Сенбі күнгі шыққан «Айқындағы» мақаланы бүгін ғана оқып шығуға мүмкіндік болды. &la...
Мұнайдар Балмолда. Құдайдың хаты
Әбілқасым орташа дәулеті бар көптің бірі. Жұмыс жасайды. Отбасын асырайды. Төрт баласының кішісі Ербол бастауыш сыныпта оқиды. Бірде Ербол әкесіне таяп:
– Әкетай, бізге апайымыз еркін тақырыпқа шығарма жазып келіңдер. Кімдікі жақсы болса, соған бестікпен қоса сыйлық та болады деді.
– Ә, жақсы болған екен. Ендеше жаза ғой балам, өзіңнің не ойлағаның бар? Бұл сенің қолыңнан келеді емес пе, ә?!.
– Мен сен туралы жазсам ба деймін…
– Мен туралы… әкең жайлы ма?.. Құлыным-ай, басқа тақырып табылмады ма, ыңғайсыз болар… Сен одан да былай етсейші, жақсылап ойлан, мен де ойланайын… Аға-апаларың, шешең неғыл дейді, олардың да пікірін білейік… Бұл өзі қызық болды ғой. Апайларың не әкелерің жайлы жаз деді ме?..
– Жоқ, бірақ апай айтты, адамгершілік туралы жазуға болады, сендер ондай қасиетті кімдерден көп көресіңдер, соны келтіруге болады деп. Мен анашым екеуің жайлы жазғым келеді.
– Ә, жақсы екен. Балам, анашыңды жазғаның дұрыс, ал мені кірістірсең жай бір тұсында келтірерсің… Сендерді ақ сүт беріп, аялап, мәпелеп, бағып өсірген аналарың ғой. Ол сендердің әрқайсыңды «айым, күнім, ботақаным, құлыным» деп айналып-толғанып, түн баласы ұйықтамайтын. Әсіресе, сен сондай шыршық болдың. Екі жасқа толғанша мамаңды еміп, міне, нардай жігіт болдың! Ал мен көбіне түзде жүрем, ақыл айтқаным болмаса… Бүкіл ауыртпалық шешелеріңнің мойнына түсті. Өсіп кеткен соң ғой, ол білінбейді, айналайыным менің, сен сөйте ғой, анашың жайлы жақсы етіп жаз, сосын маған көрсет, жарай ма?!.
– Жақсы әкешім, сөйтемін, – деп Ербол өз бөлмесіне шауып кетті.
Әбілқасым сағатына қарады. Жұма намазына баратын уақыт таяпты. Үйреншікті жолымен мешітке келді. Жамағатпен бірге намазын оқыды. Намаз біткен соң да отырған орнынан тапжылмай ұзақ күбірледі. Шыға бере көзтаныстары ұшырасып, аулаға шыға бере сауал қойып та үлгерді.
– Әбеке, соңғы кезде мешітте ұзақ боласың, намаз біткен соң да әлденелерді оқып, жылайтындайсың ба өзі? Қалай өзі, отбасың, балаларың аман-сау ма? Біреу-міреу ауырып қалмады ма?
– Жоға, бәрі шүкір. Аман-есен жұрт қатарлы жүріп жатырмыз. Жай өзім ғой…
– Сен не жылағансың ба?.. Көзің жасаурап тұр ғой, – деді және бірі.
– Жасымыз ұлғайған сайын сыр беретін жайт қой… – деп бұл әңгімеден қашқақтаған жандарына сол мешітте істейтін, осы тұрғандардың бәрі жақсы білетін имамдардың бірі тақады. Сөздің сылайын ол да аңдап қалса керек:
– Жүрегі жұмсақ жанның жанарынан жас шықса, ол жақсылық. Әсіресе, ғибадат қылғанда сондай күйге түссе, ол адамның Алла алдындағы күнәсі кешірілер… Иә, бәрі бір Алланың қолында, – дей берген Әбілқасым имам досына қарап күлімсіреп бір сауал қойды. Шамасы әңгіме ауанын басқа арнаға бұрғысы келді ме екен.
