, – деді. – Ақылға бірде-бірі құлақ аспайды, ал өздері білмейді.

– Ол рас, – деді Момын философ. – Бұл тірлікте ең қиыны – өзі білмей, білгеннің тілін алмаушылық. Өкінішке орай, сондай ұрпақ көбейіп келеді. Содан мен де қорқам...


* * *


Марлен (Момын философтың шын аты) университеттің тарих факультетін бітірген. Бірақ тарихшы болған жоқ, философияға ден қойды. Әлемдік философияның ең мықтыларын жата-жастанып оқыды. Бірімен келісті, бірімен келісе алмады. Өз ойларын қағазға түсіре бастады. Сол жазғандарын университеттегі философ ағайға көрсетіп еді, таң қалды.

– Дайын ғалымсың ғой, – деді. – Тақырып ал да, диссертация жаз. 

– Маған ғылыми атақ қажет емес.

– Онсыз болмайды. Әйтпесе, сенің жазғандарыңды көрінген пайдаланып кетеді.

Сөзін тыңдап, тақырып алды. Зерттеді, ізденді. Ғылыми еңбек әзір. Ол арнаулы кафедрада талқыланды. 

Қорғауға жіберілді. Сосын ғылым кандидаты болып шыға келді.

Философ ағайы құттықтап тұрып:

– Ғылым кандидаты – доктор болудың алғашқы баспалдағы, – деді. Тағы да тақырып ұсынды. «Осыны тереңдетіп зертте». Марлен түн ұйқысын төрт бөлген еңбекке бас қойды.

Ғылыми жұмыс әзір болған кезде талас-тартыс басталды. «Бұның мамандығы тарихшы, философ бола алмайды». «Қолдан жасалған ғалым ғой» деп мұқатты екінші топ.

Профессорлар мен профессорлар айқасы.

Марленге өте ауыр тиді. «Құдай-ай, ғылымда нем бар еді» деп қиналды. «Маған атақ керегі жоқ еді ғой...»


3


– Өмірде кісі табиғатымен ұштасып жататын екі ұғым бар: кекшілдік және көре алмаушылық... (Асау ақын...)

– Осы екеуіңнің айырмасы бар деп ойлайсың ба? (Философ...)

– Екеуі бір-біріне жалғас ұғым. Біріншісі екіншісін тудырады.

Момын философ бұл пікірге келіспеді.

– Кекшілдік – шегі бар ұғым, – деді. – Кімде-кім өз кегін алған соң, тоқтайды. Ал, көре алмайтындар қауіпті. Өмір бойы осы кесапат ойдан арыла алмайды.


4


– Философия ғылым емес, – деді Асау ақын. – Ол теорияға бағынбайды.

– Жоқ, философия ғылым, – деп, Момын философ қарсы дау айтты. – Философия адамның ақыл-ойының жемісі. Оны ғылыми тұрғыда жүйелеуге әбден болады.

– Әй, қайдам! – деді ақын. – Әй, қайдам-м... Философия деген ой. Ойды бар десең бар, жоқ десең – жоқ... Оны қалай ғылыми тұрғыда түйіндейсің,а?

– Түйінделеді. Бізден бұрынғылар жүйелеген де.

– Сол философ – ғалымдарыңыздың біразымен таныспын. Алайда, жазғандарына көңіл тоқтату өте қиын. Бәрі де күмәнділеу... Даулылау...

– Өйткені сенімсіз оқисың, – деді философ. – Өзің сенбеген соң жүрекке жетпейді!


5


«...Мына өмірде бір жазылмаған заңдылық бар. Ол мынау. Егер ақылды мен ақымақ айтысса, сөзсіз ақылды жеңіледі. Ақылды мен ақылды таласса, екеуі де жеңіледі. Ал, ақымақ пен ақымақ сөз таластырса, екеуі де жеңілмейді...»

Күнделік дәптеріне осындай сөздерді әлдеқашан жазып қойған еді.

Соны бүгін қайта оқыды да, ойға қалды.

Асау ақын бұны мазақ ете:

– Немене, тағы да қияли әлемге кіріп кеттің бе? – деп күлген.

Келелі әңгімеге шақырды.

– Мен ақылдыларды аяймын, – деді философ. – Олар үшін өмір сүру азап...

– Е, неге? – деді Асау ақын. – Неге олай дейсің?

– Ақылды адам жер бетіндегі барлық әділетсіздікті жүрегі арқылы өткізеді, сосын ауырады. Ал, ақылсызға бәрібір...

Осы жолы философты қостады. Сөзін былай жалғастырды.

– Білесің бе, не сау емес, не жынды емес, мең-зең жастар көбейді, – деді. – Солармен түсінісу қиын. Ең ауыры – өзіңнің көзің жетіп тұрғанды да дәлелдей алмайсың.

– Жоқ, олай емес, – деді философ. – Дәлелдей алмайды емессің, олар сол дәлеліңе тұрмайды. Тыңдамайды. Тыңдаса да түсінбейді. Не түсінуге талпынбайды. Содан кейін барып... қажисың. «Осы маған не жоқ » деп өз-өзіңнен іш құсаға түсесің. «Күл болмасаң, бүл бол» деп қол сілтеушілік бой алып бара жатыр. Бұның аты-немқұрайдылық... Бұл – қоғам үшін аса қауіпті!


