Қанат ТілеуханШырылдаған телефон тұтқасын көтеріп едім, арғы жағында Айсамал ағыл-тегіл жылап тұр. &...
Молдахмет Қаназ: Қазір жалықпағанның бәрі жазушы
Рухани дүние емес, байлық бәсекеге айналып келеді
– Әдебиет жарық дүниенің есігінен сығалаған күнінен бастап бір мақсатқа кызмет етіп келеді. Адамзат санасына адамгершілік ұғымдарын сіңіру, көкірек қуысында ізгілік рухының шырағын жағу – оның ұлы мұраты болды. Қазір сол ұлы мұратқа деген махаббат семіп, адамның жан-дүниесін тоқыратып, рухын күйретіп бара жаткандай. Әдебиетінен айрылған қоғам мына дүниені бақытсыздыққа апарып соқтырмай ма?
– Осы күнгі аз-кем өмірлік тәжірибеме бақсам, пендем әу бастан-ақ жақсылық пен жамандықтан иленген. Ашытқыға шайтан араласса да менен көрме, тұла бойы игілік пен зұлымдыққа тұнып тұр. Біреуде зұлымдық, енді біреуде ізгілік басым. «Зұлымдық» деген ауыр сөздің орнына «хайуандық» деген жеңілдеу ұғымды да пайдалануға болады. Сананың сан ғасырдан бергі арпалысы зұлымдықтың аузына біржола құм құю, тұншықтыру. Бірақ, сол «сволошың» өлер емес.
Әдебиетті ойлап тапқан да адамның өзі. Ол ізгі адамның жақсылыққа деген үміті, арманы мен жұбанышы. Әдебиет тумысында таза өнер деп алсақ, әлдеқайда шын болмақ. Өйткені, ол – үміт, арман. Қазақ болса, табиғатынан поэтикалык халық. Әдебиет адамды рухани жағынан күйретпейді, нұрландырады, үміт пен таным көзін ашады, жан-дүниесіне нұр себеді. Бері келе оған саясат араласып, тіпті, өктемдік етіп, жүрісінен едәуір жаңылдырды. Рухани күйреудің (тоқыраудың дейік) нышандары білінер болса, оның обалы, оллахи, әдебиетте емес, қоғамда, ең бастысы, адамның ынсабында. Қарапайым тілмен айтқанда, адамның ішсем, жесем, ассам, тассам, озсам деген хайуани мүдделерінің үстем шығуында. Бұл тұрғанда әдебиеттің, әсіресе, біздер үшін, едәуір тоқырағаны рас, бірақ, өзінің негізгі мүддесінен айрылды, сахнадан түсті деуге ауыз бармайды. Үміт те бір, әдебиет те бір. Мен бұл жерде сауатты әдебиетті ғана айтып отырмын.
Байлық бәсекеге айналып келеді, барар жері беймағлұм атан жарыс басталды. Әдебиет жойылады-ау деген ойдың өзінен зәре-құтым қалмайды. Пайымдауымша, өрісі тарылып, негізгі қоғамдық тетік емес, көркемдік саңылауы бар, ізгі ниетті адамдардың ғана жұбанышы болып қалатын түрі бар. Әлгілер о бастан-ақ шын әдебиетті қабылдаған емес. Демер болса — дақпырт, саяси ойын. Көркемдік те жаратқанға сенім тәрізді, тілде болмайды, дінге сіңеді. Қарайсың ғой. Сөзіме күмәнің болса, 9 миллион қазаққа 1-2 мың кітапты бөле ғой.
– Әдебиет тарихын қозғай берсек, көңілсіз дүниелер шыға береді. Соңғы кезде тарихи деректі дүниелерге ден қойған сияқтысыз. Оныңыз оқырманға көңіл қалғандықтан ба, әлде тақырып аясының тарылғандығынан ба?
