Тұңғышбай Төрегелдиев. «Ергешбай»

ӘДЕБИЕТ
3984

/әңгіме/

Ауыл клубында 1945 жылғы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған іс-шара ұйымдастырылып, 95 жастағы қарт жауынгермен кездесу өтіп жатыр. Халық залға лық толыпты. Арасында мектеп оқушыларының қарасы мол.

Соғыс ардагері жүзге жақындап қалса да әлі тың,ширақ. Жүрісі,қимыл-қозғалысы сәл саябырсығанымен,ойлау қабілетіне,сөз саптасына селкеу түспепті. Баяғы әскери тәртіптің қатаң қағидалары арада қанша жыл өтсе де ескіре қоймағандай. Қысқа сөйлеп,сұрақтарға нық жауап беріп отыр.

Бір уақытта көпшіліктің орта тұсынан бір қара торы қыз қол көтеріп,рұқсат берілгесін:

-Ата,айтыңызшы,осы соғыста қанша немісті өлтірдіңіз? -деп оқыстан қойып қалды.

Мұндай сауалды беруге болмайтын еді ғой дегендей,оң қапталда шоғырланып тұрған мұғалім апайлардың бірі дұрыс істемедің дегендей,бас шайқады. 

Төрдегі қарт жауынгерге бұл сұрақ жайсыз тиді-ау,орнынан қозғалақтанып барып,оңтайланып қайта отырды. Сосын іле ақ басқан қабағын көтеріп,құр терісі мен сүйегі қалған сұқ саусағын шошайтып: 

-Біреу,-деді. Оған зал ду күлді. Сосын сөзін нығырлап, - Сол бәтшағарлардың санын кім санапты-он ба,жиырма ма? Менің білетінім бір-ақ неміс,-деп алғашқы сөзіне қосып қойды және. 

Жұрт қол шапалақтап жіберді. Жан-жағына қарап,мәз боп жатқандары қаншама. 

 У-ду аяқтала бере қарт:

 -Ол менің бауырым еді,-деп қалды тағы.

 У-шу саппа тиылды. Ел құлағына сенбей,сілтідей тынды. Қағыс естідік пе дегендей,бір-бірінен сұрап жатқандары да баршылық. Бұл кісіні бес саусақтай білетін ауылдастары аң-таң. Ақсақал алжиын деді ме? Осылай ой түйгендердің күбір-сыбыры үдеп кетті. 



 


-Айналайындар,-деді осыны ұққандай қария түрегеліп: -Не айтпақтарыңды түсініп тұрмын, Оның да себебі болды,шырақтарым!  Қазір аяқпен емес,ауызбен жүретін заман. Дәріптеудің орнына даттауға әуеспіз. Жала жабуға құмармыз. Бір жағы соның жаманатынан қаштым. Екінші анамды ойладым. Білгенін қаламадым. Өмірбақи мойнына қасірет жүктегім келмеді. Талай рет айтқым келген,шемен боп қатқан шерімді талай рет тарқатқым келген. Әйтсе де айта алмағам. Талай рет айдалаға барып зар еңіреп жылағаным,айқайлап зарланғаным болмаса...  Кәрі қойдың жасындай күнім қалған шығар. Бұл әңгімені енді өзіммен ала кеткім келмейді. Кинодан көріп,кітаптан оқып жүрген шығарсыңдар, шырақтарым. Соғыстың не екенін,адам баласына қандай зұлмат әкелетінін. Сол қырғын менің ойымша, заманымыздың алға даму үрдісін кемінде жүз жылға шегертті. Миллиондар ұрпақсыз,түп-тұқиянсыз кетті. Миллиондар дүние есігін ашу құқығынан айырылды. Миллиондардың отбасы қара жамылды. Әке,ағасын,іні,бауырын жоғалтты. Миллиондардың тау-тау қарғысын арқалаған сол соғыс,мына менің де бір күн есімнен шыққан емес. Бауырымның өлер алдындағы «Апа-ммм...апа-а!» деп маған түсінбей қараған қос жанары осы уақытқа дейін көз алдымда. Менің қиналғаныма, жанымды қоярға жер таппай жүргеніме,қарап отырсам,биыл бақандай 75 жыл толыпты.

 Карт одан әрі сөйлей алмады. Кемсеңдеп,костюмінің ішкі қалтасынан беторамалын алып көз жасын сүртті. Сөйтті де екі иығы селкілдеп,жылап жіберді.

