МҰҚАҒАЛИДЫҢ СӘУЛЕСІ
Өмірім қалыпты арнасымен ағып жатқан әдемі уақытта Алматының мазасыз тіршілігі шаршатқандықтан ба, әлде үлкен шаһардың қапырық ауасынан тұншыққандықтан ба білмеймін, көңілімді кір басқандай болып, қаланың шаң-тозаңынан сілкіну үшін Арқаға кеткім келді. Күрең күздей көңілім жабырқап, жетімсіреген айдың мұңлы сәулесіндей сарғайып, үміттің оты сөнуге айналған күндерімнің бірінде аяқ астынан арманым орындалып, жұмыс бабымен Астанаға ауыстым. Балаша қуанып, іштегі құйын-сезімімді баса алмай, бір перизат күй көңілімді шалқытып, бөктерден соққан самал желдей бойымды сергітіп тастады.
Әйтпесе, соңғы жылдары сайын даламның дидарын сағынғанда бір жұмбақ сезім жүрегімді елжіретіп, түн ұйқымды төрт бөліп, берекемді кетірген еді. Дауыл соққанда текемет қырдың шаңы аспанға көтеріліп, сабасына түсіп тынышталғанда, теңіздей толқып жататын Арқаның сахарасын ойлағанымда Абай атамды да есіме алып, шығармаларын қайталап оқып, жылдар өткен сайын оның рухын тануға жақындай бергенімді түсінгендей хәлді басымнан кештім. Ойлары бір-бір қаралықтай ұлы ақынның кітабын қолыма алғанымда сайын даламның бір жұтым таза ауасы бөлмеме кіріп кетіп, жусан иісін қуып әкелгендей әсердің бесігіне бөлейтін. Шығармаларын оқыған сайын ылғи да менің көзіме Абай – ұзаққа созылған қараңғылықты мойындап қойған қазақ сахарасын кенеттен арайландырып жіберген, қапас түнекті жарып шыққан, жарығы көз тайдыратын нұрлы күндей болып елестейтін.
Қызық! Астанаға қоныс аударғаннан кейін біраз уақыт өткен соң қайтадан Алматымды сағынып, тіпті, бауыр басып қалған Жетісудың асқар таулары түсіме кіріп, тағы да саябырсаған көңілімнің тыныштығы бұзылды. Енді мен Абайдан гөрі елесі алыстағы жұлдыздай жылтылдаған Мұқағалиды жиі-жиі ойлап, бұрын-соңды болмаған толқулар санамды шырмап, сағыныштың шын кәусарын татқызып, ақынға деген баяғыдан да күшті махаббат бойымда буырқанып оянып кетті. Сүйікті ақынымның жыр жинағын сұратып алып, өлеңдерімен қайта сырласып, мауқымды басқанымда ғана өзегімді өртеген отты сөндіргендей болып, сабама түстім. Көңілім босап, Мұқағали өлеңдерінің қоңыр әуені жүрегімнің нәзік талшықтарын дірілдетіп, шерімді қозғап, тағы да жанарым жасқа шыланды.
Махаббат па?
Махаббат болған менде.
Жиі барғам аққулар қонған көлге.
Ал, қазір тоңған жүрек, солған кеуде.
Ғашықтық па?
Ғашық та бола білгем.
Бір-ақ жанға ғашықпын бала күннен
Жанымменен сүйемін, жанарыммен.
Сағыныш па?
Қалай оны тауыса аламын.
Сағынғамын, шөлдегем, аңсағамын,
Ақыры шаршағамын, шаршағамын.
Арқаның апайтөс даласындағы сұлу шаһарда, ертегі өмірін есіне түсіріп өксіген көңілімді Мұқағалидың жырларымен жұбатып, Кеңсайда жатқан талай арыстардың аруағы қорғаған биік таулардың ортасында қалып қойған кербез қаламды сағынған күндерім сынаптай сырғанап өте берді.
Қарашада іссапармен Алматыға баруға жолым түсті. Бала күнімде аяғым топырағына тигенде бауырына басып, аналық махаббатымен әлдилеген мекеніме жеткенімде көңілім алып-ұшып, осы қалаға тұңғыш келе жатқан кезімдегідей толқығаным-ай! Көзімді кіреуке мұңның кірбіңі шалып, қырықтың қырқасынан асқан шағымда әлі сәби кезімде кетіп қалған мекеніме, данышпандай терең, әрі жомарт далама, ақ көделі әдемі өлкеме әкемнің аруағы шақырып әкелгенімен, анамның құшағындай ыстық, әрі мейірімді Жетісу жерінің қамқор шешемдей болғанын сонда ғана жан-тәніммен түсіндім. Көңілім қайтадан құлазып, жетімсіреген жүрегім абайсызда қақпанға түскен қасқырдай қиналып, ұлып қоя берді.
Толқын-көңіл тоқырап, таусылуы-ай,
Тасып-тасып басылған тау суындай.
Жетім жүрек жастықтың жұртында қап,
Ұлиды кеп бөрінің қаншығындай.
Қырық күздің қырқада бұлты аунайды,
Қырық көктем келсе де жылыта алмайды.
Қылын шертсең күмбірлеп күй төгетін,
Қырт көңілден бұл күнде дым тамбайды.
Қырқасына шыққанда қырық белдің,
Мойынымды артыма бұрып көрдім.
Жатыр екен жиырма мекенінде,
Мен несіне қырықты қуып келдім
Поездан түскенімде жаңбыр құйып, Алматы мені жылап қарсы алды. Күннің салқындығынан емес, көңілсіз қарсы алған қаланың суықтығынан денем тоңып, тұла-бойым қалшылдап кетті. Көшедегі сап түзеген ағаштар да, мұңайған үйлер де, құмырсқаның илеуіндей құжынаған халық та, шабақтай шоршыған көліктер де мені танымағандай өмір-өзеннің толқынымен ағып барады.
О, Алматы-анашым! Жүрегім қуаныштан жарыла жаздап, сонау балалық шағымда құлыныңдай құраулап жеткенімде жаздың жаймашуақ күніндей жадырап қарсы алып, бауырыңа басқандағы ыстық құшағың қайда кетті? Неге салқын болып барасың жылдан-жылға? Талшыбықтай бұралған қазақтың ару қыздарының көркіндей әйбат келбетіңді кім айғыздаған? Жұпар исіңді кім ластаған? Мені көргенде қыршын кеткен қос ұлы есіне түсіп, көзінің жасына ерік беріп тоқтата алмайтын байғұс әжемдей жүрегімді ауыртып, неге жылай бересің, Алматы?
Сандалғаны-ай санамның сан бөлініп,
Тамырымда тулайды қан желігіп.
Бара жатыр көлшіктер көлге айналып,
Бара жатыр төбелер тау көрініп.
Құмды құшқан қу тақыр баққа айналып,
Суық аяз күйдірген оттай қарып.
Әлсіз жүрек әл жиып алатындай,
Арагідік лып етіп, тоқтай қалып.
