Фариза Оңғарсынова апайым ауырып жатқанымда үйіме арнайы іздеп келіп, өмірге құштарлығымды оятты...

ӘДЕБИЕТ
3234

Айжарық Абылқасым – 1961 жылы 10 қазанда бұрынғы Семей облысы, Мақаншы ауданы, Жарбұлақ ауылында дүниеге келген. Ақын, Үржар ауданының құрметті азаматы. І топтағы мүгедек. «Сағынған көздің моншағы», «Жүректе бүгін сызат көп», «Махаббатым менің», «Ең бақытты шақтарым», «Көңілдария», «Сен жанымда жүрсең», «Өлеңқұдірет», «Мен әлі ғұмыр кешем» кітаптарының авторы. Республикалық мүшайралардың жүлдегері.

Қаламгер бір сұхбатында: «Менің басты жетістігім – ауруды жеңгенім шығар», – дейді. 1989 жылдың күзінде, жиырма жеті жасында, Семей облыстық ауруханасына өз аяғымен кірген ақынды зембілге салып алып шығыпты. Ғұмырының жиырма бес жылын сырқатпен күресіп өткізсе де мойымай, ерік-жігерінің арқасында ел әдебиеті мен мәдениетіне елеулі үлес қоса білген қаламгер.

Айжарық ағамызбен осыдан бірер ай бұрын таныстым, кейін іздедім. Оның нәтижесі осы ­– өзіңіз оқып отырған сұхбат. Екеуара емен-жарқын әңгімеден ақынның қайсар рухын, болмысын өздеріңіз тани жатарсыздар, мәртебелі оқырман.

– Ар ма, аға! Сізден сұхбат аламын деп ойлағаныммен, қорқақсоқтағаным рас. Өйткені сіз – күрделі тұлғасыз.

Әңгіменің «біссімілләсін» дәстүр бойынша бастаған жөн болар. Бала кезіңізде сурет салыпсыз. Ал бала Айжарықтың портреті қандай? Туған жеріңіз, отбасыңыз, өскен ортаңыз жайлы айтып бересіз бе?

– Бұл сұрағың мені түнімен сурет салып, «әке-шешем осыны көріп, мақтаса ғой» деп армандап, жүрегі лүпілдеп, таңды көзбен атырса да, дастархан басына ұйқысы қанған балаша отыратын өткен дәуренге апарып, бала Айжарықты көз алдыма әкелді. Таба нанның иісі мұрнымды қытықтап... Шіркін-ай! Шексіз бақытты сәт қой ол!

Менің ауылым – Қазақстанның оңтүстік-шығысында, Алакөлдің жағасында орналасқан тарихи жер. Қазіргі Абай облысы Үржар ауданына қарасты Қабанбай батыр ауылы. Қаракерей Қабанбайдың топырағы ғой, біз сол батыр бабаның ұрпағымыз. Бұл жерде туып, ақын болмау да мүмкін емес, сурет салмау да мүмкін емес.

Үйде сегіз бала – төрт ұл, төрт қыз өстік. Әкемнің аты – Құбаш еді, анамның аты – Ақайша. Әкемізді «аға» дейтінбіз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің деген» сөзде үлкен мағына бар. Әкем мен анам қазір өмірде жоқ, алайда олардың берген тәрбиесі мен мейірімі маған өмірлік азық. Жандары жаннатта, топырақтары торқа болғай!..

Әкем жарықтық жан-жақты адам еді: күйшілігі де, жыршылығы да, шешендігі де, әншілігі де, аңшылығы да бар болатын. Көнеден қалған қисса-дастан, аңыз-әңгімелерді жатқа соғатын. Алтайдың күйлерін нақышына келтіріп тартатын. Күйді тартпас бұрын оның авторы туралы айтып, күйдің шығу тарихынан сыр шертетін.

Ол кісінің тағы бір асыл қасиеті – әкем қайда жүрсе де Арқа әндерін, Ақан сері мен Мәдидің әндерін, Дәнеш Рақышевтің әндерін дәріптеп жүрді. Бұлардың бір бөлігін Балтабай Адамбаев магнитофонға жазып алған. Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғалымдары да әкеміздің аузынан біршама деректер естіп, хатқа түсірді.

Сондай әкенің қасында жүру үлкен мектеп деп ойлаймын. Әңгімені тыңдау мен айту, адамдардың мәмілеге келуі, тіпті спорт – бала күнімде адам бойындағы асыл қасиеттердің бәрі біздің үйдің төңірегінде деп есептедім. Өйткені әкеме келіп кететін кісілердің өзі ғажап еді. Сол кездегі атақты Ғабдуали әнші, Мәмбет Қошқарбаев, Шығыс Түркістаннан келген Құсмилла ақын немесе ақын, ғалым Балтабай Адамбаев, және Үрия Тұрдығұлова сияқты мүйізі қарағайдай ағай-апайлар қарашаңырағымыздан дәм татып, әкеммен әңгіме-дүкен құратын. Бертін келе Жәнібек Кәрменов, Мәдениет Ешекеев секілді алыптар да төрімізде отырды.

Дарын, әрине, Алланың, табиғаттың құдіретімен келетін, әкенің қанынан, ананың сүтінен даритын кие ғой. Десе де, сондай аңыз адамдардың ізі, әңгімесі, сөзі мені өлеңге, сурет салуға аса құштар қылып жіберді ғой деймін.

Ес кіргенше қой жайып өскен баламын. Қой жайып жүргенде көрген даланың ғажап дидарын, көкжиектің керім көрінісін үйге келген соң ақ қағаздың бетіне түсіруге тырысамын. Сол себепті де жазудан бұрын сурет салуды үйренген секілдімін.

Бірінші-екінші сынып оқып жүргенімде-ақ мұғалімдер әртүрлі сурет салуға тапсырма беретін. Ол кезде компьютер секілді керемет дүниелер жоқ, бәрін қолмен сызасың. Мен мектептегі қабырға газеттерін езбе бояулармен салатынмын. Мұғалімдерді разы қылғым келгенінен болар, осынау істі жақсы көрдім. Сөйтіп жүріп «Қазақстан пионері» газетімен хат жазысатын болып алдым. Суреттерім мен өлеңдерімді жолдаймын. Өлеңдерім жетті ме, жоқ па, білмеймін – әйтеуір үш-төрт суретім сол газетте шығып жатты. Соның біреуі үйде сақтаулы тұр. Сол кезде оның редакторы кім болғанын қайдам, бірақ кейінгі шыққан біреуінің редакторы Фариза апайымыз екен. Фариза апаймен таныстығым мектеп жасымнан бастап, кейінгі жылдары танысып, араласып кеттім деуге болады. 