  Халық жым-жырт.Ұшқан шыбынның ызыңы естілер тыныштық. Бір мұғалім келіншек су әкелуге жүгіріп кетті. Бүкіл ел кінәлі жандай жерге қарап қалды. Не істерін білмей далаға шығып кеткендері де ,«Ол кім?», «Бауыры несі?» - деген дүдәмал сұрақтардың жауабын білмекке құмартып отырғандары да жетерлік. 

 Кішкене су ішіп,әлденіп,өз-өзіне келіп алғасын қария жанын жегідей жеген, жылдар бойы сүрленіп,санасын құрттай кемірген сыр сандығымен алғаш рет бөлісуге бел байлады.

 Қарт сөйлеп тұр.Тарих қойнауында күйген томардай беріштеніп қалған  тоқсан жыл бұрынғы оқиғалар жұртшылықтың көз алдында бүгінгі өмірдей сырғып өтіп жатты.

 Нағыз қиын-қыстау шақ. Қолдан ұйымдастырылған ашаршылық украиндықтар мен қазақстандықтарды өзбек ағайындардың астанасына қарай ауа көшуге мәжбүр еткен. 

 Солармен іргелес бұл төңіректің жұрты жер ананың төсіне тастай жабысып,ат соқамен жер жыртып,тайлы-таяғымен аянбай тер төгуінің арқасында бұтақ басындағы жалғыз жапырақтай ілдалап аман қалған,әйтеуір.

 Осындай сүреңсіз күндерді сыпырып,жадында мәңгі жатталып қалғаны - әкесінің өзінен кішілеу көзі көк,мұрыны істіктеу,тыриған сары баланы үйге ертіп келуі еді. Әкесі жақын маңдағы темір жол бойынан  тауып алыпты. Батыстан Ташкентке ағылған көп халықтан адасып қалса керек. Жылай-жылай әбден шаршаған. Кір-қожалақ,түрі аянышты. Шешесі одан әрі шыдай алмады,тұра ұмтылып, бауырына басқан. 

 Көп өтпей әкесі ауыл молдасын әкеліп,мұның Ережепбай деген атына ұқсастырып,құлағына үш рет айқайлатып,сенің атың Ергешбай деп азан шақыртып,ат қойып жіберді. 

 Сол Ергешбай жыл өтпей қазақшаны судай ағызатын болды. Артынан ерген інісі не қарындасы болмағаннан соң,бір көрпенің астында бұлар тату-тәтті, құлын,тайдай тебісіп қатар өсті. Ауыл ортасындағы бастауыш мектепте барып,бірге оқыды да.

 Ауылдың күншығыс шетінде батысты бетке алып қос арық ағып жатады. Одан ары қарай шөбі шүйгін қыр басталады. Үлкен-үлкен екі сайы неге екені белгісіз - Асансай, Үсенсай деп аталыпты. Әрбір түтіннен шыққан азын-аулақ мал сонда жайылады, Малды өрістен күнделікті күтіп алып,үйге айдап қайту ауыл балаларының міндетіне саналады. Олар түс ауғаннан сондағы тасқұлақ басына жиылып,мәре-сәре ойнап,суға шомылып,пада келгенше,үй бетін көрмейді. 

 Жаздың шіліңгір шілдесінде жартылай жалаңбұт бұларға арық суынан артық рақат жоқтұғын. Су сорып,еріндері көгеріп,тістері дірдектеп безек қаққанша,судан шықпайды,мәз-мәйрам. Сосын,жон арқасын ащы күннің қызуы күйдіргенше, етбеттерінен сұлап жатып алады. Болмаса осы өлкеге ғана тән,тек осы мезгілде ғана пайда болатын алтын қоңызды ұстап алудың қызығына бөленеді. 

 Алтын қоңыз десе,дегендей-ақ. Сары алтындай жалтылдаған сиқырлы күшке ие жәндік. Оны ұстауға бәрі құмар. Алтын қоңыз ызыңдап төбеде, біресе айналада қалықтап ұшып жүргенде қуа жөнелетін еркінен тыс. Ұстап алғасын,артқы аяғын төменгі буынынан үзіп,қалған жеріне сіріңкеден жіңішкелеу жусанның шырпысын қадайтын. Сосын оны қойдың құмалағына шаншиды. Құмалақты ортасынан тесіп тағы бір қалыңдау шырпыға өткізіп, жоғары көтергенде алтын қоңыз қанатын кере қағып,қойдың құмалағын шыркөбелек айналдырып ұшатын. Бұларға сол қызық. Қоңызбен бірге ызыңдап,жүгіріп ойнайды.


