ӘңгімеТербете ғой! Үмітіңді үзбе, қарғам!, - деп жабдықтаулы бесігін Мәрияның қолына ұстатып жатып ө...
Жабал Ерғалиев: Рухы тәуелсіз суреткер
Кешегі Мұхаңдар “менің аспирантым” деп мақтан тұта білгені, кешегі Ғабеңдер “Сәкен сері” деп ат беріп, еркелетіп, ұстай білгендіктері түптің түбінде дүниеден өздерінің де озатындықтарын, дәуірлері өтіп, дәурендері көшкенен кейін, өздерінің соңдарынан адами ақиқаттың арашасысы, қазақ әдебиетінің ары, өз заманының тура биі болып Сәкен Жүнісов қаларын тани білген сол кемеңгерлердің ұлылықтары мен даналықтарына тәнті боласың! Сол ұлылар мен сол даналардың сарқытын ішіп, солар отырған орында, солар шыққан төрде енді бүгін халқына жаққан еңбегімен, төгіп-төгіп тастар шешен сөзімен, елін сүйсіндірген сәнімен, күмбірлетер күйімен, ең бастысы... былғанбаған, ешкімге былғатпаған арымен Сәкен Жүнісов отыр!
Сәкен Жүнісов!
Сәкен сері!
Бүгінгі күні жетпіс атты жасының ғұмырлық бір белесіне көтеріліп отырған Сәкен Жүнісов жайында бізге дейін де талай бір ғұламалар мен талай бір ғалымдар сөз сөйлеп, не бір даналар мен кемеңгерлер бағасын беріп, айтар ойларын айтып, кейінгілерге қалдырып кетіпті.
“Менің аспирантым, менің аспирантым!” – деп Мұхтар Әуезов балаша мәз болып қуанып өтіпті дүниеден!
“Біздің Сәкен сері! Бойындағы қасиеттері: жазушылығына қосымша әншілік, домбырашылық өнеріне, мінез бітіміне, тіршілік әрекетіне орай мен бір жиында осылай атағаным бар еді”,–деп Ғабит Мүсірепов сөз қалдырыпты соңынан!
“Сәкен Жүнісов–туған жерге тамырын терең жіберген Дала жыршысы”,–деп бағалапты академик Зейнолла Қабдолов!
“Туған жер–Сарыарқаны сағынғанда –,
Мен сені бір иіскесем жетіп жатыр,–деп ақын Ғафу Қайырбеков жыр жүрегінің бар мейірімін ақтарып, төге салыпты!
Кеңестік дәуір кезеңінде түрлі-түрлі зобалаң мен зорлықтардан әупірімдеп аман қалған қазақ әдебиетінің ұлы тұлғалары Мұхтар Әуезов бастаған бір топ шоғырдың алыптары: Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев сынды ағалары соңдарынан ерте де білген, еркелете де білген Сәкен Жүнісов қазір мен үшін арамызда өздері де, көздері де жоқ сол Ағалардың, сол Алыптардың орнында қалғандардың, солардың орнында отырғандардың бірі! Және де сол орында ол лайықты отыр! Әдебиетімізге “Жапандағы жалғыз үй”, “Ақан сері”, “Заманай мен Аманай” сынды кесек бітімді дүниелерін беріп және сол шығармаларының өзегінде өз халқының ғасырдан ғасырларға асып жете беретін де, ұласып барып әр дәуірдің ұрпақтарын да айтар ойымен, айтар мұңымен, асқақ та әсем әнімен тербей де, тербете де білер Жүнісов кітаптарының қай кезеңнің болмасын жүгін белі қайыспай көтере алатын мәңгі бітпес күші де, мәңгі сарқылмас қуаты да бар. Өлмес дүниелерін беріп тастаған, көнермес шығармаларын жазып та жатқан, айтар ойын ірікпей орынды сөз сөйлейтін, сіз бен біз жасқанып айта алмайтынды ойып тұрып айта алатын Сәкен Жүнісов сынды ағаның не қылышыңды шығартпайтын, не үніңді шығартпайтын бүгінгі күнге де, бүгінгі заманға да жеткеніне қуана шүкіршілік қыласың. Өйткені жиырмасыншы ғасыр бойы бір толассыз соққан тарихи кезеңдердің дауылдары мен жауындарынан, үскірік аязы мен миыңды аузыңа түсірер аптабының азаптарын тартқан, тартып қана қоймай, сол нәубеттердің құрбаны болып кеткен талай да, бір қазақ зиялылары мен даналарының кебін кие жаздағанның да, кебінін кигіземіз деп жауыққанның да зардабын тартқан Жүнісовтің желкесі қиылмай жетпіске жеткенін көріп отырған, халық, сіз бен біз шын бақыттымыз бүгін!