Жоғарыда айттым ғой, түнімен сурет салып, оны көрнекі жерге іліп-іліп қойып, жүрегім лүп-лүп етіп көрер таңды көзбен атырсам да, дастархан басына сергек отыратынмын. Содан соң «ананы көрдің бе?!» деген кісіше әкеме көзімнің қиығымен қараймын. Ол болса бірден айтпай, алыстан орағытып келіп, әңгіменің тиегін ағытатын, «Міне, Айжарық суретті әжептәуір салатын болыпты» деп мақтайтын соңында. Шынында да әжептәуір саламын. 

Иесіз қалған үйлердің қабырғасына көмірдің қарасымен сурет салып кететін кездерім де көп болған. Қасынан өткен жұрт мұны кім салды деп таңғалысатын. Ал мен ешкімге ештеңе айтпай, тек сыртынан аңдып жүретінмін. Сондағы ойым – кімнің не дейтінін есту. 

– Кейіпкерлеріңіз кімдер немесе нелер еді?

– Негізгі кейіпкерлерім қашып бара жатқан еліктер, тығылып отырған қоян, қасқырмен алысып жатқан әкемнің тазысы еді. Келе-келе небір детективке құрылған үлкен-үлкен альбомдар жасап тастадым. Бельгияның атақты жазушысы Жорж Сименонның комиссар Мегрэ туралы жазған шығармасын оқып, қанішер қылмыскер мен адал тергеушінің, оған көмектесетін ауыл адамдарының бейнесін қиялдан жасап, сурет қылып саламын да, альбомға түсіремін. Үйге келген қонақтар сол альбомдарды көріп, таңғалып отырады. Мені шақырып, кейде бір сом, кейде елу тиын береді. Мәселе ақшада емес, біреу сурет төңірегінде пікір айтса екен деп күтетін жүрегімде. 

Қолыма қалам мен қылқаламды қатар ұстап туған жанмын десем де болады. 

Оларға өз өлеңдерімді де оқып беретінмін. «Қайдан жаттап алдың?» – деп сұраса, «Қабырға газетінен», – деп жауап қатамын. Ал қабырға газетіне өз өлеңімді жазарда «кімдікі?» – деп сұраған адамға «Ана біреудікі», – ғой деп біреудің есім-сойын немесе «Мына газет/журналдан алдым» деп бір басылымды атай салатынмын. 

Менің түсінігімде, ақын – суретші, суретші – ақын. Салынған суретте поэзия бар да, поэзияда сурет бар. Образ, деталь, пейзаж – екеуіне де ортақ дүние. 

Айжарық қолынан бояу кетпей жүретін, пәлен сағат сурет салып, ертесіне бояу алу үшін анасынан елу тиын сұрайтын бала еді. Ананың бәрі мейірімді ғой, сұрағанымды беретін. Мен болсам ол ақшаға бояу сатып әкеліп, суреттің бітпейтін қызығына қайта батып кететінмін. Әбден қалжыраған соң беті-қолым, үсті-басым бояу-бояу боп, алаңсыз ұйықтап жататынмын. 

Бозторғайлардың, қараторғайлардың шырылдағанына, жер бауырлап ұшқанына қарап, сурет қып жататын, көкірегінде өлең тулап жататын Айжарық бала кезде қандай болса, қазір де сондай. Сондықтан мен бәріне құштармын: сұлулыққа да, әдемілікке де, сөзге де, әнге де. Сол сұлулыққа әлі де мейірім қанбай қалғып кетіп, мейірім қанбаған күйі оянып жүрмін, қарғам. 

– Еншіңіздегі ерекше бақыт игі жақсылардың көзін көргеніңіз ғой. Тағы кімдерді ерекше атар едіңіз? 

– Бұл сұрағың ұзақ әңгіме айтып отыруды қажет етеді, десе де айтып көрейін.

Қайбір жылы Жүсіпбек Елебеков ауылға концерт қоя келгенде біздің үйде жата қонып, әкем екеуі таңды таңға асырып, ән, өнер жайлы әңгіме айтқан. Ән салғанда қандай! Кейінірек Дәнеш Рақышовты көру бақыты да бұйырды. Оның ән айту мәнері тіпті бөлек. Алтай қазақтарының мәнері ғой. 

Ол кезде өнерпаздар жеке-дара жүрмейтін. Өзіне ұқсаған біртумаларды ерте келетін. Бір байқағаным, олардың бойында қызғаныш, бір-бірін көре алмау секілді қара ниет, бөтен пиғыл, бәс-бәсеке болмайтын. Ішіне ине айналмайтындардың, өзінен асып бара жатқанды көре алмайтындардың пайда болғаны бертін келе ғой. Ондай мінезден таза, мінсіз өнер туар ма!

Сол шақтарда танысқан жақсы-жайсаңдардың қатарында Тұрсын Жұртпай да, Фариза Оңғарсынова да бар. Фариза апайым мен ауырып жатқанда үйіме арнайы іздеп келіп, өлеңдерін оқып, ақыл-кеңесін айтып, өмірге құштарлығымды оятқан. Әкем мен Фариза апайдың бір-бірін тұңғыш және соңғы рет көргені сол кез шығар. Екеуінің бір-бірін түсінісуі, әкемнің қандай деңгейдегі адам екенін ол кісінің бағалауы... керемет енді. Әр адам бір табиғат қой. Өзіңнің табиғатыңды өзгеге көрсете алсаң және өзгенің табиғатын өзің көріп, орманын аралай алсаң, осының өзі бір адамдықтың биік шыңы емес пе!? Ал білім – жолдан жолығатын, ізденімпаздықпен келетін нәрсе. 

Кейін аяқтан тұрып, Алматы, Астана барғанда ақын апайыммен жолығып жүрдік. 


(Фариза Оңғарсынованың іздеп барған кезінде бастан кешкен көңіл-күйін ақын «Фариза әпке!» деген өлеңінде нәзік сезіммен, асқан сыршылдықпен өреді:


Фариза әпке!


Сіз келіпсіз...
Ал мен үйде толғанам.
Кімнен көрем бір бақытты қонбаған.
Ылғи екеу боп тұрады жол маған,
Көршім болды тағдыр деген оңбаған.

Сіз келіпсіз...
О, тәңірім өңім бе?
Өңім болсаң құшағымнан бөлінбе.
Тебіреніңіз Қабанбайдың елінде,
Тербеліңіз Алакөлдің төрінде.

Сіз келіпсіз...
Көңілде үміт қауласын.
Көкірек бір, көншісін – жыр жауғасын,
Тірісінде көрмеген бұл өлкеде
Әруағы Мұқағали аунасын.

Сіз келіпсіз...
Шаттанады шартарап.
Аспанға атсын, қалған көңіл орталап.
Ал, мен келем адрессіз аймақта
Жауыр болған жан азабын арқалап...

Айжарық Абылқасымов, 1992 жыл.)


Айжарық ақын жас оқырмандар арасында


– Әкеңіздің портретін сипаттап бересіз бе? 

– Әкем орақ тұмсықты, қайқы шекелі, орыстар «ежик» дейді ғой, сол секілді тік шашты, көк көз, денелі кісі болатын. Нағыз даланың адамын бейнеле десе, ойланбай әкемнің портретін салар едім. 