Ергешбай тапсырған іске тындырымды,тап-тұйнақтай боп өсті. Үсті-басына шаң жуытпайды.Тазалыққа құмар. Қашан көрсең қағынып,сілкініп жүргені. Киімге де ұқыпты, Қайта-қайта қол жуа беретін оғаш қасиеті тағы бар. Айта берсе,ол да өз алдына бір төбе. 

 Осы өзгешелігіне қарап ауылдастары «Әй,осы баланың шыққан тегі тегін болмас» деп,өздерірше топшылап жүрді.

 -Қарағым-ау,ініңе қарасаңшы, кішкене содан үйренсең қайтеді?! -деп анасы мұның алба-жұлба кейпіне кейде кейитін. 

 Анасы Ергешбайды өте жақсы көрді. Ә дегеннен жетімдік көрсетпеуге тырысты. Аялы алақанын,жан жылуын аямады.Туған баласынан кем көрмей,көңіл бөлді.

 Ережепбай кейде қызғанып,қабағы бұртиып,өкпелеп жүрді. Онысын сезген әкесі бірде оңашалап: 

 - Ергеш те біздің бір баламыз. Жетімдік көрмесін деп анаң шырылдап,соның шырағын жағып жүр. Сондықтан Ергешбайға туған ініңдей құрметпен қара!-деп ақылын айтқан.

 Әке сөзі мерейін өсірді. Соған масаттанып,қоқиланып қалды. Ергешбайды қызғыштай қорып,көзден таса етпеді. Мұнсыз ешқайда баспайды. Әрдәйім қасында.

Есейекеле ауыл балаларына Ергешбайдың кейбір өзгеше тұстары біртіндеп біліне бастады. Әсіресе бұл жаздыгүні суға шомылып,ішкі киімдерін желге желпіп кептіріп жаткан кезде байқалатын. Әуелгіде оны ешкім аңғармапты. Ергешбай олардан бөлініп,аулақтау кетіп қалатын. Бірде бір жүгермек оны көріп қойып,жұрттың бәріне жария етіп,мазақтап,қыран-топан күлкіге айналдырғаны бар.

 Сөйтсе,Ергешбайдың өзгешелігі сүндетке отырғызылмағандығында екен. Ергешбай есейіп,ер жетіп қалған. Түрі лап етіп оттай жанып,қып-қызыл боп,тұра жүгіріп,үйге қарай кетіп қалған. Іле соңынан бұл да жеткен. Шәй ішіп отырған әке-шешесінің қасында жылап тұр екен.

 -Қой,айналайын,Ергештай,қой енді,жылама. Ертең молданы шақыртамын. Қалай болады деп өзіміз қиналып жүр ек…- деп әкесі күмілжіп қалды.

 -Жоқ,мен қазақпын!-деді Ергешбай әкесінің ойын бірден түсінді ме,жерден жұлып алғандай жылдам сөйлеп.

 Момын адамның ашуланғаны тіпті қиын екен. Түтігіп кетіпті.

 -Апа,көкеме айтыңызшы,бүйтіп елдің келемеждегеніне қалғым келмейді. Мен де сіздердің бір балдарыңызбын ғой. Тезірек жатқызыңыздаршы.

 Апасы отағасына қараған. Отағасы бас изеді.

 Ертесіне бір тоқты сойылып молда да келді. Апасы түнімен отырып,Ергешбай сүндеттелген соң киетін әппақ көйлекті де тігіп,дайындап қойды.

 Көрші-қолаң шақырылып,азын-аулақ ырымы да жасалды. Ергешбай сөйтіп қарапайым көп қазақтың қатарына қосылып алынды. Қандай қиын уақыт болса да көршілер ата-баба салт-дәсүрін ұмытпай,мұсылман болуымен құттықтай келіп,жылы-жұмсақ тәтті-мәттісімен бөлісіп жатты. 

 Ережепбай дүние есігін ашқалы үйдің еркесі де,серкесі де өзі.Содан ба,бірбеткей,шақар боп есейді.Төбелеске құмарлығы жоқ. Әйтсе де орынсыз соқтыққанды оңдырмайтын. Бір-екі батыр Ергешбайды көккөз деп келемеждеп,тиісіп көріп еді,келер жолды ұмытып қашқан.