Тас көшеге табанмен сына қағып,
Қайда асығып барады мына халық?
Абыр-сабыр ағылған адамдарға
Айғай салғым келеді тұра қалып.
Отыз жыл өскен әсем қалама емес, басқа шаһарға, тіпті бөтен елге келгендей көңілім құлазып, жапырақтары тоналған ағаштай қамығып, уақыттың улы тікенегі жанымның жарасына тиіп кетіп, сыздатып барады. Құдды бақыттың көбелегін қуған - балалық шағым, бозбала дәуренімнің есігін қаққан- тағдырлы махаббатым болмағандай, заманның дауылымен алыстырып қойған жастық өмірімнің қызығы бұл қалада өтпегендей Алматы маған салқындық танытып тұр.
Жұдырықтай жүрегім ғана арман қуған жылдарымның бәрінің де осы қалада ұя салғанын ұмытпай, сол әдемі ғұмырымды көргісі келіп кеудемнің қақпасын ұрып қояды. Ыстық қонысына келгенін сезген қайран жүрегім ол қарлығаш-дәуреннің басымнан ұшып кеткеніне әлі сенбей, мазамды алып дүрсілдейді. Салқын нөсер көшеде емес, арман қуып шаршаған менің күзгі көңілімде құйып тұрғандай болып, сатырлап жауған моншақтары көңіл тереземнің әйнегін сындырды.
Арман-ай, әкеттің-ау тым алысқа,
Әкеттің-ау!
Қайғы ма, қуаныш па?!
Әншейін әуре болып жүрмін бе, әлде
Әзіргі көңіл жықпас жұбанышқа?!
Арман-ай!
Орындалар болармысың,
Қолыма қалай етсең қонар құсың?
Әлде сен әр қиядан із соқтырған
Олжасыз, опығы мол сонармысың?
Құдайым-ау! Солығы бір басылмай, жүйрік тұлпардай жеткізбеген сол арман қайда жоғалып кетті? Неге жас күнімдегідей көңілімді алдап, ойнақтап шықпады алдымнан? Бетін әжім басқан Алматыммен бірге оның да дәурені өтіп, қартайғаны ма? Мүмкін көңілімнің теңізінде кербез аққудай қалқыған әдемі армандарымның болғаны өтірік шығар? Мүмкін оның бәрі көрген түс шығар? Әлде осының бәрі бөтен біреудің басын мұнарлаған сағым бұлты ма екен?
Жо, жо, жоқ. Болғаны анық! Әйтпесе, неге дүниенің жалғандығын, қоғамның қасіретін, заманның залымдығын, тағдырдың опасыздығын көре-көре бәрінен түңіліп шаршаған менің ғазиз жүрегім сені қайтадан көргенде ботадай боздап, жылап қоя берді Алматым? Әйтпесе, неге мен қаншама жылдар өтіп, талай үмітімнің шырағы сөнсе де өміріме алтын шуағын шашқан Мұқағали сәулесінің болғанын ұмыта алмаймын? Әйтпесе, неге мен түннің бір уағында, жарық іздеген жынды көбелектей, сол армандарымды сағынып ұлы ақынның ескерткішінің алдына келіп тұрмын? Әйтпесе, неге менің бүгінгі күннің қара суығынан мұздаған жаным, сенің тас мүсініңнің алдына келгенде ғана жылып сала берді, ақыным? Айтшы, неге?
Денем жаурап, жаздың жылы шуағын аңсаған көңіл-күймен Мұқағали ескерткішінің алдында тағы да бір күзді шығарып салып тұрмын. Күннің кенеттен суып кетуі қыстың таяп қалғанын аңғартқандай. Тұла бойымды тоңдырған күздің салқын түнінде алысқа көзімді тігіп, таудың арғы жағына батқан жарық күн ғұмырымның барлық қуанышын өзімен бірге арқалап әкеткендей, келмеске кеткен ертегі өмірімді армандап қайта-қайта күрсініп қоямын.
Жарқырап шығып,
Қалтырап барып батар күн.
Қысқарып қалар тәулігі ұзақ сапардың.
Күн батқан жерге,
Қосымды мен де апардым,
Күнменен бірге дамылдап мен де жатармын.
Өмірім менің!
Күнменен бірге жылжыған,
Өте бер жәйлап,
Несіне саған қынжылам.
Ашылып күнмен,
Күнменен бірге тұнжырап,
Күнменен күліп,
Жыласа бірге тұр жылап.
Әрине, жасым ұлғая бастағандықтан дәл бүгін маған Абайдан ыстық, әрі жақын кемеңгер жоқ. Шамасы поэзия патшасы тек менің ғана емес, кемелдікке жетіп, жүрек сабырлылығына, жан тазалығына сусаған, ақылында сәулесі бар кез-келген қазақтың өмірінің өліарасында іздеп баратын - рухани мешіті болса керек.
Дегенмен Алланың жүрегіндей нұрланған сол ұлы ғибадатханаға кірерімнің алдында, жастығымды арайландырып, таңғажайып шуағын шашқан Мұқағали сәулесінің менің өмірімде болғанын қалайша ұмыта аламын? Қалайша? Тіпті, алапат сезімнің тасқынымен тереңде жатқан мұңымды қопарып тастаған Мұқағалиды, елжіреген жастық жүрегіммен Абайдан да артық сүйген кездерімнің де болғаны рас қой.
Мұқағалиды жұлдыздардан да жоғары көтерген көңілім мен сол жылдардағы ақынды құлай сүйген махаббатым үшін менің байғұс жүрегімді жазғыруға бола ма? Неге мен бұл шындықты жұрттан жасыруға тиіспін? Сезімімнің бақшасында қауызын ашқан әдемі гүлдерімді Абайдан бұрын рухының нұрымен аялаған да Мұқағали поэзиясының сәулесі емес пе еді?
Енді сол сағым-бақыттың аспандағы елесі аяулы ақынымды есіме түсірткізіп, алыстан қолын бұлғап, көңілімді алдап мені өзіне шақырғандай болады. Сол әдемі сағымға телмірген көңілім, соның бәрінің де өтірік елес екенін біле тұра, неге алдана бергісі келеді оған? Түсінбеймін.
Алдама мені, ақ сағым,
Арбама мені алыстан,
Өзімше мен де патшамын,
Өзімше мен де данышпан.
Алдағын, мені арбағын,
Жалғанды кезер жоқ жайым.
Сыбаға сенен алғанмын,
Ілессем енді оңбайын!
Алданып саған тау асып,
Алданып саған құм бастым.
Хайуандарменен санасып,
Айдаһарлармен сырластым.
Тұяғы күйген құланның
Шөлдерде мені қалдырдың,
Ысқырған улы жыланның
Уымен сусын қандырдым!
Арбама енді,
Алдадың!
Алданып саған барамын.
Адасып саған барғамын.
Адасып өлмей жапанда,
Қалайша тірі қалғанмын?!
