Тілімізді дамытуға бос сөзбен емес, нақты іспен үлес қосу керек. Мұндай пікірді «Сөзтүзер&raqu...
Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ: Махамбеттің ызасы – мақалаға тақырып…
ҚАРАУЫЛ – ҚАРАОЙ
Қайтпас болдың райдан –
Қарауылда жеңдің, Мұң!…
Қай-қайдағы ой қажытып, Қарой жаққа телмірдім.
Миым уға малғандай.
Ұғар дейсің қай кісі –
Махамбет пен Абайдан қалған мұра – Қайғысы!
«Ұлы, ұлы…» деп, ұлып біз,
ұлылықтың не екенін
ұға алмаппыз –
қан жұтып, қайғы құсқан Екеуін…
«Қарауылға бардың ба,
қаралы ауыл көрдің бе?!
Қарой жаққа қараумен қара ой жаншып өлдің бе?»
…өлген жоқпыз. Тіріміз (әлі күнге есенбіз!) –
Мәз боласың…
Көргенің мәңгүрт – көктем, мешел күз.
Мұңнан өлген Абайды мақтап бердік қатырып,
Махамбеттің ызасы – мақалаға
тақырып…
«Орыны бар оңалар ?» – өнер ме екен ісіміз –
Абылайдың аһ ұрып, ақырғы айтқан түсі – біз.
«Бас-басына би болған» басқаларды білмеймін –
Өзегімді шірітті өрттен қалған күлдей мұң!
Заман – жаңа,
Мұң ескі– екеуінің Көз жасы –
Айқын болды қазақтың арманының
тозбасы!
Қарауылда,
Қайнарда… елесі жүр Абайдың.
Қап-қара түн.
Қамығып Қарой жаққа қараймын…
«Қарауыл – Қарой. Қарой – Қарауыл,
Қара ауыл – қара ой.
Қара ой – қара ауыл!…»
ШАЛ
Дүние-ай…
дүбірлетіп шайқап едік,
Тағдырдың ұсынғанын қайта беріп…
Бүгін, міне,
бас білген қойторымыз
қытықтары басылған, сайтаны өліп.
Аңға шықса ілетін аңдығанын,
Қыран едік —
құты едік қанжығаның.
Туырлықты түре сап,
қараңғыда
қандырушы ек қалқаның бал құмарын…
Қыз-қатынның
Нұр тамған гүл өңінен,
Есептесіп жатпай-ақ жүрегімен,
Іште жылан жатса да,
Іңкәр күліп
дір қақтырып қысушы ек білегінен.
Мөлдір судан
балақты малып ішіп,
Қарап жүріп қақтығыс сағынысып,
Барымтаға барып кеп,
қалмақы ерге
Қайта қонып, тақымың тағы қышып…
Өттің дәурен,
Қайтемін айта беріп,
Шарабынан мәрттіктің шайқап еміп…
Қарғап қалған қара қыз,
Құл болар ем —
Көзіме бір көрінсең, қайта келіп…
ЖҰМСАҚТЫҚ
Лесбекке
Қара жердің бетінде аппақ айғыз —
мақта ма еді, дегізген жатқа «баймыз»?
Мақта мінез нән жігіт қой бауыздап,
Шай құяды майысып мақтадай қыз.
«Қу алады деуші еді, ә қуса қумай —
Біз де алармыз бұйыртып тұрса қудай…»
Асыл демей,
«Әсіл» деп, әсемсітіп,
Жеңгей айтқан әзілдің жұмсағын-ай!
Жұмсақ әзіл,
Жұмсақ наз,
Жұмсақ өлең…
Ішім пысып, бір шатақ туса деп ем!
Тентектігім шақ сыйды тері астына,
Туабітті көрмеп ем мұнша көнген…
Қойынына жұп-жұмсақ мұң сақтатып,
Түн жантайды,
Күн-дағы жұмсақ батып,
Жұмсақ құрдас «Жәкелеп» иіп қалды,
Жұмсақ зілге шамданып, тұрсақ та атып!
Жұмсақтықтың көшкендей амалына,
Самайымнан сипаған самалы да,
Жұмсақ көрпе,
Жұмсақ ет,
Жұмсақ білек…
Жұмсақ шөңге бұйырды табаныма.
Жұмсақ кемпір,
Жұмсақ шал…
Жұмсақ бала,
(Жұққаны ма жұмсақтық құрсаққа да?)
Қарап тұрып қаһарға мінгім келді!
…Жұмсақ ауыл,
Көңіліңе кір сақтама.
* * *
Жердегі бар жол шектеулі,
Күн қысқа — мұңым көп емес –
Көзімнен көлбеп кетпейді
көктемде көрген көк елес.
Түсімде —
әттең … түсімде! —
жанары Күндей күлегеш,
мәңгі өртеп өту үшін бе,
жолыққан маған бір елес.
Пері ме,
Жын ба, пенде ме,
тағдыр ма талқы сайлаған?
Түс болып сіңіп кеудеме
Бір елес мені арбаған.
Көзінен ұшқын шашырап,
демімен тылсым күйдіріп,
қапасымды еппен ашып ап,
қолқама қолын тигізіп…
Жымиып жұмбақ құдірет,
жүрекке тақап жүрегін,
жүзімнен өбіп бір рет,
өрт тастай қашқан гүл ерін.
Оранып көкшіл жібекке,
орамал салған сол арман,
түс болып келіп,
Түнекке
кеткен де сіңіп…жоғалған!
Кез болып елес ішінде
сен болармысың есті алған?
…Көз сүзіп өту үшін мен
көзіңнен сүймей, кеш қалғам…
ӘЙЕЛ
Ұлы суретшінің көрмедегі «Жалаңаш әйел» атты
картинасының жанында біреулер ыржаңдасып тұр.