 Бірде үйден шықса,көрші әрі өзімен тетелес туысы, дене тұрқы сәл үлкендеу Жолдас Ергешбайға тиісіп тұр екен. Ергешбай үндемейді. Келсе, Жолдас ызаланып,оны басынып-ақ тұр. Кім кінәлі оған қараған бұл жоқ. Жолдасты құлақ шекеден бір-ақ ұрған. Кінәліні кейін тауып алармын деп ойлады. Жолдас та қарап қалсын ба,салысып кетті. Жеңіліп бара жатқандай көрінді,балалық қой, Ережепбай жерден жұдырықтай тасты ала салып, Жолдасқа қарай ысқыртып қалған. Құдай қаққанда бұғып үлгерді. Оқтай атылған тас жанай өтіп,арттағы үйінің терезесін салдыр-гүлдір қиратып түсті. Ол үйден де,бұлардың үйінен де ойбайлап екі апа сыртқа атып-атып шыққан.. Құтырған иттей көздері қызарып,жаға жыртысып жатқан бұларды әрең ажыратып алғаны бар сөйтіп. 

 Сол үйдің терезесі содан күреңітіп күз келгенше,қойдың терісімен қапталып тұрды. Ол кезде шыны әйнек табу деген қайда?

 Осындай көкаттыға есе жібермейтін өжеттігінің арқасында мұны қалқан тұтып өсті Ергешбай.

 Ергешбай қақ-соқпен шаруасы жоқ,момын. Сыпайылығы,мәдениеттілігі тұла-бойынан білініп тұрады. Әке- шешесі әуелі соның бабын жасауға тырысып бақты. Бетінен қақпады,қатты сөз айтпады десе де болғандай. Тамақтың тәттісін беріп, киімнің тәуірін кигізді. Мата сөмкені әуелі соған арнап тікті. Сиясауыт пен үрішкені бірінші соған салып беріп жүрді. Көк есектің үстіне де әуелі сол отыратын. 

 Сонымен бұлар он төрт жасқа шыққан 1939 жыл келген. Ергешбайды әкесі көптен іздеп,әрең тауыпты. Бір күні ойда-жоқта төбе көрсетті.

 Ергешбай қазақ жеріне,қазақ ауылына ес жиып,етек жапқан жасында тап болғаннан соң ба,әкесін ұмыта қоймапты. Қазір оның сыртқы келбетінен басқа ұлттың өкілі деп айту қиын. Көзі болмаса. Тілінде мүкіс жоқ. Қазақтан асып,ағып тұр. Туғаннан осында жер басып,кіндік қаны осында тамып,ит көйлекті осында тоздырғандай, кәдімгі қазақтың қара борбай баласы.

 Әдеттегіше түскі асты беймалал ішіп отырғанда,үш кісі сау етіп кіріп келген. Ұзындау шикіл сарысы көрген бойы бас салғанда, Ергешбай да оның қойнына еміріне кіріп,өзінің ана тілінде бірнәрселерді айтып жылай берген.

 Үлкендер: 

 - Ойпырым-ай, -  «Қасқырды қанша бақсаң да орманға қарайды» деген рас екен, - деп тамсанды.

 Біреулер ұнатты. 

 -Қайтсін енді,жеті жыл жүрсе де,әлдилеп өсірген ошағын ұмытпағаны да,- десті. 

 Ұнатпағандары: 

 - Баланы тапқан емес,баққан - ана, - деп бұларға бүйрегі бұрды. 

 -Қаңғып көшеде қалғанда қанаттарының астына алып,адам еткен осылар емес пе? Үйбүй-ау,бұлар бұл жетімекке өз баласынан артық қарады ғой. Оған мына тұрған елдің бәрі куә,бәрі біледі,бәрінің есінде,-деп кейбірінің іштері қыжылдады.

 Қызықтың бәрі әкесі өзімен ала келген бір сөмке киімдерді кигізіп әуреленгенде басталды. Жобалап,осылай өсіп қалды-ау деп шамалаған болу керек - бірі шақ келсе,енді бірі сыймай жатты.

 Ергешбай үнсіз. Сол кезде бағалы саналатын таза шыт пен шибарқыттан тігілген киімдерді әкесі тыжырына шешіп жатқанда да мыңқ еткен жоқ. Көзінің астымен бұларға бір қарап қойып тұра берген. 

 Солармен үшінші адам боп ілесе келген колхоз бастық қасындағы әскери адамның алдында құйрығы құртаған шыбыштай о жағынан бір шығып,бұ жағынан бір шығып, шыбжыңдап жүрді.

 Ергешбай бір уақытта барлық жаңа киімдерін сыпырып шешіп тастады. Сөйтіп бұрынғы киімдерін киіп,әкесіне бірнәрсе деп еді,ол ия,ия деп мақұлдап кетті. Сосын оның әрбір қимылын бақылап,осы не істер екен дегендей үнсіз шошайып тұрған үй ішіндегілерге «Дәрет сатып келемін» деп қазақша айтып,сыртқа шығып кетті.