Ол маған әке ғана емес, өмірлік ұстаз бола білді. Мен ғана емес, ауылдың ортасында, ағайынның арасында үлгі аларлықтай тұлға болды ол кісі. 

Үлкен қызметте істемесе де, колхоздастыру кезінде, одан бері қарай совхоздық кезеңде Алакөлім деп, далам деп, экологияға мән беріп жүретін. Бір басына жететін өнері өз алдына, шахмат пен дойбыны да жақсы ойнады. Әр нәрсеге ерекше мән берді. Бәрін асқан талғаммен таңдайтын. Тіпті анамыздың өзін де таңдап алған секілді. 

Ауыл адамдарының алқа-қотан отырып кеңес құратыны, әңгіме өрбітетіні бар ғой. Міне, сондай отырыстардың ортасында қалқайып әкем отыратын.  Біз соның шет жағасын көрдік. Мұны ұлттық байлық деп есептеймін. Яғни, тәрбиенің қайнар көзі. 

Сол шақтар есіме түссе, біздің ғасырдағы, жаңа замандағы тәрбиені осындай қоңыр әңгімеден, ардақты әке, аяулы анадан, оттан шыққан таба наннан, ошақтан көтерілген қою көк түтіннен, кішкентай ауылдың ауасынан, жылы сөзден, әдемі әндерден, өрелі өлеңдерден – осындай ешкімге ұқсай бермейтін, жалтақтауды білмейтін қыран мінезден, кеудесіне көп дүниені сыйдырған, шежірелі адамдардан іздеуіміз керек сияқты. 

– Бала кезіңізді сағынатын секілдісіз...

– Жасым алпыстан асты. Дегенмен осындай жылы ортаны, адамға деген жылылықты, мейір-махаббатты, мөлдір сезімді әкемнің төңірегінен, әкемнің шаңырағынан, анамның ошағының жанынан әлі іздеп, әлі де жүрегім өрекпіп тұрады. Сағыныш деген де осы шығар...

– Жоғарыда «қылқалам мен қаламды қатар ұстап туған жанмын» дедіңіз. Алғаш жазған өлеңіңіз есіңізде бар ма? Ол не туралы еді? Жазуға не түрткі болды?

– Әңгіменің басында айттым, әкем сегіз қырлы, бір сырлы жан еді. Ол кісі ақ сұйықтық затпен, тіпті, тіс пастасымен мейрамдарға байланысты лозунгтар жазып жатады. Сол кісіге еліктеп, жазған-сызғандарына қарап шабыттанып, сондай лозунгтарды кейінірек мен де жаза бастадым. Бірақ оның бастауында бағана айтқан қой жайып жүріп көрген табиғаттың ғажап суреттері тұрды.

Ауылдың ортасында радио тұратын, содан бүкіл далаға ән естіліп жататын. Сол әндердің көбісін жаттап аламын да, қой бағып жүргенде оған өзім сөз қосып айтамын. Ол кезде ақын боламын не жазушы боламын деп армандамаған да шығармын. Әйткенмен бүгін бүр жарған көкірегімдегі гүлдің дәнегі сона-а-ау кезде егілді ме деймін.

Алғаш жазған өлеңімді сұрадың ғой. Шынымды айтсам, тұңғыш жазғаным осы деп тап басып айта алмаймын. Өйткені сұлулыққа, тазалыққа жаны құштар мен жаныма жылы ұшырағанның бәріне бір-бір өлең арнайтынмын.

Кісісі қайтқан үйлерден шыққан азалы дауысты, жоқтауды естіп, «қаза болу, өлім деген не нәрсе? Жоқтап жатқандары қалай?» деп ойланатынмын. Ондай кездерде ойша біреудің атынан жоқтау айтатын кездерім де болған. Біреулер күліп, біреулер ұрсып, «қой, олай етпе» деп жататын.

Кейде өзім құралыптас балаларды өлеңмен әжуалап, мазақтап, кейде теріс әрекеттерін, оғаш қылықтарын сынға алып та жазатынмын. Сондай өлеңдердің бірі:

Берік алып қаламын,

Деді сурет саламын. 

Салып еді мысықты,

Мысық әйбат түсіпті, – деп басталатын. Әрине, мұны өлең деп айтуға келмейді, дегенмен тырнақалды дүниелерім осындай-тұғын. 

Жалпы біздің тұқым сауатты, білімге, ғылымға жақын еді. Содан болар, әкем мен айналамдағы үлкен балалардан қасынан қалмай, оқу мен жазуды ертерек үйреніп алдым. Мектеп жасына жетіп, алтын ұяның табалдырығынан аттаған кезде ол жағы маған аса қиынға соққан жоқ, сабақты өте жақсы меңгеріп кеттім. 

Есімде, бастауыш сыныптың өзінде мұғалімнің тапсырмасын ылдым-жылдым орындап тастап, өз шаруаммен айналысып отыратынмын. Сондағы айналысатын нәрсем – сурет салу, қабырға газеттерін жасау, соған өлең жазу, т.б. Ал түрлі-түсті бояумен түні бойы салатын суреттерім қазір жадымда жаңғырып тұр және сол алуан түрлі бояудың иісі әлі күнге дейін мұрныма келеді. 

Жетінші сыныпта оқып жүргенімде, нақтырақ айтсам, жетпіс алтыншы жылы «Қазақстан пионеріне» жіберген «Жорықта» деген суретім жарыққа шықты.  Сол сурет жеке мұрағатымда әлі сақтаулы тұр. «Қазақстан пионерінің» сол санын алып қуанып, мектепке алып-ұшып жеткенім есімде. Содан кейін сурет салуды мүлдем тоқтатқан емеспін. 

Германияда әскери борышымды өтедім. Ол жақта да суретке, безендіруге қатысты жұмыстарға тығыз араластым. Әскерден қайтарда альбомымды өзім жасадым, әр бетіндегі суреттерін өз қолыммен салдым. Жанымдағы жігіттердің альбомын да асқан ынтызар пейілмен жасап безендіріп бердім.

Өмірді қаламыма сүйеніп көріп келе жатырмын. «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» дейді ғой. Әкем де көпті көрген кісі еді. ортам да сондай, тағдырлы орта болды. Көп білген сайын тағдырың да ауыр болады, дейді ғой... 

Тақырыпқа қайта оралайық, суретшінің өзі өлеңге жақын келеді немесе ақынжанды адам өзі суретке жақын болады. Себебі екеуі де бейне іздейді, екеуі де образ іздейді. Екеуі де табиғатқа жақын, екеуі де нәзік, екеуі де батыр. Екеуі қатар аққан өзен сияқты. Сурет пен өлең – біреуі күн болса, екіншісі түн немесе біреуі көлеңке де, екіншісі жарық сияқты. Екеуі – бір-бірін толықтырып тұратын, ұқсастықтары өте көп өнер түрлері. Екеуіне де тұма талант, терең ой, асқан сезімталдық, ерекше қабілет керек. Суретте өзге кісі көрмеген дүниені көріп, өзге жан байқамаған құбылысты байқап, басқаға ұқсамайтын жаңа бейне жасап шығару керек болса, өлеңде де ешкім бара бермейтін тақырыптарға барып, ешкім айта бермейтін сөзді айтып, оқырманды ойға жетелеу, мұңның мөлдір бұлағынан мейірін қандыру қажет. Суретте бояуды қалай жаққаның маңызды болса, өлеңде сөзді қалай тапқаның басты назарда тұрады.