– Адам баласы біліп те білмей жасаған күнәсі, қателіктері үшін Алла-Тағаланың кешіріміне ие болағанын қалай біледі? – Әбілқасымның бұл тосын сұрағына достары күлді. Имам сәл жымиып:
– Оны жүрегің сезеді. Раббыңмен байланысыңды үзбесең, оны жүрегің түбі сезеді. Жалпы, мұсылман баласы үміт пен күдіктің ортасында жүргені абзал… Бауырым, Әбілқасым, сенің отбасыңды асырап, еңбек етіп, ұлық иеңді ұмытпай оған құлшылық қылып жүргенің үлкен нығмет. Кешірімге ие екеніңді іштей сезіп, одан сайын Тәңіріңе деген ынтызарлығың артады…
– Солайын солай ғой… Бірақ мен, айтсам бәрің күлесіңдер, мен «Әбілқасым, сені кешірдім» деген құжат, яғни "Құдайдың хаты" қолыма тисе екен деймін. Көктен қасиетті Құранды түсірген, осындай жер жаһанды жаратқан құдірет иесі үшін ол ең оңай нәрсе емес пе, а?!. – деп Әбілқасым жанындағылдарға қарағанда бірі күлсе, бірі не дерге білмей қалды. «Осының дені дұрыс болмас» деген көзқарастар да байқалды. Имам жылы ғана жымиды. Ештеңе демеді. Жаймен Әбілқасымның арқасынан қақты. Содан бұл әңгіме осымен тәмәм болды. Олардың не ойлағаны Әбілқасымға маңызды еместей, не болса да көкейіндегісін айтып салды. Өзін бала сықылды сезінді. Бірақ біртүрлі бойы жеңілдеп, айтқаны далаға кетпегендей жұмысына қарай батыл беттей берді.
Арада күн артынан күн өтті. Әбілқасым мешітке келген сайын әлгі достары оған күле қарағандай болады. Оның бәрін бұл сезіп жүр. Таныс имамы да сәлемдесіп, әңгіме-дүкен құрғанымен мұның өткенде айтқанын ол да ұмытпағаны көзінен көрініп тұрады. Әбілқасым ешқайсына сыр бермей, ғибадатын жасап, тыныш күйге түскен.
– Әкетай, менің шығармамды ең үздік деп бағалады! Мектепте бәрі менің жазғанымды мақтады. Апайым да, мектеп директоры да. Ертең жазғы демалыста Бурабайға барып қайтуға жолдама да беретін болды!-деп Ербол шығармасын әкесіне көрсеткенше асық,-міне, «бестік», міне, мақтау қағазы!
– Ой, айналып қана кетейін! Шүкір, шүкір, өркенің өссін құлыным!-деп Әбілқасым ұлының шығармасына көз жүгіртті. Төменінде нән қызыл «бестігі» бар шығарманың атауы «Кешірімпаз» екен.
