Мұхтар Әуезов. Абай (Трагедия сценариі)

ӘДЕБИЕТ
2422

Қатынасушылар
Абай
Айдар
Кәрім Абайдың ақын шәкірттері.
Көкпай
Баймағамбет — ертекші, Абайдың досы.
Зейнеп — жолаушы ақын әйел.
Әбдірахман (Әбіш) — артиллерия офицері, Абайдың баласы.
Мағауия — Абайдың баласы.
Ажар — қаралы әйел, кейін Айдардың жары.
Долгополов — доктор, антрополог, айдаудағы адам.
Ерден — Тобықтының ру басы.
Нарымбет — Ерденнің жақыны.
Мәриям (Мағыш) — Нарымбеттің қарындасы, Әбіштің қалыңдығы.
Оспанов Әзімхан — облыстан келген шенеунік.
Тәкежан — Абайдың ағасы, болыс.
Еркежан — Абайдың әйелі.
Қарлығаш — Абайдың жақындарының қызы.
Сырттан — Тобықты руының қарт биі.
Мес — Ерденнің жігіті.
Дәулет — Айдардың жақыны.
Ораз — ол да.
Қыз — ол да Айдардың руласы.
Урядник полиция, қонақтар, жігіттер, балалар.

Қазақтың ен сахарасы. Ескі молаларда тас бейнелер, ескі қорған көрінеді.

Ақтарылған қорғанның басында бірнеше адам отыр. Бәрі де қазылған шұңқырға үңіліседі. Төменнен жіңішке түтін шығады. Аздан соң сол төменнен трубкесін түтетіп Долгополов шығады. Қолында адамның бас сүйегі. Сүйекке қадалған садақ оғы бар.

Сүйекті топырақтан тазарта тұрып Долгополов Абайға:

— Ал, соңғы қорған мынау. Бұрынғылардан қызығырақ сияқты. Бас сүйек... ал мынаны байқайсың ба, бұл шақпақ тастан істелген оқ қой.

Жұрт таңырқай қарасады. Әсіресе, Баймағамбет ентелей қадалады. Долгополов:

— Қадым заман белгісі. Тас ғасырдың куәсі. Бірақ сонымен қатар жылқы сүйегі мынау.

Аршылған топырақ үстінде жылқының бас сүйегі жатыр. Қасында темір ауыздық бар, тағы басқа сүйектер. Адамның тағы бір сүйегінде алтын құрсау бар. Долгополов трубкесін бұрқылдатып:

— Темір ауыздық... құрсау... өзі алтын... Анау шақпақ оққа қарағанда ірі мәдениет айғағы ғой... Тегі, ескі қазақ осы сахарасы үшін талай жабайылармен соншалық ұзақ заман алысқан-ау... Солай шығар деп ойлап ек-ау, Ибрагим Құнанбаевич.

Баймағамбет ауыздық пен құрсауды ұстап:

— Дұрыс... бұл қазақ. Баяғыда бір үш қатын бопты, үшеуі де перзент күтеді екен. Соның бірі толғатқанда жер тырнапты — оның нәсілі қытай бопты. Жер де көп, ел де көп. Тағы бірі толғатқанда — ағашты құшақтапты. Бұның нәсілі орыс екен. Тоғай да көп, ел де көп. Енді бірі толғатқанда аттың жалын құшыпты. Осының нәсілі қазақ бопты — ел де көп, мал да көп.

Долгополов үлкен тостағанға қымыз құйып жатып күліп:

— Өлгеніңше оқып өл!.. — дейді.

Шәріп Абайға бұрылып, түнере қарап:

— Абай аға, мен өлімге қарап күлгенді сүймеймін! — деп, қолына бас сүйекті алып, ақырын бір өлең шығарып кетеді:

Тақ Сүлеймен тауып айтқан,

Тағдыр қатал, әмір зор.

Жетер сағат, жетер құдірет,

Алдың тосар ажал сор.

Мұң сапарда адамзат,

Ұзақ жолда күні қор.

Күндер айдап, жылдар кетед,

Қасірет түбі қайғы тор...

Мынау сүйек осындай ой толқытады... — дейді.

Абай қымызды шөліркей жұтып:

— Бұ неткен шер!.. Сен бас сүйекке қарап, Омар Һаямның не дегенін білемісің?

Бар жиһанның ардақтысы, асылы біз,

Фәни дүние ең бір сұлу нәсілі біз.

Бар ғаламы жүзік болса дөңгелек,

Сол жүзіктің анық гауһар асылымыз! —

дегені қаны! Сен болсаң өз ішіңе тығыла бересің-ау, Шәріп! Мынау тұнжыраған тұңғиық мөлдір көкке қарашы. Тірек те, дерек те жоқ. Бірақ жоқ болғанмен оның көркі кем деп кім айтад! Рас емес пе, Федор Иваныч?..

— Әбден рас, Ибрагим Құнанбаевич — деп, Долгополов жар астынан үн қатады да: — Бірақ сырымды жасырмайын... ақындықты аз ұғам... — дейді.

Абай қолына Долгополовтың балғасын алып:

— Тіпті, мына доктор Долгополовтың өшкенді жандырып, өлгенді тірілтіп жатқаны жаман ба?.. Ал, тіпті, ана Көкпайдың маңдайына қонған алтындай араны көрші...

Көкпай секем алып қиғаштай қарайды. Абай әзіл етіп:

— Әніки, шағып та алды. Сонысы ақыл-ақ, тіпті. Көзін көріп отырмын. "Абылайын" бүгін де оқып беретін түрі жоқ қой... — дейді.

Көкпай ара шаққан маңдайын сипап: —Мен бітіруге жақынмын, Абай аға. Жақында. —Жә, жарайды, — деп Абай сөзін бөліп, — Абылайыңды бізден туған немереге оқып қуантарсың...

Мағауия. Аға, бұның жаман жазудан қорыққаны сондай, тіпті, жақсы жазуға батылы бармай жүр.

Абай. Сөз-ақ, Мағауия. Оның рас... Батылдық жоқта өнер жоқ! — деп Көкпайға: — Мына мысалдарың жақсы басталыпты. Әсіресе, көбелек пен шам тәуір. (Қойнынан жазулы қағаз алып Көкпайға беріп.) Қиыны орта тұсы, соны жеңсең аяғы өзі оралады. Мә, азырақ түзеген болдым. Ал, Айдар бүгін де жоқ па? Қайда жүр? – дейді.

Көкпай (қысылып). Ол бір ауылға кетіп еді, Абай аға.

Абай. Сол ауыл жақыны боп, біз жағы боп жүрмейік соның...

Мағауия. Ал енді, аға, өз өлеңіңізді оқысаңыз қайтеді?

Абай. Жарайды... оқиын. (Көзілдірік киеді.)

Мағауия. Жаңа өлең ғой?

Абай. Жаңа... "Жазғытұры".

Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,

Масатыдай құлпырар жердің жүзі.

Жан-жануар, адамзат анталаса,

Ата-анадай елжірер күннің көзі.

Жаздың көркі енеді жыл құсымен,

Жайраңдасып жас күлер құрбысымен...

Кең даланы көк масаты кілем жапқан. Әдемі белеңдер. Жарқыраған айдын көл бетінде құстар мәз. Абай үні баяулай естіледі.

Көл жағалай мамырлап қу менен қаз,

Жұмыртқа іздеп жүгіріп балалар мәз.

Ақын дауысы тағы алыстап баяулап барады. Музыка араласады.

Құс қатарлап байлаған қанжығаға

Қыз бұраңдап жабысып қылады наз...

Дауыс естілмейді. Музыка естіледі. Қаттырақ шығады. Тарс-тұрс мылтық үні киіп кетеді.

Тау ішіңде бұраң жолмен екі атты кісі шауып келеді. Қыз бен жігіт — Айдар, Ажар. Әйелдің шәлісін, жігіттің көйлегін жел ұйытқытады. Арттарынан қуғын бар. Атқылап қуып келеді. Айдар аты оққа ұшады. Ажар тоқтай қалады. Айдар тұра бере Ажарға:

— Жөнел! Абай ауылы жақын. Құтыласың!

Ажар. Сен ше?

Айдар. Қаш, мен бөгеймін жауды! Ажар. Сен өлсең, маған тірлік не дәрі? Айдар. Күнім ай! — деп Ажардың атына қарғып мініп, тебіне жөнеледі.

Ерден, Нарымбет жігіттерін ерте, атқылай қуады. Нарымбет алға түсе бере атын тоқтатып, шыр айналған ат үстінен көздеместен атып қалады. Алдына бір қарап, екілене айғайлап тағы ұмтылады.

Ажардың аты да өліп жатыр. Айдар Ажарды көтеріп алады. Нарымбет бастаған барлық топ қаптай кетеді. Аттан ырғи берісе Айдарды ұстайды. Нарымбет Ажарға төніп қалшылдап:

— Ер әруағын қорладың ба? Қаралы қатын емес, қара жыланбедің?

Ажаp. Қаралы жылын күткемін. Сенің айтар кінәң жоқ...

Нарымбет. Арсыз! Атадан азған! (Қамшы сермейді.) Іні өлсе, келін мұра, әмеңгерің мен! Ата жолын аттап көр. Мынау бұралқы ма сені аздырып алатын?!

Ажар. Азып тигем жоқ, таңдап тидім, өле қал! Нарымбет (сұмдық көріп). Әруақ! Қайдасың, әруақ! (Қамшымен тартып жібереді.)

Айдар қолы байлаулы болса да, ақыра ұмтылып, Нарымбетті қағып жығып, бас салады. Нарымбет жігіттері бұған жабыла түсіп, сабап жібереді.

Арғымақтай қара атқа мінген Ерден, Меске ақырып әмір етеді:

— Әкпел арқанды! Менің қолымнан, Ерден ауылынан қатын тартып алмақ па, шұнақ құл!

Нарымбет (есін зорға жиып). Қарақшы! Ағызармын қаныңды.

Ерден. Таң аттың құйрығына! (Ерден жігіттері арқан шұбатып aт құйрығына тағады. Сүйретіп өлтірмек.)

Мағауия, Тәкежан шауып келе жатыр... Соққыдан есі ауған Айдардың мойнына арқан тағылған. Ажарға да тағысады. Мағауия ұмтылып айғайлайды:

— Тоқтат! Араша! Айт айыбын. (Арқанға жабысады.)

Мес. Білмейсің ғой айыбын. Бәрің де бір ұядан. Жөнел. (Шетке қағады.)

Мағауия. Мен бермеймін Айдарды. Өлтіртпеймін.

Ерден. Доғар! Кіріспе менің ісіме!

Мағауия. Тәкежан аға! Әмір сенде. Өлтіртпе мынаны.

Ерден. Уа, Тәкежан. Береке бересің бе үй ішіме, жоқ па? Інің Абай жауымды сақтайды. Мынау немең қолыма жармаса ма?

Тағы бір топ атты шауып келеді. Арасында Шәріп, Көкпай.

Шәріп. Ақсақал, Ереке! Қолда көз жоқ, жолдан азасың ба?

Ерден. Сөйлеме, Шәріп! Бұның бәрі данышпан, жеткізгенің мынау ғой. Ұстазың — Абай. Тоқта жетермін тегіс түбіңе!

Шәріп. Ашу тілі жұдырық, ақыл тілі сөз емес пе еді?

Ерден. Ақылыңмен қоса қағармын қара жерге.

Нарымбет. Болысқаның кім сендердің? Қаңғыған бұралқы ма? Елі кім, тегі кім? Әр ауылдың шетіндегі қоңсы ма? Қайдан шықты бұл? Кім шақырды әрекеге?

Ерден. Қаңғырған қайыршы Айдар әруағымды ісімен де, сөзімен де қор етпеді ме? Тілегені немене бұл бүліктің? Осының туысы емес пе, тімтініп жер тілеп жүрген. Жер бер бұған, жол бер бұған. Қойныңдағы қатыныңды бер. Жырын тыңда.

Қайран сөзім қор болды

Тобықтының езіне! —

десіп...

Мағауия. Ол бұның сөзі емес...

Ерден. Енді кімдікі?

Мағауия. Оны айтқан менің әкем. Ол — Абай сөзі.

Ерден. Ә-ә, тағы Абай ма? Жазатын Абай, жырлайтын Айдар, тыңдайтын біз ғой! Бар даланы басып барасың өрттей...

Нарымбет. Сорлы заман! Әруақ! Айналайын әруақ, қайдасың? Жой мынаны. Тәкежан-ай, сөзіңді... Өлтірт мына қарабеттерді.

Ажар. Қанға қарайсаң мені өлтір. Айыбы жоқ Айдардың!

Шәріп (Ажарға). Үндеме, сен әйел! (Тәкежанға.) Айыпты болса биге сал!

Тәкежан. Тоқтат! Бұлардың билігі айтылған. Кеңгірбай айтқан. Ұлықтан кәр кетсе, елден ар кетеді. Азбаймын ата жолынан. Бердім, Ерден, қолыңа.

— Сен берсең де, мен бермеймін — деген Абай үні шығады. — Ара түсем!

(Көкпай Айдарға ұмтылып арқанды кесіп жібереді.)

Мес. Тиме арқанға!

Көкпай (арқанды лақтырып). Мә, арқаның қолқаңа кетсін!

(Абай аттан түсіп Айдарға келеді.)

Айдар (есін жия). Абай аға... асыл аға!..

Ерден. Неге келдің? Не тілейсің тағы да?

Абай. Әділет тілеймін... Бала мен бауырдан да қымбат маған Айдар.

Тәкежан. Не дедің сен? Осындай азғын қымбат па бізден?

Абай. Алмастың түймедейі түйедей тастан әбзәл. Ара түсем.

Нарымбет. Неткен қорлық... Қайдасың, әруақ!

Ерден. Ара түскен айыпкер үшін жауапкер... Оны ұмытқан жоқсың ғой сен?!

Абай. Білем жолды...

Ерден. Жауапты сенен алам ғой?

Абай. Менен...

Ерден. Мал-басыңмен жауаптысың ғой?

Абай. Басыммен де, малыммен де жауапкермін.

Ерден. Тәкежан... Жауапкер Абай болғанда, мен көндім билікке.

Тәкежан. Болсын солай.

Нарымбет. Билікке шейін айыптыларға кім ие?

Абай. Ажар өмірін сен сақтайсың, Ерден. (Басқаларға.) Сенушімеңдер? Айдарды би өкімі болған күні менің қолымнан аласыңдар. Ал, қазір босатыңдар.

(Мес Ерденге қиғаш қарай түсіп Айдар, Ажар мойнынан арқанды алады.)

Ерден (Нарымбетке). Мәз ғой. Бұғалықтан құтқарады дейді ғой. Мен сол бұғалықты дәл өз мойныңа арнадым...

Нарымбет. Осынысы өзі теріс те болмас... Ойға түсер ме екен әлгі ана бір құтырғаны...