Тарих пен әдебиет өте шығады десек те, өтпей жатқан өтпелі кезеңнің сақ көзқарасынан қаймығып қолжаулыққа айналмай, замана шындығы жазылып жатыр. Себебі, ақиқат – дара. Сіздің ұлт батыры Жанқожа бабамызға арнаған осы аттас тарихи әңгімеңізді оқырмандар қалай қабылдады?
– Өзің жазған шығарма жайлы өзің айту оңған шаруа емес. Шығарма – насихаттау үшін, дәріп үшін емес, оқу үшін жазылады. Ол тарихи әңгіме емес, сахнаға да, киноға да ыңғайланған тарихи кинохикаят. Жердің тарлығынан, мәселенің мүйізінен ұстасақ, сәл ерте, еріксіз жазылған шығарма. Бір ғана желі – батыр өлімінің себебі ғана алынды. Ерік өзімізге тиген соң жанқожашыл жазғыштар күпінің битіндей қаптап кетті. Материалы жұтаң, жазушылық тәжірибе болса да жоқ. Ал сонан қандай тарихи шығарма тумақ? Бұл бір аты ұранға айналған, күрделі заманда өте күрделі өмір сүрген әруақты кісі-ау, шама-шарқым келер ме, келмес пе деген ой болмайды, белбеу шешпестен қояды да кетеді. Қасиетті әдебиеттің бұлтартпас талаптары болады. Ол атамзаманнан уақыт тезінен өткен, әбден қалыптасқан. Сөз ұзамасын. Атамалық. Солардың бәрін де қоялық. Жауы шашынан көп тарихи тұлға болғаннан кейін оның заманын, замандастары мен дос-қастарын шамалап болса да зерттеп білу, тарихи құжаттарға үңіліп, байыппен саралау, алдымен адами, сонан кейін әруақ алдындағы парыз. Оллаһи, бұл кім көрінген жолбике қалпақпен ұрып ала қоятын далада жатқан тақырып емес. Берісі – әруақты тұлға, әрісі – ел тарихы, қаны төгілген халықтың көз жасы.
Арнайы талданбағанмен (ол жағы бізде қашанда кемшін ғой), жыл қорытындысында баспасөзде бірнеше тәуір пікір айтылған. Қолжазбаны кеңес беруге сол тұста драматург ағамыздың қолына апарып ұстаттым, тұла бойы тұнған тарих екен деп айыптады. Байқап отырсың ба, жұрт шын тарихқа жете алмай жүр. Бұл тым тарихи-мыс. Адам баласы дауласа алмайды. Рас. Нақпа-нақ тарихи. «Мал бақпастың қирасы» деген сөз.
Бірінші жетім – балалар, екінші жетім – балалар әдебиеті
– Сіз «дүниенің бүкіл байлығы сәбидің көз жасына татымайды» деп ұран көтерген кешегі қоғамның өкілі ретінде қолыңызға қалам алған күннен балалар әдебиетіне белсене араласқан жазушысыз. Бүгінгі әдебиеттің жәйі қалай?..
– Иә, әдебиетке балалар жазушысы болып келген адаммын. Одан бұрын да қазіргі тақырыпқа әңгіме, повестер жазғанмын, бірақ, әдебиет қақпасына енгізген – «Чика — Дабылдың баласы» екендігі рас. Жетім қалмасын деп осы аяулы тақырыпқа тағы да бірнеше повесть, әңгіме, ертегілер қосқанмын. Олар талай қайта басылды, орыс, грузин тілдеріне аударылды. Күні кеше ғана «Чика – Дабылдың баласы» өзбек тіліне аударылды. Бұл кітап маған ұят келтірмес-ау деп ойлаймын. Кейін бұл тақырыпқа қол жүрмей қойды. Оған ортаның әдебиетке деген салқыңдығы, басқа тақырыпқа бет бұруым, кәдуілгі тіршілік тауқыметі әсер еткен болар. Сондай-сондай себептермен өзімді қатты қинағаным да жоқ.
