МҰҢЛЫҚТЫ ОҚЫП МҰҢҒА БАТТЫМ

ӘДЕБИЕТ
2463

(Сәкен Сыбанбайдың бір әңгімесі хақында достық наз)

Әңгіме әлқиссасы қасиетті жердің тылсым жұмбағының құдіретіне тамсанудан басталып, оқырман кеуіліне әлдебір құпияны ұялатпақ болатын сынды. Бұл – әрине, өте құптарлық қадам. Оқырманын жүрсе ілестіріп, жүрмесе өңгеріп әкететіндей шығармада қуат болуы тиіс. Сонымен әне бір шырақшы майын тамызып нендей ежелгі жырды айтты екен деген таңсықтық қылаң ете қалды. Бірақ, автор ештеңені жарытып айта қоймаған соң, ана екі жолаушы құсап мен де өз қиялымның жетегіне ердім. Солармен бірге көлікке міндім. Тізгін Әлібектің қолында. Бір ғажабы сол тізгін ұстап отырған Әлібектің атын білгенімізбен оның қандай жігіт екенін бір құдайым білсін. Әйтеуір, Әлібек. Ол аздай жорғасынан жаңылмайтын көлігіміз: салт ат па, арба ма, авто көлік пе одан да хабарсызбыз. Әйтеу келе жатырмыз... 

«Әсіресе үйінде де, кеңсесінде де төрт қабырғаға қамалып, төрт бұрышты тажалға телмірген біз сияқтылар» деген жолдарды оқығанда қала адамының өмірі түрмеден де нашар болды-ау деп саныңды соға жаздайсың! «Сағынысқан анасымен шүйіркелесіп, бауырымен, қоңсы қауыммен қауқылдасып болды-ау деген мезетте Әлібекке: «Тынығарда төсекті далаға салғызшы», – дегенім де сол-тұғын.» дейді әңгіме иесі. Төсекті далаға сал деген өтінішін мен естімей қалды деп қайталағаны шығар деген оймен, іштей мақұлдай салдым. 

Содан бақа құрылдап, есек азынап, шекшек шырылдап, маса ыңыздап ауылдың түнгі өмірі басталады. Масаханада жатқан үшеу де жыбырлап жатар емес. Жәнібек қалалықтардың әңгімесіне құмар. Аналардың айтқысы жоқ. Содан Жәнібек өзі бастады. Бұл баланы да танымадым. Автордың айтысына қарағанда бөтен емес, әлгі Әлібек дегеннің інісі... Дегенмен осы балаға рақмет дегің келеді. 

Мыңдаған шақырым жерді өндіріп тастап келген мына екеуді: енді не қылық қылар екен деп, мен де аңдудамын. Себебі: басты мақсат әңгімеге шиеленіс тудыратын желіні ұстау емес пе еді? Ал, бұлардың асығатын түрі жоқ.

«Табиғат тынысын аңсаған біздің мұндай үнсіз қалпымыздан жалыққан Жәнібек:

– Бағанағы қызды танымадың, иә, сен? – деп сұрақты бүйірден қойды.

– Қай қызды? – Әлібек қапелімде түсінбей қалды.» Маған айтқан екен деп мен де елең ете қалдым. Осы арада елді шатастырмай «... сұрақты ағасына бүйірден қойды» десе, тыйыш жата бермейсің бе? Сонымен «сампылдаған қыз» туралы бір хикаяның ұштығы шыққандай болды.      

Жастығымызды қопсытып-қопсытып қолтыққа атып ұрып, жата бергенімізде аяқ-асты: «Алдымен болар-болмас бір ыңыл естілгендей болды. Аш мысықтың әлсіз мияуындай ғана өлімші үн. Бастапқыда елең де етпеп еді, бірте-бірте жиілеген соң, еріксіз құлақ түрді.»... Бұ не сұмдық деп «масахана ішінен» мен де құлағымды едірейттім. Сөйтсем, әңгіме желісі кілт өзге кеңістікке ауып кетіпті. Қанат пен Раушан деген біреулер жүр. Ол арада біз жоқпыз. Енді бұлар қайтер екен деп, сырттай бақылауға көштім. Қанат Раушанның күйеуі екен. Ол тоңазытқыштан әйелі алып келген мұздай айранды басына бір-ақ төңкерді. Апырай, неткен мықты тамақ, неткен темірдей денсаулық деп қайран қалдым! Сөйтіп тұрғанда әлгі жұмбақ дыбыс қайта шықты. Қойшы, ит өлгенде  құпия ашылды...