Ажар (Айдарға ұмтылып). Айдар жаным! Жарға жықтым-ау сені...

Айдар. Күнім, қуанышым. Кеше көр.

Мес Ажарды қақпайлай жөнеледі. Ерден жігіттері кетеді. Абай тобы мен Айдар қалған.

Шәріп (кеткендерге қарап). Айдар-ай! Дұспанның да азулысын тауып бердің-ау Абайға бүгін!

Айдар. Абай аға, асықтық ажалдан да күшті екен... Қайта ажалыма ара түскен өзіңсің. Қалғанын да өзің шеш... Әкем бол да, өкім айт.

Абай (атына мініп жатып). Әкең болсам, осыншалық сыр жасырып жүргеніңе өкпелеймін. Билікке шейін үйден шықпайсың. Мен саған бармаймын.

Жайлаудың жақсы бір сәскесі. Көл беті айнадай жалтырайды. Көк шалғында әппақ боп отырған Абай ауылы. Қосыла шырқап, ән салып жатқан балалар үні естіледі.

Ауылды жағалап Шәріп келеді, қалың ойда. Долгополов үйінің жанынан өте береді. Баймағамбет пен Долгополов моладан тапқан заттарын қарасып отыр. Шәріп балалар жанынан өтеді. Бастығы молда боп ән жаттасып жатыр. Қарлығаш та сонда. Әні шырқай шығады. Молда Шәріпке жақындап, қалың кітап ұсынады.

Молда. Бар өнерімді салып ем. Талай көшірдім. Дәл осы көшірмеме екі қой бермекші. Иншалла, бұндай көркем мәшіх жазуын бұл өңір көрмеген болар. Өзіне көрсетші, не дер екен?

Шәріп кітапты алады. Молда балаларға қайтады. Шәріп тағы жүріп келеді. Еркежан үйі. Үлкен самаурын бусанып тұр. Бір қыз үрлей түседі. Еркежан есік алдынан қызға қарап тұр.

Шәріп. Абай ағам осында ма?

Еркежан. Жоқ, әлі ұран қайда. Тіпті үш самаурын суып қалды. Келсін деші. Осы, түн бойы ұйықтаған да жоқ па дейім.

Шәріп Абай үйіне кіреді. Аласа үстел жанында Абай отыр. Үй іргесі түрілген. Қағазға, ескі сағатқа, қауырсын қаламға, майы ағып сауыс боп тұрған шамға күн сәулесі түсіп тұр. Абай жазып отыр.

Шәріп. Абай аға!

Абай (жазып жатып). Тұра тұр... (Жазып болады.) Ал, сөйлеші.

Шәріп. Көңіл күпті, маза кетті ғой.

Абай (күлімсіреп). Сабыр, сабыр, шошытпа! Жауар бұлттай түнергені несі екен... Домбыраны әпер.

Шәріп (домбыраны әперіп). Қайран қалам, Абай аға. Бұ неткен сабыр! Жаулық өрттей лаулап тұр. "Абай бүлікті қостайды. Абай жолға қарсы. Абай елдің намысын ұмытты" дегелі тұрған жоқ па ертең?

Абай. Сабыр... одан да ананы тыңдашы. (Домбыраны ақырын тартып, алыстағы балалар әніне күй қосады. Ән – "Бойы бұлғаң...")

Шәріп. Сенің жоныңды жауға төседі, анау есуас.

Абай. А, бақыт көксеу есуастық па еді?

Шәріп. От болып өртеген бақыт болушы ма еді. Өлеңге өлшеу, сезімге шек бар емеспеді?

Абай. Олай емес. Одан да шексіз сезім өлшеулі өлеңге сыйсын десеңші. Сондай өлеңнің ғана үні өзге болмақ. Айдар құлағы сол үнді шалып жүрсе қайтесің, Шәріп?

Шәріп. Жаңыласыз ғой, Абай аға. Оның көргені де, шалғаны да шамалы. Оныкі тек жүгенсіз кеткен бассыздық. Жол-жора қатал болсын, надан болсын. Бірақ ел үшін ол парыз ғой. Қарсымызға халық шыға ма деп қорқам. Осыдан шошимын, Абай аға.

Абай. Сен шошыма, Шәріп. Халық шындыққа қарсы баспайды. Соқса, соқсын дауылы. Бәрінен де бықсып, бүксу жаман. Тостым түбін... Ерден Айдар руын, бар Борсақты кең сахараға сыйғызбай өзі тоздырып, бездіріп болып, енді солардың аштық-жалаңаштығын қорлайды. Бар жерін өзі тартып aп, Айдардың жер мекені жоқтығын айып етеді. Осыны аңғарсаңшы. Енді бұны өлтіргісі келеді, жазығы жалындап сүйген махаббаты ғана. Сорлы Айдар! Жауыңның жеміті-ай! Бірақ осы теріс емес. Надандық бізден қорқа бастаған. Долданғаны сондықтан. Билікке барды айтам. Естір құлақ қапсын да, сезінер жүрек жалын атсын. Тіпті, осыдан өзім де жасарғандаймын. Түнде бір өлең де жаздым. Тыңдашы:

Қызарып, сұрланып,

Дүпілдеп жүрегі.

Өзгеден ұрланып,

Өзді-өзі керегі.

Екі асық құмарлы,

Бір жолдан қайта алмай,

Жолықса, ол зарлы,

Сөз жөндеп айта алмай.

Қызыл тіл, жүйрік ой,

Сол күнде қайда едің?

Ғашыққа мойын қой,

Жеңілдің, жеңілдің...

Шәріп. Айдар, Ажарға арналған ба?..

Абай бас изейді де:

— Ал, Айдар өзі қалай? — дейді.

Шәріп. Қалай екенін қайтесіз соның қазір.

Абай. Осы неге түйіле бересің, Шәріп? Айдарды сен қашаннан жек көруші ең?

Шәріп. Бәсе, сондықтан қапа болам. (Абайға кітап ұсынып.) Мүрсейіт молла сізге көрсет деп еді.

Абай (ашып қарап). Менің өлеңімді неше рет көшірді екен осы? Көшіреді де таратады. Таратады да көшіреді. Нақыстап жазған жазуда "Кітаб ғақлия" — Ибраһим Құнанбай хажы мархұм ұғлынікі. Мәриямға мәңгілік жиһаз" — деп жазылған. (Абай Шәріпке таңдана қарайды.)

Шәріп. Несіне таңырқайсыз, Абай аға? Ұзатыларда жасау басы Абай кітабы болғанын қай қыз тілемейді? Тек бірақ Мәриям сіздің балаңызға бұйыра ма, жоқ па!

Абай. Неге үйдейсің? (Әбіштің суретін алып қарайды.) Әлде Петербургта бізге де, қалыңдығына да жат болып кетті деймісің Әбішті?

Шәріп. Жоқ, тек бірақ азғырған жақсы болса деп, Ажар үшін Нарымбеттер Мәриямды азғырып жүрмесе... Нарымбет құдаңыз емес, жауыңыз болған жоқ па кешеден бері.

Абай. Рас, рас... Әбіш пен Мәриям алдына о да бір сыбаға ғой.

Шәріп. Олар емес, бәрімізге де тың сыбаға сол болмаса.

Далада ит үріп, балалар шулайды... Абай соған құлақ салады. Ауылға салт атты әйел келеді. Қасында атқосшы жігіті бар. Қанжығада домбыра. Бұл ақын Зейнеп. Абай, Шәріп, Еркежандар Зейнепті қарсы алады.

Абай. Болар істің басына досы келер қасына. Ән туатын сәтіне ақын келер болар ма?

Зейнеп.

Ән туса, әсем туса болмай ма?

Ән тудырар ағасы.

Ән емес, зар жұтарман болғанда,

Сөзіне ынтық ел досы,

Санадан, сірә, солмай ма?

Сахараң сазыңды тосады,

Соныңды тыңдай келмеп пе ем.

Еркежан. Көрмегелі көп болды, Зейнеп. Бұнда не боп жатқанын білдің бе екен?

Зейнеп. Ия... Дүние деген дәрия жаңғырып ағып жатат та! Көкшетауда Ақан шырқайды, асқақ әнін әдейі әкелдім. Арқада Біржан сайрайды. Еміреніп ел тыңдайды. Саған деген ән сәлемі болсын деп домбырасын жіберді, Абай. (Абайға әдемі домбыра ұсынады.)

Абай. Әкелген сыйыңды асыл тұттым, Зейнеп. Әніңе, әсіресе, шөліркеп ем. Көңіл ашшы бір күндіз-түн.

Зейнеп. Әй, қорқам-ау, ән тыңдар мұршаң болса етті-ау. Өзгеде көрінеді ғой ойларың.

Шәріп. Зейнеп!

Зейнеп. Ал! Ертеңгі билік дегендерің! Бұ не өзі?

Еркежан. Зейнеп, жайланып, тыным алсаңшы!

Зейнеп. Қайда әлгі Айдар?

Еркежан. Ол үйден шықпайтын болған ғой. (Зейнеп үйге қарай жөнеледі. Абайлар артынан ереді.)

Абай. Оны қайтесің, Зейнеп?

Зейнеп. Сөйлесем. Сені сүйгені шын болса, тыйылсын тез.

Абай. Heгe?

Зейнеп. Керегі жоқ биліктің, сергелдеңсіз де Абай мен Айдардың міндеті аз емес. Ел күткені бұл емес. Сен не қарап жүрсің, Шәріп.

Шәріп. Болмайды ғой, Зейнеп-ау! Билікті біз тілегеніміз жоқ па?

Зейнеп. О нес? Неге?

Абай. Билік керек, билікті біз жеңбек керек.

Зейнеп. Жеңе алмасаң қайтесің? (Абай күліп қана алақанын жаяды.)

Зейнеп. Күлесің-ау, Абай. Ертең дұспаның күлсе кәйтеміз.

Айдар үйіне тоқтайды. Ол үйдің жанында Көкпай, Қарлығаш бір-біріне сүйесініп отыр. Қарлығаш үй ішіндегі ақын сөздерін тыңдайды... Бірде сыбыр, бірде құлшынған, тасқынған сөз, бұны шошытқандай.

Көкпай. Өй, неден үріктің, Қарлығаш?

Қарлығаш. Жынданбаса игі еді! Естимісің? Сорлы Айдар.

Көкпай. Уа, қойшы. Жындану деген оңай ғой деппең қарап тұрып.

Қарлығаш. Иә... ол сен ғой деппең... Жалын да жоқ, сапар да жоқ! Ол от емес пе?

Көкпай. Е-е, от та сол... жын да сол... Қарқ қыпсың ендеше оны да... (Айдарды тыңдап отырып арт жақтарынан кеп тұрған Зейнеп, Абай, Шәріпті көрмейді. Кейінірек байқап сырғып кетіседі.)

Үйден Айдар дауысы келеді. Үй ішінде Айдар. Омырауы ашық, шашы ұйпаланған. Анық шабыт үстінде. Өз өлеңін әр түрлі үнмен оқып отыр. Асыға, жазып қояды. Аралықта қымыз жұтады. Көрер көзге кәзіргі мінезі жат сияқты. Үйге Зейнеп кіреді.

Зейнеп. Бұ не? Неғып арпалысып отырсың, шырағым? Әлде... жын иектеп отыр ма?

Айдар (қуана таңданып). Зейнеп aпa!

Зейнеп. Әлде күнәңа мойындап тәуба қып отырмысың?

Айдар. Тәуба емес, апа, жазып отырмын.

Зейнеп. Е, сүйтіп жазғанда бақырады екен ғой.

Айдаp. Е, менің даусым шықты ма?

Зейнеп. Бақсыдай сарнадың! Есіңді алып бопты ғой өзі асықтық.

Айдар. Ажарды көрдің бе өзің?

Зейнеп. Жоқ, көргім де келмейді.

Айдар. Ендеше, құлақ сал:

Мамықтай әппақ еті қар секілді,

Көргенге онсыз дүние тар секілді.

Нәркес көз наз білдірсе, бір өзінде

Жаныңның бір ұшығы бар секілді...

Ажар деймісің? Жоқ бұл Ажар да, Ажар емес те.

Зейнеп. Ажар... Ажар емес... Өзіңді шынымен шалып кеткен бе, немене?

— Ойбай бұл Еңлік. "Еңлік—Кебек" дастаны.

— Тыңда... Тағы тыңда.

Жас мұңын бар дүние тұрды мұңдап,

Сөйлесе жер күрсініп суыл қағып.

Изейді шөптер басын шын-шын-шындап.

Қабан би қатал билік айтып берген,

Мергенге ат деп әмір берісті ымдап.

Сұр жебе, қозы жауырын ұшты зырлап,

Жүректен өмір отын әкетті ұрлап.

"Қош, жарым" дерлік сөзге үні жетті,

Еңліктің қансыз ерні құр қыбырлап.

Құлады құшқан бойда Кебек жарын,

Соңғы сөз, ынтық сөзі шықты жалын.

"Өлмейді, мың өлтірсең асық арман,

Деп қана, — лағнет, – деді, – дүние залым".

Зейнеп. Ия... сонан соң... Аяғынан бастаған несі.

Айдар. Ертеңгі күн не боларым бұлдыр ғой. Тым құрыса соңын айтпай өлгім келмеді. (Зейнеп үндемей кеп, маңдайынан сүйеді. Абай қобалжыған жүзбен, кейін тайқып кетеді. Шәріп артынан жетіп.)

— "Еңлік—Кебек" пе? Маған жаз деп тапсырғаныңыз қане! Мен асықтықтан да астам тағдырды айтайын деп ем... Мынау өзінен бұрын өңін кетіріпті ғой.

Абай. Әй, білмеймін, Шәріп. Олай емес қой. Теңізден толқын атқан меруерттей, әсем жыр да толқыған жүректен шығады-ау. Несі бар, жарысып көр, – деп Айдардың үйін нұсқайды да, кетіп қалады. (Шәріп Абайдың соңынан қарап тұрып, құлағының мақтасын түзейді. Жанынан әппақ атқа мінген келбетті қарт өте береді. Шәріп иіліп сәлем береді. Бұл қарт Сырттан.)

Абай үйі. Дастархан жанында Абай мен Сырттан.

Сырттан. Кіріспеске кірісер болдым, баспас жолға басам да... Ағайын асылып отыр, ара би бол деді.

Абай. Ол біздің де тілегіміз, ақсақал.

Сырттан. Басыңа бұлт орала ма деймін, Абай, ақыл айта келдім.

Абай. Айтыңыз, ақсақал.

Сырттан. Аулақ болшы Айдардан.

Абай. Ақсақал ұядан алып өсірген бала сұңқарыңды иттер талап жатса, қорғамай қайтіп тұрар ең?

Сырттан. Мен саған, бұрын айтылмаған сөзді айтам.