Реті келген соң айтайын, трибуна тиген бір сәтте бейнеті белден келетін балалар әдебиетінің бүкіл шаруасын, тағдырын Оқу министрлігі өз мойнына алу керек деп ұсынғанмын. Шенеунік қағазға мықтап жазып алған. Жазулы тұрған шығар…
Бұл тұрғанда біздің қоғамымыздағы Бірінші жетім – балалар, екінші жетім – балалар әдебиеті. Балалардың әдебиеті түгілі, көріп отырсың ғой, балалардың өздері де заңды түрде сатылатын болды ғой, шырағым-ау. Оларды мұхит асырып жатыр. Осы сауалдың мүлде керегі жоқ еді. Тоқтайықшы. Көтеріліп кетуім мүмкін. Жүрек те нашар еді. Жалпы, балалар әдебиеті – ең қиын шығармашылық дер едім.
– Жазушы деген жазуға келгенде басқаларға қарағанда ерекше қиналатын адам екендігі айқын. Әйтсе де, жазушы Борхес: «Бүкіл дүние кітапқа кіру үшін жаратылған» депті ғой. Айрықша қиналыспен туған шығармаңыз туралы айта кетсеңіз?
– А.С.Пушкин: «Қиналсаң, жазбай-ақ қой» деген екен. Қазақшасы: «Сонша сені зорлап тұрған қай шайтан?» болады. Ұлы адамның мегзеп отырғаны – шығарма түгелдей бойға сіңу керек, сені меңгеру керек. Таза шығарма сонда ғана құйылады. Бұл дүбәралар ғана таласатын ақиқат. Біздің замандастарымыз айтып қойған «күшеншек ақын» деген де сөз бар.
Уақыт өткен соң әйтеуір біткен іс өзінен-өзі бола қалғандай көрінеді. Жоғарыдағы «Чика – Дабылдың баласын» жазарда да, жазу үстінде де, жарияланып кеткен соң да қайта-қайта қараумен, артық-ау деген тұстарын сылумен болдым. Өйткені, бұл пішім қазақ әдебиетінде жоқ болатын.
Бұдан екі ғасыр бұрын өткен оқиғалар мен кісілерді әр қиырдан түгендеу оңай шаруа емес… Бірақ, өзім тілеп алған бейнет. Сұраған соң еске түсіп отыр, 1991 жылдың желтоқсаныңда «Жұлдыз» журналында жарияланған «Жанқожа батыр» атты зерттеу мақаланы тура бір жыл жазған екенмін. Себеп, батырдың дұшпаны шашынан көп. Көпке беймәлім деректер көп. Солардың бәрін қолға ұстатқандай етпесең, сөзің балшы, пәтуасы жоқ. Қайта ақтарасың ғой. Шүкір, еңбек зая кетпеді.
Әлеуметтік тапсырыс деген ұғым бар
Әдебиет теориясынан хабардар кісілер біледі, «әлеуметтік тапсырыс» деген ұғым бар. Бұл мемлекеттік те, партиялық та, әлдеқандай әкімшіліктік емес, белгілі бір дәуір, кезеңдегі қоғамның мұқтаждығы, зәру тақырыбы. «Қалың мал» бүгінгі күні жазылмайды. Қазақ әдебиеті тарихи тақырыпқа қашаннан-ақ зәру болатын. Сәбеңнің басы ашық Шоқан туралы, Мұкаңның сол кездегі әлі де басы даулы Абай туралы жазғандары болмаса, мардымды ештеңе жоқ-тын. Араны ашылып тұрған кісі тағамның шикі-пісісіне, ащы-тұщысына қарамайды. Бас ерік өзімізге тиген соң, жазушы атаулының тарихи тақырыпқа жаппай жамырай тұра ұмтылуын «әлеуметтік тапсырыс» деп ұққайсыз. Елдің, халықтың намысы, қарапайым тілмен айтқанда, оқырманның талап-тілегі, аңсары. Ал осы тарихи тақырыптың қалай меңгерілуі атан түйеге жүк болатын бөлек әңгіме. Өтімді тақырыпты саудаға салғандар бұрын да болған, қазір де жыртылып-айрылады.