* * *


...Әрі ойланды, бері ойланды. Докторлық диссертацияны жылы жауып қойып, басқа шаруамен айналыспақ. Университетке сабақ беруге шамасы жетеді. Мақалалар жазып, газет-журналдарға жариялатып жатса да артық емес. Әйтеуір, қарап жатпауы керек.

Философ ағайы айтты:

– Сені өте қайсар шәкірт пе деп ойлаушы ем. Сөйтсем қателескен екем.

– Осы күні қайсарлық қажет пе өзі?

– Дүниеде қайсар жандар жоғалған күні бәрі де тозады. Қайсарлық – кісіні қайрайтын тасқайрақ.

– Мен ғылым үшін туған жан емеспін. Оны өзім де сезем.

– Жарайды, ғалым болмай-ақ қой. Алайда, қолға алған істі аяғына дейін жеткізбеуге бола ма?

– Көңілдегі шаруа болмаған соң, ықылас та әлсірейді.

– Ендеше! – деді философ ағайы – Мені тыңда. Философияның көкесі – елде. Ақсақалдар аузында. Сен соны жина. Соны жүйеле.

Марленге мына ұсыныс қатты ұнады. Бірақ бірден бас изеп, дереу елпілдеген жоқ. «Ойланып көрейін» деді.


6


– Осы күні ойлаймын, – деді Момын философ. – Өмірді өзіңше сүру үшін философ болып қажеті жоқ. Білмеген жақсы. Білген сайын кісі жаны жабырқайды. Жүрегің сыздайды. Ойың зіл-батпан. Осы кімге керек?..

– Сен секілді философтар болмаса, өмірдің қиындығын пенде сезе ме! – деді ақын. – Өзіңе ауыр болса да, сенің өмірің өзгеге сабақ. Соны ұмытпа!


7


Соңғы кезде бір ой мазалайды да жүреді. Бірақ, сол ойын ешкімге айтпай һәм ешкіммен бөліскен емес, не де болса өз ішінде. 

Бүгін, бірақ, шыдамы таусылды ма, ішіндегісін жайып салды.

– Мен ақын-жазушылардың ұстанған бағытын түсінбеймін, – деді. – Қай кітапты оқысаң да айтатыны – әділетсіздікті әділдік жеңеді. Жаманды жақсы ұтады. Айлалыдан аңқау асып түседі. Осы, ойлап қарасаң, шындыққа сәйкес емес.

– Неге? – деп сұрады ақын. – Неге олай дейсің?

– Бұл өтірік. Біз елді өтірікке сендіргіміз келеді.

– Адалдық арамдықты жеңетіні өтірік пе?

– Арам жолды таңдағандар қай кезде де айлалы. Айла-әдіс. Айла-құрал. Демек, айлалы-жеңімпаз.

– Адалды жақтайтын ел бар, жұрт бар. Солар көмек қолын созады, – деді ақын.

– Жоқ, – деді Момын философ. – Жұрт деген қара халық. Оның санасына кім дұрыс, кім бұрыс деген ұғым жеткенше талай уақыт. Айлалы өз ісінің теріс екенін ешқашан сездірмейді. Оны сезіп-түйсіну үшін де үлкен парасат, ақыл, талғам керек.

– Сонда сен... – деді ақын. – Адалдық деген қашанда әлсіз дейсің ғой, ә!

– Адалдық та сәби. Ол – сенгіш, ол – аңқау... Арамдық соны пайдаланып келеді. Пайдалана да беретін шығар. – Момын философ күрсініп алды. Әлдебір философтың «хам рассчитывает на Вашу воспитанность» дегені осындайда айтылған!


* * *


...Қаладан кеткісі келмеген. Бала көтере қоймаса да, жанында сұлу жары. Өз үйі болмаса да, жалдап отырған екі бөлмелі пәтері бар. Бәрі де алда. Үміті зор еді. Бәрі де бір күнде шіріген жіптей бырт етіп үзіліп сала бергені...

Бұған дейін де ұзын құлақтан естіген.

Жары өзі жоқта әлдебір жігіттермен қалжыңдасып-күлісіп, кафелерге барады екен. Түн ортасына дейін отырады екен. 

«Жаным ашыған соң айтамын, осының алдын алсаңшы» деді бір досы. Сөзін елең қылмады.

«Әйеліңнің жолы сұйық, оны тыйып ал, болмаса елге күлкі боласың» деді тағы бір досы. Оны да жүре тыңдаған. 

Өзінің көзі жетіп тынды.

Бір кеште парктегі кафеде бейтаныс еркекпен сүйісіп отырғанын өз көзімен көрді де, сезімі су сепкендей басылды. 

Оңаша сөйлесіп отырды.

– Сен... сен неге мен қорлайсың? – деді әйеліне.

– Қорлау деген не? Біз ХХІ ғасырдың жастарымыз. Махаббат, сезім еркіндігі бізге әлдеқашан жеткен.

– Ол қазаққа жат нәрсе. Некелі жар өз төсегін қадірлей білуі керек.

– Ғылымның соңына түсем деп мына өмірден мүлдем мақұрым қалыпсың, – деді ол. – Көзіңді ашып қарасаңшы, айналаңда не боп жатыр! Шетелде әйел мен әйел, еркек пен еркек бас біріктіріп, өмір сүруде.

