ОЛЖАС ҚАСЫМ. БІР ӨЛЕҢНІҢ ТАРИХЫ

ӘДЕБИЕТ
2057

Өтежан Нұрғалиев ағамызға өмірінің соңғы кезінде, шамамен 2009 жылдары жиі қауышып, әңгімесін тыңдауға барып тұратынбыз. Әсіресе жастардың ішінде мені өзіне жақын тартып, әр кезде телефон соғып шақырып алатын. Кітап алмасамыз, баспасөзге жарияланған өлеңдерді талқылаймыз. Ақынның серуендейтін сүйікті орыны Алматыдағы «Қазақстан» телеарнасы ғимаратының алдындағы шағын аллея еді. Сол аллеяда қарымды қаламгер шылымын құшырлана шегіп, әдебиет жайлы, замандас ақындар,  өзінің шығармашылығы туралы небір әңгімені қызғылықты етіп баяндайтын. Сондай сұхаттың бірінде сөз зергерінен «күн қонып ұясына жалқындана...» деп басталатын өлеңінің шығу тарихын сұрадым. Себебі, өлеңнің соңындағы екі тармақ бозбала Өтежанның бізге беймәлім махаббат хикаясының бір үзігіндей әсер қалдыратын. Ағамыз қабағын сәл шытып, әлденені есіне түсіргендей болып отырды да өлең жайында сөз қозғай бастады. Алдымен аталған туындының толық мәтінін келтірейік.  

Күн қонып ұясына жалқындана,

Сауығын бастай берді салқын дала.

Кербез тау әуестікпен көлге үңіліп,

Көргендей өңі кірген қалпын жаңа.


Жел ұйықтап, қалғып кетіп балғын құрақ,

Тәтті үнмен сөйлеп жатыр былдыр бұлақ.

Жасыл сай, нілдей әуе, балқаймақ бұлт

Әніне тіршіліктің тұр балбырап.


Қоңыр қаз қанат жайса көлге жетіп,

Қоға тұр қос аққуды жеңгелетіп.

Көл – ана, ай – бөбегін шомылдырып,

Сызады күміс шеңбер дөңгелетіп.


«Әу!» десем тау да әндетіп, көл дір етіп,

Шайқайды көк шарабын мөлдіретіп.

...Жиен-жан, ай жарық боп пәле болды-ау,

Тағы да аңдушыңдай келді жетіп...

Айтуынша, Өтеағаңның Қосақбай есімді жиен ағасы болған көрінеді. Бұл - Қосақбай ағасының көрші ауылдағы бір қызды ұнатып, махаббаттың жалынына шарпылып жүрген кезі болса керек-ті. Аядай жүрекке сыймаған сезім күйі тыным бермеген соң, әлгі қыздың үйіне іздеп бармаққа оқталады. Бірақ, баруға қанша оқталса да қыздың әкесінен сескенеді. Ал, ғашығының әкесі болса мінезі қатал, «кездесу» кезінде ұсталып қалсаң жоныңнан таспа тілетін мінезді адам екен. Енді қайтпек керек? Ақыры тәуекелге бел байлап, тентектеу Өтежанды жанына ертіп алып екеуі қызды ауылға тартып отырады. Қыз үйде жалғыз емес, қасында қатал әкесі бар. Десек те ат арытып келген соң аянсын ба? Ағалы-інілі азаматтар «махаббат бекетін» көздеп, бойжеткеннің үйінің жанындағы айнадай көлдің жағасына келіп ат шалдырады. Нағыз сыналар сәт! Қосақбай сол жерге Өтежанды тастап, өзі арудың үйіне ақырын басып жетеді. Ай жүзін бұлт көлегейлеп, айнала қараңғы тарта бастаған шақ екен. Жігіт үшін бұдан артық мүмкіндік болсын ба? Құдай берді деген осы! Енді бұрымдының терезесінен телмірмек болып жатқанда бұлт арасынан жарқ етіп ай жарықтық шыға келмесі бар ма. Жоспардың күл-талқаны шыққандай болады...  Қосақбай алды-артына қарауға мұршасы болмай қаша жөнеледі. Ентігін баса алмаған күйі Өтежанның жанына жетіп, жерге сылқ етіп отыра кетеді. Қызға деген ынтызар жүрегі кеудесін төсті жаншыған балғадай соққылап барады. Қайтсін енді?! Бірақ артқа қайтар ол жоқ.  

«Екеуміз екі аяқпен келдік. Ендеше тағы да бір барып көрейін. Мүмкін ғашығыммен бір икемін тауып сөйлесермін»,— деп сәлден соң тағы кетеді. Бұл екінші мүмкіндік жігіт үшін қолайлы болады. Терезені еппен қағып, сол сезімтал қағысты қыз жүрегі айнымай таныған. Бойжеткен әкесінен сытылып шығып, үй алдына келеді. Көптен күткен жүздесу. Сезімге толы сыршыл жүректердің табысу сәті еді бұл. Аз ғана уақыт болса да аңсарлы шақтың кәусарын тату – қандай ғанибет! Дегенмен, бұл қымбат шақты да қырсық шалғанда «жарық ай» көп көреді... Айдың әшкере қылуымен қызбен тілдесіп тұрған Қосақбай қатал әкенің құрығына түседі. Бишігін үйіре қуған қыздың әкесі бозбаланы аясын ба?! Сарт та сұрт... Ағатайлаған ащы дауыстан айлы түнде аспан асты жаңғырығады.  

Осылайша ағалы-інілі жігіттердің қызды ауылға сапары сәтсіз аяқталса керек. Бірақ бұл келіс келісті тәмәмдалмағанымен Өтежан ақын үшін керім жыр туған керемет кеш болыпты. 

Ақынның айтуынша, Қосақбайды тосып айнакөлдің жағасында тұрған кезінде ойына беймәлім өлең жолдары орала береді. Әсілі, өлең табиғатқа тамсанудан емес, ағасына деген қамқорлықтан, айға деген назды күйден туған секілді. Үйге оралған соң Байғаниннің баласы төгілтіп отырып жыр жазады. Төрт шумақты туындыда жас ақынның тұнық көңілі, түнге сұғынған ауылдың тылсым кешінің әдемі суреті бар. Бұл шағын өлең Нұрғалиевтің алғашқы таңдамалы кітабына енді.  

Міне, бір оқиғадан өрбіген бір өлеңнің туу тарихы - осындай. Егер жиені екеуі бойжеткеннің үйіне бармағанда бұл өлең тумас та еді... 

Биыл арынды ақынның туғанына 80 жыл. Қарымды қаламгердің әр өлеңі тереңнен лықсып шыққан қайнардай ағысты, өмірдің өзіндей шынайы. Өрісті де, келісті өлеңдерді түйсіну үшін жүрекпен ұғынып оқу керек. Талантты ақын баллада жанрында өнімді еңбек етіп, соғыстан соңғы кезеңнің тұтас галереясын жырмен сомдады. Поэмаларының өзі замана биігінен, болашақ белесінен тіл қататын жауһар шығармалар санатында. Өлеңді арындай көріп, жанымен қорғаған ақынның нұрлы бейнесі уақыт өткен сайын асқаралы таудай асқақтап барады! 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...