Назарбаев дәуірі және Бейсен феномені

ӘДЕБИЕТ
24997

Бекболат Тілеухан - Қазақтың қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманы – Назарбаев дәуірі деген. Отыз жылдық бұл кезеңнің ақиқатын іздесеңіз Бейсен Құранбектің “Айтуға оңайын” қараңыз...

Бұл жерде мен қара сөздің майын тамызбай, тек кемел елге қажетті ертеңгі ережелерді ортаға салуды жөн санадым. Ұлт болып қалыптасу кезеңінен өттік деп ойлаймын...

Бейсенмен 2005 жылы Президент сайлауы қарсаңында жақын таныстым.

ҚР Президент Телерадокешеніне қызметке қабылдадым. Президент пулына “Хабарға” репортаж дайындады. Жақсы жағдай жасалды. Жоғары жалақы қойылды.

Жағып кеткен шырағы жүректерден сенбейтін Бейсен сонда бір уақиғаны айтқан:

“Бір жылдары достарымен жазда жұмыс істедік. Сол еңбектің қаржысын есептеп әкеле жатқанда таксиде ұйықтап кетіппін. Шопыр келдік дегенде түсіп жүре беріппін. Ақша толы қол сөмкем қалып қойғанын байқап, лезде машинаға бұрылғанымда зыр етіп құйғындата жөнелді. Жүгірдім, жеткізбеді. Сонда Әжем айтқан. Қапаланба балам. Пенде ақшаңды ұрласа да, Тәңірі берген бағыңды тартып ала алмайды. Сол рас екен. Өмірімнің жақсы кезеңі басталғанын байқап жүрмін”, - деген.

Екі жылдан соң “Жетісу” телеарнасына Бас директор болуына септігім тимесе де, себебім болды.

- Біз жасаған “Хабардың” сұрапыл жаңалықтарын, биязы да керемет ғажапстанға айналдырып жібердің, - дегем. Бәлкім бұдан да қаттырақ айтсам керек. Расында да біз “Хабарда” жүргенде сюжеттер 1,5 – 2 минуттан аспайтын. Бейсендікі 10 – 15 минуттық репортаждар.

- Өзім басқарып, өзектегі ойларды орындататын қызметке ауысуды жоспарлап жүрмін. Астананы тастап, елге оралуды шештім, онда, - деген. “Жетісудің” басқа БАҚ – тан ерекшелігі бір адамға, тек облыс Әкіміне ғана бағынады.

Бұл Бейсеннің көрегенділігі, үлгі алар өнегесі. Облыс Әкімінің, Министрдің орынбасары қызметтеріне сан рет шақырылса да келіспеуінің сыры. Көппен тілдесе алар журналисттік жолмен жұртына жол сілтейтін, мұра қалдыратынына кәміл сенген өрелі өсиеті.

«Айтуға оңай», кейін «Қарекет» ток-шоуы. Жылына эфирге 235 хабар. Осы хабарларды толық сегіз жыл жүргізді.

Бейсен осы ток – шоуы үшін еліміздегі билік тарапынан берілетін барлық сыйлықпен марапатталды. Бірнеше рет жылдың үздік журналисі атанды.

Бірақ бұл кезде Бейсен журналист емес еді. Ол тележүргізуші де емес еді.

Бейсен халықтың сеніп, сырын айтатын, арқасүйер азаматы еді…

Ескі сөзбен айтсақ әділдік іздегендерге төрелік айтатын Би ролін атқарды. Қазіргіше өз мәжілісінің Спикері болатын.


“Хабарға жылап келген қанша мыңдаған кейіпкердің көз жасын сүртіп, бірге егілді, сүйіншілеп келген қанша мыңдаған жұртпен бірге қуанды.

Ұлттық арнада «Айтуға оңай» бағдарламасы арқылы еліміздегі түйткілді әлеуметтік мәселелерді көтеріп, көтеріп қана қоймай шешімін ұсынып, кейіннен «Қарекет» арқылы қоғамды өзгертуге, халықтың санасын сәулелендіруге, ұлтына қызмет етуге жанын салды. Қарапайымдылығымен елдің сүйіспеншілігіне бөленді, алғысын алды, әр шаңырақтың жанашырына айналды».

Қаймана қалың жұрты Бейсенді шын ниеттерімен жақсы көргенін мезгілсіз қазасы көрсетті. Елбасы мен Президент көңіл хатын жолдады. Барша Қазақстандықтар танитын – танымайтыны бар жарық жұлдыздай жарқ етіп ұшып өткен жаңа заман Тұлғасына құрмет көрсетті.