– Ол психикасы ауытқағандардың ісі.

– Сол шетелде бір келіншек 2-3 еркекпен төсектес...

– Ал, күйеуі ше?

– Күйеуіне де рұқсат берген. Көңілі қаласа, өзге келіншекпен көңіл көтеруіне болады.

– Бұл азғындау. Бұдан ертеңгі ұрпақ не болмақшы?

– Оны біз емес, дәрігерлер ойлауы керек. Сол үшін ақша алады.

– Енді түсіндім. Сен... сен ауыра бастапсың!

– Жоқ! – деді әйелі. – Ауырғам жоқ, замана ағымына ілестім. Ал, сен... сен уақыттан қалып қойған ескі қазақсың. Баяғы қазақсың-ң...

Ұрысып-таласып жатпады. Киім-кешегін жинады да, ел қайдасың деп тартып отырды. Кетерде философ ағайына арнайы соғып:

– Сіздің өтінішіңізді құп көрдім, – деді. – Елге кетіп барам.

Ағайы қуана шығарып салды.

– Сені күтемін, олжалы орал, – деді.


8


«...Мен демократия деген еркіндіктен қатты қауіптенем. Ол деген отпен ойнау. Жер бетіндегі барша халық бірдей емес. Ойы да, әрекеті де... Е, ендеше неге әр адам өз ойына келгенді жасауы керек, «бұл демократия-я» деп арқаны кеңге салып отырып, түптің түбінде аяғымыз аспаннан келіп жатса...»

Бұл – Момын философтың ойы.

«...Демократия деген – еркіндік. Өз еркіндігі жоқ елдің болашағы да бұлыңғыр. Байлап-матап ұстаған халық түбі теңселеді. Толқиды. Тасиды. Сонда көресің-ң...»

Бұл – Асау ақынның ойы.

«...Ел-жұрт дегенін істесін, бетінен қақпай-ақ қояйық деген қоғамда ешқашан жақсылық болған емес. Оның аяғы ақыры қақтығысқа, ұрыс-керіске, төбелеске келіп тіреліп отырған. Өйткені, адамның табиғаты сондай. Адам кейде еркіндікті бетімен кеткен тәртіпсіздікпен шатастырып ала береді.» (Момын философ)

«...Не десең о де. Халықты матап ұстау – ақылдылық белгісі емес. Еркін ел бәрібір еркін ойлауға ұмтылады. Ақ пен қараны, жақсы мен жаманды өзі-ақ айыратын болады.» (Ақынның ойы)

«Оның рас. Елдің мойнына қамыт кигізіп ұстамау керек. Алайда, әрбір демократиялық әрекеттің шегі болғаны мақұл. Шексіз еркіндік – шатаққа бастайтын жол». (Момын философтың ойы)


9


Саясат жайлы сөйлесіп отырды. Философ айтты:

– Өзін ақылды санайтын, алыстан тың-тыңдап, ойын ашып айтпайтын кейбіреулер «мен саясатпен айналыспаймын, саясатта түк те шаруам жоқ» деп бөседі. Соны аса бір тапқырлық деп ойлайды. Расында, ол ақылды ма? Әй, қайдам! Егер сен саясатпен айналысқың келмесе, онда күндердің күнінде саясат сенімен айналысып, сені сыртқа тебеді. Осыны түсінсе ғой... – деді. Асау ақын:

– Оның рас, – деді. – Алайда кез-келген кісі міндетті түрде саясатпен айналысуы керек деуіміз орынды ма? Жұртшылықтың белгілі бір бөлігіне тыныш тірлік те қанағат...

– Ол болмайды, – деді Философ. – Ол қателесу. Ол – тізгінді қолдан беру.


* * *

«...Сенің шегіңе де, шетіңе де ешкім жете алмаған! Сені тіршіліктің алтын діңгегі екеніңді кез-келген пенде түсіне бермейді. Ойлай білгенге, өмір сүрудің өзі белгілі бір пәлсапаға бағынады. Бірақ, әр баста бір қиял. Әркім өзінше өрнектейді, әркім өзінше ой сабақтайды. Сайып келгенде, соның бәрі де философия! Ол – сенсің, құрметті философия! Мен саған бар ғұмырымды арнауға серт етіп ем. Алайда тайғанақ тағдырын өз жолымнан ылғи да адастыра береді, адастыра береді. Мен-адасқақ адаммын!..»


* * *

Бұл да түс көрді. Түсінде Әбунасыр Әл-Фарабимен шәй ішіп отырды. Әбунасыр бабасы бұған әңгіме айтады. Бұл ести алмайды. Екі құлағы тас керең. Қайта-қайта итіне түсіп, бабасының не дегенін ұққысы келеді. Естімейді. Естілмейді. Бабаның еріндерінің жыбыры ғана көз алдынан көлбейді...


Төртінші сала


Үшеу және бар әлем


«...Шындық деген пәлсапа емес,

Керек десең дін де емес.

Қара жердің тереңінде,

Ал тереңдер үндемес!

Ешқашан да биіктерден

Іздемейді шындықты,

Тек тереңнен таба алады,

Болса нағыз кім мықты!..»

Хұсейін Нихал Атсыз,

түрік қаламгері.


1


Ашу шақырды.