Абай. Айтыңыз.

Сырттан. Мен саған атаның ұлы деп, рулы ел атынан айтамын.

Абай. Айтыңыз.

Сырттан. Құнанбайдың баласы, Кеңгірбайдың ұрпағы, қайда бара жатқаныңды аңғарамысың осы сен?

Абай. Мен ар мен адамшылық қарызына ғана бағынам, ақсақал.

Сырттан. Нелер ықылым заманнан бері ата жолы — ел жолы болған. Соны сақтау маған да, саған да қарыз емес пе еді. Неден, қайтіп қарсы тұрмақпыз... Біз кім едік соншалық?

Абай. Бөрінің жолы бөлтірікке ғана аумас жол, ақсақал. Адам нәсілі жолды өзі тудырып, өзі жаңғыртып та отырмақ. Адамзаттың айуаннан өзге сыры да сол.

Сырттан. Солай деппеді дуалы бабаң Кеңгірбай. Жолым жол, нәсіліме қарыз демеп пе еді? Атадан азған адам ба еді әуелі?

Абай. Кеңгірбай жолы деп біреудің бағын байлаймыз.

Кеңгірбай жолы деп біреудің жанын жәбірлейміз. Не қалды осы Кеңгірбай жолы деп тағы жоймаған? Айтыңызшы, ақсақал, не қалды?

Сырттан. Жеттім, жетер жеріме. Билік байлау тоқтатпаса, байсал табар түрің жоқ. Ендеше, даугеріңді айт.

Абай. Даугер менің өзім.

Сырттан. Жоқ. Сен даугер бола алмайсың. (Абай таң қалады. Бұл күтпеген соққысы.) Бас кеспек болса да тіл кеспек бармеді?

Сырттан. Сен даугер бола алмайсың. Жауапкермін дегенің қане? Қайтіп би боласың? (Абай ойланып қалады.)

Сырттан. Атайтын кісің кім сүйтіп, Абай? (Абай Әбіштің суретіне қарап ойланып отыр.)

Сырттан. Жауабың қашан, Абай?

Бұл кезде Шәріп Ажармен сөйлесіп отыр. Нарымбет екеуі бір келген.

Шәріп. Білемін, оңай емес, Ажар. Бірақ сүйгені үшін адам қай күйікке шыдамайды. Айдарды мен сүймей ме екем? Ендеше, соның тірлігі үшін, оның басын дертке қи. Аулақ бол Айдардан.

Нарымбет. Сүйт... Жол қайтіп жол болсын. Ел қайтіп ел болсын. Үйіріңді қайта тап, өзіме кел. Айыбыңды бетіңе салық етпесіме мына Шәріп куә болсын. Абайдың досы да, жан күйер жақыны да Шәріп еді. Не деп отыр осы, а? Әруақ, құдай ырза болсын. (Ажар үнсіз. Мыналар сөзін есітпеген кісідей.)

Нарымбет. Абайдың мен де досымын. Менің қарындасым Мәриям оның баласы Әбіштің қалыңдығы емес пе? Енді мына бүлік олар арасын сау қоя ма? Арамызға op қазып отырған жоқпысың мынау ісіңмен, Ажар.

Шәріп. Қоя тұр, Нарымбет. Тамыры жоқ қара тас емес, адам ғой, Ажар, ойлар айнам да жақынын.

— Менің тек өлгенім ақыл да! — деп Ажар ақырын үн қатты.

— Ажар безбейді Айдардан. Әбіштен мен де кетпеймін, — деп Мәриям сыбырлайды. Қасында Қарлығаш. Екеуі көл жағасында отыр. Жел білініп, молда Мүрсейіт көшірген белгілі кітаптың қағазын аударады.

Қарлығаш. Тағы бір жыл келмесе қайтесің Петербордан?

Мағыш. Тағы бір жыл тосамын.

Қарлығаш. Екі жыл келмесе ше?

Мағыш. Екі жыл тосамын.

Қарлығаш. Ал ағаң біздің ауылға бермеймін десе қайттің? Ол жауласып отыр ғой.

Мағыш. Онда мен де Ажарша қашып кетемін. Кәні, ақылшым да жұбанышым еді. Не айтар екен Абай ағам. (Кітапты ашады).

Ғашықтың тілі — тілсіз тіл,

Сыртын көр де ішін біл.

Сүйісер жастар қата етпес,

Мейлің илан, мейлің күл. (Қайта жабады.)

Ажарға осы өлеңнің бәрін Айдар жырлап берген еді. Мен өзім жаттап алам бәрін де.

Қарлығаш. Тоқта!

Қыздар жым-жырт бола қалады. Бұларды байқамай Шәріп пен Нарымбет түйіліп өтіп бара жатады. Ерден үйінің жанында бұларды Мес құрметтеп қарсы алып, есікті ашып үйге кіргізеді.

...Ажар отырған үйде, қайыстай қатқан қара кемпір қарғана сөйлеп отыр:

— Ат құйрығына тағып өлтірер ме екен. Қара жартас басынан лақтырып өлтірер ме екен. Жеттің ғой, бейбақ, жетеріңе! — дейді.

Ажар оны елемей, тыстан сыбдыр естіді. Үйдің жабығы түріліп, Қарлығаш, Мағыш көрінеді.

Ажаp. Мағыш, күнім! — деп, Қарлығашқа таңдана қарап:

— Мынау бала кім?

Мағыш. Қарлығаш қой.

Ажар ентелей түсіп:

— Айдар не күйде? — дейді.

Қарлығаш. Не күйде болсын! Ес-түс жоқ...

Ажap. He дейсің?

Қapлығаш. Жоға, есі дұрыс. Тек сарнап өлең айтады ағыл-тегіл. (Ажар күлімсірейді. Мағыш артына жалтақтап Абайдың кітабын ұсынады.)

Ажаp. Бұ не?

Мағыш. Абай ағам кітабы. Жаныңа сая болар сөз табарсың! Ала ғой.

Ажар. Қуатым, күнім. Ағаң жаңа маған Әбіш пен Мағыштың арасына ор қаздың деді. Күнәмді кешермісің, жаным. (Мағыш үндемей кеп, Ажардың бетінен сүйеді.)

...Ерденнің қалың жасаулы үйінде Ерден, Шәріп, Әзімхан, Нарымбеттер отыр. Алдында қайқайма бір табақ ет. Ерден әсем шапан киген. Әзімхан жалтыраған шенеунік киімінде. Мес пен үнсіз жігіттер қызмет, құрмет етіп жүр.

Ерден. Билікте Абай сөйлемейді деген сыбыс бар.

Шәріп. Ол бос сыбыс.

Ерден. Бос емес. Жауапкер би бола алмайды. Сол үшін осы сен өзің шықпас па екенсің?

Әзімхан. Ол жақсы болар еді-ау, Шәріп. Сенің атың Абай атымен бірге аталады ғой.

Шәріп. Мен әрдайым Абаймен бірге адаммын.

Әзімхан. Бүгін Абай халыққа қарсы шыққанда да біргемісің?

Шәріп. Сен Абайды халықтан, халықты Абайдан бөліп қайтесің осы?

Әзімхан. Ал халықты бастаған қауымнан кетсе, Абайдың халықпен болғаны қайсы? Бүгін Абай қасында қалғанның бәрі үлкен қатерде. Сіздің ауылда Долгополов жүр. Губернатор ол жүрісті ойын деп отырған жоқ.

Ерден. Шәріп, сен мұнда бір сәтімен келген екенсің.

Шәріп. Ерден аға, мен келгенде, анау Ажарды сөзге салайын деп келіп ем.

Ерден. Өй, тәңір-ай, сол бір есуас қатында тұрған дүние бар ма. Алысқанда ел атаның жолы деп алысып отырған жоқ па? Жөнін айтшы, Шәріп, осы мына шапан менікі ме еді?!

Шәріп. Сенікі, Ерден аға.

Ерден. Мынау қоныс — Қатын қазған менікі ме еді?

Шәріп. Сенікі.

Ерден. Жә, тіпті, осынау сақал менікі ме еді?

Шәріп. Е, сенікі.

Ерден. Жоқ, Шәріп, шапан да, қоныс та, сақал да менікі емес болатын. Адам дүниеге жалаңаш келеді. Бұның бәрін менікі еткен не? Жас өспек, туған өлмек еді ғой, сондай айнымас, аумас жол мен заң менікі етті. Сонымен, мезгіл өсірсе де мына сақал менікі. Бұқарада тоқылса да мына шапан менікі. Әлдеқандай бір кемпір қазыпты дейді, сонда да мына құдық Бопай қазған менікі. Ел заңы деген де осы. Қай күшіме қарсы келмек Абай? Бүгін Айдарды ақтағанда, ертең қатынды – қожа, құлды — би, баланы — баба дегізбек пе? Қайда қаңғытып барады енді?

Шәріп. Абай жыры көп жәйді толғайды... Сіздер бір-ақ жағын бағасыз ғой.

Ерден. Абай жыры у боп барады. Мені жеңбес. Бірақ нәсілімнің сүйегіне сіңетін у боп барады. Ұлдың ұлын, қыздың қызын аздырып, құртар у боп барады. Әкеден ажыратар әлек келеді еліме. Сенің әкеңді мен білуші ем, Шәріп. Оның қасиетті аты әлі күнге Мекеде мәлім. Жиренішпен безінер әке ме еді сенің әкең? Жолмеді саған Абай жолы?

Әзімхан. Сен әлі де сол атаның адал ұлысың ғой. Әлі де қағбаң ауысқан жоқ. Білем ғой, тұр ғой орнында.

Ерден. Біз өзге емес, саған сенеміз.

Шәріп. Мен еш уақытта Абайға қарсы баспаймын.

Әзімхан. Қарсы басып не қыласың? Қатар жүр. Тек ізін баспа! Қанжығасына басыңды байлап, орға бірге түспек пе ең? Өз абыройым аз, өз қанатым өспеді деп жүр ме ең әлі күн?

Ерден. Абай емес, ата жолымен ел көшін бастаған сен ғана деп білемін. Тек толған да таңдай бер. Қазір жауап бермей-ақ қой. Билікте бәрін аңғарам.

* * *

Долгополовтың үйінде Абай, Долгополов, Баймағамбет. Үйде кілем, сырмақпен қатар биік стол, орындықтар бар. Дәрі-дәрмек шынылары, әр алуан аспап. Мезгіл түн. Лампы жанып тұр. Долгополов трубкасын түтетіп отыр. Баймағамбет бас сүйектерге белгілі қағаздар жапсырады. Абай биік столға бір топ кітап, қолжазбалар әкеп қояды.

Абай. Мынау сіздің кітаптарыңыз еді. (Қарастырып жатып.) Дарвин, Дрепер. "Географический вестник". Мынау әлгі Чернышевскийдің қолжазбасы. Жә сізде де осындай кітап, қағаздар бар ғой. Бәрін бір араға жаяйықшы.

Долгополов. Немене, сақтау қажет болды ма, Ибрагим Құнанбаевич?

Абай. Жияйықта, бәрін мына Бәкеңе берейік. Тайдыра тұрсын.

Баймағамбет. Жиыңдар, әпкеліңдер. Әзімхан түгіл әкесі келсін, көріп алайын.

(Долгополов, Абай, Баймағамбет үшеуі қағаз, кітаптарды қоржынға салып жатады.)

Долгополов. Сезік етер белгі бар ма?

Абай. Мені қуған сізге қызықпай, сізді қуған маған қызықпай тұра ма, Федор Иванович.

Долгополов. Ендеше, қауіп бар ғой?

Абай. Қауіп болмаса, сақтық болсын. Сол сақтық ретінде, күн ілгері бір-екі өтініш айтайын, Федор Иванович. Мезгіл өтер, кезек жетер де, жақсы жағаға менен бұрын сіз жетерсіз. Алдыңызда Петербург, әлде Толстой, Салтыков-Щедрин кездесер де. Өтінішім, осы бір қағаздарға ие болыңыз. Мына біреу менің Географ, обществоға арнап жазғаным еді. "Қазақтың қайдан шыққаны туралы біраз сөз". Мыналар: Пушкин, Лермонтов, Крыловтардан аударған өлеңдер. Әлде Потанинге, достарыңызға көрсетерсіз?

Долгополов. Ибрагим Құнанбаевич, сіз осы қоштасқандайсыз ба, бұныңыз қалай осы? Әлде ертеңгі сот...

Баймағамбет (жұмыстан қол үзбей әндеткендей). Е-е... Нидерланд деген жұртта Лейдің деген шаһарда инквизиция деген сот бопты-ау.

Долгополов (жымиып). Шын-ақ инквизиция. Тек сол инквизиция шынымен сізге қас ете ме? Әй, бірақ несі таң? Пушкин дуэльде өлген. Лермонтов дуэльде өлгені кәне! Чернышевский қара ағашқа таңылған. Шевченко болса айдауда, осы маңда сорлаған. Сіздің қауымыңыз, тіпті, осал емес екен-ау, Ибрагим Құнанбаевич.

Абай. Ия... мынау Михаэлис пен сіздің хаттарыңыз, достарым... Бәрі де сақталсын. Көп көмекті осылардан да алып ем, асыл досым. Е, бұ не, сіздің трубкеңіз неғып бықсып кетті осы, Федор Иваныч. Әлде инквизиция деген бірдеңе бар екен деп "тоғызқұмалақ" ойнамай ма екенбіз! Келіңіз! Абай тоғызқұмалақты жәйіп, тастарын шапшаң тарата бастап:

— Сіз доктор болыңыз, Федор Иванович! Сөзімді ақынға қалдырыңыз, қайтесіз! Кәні, көшіңіз.

Баймағамбет оқыс бір әңгіме бастап:

— Осы бес саусақ қазір неге бірдей емес? Басында бұлар бірдей екен. Құдай адамды жаратқан күні: саған арнап бақ жараттым, бірақ ол басыңа келгенде осы бес саусағың арқылы келеді депті. Сүйтіп, адам бақты алуға қол созғанда, бес саусақтан береке кетіпті... Шынашақ: Өзіме келмей, басқаға келетін баққа мен бармаймын, — депті. Құдай оны сол арада шолтитыпты... Аты жоқ қол: — Мен әрі-сәрімін, — депті. Оны да қысқартыпты. Сұқ қол: — Мен нұсқайын, бірақ өзім бармайын, — депті. Оны да кемітіпті. Бас бармақ: — Қайрат көбі менде болса да, әреке сендерде екен, мен де бармаймын, — деп ол да қысқарыпты. Тек жалғыз ортан қол: — Кімге келсе де, бақ келсе екен, — деп ұмтылған екен. Ол ұзын күйінде қалыпты... Міні, содан бері саусақ түрлері мынау, ал бақ әлі созылып әлі күнге адамзатқа жете алмай келеді дейді...

Долгополов (қатты қызығып күліп). Бәке, тамаша екен, жазып алайыншы.