Қаршадай кезінен өле-өлгенше дұшпандарымен жағаласып өткен Жанқожа Нұрмұхаммедұлының жауы, астапыралла-ай, осындай да тағдыр болады екен, айттым ғой, басындағы шашынан да көп еді. Тірі кезін қойшы. Өлгеннен кейін де: «халықтың қас жауы, шіріген бай, нағыз феодал, Хиуаның жан алып, жан беріскен досы…» Әйтеуір, «жапонның шпионынан» өзге жаманат осы кісінің мойнында. Қырық жылдан бері әр қиырдағы ТМД мұрағаттарының деректері, ауыз әдебиеті, жазылған аз-кем еңбектер, естеліктер, қолжазбалар, қолға түскен барлық деректер ол кісінің қатардағы пеңде емес, ең бастысы, халқына кіршіксіз адал, бүгінгі адамның сенуі ете қиын, таза, әулие кісі болғанын дәлелдейді.
Анығы – бұл жаққа бұрылуым тақырып аясы тарылғандықтан емес…
– Жазуға аңсарыңыз ауып, бірақ, тәуекелге түсе алмай жүрген тақырыбыңыз бар ма?
– Өз басымда жоқ. Қазір мемлекетке қауіпті құпиядан өзгенің бәрін де жаза беруге болады. Бұрын еді, не жазсаң да екі қожайынға алаңдап отыратынсың. Жазбастан бұрын-ақ, лито екі иығыңа мініп алатын. Тақырып ұшан-теңіз. Тек жанықпай, сабырмен дұрыстап жаз. «Сабырмен» дегенді екі рет жазшы.
Жаны жоқ нәрсе жақсы қызмет етуі мүмкін, бірақ, адамның жүрегін жылытпайды
– Қазіргі кезде виртуальды өмір сәнге айналды. Ғаламтордың наны жүріп тұр. Бүгінгі ұрпақ әдебиетті компьютерден оқуға қол жеткізді. Әлеуметтік желілер, оның ішінде адамдарды инстаграм желісі шырмап алған. Енді кейін қайтуға жол жоқ.
«Күндердің күнінде компьютер кітапты ауыстыра қалса, Құдайға шүкір, ол кезге дейін өмір сүрмейтініме қуанамын», – депті атақты абхаз жазушысы Фазыл Ескендір. Жалпы, компьютер дәуіріне не өкпе артуға болады?
– «Ақбұлақ» деген ән бар. Соның «Анам келіп су алған, әкем атын суарған» деген жолдары бар. Менің балалығым көл жағасы мен Қарақұмда өткен ғой. Осы екі жолдан талай тағдыр, талай жастық, ата-бабаңның өмір салты, бұлқына аққан құйтақандай бұлақтың қасиеті толқытып, көзіме кәдімгідей жас іркілетін. Тағы бір халық әнінде: «Шеш-тағы етігіңді байпақпен кел» дейтін қарапайым ғана сөйлем көз алдыма қаншама сурет елестетеді. Сурет елестетіп, күлкімді келтіреді. Маужырап ұйқыда жатқан түнгі ауыл. Кең қолтық қазақ саптама етікті күрпілдетіп қызға қалай барады. Байпағын шешсе, дыбысы шықпайды, қашса жеткізбеуі, ит те сезбеуі мүмкін. Кыздың ынтызарлығы, қазақтың әдебі. Келтірмей қоймайтын құмарлық… Бірде Л.Толстойдың «Казактар» деген повесін оқығанымда мұрныма кәдімгі шөптің исі келгені бар. Бір шешем кішкентай кезімде репрессияға ілінбей, оқулыққа енген «Қамбар батыр» жырының титімдей үзіндісін маған оқытып қойып, қыз Назымның өрмегін шабатын жеріне келгенде: «И-и, шырағым-ай…» деп жыламсырайтын. Канша рет оқысам, сонша рет жылай беретін.