Батыстың данышпаны Эмерсон бір сөзінде адамды тазарақ, әрі қаһарман ететін дүниені ғана поэзияға жатқызуға болатынын қадап айтыпты. Ақиқат солай болса, неге біз Мұқағали жырларының – сәбидің көз жасындай шынайылығымен тазалыққа тәрбиелеген, ақындық қуатымен - бойымыздағы қаһармандық рухты оятқан заманымыздың ең ұлы сәулесі болғанын айта алмай келеміз?
Әсіресе сұлулықты іздеп басы айналған біздің ұрпақтың аяулы ақынды бауырмалдық махаббатпен сүйіп, жас жүрегіміздің талпынып саусағын жайып, оны ең жақын адамымыздай жақсы көргеніміз өтірік емес қой. Енді оқырманға, өлеңдерінің сиқырымен жанымызды арбаған Мұқағали поэзиясын менің және менің замандастарымның неге ерекше сүйгенінің себебін, шамам жеткенше түсіндіріп беруге тырысып көрейін.
* * *
Бір жалт еткен түстей болып балалық шақ та, бозбала дәурен де зымырап өте шығып, мектепті бітіріп 1985 жылы университетке оқуға түстім. Әр аймақтан ағылған жастармен танысып, басымды шыркөбелек айналдырған думанды, қызықты күндер басталып кетті. Тек анда-санда Махаббат есіме түскенде ғана, жыланның улы тіліндей ащы өкініш жүрегімді жалап, бір өксітіп кететін. Ондай кездерде мен сыздап кеткен жарамды емдеу үшін, әдебиеттен жұбаныш табуға тырысатынмын. Бірақ ол жылдары тек менің ғана емес, Алматыға келген жастардың бәрінің де әдебиетке деген ықыласы бөлек, қызығушылығы күшті еді.
Әкем ақын болғандықтан Мұқағали жөнінде қатарластарымнан гөрі көп білетініме сенімді едім. Арман ауылының шаңын бұрқыратып Алматыға жеткен еліміздің әр түкпірінен келген жігіттермен сөйлесе келе, өлеңдерін оқығаным ғана болмаса Мұқағалидың өмірі туралы түк білмейтініме көзім жетті. Ақынды ерекше сүйетін замандастарымның аузынан естіген аңыз-әңгімелер аузымды ашқызып, көзімді жұмғызып, поэзия төресінің шығармашылығына деген құштарлығым мен ынтызырлағым бұрынғыдан бетер арта түсті.
«Егер нағыз ақын болғың келсе, өзің туралы аңыз туғыза біл» деген екен, өмірді біздерден гөрі тереңірек білетін Платон ақсақал. Шындығында да сағым-арманды қуған біздің бәріміз де ол жылдары ақынның поэзиясынан гөрі, ең алдымен оның аңыз-бейнесіне ғашық болдық.
Тағдыры қиын, мінезі шатақ Мұқағали хақында ол уақыттары баспасөз бетінде аса көп әңгіме айтыла қоймағанымен, ел сан-саққа жүгіртіп таратқан, кейде тіпті, бір-біріне қарама-қайшы келетін түрлі-түрлі аңыздар, сымсыз телефон арқылы жұртқа жетіп, халықтың ақынға деген ерекше махаббатын сілкіп оятты. Ал, елдің махаббаты Мұқағали ақын жөнінде күнде бір аңыз туғызып жатты.
Мұқағали бір күні шалқып, Жазушылар одағында жүреді. Ащы сусыннан ұрттаңқырап алған оны көріп қалған біреу «Мынау маскүнем Одаққа қайдан кіріп кеткен. Қуып шығыңдар тез!» деп ақынды қорлап, намысына тиеді. Сонда Мұқағали «Ей, қақпас! Мынау таудай денеммен төбеңе келіп төнейін бе? Үстіңе Алатау құлағандай сезінерсің!» деп оның мысын басқан көрінеді. Енді бір ақыннан естіген әңгімемде Мұқағали аса сыпайы, былапат сөз аузынан шықпайтын, өте мәдениетті адам ретінде сипатталады. Ол Мұқағалиды іздеп үйіне барғанда оның абыр-сабыр болып сасқалақтап, өлең өлкесінде әлі танылып та үлгірмеген өзіне жыр сүлейінің қалай құрмет көрсеткенін, тағы бір кездескенде киноға апарып, лимонад сатып әпергенін әңгімесінің майын тамызып тұрып айтып берген. (Ақын жөніндегі айтылатын осындай әңгімелерге құлағымды түре жүріп, кейде соларды салыстырып, Мұқағалидың өмірде қандай адам болғанын түсіне алмай басым қататын. Ол кім? Қоғамдағы әділетсіздіктерге наразы бүлікші-бунтарь ма, әлде адамдардың мейірімін зәру болып өткен байғұс ақын ба?) Оның сыртында Мұқағали дүние салса да жырларына ғашық болып зиратына барып жүрген әйелдер туралы айтылып жатқан аңыз-әңгімелер қаншама. Есебін түгендей алмайтын мұндай хикаяларға көңіліміз елеңдеп, Мұқағалиға деген сүйіспеншілігіміз күн өткен сайын күшейе берді. Сүйінші сұрағандай құлағымыз шалған сол әңгімелерді бір-бірімізге жеткізгеннен де ләззат табушы едік. Соның бәрін көріпкелдікпен жырлап кеткен ақын өлеңдерін оқығанымызда Мұқағалидың әулиелігін мойнындамасқа амалымыз қалмады. Ақын бір өлеңінде қырықтың бесеуінде дүниеден өтетініне сәуегейлік жасаса, енді бір жырында өлген соң өзі туралы талай естеліктердің жазылатынын айтып, толғанады.
Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін.
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.
Аныз ғып айтар мүмкін қылығымды,
Қылығымды ұнатқан жұлынуды.
Жақсы көрген дер мүмкін «жылынуды»
Әйтеуір қазбас былық-шылығымды.
Әдебиетіміздегі қайталанбайтын құбылыс болған Мұқағалидың басқа ақындармен салыстырғанда халықтың айрықша махаббатына көбірек бөленуінің түп мәнісін түсінбегендіктен «билік тым қатты көңіл бөлгендіктен Мұқағалидың ақындығы дүркіреп кетті» деген сыңайдағы пікірді айтушылар да табылып жатыр.
Ақиқатында ресми биліктің ақынға шын көңілмен бет бұрушылығы оның алпыс жылдығынан кейін ғана басталды. Ал ол уақытқа дейінгі аралықта ақын шығармашылығы туралы ауыз толтырып мақтанарлықтай жұмыс билік тарапынан жасала қойған жоқ. Тек сол кезден, яғни Мұқағали дүние салғаннан кейін, он бес жыл өткен соң ғана жыр сүлейінің кітабын дұрыстап шығарып, халыққа тарату ісі қолға алынды. Тіпті, ақынның талай замандастары уақыттың кеңшілігін молынан пайдаланып, шығармашылық кештерін дүркіретіп өткізіп, газет бетінде жиі-жиі насихатталып, телевидениеден көрсетіліп, кітаптарын жарқыратып шығарып, дүркін-дүркін уағыздалып жатқан мезгілде де тазалыққа сусаған халық махаббатының Мұқағалиға ауғанын қалай жоққа шығарамыз.