Сол бір сергелдең кезеңдерден Сәкен аға қалай аман өтті, Жүнісов неге тірі жүр бүгін деген мәселеге бару үшін әуелі оның жан әлеміне, рух дүниесіне тереңірек үңілгеніміз жөн. Ғасырлар бойы орнығып қалған үстем тап өкілінің басына шығу үшін таптық күресті ойлап тауып, иттерін иесіне айдап салған коммунистік қоғамның жымысқы саясатының ең алғашқы құрбандары кімдер еді? Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мыржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Мағжан ақын!.. Бұлар және осылар сияқты халқымыздың басқа да оқыған, тоқығаны мол, елім деп еңірегенде етектері жасқа толған, халқым деп бір ғазиз бастарын тауға да, тасқа да ұрған, көзі ашық, көкірегі ояу зиялылар шоғыры отаршылдықты орнықтырмаймыз, құлдықты құптаймыз, халқымызды жылатып қоя алмаймыз деп неге алысты, сол саясатқа неге бас имеді, неге илікпеді, неге көнбеді, ақырында сол идеяларының құрбандары болып неге кете барды?! Өйткені… өйткені олардың әуелден Тәңір иесі жаратқаннан, дүниеге келгеннен бастап рухтары тәуелсіз болатын!
Ал, енді Адам баласының сол рухының тәуелсіз болып жаратылуы бір Алланың ісі! Міне, сол тәңір иесі Сәкен атты өз перзентін әкесі Нұрмақ, анасы Мағрипа арқылы тәуелсіз рухпен жаратқан болатын. Біз болсақ тәңірі тәуелсіз рух салған Сәкен сынды жанның бір ғасырда бірақ рет туарын да ескерместен, тіпті оған күнде туып жатқан көз қазақтың бірі деп қарап келдік. Өкінішті ақ!.. Өкінбеске, опынбасқа тағы да амалың жоқ. Өз кезі мен кезеңінде Әуезовты әурелегендер, Мүсіреповті мүжігендер, Мұқановты мұқатқандар енді келіп сол алыптардың біреуінің аспиранты, біреуінің сырлас серігі, біреуінің сыйлас інісіндей болып, кесек сөйлеп, кесек дүниелер жазып, ұлыларды ұйытып, даналарды сүйсіндіре бастаған сол Сәкенге, яғни жаратылысынан бір тәңіріне ғана тәуелді Сәкен Жүнісовке жабыла бастаған-ды. Бірін-біріне талатуды үйретіп қойған қоғамның тісқаққан жан талағыштарына жанын аман алып қалуы үшін, арын таза сақтап қалуы үшін, рухын біреуге тәуелді қылмас үшін тайталасқа түскені үшін ғана Сәкен Жүнісов тентек…Сәкен Жүнісов сотқар болып шыға келгендігін ХХІ ғасырдың бүгінгілері мен тірілері, келер ұрпақтары, Сіздер де біліп өтіңіздер әрдайым! Бізде… бізде ағайындар, асау болмасаң тірідей жұтып асап қоятындар, тентек болмасаң обал-сауапқа да қарамастан тепкілеп, тентіретіп жіберетіндер болған жоқ па, әлде қазір де жоқ па?! Не десеңіз де, әйтеуір Сәкен Жүнісов ашына сөйлесе де, батыра айтса да өзінің тірі пендеге тәуелді болып көрмеген рухы арқылы халқын қорғап келе жатқандығын мойындаймыз! Кешегі Мұхаңдар “менің аспирантым” деп мақтан тұта білгені, кешегі Ғабеңдер “Сәкен сері” деп ат беріп, еркелетіп, ұстай білгендіктері түптің түбінде дүниеден өздерінің де озатындықтарын, дәуірлері өтіп, дәурендері көшкенен кейін, өздерінің соңдарынан адами ақиқаттың арашасысы, қазақ әдебиетінің ары, өз заманының тура биі болып Сәкен Жүнісов қаларын тани білген сол кемеңгерлердің ұлылықтары мен даналықтарына тәнті боласың! Сол ұлылар мен сол даналардың сарқытын ішіп, солар отырған орында, солар шыққан төрде енді бүгін халқына жаққан еңбегімен, төгіп-төгіп тастар шешен сөзімен, елін сүйсіндірген сәнімен, күмбірлетер күйімен, ең бастысы... былғанбаған, ешкімге былғатпаған арымен Сәкен Жүнісов отыр! Мен бүгін тәуелсіз елімнің және Сәкен серідей ер ағамның барлығына тәубе қыламын. Енді тек сол тәуелсіз еліме Сәкен Жүнісовтің тәуелсіз рухын берсе екен деп те тілеп жүрмін!..