 Іс бітірер уақыт өтіп, Ергешбай әдеттегіден кешіккесін,әкесі барып көріп келші деп мұны жұмсаған. 

 Ережепбай үйдің артына шығып алғашында жайырақ,келе-келе қаттырақ дауыстап іздеген. Ергешбай үшті-күйлі жоқ. Ал содан бәрі ары-бері шапқылап,шарқ ұрсын. Көргендер қырға қарай жүгіріп бара жатқанын айтқан. Сөйтсе ол әкесімен бірге қайтпаймын деп,баяғы Асансай,Үсенсайға барып тығылыпты ғой. Оған қарасын ба,колхоз бастық пен әскери кісі едірең-едірең етіп діңкілдеп,елдің апшысын қуырып,зәресін алғасын,ақыры ауылдың тайлы-таяғы қалмай ат,есекпен жабыла іздеп,тауып әкеліп,әкесінің алдына салып берген.

  Бұған туған інісіндей,әке-шешесіне туған перзентіндей бауыр басқан Ергешбайдан сөйтіп айдың күні аманында айырылып қалған. Үйі қаңырап,бос қалғандай құлазыды. Әсіресе анасына қиын тиді. Оның Ергешбай, Еркетайым деп күбірлеп жүргенін талай құлағы шалған.

 Арада екі жылдан соң қанқұсқыр соғыс басталды. Қару ұстауға жарар ер азамат майданға аттанды. Нәумет заман қайта туды. 

 Алғашқы айларда-ақ әкесі соғысқа алынды. Кейіннен қолға қару ұстап,жауға қарсы шабатын жасқа жеткесін бұл да аттанды. Жеңіспен келулерін құдайдан тілеп,қара шаңыраққа ие жалғыз анасы қала берген маңдайдан сүйіп.

 Ұрыста кім күшті сол жеңеді. Аяушылық,баяушылық деген ұғымдар атымен болмайы екен мұнда.

 Өмір мен өлім қас қағым сәт сайын алмасып жатқан заматта әскердің темірдей тәртібі небір ынжықтарды,небір жалқауларды тартылған серіппедей ширатып жіберген.Тасқа қайралған алмас қылыштай жарқылдап, «Отан үшін! Жігіттер,алға!» деген ұрандармен рухтанып,талайы болашақ үшін жандарын пида етті.

 1944 жылдан бастап майдан даласында жағдай күрт өзгерді. Мәскеуге дейін жеткен фашистер талай елдімекендер мен қалаларды тастап,лажсыздан қашып жатты.

 Сондай күндердің бірінде бұлардың полкі немістердің үлкен тобын тырқырата қуып,батпақ түбекке әкеп қамаған. Жан-жақтан қоршап,шашау шығармауға тырысты. Сөйтіп барлық күшпен ойсырата соққы жасап,жойып жіберуге бел буды. 


 Екі тарап келе тышқанша тырмаланып,ұзыннан-ұзақ окоп қазуға кірісті. Тіктеліп жүру қауіпті,снайперлер қылтиғанды қағып түсіреді. Амалсыз бұқпантайлайды. 

 Араларында ат шаптырым бейтарап алаң. Арттан келер қосымша күштің ауылы әлі алыс сияқты. Шаршап,титыққан. 

 Бірде түске салым бір жау самолеті оқ жетпейтін жерде айналып ұшып жүрді-жүрді де немістердің үстіне азық-түлік пен оқ-дәрі болу керек,парашютпен тең-тең қапшықтарды лақтыра бастаған. Әжептеуір жел соғып тұрды. Парашюттер дәл түспей,совет әскерлері жатқан шепке жақын кеп құлап жатты. Екі жақтан да әскерлер оқты бір-бірлеріне аясыз боратып,  жербауырлап,қапқа бұрын жетпекке барын салып ұмтылды. Бірақ советтер басымдау түсіп,немістердің оншақтысын жер жастандырды. Содан аш отырсақ та тыныш отырайық деді ме,немістер қайтып қарасын көрсетпей қалды. Бұлар екі-үш адам сүйрелеп әкелетін қаптарды тасып алып,аспаннан тегін жауған азық-түлікке бір қарық болғаны бар.