Ұзын сөздің қысқасы бір оңбаған қатын жаңа туған шақалақты дәретханаға тастап кетіпті. Ал оны құтқару әрекетін автор ештеңеден жиіркенбей, реалистік тұрғыда өте нанымды етіп суреттеген. Имандай шынымды айтсам, сіздерге оны қайталамақ түгілі, көз алдыма елестетуге дәтім жетер емес. Қызығушылық туса, түпнұсқадан оқи жатарсыздар... http://www.madeniportal.kz/article/1924

Баланың көретін жарығы бар екен. Саматтың көлігімен ауданға алып кетті. Қай Самат деулеріңіз мүмкін. Сол ауылдың Саматы... Осы әңгімеден ары-бері санап: он екі, он үш адамның есімі аталғанын аңдадым. О баста, неге бұларды дұрыстап таныстырмады деп авторға кейіс білдіргім кеп еді, артынан байқасам, таныстырмағаны да жөн болыпты. Тіпті кейіпкер деуге келемейтін – көшедегі бейтаныс кісілер секілді екен. Атын атағанда тұрған не бар; араласпаған соң, бәрібір ұмытып қаласың дегені сияқатты... 

«Әжетхананың гүрс құлап, ойран-топыры шыққанын терезеден көрген Бәдиша «қап» деп, ернін тістеледі. «Жабулы қазан жабулы күйінде қалуы керек еді. Енді мыналар ойда жоқта құпиямызды ашып, құрдымға жіберетін болды-ау. Осылардың-ақ иісшіл итше тіміскіп жүріп, таппайтын бәлесі жоқ!» деп Қанат пен Раушанның әке-шешесінен түк қоймай, бір сыбап алды. «Осыларға не жетпейді екен өзі? Перзентсіз дейтін емес, бес баласы бар. Енді алтыншы ғып, асырап алмақ па? Пәлекетті алысқа апарып та тастамаған екенмін, ешкім таба алмай, үні өшетін. Бірақ қайда апарам? Жол-жөнекей қыңқылдап-сыңқылдап, бақырып-шақырып, мазамды алса, қайтпекпін? Таза масқара сол болар еді ғой. Елге не бетімді айтар ем?».

Ол түкпірдегі төсекте жатқан қызының жанына келді. Оянған екен. Өңі әлі боп-боз. Иегі дір-дір етеді. Жанары дымқыл. Үнсіз жылап жатыр.

– Тәуірмісің? – Бәдиша сұрақты жәй көңіл үшін қоя салғандай, ізінше дабырлап қайта сөйлеп кетті. – Өзіміз осы дәрілерді ішіп-ақ, атша шауып кете беретінбіз. Ертең-ақ қалпыңа келесің. Бірақ ертең деген біз үшін бола ма, болмай ма – міне, мәселе! Мыналар (иегімен оң жақтағы көрші үйді нұсқады) бәрін біліп қойды. Ауданға алып кетті. Ендігі полицияға хабарлаған да шығар. Қанша жасырып-жапсам да, ақыры масқарамыз шығатын болды.»

Мынадай сугіретке жеткенде логикам шақұр-шұқыр етіп, психологиямның мыйы айналып кеткендей болды. Бұлардың адам өлтіріп емес, қазанды алалап кеткен көршінің күшігін өлтіріп жатқандай алаңсыздығы қатты таң қалдырды. Жоғарыдағы дәретханадан көрген қорлығымнан да өткен ұйқасымсыздық жүрегімді лоқсытты. Ақыл-есі мүлдем ауысқан біреу болмаса, осылай сөйлеу: қанша қарау болса да бала асыраған анаға тән емес-ақ...