«Менің анашым әлемдегі ең сұлу да мейірімді адам. Көктегі күн жерге жарығы мен жылуын қалай шашса, менің анашым да бізге, айналасына сондай жылылығын таратады. Оның алақаны ып-ыстық, жұп-жұмсақ. Ол өте мейірімді» деп басталған шағын шығармада Ербол анасы жайлы елжіремей оқуға болмас сөздер жазыпты. Ал шығарманың түйінін былай деп келтіріпті:
«Әкем мен анам бізді адам болуға тәрбиелейді. Менің әкем қарапайым жұмысшы. Бірақ ол көп біледі. Көп оқиды. Ол біздің, әсіресе менің тентектігімді үнемі кешіреді. Өткенде доп ойнап жүріп көршінің терезесін сындырып алғанымда ұрысқан жоқ, екеуміз жөндеп бердік. Күні кеше су жаңа телефонымды жоғалтып алғанымда барлығы маған ұрсып жатқанда әкем келіп арашалап алды. Ақылын айтты. Менің әкем өте кешірімпаз. Ол үнемі Құдаймен сөйлесіп, оның бізге жазған хатын оқиды «Құдайдың хаты» біздің үйде бар. Оны Құран деп атайды екен. Əкешім маған айтады: «Құлыным, Ерболым, өмірде біз көп қателесеміз, бірақ түзу жол табамыз. Бізді Алла көріп тұр, аялап көріп тұр. Алла өте мейірімді, кешірімпаз, ол бізді жақсы көреді» деп. Мен Алланы әкем арқылы танимын. Әкем осындай болса, онда сөзсіз Алла кешірімпаз, ол адамдарды жақсы көреді, мені әкем қалай кешірсе, ол адамдардың қателігін солай кешіреді. Өйткені ол өте жақсы ғой!» Әбілқасым ұлының шығармасын бастап оқығалы егілді. Көзіне ерік берді. Ерболын құшағына алып: «Құлыным-ай менің, құлыным-ай, сен адам болыпсың!..» дей берді.
Бүгінгі жұма намазына келушілер арасында Әбілқасымның жүзі керемет нұрлы. Оны көп адам байқаған. Достары, дос имамы да оның өмірінде өзгеріс болғанын сезген. Бірақ сұрауға батпайды. Жұрт тысқа шыққанда. Өткендегідей сол адамдар бас қоса қалмасы бар ма?!. Арадағы бірі имамға айтқан болып:
– Біздің Әбілқасым «Құдайдан құжат» алғандай мәз ғой бүгін. Сіз білмейсіз бе оның сырын? – деп жеңіл қағытты.
– Алса алған болар. Жоқтан барды жаратқан Жасағанның шеберлігіне күмән келтіре алмаймыз, – деп имам да Әбілқасым бірдеңе дер ме екен деп жылышырай танытады. Әбілқасым қойнынан баласының шығармасын суырып, имамға ұстатты.
– Дауыстап оқыңызшы, бұл кіші балам Ерболымның шығармасы…
Имам жігіт оқушы шығармасын оқи бастағаннан айналадағылардың қарасы көбейе түсті. Ұйып тыңдаған жұрттың басымының көз жанарлары мөлтілдеп, жасқа толды. Имам оқып болып, өзі де толқып тұрғанын жасыра алмады:
– Әбеке, сізге осыдан артық қандай құжат керек? «Әбілқасым, мен сені кешірдім» деген құжат болса деп өткен әзірде осында тұрған біразымызды таңқалдырып, қызық жағдайда қалдырып едің. Енді міне, мынадай дүниемен, кереметпен бізді тағы да қайран қалдырып отырсың. Иә, Алла-Тағала шебер ғой, қарапайым да көркем түрде өзіңіз тілеген құжатты қолыңа беріпті… Досым, бауырым, мұны жазған балаңыз періштедей пәк екен, Алла тіл-сұқтан сақтасын!-дегенде қаумалаған халайық бет сипап, тілек білдірісті. Əбілқасымның бар айтқаны: «Негізі мен олай демеуім керек еді. Бірақ сүйексіз тіліміз солай деп қойыпты... Құдай-Тағаланың бізге, адамзатқа жазған хаты əр мұсылманның үйінде, жүрегінде бар емес пе? Мен сəл шектен шығыппын...» деп төменшіктей берген. Құдайдан құжат алған Әбілқасымға жұрт жарылып жол берді. Ол да көзінің жасын іркімеген күйі ақ мешіттен ұзай түскен. Күн де ерекше нұрланып, төңіректе сайрауыш құстар шықылықтап, бұл күннің мән-маңызына әрлеп, сәндеп, иманды елдің көкейіне жақсы ой салған. Алла – аса ұлық, құдіретті, өте мейірімді, кешірімпаз.
Кішкентай Ербол жазғандай: «Ол өте жақсы ғой, өте жақсы!».
Мәдениет порталы