Әділ таразыласақ Мұқағали поэзиясының халықтың ыстық ықыласына бөленуінің себебі мүлде басқада. Егер Мұқағалиды мұқият оқыған болсаңыз оның өлеңдерінде ақынның оттай жанған жүрегіндей лапылдаған, халқын сүйген керемет махаббат бар. Қоғамнан теперіш көріп, тағдырынан талай таяқ жеп, заманның аялы алақанын сезіне алмаған ақынның, еш уақытта да халықты сүйген махаббатының ыстығы басылған емес. Өмірдің орманында адасып, қателескен күндері ылғи да ақын кешірім сұрап, халқына қайтып оралып отырды.
Туған ел, көз жасы үшін кешір мені,
Кешегі жетімдер мен жесірлердің.
Ортасында өшу мен өсулердің,
Таяғын тарттым талай кесірлердің,
Туған ел сол үшін кешір мені!
Санасын сары уайым сарылтып, тынысын тұйық тұман тарылтқан азабы ауыр жылдарында да Мұқағали халқынан күдерін үзбеді. Өмірден жапа шегіп, тағдырдың шылбырынан босана алмай қиналып, тауы шағылғанда ақын халқына хат жазып, мұңын шағып, ел-жұртынан қолдау сұрап, зар еңіреді.
Тамұққа барады алып мына құрғыр,
Құлауға пәс-ақ қалып тұрағым тұр.
Қуанып өтем бе деп келіп едім,
Түн сайын оңашада жыладым кіл.
Жұртым-ау, жылаудың да себебі бар,
Неге сонша алдымнан келеді жар?
Сен келіп селбеспесең, қайран жұртым,
Сенделіп екі ортада өледі жан.
Ажыратсам деп едім, ақ, қараны,
Ылғи көрем езу мен таптағанды.
Күйзеліп таң атқанша таңды күтем,
Ойпырмай-ай, таңның өзі қап-қараңғы!
Әлбетте, заманға иілгісі келмей, тау құлатқан тасқынның ағысына қарсы жүзіп, дүниені жұтып қоя жаздаған айдаһар уақыттың дауылымен арпалысқан арыстан-ақынға оңай тиген жоқ. Сондай қиын сәттерде де ақын халықтың тағдырынан ажырамай, ұясын қорғаған қарлығаштай туған тілін, салтын, халықтық дәстүрін ойлап, шырылдады. Жұрттың бәрі Жаратушыға сенбей, Құдайға тас лақтырып, имансыздық салтанат құрған заманда, ондай қоғамнан жиіркенген Алланың сүйікті құлы Мұқағали жалынды жырларымен жүрегінде ұлы Тәңірге мәңгі тозбайтын ескерткіш тұрғызды.
Сатқан емен.
Сатпаймын дінімді мен,
Өлмейтұғын, өшпейтін күнім білем.
Алла есімі – жүрегім жұдырықтай,
Жүрегімнің соққанын біліп жүрем.
Мұхаммедтің үмбеті – мұсылманмын,
Пайғамбарым қолдайды қысылған күн.
Алсын Тағалам, ант етем, ант етемін,
Алла есімін кеудемнен ұшырған күн!
Алла-ақиқат.
Аллаға сеніп өтем.
Адалдық пен ақиқат серігі екен.
Адаспаймын, Аллама сеніп өтем,
Арамдыққа баспаймын – жолы бөтен.
Әңгіме барысында біз Мұқағалидың жүрегінде поэзиямен бірге Алланың сұлу сәулесінің өмір сүргенін айтқан болатынбыз. Өкініше қарай халық сол әдемі сәулені - тек ақын өлген соң ғана көріп, қайран қалды. Көзі тірісінде Мұқағалидай жердің керемет сәулесін бағалай алмағанын түсініп, сол олқылықтың орнын тезірек толтыруға жанталаса кірісті. Басқаша сөзбен айтқанда Мұқағалидың поэзиясына Алла жар болып, ұлтын сүйген адалдығына сүйсінген халықтың махаббаты көтеріп әкетті.
Құдайдың құдіретіне қалай таң қалмайсың? Пендешілік іштарлықпен Мұқағалиға деген халықтың махаббатын қызғанып жатқанымызда, Алланы сүйген жүрегі үшін Тәңірдің өзі ақынның тау мүсінін табиғаттан қашап шығарды.
Тоқсаныншы жылдары Мұқағали шығармаларының ер-тұрманы түгенделіп жарық көре бастауы, оның өнерімен жақынырақ танысқан халыққа, әсіресе әдебиеттің есігін енді-енді қаққыштап жүрген мына біз сияқты жастарға қатты әсер етті. Көктемнің найзағайындай жарқылдаған ақын жырлары көңіліміздің аспанын жарқыратып жіберіп, сезіміміздің тас қамалын бұзып кірді. Өмірдің биік аспанында жалт-жұлт етіп ойнаған Мұқағали поэзиясының сәулесі жанымыздың айнасына шағылысып, еріксіз көзімізді жұмғызды. Қызуы бойымызды балқытып, көңіліміз күншуаққа шығып, сезім күніне жылынғандай болдық. Жүрегіміздің құпиясын оқып қойған оның өлеңдерін ең құнды дүниеміздей көріп, замандастары ерекше қастерлеген Гетенің «Вертеріндей» бағалап, қайда барсақ та Мұқағалидың жыр жинақтарын өзімізбен бірге алып жүрдік. Сан-алуан бояуымен құлпырған ақынның сиқырлы сөз өнерінен ерекше қуат алдық. Жастық дәуреніміздің найзағайлы жазындай күркіреген ақын музасы ойлануға да мұршамызды келтірмей, алапат сезімінің тасқынымен бізді өзімен бірге ағызып әкетті.
Соқ жүрек,
Солқылда ми
Тасы, қаным!
Өмірге айтылған жоқ ғашық әнім,
О, Муза!
Бір өзіңе бас ұрамын,
Тездеп жет,
Мен бір жаққа асығамын.
Ғашық әнім айтайын өмірге мен,
Құлақ естіп, көздерге көрінбеген.
Нөсерім тұр көгімде төгілмеген,
Жемісім тұр бағыма себілмеген.
Бермей кетпен бәрін де тегінде мен.