Аида деген әлдеқандай аты бар қыз түні бойы жатпайтын селтеңбайдың өзі екен. «Бұл болмай қалған «күйеу баланы» ебін тауып, «енесімен» беттестірген екен, анау тіпті ат-тонын ала қашып, «қызыңызбен туған күн кештерінде кездесіп, бір-екі рет билегенім болмаса, жолаған емеспін» деп, бетпақ Бәдишаның өзіне бет бақтырмапты. «Қап, бәлем! Көрерміз кімнің жеңерін» деп тістенген Бәдиша жігітті ыңғайға көндірудің түрлі амалдарын ойластырғанымен, ешбірінен қайран болмапты. Екі ортада едәуір уақыт өтіп кетіп, «шарананы алдыруға болмайды, өте кеш, қызыңның денсаулығына зақым келгені былай тұрсын, өміріне қауіп төнуі мүмкін» деп мына жақтан таныс дәрігер шыққан.

Амал жоқ, тууға тура келді» деп баяндалады ары қарай... 

Анасы Бәдиша да екі рет байға шыққан сүмелек екен. Қысқасы, тәлім-тәрбиесі жоқ отбасы. Сонымен: «Қос күнәһар дүние есігін жаңа ашқан пәк жанның – періштедей қыз баланың тағдырын жан шыдамас аяусыздықпен алдын ала шешіп қойған еді.» деп түйінделе бере, ІV тарау басталады.

«Дүниеде Құрышбайдан өткен сормаңдай, Құрышбайдан бетер бейбақ, Құрышбайдан асып түсер бақытсыз адам бар ма? Мұның жауабы өзгеге беймәлім болуы мүмкін, бірақ Құрышбайдың өзі анық біледі – жоқ!

Өйткені, бұл бақытсыз, бейбақ, сормаңдайда перзент жоқ.» 

Автордың Құрышбайды кегі кеткендей осыншама аяусыз табалағаны жығылғанға жұдырық  деп ұқтым. Құрышбай тағдырына налып, бұл өмірде бір шикіөкпеге зар екенін өзінің егіліп айтқаны да жетерліктей еді. Тегі, қуаныш пен қайғыны көп, көпіршітіп езе беруге де болмайды. 

Жә, делік. Шығарма желісін аңдап отырсаңыз, әр жолы жаңа тараудан басталатындай. Содан барып: өзіндік сюжеттік оралымдары болуы тиіс роман қаңқасын елестеткен, күрделі композиция ышқынатын секілденді. Алдындағы санаған оншақты есім де соған меңзейді. Қанат пен Раушан, Бәдиша мен Аида, енді Құрышбай кемпірімен қосылды. Бұлардың өзі жазушы үшін тұнып тұрған материал. Солардың қуаныш-қайғысы, өмірі, арманы шыр көбелек айналып келіп, қазығын тапқан ат секілді, «Кенезесі кепкен Құрышбай балалы болды» деген басты идеяны ашпай ма...

«Енді мына періштені бауырына басып, бақыттан басы айналып жүргенде, «Әкеліңіз бері! Бұл – біздің баламыз!» деп дікеңдеп біреу кеп тұрса, нағыз сорлап қалу сонда болмай ма?

Бірақ Қанат пен Раушан жарыса сөйлеп, жабыла түсіндіріп, мұның мұңын тез сейілтті. Бәдиша қызын алып қалаға көшіпті. «Үйімді сатып алам деушілер болса, саудаласа бер» деп арғы қоңсысы Нысанбайға тапсырып кетіпті. Полицияға берілген арыз бойынша қылмыстық іс қозғалған екен, оны ақсақалдар қазақы ағайынгершілікпен тоқтатып, жапқызыпты. Бұған қуанған Бәдиша «баланы ешқашан дауламаймыз» деп, қолхат жазып қалдырыпты...

...Содан бері дүниеде Құрышбайдан өткен бай, Құрышбайдан бетер жомарт, Құрышбайдан асқан бақытты адам жоқ!» деп мәз-мәйрам болдық ақырында.