 Сол күні кешқұрым немістер жақтан қатты айқай-шу шығып,бір-бірлерімен соғысып кетті. Автоматтар атылып,гранаталар жарылды. Маңқ-маңқ еткен дауыстар көпке дейін басылмай,сол жақта әйтеуір бір үлкен сойқанның болғанын білдіріп тұрды. 

 Арада көп уақыт өткен жоқ. Таң бозынан дауыс күшейіткіш арқылы біреудің бұларға анық естілетіндей етіп,асықпай орысша сөйлегені бар. 

 Дауыс естілісімен Ережепбай жатқан жерінен атып тұрмақ болған. Өйтуге рұқсат жоқ. Атып тұрса,атылып өледі. Қаңғыған оқтан емес,снайпердің қақ маңдайдан атқан оғынан қалпақтай ұшуы оп-оңай. 

Қабырғасын қайыстырып,санасына судай сіңіп,жан-жүрегіне жылылық жайып бара жатқан бұл балалық шағынан күніне мың естіп өскен  Ергешбайдың баяу сөйлейтін қоңыр дауысы еді. 

 Ол совет әскерлерін өзара келісімге келуге,сол үшін екі жақтан үш адамнан ортаға қарусыз шығуға шақырып тұрды.

- Әй,-дейді ол,-сендерде қазақтар бар ма?  Бар болса,шықсыншы... Сөйлесейік, келісімге келелік. Бұл сөйлеп тұрған осы батальонның ендігі командирі Генрих Шнайдер. Қазақша атым Ергешбай. Мен кішкентайымнан қазақтардың ортасында, солардың бір баласы болып өскен адаммын. Ашаршылықтан мені аман алып қалған тек сол қазақтар ғана. Олар менің екінші ата-анамдай,туған бауырымдай болған адамдар . Өскен ауылым екінші отаным болған жер... Сондықтан оларға қарсы оқ атқым келмейді. Енді біз тараптан бір де бір оқ атылмайды. Сеніңіздер... Сіздер де сөйтіңіздер... Біз негізінен бұл соғысқа алғашқы күннен қарсы шыққан, шаруа баққан жәй адамдардың балаларынан құралған әскер құрамасымыз. Сол үшін де бізді сенімсіз деп арнайы жасақтаған. Бұдан әрі соғысқымыз келмейді. Үйімізге,әке-шешемізге, бала-шағамызға аман-есен қайтқымыз келеді. Командирлеріңізге жеткізіңіздер,біздің берілгіміз келеді.Тірі қалуымызға жоғарғы жақтан кепілдік болса болды. Соны сұраймыз... 

 Ергешбайдың жау тараптан табылған жаңалығы жай түскендей, есеңгіретіп кетті.Қанша ойланса да қара жүректі фашист деуге қимады оны.

 Полк командирі үш адамды тағайындады. Қазақтан бұл,орыстан өз орынбасарын және соғысқа дейін неміс тілі пәнінен мұғалім болған  украиндық. Оған келіссөз барысында тіл білетіндігі жөнінде тіс жармауға, білдірмеуге тапсырма берілді. Тек олардың өзара не сөйлесетінін ұғып отыру ғана қажет. 

 Ал Ережепбай полктегі жалғыз қазақ өзін штабқа жедел жеткізгесін, командирге жау жақтан дауыс күшейіткіш арқылы шақырып тұрған адамды танитынын,бүкіл өмір тарихын толығымен баяндап берді. Бірге өскенін,туған бауырындай боп кеткенін жасырған жоқ. Әке-шешесінің оған бөтен деп қарамағанын, ұлтын да білмейтінін,оған жете мән бермегенін,туған баласындай аялап бағып өсіргенін,бәрі-бәрін тәптіштеп айтып шықты.

 Полк командирі өз кезегінде майдан даласында бұлай жолығысудың мыңнан,тіпті миллионнан бір болатын таңғаларлық оқиға екенін атап өтіп,қатаң міндеттемелерді жүктеді. Мұндағы әскер техникасы,жауынгерлер саны,азық-түлік қоры жөніндегі мәліметтерге мейлінше абай болу керектігін ескертті. Ергешбайдың арнайы барлау мектебінен тәлім-тәребие алу ықтималдығын да жоққа шығармаған жөн. Түрлі жолдар арқылы құрған қақпандарына түсіп қалмауын,барынша сақтық танытуларын тапсырды. Әсіресе Ергешбайдың ел басына күн туған қиын заманда қолына қару ұстап,қарсы келген дұшпан екенін,жауды аяған-жаралы деген соғыс заңының қатал да қатігез қағидасын бір сәтке де естен шығаруға болмайтынын мұның миына құюмен болды.