– Қазір сурет салып тұрасыз ба?

– Сәби жүрекпен ғашық болып, балапан қолмен ұстаған қалам мен қылқаламды қолымнан еш уақытта тастаған емен. Алла ұзағынан қылғай да!

Жаздың басы ғажап уақыт қой: бұлбұлдар сайрап, гүлдер жайнап, жан сарайыңды ашады. Соның өзі жұмыр басқа не түрлі ой салады. Кейде демалып отырып көңілімде сурет кескіндегендей боламын. 

Қазір мәдениет үйінің директорымын. Жұмыс кабинетімде сан бояудың сырына үңіліп, балалық шақтағыдай салмасам да, қарындашпен, фломастермен бірнәрселерді сызамын. Салайын деп салмайсың ғой, өзің байқамай қаласың. Кейде әлдекіммен әңгімелесіп отырсам да, ақ қағазға әлдене сызып отырамын. Бұл не, шабыт па? Ендеше, міне, суретшілік пен ақындықтың арасындағы ұқсастық. 

– Өзіңіз ерекше ықыласпен айтып отырған Төлеген Айбергенов бір өлеңінде:

«Ақын боп өмір кешiру оңай деймісің, қарағым,

Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.

Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,

Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар торабын...» – деп толғайды.

«Ақындық деген – өмірдің қарапайым прозасынан поэзия табу», – дейді Белинский. «Ақындық – таңдаулылардың құлдық қызметі», – дейді Цвейк. Жалпы бұл туралы дәйексөздерді көп келтіруге болады. Сіздіңше, ақындық деген не?Шабыт деп жатырмыз ғой. Талант ше? Ол адаммен бірге туа ма, әлде еңбекпен келетін шеберлікті солай атаймыз ба?

– Ақындық ұлт таңдап қонбайды. Шәкірім айтпақшы, «Адамның бәрі өз халқың». Өйткені адамзат баласының бәрінде бір жүрек, бір сезім, бір ой, бір өлім болады. Дегенмен әрқайсысына әртүрлі тағдыр бұйырған. Ендеше әртүрлі тағдыр әртүрлі кеудеден шыққанда әртүрлі ұядан ұшқан балапандар сияқты әртүрлі самғайды, әртүрлі ортада болады. Бірақ бәрінің де аспанды тастап, басқа аспанға кетуі мүмкін емес. Ақын деген – менің түсінігімде, ең жақсы адам.

Өнер адамы, суретші болсын, ақын болсын, әрине, адамына қарай оның әртүрлі деңгейі болады. Отбасындағы тәрбиесі, өскен ортасы – бәрі дарынның қалыптасуына әсер етеді. Талант өзі ауылынан, ауданынан, облысынан көтеріліп шығуы, қатарынан қара үзіп алдыңғы шепте көрінуі – осы қалыптасу кезеңіне байланысты. Нағыз ақын халыққа жақындығымен, өз ұлтыңның әдебиеті, ұлтыңның суреті, ұлтыңның ойы, ұлтжандылық секілді дүниелерді бойына жұқтыруымен көрінеді. Оның бәрі, бірінші кезекте, талантқа байланысты.

Мен талант еңбекпен ғана келеді дегенге көп келісе бермеймін. Қазақ: «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге», дейді. Әншілік те, жыршылық та, ақындық та, күйшілік те тектен келеді. Ең қарапайым мысал, адамның ажарлы болмағы – оның ата-бабалары мен апа-әжелерінің кескін-келбеті мен түр-тұлғасына байланысты.  Ғылым дәлелдегендей, тұқым қуалайтын ауру түрлері де бар. Сол секілді, жаман қасиеттердің де «алдыңғылардан мирас болып қалатынын» көріп-біліп жүрміз. 

Сондықтан ақыл да, дарын да, сондай ұлы қасиеттер де адаммен бірге туады. Әкемді көп айта беретінімнің сыры осында. Әрине, әкесі сондай болды деп содан аумайтын бала тумауы бек мүмкін. Бұл – табиғат-ананың жұмбағы. Ол араға жылдар салып, ғасыр салып қайталануы мүмкін. Батырлық та, палуандық та солай. 

Қорытындыласақ, ақын деген – адамның жүрегіне, жанына әсер ететін құдірет иесі. Менің жүрегімде де аяулы ақындардың бейнесі, өлмес өлеңдері сақтаулы. 

– Ал жақсы қасиеттер әкеңізге кімнен дарыған?

– Аталары мен нағашыларынан. 

Алдыңғы сөзімді сабақтайын. «Талант адаммен бірге туады» дегенде, нақтылап кететін жайт бар: ол – таланттың көзін ашу, бойға жұққан өнерді дамытып, ары қарай іздену. Менің әкем де қаннан келген қасиетін ары қарай дамытып, бізге қалдырды. 

Әдебиеттегі жолыңызды ашып, ақ батасын берген қаламгер ұстаздарыңыз жайлы айтып беріңізші? Жалпы қай қаламгерлерді үлгі тұтасыз?

– Мен әдебиетті өмір деп, өмірді әдебиет деп түсінемін. Бірақ әдебиетке келуіме мына қаламгер әсер етіп, жолымды ашты деп айта алмаймын.

Бұған дейін бала кезімде қой жайғанымды айттым ғой, сол кезде өзіммен бірге бір-екі кітап ала кететінмін. Менің ұстаздарым – қой бағып жүріп оқыған кітаптар. Қолымнан жетелеп жүретін ақындық мектебі болмады. Ондай мектептің болуы да мүмкін емес. 

Мәселен, Қасым Қайсеновтың партизан шайқастары туралы жазған әңгімелерін сүйсініп оқыдым. Қалдарбек Найманбаевтың «Даңқ тұғырында» деген кітабын оқығанымда да бүкіл дүниені ұмытып, шығармадан бас ала алмай қалатынмын. Бердібек Соқпақбаевтың әңгімелері мен хикаяттары басқа жаққа мойын бұрғызбайтын. Сайын Мұратбековтің, Бауыржан Момышұлының шығармашылығына деген ықыласым да сондай ыстық-етін! Әрине, Абай атамыздан айналып өту мүмкін емес. Оны сондай бір түсіне қоймасақ та, шама-шарқымызша балалық ой, балалық көңілмен қабылдадық. «Абай жолына» жата-жастана бас қойдық. Одан кейін Ілияс Есенберлиннің махаббат хақындағы туындылары мен тарихи тақырыпта жазылған романдарына дендеп кіре бастадық. Содан соң Тахауи Ахтановтың прозасын, Ғафу Қайырбековтің, Мұзафар Әлімбаевтың өлеңдерін, Сапарғали Бегалиннің, Сәбит Мұқанов, Шоқан Уәлихановтың еңбектері де сонша қызықтыратын.