Абай. Кейін жазыңыз, Долгополов, көшіңіз. (Абай мен Долгополов ойнап отыр.)

Долгополов. Шын тамаша (деп күліп, трубка түтетіп, бас бармақты көрсетіп). Мынаған қараңыз. Өзі балғын, өзі дембел, қайратта өзінде. Саусақтар арасындағы Борсағы дерсің. Бұнсыз не істеп, не ұстайсыз. Ал бар саусақты қосып, мынамен бастырсаң — оның аты берекелі жұдырық болады. Жұдырық ет те сілтей соқ. Халық та сол ғой. Берекесі болса — қуат та, алып та өзі. Басқа оралар бақ та өзінде. Тек қана мына (бас бармағын көрсетіп) бар дүние Борсақтары есесіз, теңсіз қосылсын. Әйтпесе (бас бармағын өзге саусақтарымен басып тұрып) былай жатса, бұның аты жұдырық па, дәрменсіздік қой. Тек еркін болсын. Іске де, еңбекке де, ой, сезімге де... махаббат, мұратқа да еркін беттесін. Адам сорлының арманы сол, алысқаннан тосқаны сол емес пе? Ертең, сойқан төбе басында сіз сөйлейтін адамдық сөзін кім есітпес екен, Ибрагим Құнанбаевич. Талай қиыр қиянға жетеді. Шәк қылмаңыз, жететінін серт етейін. Көп ғазапты шегіп жатқан көп өлкелі Ресейге түгел жетеді. Одан да ары, адам үнін ұғарлық адамзат бар жердің бәріне кетеді...

Абай (ойлана күліп). Тек бірақ, ертең мен билікке кіріспейтін болдым ғой — деп, достары күтпеген жәйді оқыс айтып: — ата салты бойынша жауапкер даугер болмайды ғой.

Долгополов. Ах, осылай ма еді? — деп дал болады. — Енді қайттік.

Жел білінеді. Лампының оты шалқиды. Баймағамбет қолымен қалқалайды. Есікке қарасады. Шәріп кіреді.

— Мені сіз шақырттыңыз ба, Абай аға?

Абай Шәріпті нұсқап:

— Біздің даугер биіміз міні! — дейді.

— Мен бе?

— Сен!

* * *

Майдантөбе — билік майданы. Қалың ел бұлт төбенің бетіне өрлей құлдай отырған. Жұрт неше алуан. Ерттеулі, өрелі аттар бір қос жылқыдай, қаптай жәйіліп жүр. Халық тойға киінгендей, бірақ жұрттың түсі түйілген. Көп ішінде жұпыны киім, жыртық шекпендер де бар. Мінгесіп-ұшқасып, түйе мініп келгендер де болған. Бұл келген, көбінесе, Айдардың туыстары — Борсақтар. Тегіс күнге күйген, беттері ажымданған, ерні кезерген, еңбек езген жандар. Көздерінде күдік, қауіп сезіледі. Олар Баймағамбетті қоршай отырысыпты. Алдарында қарт Дәулет, жас Ораз сияқтылар бар.

Сәнді шапан киген Ерден мен өзгеше әсем киінген Шәріп екеуі Сырттан бидің ақ көк атын жетектеңкіреп дәл төбенің басына әкеледі. Ат үстінен зор салмақпен отырған Сырттан әппақ киім киген. Өңшең мақпал қара атқа мінген он шақты жігіт артын қоршай кеп тұр. — Би келеді! Би келеді! — деген үндер шығады. Ел жапырлай тұрып, қарасып қалады.

Топтың ішін аралап, еркек киім киген Қарлығаш келеді. Іздегені Көкпай.

Абайда қобалжу бар, бірақ сақ, жинақы отыр. Сырттанды аттан түсіріседі. Халық қайта орнығады. Көкпай қасына Қарлығаш отырып жатыр.

Қарлығаш (кәрінің үнін салып). Қағыл былай, балам.

Көкпай (танып). Өй, сарамас, сені кім шақырды?

Қарлығаш (асыға сыбырлап). Үндеме! Долгополов келе алмайды. Еркежан апам да, Зейнеп апам да сондай. Солардың бәрі үшін мен өзім.

Көкпай. Бұндай билікке кірген тұңғыш қыз боларсың.

Қарлығаш. Ал сен осыны білсең де, жасыратын тұңғыш еркек боларсың. (Насыбай атып, Көкпайға шақшасын ұсынады.)

Көкпай (сүйсініп). Әй, сарамас! — дейді. (Халық дабыры басылып, тына қалысты.)

Сырттан. Ей, ағайынды қарындас. Күн райы бұзылды. Қарға тамырлы қарындас ең. Кер кезеңде керісіп тұрғаның мынау. Не тығырыққа қамалдық. Кесір насырға шапсын ба? Қисайта қылыш сермерсің, кессең өз қоңыңды кесерсің. Алдыңды тостым, ағайын. Барар бетің немене?

Қарлығаш. Кімге болысты? Не деді?

Көкпай. Екі жаққа бірдей сөз тастап отыр.

Сырттан. Сөз иесі кім? Сөйлеңдер! (Ерден тұрып, қамшысын бидің алдына салады.)

Қарлығаш. О несі? Қамшысын тастағаны?

Көкпай. Сөйлеймін дегені, тыныш отыр!

Ерден. Екеуі жұлысса өз пәлесі, көп жұлысса ел пәлесі. Заман азды деймісің? Жоқ, заман азған жоқ. Заң тозды деймісің? Жоқ. Тозған жоқ. Балаңның аты — бала, бөрінің күшігі емес. Қатынның аты — қатын, қаншық емес. Ел азды деймісің. Жоқ, азған жоқ. Атам — қазақ, ұраным— Тобықты. Бірақ бүгін қолымдағы жесірімді алатын, ертең қойнымдағы қатынымды алмақ. Бүгін қаралы күйімді қорлаған, ертең бабамның моласын өртер. Ендеше, жойылсын көзі екі сұмырайдың, елім ел болсын. Ит өлімімен өлсін. Жауыздық жазасы қандай екен — ұл-қызым көзі көрсін.

Шәріп тұрып қамшысын жерге салады.

— Менің де атам қазақ. Менің де ұраным Тобықты. Әділ айтты асыл би, заман азған жоқ. Бірақ заманның да күн мен түні бар. Бәйшешек атқан сәуірі, сықырлаған қарлы суық қаңтары бар. Бар кәрі бір ұқсас, ол — аязды қаңтар. Бар жас бір ұқсас, ол — сәуірдің таң шапағы. Қабысармысың, ұғысармысың! Жас дәуреннің шамшырағы махаббат дегенді есітіппең, ия ұмыттың ба, Ерден аға? Ұя бұзды дерсің, рас шығар. Заңнан аттады дерсің, таласым жоқ. Бірақ кім еді солай еткен? Айдар ғой! Рас! Бірақ Айдар ел Айдары емес пе еді. Ақындық Айдары деп Абай атамап па еді? Қайтіп буындырасың бұлбұлыңды. Қайтіп жырды жоясың! Қайтіп қиясың Айдарды. Ол ақын, ақындық жалын емес пе еді? Айдарды асықтық жеңген, асықтық албырт. Албырттық істетті. Жазаға қайтіп қиясың Айдарды!

Ерден. Айтар сөзің албырт екен! Албыртса болды айып жоқ қой. Адам түгіл айуан артын ойлаушы еді. Керек десе мысық та қорыққанда өзге мысық таламасын деп адамға қара тартушы еді. Сенің Айдарыңда, тіпті, мысық құрлы да ес болмағаны ғой... солай ма! (Жұрт ду күледі.)

Шәріп. Қайран, ақсақал-ай! Ұмытқан дүниеңізді қозғап қайтуші едіңіз. Болмаса, сүйіскен жастың жүрегінде не бар, басында не қалды соны аңғарар едіңіз-ау! Жалғыз-ақ, зәуі -сайтан ескі күн еске түсіп, өш мысықтан өзіңіз қысылар болсаңыз, маған кел дер ем. Мен сізді қорғар едім. (Тағы да дуылдаған күлкі шығады.)

Қарлығаш (желігіп). Сондай алжыған, кәрі мысық кімге дәрі?..

Көкпай. Өй, құтырып кеттің бе?

Шәріп. Сүйіскен жастың жүрегінде не бар, басында не қалды, оны сіз аңғармайсыз.

Ерден (кие жөнеліп). Бұндағы дау асықтық дауы емес, жолдан шыққан бұзықтық дауы. Айдардың араздық басы болғанын, заңнан аттағанын, қастық еткенін сен өзің де айттың. Айдар туралы не талас қалды?

Шәріп. Жоқ, біз сол үшін таласамыз. Дау Тобықтының намысы жөнінде. Түбіне қорғалаған торғайды тұрымтайға тұсап берген бұтаны қарғаса болмас па еді? Айдар бар туысымен біздің панамызды сұрай келмеп пе еді. Қуғын-сүргінде жүргенде соған пана болған кім еді — Абай еді. Айдардың Абайдан пана тілегені сізден де, менен де, тұтас Тобықтыдан да тілегені емес пе еді? Сіз Айдарды ғана өлтіртесіз бе? Жоқ, онымен бірге Тобықтының да елдік сағын сындырып, абыройын, қасиетін жоясыз.

Ерден. Ел намысын жоқтайтын сен емессің. Ата-бабам жолы жоқтайды. Жол нұсқаған асылдың асылы, ел серкесі Кеңгірбайды. Еңлік пен Кебек бүгінгідей ел бүлдіргенде не қып еді қабілетті Қабекең? Өз қолымен өлтіртіп, өлексесін ит жемі қып еді. Солай шешкен елім, жұртым — Тобықты. Айдар — ақын айдары, ел бұлбұлы деймісің... Жоқ. Айдарың сенің жұрттан безген көкбөрі. Бөріні бөрі ұлып табады. Соның ұлыған пәлесіне үн қосқан кім? Ол — Абай!

Шәріп (киіп кетіп). Көңілі бітеу, көзі көр несін медеу етеді? Сен не білуші ең Абай жөнінен?

Ерден. Тоқтат, Шәріп! Тобықтының шіріген жұмыртқасының бірі сенсің ендеше! Әттең киелі бабам Кеңгірбай күні болса, үйелменіңмен сендерді өртер еді-ау! Бауырыңа алған бөріңмен қоса бәрің өртен дер еді-ау! Қарғыс атқан өсиетіңмен өртер еді. Не бетіңмен биім боп отырсың? Би емессің, сен де Айдардай бүліктің бірісің. Сен де ел ортасына әлек отын тастап отырған анау Абайдай айыпкерсің. Мен айыпты сенен, Абайдан, барлық бүлік ұяңнан алам ендеше... (Қалың ел дабырлап, қыза бастайды. Сырттан жұртты тыныштандырып.)

— Сөйле! — дейді. (Шәріпте үн жоқ.)

Дәулет. Өлтіреді-ау мыналар, Бәке... сор қамаған Айдар-ай!

Ораз (қанын ішіне тартып). Көрермін, көрермін бұл Ерденді.

Баймағамбет. Үндеме, сабыр! Құр қарғысқа торғай да өлмейді.

Сырттан. Сөйле! (Шәріп үндемейді.)

Қарлығаш (сыбырлап). Шәріп! Ойбай, Шәріп! Оңбай кетейін, өлген бе дейім өзі...

Көкпай. Сөйлесеңші, Шәріп-ау!

Қарлығаш. Ойланып отыра ма әлде?

Көкпай. Не білесің сен? Сырттан үш қайырғанша үн шықпаса, Ерденнің жеңгені емес пе? (Қарлығаш қатты шошынады.)

Сырттан. Уа, сөйле! (Үн жоқ. Сырттан таяғын көтереді. Енді түсірер тәрізді. Абай үні шығады.)

Абай. Ей, қария! Осы бір тойда екі жар бола ма? (Халық даурығып кетеді.)

Сырттан. Не демексің?

Абай. Бір жүгіністе екі бірдей дау бола ма дейім сізге?

Сырттан. Жоқ, болған емес!

Абай. Ендеше, тағы айтсаңыз екен, даугер би өзіне тең қарсы биді қай заманнан қаралайтын еді? Көпті көрген көнесіз, ақсақал, көргенің бар ма осыны? Осы да жол ма?

Сырттан. Жоқ, жол емес.

Абай. Олай болса, менің сөйлер кезегімді бер өзіме!

Ерден (ызалы). Сен жауапкерсің. Саған тиер сөз жоқ.

Абай. Е, сен Шәріпті де жауапкер етпедің бе? Кім сөйлемек енді бізден? Жөніңді айт, ақсақал?

Халықтың қалың дырдуы арасында "билікті оңда", "билік бітті", "сөйлесін", "сөйлемесін Абай", "Әруақ!" дескен айғайлар келеді.

Қарлығаш. Сөйлесін Абай!

Көкпай. Ой, сарамас! (деп өзі айғайлап.) Сөйлесін Аб-а-ай!

Сырттан. Абай, орайың бар, сөйле!

Абай. Мен дәл осы биліктегі жалғаншы би жәйін айтам. Ей, Ерден! Сен мынау елге Кеңгірбай жолынан тайма дедің ғой! Болсын солай! Ал осы отырған елге сенің шайқұмарлығың ғой шетінен мәлім. Сол шәйді шәйтан асы деген Кеңгірбай емес пе еді. Ішкенге жиырма қамшы дүре соққызғаны қане. Сен болсаң шілде күні, шалқып отырған кезінде он самаурынды бір өзің сап қыласың. Ендеше, сол шілде күні өзіңе неше қамшы дүре соғылсын, өзің айтшы. (Күлкі.) Жасақты өлі әруақтан жимақсың, Ерден. Текке жимайсың, жалғанымды жасырам дейсің ғой. Ерден сендерге Еңлік пен Кебекті айтты, халайық. Тағы жалған айтты. Еңлік пен Кебекті өлтірген қатал билер емес, қалың ел, елдің өзі қатал еді демек Ерден сендерге. Бірақ сұраңдаршы қарт қарияңнан, солар екі жасқа қандай жасын төкті екен. Кеңгірбайды қалай қарғады екен. Әулие деген жоқ-ты. Халық ол биді Қабан деген. Осы сөз бекер еді деп айтшы бірің маған!

Үн жоқ. Тек бір ғана шал: — Жолыңды оңғарсын. Рас... осының бәрі рас, Абай!.. — дейді.

Абай. Би басыңмен жалған айттың сен, Ерден.

Ерден. Сенің күпірлігіңді кім білмеген! Атадан безгенді кім білмеуші еді? Олардың әруағын жер қылғаның былай тұрсын... Осында қаңғыбас орысың Долгополовпен моласын да қорлап жүрген жоқпысың сен. Аш көзіңді, Абай! Өлікте дәрмен болмағанмен, тіріде олар үшін алысар дәрмен бар. Не қалды? Тек қана атқа мініп, найза алып алысу ғана қалды сенімен!

