Мирас Асан. Адам жанын ұға алмау - ақынға мін

ӘДЕБИЕТ
6265

*
Жолықтық бақ үшін бе, мұң үшін бе?
Білмеймін, кімбіз екеу, тірі сүлде...
Жария оқырмансың жұрт алдында,
Жасырын кейіпкерсің жыр ішінде...

Сені еске салады әсем әрбір әуен,
Сені ойлап атады аппақ таң дұғамен!
Білмеймін, тұтас ғұмыр жатыр бәлкім,
Біз кешкен жалқы сәтте мөлдір әлем.

Білмеймін, маған кімсің расында сен,
Жолықтық, кез болғандай жасынға сең...
Бейдауа дертсің жалғыз ішімдегі,
Бейтаныс бойжеткенсің қасымда әсем.

Шайырдың шаттығы орта, күлкісі кем,
Тағдырдың келем үшкір түрпісімен...
Тауып ап мен өзіңді жалғыздықтан,
Танымай өте шығам жұрт ішінен...

Сел құйып жатса да ұзақ ар биігі,
Шөл қысып қаталайды жан күйігі.
Мен бұған үйренгенмін ең қызығы,
Мен бұған үйренгенмін ең қиыны.

Маған маза бермейді

Маған маза бермейді
Жас бұтақтың абайсыз шабылғаны,
Кінәсізге кісеннің тағылғаны,
Әлдекімнің лақтырған кесегінен,
Әлдекімнің әйнегі шағылғаны.

Маған маза бермейді
Сейілмейтін уайымның қара түні,
Есігімді бейуақтың қағатыны,
Мен жақсы етік алуға барған сайын,
Бір кедейдің аяғы тоңатыны.

Маған маза бермейді
Абайсызда құлайтын жардан құлын,
Қасіреттер, көз жастар тамған бұрын,
Жетім ұлдың алдында байқаусызда, 
Еркелетіп баламды қалғандығым.

Маған маза бермейді
Маған ренжіп жүргені жақындарым,
Адам жанын ұға алмау – ақынға мін.
Бір жақсының көтермей қоңырауын,
Көп жаманмен көпіріп отырғаным.

Маған маза бермейді
Өмір сүріп жатқаным құр өтірік,
Бидің қызмет қылғаны құл отырып,
Жоқшылықтан өртенген сәбилерді,
Жоқтай алмағандығым тұл өкіріп!

Маған маза бермейді
Суық мұңға ыстық жас тиетіні,
Суық сөзге жанымның күйетіні,
Мен әлдекім жайлы ойлап басқа ендікте,
Мені әлдекім басқа ендік сүйетіні.

Маған маза бермейді
Ойдың гүлдей күтімсіз солатыны,
Шердің ішке шелектеп толатыны,
"Таланттардың келетін-кететіні,
Халтураның мәңгілік болатыны".

Маған маза бермейді
Күздің жазды бәрібір ұтатыны,
Қалатыным бір сай, бір бұта түбі,
Уысынан шығармай ұры уақыт,
Барлығын да білдіртпей жұтатыны.

Маған маза бермейді!

*
Сеземін сені жарықтан,
Шуақтан,
Нұрдан,
Күн,
Айдан.
Шақтардан сезем торыққан,
Іздеген,
Күткен,
Мұңайған.

Сен жайлы жұтып ауа, дем,
Сен жайлы батам ойға алып.
Қазір де маған бар әлем,
Кеткендей саған айналып.

Басылмас дертім құмары,
Сенімен сұлу жан нұры.
Сені еске салып тұрады,
Сағынған жанның әрбірі.

Сеземін ыстық алаудан,
Сеземін суық тастан да.
Ақшамнан сезем жаңа ауған,
Көзімнен тамған жастан да.

Сеземін жылы сөздерден,
Сеземін ұзақ жолдардан.
Ойлы да тұнық көздерден,
Қамқор да нәзік қолдардан.

Елеңдеп сендік есімге,
Тәтті усың тамған санама.
Кеңістік саған – көшірме.
Уақыт саған – балама.

Сенсіз сәт менде жоқ қандай?
Ғашықтық та адам тағдыры.
Сені айтып бара жатқандай,
Көшеде жанның барлығы.

Теңізден сезем телегей,
Таулардан сезем бұйығы.
Осының бәрін елемей,
Өту ғой маған қиыны.

*
Өз-өзіме қарап тұрмын сыртымнан,
Маған мүлде ұқсамайды түр-тұлғам.
Мынау мендік жүрек емес қап-қатты,
Мынау менің жейдем емес жыртылған.

Еркімнен тыс шығатындай зарлы үнім,
Өткен шақта көрем, сезем барлығын.
Мені елемей тұрған сынды ғашығым,
Мені аңғармай тұрған сынды тағдырым.