Үлгі тұтатын кісім – Шоқан Уәлиханов. Ол отыз жыл ғана ғұмыр кешкенімен, аз уақытта сонша ғылымды игеріп, кейінгіге мол мұра қалдырды. Шоқан адам баласының уақытқа тәуелді емес екенін және мүмкіндігінің шексіз екенін өзінің өмір жолымен дәлелдеп кеткен жан.  

Отыз ғұмыр кешіп, артына өшпес із қалдырған Төлеген Айбергенов те – ерекше жақсы көріп оқыған ақыным. Оның Төлеген Айбергеновке сабақ берген кісі екенін бірі білсе, бірі білмейді. Төлегеннен асырып өлең жазам немесе Төлегеннің биігіне шығамын деу бос әурешілік немесе ессіздік болар деп ойлаймын. Оның поэзиясы – тума, таза, гауһар тас сияқты құйылып түскен, тек аяулы сезіммен қабылдайтын поэзия. Сонымен қатар, Қарақалпақстанда туған ақын-ағамыз Өмірзақ Қожамұратовты да іздеп жүріп оқыдым. Қасым Аманжолов, Тоқаш Бердияровтың, Мұқағали Мақатаевтың, Қадыр Мырза Әлидің, Жұмекен Нәжімеденовтің, Күләш Ахметованың, Фариза Оңғарсынованың, Меңдекеш Сатыбалдиевтің өлеңдері де жырға сусаған жаныңның шөлін басатын, жұмбағын шешіп болмайтын баға жетпес дүниелер. Олар екі тумайды ғой. Қайта келмейді ғой өмірге! 



– Ал өзіңізден кейінгі ақындар туралы не айтасыз?

– Том-том кітап жазатындар бар да, санаулы өлеңмен әдебиеттен ойып тұрып орын алатындар бар. Кейде бірнеше шумағын ғана оқып, мойындайтын ақындар болады. Солардың бірі Артығали Ыбыраев еді. 

«Адамдар сыйған табытқа

Ақындар бірақ сыймайды», – деп жырлаған ол. Өзім оны тіріде көргенім жоқ. Бірақ осы жолдары ерекше есімде қалыпты. 

Ал жастар туралы айтар болсам, Ержан Алаштуған, Дәурен Берікқажы, Қалқаман Сарин, Ерлан Жүніс, Танагөз Толқынқызы, Мақпал Мыса секілді іні-қарындастарымды оқып тұрамын. Олар енді орта буынға айналып үлгерді ғой. Одан кейінгілерден Мерей Қарт секілді жастарды оқимын. Бір ақынның ғана аты-жөнін атағаныма бола жас ақындар ренжи қоймас. Себебі өлеңдерін тұшынып оқығанмен, есім-сойын ұмытып қалатын кездер де көп болады. Барынша көп оқуға тырысқаннан да солай болатын шығар. 

Сондықтан мынау бір ғажап екен деп бөліп алып қарасаң әбестік болар. Әр ақын, әр азаматтың өз болмысы бар. Әрине, кезегі келгенде уақыт-төреші сұрыптап, өзінің бағасын міндетті түрде береді. Аталарымыз «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деп бекер айтпаған.  

– Мұныңызбен әбден келісемін, аға. Жазуға ынтық жас қаламгерлердің өзіне қатысты білгісі келетін жайттар жеткілікті. Талант жайлы айтып, өлең туралы түсінігіңізді ортаға салып жатсыз. Өзіңізден кейінгі қаламгерлерді де атап өттіңіз. Жас авторлардың өлеңдерін оқығанда «бұ қалай болды?» дейтұғын қандай қате-кемшіліктерді байқайсыз? 

– Қазіргі ақындар шайдың басындағы тақпақ пен шынайы поэзияны шатастырмаса екен деймін. Бір-екі ауыз сөзді құрағанға аузының суы құрып таңғалғансып, «Ойбай, мынау ақын екен» деп баға беретін ортаға өкпелімін. Бір-екі кітапты оқи салып, білімді болып кеттім, ақылды болып кеттім дейтін адамдарға өкпелімін. Жоқ, оның бәрі – табиғаттың сыйы. Соны түсінетін айналадағы адамдардың парасатына, өмірлік танымына байланысты нәрсе ол. Сондықтан қадір-қасиетіңді біліп жатса, сенің өлеңің қандай немесе жазған шығармаң қандай деңгейде екендігі, қандай ойларды көтере алдың, қандай ойларды айттың, қандай сөздердің мәйегін пайдалана алдың – шын білімді ақын оны өзі іштей сезуге тиіс. 

Жастар жаңашылдық дейді. Жаңашылдық жақсы-ақ, алайда көркем әдебиеттің тұнығын лайламауымыз керек. Қара өлең – құдіретті өлең. Формадан қашамын деп, қара өлеңнен қол үзуге болмайды. Бізге Владимир Маяковский керек. Әйтсе де ұлттық танымнан адасуға, шатасуға болмайды. Мәселен, Төлегеннің тармақтары он сегіз буыннан тұратын өлеңдері баршылық. Бірақ оған еліктеймін деп өз сүрлеу-соқпағыңнан көз жазып қалу – масқара. Өлеңнің сырт пішіні ырғаққа бағынып тұрғанымен, түп-тамыры жүректің тереңінде жататынын ұмытпайық. Кей ақындардың жеткізу шеберлігі, қаламының ұшқырлығы керемет болады, дегенмен одан жүректің лүпілі сезілмесе, мінез көрінбесе, әсер ала алмайсың. 

Тағы бір айтатын жайт. Талантты адамдардың оқшауланып қалатын жағдайы аз кездеспейді. Оның бір себебі ортасының болмауынан, қолында қызметі бар, билігі бар адамның кездеспеуінен шығар деп те ойлаймын. Қазір көп жерде ақша сөйлеп кетеді, аға-көке, тамыр-таныс сөйлеп кетеді. Кім көрінгеннің қалтаның күшімен, ақжағалылардың алқауымен сыйлық, марапат, ат-атақ алып жатқанын көзіңмен көресің. Жеке басым бұған өлердей қарсымын. Дегенмен осындай жағдайларды елемеген де дұрыс шығар деп ойлаймын.  

«Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» дейді. Сенің сөзің халықтың сөзі болуы керек. Сен қанша жерден жаңа сөз құрадым, ой таптым дегеніңмен, ол – кешегі сөздердің жәдігері, кешегі адамдардың қазынасы. Біз тек оларды тауып алып, жаңартып, мүмкін басқа жеріне басқа өрнек салып, қазіргі заманға жаратамыз. Қысқаша айтқанда, ақын өзінің өміріне, яғни ортасына жарайтын рухани сусынды өзі жасап ішеді. 