Абай. Сен ат мініп, алыстан жау тауып, мен деп, Долгополов деп қайтесің. Сенің жауың жанында, өз бойыңда. Ол – сенің надандығың! Саған әлі күнге жер көк өгіздің мүйізінде тұр. Бірақ халық өткеннің де бар шындығын білуі керек. Ескі мола — сахараның ескі шежіресі, ғылым соны біртіндеп ашып оқымақ, танымақ. Бұны бөгер сен емессің, Ерден. Халық сенің де бар шыныңды білу керек, Ерден! Осы сенің қыстауың тұрған жердің аты қалай әуелі? (Ерден үндемейді, бірақ халық даурығып жапырылып сөйлейді. Әсіресе, Борсақ руының даусы қатты, ащы шығады.)

— Борсақ! Борсақ! Ол біздің ата қонысымыз еді!

Абай. Жә, осы бүгін ауылың отырған қоныстың аты қалай еді, Ерден?

Тағы да жаңағыдай боп халық шулап: — Бопай қазған. Бопай атты кемпір қазған құдық еді!..

Абай. Сол Бопай атты кемпір — дәл бүгін сен өлтірем деп отырған Айдардың әкесін тапқан шешесі емес пе еді? Жесір кемпір өз қолымен қазбап па еді?

Халық қадалып тыңдап қалған. Елдің түсі томсарулы. Кейбір көзде жас та бар. Абай даусы үдеп барады:

— Заң орнатпақ сенбісің? Жоқ, заңды бұзар сотқарсың сен, Ерден! Әділет тілеймін мен бұл биліктен. Өлінің арына, тірінің зарына бола әділет тілеймін. Азаттық тілеймін Айдар мен Ажар басына. Қара күштің зорлығын тый деп тілеймін. Өзіне қайырт жер Борсақты ел Борсаққа. Ей, халайық, әділет тіле сен, сақтан нахақ қаннан!

Сырттан. Халыққа айтпай, биге айтар болар бар сөзді!

Абай. Мен барды айттым. Әмірін айтсын, ақсақал!

Сырттан. Айтыс бітті. Әпкеліңдер айыптыларды.

Ел дабырлап жатыр. — Намаз мезгілі!.. — деген Сырттан үні естіледі. Халық Сырттанға еріп намаз оқиды.

...Екі жігіті бар Мес Абай ауылына шауып барады.

...Ерден ауылына Ажарға бола тағы бір үшеу жөнеп барады.

...Мес жігіттерімен жортып келеді.

...Ерден ауылы. Ажар ат үстінде. Жігіттер қоршап ап әкеткелі тұр. Ажар Мағышпен және басқа әйелдермен қоштасады.

Ажар (Мағышқа). Қош, қуанышым, қалқам! Өмірің бақыт, махаббатың шаттық болсын. Кітабыңа рахмет, Мағыш. Маған ол ылғи Айдарды айтып жатқандай болды.

Мағыш. Біз де артыңнан жетеміз. Алыстан болса да билігін естиміз.

...Абай ауылында, Айдар үйінің жанында Еркежан, Долгополов, Зейнеп, әйелдер, балалар тұр.

Мес пен жігіттер Айдарды үйден асықтырып ертіп шығады.

Айдар. Қош, Еркежан aпa! Қош, Зейнеп апатай!

Зейнеп. Қош, қозым... Есіңде тұт, Айдар, түн артынан күн де туатын... (Еркежан жылайды.)

Долгополов. Тез көрісейік, аман көрісейік, соған сендім.

Айдар атқа мінген. Жүрмекке бәрі әзір тұр. Осы кезде оқыстан иттер шулайды, қоңырау үні келеді, балалар айғайы шығады. Балалар Еркежанға жүгіріп кеп айғайлап:

— Үлкен ұлың келеді. Қоңыраулатып келеді.

Ауылға үш ат жеккен қоңыраулатқан күйме келеді. Аттар тоқтап болмастан күйме ішінен жас офицер түсіп, үй жанындағыларға қарай асыға басады.

Еркежан. Әбіш! Әбіш! Жаным! Қайдан кеп қалдың, сәулем-ау! (Сүйеді.)

Әбіш. Петербордан! Асығып сағынғанымды айтсаңызшы.

Айдар (қуанып айғайлап). Әбіш!

Мес (Айдарға). Қой, қой... бол, Айдар. (Әбіш Айдарға ұмтылып.)

Әбіш. Айдар, бұ не?

Айдар. Аманбысың, Әбіш!

Аттар қозғала береді. Айдар Әбішке айғайлап:

— Әлде көрген-баққан осы-ақ болар!

Әбіш Долгополовқа ұмтылып:

— Не болған, Федор Иваныч!

Долгополов (трубкасын бұрқылдатып). Орта ғасыр мінезі, қаз қалпында, Әбдірахман Ибрагимович. Жолдан азған!

Әбіш. Кісі өлтірген бе?

Долгополов. Жоқ.

Әбіш. Асық болған ба?

Долгополов. Дәл сол!

Әбіш. Осымедің, алыс сахарам! Әлі де баяғың ба? (Әбіш күймеге ұмтылады. Ішінен жүк атаулы түсірілген. Пәуеске бос.)

Еркежан. Қайда барасың, Әбіш-ау?

Әбіш (Еркежанға). Әкем сонда ма? (Көшірге.) Айда! (Долгополовқа.) Сізге анда хаттар, газеттер бар, Федор Иваныч! Дәл бір сандық.

(Күйме Айдар соңынан шапқылай жөнеледі.)

Еркежан (жылаған бойында Әбіштің нәрселерін көтеріп жатып). Жаным, Әбішім!

...Халық тік тұрып кесікті тосады. Жым-жырт тыныштықта жалғыз Сырттан сөйлейді. Тыңдап тұрғандар Абай, Ерден, Шәріп, Әзімхан, Көкпай, Қарлығаш, Баймағамбет, Дәулет, Ораз және барлық Борсақ телміре қарап тұр. Әбіш Айдар қасында. Бір шетте Ажар, оның сыртында алысырақта Мағыш пен басқа қыздар.

Сырттан. Айыпты ма Айдар, Ажар? Мәлім. Айыпты. (Жым-жырт. Халық күрсініп тыңдағандай). Бірақ сақал-шашым ағы мынау. Төрімнен көрім жақын шағым анау. Сол көріме бүгінгі тірінің, ертең туар ұрпақтың қарғысын қайтіп ала кірейін! Абайдікі жөн! Заман бір орнында тұрмайды. Заңды аттағандары рас олардың, бірақ тірі болсын! Егер тірлік көп болса, жаратқан өзі білсін. Мен болсам, сақалымды адам қанына бояп бармаймын тәңір алдына. (Халықтан қуаныш айғайы шығады.) Абай — Айдар үшін жауапкер-ді. Жесірі үшін Нарымбетке қырық түйе төлесін. Ата-баба жолын бұзғаны үшін Ерденге он түйе тартсын. (Ел қуанышы бұның соңғы сөздерін бөліп кетеді. Халық мәз. Қарлығаш қуанғаннан есі шығып, Көкпайды сүйіп алады. Әбіш Айдарды құшақтайды. Қыздар жүгіріп, Ажарға ұмтылады. Сырттан тағы сөйлеп тұр.)

— Ал, Ерденнің қыстауы мен қонысын айтсақ... (Халық қалт тыңдай қалады.) Сырттан болар-болмас жымиып:

— Бір тойда екі жар болмайды, бір жүгініске екі дау болмайды. Жаңа жұмысқа— жаңа жүгініс, жаңа билік болсын. Ал, мына билік бітті!

— Сөзің мақұл, ақсақал — деп Абай айғайлап күліп:

— Ол билік болады әлі, Ерден! (Халық дабыры. Сырттанға құрмет етісіп ішігін кигізеді. Шәріп пен бір топ адам ұзатып бара жатады.)

Әзімхан Шәріпке жанаса келіп:

— (ақырын). Ерден бекер ашуланды. Ал сенің бастауың жаңсақ еді, бірақ кейін, тіпті, жүгенсіз кеттің. Абай аты шықса әлі де тақатың қалмайды.

Шәріп. Доғар. Жөнел! Аулақ бол менен!

Әзімхан. Дау әлі біткен жоқ. Есіттің ғой? (Кетеді. Абайды Айдардың туыстары қоршап алған.)

Абай. Айдар тойында біз тағы ұшырасамыз, ағайын! — дейді.

Дәулет көзінің жасын сүртіп:

— Жолың болсын. Айтқаның рас-ау, бәрі рас, қарағым Абай.

Атқа мініп жігіттерімен кетіп бара жатқан Сырттанға Әбіш бинокльмен қарап тұр.

Әбіш. Жақсы! Әлі жақсы. Қаз-қалпы. Бала күнімде білгенімнен бір өзгермеген. (Бинокльмен әкесін іздейді.)

Айдар. Бере тұршы, Әбіш. Мен де біреуді көрейін де. (Айдар бинокльмен қарап Ажарды көреді. Буыны құрып әлсіреген Ажар жерге отырады. Жанында Мағыш пен қыздар.) Әбішке бинокльді беріп, Айдар солай жөнеледі. Әбіш әкесін көреді, ол дөң басына жаңа шыққан. Әбіш асыға басады. Абай да көрді. Қатты қуанып, қарсы жүреді.

Абай. Ия, құдай, бере гөр! Шаттық бүгін шағаладай тобымен ұшып келгендей ме? Жеттің бе, жаным Әбіш! Жүдеумісің қалай, әлде бойың өскен бе? Қашан жеттің? (Құшақтасады.) Жақсы күнде келдің ғой, балам, ұмытпаспын бұ күнді. Айдар туралы жаңылмасам, ел де ұмытпас бұ күнді. Айтпақшы ол қайда, ә? Неғып көрінбей жатыр? Әлде босатпай жатыр ма?

Әбіш (күліп). Ол ана жақта ғашығының жанында.

Абай. Дүрбіңе қарап, маған адамдағы бақыт жүзі қандай болатынын айтып берші.

Әбіш (күліп, бинокльге қарап). Әйел жылап отыр, аға, ал жігітіңізде дәрмен жоқ, құр сүлдер тұр.

Абай. Әрбір мұңда қуаныш елесі бар, әрбір қуанышта мұң елесі бар болғаны ғой. О не, Әбіш? Нені көрдің тегі?

Әбіш (сұрланып). Жәй ғой, аға!

Абай. Жо-оқ, сен Мәриямды көрдің ғой? (Мәриям қысылып сұрланған жүзбен, қыбыр ете алмай Әбішке қадала қарап қалыпты. Қасында Ажар.)

Жерден зорға тұрып жатып Ажар Айдарға:

— Қуанғаннан сүлдерім қалмапты, Айдар! (Туыстары Айдарды құшақтайды.)

Дәулет. Қуанышың қуанышқа ұлассын, жалғызым. (Ораз оқыс күліп жібереді. Дәулет жалт қарап.)

— О не, Ораз?

Ораз (қысылып). Ерденді айтам-ау бағанағы. (Жұрт тегіс күледі.)

Ораз (ақырын). Билік әлі болады деді ғой Абай.

Ажар Айдарға сүйеніп, Абай тұрған төбеге қарай басады. Мәриям бірге қозғала бергенде, Нарымбет кеп қолынан ұстайды.

Нарымбет. Қайда барасың, Мағыш? Бізді жер қып отырған жауға барамысың?

Мағыш (ақырын). Мен үш жыл тоспап па едім Әбішті, Нарымбет аға! Үш жыл... Шынымен-ақ өтті сол жылдар.

Абай (алыстан Нарымбетке дауыстап). Нарымбет, неге жібермейсің? Татуластық, табыстық қой. Әбіш те келді ғой!

Нарымбет. Әбдірахманың кеткелі үш жыл болған. Кім боп келді ол әпесер... орысың. Қайдан білем, кім деп білем! (Мағышқа.) Алып қойған орыс қатыны жоғын кім біліпті. Шоқынып жүр ме әлде? (Мәриям жұлқынып кетіп қалады.)

Айдар (Абайға жақындап). Айыбымды кеше гөр, Абай аға... Сөйлер дәрменім де жоқ.

Абай (құшақтап). Бәлі, өзін ақын дейді. Ал, үндемей-ақ қой, сор қайнаған. Қайғыда жылап, қуанышта жылай ма екен. Осы көз жасы сенен-ау, Ажар. (Абай тұрған төбені қоршаған жұрт көбейе береді. Әбішке қарап анталасады. Амандасып жатыр.)

Қарлығаш (бір шетте). Әбіш, Әбіш! Ойбай-ай, күндей жарқырайды, Мәриям! Көрші, әнеки қалай жарқырайды. Жұлдыздай. Көкпай деймін, оңбай кетейін, жандарал болған болар.

Әбіш. Есенсіз бе, Мәриям! (Сырт сыпайы, салқын ғана амандасты).

Мәриям (таңырқай түсіп, бойын тежеп). Есенсіз бе, Әбіш!

Әзімхан. Ә, жеттің бе, Әбіш, жыл құсындай, жеріңе! Жүдепсің ғой! Бірақ ендігі қымыз, қымыз, қымыз ғой.

Айдар (тақап келген Шәріпке). Шәріп, қарыздармын. Мен сені қорғай алармедім бүйтіп!

Көкпай (Шәріпке қиғаш қарап). Бірақ сенің сөзіңді сенің жүрегің айтқызар еді ғой, Айдар. (Шәріп Көкпайдың қабағын бағып, Абай қасына жетіп келеді.)

Шәріп. Мен өз қатемді өзіме кешпеймін, Абай.

Абай. Сені мен кінәламаймын, Шәріп. Жорықтың бәрі жолды бола ма? Тек кейігенім: жаңағы кәрі суайт Ерденнің сенімі мен жалыны сенен артық болғанес! Сенім мен жалын жоқта жырды қалай жазбақсың. Ойласаң соны ойласаңшы!

Әбіш (қалжыңдап, көңілденіп). Мәрхабат етіңіз. Менің күймем сіздерге әзір. (Барлығы Әбіш күймесіне қарай жүреді. Мағыш бөгеле береді. Қасына Әзімхан келеді.)

Әзімхан. Қайғырмаңыз, Мағыш, бүгін елемесе, әлде ертең ескерер.

Қарлығаш қайта оралып кеп Мағышты қолынан алып:

— Неге қалдың, Мағыш? Әй, жуассың-ай! Әттең, бәлем маған осындай күйеу тап болса ма?..

Мағыш (жылап). Күйеу ме!..

Қарлығаш. Жылама! Ешқайда жібермеймін. Оңбай кетейін, екі тойды бір-ақ тойлаймыз.