Кеудем боп-бос қаңыраған кеңістік,
Жүйкем дал-дұл, сөздерімнің көбі істік.
Мынау менің басым емес ең қымбат,
Мынау менің жасым емес ең ыстық.

Көмей-дағы күміс емес, тат перне,
Өзіме-өзім бейтаныспын, жат пенде.
Мені ұмытып кеткен сынды адамдар,
Өздері үшін ең маңызсыз сәттерге...

Шығам дағы биіктеу бір белеске,
Еске аламын бәрін-бәрін, тек еске...
Мені тастап кеткен сынды махаббат,
Үнсіздікке,
Сағынышқа,
Елеске.

Айғайымнан түк шықпайды қарлығып,
Мені ұмытып кеткен сынды жаңғырық.
Мені айналып өткен сынды жер шары,
Мен ойланып кеткем сынды мәңгілік.

Қайда бәрі, қарлығаш-ой, жыр-ұя?
Қайда жазым қызыл-жасыл дүрия?
Мені үгітіп жатқан сынды уақыт,
Мені ұмытып кеткен сынды дүния.

ЕС-АҒА

Жанымды жуындырып шықпен бақұл,
Қаралы қағаз болды күткен хатым...
Қолымнан ұшып түсті алтын кездік,
Қойнына қара жердің күмп берді ақын.

Қойнына қара жердің гүрс етті өлең,
Құламас жүз жыл деген жыр шөкті емен.
Келеді бекіткісі бізді жалған,
Қайғы деп тірі жанда кім шекпеген?

Мінілмей салтанатқа күйме қалды,
Тау қалды,
Өзен қалды,
Жиде қалды...
Молаға апармайды қыз баланы,
Өріктал өксіп-өксіп...
үйде қалды...

Қарындас бұлт өксіді барып аулақ,
Өксіді аңызақ жел өңі жаурап.
Аңырап Маңғыстаудан бауыр кірді,
Басы жоқ құнан мінген омыраулап...

Алматы ару өксіп, Келінтөбе,
Дегенін қылды қатал өмір-төре.
Төгілді сөредегі кітап жас боп,
Сөгілді сом жебеден темір көбе.

Қайғымды мен де жеттім омбылай кеп,
Ақынға тек жар бола гөр Құдай деп!
Алдымнан шығатындай ағатайым:
"Аман ба айналайын, ол былай деп".

Мазарда шайыр қалып, шабыт қалып,
Көтеріп жұрт қайтты үйге табытты алып...
Қалыңнан жарыла ұшты жалғыз үйрек,
Қанатын батар күнге малып-малып...

Көнесің растығына бәріне іштей,
Сезесің бастағанын сағыныш жей.
Өксисің,
Өкінесің,
Өртенесің,
Зәмзәмді қалған жандай қанып ішпей...

*
Бір ғана сөзден күйеді қалам,
Бір ғана сөзден гүл атып.
Бір ғана сөзбен сүйеді адам,
Бір ғана сөзбен жылатып.

Бір ғана сөзден ортайып әнім,
Бір сөзден Ай, Күн тұтылар.
Бір ғана сөзден марқайып жаным,
Бір сөзден көңіл шытынар.

Бір ғана сөзде жан нұрым, демім,
Бір сөзде жақын, жатым да.
Бір ғана сөзде тағдырым менің,
Бір сөзде махаббатым да...

Бір сөзбен жарық бітеді түнек,
Бір сөзде жұмсақ, қаттылық.
Бір сөзді ұзақ күтеді жүрек,
Бір сөзге қол бұлғап тұрып.

Өмірдің жасыл желегі неткен,
Өтерін зулап кім сезген?
Бір ғана сөзбен келеді көктем,
Келеді күз де бір сөзбен.

Дәл мендей оны жырламас өзге,
Бір сөзде бүкіл мұң, емім.
Жанары оның бір ғана сөзде,
Бір ғана сөзде жүрегім.

Бір ғана сөзде жалқы сәт ойнар,
Бір сөзде бәрі... таң қалам.
Бір ғана сөзде шарпысады ойлар,
Бір ғана сөзде – бар ғалам.

*
Неге алыс қол созым жер мына қысқа,
Қос тағдыр қарсы отырдық ұлы ағысқа...
Біреуміз ескерткіштей қайғы-мұңға,
Біреуміз ескерткіштей қуанышқа!

Отырмыз қарсы қарап жат һәм таныс,
Әңгіме – жұмыс, өлең, тапқан табыс...
Сүйісіп көрші үстелде қояды екеу,
Түйісіп шексіздікте жоқ қалтарыс...