– Айжарық Абылқасымның басты туындысы өмірге келді ме?

– «Басты туынды өмірге келді ме?» деген сұрақ «Өмірді сүріп біттің бе?» дегендей көрінеді екен. Егер басты туынды жазылып бітетін болса, адам арманын тауысып, түгесіп тастайтын болса, шығатын биігіне шығып тастаса, онда жұмыр басты пенденің ғұмыры сол жерден аяқталатын шығар. Сондықтан өзіңнің басты туындыңды жазу – ғұмыр бойына созылатын процес.

Әр жазған өлеңің – бір-бір сәбиің секілді, «Мына балам ана баламнан артық немесе анау балам мынау баламнан тәуірірек» деп айта алмайсың. Десе де сәттірек шыққаны болуы мүмкін. Жазғандарымның көбі – тағдырыма байланысты кейде сәл мұңдылау, кейде өмірге құштарлықтан туған оптимистік тұрғыдағы өлеңдер. Философиға құрылған өлеңдер де жоқ емес. Әйтсе де мен махаббат тақырыбында көп жазбадым, өйткені жан-дүнием ол жаққа аса аумайды.

Қазір алпыстан астым: ақылым алда, қызбалығым артта. Осындай жақсы бір кезеңде әлі де жақсы туындылар туып қалады деп ойлаймын.

– Австриялық атақты психолог-философ Виктор Франкл «Өмірде мән бар ма? Оны жасай ма, таба ма?» деген сұраққа: «Өмірде мән бар. Оны табу үшін көкірекке құндылық құю керек», – деп жауап береді. Франклдың айтуынша, құндылық үш түрлі болмақ: Жасампаз құндылық (шығармашылық), сезім құндылығы (оқудан, көруден, сезінуден, білуден эстетикалық ләззат алу), позиция құндылығы. Мұның соңғысы алдыңғы екі құндылықты игеруге келмейтіндей қиыншылыққа тап болған адамның өмірге, өлімге деген көзқарасын білдіреді. «Сен бәрін білуші ең ғой» деген дастаныңызға осы жайды арқау еттіңіз. Сіз – жоғарыда келтірілген үш құндылықты да бойыңызға сіңірген жансыз. Осы ретте сұрайыншы, өмірдің мәні не?

– Негізі бұған оңашада жауап берген жөн болар. Бірақ керек деп тапсаң, сыр шертейін. Дін айтты ма, Франкл немесе мен айтайын – бір Жаратқанның бар екені рас. Тәңір дейміз, Алла дейміз, Табиғат-ана дейміз – түптеп келген бәрінің аты бір, ол – Құдай. Сол құдіреті күшті Құдай он сегіз мың ғаламды жаратты. Біз – Тәңірі тағала жаратқан табиғаттың бір бөлшегіміз. Сол құдіретті күш бізге ғұмыр сыйлады. Сонымен бірге әр тіршілік иесінің өмір сүруі үшін қажетті бүкіл дүниені жоқтан бар қылды. 

Адамзат баласы бұ дүниедегі тіршілік барысынша даму сатысының бар деңгейінен өтеді, ақылы арқылы Құдайға жетеді. Ақыл адамға жолдан жолықпайды, ол – адаммен бірге туатын нәрсе. Бейнелеп айтсақ, гүлдің, дәнді-дақылдың, жеміс ағашының дәнін егіп, оның гүлдеуі, жеміс беруі үшін баптап-күтіп, қанша уақытты сарып қылатындай құбылыспен тең. Сол ақыл жас өсе келе толысады да, үлкен өмірге кірісіп, қоғамға араласа бастағанда көрініс береді: гүл егілсе, жұпар аңқиды, дән егілсе қоршаған ортасына азық. Гүлге жердің құнары мен адамның күтімінен басқа, күннің жылуы, ауа-райының қолайлылығы керек екені сияқты, ақыл үшін де адамның өзінің ізденімпаздығы, адамдық қасиетінен бөлек, отбасының, өскен ортасының тәрбиесі өте қатты әсер етеді. Себебі олар мінез қалыптастырады. Менің бір хикаямда осы туралы толғамдарым кеңірек жазылған. 

Өмір сүру – өз тағдырыңды өзің жасау деген сөз. Мысалы Айжарық туғаннан кейін өзінің өмірін өзі жасауға тиіс: тамағын өзі табуға, өлеңін өзі жазуға тиіс, өмірлік жарын өзі іздеп табуға, онымен бақытты, бастысы, адамша ғұмыр кешуге, Құдай бала берсе, оны ала беруге, дұрыс тәрбие беруге міндетті. Өзің айтқан ғұламаның келтіргеніндей ғылым-білімді, өнердің түр-түрін, өмірдің қыр-сыр бойына сіңіруі қажет. 

Осы жерде айыр жолға кездесеміз және пікір таластырамыз. Бұл – ежелгі грек философтары Критобул мен Сократ атаңның арасындағы сияқты талас. Сократ: «Балықты не істеміз?», – дейді.  Критобул бұған: «Жейміз», – деп жауап береді. Сократ оған қарсы: «Бұл балық лай суда жүрді ғой, жаман құртпен қоректенді ғой. Оны не үшін жейміз?» – деп сұрақ қояды. Көрдің бе, біз өмірге «жеу» үшін келгенбіз. Бірақ балықты жейтін болсақ, оның суын да сыйлауымыз керек, қадір-қасиетін білуіміз керек. 

Осыны қазақы ұғыммен айтсақ, әңгімеміздің ауаны дала заңына қарай бұрылып сала береді. Қазақтың даласындай дала, қазатың аспанындай аспан, қазақтың ақыл-ойындай ақыл ой басқа халықта жоқ. Себебі әркімнің өз биігі бар. Ұлылығымыз өз алдына, қырттығымыз да, жаман мінезіміз де ешкімге ұқсамайды. Бірақ өзімізді бәрінен артық қойып, «қазақтан басқа ұлы халық жоқ» дей берсек, тек ұтыламыз. Біз кемшіліктерімізді түзету, береке, бірлік, ынтымақ, ұлттық тәрбие арқылы ғана, осының бәрін көкірегімізге құйып алсақ қана даналыққа, дұрысы, өмірдің мәнін дұрыс түсінетін жағдайға жетеміз деп ойлаймын. 

Бұл сұраққа әркім өзінше жауап беруге хақылы. Ал мен үшін өмірдің мәні, Абай айтпақшы, махаббат! «Махаббатпен жаратқан адамзатты...».