...Әдемі жазықта күйме ағызып келеді. Ішінде күйеу, қалыңдық, Абай мен Мағыш. Әбіш, Шәріп тағы басқалары салт атта, күймемен ілесе жарысып келеді. Бұл топ көз ұшымға ұзап кетеді.

Майдан төбе елсіз. Халық тараған. Кеңгірбай моласының үстінен бұлттар қалқиды. Мола басында Ерден, Нарымбет, Әзімхан, Тәкежан, Мес.

Ерден (долданған). Тобықтының ақсақалы болғанша, қас дұспаным құлы болсайшы.

Нарымбет. Не қыл дейсіз, қария!

Ерден. Не қалды... не қалды енді? Шөк-шөкпен келіп ең, көреріңді көрдің бе? Асқақтатып болдың ба? Оқшау жауым өзге емес, жалғыз-ақ жау, ол — Абай. Әлде, әлі де төбеңе ойнатамысың, Нарымбет.

Нарымбет (үні қырылдап). Қор етті ғой... Өлі әруағын қор етті ғой інімнің. Тек бір ғана тұсауым бар... Мағыш... оның баласының қалыңдығы еді.

Әзімхан. Әбдірахман оны ала алмайды, Нарымбет. Ол Петерборда қатын алған. Күмәнім жоқ осыған...

Нарымбет (түнеріп). Қарғыс атсын ендеше.

Ерден. Сен қарғыс дедің бе? Сен ше, Тәкежан! Кіммен боласың, айт мынау әруақ алдында. Тіріге тыным бермеді, өліні екі өлтірді олар. Туар ұрпақ тозып тусын деп отыр. Атадан азып тумасаң, атың адал емес деп отыр. Әкетпеді ме, міні, енді, аң етіп. Тобырдың бәрін жинап тіс-тырнақты аң етіп, талатам, тонатам деп отырған жоқ па сені мен мені. Еңкейсең Ертіс, шалқайсаң Шыңғыстан бар құрдымды баурына тартып отырған жоқ па? Табанымның астынан от шығарып, жандырып отырған жоқ па. Көрмегім осы, тоспағым осы ма? Тағы билік пе? Оның тілі суырылғанша билікте біз жеңбек жоқ. Ендеше, билікті өз ісіме өзім айтам. Ендігі кезек менікі. Өңшең құрдым аш тобыңа өз қанынды өз көзіңе көрсетермін. Абай ма? Қарғыс атсын оны!

Тәкежан. Кек, қарғыс атсын. Туысым, қаным демейім, дінім дейім. Біргемін сенімен.

Ерден. Қарғыс... Қарғыс атсын ажал боп!

Әзімхан. Қарғыс шындап атса, өлім болар... бірақ оған да қимыл керек... Қимыл ететін кісі Абайдың дәл жанында тұр.

Тәкежан. Шәріп пе?

Ерден. Жым бол! Жолға жат болса су да ішпе – жол бұйырса қан да төк. Қарғыс... қарғыс босын!

Кеңгірбай қабірінен тас алып, бәрі де төбелеріне қойып, ант етіп, моланы айналады, айтқандары: – Қарғыс! Қарғыс!

* * *

Әдемі бір бөктерде, майысқан шалғын ішін аралап Абай мен балалары, шәкірттері жүріп келеді. Кейбіреуінің қолында қаршығалар, қастарында тазылар сылаңдап жүр. Абай жанында қазақша киініп алған Әбіш келе жатыр. Бір жағында Баймағамбет. Оған жалғас Айдар, Шәріп, Мағауия, аңшылар. Абай жүзінде шаттық бар. Баласына аң қызығын көрсетпек.

Абай. Туған сахараңа ырзамысың, Әбішім!

Әбіш. Ырзамын, аға... Дүние бір жарастық әнін салып тұрғандай.

Абай. Ол сенің туған бесігің мен өз жүрегің жарасқанның белгісі ғой.

Баймағамбет. Сағынысқан достар болғаны ғой.

Абай. Ендеше, сол жарастықта, сол сағынысу да Айдар әні боп оралып тұрған жоқ па?

Әбіш. Олай болса, айтса нетті Айдар. Кедергі Ерден өтті ғой.

Мағауия. "Еңлік—Кебек" ең соңы осылай бір жарасып тыну керек-ау, Айдар!

Айдар шырқап кетеді:

Тыныштықта мезгіл бедеу, жыр тумайды,

Сәттер бар қасіреттен ой тулайды.

Толқыған теңіз атқан меруерттей,

Сол шақта найзағайдай сөз зулайды.

Ажалдың аш шеңгелін көріп келгем,

Қапада өткен зар мен қайғы тергем.

Ескінің айыбын аш, мінін қаз деп,

Билікте Абай ағам нұсқа берген.

Уа-а!..

Мен көрдім кешегі өткен ел күйігін,

Көп кездім сырын тыңдап бел биігін.

Зар шегіп, батар күнмен бірге батқан,

Аямас — жас ұланды ел биі кім?

Мен көрдім қан жылаған екі жасты,

Мұңдары күңірентіп тұр тау мен тасты.

Айқасқан құшағынан қарғыс ұқтым,

Өз зарым, сонау зармен араласты.

Мен көрдім қатал күннің Қабан биін,

Аштым мен ауыр сырды, сақта, жиын.

Жырға — жан, өзіме өріс берген Абай,

Алдында ардақты аға түсер күйім.

Жоймақ боп жырдың көзін Ерден келген,

Жыр емес, шошынғаны қатал селден.

Айт, ақын, қорлық пенен зорлықты айт деп,

Ақынға әмір келді ашулы елден...

Әбіш. Тамаша!

Мағауия. Жырының шабысы қалай жатық еді.

Шәріп. Жеңсікшіл ел жетпей мақтайды, желөкпелер шын деп ойлайды. Осылай демеп пе едіңіз, Абай аға?

Абай. Солай шығар, Шәріп. Бірақ достық кінәсі ме еді? Өнер жарысында бәсекелессең де әділ бол. Бәсеке неге озасың деп құйысқаннан алу болмасын. Неге қаламын деп өз өнеріңді қамшылауың болсын. Болашақтың көмбесіне қарай ақындар шабысы сол емеспеді. Ол құзғындар таласы емес қой, жемтікке бұрын жетсем дейтін.

Осы кезде дабылдар қағылады. Жіңішке өзен бойынан шошып ұшқан қаз, үйрек аспандай жөнеледі. Бірнеше қаршыға қатар ұмтылады. Абай қатты қызығып шаба жөнеледі. Өзгелер де шабады. Айдардың тізгінін Шәріп ұстап қалған.

Айдар. Сен наразымысың маған?

Шәріп. Мен сені айыптаймын.

Айдар. Шәріп!

Шәріп. Сенің жырың — әруаққа атқан оқ қой. Халық қарғысы тимесін, байқа, шырақ!

Айдар. Кеше мені қорғап, бүгін жиреніпсің. Әлде... кеше де...

Шәріп. Жаппа жалаңды.

Айдар. Қызғанамысың, Шәріп?

Шәріп. Қызғанса жақсыны қызғанады, ал сенің ісің жауыздық!.. Құртпағың Абай ма? Сұм жетекшіге бастатқан данышпан соқыр болыпты ол. Сен жарға жыққалы апарасың.

Айдар. Шәріп, Шәріп! Ендеше, сен кеше...

Шәріп. Қарғыс атсын! Қарғыс! (Долданған Шәріп атын бір салып, ауылға қарай бұрыла жөнеледі...)

...Ауыл тойға әзірленуде. Кең сарайдай бір үйді көл жағасына тігісіп жатыр. Көп күмбезді бір орда қып, алты үйді бір қосып тігеді. Басқарып тіктіріп жүрген Көкпай мен Мүрсейіт молда. Айналада балалар жүйткіп жүр. Кейбіреулері құлпыра киінген. Мінгесіп, ұштасқан Борсақтар кеп жатыр. Еркек, әйел, бала-шаға шұбарланған топ болып дабырласып жүр. Қыздар Еркежан үйінде. Әндері естіледі. Ажар киетін киімдер әзірленеді. Долгополовтың үйінің жанында өз тірлігі. Ақ алжапқыш киген Долгополов ауруларды қарайды. Келгеннің көбі балалар. Әкелген шешелерімен балалар да алыстан келгендер, қорғаншақтау. Шөгерілген түйелерден әйелдер түсіп жатыр. Бір кебежеге түскен бір топ баланы Дәулет түсірді. Долгополов жанына кербез киінген асқақ түсті Әзімхан келеді. Алысырақта полицияның көк арбасы тұр. Қасында урядник, стражниктер.

Долгополов (бір баланы қарап жатып Әзімханға). Көрінген сайын бір құбыласың-ау. Ушитілдікті қойғансың ба, Оспанов?

Әзімхан. Мен жандарал кеңсесінде істеймін.

Долгополов. Университетте оқыған студентке табылған-ақ мансап екен.

Әзімхан. Кімнің не тапқанын теріп қайтеміз.

Долгополов. О да рас. Сүйтіп маған кет дейсіз ғой. Несі бар, өзім де сізден соны күткем.

Әзімхан. Тез жөнеліңіз. Губернатор бұйрығы солай. Ел адамдары наразы. Его превосходительство соларды қостаған.

Долгополов. Оспанов, тек тез жөнелетін мен емеспін. Жүрсем, той өтсін.

Әзімхан. Жо... Его превосходительство...

Долгополов. Бәсе, его превосходительствоңыз өзіңізге...

Әзімхан. Менің пұрсатым жоқ.

Долгополов. Айып етпеңіз, Оспанов мырза. Сіздің дәрежеңіздегі адаммен тәтті сөзге мен шорқақпын. Жауабым жақпаса мейліңіз білсін, ал, әзірше, сізден өтінетінім мына жұмысымнан қалдырмаңыз. Әлде, сіз де сырқат па едіңіз? Ол күнді тоса тұрасыз. Бірақ менің төрелер дертін емдемейтінім бар. (Кішкене балаға.) Тіліңді шығар! (Кішкене бала тілін көрсетеді, бірақ өзі ашушаң докторға таңдана, сескене қарайды. Бұлардың жанынан Шәріп өтіп барады. Аңнан қайтқан.)

Долгополов соны көріп:

— Мынау адамды менен аулақ әкетіңізші, Шәріп.

Әзімхан (ашуланып). Бұ не сандырақ! Тартарсыз сазайын бұл қылжақтың...

Долгополов. Шәріп, әкетіңіз, болмаса менің жауабым осы екеуміздің бірімізге сор болар.

Әзімхан. Сіздің сорыңыз онсыз да жақын. Ертең-ақ сүйретіп әкетер.

Осы кезде үй ішінен бір нәрсе шыжылдай бастайды. Әзімхан сезіктене тыңдайды. Жаңағы дыбыс молайып барып тарс беріп атылады. Үйден қызғылт қою түтін шығады. Әзімхан атқып кетеді. Балалар тұра қашады. Түтін айыққанда үйден Баймағамбет шығып қарап тұр, бет-аузы күйе болған. Жөткіріп, түкірініп жатыр.

Долгополов. О не, Бәке?

Баймағамбет (түкірініп). Ертеңгі ойынын байқайын деп ем. Дәрісін азырақ, көбірек салдым білем.

Долгополов. Шошымаңыз, Оспанов, кісі өлтіретін мәшина емес... Жәй фейерверк. (Дәулет, Ораздар Баймағамбетті қолтықтамақ болады.)

Баймағамбет шеттей беріп:

— Қой, тұра тұр. Өзім қап-қара албастыдай болармын.

Дәулет (күліп). Албасты сендей болса бәрінен айналармыз-ау, Бәке... (...Көкпайдың жанынан Қарлығаш өтіп барады.)

Көкпай тоқтатып:

— Қарлығаш, қалам қасым... Тыңдаймысың, ән қандай! Сенің тойыңда айтар күн қашан?

Қарлығаш. Сенің демің жалын болған шағында. (От жанып жатқан жер ошақты көрсетеді.)

Көкпай.

Пәруанамын, түнде ұшамын,

Шам-шырағым саған қарай.

Ынтығымнан зәр құсамын,

Өртенемін соған орай...

Қарлығаш. Уа, сорлы Көкпай-ау, осыдан өзге білгенің бар ма? Оңбай кетейін, жүз есіттім ғой осыны. Іске жалқау, қызға жалтаң. "Абылайыңды" жазсаңшы одан да... Толмай соласың ғой, бейшара-ау...

Еркежан үйіне қарай қаша жөнеледі. Ол үйде Ажарды киіндіріп жатыр. Сандықтар ашылған. Оқалы, мақпал, жібек киімдер әзірленген. Мағыш бастаған бір топ қыз жайғастырып жүр. Зейнеп пен Еркежан Ажарды безендіреді. Екеуінің қолы араласқан соң Ажар тотыдай түрленіп, нұрланып барады. Еркежан Ажарға әдемі қырлы сауыт береді.

Еркежан. Ұзатыларымда әжем берген мұрасы еді. Қытай дәрісі. Қартайтпайды деп еді. Қарлығаш өз сыйын ашып жатып:

— Мынаны Әбіш әкеп беріп еді. Исін көрші? Аты — "Ландыш".

Еркежан мен қыздар Ажарға қызыға қарасады. Зейнеп төрге отырып, домбырасын күйлеп ап:

— Мен сендерге қыз жәйінен жаңа бір ән айтайын. Жіп-жіңішке, сұңғақ бойлы, бота көз бір қыз:

— О қандай ән? – дейді.

Зейнеп. Кеше маған Абай ағаң үйретті. Өзін жазған орыс ақыны Пошкин дейді.

Қарлығаш (күліп). Пушкин.

Зейнеп (қатаң). Е, айттым ғой Пошкин. Аударған Абай. (Домбыраны қағып қосылып кетеді).

Амал жоқ, қайттім білдірмей,

Япырм-ау, қайтіп айтамын...

Татьяна хатының мәлім толқыны ырғалып барады. Ажар мен басқа қыздар, Мағыш та телміре тыңдап қалған. ...Сопының үйіндей, қоңыр салқын Шәріптің үйі қазір ала көлеңке. Шымылдық, жәйнамаз, орамалдарға аяттан кестелер шегілген. Аласа үстелде құран жатыр. Әр нәрсе өз орнында тиянақтай. Үйде Шәріп пен Әзімхан.

Әзімхан. Сен мені жат көрсең де, жақсы хабар әкелдім. Өлеңдеріңді Қазан басатын бопты. Хабары мынау, ырзамысың. Ислам ғаламының үміті сен. Абай жолы әрі қисық, әрі қысқа жол. Тура жолда өзіңсің. Тағдыр жазса дін ислам жұлдызы боласың. (Хат береді. Шәріп оқиды.)

Шәріп. Зор рахмет, мезгілімен әкепсің. Абай болса, айтқанымды түсінгісі келмейді.