 Ақыры бұлар да,немістер де таяқ басына ақ матадан жалау байлап шықты.

 Немістер тойға шыққандай жасанып алыпты. Киімдері сықиып тұр. Соғыс даласында емес,бейне бір Берлиннің көшесінде жүргендей. Үсті-бастары жып-жинақы. Етіктері тап-таза. Әбден ысқылағаннан,жалтырап,күн сәулесіне шағылысады. Берілуге олар емес,бұлар келе жатқандай,өздерінше паң.

 Олардың қасында бұлар көзге жаман қораш көрінеді екен. Үстерінде әбден тозығы жеткен сарғылт гимнастерка. Күндіз-түні окопта жатқандықтан,шаң-топырақ. Аяқтарында керзі етік. Фабрикадан шыққалы май жағылмаған, ақжемденіп кетіпті. Бастарында кірден сыбасып қалған бір-бір пилотка.

 Дегенмен немістер қанша әдемі көрінгенімен,түрлері қобалжулы. Не болады  дегендей,түр-әлпеттерінен сенімділік нышаны сезілмейді. Есесіне бұлардың кеуделері көтеріңкі,қадамдары нық.

 Ара жақындай түскенде Ережепбай  Ергешбайды бірден таныды. Бұрынғы арықтығынан толысып,нағыз келісті де көркем жігіт болыпты. Баяғы ауылдың ақ жүрек аңқылдақ момыны мұншалықты сұсты да тәкаппар болып өзгереді деп кім ойлаған. Денесіне құйып қойғандай офицер мундирі өзіне жарасып-ақ тұр,сырбаз да сымбатты.

 Ережепбай одан әрі ішкі жан дүниесінен бөлініп шыққан сұрапыл сағыныш сезімін тежеп тұра алмады. Еркінен тыс:

 -Ергеш!.. Ергештай!...- деп қалай айқайлап жібергенін байқамай қалды. Көзінен ыршып жас шықты.

 Ергешбай қалт тоқтады. Аңтарылып тұрды,тұрды да аспан айырылып,жерге түскендей болды-ау,мұны осындай алмағайып,қиын-қыстау шақта көремін деп үш ұйықтаса да түсіне кірмеген болу керек. 

 - Аға!-деп жан дауыспен айқайлап жіберді.

 Дауысында жүрек тебірентерлік алапат қуаныш бар. 

 - Аға, аға, Ережепбай аға! Бұл сіз бе? Ережепбай аға-а?! 

 Сөйтті де өкіре жылап,бұған құшағын жая тұра жүгірген. Бұл да барлық нұсқауды ұмытып,топтан шыға,құстай ұшқан.

 -Иә...иә ... Ергеш... бұл мен...мен...

 -Отставить! – деп артынан қатаң жекірген командирдің дауысы жарты жолда мұны кілт тоқтатқан. Әйтпесе сол құштай ұшқан қалпы еңгезердей Ергешбайдың құшағына қойып кетер ме еді,қайтер еді?

-Отставить,немедленно на-за-ад!

 Командир тістеніп,бұйрығын бақыра қайталады.

 Бұл тоқтап та үлгермеді. Қайырыла бере,өз шептері жағынан жарқ еткен бір отты байқап қалды. Соңынан ала бере гүрс еткен снайпер мылтығының дауысы естілді.

 -Атпаңдар,атпаңдар! 

 Бұл ышқыңа айқайлаған. Екі қолын жоғары көтеріп,ары-бері бұлғақдатып,тоқтаңдар дегендей белгі беріп,жанталасып бақты. 

  Бірақ бәрі кеш еді. Артынша бұған жетеғабыл жақындап қалған Ергешбай сүріне-қабына далбақтап келе жатқан жүгірісінен жаңылысып қалды. Көзге көрінбес алапат күш кеп жүрек тұстан қатты соққы жасап өткендей,кейін қарай шалқақтап кетті. Еңгезердей дене құлай қоймады. Теңселіңкіреп барып тұрып қалып еді,аузынан бір уыс қып-қызыл қан атқақтап шапшып шықты. Қолымен ауа қарманып,қанға тұншығып, дем жетпей,аласұрып барып қатты қырыл шығарды. Үзіліп бара жатты-ау,аяқтарын шатаса басып, әрең дегенде тәлтіректей жетіп,мұның құшағына құлай берген.

- Е-ре-жеп-бай аға-а?..  Апа-ммм... А-па-а...

 Өліп бара жатып айтқан соңғы сөзі сол болды.Түкке түсінбей, бұған таңырқай қараған көкшіл көздері көгілдір аспандай мөлдіреп,жұмылмай қалды.