– Осы шалды түсінбеймін, – деді. – Кім өзі? Нені айтсаң да жоққа шығаруға ұмтылады. Қолдау орнына қиқар мінез көрсетуі көп...

Момын философ айтты:

– Оған несіне таңданасың! Сондай мінезі болған соң да ол – жалғыз. Ол – Қайғы шал.

– Жалғыздығын айтып тұрғам жоқ, – деді Асау ақын. – Кім жалғыз қалмайды! Мысалы, мына мен де... «сүйдім, күйдім» деген шөпжелкеммен ажырастым.

Күлді. Күлді де:

– Сен әйеліңмен жәй ажырасқан жоқсың, бала көтермеген соң ажырастың, – деді. – Ол басқа әңгіме.

Қайта ашуға басты. Жеке бас кемшілігін айтатындарға онша ықыласты емес. «Менің жеке өмірімде шаруаларың болмасын, ақындығыма баға беріңдер». Сол мінезі әлі бар.

– Мені... талқыға салмай-ақ қой, – деді ашуға булыға. – Мен ақынмын. Ал, ақын өмірі қай кезде де тастақты, тайғақты.

– Ақынның ғана өмірі ме! – деп күлді Философ. – Ойлап қарасам, үшеуміздің де өміріміз жетісіп тұрған жоқ.

– Сонда не демексің?

– Шал ғана емес, біз де қайғылымыз. Өмірде біздің де жолымыз болмаған. Демек, бәріміз де қайғыбайлармыз...

– Мен олай ойламаймын, – деді ақын. – Бақытты өмір деген отбасы тірлігімен айқындалмайды. Ұл-қыз өсіріп отырып та бақытсыз күй кештіндер көп.

Ойлана, толғана тілге келді.

– Өмірдің мәні, қалай ойласақ та, ең алдымен отбасына тіреледі. Пенде мына жарық әлемге ұрпақ өсіру үшін келмек. Әйел мен еркектің мықты одағы болуы шарт.

– Ол бұрынғы қағида! Қазір заман басқа. Келіншектердің де психологиясы өзгерген. «Берік одаққа» кедергі көп. Бәрі кедергі...

– Психология экологиясы басталды десейші! Сана сырқаттанды десейші!

– Не десең о де, бүгінгі адам мүлде басқа. Өзінікін дұрыс санайды. Осы күні ақылды болу – азап. Ақыл ешкімге керек емес. – Сәл-кем мүдірді де, сөзі қайта жалғады. – Жастар тұрмақ, егделер де осылай. Аз уақытта қариясы жоқ халыққа, яғни қария бола білмейтін елге айналамыз. Сұмдық сонда басталады. Көрерсің әлі...

Сәл кідіріп барып:

– Осы шалды айтам да, – деді қайтадан бағанағы әңгімеге оралып. – Өзі қисықтың қисығы. Несіне жетісіп 

Оның сөзін философ бөлді. 

– Қайғы шал тегін кісі ме? Оның көргенін біз көргеміз жоқ. Кешегі сойқан жылдар куәгері! Ол – тірі тарих!

– Е-е, білеміз ғой! Білесіз ғой, біз де. Кезінде бұғып қалған адам да. Әйтпесе, қазақ арыстарынан артық па! (Ақын)

– Кімді айтасың? (Момын философ әдейі сауал қойды)

– Алаш арыстарын айтам, – деді ақын. – Мағжанды, Мұстафаны, Міржақыпты, Ахметті... айтам. Соларды айтсаңшы онан да...

Сосын бір өлең оқи бастады. 

– Кешегі қара күндерде,

Жұлдызсыз, айсыз түндерде,

Жол таба алмай сенделіп,

Адасып алаш жүргенде.

Бұл күнгі көп шешендер

Сұраймын сонда қайда едің?..

Қабағы қатуланып, басын ұстап отырып қалды. Оның осы күйін байқаған Момын философ та енді ештеңе демей, төмен қарап, жер сызғылаған. Кенет Асау ақын басын көтеріп алды да:

– Мен қазақ ұлтына зор қайғы әкелген ВКП (б)-ның 1927 жылғы «Қазақ байларының мал-мүлкін тәркілеу туралы» қаулысын, сонымен бірге сол уақытта қол қойылған басқа да ұлт намысына тиетін құжаттарды түгел ел алдында жырту керек, құрту керек, отқа жағу керек деп ойлаймын, – деді. – Сол құжаттар-тарихтың қара парақтары...

– Онсыз да ұмытылды емес пе! – деді Момын философ.

– Жоқ! – деді Асау ақын. – Жоқ, ұмытылған жоқ. Құжаттар салған қанды жара әлі де жүрегін ауыртатын ұрпақ бар арамызда...


2


Екі жігітті тағы да әңгімеге жетеледі.

– Жасы ұлғайған кісіні қайраты тайды демеңдер, ақыл-кеңесі қажет болады, – деді. – Бүгінгі жастар үлкенді сыйлауды былай қойып, тыңдауды да ұмытты. Бұның арты жақсылық бола ма?

– Тыңдайтындар да бар, – деді Момын философ.

– Бар, бірақ өте аз, – деді Қайғы шал.

– Жастар тыңдауы үшін пәтуалы сөз қажет, – деді ақын. – Оны да естен шығармаңдар.