Әркім өзінше ғашық болады. Махаббат та адам сияқты, оның өз ғұмыры болады. Мысалы мен Гүлбаһрам апайыңды қаншама жыл іздеп, қазір бақыттымын деп шалқайып отырамын. Махаббат туралы жырларды көп көп жазбайтынымның себебі де – осы. Өйткені махаббат менің құшағымда. Ақылы толысқан, есі дұрыс, жүрегі бар адам әнді де, өлеңді де сол үшін жазады, өмірді де сол үшін сүреді. Айдалаға барып: «О, дала! О, тау! О, жұлдыз! Мен сендерді жақсы көремін, ғашықпын», – десең, одан ештеңе шықпайды. Ақын боп жырлап, ән айту үшін сенің жаныңда Гүлбаһрамың болу керек қой. Алла адамға өмірді сүю үшін жар берген екен. Сезім, ой, жүрек берген екен. 

Махаббат адамға ұдайы бақыт сыйламайды. Қуанышы мен қайғысын, шаттығы мен мұңын қатар береді. Алайда ғажап нәрселерді тудыратын – сол махаббат. Ендеше өмірдің мәні адамға тән ұлы махаббатта екен.

Әңгімені басқа тақырыпқа бұрсам деп отырмын, аға. Қазақстанның Тәуелсіздік алғанын қашан естідіңіз? Қалай қабылдадыңыз? Сіз үшін тәуелсіздік деген не?

– Тәуелсіздік деген – ұлы ұғым. Тәуелсіз мемлекет, тәуелсіз адам, тәуелсіз тіршілік, тәуелсіз арман – күллі нәрсе тәуелсіз. Тәуелсіздік деген – еркіндік. Бабаларымыз «саяси жүйе», «мемлекет» секілді қазіргі терминдерді білмесе де, осы қасиетті Тәуелсіздік үшін соғысты, қанын төкті, жанын берді. «Ұрпағым еркін өмір сүрсін, жетім баланың күйін кешпесін, тәуелсіз болсын» деді олар. Күні кешегі Алаш арыстары да, Мұстафа Шоқайлар да, Тұрар Рысқұловтар да қайтсек те қазақ еліне, ұлтына тәуелсіздік алып береміз деп, сол асқақ арманның жолында шейіт кетті. Сонда тәуелсіздіктің қажеті не еді? 

Еуропада алақандай болса да Люксембург секілді мемлекеттер бар. Бірақ олар тәуелсіз. Тәуелсіз елдің ұлттық ділі, тілі, салт-дәстүрі сақталады. Тәуелсіз елдің өзінің білім-ғылымы, өнері, ән-әуені, өндірісі болады. Яғни ұлт жойылмауы үшін, ұлттық рух жойылмауы үшін Тәуелсіз мемлекет қажет. Ендеше тәуелсіздік мемлекет – деген тәуелсіз рух, тәуелсіз адам. Демек, біздің жағдайда, Тәуелсіздік – тәуелсіз қазақ адамы. 

Тәуелсіздік туралы көп ойладым, көп армандадым. Бұған аты аталған азаматтардың арманы арқылы жеттім. Алғаш естігенде ата-бабаларымыз үйіме: «Әй, Айжарық, біз келдік», – деп кіріп келгендей әсер алдым. Алапат қуаныш бойымды кернеді. 

Егемендікке қол жеткіздік екен, шүкір дейміз. Бірақ осыған шүкір деп жағамыз жайлауда, бейқам жүруге хақымыз жоқ. Азаттық бізге ата-бабаның қанымен келді ме, ендеше соның қадір-қасиетін білуіміз керек. Даламыз бен қаламызға, шөліміз бен көлімізге, орманымыз бен тауымызға мейіріммен қарап, қорғауымыз қажет. Ал жиырма бірінші ғасырдағы «қорғау» ұғымы ғылым-біліммен тікелей байланысты. Қай саланың маманы болсақ та, сол мамандықты мейлінше терең меңгеруге тиіспіз. Далиып жатқан далаңа маңдай теріңді төгуің қажет.  


– Әңгіме соңында өзіңізден өлең сұрауды жөн көріп отырмын, аға.


Мінез


Асылым-ау алып қалған әкемнен.

Анашымнан арқалап күш әперген.

Менің мынау тірлігімді қорғаштап,

Ақ семсерін аздап кейде көтерген.


Ұқсайсың сен ұрып соққан Ебіге,

Аты мәлім арыға да беріге.

Қыбыланың қылығы бар қайтейін,

Қызып кетсе жететін түп жеріңе.


Шуақ қандай шудаланып төгілген,

Көңілі тек көкжиектен көрінген.

Өмірдің де сен жүресің алдында

Ауыр тұста ақылым да шегінген.


Өлеңімнің өрнектедің өн бойын,

Суық күнді сүйреп жүріп тоңмойын.

Жанарымды жеткіздің сен алысқа

Қалып кеткен шақтарымда мен кейін.


Бастырмадың көп тағдырға еңсемді,

Талай жылдар біздің үйде теңселді.

Жазмышқа да жалғыз қарсы тұрдың сен

Артық берген адамға тән мөлшерді.


Сол айқастар сәл өзіңе дақ салды,

Оқшантайға у аралас оқ салды.

Қара түнде қалдық талай екеуіміз

Суырғанда суық жылдар топсамды.


Соның бәрі көңілімде обал не,

Жарқ етсем бір жаным қалмай, содан де.

Арасында әлдеқандай шақтардың

Суық сөзге суырдым ба, сені әлде?!


Лаулаған от көкірегіме ап келдің,

Ұстай алмай ұрысқа ерте лап бердің.

Мен өмірге ынтық кезде ес-тұссыз,

Арманыңа жетіп ал деп ат бердің.


Аспанға атты арғымағым сен мінген

Аударылмай қаларыма сендім мен.

Таптап өтсем –тағдыр шығар ол да бір

Ауыздық жоқ асауларда мен білген.


Қайран мінез – мінің де бар бекерден,

Жалауыңды жықпай қырсық көтерген.

Өкінішпен тым жақынбыз сол үшін

Кешірім де сұрап өстік бөтеннен.


Ой-хой, дәурен ортаң болмай тұр әттең,

Көсілер ем көзің болса қыратпен.

О,Туған жер – кешір кіндік ұлыңды

Бір-ақ уыс топырағың ғой, бірақ мен!


Түтін иісі


Түтіннің иісі – тірлік қой жаным, шынында,

Туғаннан бері сіңіп-ақ қапты мұрынға.

Адамдар қанша адасып өткен лауламай

Бір өлең емес, бір сый да көрмей ғұмырда.


Ауылдың іші, асығыс өткен күн қанша,

Көтеріп кетті уақыт мойын бұрғанша.

Әу тұста менің анашым бейне жүргендей,

Ошағын көсеп, біздің үй әлі тұрғанша.


Қап-қара мұржа түтінге қою бататын,

Қысқашы қисық қызмет етіп жататын.

Табадан шыққан қып-қызыл тәтті күлшені,

Алғашқы болып анашым өзі тататын.


Әкешім келер әлдебір істі тындырып,

Қарсы алушы еді, жүзіне анам нұр кіріп.

Тәңір-ау, сонда түтіннің иісі аралас,

Таратар еді тападан анам сындырып...