Дүниенің бәріне биіктен қарайтын, қартайып, қайғы ойлаған Абай ол жылдары бізге әлі алыс, түсініксіз жұмбақ жан болды. Ал, біз жас едік. Аласұрған жастығымыз махаббаттың отына күйгісі, сезімнің күніне қыздырынғысы, арманның өзеніне шомылғысы, сұлулықтың бақшасында қыдырғысы, ой орманында адасқысы келді. Жанымыз аңсаған сол кереметтерді біз жұмбақтамай, сезім қақпасының есігін айқара ашып тастаған Мұқағалидан таптық. Жас болғандықтан біздің де мынау кең дүниеден алғымыз келетін ақымыз мол еді. Мұқағали бізге Құдайсыз қоғамда Алланы ұмытпауға, қара тобырдың ортасында да күндей жарқырап жүруге болатынын үйретті.
Біз ол жылдары «билік тым қатты көңіл бөлгендіктен Мұқағалидың ақындығы дүркіреп кетті» деген әңгімені айтқан емеспіз. Бәріміз де Мұқағалиды бөлшектеуге келмейтін жанымыздай, бөлуге болмайтын қазақтың біртұтас рухындай бағаладық. Қайта керісінше бізге ақынның насихатты кемшін түсіп жатқандай көрініп, барлық жерде оның өлеңдерін оқып, ақын мұрасын қолымыздан келгенше жарнамалауға тырыстық. Мұқағалидың мұрасы баспасөзде жарық көре қалса, өзіміздің бір жақсы дүниеміз жарияланғандай, жүрегіміз жарыла жаздап қуандық, ол туралы бір жақсы сөз айтылса өзімізді біреу арқамыздан қағып мақтағандай өрекпіген көңіліміз шаттыққа кенелді. Ақынның келер ұрпаққа, яғни мына бізге қаратып айтқан «ойлы жас» деген сөзі бәрімізді де қатты толқытты.
Адамды адам түсінбеу –бір ақырет.
Ойлы жас түсініпсің, рахмет!
Рахмет!
Жассың ғой жалыны мол.
Жалыны мол және де қуаты көп.
Ойлы жас!
Өлең – менің бар тынысым,
Жақсы сөзім – жаны игі халқым үшін.
Атақ қуып, бақ қуып, даңқ қуып,
Біреулерден жүргем жоқ арту үшін.
Заманның аласапыран уақытында әдебиетке келген мына біз Мұқағалидан - дүниенің бәрін танып-біліп қойған ақылгөйді, пәлсапа соғып ділмарсыған данышпанды, құрыштай шыныққан күрескерді емес, қайта керісінше, сүйгенде ақыл-есінен айырылып қалатын, қуанғанда балаша мәз болатын - дарақыны, қайғырғанда еңіреп жылап жіберетін, жүрегі жараланғыш - дәл өзімізден аумайтын қорғансыз адамды көрдік. Ол ең алдымен – адам еді.. Сол үшін біз оны сүйдік. Адамдық сезімі, қайғысы мен қуанышын бізбен бөліскені үшін жақсы көрдік. Өнерге берілген адалдығы, жүрегін кірлетпеген өмірдегі тазалығы үшін ерекше қастерледік.
Біз Мұқағалиды көрген жоқпыз. Бірақ ақынды бірге өсіп, біте қайнасқан, оның көзін көрген замандастарынан кем құрметтеген жоқпыз. Өйткені оның асау жырлары емін-еркін тулаған біздің жастық шағымызбен үндесіп жатты. Мұқағали келуімізді күтпей-ақ жауындарға, аласұрған ағындарға да қарамай жүрегімізде дауыл тұрғызып жердің бүкіл сағынышын арқалап қанатын жазып, құшағын жайып, бізге қарай самғап ұшты.
Мен сені сағынғанда,
Қарамай жауындарға, дауылдарға.
Қарсы қарап жүземін ағындарға,
Кеудемде қимылдаған жаным барда.
Мен сені сағынғанда,
Бір минут та қақым жоқ дамылдарға.
Мен сені қызғанамын,
Қызғаныштан мұз шайнап,
Тұз жаладым.
Шаңқылдап алдымнан шық,
Ана-қыран,
Алыстан келеді ұшып мұзбалағың,
Ақынның лирикалық туындыларымен танысып, оның махаббат жырларын оқығанымызда сол сезімдерді өзіміз басымыздан кешіп тұрғандай толқыдық. Мұқағали құлай сүйіп өлең арнаған аруға ғашық болмау мүмкін емес еді. Оның махаббат лирикасынан шуақ болып шашылған сұлулыққа бәріміздің басымыз айналып қалды. Бояуы құлпырған Мұқағали поэзиясының әдемі гүлдері жастық дәуреніміздің махаббат өлкесін жайнатып тастады. Ал, ол ғазалдарды жаттап алып, оны құлай ғашық болған қыздарымызға оқыған кездегі алған әсеріміздің тәттілігін сөзбен айтып жеткізе алмаспын, сірә! .
– Құс боп ұшып жоғалсам не етер едің?
– Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.
– Отқа түсіп өртенсем, не етер едің?
– Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.
– Бұлдырасам сағымдай не етер едің?
– Жел боп қуып ақыры жетер едім.
– Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?
– Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін.
Жазылу формасы өте қарапайым болып көрінгенімен, осы шағын ғана миниатюрада біздің жастық шағымыздың мазасыз махаббатының дірілі соншалықты шынайы, әрі табиғи кестеленген. Музыкасы сыңғырлаған ол әдемі лирика уақыт өте келе біздің рухани қазынамызға айналды. Ақынның үлбіреген жырларында - қайта-қайта махаббат дәметіп, оның құшағында тұншығып өлгісі келетін біздің жастық шағымызды толқытқан ертегі өмірдің дариясы ағып жатты. Біз Мұқағали поэзиясының махаббат шарабынан құмарымыз қанғанша сіміріп ішіп, мас болдық. Ұлы ақын бойындағы алапат сезімімен Мағжанның рухын тірілтіп, уақыттың дауылы сөндірген оның поэзиядағы жандырған махаббат шырағын біздің жүрегімізде қайтадан жақты. Ол шырақ бәрімізді магниттей тартып, тыныштық таппаған жанымыз жынды көбелектей сол отқа барып қайта-қайта күйді.
Сүйгісі келе берер сүйген ерін,
Сүй жаным!
Сүйкімді бір күйге енемін.
Жүрегіміз жақыннан бірге соқсын,
Ағытшы бешпетіңнің түймелерін.
Сүй жаным!
Сүйе бергін, кім біледі...
Бір кезде еске аларсың түнді, мені.
...Жалт етіп өте шыққан баяғыда,
Жастықтың талықсыған бір күні еді.
Ұялып, барады өтіп бұлақ-бала,
Бұйығып, үн қатпайды жылап қана.
Баланың маңдайынан сипалаған,
Дірілдеп айдан тамған шуақ қана.