Осы әңгімедегі ақпаратты пайдаланып, қылмыстық іс қозғау орынды көрінді. Баланы дауламақ түгілі: ана қаныпезер қыз бен шешесін қайтып жарық көрмейтін зынданға тығу керек еді! Сондай-ақ, қылмысты жасырған заң орны қызметкерлерін де аясыз жазалау артық болмас-тын. Бұлай деу себебім: «Қайдан құлақ шығарса да қазаншының өз еркі» деген тәмсіл кей-кейде орынсыз, автордың ұйғарымы ортаның қағидаттарынан алшақ кетпеуі абзал. «Абай жолы» романындағы Қодар мен келінінің тағдырын Мұхтар Әуезов шешкен жоқ, сол уақыттағы орта заңы шешті. 

«Полицияға берілген арыз бойынша қылмыстық іс қозғалған екен, оны ақсақалдар қазақы ағайынгершілікпен тоқтатып, жапқызыпты. Бұған қуанған Бәдиша «баланы ешқашан дауламаймыз» деп, қолхат жазып қалдырыпты...» дейді. Осылай жасамаса байқұс баланы ала алмас па еді? Ең сорақысы осындай дүниелер алда-жалда ағылшын тіліне аударылып кетсе, «Бораттың» кебін кидік қой!.. Оны қойшы, әлдебір ақымақ қыз оқып алып, қазақтар арашалап алады екен деп, осы сұмдықты қайталамасына кім кепіл? «Айтылған сөз – атылған оқ» деген бар. Қоғамды тәриелеу мен жөн сілтеудегі сөздің рөлін жырламасақ та белгілі. 

Әңгіме соңына таман аузынан май тамған шырақшының жырын оқисың. Одан ары бірінші жақтан: осы болған жәйтке баға беріліп, Құрышбайға сенім артылады. Сонымен қыздың аты не себептен Мұңлық болғанынан да бейхабар, «Айналайын, баладан, тауып алған даладан» деп қана қоя салатын нәрестені дәретханада тұншықтыру қаншалықты қажет болды екен деп далданасың... 

Сюжетттегі әрбір деталь, штрихтар тегін түспеуі тиіс. Бәрінің кезі келгенде ойнайтын өз рөлі бар. Шығарманы әбден болдым-ау деген кезде сілкіп көру керек. Бөлек-салағы болса, саудырап түсіп қалатындай. Ал шығармаң мүлдем шашылып қалса, оған да мойыма, пісіре түс. Қай қоғамның суретін салсаң соның шындығын көркемдік шындыққа айналдырып, бүгінгі тыныспен үндестіру басты мақсат деп түсінген жөн. 

Шығармашы адам да пенде. Тұрмыс билеген руханиятта не қадір бар. Жанкештілікті екінің бірі көтере бермес. Азаттық жылдары қалыптасқан жас лекті кім қолдады? Ақыл-кеңесін ұсынған аға буын болды ма? Аты бар, заты жоқ Одақ қандай қаракет қылды? Сұрақ көп, жауап жоқ. Жәй ғана бір мысал осы Алматы табанында «Алматы әдеби ашық мектебі» деген Мәскеудегі Горький институтына ұқсас білім ордасы соноу тоқсаныншы жылдардың ортасынан бері дәріс ұйымдастырып келе жатыр. Өкінішке орай қазақ тілді үміткерлердің селсоқтығынан, сабақ пен практикалық тәлім тек орыс тілінде ғана жүргізіледі. Осыған көңіл бөлген кім бар? 

Шүкір, Алла деп, Одақтың жаңа басшылары «Сөз академиясы» деген ұлы бастаманы қолға алып жатқан көрінеді. Жазушы атанып кеткені бар, атанғысы келетіні бар, содан барып арнайы білім алса - осындай «содыр» сын жазылмас па еді. Бар айтарым: «Қарағым, өз басыңа тағар еш кінәм жоқ немесе «Ничего личного!»

З. Самалбекұлы

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...