Дәриға-ау деші, жететін оған дәм қайда?

Қалып-ақ кетті мәңгілік бала таңдайда.

Бір-екі кесе шәйінен кейін әкем де,

Бастайтын еді «Ғалиясынан» ондайда.


Ух жаным енді, өшпейді мәңгі бұл оттар,

Түтінін созған тірлігі таза қыраттар.

Аласа үстел үстінде жатқан қантты аңдып,

Отырушы едік, аңырып қалқанқұлақтар...


Күндер де кетті қақпадан шығып біртіндеп,

Зиратқа соғам жүректе жасым іркілдеп.

Сағыныш толы жолдарда жүрем өмір-ай,

Көңілдің іші көші ұзап кеткен түтіндеп.


Өмір де сірә, болмайтын шығар өтпеген,

Тегінде көңіл терең де болар кеппеген.

Адамдар мені түсінер деп те білмеймін,

Түтіннің иісі түсініктеріне жетпеген...



Іздер


Кеміреді ой көңілімді ызғарлы,

Бұлыңғырлау бұрылыстар бізге алғы. 

Маңдай соқтық көз көрмеген жерлерге

Содан менің жүрегімде із қалды...


Ой сүйеді бой мұздатқан тереңді,

Тереңдікте толғантады кедергі. 

Өмірімде өңі жылы бәрінің

Бір із қалды асығыстау бедерлі. 


Ол із мені бастап барды тарапқа,

Бұйра топырақ бұрқырап қос балақта. 

Ыстық маған бала көңіл адымдар, 

Сағындырып қалып кеткен сәл артта. 


Мектеп маңы ізім қалды шымырлап,

Шақырмаған шағы өмірдің қиындап. 

Күргейлеген көзіме бір із салып,

Ол кезең де өте шықты құйындап. 


Құшаққа алып ұмтылғанда жанжақты,

Арман маған қырын түрлі аңғартты.

Қыз қолынан алғаш ұстап қалғанда,

Көңіліме бір із түсті салмақты. 


Енді маған уақыт келді құбылып,

Бір көшеге шығып кеттім жүгіріп. 

Бір із қалды ең алғашқы өлеңде, 

Тәтті түндер тереземнен үңіліп...


Жеттім көктем ақ гүлдерін жазға алып,

Ақкөйлек шақ ақшамдарда назданып. 

Қырға қарай кеткен ұзап бір із бар, 

Жас ғұмырым қалған қимай қозғалып.


Адам қайтіп алдыдағы жолды ұқпақ,

Иығымнан қара түндер тартып қап. 

Бір із тастап келе жаттым үйге мен, 

Бақытым мен бейнетімді қолтықтап...


Содан бері іздер қалды сан маңда,

Алыс кеттім еріп ғашық арманға.

Өлеңде де өзіме тән із салдым

Кіріп, шығар секілді бір арманға. 


Әкем, анам іздері бар қатпарда,

Қарап жүрем қою өмір шақтарда.

Қос баламның көрем ізін қуанып,

Алпыс жас кеп есігімді қаққанда. 


Құбылады қарбаласып күзде күн,

Қараң-құраң арманымды іздедім. 

Өкініш жоқ жырға құмар көңілмен 

Қария қырға түссе ендігі іздерім...



Құшақтар


Заңғар құшақ қапсырып айналамнан,

Туғаннан бері тартып байлап алған. 

Ыстығы бір-бірінен арта түскен

Қалың құшақ ішінде ойға қалам. 


Қимастық қуат берген іш жағымнан, 

Көтеріп көз тастаған тұстарымнан.

Аймалап құшқан Тәңірі топырағымен 

Айналдым, о, Туған жер, құшағыңнан!


Ух, шіркін, жата кетсем жасап қалам,

Жақсының дәні қалған масақ далам!

Пейіш сен – перзенттер мекенінде

Төсіңді тентектерің босатпаған.


О, содан мен алысқа ұшарымда,

Езіліп ерке көңіл іш жағымда

Өзіңнен кейінгі бір құдіретті - 

Анамның еніп кеттім құшағына.


Сол құшақ ары қарай ер жеткізген,

Алтын шақ алақанда ерке еткізген.

Нәзіктік құдіретімен көкірегіме

Ақ сүтке шылап Тәңірі от өткізген. 


Мен одан жұтқан сайын еңселендім,

Қайралып қызыл тасқа өршелендім.

О, Анам қандай ғажап құшағы еді, 

Оны мен ешнәрсемен өлшемедім!


Сен айтшы, салмақсыз зат желге ұшады, 

Оты аздау дүниелер кем пысады.

Дауылға қарсы қанат қағу үшін

Артымда тұрды әкемнің кең құшағы.


Ол енді, қызыл қия асқаралы,

Мойындай бермейтін көп басқаларды.

Қырандар ғана ұшып қалықтаған

Әкемнің құшағынан басталады. 


Оқ берді – тек Отанды қорғайсың деп, 

От берді – өмір бойы тоңбайсың деп.

Көз берді – көкіректі тесіп көрер, 

Сөз берді – түбінде қор болмайсың деп.


Қалай деп, ойлайым енді қанат алсам,

Қашыққа кеткендерді қарата алсам.

Бәрі бар дүниенің құшағында,

Апырай, соны енді мен жарата алсам.


Мейірмен қарайды ғой ұғар жандар,

О, өмір менде де бір шырағдан бар.

Қапсырып тұрған мені құдіреттер, 

Құшақтарыңнан ешқашан шығармаңдар!



Ырғақ


Қос жанардан қатар құлап тұрды оттар,

Ашылғандай бір қатпардан -бір қатпар.

Қозғалады өмір алға осылай,

Суырғанда сұлу ғана ырғақтар.


Ырғақ –мінез,толқып ұрған іштегі,

Сұлулықтың сәулесі алға түскені.

Өлтірмеген өңділікті өмірде,

Қөркемдікте болса керек күш тегі.


Ырғақ –ойлар, от көңілден қозғалған,

Өнбойына тіміскілеп көз барған.

Ақ дидардың ар жағында арман бар,

Қара шашы –қара орманы сөз болған.


Көздегі өмір тұрған аздап дірілдеп,

Бүртіктеген бақыт өстіп білінбек.

Ырғақтардан жол қалады ып-ыстық,

Көңіл шіркін, әлденеге күбірлеп.


Ырғақ –ұшқын түскен алға жасқана,

Көкжиектен қөңіліңді аш жаңа!

Бір сұлулық сенде де бар,байқашы,

Ұқсамайтын,ұрланбайтын басқаға!


О,сұлулық нұрын төккен күн жақтан,

Ашық тұрсын, арман тосқан бұл қақпаң!

Сұлулық пен әсемдікті қозғайтын

Тұрады өмір еленбейтін ырғақтан...


– Өлеңдеріңіз атыңызды мәңгілікке жалғасын, аға! Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге мың алғыс!


Сұхбаттасқан Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

author

Айжарық Абылқасымов

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...