Әзімхан. Солай, Шәріп. Анау әңгіме есіңде ме?

Шәріп. Есімде.

Әзімхан. Елің көшін өзің баста!

Шәріп. Сендер менен не тілейсің! Айтшы.

Әзімхан. Түк тілемейміз. (Мундирінің қалтасынан кішкентай сауыт алады.)

— Бұ не? — дейді Шәріп.

Әзімхан. Сенің құлағың ауру ғой, дертіңе шифа болсын. Тамаша дәрі. Бір тамшы кем болса — ем, бір тамшы артық болса — у. Жанда жүргені тіпті жақсы. (Сауытты Шәріптің алдына қояды).

Шәріп. Маған, Абайды өлтіртпекпісің? (Екі көзін қан басады. Өңі сұп-сұр. Әзімханды тарпа бас салып буындырады.)

Әзімхан бұлқынып зорға босап шығып, жағасын түзеп жатып:

— Жынды ғой өзі... — деп, міңгірлеп отыр.

Шәріп (тістене сөйлеп). Абайдың бір тал шашынан садаға кетіңдер. Оның Тобықты ақыны емес, бүкіл ел сәулесі екенін қалай ұқпайсың осы.

Әзімхан. Елге у таратқан сәуле десеңші.

Шәріп. Мен бетін оңдаймын да, екеуміздің отымыз бір жанатын болады. Тек менен қашықтататындарды әкету керек маңынан. Алдымен анау орыс кетсін.

Әзімхан. Ол жоқ болады, Шәріп. (Жым-жырт. Шәріп сауытқа қиғаштай қарап, қолына алады.)

Шәріп. Ауруға ем дедің ғой? Ендеше, дәріңе рахмет.

Әзімхан. Не қылмақсың, Шәріп?

Шәріп. Ертең тойда, құлағым ауырса қайтем. Айдар қуанғанда жабырқау жөн бе?

...Еркежан үйінде әйел атаулы Татьянаның жүрек шерін ұйып тыңдап отыр. Зейнеп шырқап:

Шеш көңлімнің жұмбағын,

Әлде бәрі алданыш.

Жас жүрек жайып саусағын,

Талпынған шығар айға алыс...

Мағыш Қарлығашқа сүйсіне түседі, көзінде жас.

Қарлығаш (сыбырлап, жасын іркіп). Heгe жылайсың, Мағыш?

Мағыш. Қарлығаш-ау, Әбішке дәл менің айтар мұңым ғой мынау!.. Ол мені сүймейді. Әлі оң шырайын бір көргем жоқ. Ажар тойынан соң, біржолата кетем ауылға.

Қaрлығаш. Түк те кетпейсің, шырақайым. Өзің бір тал шашын ғана әперші Әбіштің. Осында бір бақсы бар, бас айналдырады. (Бақсының қияпатына салады.) Тұра тұр, Әбішіңді ме? Тұлыпқа мөңіреген сиырдай қып берем. (Зейнеп әні біткен. Үй іші жым-жырт.)

Бота көз қыз жаны қалмай тыңдап болып:

— Бұл әнді біздің ел білмеуші еді, Зейнеп aпa. Енді бар қыз айтар.

Зейнеп. Алғысың Абайға болсын. Бұл Пошкин қазақ қызының жүрегін білген-ақ. (Ән жұртты жадыратқандай. Ажар киініп болған. Қалыңдық сондай көрікті.)

Еркежан (Ажарға). Айдар болсам, өзім де алып қашар ем тіпті.

...Айдар ойда. Жалғыз келеді. Қаршығасын құсқа да салмаған. Бірақ өзге аңшыларда тыным жоқ. Қаршығалар қырып жүр. Айнала шабыс. Қанжығасы құсқа толған Баймағамбет ағызып өтеді.

Әбіш, Абай да шауып жүр. Абай Айдар қасына аз тоқтап:

— (Әбішті нұсқап). Уа, мынау қала жігіті қалай жосытады? Жә, сен неғып ілбіп жүрсің, атың мертіккен бе?

Айдар. Абай аға... Осы Шәріп кім?

Абай. Мен анда жүріп қайғы ойлауды сүймеймін.

Айдар. Шәріпке не болған, Абай аға? Неден күйген, неге ақырады сол?

Абай. Ашулы адам көп сөйлесе көбік болғаны... (Аңшы жігітке.) Жібер, сілте қаршығаны!

Жұрт аң қызығында. Әбіш қаршығасы құсқа кетті. Аспанда үйрек іліп, сорғалап кеп жерге түседі. Әбіш шауып кеп, аттан секіріп түскенде қатты жөтел қысып, тұрып қалады. Қасына Абай шауып келген.

Абай. Бұ не жөтел, Әбіш?

Әбіш. Жәй... басылды.

Абай. Бұ қалай, қарағым?

Әбіш. Сахараның әуесі мас еткен ғой әшейін. Әбіш қасына барып үйректі айырмақшы. Абай болысып жатып:

– Сенің менен іріккенің бар-ау, балам! Жат жерде тығынып қалғанбысың әлде!

Әбіш. Ондағы жат емес қой, аға! Бәрі жақын, достар ғой. Қазір Петербургта жарық түн ғой, аға. Оның жәйін білемісің?

Абай. "Одна заря сменить другую спешит, дав ночи полчаса", – деп пе еді Пушкин. Бірақ көркі қандай, көргем жоқ. Ұйықтатпайд дейді, рас па?

Әбіш. Рас. Мен сол түндерде сейіл құруды сүюші ем, аға!

Абай. Жүрегінде сыр бар, Әбішім. Мағышқа неге салқынсың? Ол сені сүйеді. Тосқаны сен емес пе ең? Әлде сенің... Ойыңды айт маған... Әбішім!

Әбіш. Жоқ, қазір айтпаймын... Айта алмаймын қазір, қинамаңыз, аға!

* * *

Алты үйден құралған күмбезде Айдар, Ажар тойы. Барлық үй қонаққа толы. Әзімхан, Тәкежан, Мүрсейіттер де бар. Айдардың туыстары — Дәулет, Ораз, бота көз қыз бәрі де мәз, кеуделері көтеріңкі. Ешкімнен қымсынбайды. Тойларын мақтан етіп, өздерін бай, бағланмен тең ұстайды. Жанып тұрған көп шамдар. Іргелер түрулі. Жұлдыз көрініп, көл суының бетінен оттар сәулесі жарқырайды. Үй ішінде барша мен мақпал, алтын мен күміс көз тартады. Сүйікті шәкіртіне Абай әсем той жасаған. Жерде дастархандар. Тегене толы қымыз, табақ толы ыстық ет. Шілтерлі шымылдықты алдына ұстап келінді әкеле жатыр.

Көкпай (келінмен қатар келіп):

Айт, келін, айт, келін!

Атың басын тарт, келін.

Жұмыртқадан ақ келін,

Сауысқаннан сақ келін,

Ел-жұртыңа жақ, келін.

Алдыңғы түйең итіншек,

Итіншек деп басқа соқпа, келіншек.

Артқы түйең тартыншақ,

Тартыншақ деп артқа соқпа, келіншек.

Өзің жатып күйеуіңді тұр-тұрлама, келіншек.

Зейнеп (қостай жөнеліп).

Келінді, міне, көріңдер.

Көрімдігін беріңдер.

Несиеге қаратпай,

Атай-атай келіңдер,

Қайын ата, жақсы ата, ол Абайға бір сәлем!

(Шымылдық ашылып, келін сәлем етеді.)

Келін Айдар қасына отырған. Бүгін күйеудің киімі де, көркі де өзгеше.

Абай. Ал, дегендерің болсын. Ақын көрімдігі не болады? Мен саған жарың туралы жыр сыйлайын, Ажар... (Домбыраға қосылып айтады.)

Адамның кейбір кездері,

Көңілде алаң басылса.

Тәңірінің берген өнері,

Көк бұлттан ашылса.

Сонда ақын белін буынып,

Мұң мен зарды қолға алар.

Кектеніп надан зұлымға,

Шиыршық атар, толғанар.

Абайдың өлеңі мен домбырасын тыңдап жұрт отыр. Ықыласпен қадалып, Шәріп те тыңдайды. Қолында белгілі сауыт көрінеді. Қымыз құйған тостаған үстінде Шәріптің қолы. Әзімхан көзі Шәріпте. Абай айтып отыр:

Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащы тіл.

Не жазып кетсе жәйі сол,

Жек көрсеңдер, өзің біл!..

Ажар (ақырын). Рахмет, Абай аға. (Айдарға.) Бірақ бояушы бояушы дегенге сақалын бояйтын болмас. Мақтауға аспас Айдар, солай ма?

Айдар. Ажар, Абай ағам артық сый беріп отыр ғой мынау той болған соң. Болмаса мен татымаймын ғой айтқанына.

Абай. Жә, сен не сыйлайсың, Шәріп? Әлде, бар әлемге ашулымысың әлі күн?

Шәріп. Жоқ, Абай аға, мен ашуда адасқан екем.

Абай. Ер шекіссе бекіседі.

Айдар. Мен де қиналып ем, Шәріп. Қалсын мүлдем.

Шәріп (тостаған ұсынып). Жамандық бұрын болса, енді жаман айтпай жақсы жоқ деген. Қуанышың қайырлы болсын. Іш!

Ажар. Рахмет, Шәріп аға. Баянды бақ жаңа тапқандай болдым ғой. (Шәріп пен Айдар ішіп болады.)

Сол сәтте тарсыл-гүрсіл фейерверк атылады. Үй іші жап-жарық боп кетеді. Керегеден әсем оттар көрінеді. Долгополов пен Баймағамбеттің фейерверк тамашасы сансыз көп көркем сәнді жарық боп жүз құбылады. Суылдап ысқырып, ағындап аспанға шапшып, көлге сәуле төгіп жайнап тұр. Баймағамбет отты жағады. Мағауия от дөңгелекті жүргізеді. Долгополов трубкесін түтетіп, өзіне "пиротехник" шәкірттерінің ісін басқарады. Әредік, мазасыз урядникпен тілдесе тұрады.

Урядник (Долгополовқа). Ваше высокородие, әні бенгальский от та жанды. Жүрейік те.

Долгополов. Сабыр етіңіз.

Урядник. Губернатор бұйрығы, түнге қарамастан, бөгелместен жүргізу емес пе? Ал мұнда таң да атар.

Долгополов. Сабыр етіңіз, ваше благородие. Сабыр — ердің сымбаты.

Урядник. Япыр-ай, сізбен қанша жүрсем, сонша әуре ғой. Жалғыз сізді жеткізуден дәл бір рота арестантты этаппен жөнелту оңай ғой. Тым құрса бір жол шатақсыз болсын да.

Долгополов (қамқор пішінмен). Аттарың оттады ма?

Урядник. Аттарды қойшы... тоқ қой.

Долгополов. Бүгін тегіс солай. Күн сондай. Шатағым жоқ. Қоштасам де жүремін. (Баймағамбетке.) Ал, Бәке, аман бол!

Сахара аспанында тағы бір топ ракета ытқиды. Су жағасында, үй жанында көп жан қарап тұр. Абайға жақын жерде Айдар, Ажар, Дәулет, Ораз ентелей қарайды.

Бота көз қыз (достарына). Түсте көргендей. Жұлдыз аспанда болушы еді, жерге түскен бе дерсің.

Әзімхан. Бұндайды мен бұрын Қазанда көріп ем. Бірақ ол сонау құрым биік ұшушы еді.

Қарлығаш. Бұдан артық қайт дейсіз. Оңбай кетейін, ұжмағың да осыдан артық болмас. (Кетеді.)

Әзімхан. Сіз ылғи былай қарайсыз. Ол болса...

Мағыш. Ту-у... қалай атады!

Екінші жерде...

Еркежан. Ту-у... Петербордағы зеңбірегің де осылай ата ма, қалқам-ау!

Әбіш. Осы тәрізді ғой...

Еркежан. Міні, бүгін Айдар тойы. Сенікі қашан болады, Әбішім?..

Әбіш (жымиып). Әйел болса құдағи болғысы келеді-ау. Мен Мағышты алмаймын, апа! (Еркежан шошығандай.)

Долгополов Абай тобында. Таң сызып келеді. Көл бетінде мұнар бар. Долгополов достарымен қоштаса бастайды.

Долгополов. Менің қоштасқан отым осы болды. Бақытты жастар құрметі. Жүремін. Тағы да Семей, жандаралмен жанжалдасу. Содан ары ма... Кім біледі, әлде Ресей жолының қарала тақтайын санап, итжеккенге кетемін бе. Көрісеміз бе, жоқ па? Әбіш әкелген хаттар ішінде менің әйелім хаты бар екен. (Қалтасын қарап хатты алады.)

Долгополов. Сол, былай жазыпты: сенің тамаша достарыңа сәлем айт, ғажайып республиканың азаматтарына, шошымаңыз, Оспанов мырза, Абай атты республиканың азаматтарына сәлем айт. Ол, сахара теңізіндегі бақыт-қиял аралы екен, — депті. Бар тілегім, сол арал шексіз зор дүниеге айналсын. Әрдайым бір болайық. Әрдайым бір сапта болайық, достарым! Ал, жарқын күнде, ертең туар жарқын күнде көрісейік. Оспанов мырза, тумасаң да мейлің. Жасасын жарық күн, сөнсін қара түн! (Тағы да ең соңғы рет Долгополовтың әсем оттары атылады.)

Абай (Долгополовты құшақтап). Қош, Федор Иванович!

Долгополов. Е-е... Жер шалғайлығы үшін жасып қайтеміз. Алысты жақын етер жүректер барда мұң ба екен? (Урядникке.) Ваше благородие, әміріңізге әзірмін. Бастаңыз!

Урядник. Тәңір жарылғасын, айдалған мырза! Рахым етіңіз!

Долгополов арбаға қарай басады. Жұрт ұзатып барады. Айдар бірге барам десе де, орнынан тұра алмайды.

Ажар (күліп). Масайып қалғанбысың, Айдар!

Айдар. Оның рас, Ажар! Тұра алмайым.

Ажар (сүйіп). Қуанышым! Түсің қашқаны несі, Айдар!

Айдар. Басым айналып барады, білмейім.

...Көшір ат айдайды. Арба жөнеле береді. Долгополов достары қарап қалған. Қоңырау шылдырайды... ...Екі айыр жолдың бір тарауына бұл арба түскенде, екінші тарауымен жалғыз атты біреу Абай ауылына шауып келе жатыр. Қара тер болған атын қамшылай түседі. Жете бере айғайлап: — Шабуыл! Шабуыл! — деп ауылға ағызып келеді. Айдар мен Ажар қасынан шапқылап өтеді.

Шапқыншы. Абай қайда? Абай! Қаптап келеді! Шапқалы келеді! Ерден! Нарымбет!