Біз тек Мұқағалидың махаббат жырларын ғана сүйіп оқыған жоқпыз. Айсыз қара түндерде адасып, өмір көктемінің жылуын сезе алмай кеткен ақынның кез-келген жыры біздің ең жақын сырласымыздай болды. Жүрегімізді жаулап қана қоймай, оның өлеңдері бір оқығаннан-ақ біздің басымызды дуалап алды. Біз ол жырларды ауық-ауық оқып қоймасақ тұра алмайтын жағдайға жеттік. Лүпілдеген жүрегіміз саусағын жайып, жастығымыздың күніндей жарқыраған Мұқағали поэзиясынан төгілген ғажайып сәулеге қарай талпынды. Ыстық сезімімен ішіміздегі мұзды ерітіп, сеңді қозғап жіберген сәулелі жырлар тазалықты, шынайылықты, табиғилықты, сұлулықты, адамгершілікті аңсаған жанымыздың шөлін қандырған - жастық дәуреніміздің суаты болды.
Біз Мұқағалимен сырласып қана қойған жоқпыз. Ақынның тартқан тауқыметі мен көрген қасіретін жеке басымыздың қайғысындай қабылдадық, Өмірінің соңында аурухананың темір керуетіне таңылып, өлетінін сезіп, жарық дүниемен қоштасып жазған базыналық жырларын оқығанымызда, ең жақын адамымыз дүниеден өтіп бара жатқандай қиналдық.
Не пайда күрсінгеннен, өкінгеннен,
Не пайда дәтке қуат бекінгеннен,
Алайда, емханада көз жұмғаннан,
Жақсы еді ғой майданның өтінде өлген.
Құрбан ғып жастығымды, жас ғұмырды,
Жауымнан жасыра алмай қастығымды.
Жанымды аямаған жауларымнан,
Ала жатар едім ғой жастығымды.
Өкінбен, мұңайман да, өксімеймін,
Өмірім, осылай-ақ өтші мейлің.
Алайда, аласапыран тіршіліктің,
Алдында күресе алмай тек сілейдім!
Күнін көріп жүргем жоқ жетім құлдың,
Бірақ та не бітірдім, не тындырдым.
Шөп жинаған ініне суырдайын,
Әйтеуір тіршілікке бетім бұрдым.
Қара саз, қала шалғын өлеңде өстім,
Қырға шығып ырысқа кенелмеспін...
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім.
Жанымыздан пана іздеген Мұқағалидың үлбіреген жырлары сезіміміздің нәзік пернесін басып, жүрегімізді елжіретті. Мәңгілік мекеніне өзімен бірге ала кеткен ақынның нәзік жанын түсінгіміз келіп, біз қайта-қайта оның поэзиясына үңілдік. Атақ-даңқты керек қылмаған Мұқағали біздің көзімізге нағыз сұлулықтың символындай болып елестеді. Біз де Мұқағали сияқты өнердің мәңгілік сәулесі болуды армандадық. Алайда ұлы ақын болудың қандай ауыр азап екенін біз ол жастықтың оты жалындаған жылдары таразылаған емеспіз.
Жиырма жыл бұрын балауса үндері енді-енді естіле бастаған біздің буын әдебиетке Мұқағали болуды армандап келді. Біздің бәріміз, әрине әр кім өз қиялымызда Мұқағалиға жан сырымызды ақтарып, өзімізше сырластық. Біреуіміз оның өлеңіне ән шығарып, қалғандарымыз өлең арнап бәріміз де ұлы ақынға құрмет көрсетіп, жүрегіміздің төрінен оған орын тауып беруге асығатынбыз. Бәріміздің де жүрегіміздің бір түкпірінде Мұқағалидың ұлы музасы тебіреніп, ән салып жатты.
Ұлы ақынға деген махаббатымыздың шексіз болғаны соншама, біз тіпті оның поэзиясымен шөлімізді қандырғанға да қанағаттанбадық, оған еліктеп Мұқағали болып өмір сүрдік. Ойлы жас екенімізге сеніп, бізге аманат айтып кеткен ақынның үмітін ақтағымыз келіп, бір ауыз сөз айтсақ та Мұқағалидың өмірін мысалға келтіріп сөйлеуді әдетке айналдырдық. Менің замандастарымның ішінде Мұқағалиға өлең арнамаған ақын жоқ шығар, сірә! Біз оның өлеңдерін өміріміздің шындығы көрінген шарайнадай бағаладық. Өлеңге жан бітірген ақын поэзиясын оқығанымызда біздің жанымыз жылап қоя берді.
Жапырақ-жүрек жас қайың!
Жанымды айырбастайын.
Сен Адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын
Келісесің бе, жас қайың?
Бұл жылап тұрған не болды екен? Жас қайың ба, әлде біздің жанымыз ба? Әлде екеуі де ме? Алла сыйлаған өмірін айырбастай алатын мұндай тәуекелге тек жүрек жұтқан ақын ғана бара алса керек.
Бұл өлеңде Табиғат - Адам - Өмір атты үш кеңістікті біріктіріп тұрған құдірет біреу – ақынның жаны. Өлеңді оқығанда сол құдірет сенің ішіңе еніп алып, алапат дауылы жан әлеміңнің астаң-кестеңін шығарады. Өйткені бұл лирикалық шығармадағы шындық ақынның жан сәулесінің жібімен кестеленген.
Ғажап! Бір қарағанда қаралы күйдей күңіренген ақын жырларын қайғының бұлты басқандай болып көрінеді. Бірақ сол мұңлы жырларды оқи бастағаныңызда сол қайғы бұлтының артына жасырынған күн жарқырап шыға келіп, сиқырлы сәулесімен сіздің жаныңызды жайнатып тастайды. Тіпті, ақынның ажалмен оңашада сырласқан өлеңін оқысаңыз да батып бара жатқан күннің әдемі сәулесін көргендей әсер аласың.
Менің досым болсаңшы кешірімді,
Сабыр етші, тауысайын несібемді.
Бастамаған ісім көп, аялдашы!
Қақпашы тым ертерек есігімді.
(Алам десең, пендеңнің жаны дайын)
Тоқташы, тіршіліктен жалығайын.
Рақатқа белшемнен батпасам да,
Қалтам толы сорымнан арылайын.
Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен тоқсаныншы жылдардағы қиыншылық, әсіресе әдебиетке енді келген біздің буынға ауыр тиді. Ешкімге керегіміз болмай қалған өзімізді «жоғалған ұрпақтай» сезініп, Алматының тар көшелерінде жұмыс таба алмай, қаланың қапырық ауасын жұтып, үйсіз-күйсіз сенделгенімізде жүз грамымызды тартып алып, Мұқағалидың жырларын оқып, жүрегімізді талай жұбатқанбыз. Егер Мұқағали жырлары болмаса «адам қасқырға айнала жаздаған» сол жылдары, нәзік өсімдіктей енді басын көтеріп келе жатқан талай ақындардың өліп кетуі де ықтимал еді. Біз Мұқағалиға сол жылдары өліп кетпегеніміз үшін де қарыздармыз.