130 ұлт пен ұлысқа атамекен болған Тәуелсіз Қазақстанның отыз жылдық шежіресін осы Бейсен авторы болған мыңдаған сағаттан тұратын бағдарламалардан табасыз. Мемлекеттің қуаты – халқында. Көп ұлтты елдің қуаты – мемлекеттің негізін құраушы қазақ ұлттың ұстанымында. Ол ұстанымның өзекті ойлары - Бейсен жасаған бағдарламаларда сайрап жатыр. Әлемдік классик жазушы Достоевский өз шығармаларының сюжетін күнделікті шығатын баспасөздің хроникасынан алған. Сол заманда ғұмыр сүрген кісілердің бастан кешкендерін көркем образға түсірген. Сол секілді Бейсеннің хабарларынан жүздеген образдарды іріктеп жүйелеуге болады.

Қазіргі Қазақстан туралы берілер баға, тарихи сараптама, жазылатын кітап, түсірілетін фильмдер желісін күн сайын эфирге шыққан “Айтуға оңайдан” табасыз.

30 жылдық Назарбаев дәуірінде мемлекет құраушы қазақ ұлтының тек қазақ тілінде сөйлеп – жазған үш зиялысын барлық қазақстандықтар таныды. Олар: Мұхтар Шаханов, Шерхан Мұртаза және Бейсен Құранбек. Мұхтар Шаханов пен Шерхан Мұртаза Тәуелсіздікке дейін танылған тұлғалар. Парламентте болды. Депутат мінбері дауыстарын бар құлаққа жеткізді. Қазақтар Шаханов пен Мұртазадай Тұлғаларымен мақтанады. Басқа ұлт пен ұлыс осы екі дауылпаздың айтқаны түбі бір орындалар деп қазақша үйрене бастады. Ресей барлау агенттігінің өкілі ертеректе “Шаханов пен Мұртаза туралы мен сізден көп білемін” деп бәстескені есімде.

Ал, Бейсен есімі бақилық болғанда, елі қадірлісін жоғалтып күңіренгенде ерекше естілді. Жаңғырды...

Тәуелсіздік жариялағаннан бергі уақыттағы Ұлттың дара Тұлғасы Бейсен Құранбек деп сеніммен айта аламын.

Мықты елдердің – мықты зиялы қауымы, абыздары болуы заңды. Кемел келешегіне сенген елдің қағидасы сондай. Назарбаев дәуіріндегі идеологияға жауапты шенділер -Тәуелсіз мемлекеттің жаңаша ойлайтын Тұлғаларының қалыптасуына ықтиярлы болмады. Содан кейін де ел аузындағы сүйіктілер «айтқанға жүріп, айдағанға көнетін» әншілер…

Бізде ел басқарып, тізгін тартатын шенеуніктер билік пен ел ардақтысы атағын қатар алып жүруге ынтазарлы. Сондықтан да Назарбаев дәуірінің абыздары қайда дегенде жұрт көп жылдар тақтан -таққа секірген Әкім – Министрлерді, әсіресе идеологияны уысында ұстағандарды тілге тиек етеді. Бірақ сол идеологиялық – партиялық Билікті басқарғандар Бірінші Басшының қамқорлығында жүргенде ғана мықты. Зейнетке шыққан соң, үн - түнсіз жоғалады… Іздесең таппайсын.

Қазіргі кезеңдегі әлеуметтік желілерде айтылып - жазылып жатқан барлық кемшіліктерге тек Елбасы мен бүгінгі Президент қана жауапты секілді. Осындайда көп мәселенің түйткілін ағытатын солар шенді шекпенділер қайда жүр деген заңды сауал туады.

Отыз жылда жасалған шаруа аз емес. Соны келістіріп айтып, келешек ұрпаққа жазып қалдыру, кемшіліктері болса мойындау сол Әкім - Министрлердің міндеті пен парызы ғой.

Бүгінде Назарбаев дәуірі туралы әркім өз тұжырымын ақиқат деп дәлелдеуге ықтиярлы. Үкіметке бағынышты бюджеттік мекемелер жаңа рухани жаңғырудың құндылықтарын іздестіруде. Миллиардтап қаржыны жұмсауда.

Халық айтса – қалып айтпайды. Көп - өз сөзі мен көңілін Бейсен қайтыс болғанда сездірді. Бейсен Назарбаев дәуірінің айташасы болды. Халықтың ықыласына қарасақ өте мықты әрі әділетті сөз мұрағатын қалдырды. Ендігі парыз сол Бейсен мұрасын зерделеу. Оқып тоқу.

Бұл Бейсен феномені.

Махат Садық

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...