Ауыл араның ұясындай құжынайды. Абай басына төнген қауіпті естіп, бар күшін жиып, Айдар орнынан тұрады. Ұмтылып алыспақ, қайрат қылмақ. Бірақ әлі құрып, құлап түседі. Шошынып Ажар келеді. Жұрт қоршайды. Жерге құлағын төсеп жатқан Айдар шапқын дүбірін естиді.

Айдар. Абай! Абай аға! (Абай қасында тұр. Қатты шошынған. Сүйікті шәкіртінің үстіне төнеді.)

Айдар (тынысы тарылып). Шабуыл... жақын ғой. Сақтаңдар Абайды.

Шәріп (жүріп келе жатқан Әзімханға). Шабуылы не?

Әзімхан. Сен дәріні татымсызға жұмсағаннан.

Абай (бірдеңе айтқысы келіп, Абайды жаңа таныған Айдарға). Мен қасыңдамын, қарағым, не айтасың?

Айдар. Абай аға... Ажар... Дүние неткен тар еді, сыйыспадық қой. (Жұрттың сыртында тұрған Шәріпті көріп, көзін алмай қарап, барды аңғарып.) Абай... Абай... (Сыбырлап.) Сенбе... сенбе! (Үні өшеді.)

...Далада көп аттылар Абай ауылына қарай шауып келеді. Жұрт үнсіз. Жел ысқырады. ...Той болған отауда Айдар өліп жатыр. Басында үнсіз жылап Ажар отыр. Зейнеп көңіл айту, жоқтау сияқты бір зар айтады. Жұрт тыңдап қалған.

Қайғылы Абай сәтте қартайғандай. Жанында Шәріп, Әбіш, Мағауия, Еркежан. Қыздар бір топ... Баймағамбет жылап отыр. Борсақтың Дәулет бастаған шалдары қаралы.

Зейнеп.

Тоқтамады, тұрмады,

Кетті ортадан асылым.

Көкірек толы қайғыны,

Көтере алмай басылдым.

Тиянағым, тұлпарым,

Енді кімге асықтым.

Ойламадым өзгені,

Бір өзіңе бас ұрдым.

Жалғыз сенен айрылып,

Артыңда қалып аһ ұрдым...

Қаралы отау жанына жігіттер жиылған. Топ басы — еңгезердей Ораз. Ол ашулы. Барлық жұрт жауды айбармен тосып сазарып тұр. Зейнептің зарына шапқан ат дүбірі, айғай-сүрен араласады. Жау жеткен. Бірақ Айдар жанындағылар қыбыр етпейді. Тек Абай ғана Нарымбет даусын естіп, орнынан қиналып тұрады. ...Абай Нарымбетке бетпе-бет кеп тұр. Көп аттылар Нарымбеттің сыртында кейін тұр...

Нарымбет. Әруағымды... қорладың! Енді бәрің не тілейсің осы?.. Мазақ па? Қан төк дейсің бе?

Абай (ақырын). Нарымбет... Біздің Айдар өлді ғой. Нарымбет (әуелі сасып қап). Өлген жан тәңіріне жауап берсін... Сен өзің тірінің жауабын бер. Сырттан бұйырады... Мен бердім. Аз ба еді? Қалыңдық емес, қатын емес, қарындасым қайда? Шығарып бер, аулақ болсын сенің пәлеңнен...

Абай (қажыған көңілмен). Сөзің жөн, Нарымбет. Мен жазықтымын. Мағыш құрметпен, хасиетпен ауылыңа қайтады.

...Көрші үйдің бірінде Әбіш пен Мағыш.

Әбіш. Рұқсат, Мағыш. Мені ұмыт. Бар! Тек қарғама мені. Мендей боп саған бақыт тілейтін жан жоқ.

Мaғыш. Бақыт тілеп қуады екенсің ғой!

Әбіш. Мен саған бақыт бере алмаймын, Мағыш. Менің өмірім қысқа. Дерт жеген кеудемді. Бар... Сен тірі бол. Арамызда өлім тұр.

Мағыш (қуанғандай). Өлім бе? Тек өлім бе айырар! Әбіш, Әбіш, неге жасырдың? Сүйемісің өзің мені?

Әбіш. Жанымнан артық сүюші ем.

Мағыш. Сүйіп тұрып жасырдың ба?

Әбіш. Айта алмадым. Әкеме, саған жар салам ба? Бар! Кінәлә мені, бірақ бар, Мағыш!

Мағыш. Жоқ, жоқ! Бірге өлем сенімен. Жаңа ғана қаза болған Айдар әруағымен ант етейін: сүйенішің болам. Сақтаймын сені. Өзім үшін, әкең үшін... елің үшін сақтаймын. Жаным жарым! Ғашық жарым!

...Нарымбеттің алдында Әбіш пен Мағыш тұр.

Әбіш. Нарымбет аға, Мағыш ешқайда бармайды. Ол— менің жарым. Барымды ал, айырма бізді.

Абай (баласына қарап). Достығым достық, Нарымбет. Қапа қылып ек, оны кеш! (Нарымбет дал болады.)

— Жоқ былай! — деп ақырып жіберіп, топ ішінен тепсініп Ерден шығады. — Жоқ! Қарғыс тиген ауылға бермейміз қызды. Билікте сен адастырып ең Сырттанды. Бірақ әділ билікті құдай айтты. Жолдан азғанды тәңір табад! Өрт салып ең, қарсы өрт салып өшірем. Қан көресің бүгін. Ауылыңа тиген қарғыстан, бар қайыршы, бар азғын, жыладың ба бүгін. Енді жылаумен өлгенің осы қарғыстан.

Біріне бірі қарсы екі топ тұр. Бір жағы атты. Екінші жағы Абай қонақтары — Борсақтар. Абайды Ораз қоршай тұрған. Ерден Абайды көрмей құтыра дауыстап:

— Қайда тығылсаң да құтылмайсың, Абай!

Абай алға шығып:

— Мен мұндамын, сенен тығылушымем?

Екі жақ бір-біріне тап бергендей. Абай ауыр салмақпен "тоқтал" дегендей белгі еткенде, тұрып қалысады. Жұртта үн жоқ. Ерден атты омыраулатпақ еді, еріксіз тоқтап қалады. Өйткені Абай өз тобынан бір кісіні бастырмай жалғыз өзі жауларына қарай басады.

Тәкежан. Барма! Абай! Бір әкенің баласы ек, қой, барма!

Абай. Кешіккенсің, туысқан! Қылыш жүзінде туыс жоқ. Сен бауыр да, дос та емессің, Тәкежан! (Аттылар қара көпір боп анталасады. Нарымбет Абай жүзінен жуасып, енді қысылып кейін басады. Абай жүріп келеді. Тегіс тынған жұрт жым-жырт. Тек үйден Зейнептің зары ғана келеді. Мес Абайдың тақағанын тосады. Қолында қара шоқпар. Абай аттыларға тақап келеді. Ерден бағып тұр.)

Абай. Кім айтты Айдар өлді деп? Оның өзі өлсе де, сөзіне өлім жоқ. Қайта тірі өлік етпегі сендерсің түге! Қан төгетін сен ғой, Ерден? Төгерсің сен! Өлім молайған сайын жерің кеңиді ғой сенің. — Ал сендер ше? — деп Ерденді қоршап тұрған аттыларға қарап: — Сендер менен не тілейсің? Мен білем сені, Нарымбет... Сені де білем, Мырзағұл... Сені де білем, Нұрғали. Арқаңды ауыр бейнет езіп, көзіңе көк шыбын үймелеп жүрген жоқ па сенің? Аштық, жалаңаштық құрығынан құтылған күнің бар ма еді? Сол сендердің жұлыспағың Борсақ па? Неге, неліктен? Олардың да дәл өздеріңдей алданған, таланған қорлығы үшін бе? Бізді не деп жау санайсың? Халықтың бақытын тілегенімізге ме? Барлық жер-жиһан қазақ атын құрметпен атасын дегеніміз үшін бе? Дүние — үлкен көл, заман — соққан жел, толқын-толқын ел нәсілін алып келеді. Қайда апарады? Ұлы күндерге, бақ күндеріне апарады... Қазағым, жұртым менің! Жалғыз мен емеспін саған үн қатып тұрған. Сол бақытты көксеп мәңгі мұң еткен ата-бабаң үн қатады саған. Не дейді олар...

Ерден. Өшір үнін қарғыс боп.

Мес ат үстінен Абайға шоқпарын сілтей береді. Бірақ Нарымбет ұшып келіп, өз бойымен қорғап қалады. Ауыр шоқпар соған тиіп шекпенін жыртып, Абайды да жанай тиеді. Есі ауып қалған Абай жығылып қалады.

Нарымбет (айғайлап). Уа, тарт! Тарт, тоқтат! Баспаймын бұған. Бар қазақтың Абайы. Айдар өлді. Абайды өлтірсек не болмақ. Аулақ... Аулақ бол сұмдықтан... (Өз иығынан аққан қанды байқамай айғайлап жүр.)

Ерден. Тыңдама! Ұр бәрін. (Нарымбетке.) Азғын! (Жығылған Абайға бар досы жүгіріп келе береді.)

Мағауия. Өлтірді... өлтірді ғой!

Көкпай. Уай, халық, Абайдан аяйтын не жан бар еді. (Төбелес. Көкпай жығылады. Қалтасынан жазулы қағаздар түсіп жатады.)

Ерден (қашуға айналып). Қыр, жой бәрін!

Нарымбет (aт үстінде). Тоқта мендігің! Жүктемеймін Абай қанын! Қай қарабет жүктейтін?

Нарымбет айғайлап, барлық өз кісісін тоқтатып бөліп алып, тайқи береді.

Ерден өзінің азғантай ғана тобымен қалған.

Ерден. Көрдің бе, Әзімхан! Өрт басты ғой, міне. Пәлесі ғой, бұ да Абайдың. Қашан, енді қашан қимылдайды бұл жандаралың? — деп айғай салады.

Әзімхан (шауып қашып жөнелген Ерденнің соңынан ызамен айғайлап). Қолынан түк келмейтін азбан! Өй, соқыр азбан! (Ызадан күйген Әбіш Әзімханға ұмтылады.)

Әбіш. Ә-ә, солай ма еді? Сен бе едің сүйтіп? (Әзімханды жақтан кезек-кезек тартып жатып.) Ит, шошқа! Ит, шошқа!

Әзімхан бетін басып құныса береді, шегіне барып, бұралқы иттей қаша жөнеледі. Қарлығаш Көкпайды құшақтап жылап отыр.

Көкпай (көзін ашып). Тірі ме? Тірі ме өзі?

Қарлығаш. Тірі... Абай ағам тірі. Көкпай... Өзің ше?

Көкпай. Қарлығашым-ай, менің басым тас қой дейім, тіпті оңбай кетейін.

(Қарлығаш қағаздарын жиып береді. Көкпай шашылған қағаздарын асыға түгендеп жатыр. Есін жиған Абай жерде отыр. Қасында Баймағамбет бастаған, қамаған жұрт.)

Абай (қатал үнмен). Қайтіп тұрам бұл елде? Құлағы керең, көзі көр. Білгені жаулық. Кетемін бұл сорлы сахарадан.

Баймағамбет (өте сабырлы боп). Сабыр ет, Абай. Елің соқыр да емес, саңырау да емес. Мынау қанды көр. (Нарымбет шекпенінен жыртылған бір жапырақ нәрсені көрсетеді.) Осы Нарымбеттің қаны. Сені қорғаймын деп төкті. (Абай Баймағамбетке таңдана қарайды.)

Шәріп (Абайдың алдына тізерлеп). Абай аға, өз айтқаның дұрыс. Кетейік біз бұл жыландар ордасынан. Тізгініңді өзіме бер. Абай аға, жоқтатпаймын Айдарыңды. Сенің жолың — менің жолым.

Абай Шәріпке ұзақ уақыт қадалып қарап ақырын: — Аулақ... Аулақ, Шәріп!

Шәріп (шошынып). Абай аға!

Абай (саусағын созып). Бойың қан ғой, Шәріп. (Шәріп сескеніп шапанын қарайды.)

Абай. Жоқ шапаныңда емес, Шәріп.

Шәріп (қорқынышпен күдігін жасырып). Не дегенің, Абай аға?!

Абай (қатты бұйрық етіп). Жүзіме қара менің, тура қара!

(Шәріп Абай көзіне зорға қарайды.)

Абай (Шәріптің көзіне қадалып). Аулақ, аулақ! Лағнет, мәңгі лағнет болсын, соны сен істеген болсаң. Аулақ!

Қатып, сілейіп қалған Шәріпті көрмей Абай түрекеледі. Абайды Еркежан қолтықтап үйге кіргізеді. Айдардың басын тізесіне салып, бар дүниені тәрк еткен Ажар отыр. Сондайлық үнсіз, қайғылы жым-жырт Зейнеп. Күн жоғарылап барады. Таң сахараның бәріне сәуле берген. Тал түс. ...Абай далада келеді. Бұлтты жел айдап, шөп басын жел сілкінтеді. Мұңға батқан Абай даладан өтіп, төбешіктер арасында келеді. Абайдың төбе жағында шұбатылған бұлт бар. Төбе астынан дауыс естіледі. Өлең оқып отырған дауыс. Абай таңдана тыңдайды.

Уа, дүние, сол ма сенің мақтағаның,

Орнымен жақсылығын ақтағаның.

Елінің жолын ашқан жазығы ма,

Мынау ма, жақсы жанды сақтағаның?

Абай тыңдап тұр. Оқып отырған Көкпай. Барынша ынтыға тыңдап отырған Қарлығаш.

— Салауат әруағыңа, ер Абылай —

Қазақтың Арқа ұранды Меһирбаны.

Елге еткен қайратыңды кім көрмеген,

Халқыңның шыны дегдар асыл жаны.

Сол жолың жолы болсын ақынның да,

Еліне жан аямас жақынның да.

Қарғаса қас надандар жырды қарғап,

Айныман, ақ жолыма бағындым да.

Жұртқа еткен жақсылығың жырда болар,

Жыр еткен ақын аты бірге болар.

Ер бастап, ақын қостап, елдік көшіп,

Келетін жақсылыққа ірге болар.

Осында Абай ағам да, Айдар да, өзім де бар. Ақтамақпын аға ақынның үлгісін. Бірақ өзіне әлі оқығам жоқ. Батылым бармай жүр еді. Енді оқып берем. Тыңдай бер, Қарлығаш. Көкпай қасына Абай келеді. Қобалжып көңілі бұзылған:

— Оқы, Көкпай! Оқы, бауырым! ...Бұныңа рахмет... Тіпті жаман емес.

Күй ойналады. Селеу басын жел теңселтеді. Шексіз кең қазақ сахарасы. Күрсініп соққан жел ақ селеуді теңіз бетіндей толқытып жатыр.

Соңы

author

Абай

КОМПОЗИТОР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...