Техникалық прогресс әдебиеттің өрісін тарылтты. Компьютер көптеген күрделі жұмысты жеңілдетті, тездетті, оңтайландырды, ол тілалғыш қолбала. Орыстар болса, азғантай былиналарының өзін әлдеқашан-ақ ықшамдап кара сөзге түсірді.
Компьютерде жан болмайды. Жаны жоқ нәрсе жақсы қызмет етуі мүмкін, бірақ, адамның жүрегін жылытпайды. Компьютер дәуіріне өкпе жүрмейді.Технологияның неше атасын ойлап тапқан жапон жастарының өзі кітаптың қағаз түріндегі нұсқасын оқығанды артық санайды екен, демек, баспа өнімдері заман көшінен қалмақ емес. Ол бізге – айтып отырған тақырыбың – әдебиетке өктемдік жасайды. Бұл шіркінің адамды қасаң, мейлінше тасжүрек етеді, бір қалыпқа салады. Сезімнен алыстатады. Ал өнер атаулының алтын арқауы – сезім. Өркениеттің адамзатты адами қасиеттерден аластатып, күндердің күні, жылдардың жылы өз көрін өзі қазуға дайындайтындығы шын-ау, сірә.
– Қазір кітап шығарғанның бәрін жазушы санап жүр. Ал қатырма портфель сүйреген жанды мемлекеттің бір уығын көтеріп жүрген шенеунік деп біледі. Күні кешегі кеңес, партия саласының қызметкері ретінде бүгінгі шенеунік пен кешегі шенеуніктің айырмашылығы неде?
–Көріп отырсың ғой, қазір жалықпағанның бәрі жазушы. Екі-үш сиыры, бес-алты қойы бар ерінбеген екінің бірі боздатып кітап шығарып жатыр. Жазып беретін біреу, шығаратын өзі, мақтайтын да өзі, тарататын да өзі. Кітаптың қадір-қасиеті төмендеді деген осы. Талғам құлдырады деген сөз.
Адамның табиғаты, жақсы болсын, мейлі жаман болсын, өткенін аңсайды. Кейбіреулер тәрізді өткен атаулыны басы-көзіне қарамай ғайбаттай жөнелетін белсендің мен емес. Жетілген мінсіз қоғам болған емес, болмайды да. Мен партияның қатардағы ғана қызметкері болғанмын. «Адам адамға дос, бауырдан» шығатын идеямен жұмыс істегенбіз. Одан үйренгенім көп. Кісі еңбегін жей алғанымыз жоқ. Жегізбеді. Одан аулақ ұстады. Ұрлық-қарлыққа жібермеді. Қарапайым халыққа жақын болдық. Осы аз ба?
Бүгінгі мемлекет қызметкерлерінен хабарым шамалы. Біздің түсінігімізде, адам шын адам болса, қандай жағдайда да қолынан келген адамшылығын жасайды. Керісінше болса, алтын таққа отырғызып, төбесіне май құйсаң да көн қалпына барады да тұрады.
– Жазушы көп деп жатады. Әйтсе де, олардың көпшілігін оқырман білмейді. Ертеде М.Горький атындағы демалыс паркінде жазушылардың базары ұйымдастырылып, онда ақын-жазушылар өз кітаптарына қолтаңба қалдырып, оқырмандармен жанды кездесулер өткізіп тұратын. Сол үрдісті неге жалғастырмасқа?
– Рас, кездесулер өтетін. Алматы ғана емес, еліміздің талай жерлерінен дәм татқан да болатынбыз. Оқырманмен көзбе-көз дидарласқанға не жетсін. Талай жер көрдік. Оқырман, дос, бауыр таптық. Ол кезде тізгін «ынталы топтың» не жазушының өз мойнында. Сол жүйе үзілді. Сорына қарай жазушының бәрі бірдей тамыр-таныс, туысқан жағалап, өзін-өзі насихаттаумен айналысатын жұлмыр бола бермейді. Неге ұйымдастырылмайтынына таң кісілердің бірі мен.