Дала қыранының даусымен шаңқ етті. (Қайғы шал)

– Әй, балам! Сен ылғи бір жағыңа қисая сөйлейді екенсің. Жалт етіп олай, жалт етіп бұлай шығасың кеп. Ол жақсы емес. 

– Қазыбек бабам айтқан сөз бар. Ол кісі айтыпты. (Ақын ғой)

– Жалтылдайды екен деп жастықты сөкпе,

Бәріңнің шыққан тегің сол... – дегенін білесіз ме?

Қайғы шал сөзді іліп әкете қойып, былай деді:

– Әй, балам-ау, сол Қазыбек бабаң тағы да айтпай ма.

– Қалтылдайды екен деп кәрілікті сөкпе,

Ертеңгі жетер шегің сол, – деп.

Күліп жіберді. Екеуі де.

– Мен сізді тексеріп едім! Біле ме деп ем! Сіз тегін шал емес екенсіз... Сіз... данышпансыз. (Ақын)

Момын философ та езуледі.

– Неге күлесің? – деді ақын.

– Сенің сөзіңе, – деді философ. – Бағана осы шалды қияли қарт деп сөгіп алып ең. Ал, енді қазір...

– Адаспайтын адам болмайды, – деді ақын.

Шал кеңкілдеп тұрып күліп алды да, аспанға, зеңгір көкке шалқая қарап, қатты түшкірді.



3


– Адасу – заңдылық! Кісі адаспауы мүмкін емес. Өйткені әр адамның өз жолы бар, оның тақтайдай сызылған түзу бағыты болған жоқ, болмайды да. (Қайғы шалдың сөзі)

Асау ақын оны тыңдап тұрып ашу шақыра:

– Адамның бәрі де адасады дегенге қосылмаймын, – деді. – Өз жолын, өз соқпағын әу бастан-ақ дұрыс таңдап, дұрыс таба алатындар да бар.

– Оларға жол көрсетуші болса, әрине адаспайды, – деп, философ та қосақтала беріп еді, Шал сөзді бөлді.

– Пенде жер бетіне ең алдымен адасу үшін келеді, – деді. – Адаспай өмір сүрген бір пенде жоқ. Өйткені, қай жұмыр басты пендеңіз де алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Білуі мүмкін де емес.

– Ал, ендеше, – деді философ. – Неге шындықты айтудан қашамыз? Кісі өз ішіндегі шындықты тайсалмай айта алса, адасуда аз болар еді.

– Шындықтың да шындығы бар! Кейбір шындық кісінің өзімен бірге өлуі тиіс. (Асау ақын)

– Біз қателессек, ұрпақ қайталамасын деп айтпаймыз ба! Өйтпесек, даму болмайды. Мысалы, мына біздің шал өмірде үш рет үйленді, алайда үшеуі де сәтсіз болды. (Философ)

Жалт қарады. (Қайғы шал)

– Олай деме! – деді. – Олай сөйлеме сен! Алғашқы екеуі – жастықтың қателігі. Ал, үшіншісі...

– Соны айтып беріңіз! (Момын философ ынтыға түсті.)

– Бұл басқа әңгіме!

– Сонда да...

– Әй, шырағым, бағана айттым ғой. Біз табиғат тәртібін бұзып алмауымыз керек.

– Қалай? Қайтып?

– Жастыққа тән нәрсе кәрілікке сын! Соны ойламаппын. Жас келіншек маған өзім ойлағандай жар бола алмасын аңғармаппын. Бар кінәм сол...

– Ал, мен, – деп, Асау ақын да сөзге араласты. – Мен болсам әйелімнің қадірін білмеппін. Оның көңілін қалдырыппын. Көзіне шөп салып...

– Үшеуміз де жетім екенбіз! – деп күрсінді шал.

– Жоқ! – деді ақын. – Жалғыздық жетімдік емес. Оны кемшілік деп те ойламаймын.

– Дұрыс айттың, – деді шал. – Мына сөзің маған ұнап тұр.


4


«Жалғыздық – мықтылық» деп ойлар еді Қайғы шал. «Менің осы жүрісімді жер басып жүрген жұмыр басты атаулы түсіне алмай жүр. Түсінбесе түсінбесін. Өзім өз жолымды білем. Жалғыздық – рухтың құдіретін сездіре алады.»

«Жоқ!» деп дауыстады ішінен бір бөлек дауыс. «Жоқ! Сіз қателесесіз. Жұмыр басты пенде бұ фәниге өз сыңарын табу үшін келеді. Сыңарын тауып, артында ұрпақ қалдыруды ойлайды. Өйтпесе, өмір де жалғаспайды...»

«Әй, сен өзің неткен дөрекісің!» деп айқайлайды Қайғы шал. «Екеу-екеу, үшеу-үшеу боп өмір кешу әрине, жеңіл. Ол – әлсіздерге арналған амал. Мықты екенсің, жалғыз жүріп жол тапшы, кәне!»

«Жаратылыстың жазылмаған заңы бар» деді ішкі дауыс. «Оны жұмыр басты пенде қажет етсе де, етпесе де орындауы қажет. Оны орындамау – өмір сүру ережесін аяқ асты ету».

Қайғы шал айтты:

«Рас, өмір деген өзеннің өз тәртібі бар. Бірақ ол – барлық пендеге міндетті деген жазу да жоқ. Сосын да ілкі қоғамда әртүрлі, әрқилы адамдар өмір кешкен. Олардың өмірін талқыға салып, сын тезіне салу – ақылдылық емес. Қай әрекеттің де себебі болады. Сосын білуге ұмтылмау – қасірет!».