 Ережепбай қанға бөккен Ергешбайды құшағына қысқан күйі зар еңіреп, жерге шөге берген.

  Алдағы немістер де,совет жақтан келе жатқан екеуі де ештеңені ұқпай, жерге жата-жата қалысқан. Орта жолдағы екі неміске арттағылар дауыс күшейіткіш арқылы қатты сөйлеп,бірнәрселерді түсіндірумен болды. Олар жерге құлап түскен ақ матаны қайтадан жоғары көтеріп әлек. Көздері тасырайып әбіржіп кетіпті. Сосын біреуі жербауырлап, тасбақаша тырбаңдап жақындай түсіп,әлі тірі деп ойлаған болу керек, Ергешбайға әлденені  айқайлап айтып жатты. 

 Олардың тілін жақсы білетін украиндық командиріне сол заматта-ақ аударып беріп тұрды. Немістердің келіссөзді одан әрі қарай жалғастыруын өтініп жатқанынан хабардар етті.

 Командир мен украиндық жауынгер орындарынан түрегеліп, ақ жалауды қайтадан жоғары көтерген. Орыстар жақ өздерінен қате кеткенін ұққандай тым-тырыс қалды.

 Көптеген немістердің окоптарынан қарусыз шығып,состиып-состиып бұл жаққа тосырайып қарап тұрғандары көрініп тұрды. Енді атыс болмайтынына бір күш сендіріп,соның отын өшіріп алмауға тырысып тұрғандай,жым-жырт қалыптарын бұзбады.

 Немістер толығымен берілді. Ергешбайдың арқасында екі жақтан да жүздеген адамның өмірі сөйтіп сақталып қалынды.


 Ережепбай Ергешбайдың өліміне өмір бақи өзін кінәлаумен келді. Қашан бетпе-бет келгенше,сыр алдырмауым керек еді. Сонда оқыс оқиға болмай,аман қалар еді-ау,деген сауалдарды өзіне сан мәрте қойып,оған сан мәрте тиянақты жауап ала алмаған.

 -Ақкөңіл,аңқылдағым-ай,бір-бірімізді жау көреміз деп кім ойлаған. Ауылда кездесіп қалғандай сезінді-ау өзін. Қуанғаннан құшағын ашып кеп ажал құшты-ау! 

 Ережепбай қарт ең соңғы сөзін солай аяқтады. Әңгімесін айтып тауысқанша дәсорамалы қолынан түскен жоқ,бұланған көзін сүртумен болды.    Отырған жұрт ауылдастар мен бауырлардың,ол туған болсын,тумаған болсын бірге өскен жастық шақтарының ешқашан санадан жоғалмай жатталып қалатынын,уақыт өткен сайын олардың өте қымбат естеліктерге айналатынын ұққандай,үнсіз отырды.

 Ауылдағы ең қарт қария,Ұлы Отан соғысының ардагері Ережепбай ақсақалға жиналған жұрт тік тұрып,ұзақ уақыт бойы қол шапалақтап,құрмет көрсетумен болды. Соғыс салған жара содан бері қанша ұрпақ ауысса да,сол кезгідей сыздап,әлі де жазылмай,жан ауыртып тұрды.

 Қан майдан даласынан мыңдаған шақырым алыста жатқан алақандай ғана осы ауылда бір кездері тыриған көккөз неміс баласының өмір сүргенін,соның ерлігінің арқасында талай адамның аман қалғанын,осында қазақ боп өсіп ер жеткенін білетін жұрттан бұл күндері бұл қарттан басқа бірде-бір адам қалмапты. Ескі де елес дүниенің бүгінгі белді кейіпкері кеткесін ол тарихтың да оты өшері хақ. Бірақ ғасырға таяу уақыт бұрын осында Генрих - Ергешбай деген неміс баласының қазақи болмыс-бітіммен, қазақтың жан-дүниесімен өмір сүргені ұмытылмай, баладан-балаға айтылып қала беретін әңгіме екені анық еді.

Бұл күндері «Ақ жол» деп аталатын сол кішкентай ауылда әлі күнге дейін сол кішкентай Ергешбайдың бейнесі кезіп жүргендей көрінеді.

  ***

 Ол, әне, жүгіріп ойнап жүр. Қолында жоғары ұстап,көтеріп алған алтын қоңызы бар. Алтын қоңыз жаны ауыра дызылдап,қол басында айнала зырылдай ұшып, Ергешбаймен бірге кетіп барады...

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...