Ұлы жазушы Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романында князь Андрей Балконскийдің Аустерлицтің түбіндегі шайқаста ауыр жараланғанда ғана биік аспанды көріп, таң қалатыны бар емес пе. Ал, біздің оқ тиген жанымыз князь Андрейдікінен де бетер ауыр қиналды. Өйткені Отан-Анамыздың түгі қалмай сатылып кеткен, өліп қалсақ, дүние салардың алдында көңілімізді жұбатып қарайтын биік аспанымыз да жоқ еді. Біз сол биік аспанды Мұқағалидың мәңгі мекеніне айналған Кеңсай жақтан іздедік.
Уақыттың аласапыран дауылы соққанда Мұқағалидың поэзиясы жүрегімізде өсіп келе жатқан әдемі гүлдеріміздің қалқаны болды. Есенинге арнаған өлеңінің арқасында, біздің бәріміз де орыстың бүлікшіл ақыны Сергейді, тағдыр сергелдеңге салған Мұқағалидай жақсы көріп кеттік. Дәл сол жылдары біздің бәріміз де осы өлеңді оқығанда өзіміздің тағдырымызды көргендей сезімді басымыздан өткергенбіз.
Әй, Сергей!
Сергей, Сергей, Сергей, Сергей!
Түстім-ау сергелдеңге мен де сендей,
Аулаққа, тым аулаққа кеттім білем,
Жаны ашып ақыл берген елге сенбей.
Мен-дағы сол жақтанмын,
Ауылданмын.
Ауылдың ауруымен ауырғанмын.
Өзіңді Мәскеу қалай қабылдаса,
Алматы мені солай қабылдады.
Алматы бізді де құшақ жайып қарсы алған жоқ. Бізге келгенде Мұқағалидың тағдырындай бәрі таусылып, кітап шығармақ түгіл, күнкөрістің өзі мұңға айналған заман туды. Ұлы ақынның кеудесінен итерген күншілдердің бізге де жылы қабақ таныта қойғаны шамалы.
Менің замандастарым қайда тұрарын білмей, жатын орын таппай қиналып, үкіметтен баспана сұрап жалынғанда жомарт биліктен екінші, үшінші пәтерлерін алып, үйден «коллекция» жинап, жақсы қызметтің арқасында мұрттары әбден майланған ағаларымыз біздің «сұрамсақтығымызды» бетімізге басты. Ең болмағанда олар біздің мұңымызды да тыңдағысы келмеді. Соған қарамастан біз ең қиын уақытта да әдебиет майданындағы ұрыс алаңын тастап кеткен жоқпыз. Дегенмен ауыр тұрмыс еңсемізді езгенде орыс ақыны Сергей немесе қазақтың жыр сүлейі Мұқағали сияқты қаланы тастап, ауылға кетіп қалғымыз келген кездеріміз аз болған жоқ.
(Менің де өкіндірер өткенім көп)
Атқа міндім, алысып, теппедім доп.
Мен-дағы малды сүйем, итті сүйем,
Інімнің маңдайынан шерткенім жоқ.
Шаршағанда ширығам шарап ішіп,
Саған ұқсап менің де жанады ішім.
Құлағыма сыбырлап «құран» оқып,
Иектейді мені де «Қара кісі»
Өкшелеп қуған тағдырымыздан қалай құтыларымызды білмей далбасалап қашқанымызда Сергей мен Мұқағалидың құлағына құран сыбырлаған сол қара кісі көшенің бұрыш-бұрышынан бізге де талай жолыққан.
Жасырып қайтеміз? Қыр соңымыздан қалмаған қара кісінің шарабын ішіп, махаббат таба алмай адасып, тағдырдың азабын тартқанымызда жанымызды жылыта алмаған ыстық құшақтарды аймалап, біз де талай күнаға батқанбыз.
Мен де сендей, Серега, күнадамын,
Жыр азабын тартамын, тіл азабын.
Туған ауыл, туған жұрт қайда барсам,
Қайда барсам – қасымда Рязаным...
Әй, Сергей!
Сергей, Сергей, Сергей, Сергей!
Бір ауылдан екенбіз, мен де, сен де.
Басым сынып барады, басым сынып,
Жөндесем де болмайды, емдесем де.
Ақиқатында жанымыздай жақсы көріп кеткен Мұқағали поэзиясының құдіретін сөзбен түсіндіріп беру мүмкін еместей болып көрінеді маған. Өйткені ұлы поэзия еш адам баласы түсіндіріп бере алмайтын Құдайдың ұлы жұмбағы болса керек. Міне сондықтан да біздің бәріміз кейде далбасалап Мұқағалидың поэзиясы туралы түрлі жорамал жасап жатқанымызбен, оның ешқайсысы да бізге ұлы ақынның өнерін түсіндіріп бере алмайды.
Кейде мен Мұқағали өзінің ойларын «ана ақыннан немесе мына ақыннан алған», сондай-ақ «анандай ақынның, мынандай ақынның шинелінен шыққан» (осы «Гогольдің шинелі» бізге бәле болды) деген сыңайдағы пікірлерді де естіп қаламын. Мен Мұқағали поэзиясының Данте, Байрон, Лермонтов, Есениндермен үндесетініне дауласпаймын, жоққа да шығармаймын. Өзге түгіл, мұны ақынның өзі де мойындаған.
Қалқам,
Мен Лермонтов, Пушкин де емен,
Есенинмін демедім ешкімге мен.
Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген.
Жат жерді жастанғанда жазатайым,
Қанымен жазды, мүмкін, ағатайым.
...Қасиетіңнен, қара өлең, айналайын,
Қазақтың дәл өзіндей қарапайым.
Түзу-түзу тілінген таспадайын,
Қамшы өремін таспадан басқадайын.
Қаламасаң қамшымды аулақ жүргін,
Қараша үйдің есігін ашпа, ағайын!
Түзу-түзу жыртылған аңыздайын.
Аңызыма неге нәр тамызбайын.
Қара өлеңі қазақтың қаза болса,
Қара көзден неге қан ағызбайын.
Іздемпаздық менің де бар өнерім,
Будан жасап бидай мен тары егемін.
Қазан-миым бәрін де қайнатады.
Дара қойып қазақтың қара өлеңін.
Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның айтқанын қайталадым.
...Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып, өзіне қайтарамын.
Адамзат баласы Жер-Ананың алып бесігінде тербетілгендіктен, біздің бәріміз де Данте, Шекспир, Абай сияқты өнер аспанындағы жұлдыздардың ерекше жарқыраған сәулелерінен қуат алмаймыз ба. Ендеше олардың өнерінің, әлемді нұрландырған ғажайып бояуларының біздің бойымызда өз ізін қалдырмауы қалайша мүмкін болмақ?! Қайта ол бояулар бірін-бірі тапқанда, бірін-бірі толықтырып, өнер әлемін одан сайын құлпырта түспей ме.