5


– Әлемді кім билейді? – деп сауал тастады. – Кім деп ойлайсыңдар?

– Әлемді батырлар, ержүрек ұлдар билейді, – деді ақын тез жауап қатып. – Арғы-бергі тарихта әлемді жаулап алуға ұмтылғандар Македонский, Наполеон, Шыңғысхан...

Шал күлді.

– Сол кісілер шын мәнінде әлемді бағындыра алды ма? Жоқ, бағындыра алмады. Қайта сағы сынды. Өкінішпен өмірден өтті.

Сөзге Момын философ араласты.

– Әлемді билейтіндер – философтар, – деді. – Ой тереңдігімен билейді.

– Жоқ! – деп айқайлады ақын. – Әлемді билейтін – ақындар. Олардың отты жырлары...

Екеуіне кезек-кезек қарап, аз-кем үнсіз отырды да:

– Бұл да дұрыс жауап емес, – деді. – Сендер жауабын таба алмайсыңдар.

– Енді кім? – деді Асау ақын.

– Сонда кім? – деді Момын философ.

Қайғы шал айтты:

– Әлемді билейтіндер – сөйлемейтіндер, – деді. – Сөйлеу – қателесудің басы. Осы күні қай философты да сынай аламыз. Қай ақынды да жерден алып, жерге саламыз. Мықты екенсің, үндемей өткендерді сынап көрші! Сынай алмайсың. Сосын да олар мықты. Біз, пенделер, үндемей өткен данышпандарға таңқалумен, табынумен бұл фәниден өте береміз-з...


6


– Мен артықпын деме, – деді шал. – Мен мықтымын деме!..

– Өзіңнен төмен тұрғанды көріп-біліп тұрсаң да айтуға болмай ма? – деп сұрады ақын.

– Оны айтуға болмайды.

– Ал, сонда не деуіміз керек?

– Айтқың келсе, өзіңді төменмін де.

– Өзіңді-өзің қорлау болмай ма?

– Қорлық емес, қайта өзіңді-өзің көтермелеу, – деді шал. – Төмендеп сөйлесең, досың тұрмақ, жауың да ойланады. «Неге бұлай дейді» деп іштей күйгелектенеді. Төмендей білу – қуатты қару. Ол – бәрін де жеңеді. 


7


– Осы күні ешнәрсеге қызықпайтын, ештеңеге ұмтылмайтын жастар көбейіп кетті. Оларға мына жалғанда не болып жатса да бәрібір! (Қайғы шалдың ойы)

– Бұл – ақырзаманның ұрпағы! Заман кері кетейін десе, өстіп әуелі жастары азады. Жас ұрпақ азғындаса, болашақтан не күтуге болады. (Тағы да Қайғы шал...)

– Осының сыры неде? Соны түсіне алмай жүрмін, – деді Момын философ. – Ақыл-есі бүтін бола тұра неге селқос!

– Оны ой кінәраты деп ұғу керек, – деді шал. – Ой мен сана сырқаттанса, ол қауіп. Одан қорқу керек.

– Сана сырқаты неден? Оның сыры неде? – Ақын қарсы сауал берді. – Жастарды кінәлағанша, алдымен осыған жауап іздемейсіз бе?

– Оны білмеймін. Менен емес, табиғаттан сұра!

– Табиғат сөйлемейді ғой.

– Е, сен сөйлет! Сөйлете біл! Сонда сырқат сыры ашылады. Қайғы құпиясын білесің. Адамзатты қайғы мен мұңнан құтқарасың...

Асау ақын да, Момын философ та ойланып отыр...


8


– Сөйтіп, әңгіменің аяғын айтпадыңыз ғой, – деді философ жігіт.

– Қай әңгіме ол? – деді шал.

– Әлгі қыранның ашуы жайлы хикаяны...

– Е-е, – деді шал. – Е-е, қайдағыны тағы да еске салдың. Енді ұмытам ба дегенде...

– Жорға ағаңыздың мәйіті табылды ма?

– Жоқ, табылмады. Сен оны айтасың, әлгі оқиғадан соң Мұрт ағам да көкте қыран көрсе, үйге жүгіретін болды. Көпке дейін үрейден айыға алмады.

– Сосын?..

– Сосын не болсын! Мен бәрібір еш күдерімді үзгем жоқ. Әйтеуір бір күні Жорға ағам көктен жерге қонатындай, қайта оралатындай. Сөйтсем, ол балалық арман екен. Қиял екен!..

Көкте тағы бір қыран пайда бола кетті.

– Анау құс сол Жорға емес пе екен, – деді философ.

Шал да аспанға қарады. Қыран оның төбесінде айналып ұзақ-қ тұрды. Екі қолын жайып, әлденені күбірледі.

Бұл жолы оған Момын философ та, Асау ақын да кедергі жасаған жоқ. Шал мен қыран іштей тілдескен сыңайлы.

Не айтты екен олар? Бір-біріне не деді?..


9


– Міне, Көктау! – деп ақын айқайлап жіберді. – Біз Көктауға да көтерілдік. Көктаудың ұшар басына...