Мейлі…
Әлің жетсе,
жанарыңды ала қаш –
Әйел! Әйел…
Әйел тұттай жалаңаш!
Әйел емес,
күллі әлем тұр алдымда
күнәсі мен қасиеті аралас.
Әлде қатер,
Әлде ләззат,
Әлде мұң?
Жыр оқуға
жетпей қалды дәрменім,
Жүдемедім жалған сопы жүзденіп –
Күнәһарға құны тиын сәлденің:
Шарап бар ма?
У қоссаң да,
құй бәрін,
Алты құрлық,
төрт мұхитты сыйладым!-
Арыстанның өзі-ақ едім…
Ал,мұны
Алаңғасар Сезім,саған қимадым.
Безеу бетін боятқандай қынамен,
Әсіреқызыл ұрғашыңа ұнап ем,
Әйел емес,
Қарсы алдымда қас қақпай
Қасиетті һәм күнәһәр тұр Әлем.
Жүрегімді жарар болды-ау жасын ән…
Әлем-Әйел!
Құзырыңа бас ұрам,
Қасиетіңді кие тұтып,
күнәңді
өз күнәмдай жанұшырып жасырам
…Не жайсаңы ішімде өлді арманның!
Жалғыз мұң бар –
Жан біткеннен қалған мұң:
Әйел! – десем,ән салатын Мылқаудың,
Әлем! – десем, көзі соқыр…
Таңғалдым!
ТҮН.ҚҰСА
Мүмкін еме-ес! – дейді ышқынып жүрегім –
…мүмкіндігім сол ғана.
Түсім бе екен?– қол тапсырып жүремін
иманы жоқ молдаға.
–Көне алмаймын!– деп жылайды Өлеңім,
жұбата алмай миым дал.
Оның нұрлы сәуле толы зеренін
быт-шыт қылды құйындар.
Ебірей шал «ел–сенікі!» деп күлді-
…соған да мәз сорлы ағам.
Қиянатқа қия да алмай тектімді,
қостай да алмай, қорланам.
Тиынға өтпей ұят дейтін құрғырың,
ақылынан алжасты Ар –
Өзгеге әлі жетпеген соң, бір-бірін
…талап жемек қандастар.
Пері киіп періштенің желегін,
жайнағансып жалған гүл,
Көктен безіп,күлден іздеп керегін
азып-тозып арман жүр…
Кие көшті бабам сенген ұғымнан–
…қалғаны – құр сөз-қауыз.
Қазақы арман, сенен мүлде суынғам-
шайқап ішсін өзге ауыз!
– Сабыр!–дейсің, жаным-далам, жалғызым-
сабыр сені сал қылған!
Ақ жүзіңе күллі ібіліс салды ізін–
ал,қашып көр тағдырдан…
Әкіреңдеп, әкемсіңді көрінген –
…жылап барар жоқ тәңір.
«Ұят күшті, – демеуші ме ең,-өлімнен»,
…кел,кел,мықтым,отқа кір!
Тексіз ұл-қыз таптап сезім қанатын.
ән салып жүр…арсыз ән…
Табалайды ақ шырақты қара түн –
…соңында таң бар шығар?
Шықпаған жан шығар күннен үміткер –
Не бересің келер күз?
–Мүмкін еме-ес! – десеңдерші,ей,жігіттер, –
…іштен тынып өлерміз…
КЕШ. ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Ақырзаман орнайды енді –
Күн өлді
Қып-қызыл боп ұяттан.
Өкінердей ештеңе жоқ.
Біреуді
өп-өтірік жұбатпан…
«Есі ауысқан дүниеден жалықтым –
емексірдей не бар, ал?…
елесіндей Жұмақ пенен Тамұқтың
Көргенің мен Көкейкестің кереғар!
Өмір деген осы болса…
шыдармын,
өшпейтін де өнбейтін…
Мен тәңірдің зо-ор қатесі шығармын
өзі ғана жөндейтін?…
Елге електеп
қуанғансып жүремін,
жылағансып мен несін? –
Құл құлықсыз көтереді білегін,
Патша – қуыс кеудесін…
Досым да жоқ,
дұшпаным да жоқ менің —
бәрін үнсіз кешіргем.
Өліп едім – өмір өтіп кетпеді –
шықпай қойды есімнен!»
…Ақырзаман болмай қалды. Тірімін.
Ойым – жынды, айкезбе.
Ғасыр өтті… үзілердей жұлыным –
…жолығамыз қай кезде?..
БЕЙУАҚТАҒЫ МІНӘЖАТ
Ілінерде күннің қызыл кірпігі
дертім менің меңдеді –
Өмір өзі-ақ өлтіреді бір күні,
өлтіріспе Сен мені!
Мұса,
Ғайса,
Мұхаммедтің көп ішкен,
тауыспаған кермегін
жұтам үнсіз.
Үмітім жоқ Жеңістен.
…көзімнен сүй сен менің!
Ернім емес,
ет жүрегім кезеріп
жоқ сусынға шөлдеппін.
Ажал-құрдас ақ мылтығын кезеніп
«Кеттік!» десе – мен кеттім!..
Бізге неге баянсызды аңсаттың,
е-ей, есі бар Құдіре-ет?..
…Босқа налып, болмашыға шаршаппын –
көзімнен сүй бір рет!
Түнге сіңіп жоғаламын Мен ертең –
аямайды Сені Көк…
Өзім түгіл, өлердей мас көлеңкем
«Өмір!» деп тұр еңіреп!
… Аллаһу да аяп басар кеуденің
үнсіз айтқан зары бұл –
өмір өзі-ақ өлтіреді.
Сен мені
өлтіріспе, Жарығым!
Көзімнен сүй Сені көріп жұбанған…