Францияның әйгілі жазушысы Ромен Ролланың айтуынша, өнерді шабыттандыратын идеялардың ауқымы өте шектеулі. Өнерде айтылмаған ой, жазылмаған оқиға жоқ. Өнердің күші онда емес - суреткердің сол ойды қалай жеткізіп, жалғыз өзіне ғана тән өрнегімен айшықтай алатын шеберлігінде. Сондықтан да бәрімізді де есімізден тандырып жібере жаздаған, жүрегімізді әлдилеген Мұқағали поэзиясының ғажайып музыкасының жұмбағын онын ізгілікті жанына қандай ұлы сәулелердің шуағын шашқаннан ғана іздеудің қажеті жоқ.
Мұқағали поэзиясының ұлы жұмбағын, оның әдебиетке қандай жаңалық әкелгенімен түсіндіруге тырысып жүрген сыншылар да баршылық. Бұл да ақынның шығармашылық өнерінің қыры мен сырын аса терең білмейтіндердің айтып жүрген ұшқары пікірі.
Білмек парыз. Оқырман қандай да бір ұлы ақынның немесе жазушының шығармасын оның поэзия мен прозамызға не жаңалық әкелгенін білу үшін оқымайды. Әдебиеттегі жаңалық ғасырлардың еншісіне тиемелі жүк. Егер жиырмасыншы ғасырдағы қазақтың сөз өнеріндегі біртума таланттардың бәрі әдебиетке жаңалық әкелген болса, кешіріңіз, онда біздің прозамыз бен поэзиямыз тек жаппай жаңалықтан тұрады.
Қарапайым оқырман ретінде мен бір сәт Шекспир немесе Пушкиннің рухымен тыныстап, шығармаларының сәулесіне шомылғанымда сол кемеңгерлердің өнерге қандай жаңалық әкелгенін ойланамын ба? Жоқ. Мен олардың ұлы туындыларын өзімнің өмірім туралы не айтқанын білу және «адам болып қалғым келгендіктен» (Достоевский) оқимын.
Әділіне жүгінсек, «күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарған» Мұқағалида кейбір ақындардағыдай ерекше көрінгісі келіп, жаңалық жасауға тырысқан, күшеншектік болған емес. «Жүрегіңе үңіл де жаза бер» (Сенека) деген қағиданы берік ұстанған ұлы ақын - жүрегі қалай сөйлесе, солай жырлады. Жасандылыққа ұрынбады.
Мұқағали поэзиясының ерекшелігін оның тіл байлығының молдығынан іздеушілер де табылып жатыр. Өз басым ақынның өлеңдерінде замандастарының бәрінен асып түсетін ғажайып көркем тіл болды деп те айта алмаймын. Сондықтан да «Мұқағали тілі» деген «өтірікті» ойлап шығарып, жұртты әбігерге салудың қажеті қанша? Мұқағали біздің жүрегімізді тіл байлығының молдығымен жаулап алған жоқ. Оның жырларында маңдайымыздан сипап еркелететін өмірдің сәулесі мол еді. Өмірімізді ерекше арайландырған ол шуақты сәуле мейірімділікті аңсаған жанымыздың ең жақын сырласы болды. Ұлы ақын өмірді жырлаған жоқ, ол сәбидің көңіліндей таза жүрегін жайып ашып тастап, бізбен сырласты. Міне сондықтан да «Мұқағалидың ұлылығы неде?» деген сауалға ақынның өз сөзімен жауап беруге болады.
Мен жырламаймын,
Сырласамын.
Сыры бар замандаспен мұңдасамын.
Асыққан уақытпен,
Адымымды
Абайлап, анда-санда бір басамын.
Көгендеп жыр қосағын.
Келмейді, жыр жасағым.
Бөгендеп бетонмен қоя алмаймын,
Өзінше емін-еркін туласа ағын.
Ғайыптан пайда болған сайтандайын.
Жыр туса қайтармаймын.
Улатып май таңдайын,
Ащы тіл ақиқатын айтар дәйім.
Жаныңнан жалындаған өрт кетпеген,
Жалықпай өзімді-өзім зерттеп келем.
О, жүрегім!
Орныңнан қобалжыма,
Жарамсақ жалғандыққа беттетпеген!
Тіптен де мен емес-ті,
«Мен» дегенім,
Сендірмеймін,
Сенбеңдер сенбегенің.
Басқаның жаны-сырын ұғу үшін
Өзімді зерттегенді жөн көремін.
Мендегі бар,
Сенде бар, онда да бар.
Демек, сенің
«Менің» де сонда қалар..
Өз жаныңды алдымен жайып таста,
Жақсылықтың көкесі сонда болар.
Не шығады бәрін де сүйем деуден?
Бәрін де сүйемін деп, иемденген.
Бәрін де мен де сүйем,
Айтпан бірақ,
Отырып оңашада күйер кеудем.
Күйер кеудем..
Сондықтан күйінемін.
Жасырман, жырым да сол жиі менің,
Жыр жазу, кім біледі, ермек шығар?!
Ақын болу –
Неғылған қиын едің!!!
Ұлы Лев Толстой француз жазушысы Ромен Ролланның хатына жауап жазғанда, сөзінің «біссімәлласын» бауырым деген ұлы сөзден бастағанды жөн көріпті. Шындығында нағыз ұлылық дегеніміз – шеберлікті меңгеріп, өнердің биік шыңына көтерілу ғана емес, оқырманның сені оқып, сырласпаса тұра алмайтын ең жақын бауырына айнала білу.
О, Мұқағали! Сенің өнердегі ғажайып сәулең менің жанымды нұрландырып, жүрегімдегі ізгіліктің шырағын жағып, адамгершілікке тәрбиелеп, қаһармандыққа баулыды. Уақыт өте келе сен менің өнердегі ең жақын бауырыма айналдың.
Қаншама уақыт сырласып, мауқымды баса алмасам да сенімен де қоштасатын уақыт келді, ақыным. Бір кездері сен де Пушкин ескерткішінің алдында барғанда мен сияқты тебіреніп, ұлы ақынмен қоштасқан екенсің.
Ал, енді қоштасайық, сардар аға.
Мен ертең кетем ұшып сардалама.
Қыранның қырандағы – кең далада,
Қыранның қырандығы тауда ғана.
Мен ертең кетем ұшып сардалама.
Қош боп тұр, қош есен бол, сардар аға!
Сөкпей де өкпелемей қал балаңа.
..Ақынның ақындығы – атақта емес,
Ақынның ақындығы – арда ғана.
О, мәңгілік сәуле! Мен де ертең сардалама ұшып кетемін. Егер сен жарты ғасыр бұрын, жан сырыңды ақтарып Пушкин ескерткішімен рухани ізбасары ретінде қоштассаң, мен сенің ескерткішіңмен ұлы Толстойдың француз жазушысы Ромен Ролланға жазған хатындағы қимастықпен айтқан, адамның ең жақынына ғана арнайтын, дүниедегі ең ардақты, ең жылы сөзін қайталап, өзіңмен қоштасқым келеді.
Қош бол, бауырым!
Амангелді Кеңшілікұлы