Алыстан аспандап көрінетін биік тау төбесіне шықсаң бірден аласарып сала береді екен, – деп философ та өзеуреп тұр.

Кенет... Көктаудың ұшар басындағы биіктен шал төмен қарай құлдилады. Сонау-у тұңғиыққа... 

– Мұның қалай, шал-л... – деп ақын жүгіріп жете алмады.

– Ата-а! – деп философ тұтыға, тұншыға дауыстады.

Екеуі қазіргі жағдайды тіпті де түсінген жоқ. 

Аяғы тайып кетті ме, әлде өзі секірді ме – ол жағы жұмбақ. Көз ұшында қалықтап ұшып бара жатқандай...

Асау ақынның да, Момын философтың да тілі байланып қалыпты...


* * *


«...О, Қыран – аспан! О, қыран – әлем! Мен сенің құшағыңа еніп кетсем, еш арман болмас-ақ. Бірақ сен қабыл көресің бе мұнымды! Сезерсің бе жан сырымды! Мен...мен жер бетіндегі жалғыздық деген қапастың азабын шеккен жанмын. Кеудем толы мұң, көкірегім толы – шер... Кей-кейде неге адам боп жаратылдым, неге құс болып жаратылмадым екен деп арман етем. Егер құс болғанымда, сөзсіз қыран болар ем. Қыранша қалықтап, қыранша қиылар ем. Сорыма қарай, маған қырандық ғұмыр емес, пенделік мимырт өмір бұйырды. Жаныма сол батады.

Қайдасыңдар, зеңгір аспанның қырандары! Сендер бар болыңдаршы! Сендер көк жүзінде бар болып жүріңдерші! Көңілге ең болмаса сол да медеу, сол да қанағат!

Қалықташы, қырандарым-м!..»


Cанадағы арпалыс

(Ойжелінің соңы)


– Көктауға кеткендерден хабар ма?

– Әлі жоқ.

– Артынан іздегендер бар ма?

– Ондайлар жоқ.

– Ойбай-ау, судың да сұрауы бар. Неге іздемейміз? Неге үнсізбіз? Бұнымыз не, жұртым-ау!..


* * *

Олар, міне, осындай өзгеше жандар еді. Сіз бен біз өмір кешіп жатқан тірліктің ең бір елеусіз адамдары болатын. Көңіл аударып, айтқандарын тыңдап жатқандар да жоқ. Алда-жалда ғайыптан тайып кездесе қалғандар олардың сөздеріне түсіне алмай:

– Ой, өздері қияли екен, осындай да адамдар бар екен-ау, – деп мұрын шүйіріп, қастарынан тезірек кетуге асығатын.

Көп адамның мұндай мінезіне бұлар ренжіген де емес. «Неге өйтесің!» деп құлақ қайшылап, қыр соңына түскен де жоқ. Әркімдікі өзіне дұрыс.

Ең қызығы – мына фәниде кісі неғұрлым ақылсыз болса, соғұрлым секемшіл. Неғұрлым ойы таяз болса, соғұрлым өзгеге өкпешіл. Неғұрлым кінәсі көп болса, соғұрлым басқаларға кінә таққыш. Адам, сірә, сосын да періште емес.

– Адамдар неге жеңіл өмірді қалайды, – деп сұрар еді ақын ақсақалдан.

– Өйткені, балам, ақылды болу – азап.

– Адамдар неге өмір философиясына мойын ұсынғысы келмейді, – дейді философ.

– Өйткені, балам, философия ой қыртысын қозғайды. Ой қозғалды дегенше кеудедегі жанға дамыл да болмайды.


* * *

«...Ойлауды доғарған сәттен бастап кісі өліге айналады» деп толғанды Момын философ. «Өйткені өмірдің бар мәні – ойлай білуде».


* * *

Асау ақын ойлады:

«Адамды адам етіп ұстап тұрған – ол сезім. Сезім семген сәтте кісі де адамдық бейнесін біржола жоғалтады».


* * *

«Жұмыр басты пенде болмаса, мына жарық әлемнің несі қызық! Жер бетіндегі тірі жәндік атаулы адамша өмір сүре алмаса, адамша қимыл-қозғалыс жасай алмаса, онда бәрінің де біткені» Бұл – Момын философтың ойы.


* * *

Момын философ тағы да ойлайды:

«Адам шынымен-ақ маймылдан жаралған ба? Онда осы күнгі маймылдар неге адамға айналмай жатыр?..»


* * *

«Әлемді ұстап тұрған – поэзия! Поэзиясы жоқ елдің болашағы да жоқ. Ондай ел болуы да мүмкін емес». Бұл – ақынның ойы.


* * *

Ал, Қайғы шал оңашада өзінше ойға берілер еді. 

«Адамдар нұрдан жаралған! Кісіні нұр сыйлаған. Шіркін-ай, сол нұр-әлемге барып қайтар ма еді. Мына жарық дүние, мына пенделер мекені – нұр-әлемінің садағасы кетсін!..»

Сосын аспанға, зеңгір көкке қарайды. Сонау-у зеңгір аспаннан оған қыран бейнелі бір кісі жымия қарап тұрғандай.

Сол зеңгір аспандағы нұр-әлемге кеткісі келеді.

«Пенде армандай алған соң, оның орындалып жатқаны қандай ғанибет! Орындалмайтын арман неге ойға келеді екен! Неге кісіге сондай армандар үйір болады осы?..»