Міндетіміз жоқ. Реті келді, жақсылық жасауға тырыстық
– Замандастарымнан құлаққа тигені бар. Сіз «Жалын» баспасында қызмет аткарып жүргеніңізде шапағатын көріп ем деген… Сіз айтып еді деген сөз де…
– Әбден мүмкін. Кеңес өкіметінің шебі таяды-ау деп күмәнданудың өзі күнә кезінде аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы ем. Аудандағы мың әкімнің бірімін, жүрек талмайтын тіршілік болатын. Шығармаларым екі рет республикалық бәйге алған. Кейде жақсы адамдар да жолығады. Баспаға Қабдікәрім Ыдырысов ағам шақырды. Сері, жаны таза, достыққа адал ақын болатын. Ән салғанда қандай. Елу жылдығын тойлар-тойламастан қан тасудың құрығына ілігіп, марқұм болды. Алматыда сүйенер адамым жоқ. Шын жетім қалғандай сезіндім. Қабекеңнің барлық балаларының үйлену тойларында болдым. Қабекең табытта жатқанда анасының Одақтың осы фойесінде «құлыным-ау» деп шырқыраған дауысы әлі құлағымда. Амал жоқ, апам, ылғи да жайнап жүретін Бәтіш жеңгемізге де топырақ салуға тура келді. Отбасымызбен түсініскен жандар едік… Өтті, кетті.
Баспаның тұңғыш кітаптарын шығаратын «Өркен» редакциясы маған тапсырылған. Ақсақал-көксақалы, сарауыз балапаны бар, бүкіл Қазақстанның тұңғыш қазақша қолжазбалары жалғыз-ақ өткел – бізге түседі. Бейнет шаш-етектен. Өтежан Нұрғалиев, Нұрқасым Қазыбеков, Бақыт Сарбалаев, Сұлтанәлі Балғабаев, Әлия Бөпежанова тәрізді ылғи сайдың тасындай дайын жігіттер мен қыздар бірін қайтарсаң, екіншісі ағылып келіп жататын нөпір қолжазбаларды саралауға кірісіп кеттік. Талай тұңғыш кітаптар, жинақтар шығарып, жастардың жолға түсуіне себепші болдық. Қазір олардың есімдері елге белгілі бірі жазушы, бірі ғалым: Құлбек Ергөбеков, Мереке Құлкенов, Дидахмет Әшімханов, Сәбит Дүйсенбиев, Әлібек Асқаров, Жұмабай Шаштайұлы, Тұрысбек Сәукетаев тәрізді азаматтардың тұңғыш кітаптары біздің қолымыздан өткен. Ағаларын еске алып жүрген солардың бірі болар. Міндетіміз жоқ. Реті келді, жақсылық жасауға тырыстық. Тәңір жарылқасын.
Ол кезде пышақ қырындай бір кітапшаның өзі алдын-ала жоспарға еніп, екі жыл бұрын түу Мәскеуде бекитін. Сонан бірнеше адамның қолынан өтеді. Жасырын рецензия жазылады, сұрыпталады. Сөйтіп барып бас редакторға жетеді. Дайындаған кітабыңа қоса сен де жауап бересің. Бірде кәдімгі өзіміздің Амангелді Иманов туралы үлкен екі кітап түсті қолымызға. Жазушыны өңменінен итере алмайсың, төселген, ондай ой да жоқ. Сол бекітілген тәртіп бойынша өткелектерден өте-өте барып бас редакторға түспей ме? Талқылауда бас редактор менен сұрайды: «Амангелді қоғамдық іске араласты ма өзі?» деп. «Жоқ, – деймін мен. – Екі кітап жазылып бітті. Міне, дайын. Бірақ, Амангелді әлі сүндетке отырғызылған жоқ». Тағы бірде әйел автордың қолжазбасы түсіп, жұмыс істедік, редакцияладық. Кітап шығу керек. Бас редакторға жетті. Талқылау үстінде: «Редакция не бітіріп отыр? Бас кейіпкер бес байға тиген» деген айып шыға келді. Жауап беретін мен: «Ол пақырдың тиген байы жетеу еді, екі байының обалына редактор мына Нұрқасым Қазыбеков қалып отыр» демеймін бе? Бастықтың өзі сасып қалды. Құлағыңа тиіп жүргені солардың бірі шығар.