Бізде ше, бізде мүлде басқа қалып,
Тәбет жоқ тапсырылған асқа да анық...
Отырған адамдай сіз босқа келіп,
Отырған адамдай мен босқа барып...

Ғажайып орындалмас сәтті тілеп,
Бәрін де көзбен айтып жатты жүрек...
Болмаған оқиғадай бүгінгі кеш,
Жазбаған хикаядай хат құдірет!

Ауыспай сол отырыс, сол мәнерде,
Бір жұмбақ қалды ауада, сәнді әуенде...
Дәлізді сіз кеттіңіз бойлап ұзақ,
Мен қалдым ішімдегі мәңгі әлемде...

Бұл не өзі, анық мұң ба, бұлдыр бақ па?
Бөлеген бізді не күй түн құндаққа?
Пәрменім жүрмейтіндей бұл жүрекке,
Дәрменім жетпейтіндей бұл жұмбаққа!

Менің әдеби ортам

Ақындарым – сендер менің дос елім,
Тұрғынымын сендер тұрған көшенің.
Сендердікі менің жүріс-тұрысым,
Сендердікі менің қисап-есебім.

Сендер десе қасындамын Күн, Айдың,
Ұларбекше қара Ертіске құлаймын.
Өлеңімді Русланша оқимын,
Сағатымды Бақытжанша сұраймын.

Сендер десе ақын сынды бар ғалам,
Муза-аруға мен сендерше арбалам:
О, пәлі деп Ерланша сүйсінем,
Кетәрі деп Бағдатша таң қалам.

Қиялдарым қарагері Мерейдің,
Қияндарым ақ өлеңі Дәбейдің.
Келешегім – миы Ақберен шайырдың,
Бағзы күнім – үйі Дәулеткерейдің.

Бұтағымын Танагөздік дарақтың,
Тұтқынымын Құралайлық қораптың.
Кітаптарым момындығы Олжастың,
Ұйқастарым төбелесі Жанаттың!..

Ақындарым сендер – етім, сүйегім,
Сендер мен деп, мен сендер деп күйемін.
Мен иттерді Ақсұңқарша жек көрем,
Мен өмірді Жадыраша сүйемін!

Сендер десе ми, жүрекке елшімін,
Сендер десе мейірімге қоңсымын.
Жәнібектік итмұрынға туыспын,
Ұларбектік кейіпкерге көршімін.

Кейде қалам өздеріңше шашылып,
Кейде қалам өздеріңше басылып...
Сағынтайша шертем "Көңіл толқынын",
Дәурен сынды тебем допты ашынып.

Бар ғаламның қайғы-мұңын артып ап,
Қалам кейде жан дүнием қалтырап.
Қаламақы алмасам да көк тиын,
Қалқаманша жүрем топта жарқырап.

Сендер десе күш алады жан қайрат,
Сендер десе шабыт бұрқақ, ән байрақ.
Тоқтап қалған көшпенді рух оянам,
Тоқтарәлі жылқыларын көлге айдап.

Айтылмаған ақындарым әлі көп,
Өмір сүру қандай қызық бәрі боп!
О, әдеби ортам менің бол аман,
Сендерге тас атқандарға лағынет.

*
Жанымды ойлар жегіқұрт жеуде кенеп,
Доғарыңдар, дәрмен жоқ деу де керек...
Көкпар тартып жатады ар мен атақ,
Менің қуыс кішкентай кеудеме кеп.

Өзіме жау кейде тым жұмсақтығым,
Өзіме жат кейде күрт, тым сақтығым.
Аударыспақ ойнайды күндіз-түні,
Мініп алып арқама мұң-шаттығым.

Біреулердің бітпейтін өсегімін,
Біреулердің бақайшақ есебімін.
Арқан тартып жатады миымда ылғи,
Хан мен халық,
Дос пен жау,
Кеше.
Бүгін.

Ішімде той, сырт суға бата тұрып,
Бозінгенмін, сөздерім бота-тұлып.
Асық ойнап жатады маңдайымда,
Уақыт ұтып, әжімдер сақа тігіп.

Самайымда ақсүйек ойнар ғашық,
Алтыбақан – тіл-жағым шайнаңдасып.
Айтысады ішімде шын мен жалған,
Махаббат пен ғадауат майдандасып.

Тән ысқырып ызбарлы, жан ышқынып,
Тірлік деген осы екен – таныс ғұрып.
Бәйге шауып жатады жан түбімде,
Тамшыларын тағдырдың жарыстырып.

Көз күлді не, бәрібір, жас тамды не,
Белортаға келді өмір – дастан міне.
Менің ішім күнде той, күнде думан,
Мен ішінде бармын ба – басқа әңгіме.

madeniportal.kz

author

Мирас Асан

АҚЫН

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...