Осыны ойлап, аспаннан көз алмайды.

Бұл ойын, бірақ, ешкімге де айтқысы жоқ. Айтып қайтеді. Айтар-ақ еді-ау, бірақ түсінетін жан бар ма!


* * *

– Туған жерді сүю керек! – деді ақын. – Туған жердің қадірін білмеген жан-топас.

Момын философ күлді.

– Неге күлесің? – деді ақын.

– Сөзіңе күлемін. 

– Туған жерді сүю де күлкілі ме?

– Осы күнгі жастар шет елді көп арман етеді. Мүмкіндігі болса, сонда кетуге әзір тұрады.

– Ол уақытша. Бәрі де түбі туған елге оралады.

– Оралмай жатқандар да бар.

– Олар сатқындар-р...

– Жоқ! – деді философ. – Олар мұны сатқындық деп мүлде ойламайды. Кісі ойының азат болуы – қалаған жерге, елге баруы дейді.

Ашулана бастады. (Ақын)

– Өз жерінде кісі сезімі, ойы... азат бола алмай ма? Бұл не деген ақымақтық...

Момын философ айтты:

– Ақшалылар шетелден үй-жай сатып алып жатыр. Ұл-қыздарын сол шетелге оқытуда.

– Оның несі айып. Ел көреді, жер көреді. Өз елін басқа елмен салыстырады.

Момын философ тағы да өз дегеніне басты. Былай деді.

– Жақында бір танысым өз баласын шетелден алып қайтты, – деді. – Өйткені баласының психологиясы өзгерген. Елге қайтудың қажеті бар ма депті. Өзі барып қинағандай боп алып қайтқан.

– Е, мынау қызық екен.

– Қызығы әлі артында. Ұлы үйге келген соң айтыпты. «Мен сол елдің бір қызын сүйемін, соған үйленем». Әкесі шалқасынан құлай жаздапты. Баласы күліп «мұның не ерсілігі бар» депті. Олар да өзіміздей ел, тіпті мәдениеті бізден анағұрлым жоғары деуге де болады». Әкесі тағы да талып түсіпті.

– Содан... не болыпты!

– Баласы өз дегеніне көндіріп, ақыры әлгі қызға үйлендіріпті. Енді баласы сол елге кеткісі келеді.

– О, тоба! –деп ақын жағасын ұстады. – Туған жер дегенде өзегі өртенетін ұрпақтың соңы біз болмасақ жарар еді. 


* * *

«Жұмыр жер адамзатқа ортақ. Бірақ тау қадірін тау баласы, құм қадірін құм баласы білер болар. Осыны мәңгі есте ұстау ләзім». (Асау ақын)


* * *

«Ұлттардың жойылуы ұлылыққа бастамайды. Ұлттың қасиетінің жоғалуы қасіретке бастайтын жол». (Момын философ)


* * *

Қайғы шал көкке қарап тұрып:

– Адамның қиялы да осы аспан іспетті шексіз, сосын да жер бетінде ойлар шарпысуы ешқашан толастамақ емес, – деп күбірлейді. – Бірақ бұл – адамзатқа төнген қайғы ма? Адам қайғыдан азат бола алады. Ал, санадағы арпалыс – мәңгі бітпес сайыс! Ол құбылып, түрленіп отырады. Арпалыс, адам! Күрес, адам!.. Тек қайғыдан аман болшы, сен!..


* * *

– Көктау жақтан қайғылы хабар келді!

– Ойбай, не дейді?

– Шал жоғалып кетіпті. Көктаудың ұшар басына көтерілгенін көргендер бар, одан кейін ұшты-күйлі жоғалыпты. Қайғы шал жоқ!

– Е-е, түсінде түйелі көшті көп көрем деуші еді. Сол көштің ізімен аттанды десеңші! Әне, өмір деген сол... Бәріміз де бір күндері сол түйелі көш секілді қыр асып жөней береміз, әлі! Сол көш секілді... – деді бір ақсақал сақалын сипалап қойып.

– Көк аспанға көп қараушы еді. Бәлкім, Көктаудың ұшар басына көтерілген соң, Алла-тағаланың әмірімен қыранға айналып кеткен шығар. Көкке ұшып кетті ме екен, ол шал... – деді екінші біреуі. 

– Ой, сен де, – деді үшінші қарт. – Кісі қартайғанша ертегіге де сенеді екен-ау. Зеңгір көк-тек қырандар мекені. Ал, жұмыр басты пенделер тұрағы – қара жер...

Кішкентай ауылда қызу тайталас басталды да жүре берді. Әркім өз ойымен, өз қиялымен, әуре. Тек бұл таласқа Асау ақын мен Момын философ қатыспаған. Ол екеуі ауылды артқа тастап, қалаға қайта жол тартты.


* * *

Кейбіреулер айтады: сол ауылда Қайғы шалға қатысты әр қияға бастайтын сөзталас әлі аяқталған жоқ. Жақын арада біте қояр емес деседі...

Тағы біреулер айтады: Қайғы шал шынымен-ақ қыран құсқа айналып кетіпті. Ол ауыл үстіне оқтын-оқтын ұшып келіп, шеңбер жасап қалықтап, көпке дейін тұрып алады екен...


author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...