Баспа жұмысы талай жау да, дос та тауып берген. Шығандап кетпегенмен, бұйырған қызмет атқардым ғой, қанша ауыр болғанмен, жазу жұмысының рухани ләззаты болатын. Белгілі дәрежеде стиль қалыптастыруға, қалай жазбау керектігіне де себі тиген болар.
– Кезінде аузына қүдайды алдырып, бет сипауға ишарат жасатпаған қоғам жазушыларды алдына салып, діндер арасында демократия орнатуға итермелеген талпынысын қалай түсінер едіңіз? «Қаламгер дінаралық татулықты қолдайды» ассоциациясы құрылса, оның жүгін тартатын локомотиві қай дін болады деп ойлайсыз?
– Бірінші, анау қоғам құрылысы басқа болатын, бұл басқа. Біздің жаңа қоғам оның күнәларын мойнына ала алмайды. Екіншіден, бұл сауалдың жауабы жаңа айтылды, сауалдың өзінде де тұр. Бұлжымас бір ақиқат бар. Тіршілік салты, орта, ата-бабаның дәстүрімен бірге тал бесіктен бастап бойға енетін, қанға сіңетін қасиеттерге дін де аса зор ықпал етеді. Мен ең алдымен қазақ ретінде шексіз кеңістікті сүйемін, айналаның бәріне бауырмалдықпен қараймын. Маңдайға таяқ тиген, не оспадарсыздыққа куә болған кезде: «Е, бұл да бар екен ғой» деп, ес жинағандай боламын. Сөйтсем, де тағы да әлгі кеңқолтық қазақшылығыма барамын. Дауға салатын түгі жоқ, біздің өмір салтымыз бен табиғатымызға келетін дін – ислам. Әлдебір себеппен битке өкпелеп, өзге дінге діл қойған қазақ өмір бойы өзін- өзі жеп, арпалысумен өтеді. «Осыным қалай болды?» деген сауалға жатса да, тұрса да жауап іздеумен болады, өмірден алаңдаумен өтеді. Пейіл ата-баба дінінде, әрине, жұмақ дәметуге батылдық бармай тұр, бұйырмай жатса, амал қане.
– Қоғамның даму барысында үнемі алдыңғы қатарда жүретін бүгінгінің ақыны қорқақ, жазушысы жағымпаз, ғалымы жалтақ болып бара жатқан жоқ па?
– Бұл сауалыңды таратпаса да болғандай. Өйткені, оған өзің жауап беріп отырсың. Ашынғаннан да айтып отырған боларсың. Игі идеяның құрбаны болғанға не жетсін.
Адам ұнатпайтын жәйттер көп қой. Соның да ішінде, бәлкім екінші, бәлкім үшінші болар, менің қанымды кәдімгідей қайнататыны – жағымпаздық. Оның да ішінде жүрек жалғарлық мәзірі бар шығармашылық адамының, әрине, ол шын талант болса ғана, жағымпаздығы. Шын талант басын корлайтын, басын да емес-ау, талантын қорлайтын шаруаға бармайды. Қайран Махамбет… Аруағыңнан айналайын, қазақтың еңсесін қатты көтеріп кетті ғой. Адал өлім деп Жанқожа мен осы Махамбеттің өлімдерін айт. Өлген соң осылайша өлу керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен – Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.