Нұрбек Нұржанұлы. Мешіт мұнарасындағы қарғалар

ӘДЕБИЕТ
774

Биыл бір топ студент Карс қаласына оқуға түскен. Әрқайсысы әртүрлі мамандық иесі. Бұл қалаға келген соң олардың көңілі түсе қалмасы бар ма! Неге десеңіз жатақханада студенттер тола көрінеді. Тек бірді-екілі орындар ғана бар. Алайда, ол орындарға тіркелгендерден кімнің бағы жанса сол орналасады-мыс. Амал жоқ, бірілері пәтер жалдап кетсе, енді бірілері туыс-тумасының, тағы бірі сол орыннан дәмеленіп бірнеше күнге қонақүй жалдап тұрып жатты. Солардың арасында биязы әрі ізетті Кемал да бар. Бидай өңді, сақал-мұрты бет-аузын жапқаны сонша қушықтай жүзінде батпақта қалған маржандай қос көзі жылт-жылт етеді. Ұяңдығы мен әдептілігі болмысынынан табыла қойған осы бір жанға әркім ішкі сырын ақтарып, пікірін білуге құмар-ақ. Алайда, сан түрлі құбылмалы адам арасынан оны місе тұтпай, басынуға құмартып тұратындар және табылады. Қойын қалтасынан құранын тастамаған Кемал қайда жүрсе де ернін жыбырлатып жүреді. Соған қарағанда сүре-аяттарды іштен қайталайтын болса керек. 

Қонақүйге үш жігіт боп орналасты: Закир, Кемал және Забур. Түйдей құрдас болған Закир мен Кемал жалт-жұлт еткен әр дүниеге ауып кете беретін. Тіпті, алғаш келгендерінде де қаланың көңілсіз көрінісін көріп: «Бұл қалада түнгі клуб та табылмайтын шығар», - деп ішкі наласын қор-қор шегіп отырып ақтарған-ды. Кемал ауылдастарының сан түрлі мінез-құлқын салқынқандылықпен қабылдаса да, басқа шара таба алмаған. Қолын бір сілтеп кетейін десе олардан өзге танитын ешкімі жоқ. Амалсыз, қонақүйдің тар бөлмесінен балконға шығып түнгі қаланың күзгі көрінісіне көз салып тұрған. Көз алдына түр-түрлі оқиғалар көлбеңдей оралады. Ауылының аспаны мен тастақ жері. Анасының таңғы ас дайындап жатқандағы бейнесі, іні-қарындастарының улап-шулап анасының етегіне оратыла бергені, өзінің енжар ғана кітап құшақтап жатып ұйықтап, сонсоң мысықтай керіліп- созылғаны, бәрі де көз алдында. Әкесі қара мұртын сипап қойып, камазын оталдыра алмай дөңгелекті бір тебе автобус аялдамасына кеткені де – қазіргідегідей. Ата-анасы шаруа адамдары. Қолдан келгенше шиттей бала-шағаны асырап-бағып жатыр, десе де қарызға көміліп қалғандары тағы бар. Кемал оқу оқымай бір жақтарына шығысам десе де шешесі қояр да қоймай: «Жоқ, балам, сенің оқуың керек», - деп бұны, міне, оқуға да түсірген-тін. Шешесі – діншіл. Тырс еткен әр дыбысқа кәлимасын айтып, дұғасын қайырып отырады. Ал әкесі – міз бақпайтын қатты, әрі салмақты жан. Сөзге сараң. Балаларын сүйіп, еркелетіп, иіскеген емес. Тек анда-санда ғана қыздарының басынан сипағаны ғана болмаса оңайшылықпен жіби қоймайтын. Анасы десе жанын беруге даяр Кемал әкесін іштей жек көретін сыңайлы. Бірақ, бетіне қарсы келген емес. Себебі, анасы мен медресенің берген тәлім-тәрбиесінде ата-анаға қарсы шықпау керектігін құлағына жақсылап құйған. Енді, міне, түнгі күздің суығына бетін тосып отырып әкесі туралы жағымды естеліктерді ойлайын-ақ десе де болатын емес. Қаланың қарқылдауық қарғалары ағаштардың жалаңаш бұтақтары үстінде үздіксіз айналады. Сол сәтте көкке ұмтылған талдармен бірге биік мешіт мұнаралары да қаланы әуезге бөлеп мешітке қарай шақыра бастады. Азан даусына қосылған қарғалар да қарқылдап әр ғимараттың үсті үстімен ұшып өзді өзінше ақиқатқа шақырып жатқандай-ақ. Забур мен Закир телефондарын шұқылаған күйі әлденеге таласып отырған. Бұған да көздері астымен қарап, «Келсеңші, онлайн футбол ойнайық»,- дейді. Бұл зауқым жоқ дегендей басын шайқайды. Ғимарат астында баққал-дүкендерін жауып үйлеріне қайтуға асығып жатқан саудагерлерге, одан қалды баққа қарай серуенге шыққан студенттерге назар аударды. Есік алдындағы сүт ішкен мысықты әркім кеп сипап, сүйіп кетеді. Осындайда мейірімді жандардың өмірде көп екеніне қуанып, құманын алып жуынатын бөлмеге енді. 

Арада бір күн өтпей жатып бұлар қала орталығына 1 шақырым ұзақтықтағы жатақханаға шақырту алды. Төбелері көкке бір елі жетпей қап, алып-ұшып барғаны сол екен, жататын бөлмелерін көріп қуаныштары су сепкендей басылды. Тар, сәуле түспейтін терезесіз бөлмеде төрт студенттің төсегі тұр. Ортада бір кісілік қана жол. Бөлмені көріп көңілдері бір түссе, қастарындағы көршісін көріп екінші рет тағы түсті. Бұйра басты, ұзын бойлы, қара торы, жүзі суықтау келген ирандық Әнес те бұларды жатсынып, жақтырмай отыр. Әншейінде айналасын басына көтеріп қарқылдап күліп, боқтап сөйлейтін Закирді оның мысы басып тұрса керек, өз-өзінен именшіктеп, абайлап қозғалақтап қалды. Бірақ, іштей өзді-өзін «ол біреу, біз үшеуміз» деп жұбатып та қояды. Не керек үшеуі осы бір бөлмеге «жоқтан бар жақсы» деп, амалсыз үйренісе бастады. Тек есікті жапқанда қараңғы қапаста қалғандайсың демесең, ұйықтап кетсең түк болмағандай оянасың. Тәспісін көтеріп намазханаға одан қалды оқу залын жол ғып жүрген Кемал әлдекіммен жақын танысып, ішін ашып сырласқан емес. Өзі секілді студенттердің арасында сондай жастар да бар. Соның бірі – Сезан. Ол да қолына кітап ұстап алады да университетке кетіп, дәріске қатысып келіп, жатақханадағы оқу залына қайта кіріп кетіп, кешкі асқа төменге түседі-ау демесең түнге дейін кітап пен қағазға шұқшиып отырады да қояды. Күнде осылай. Арасында самарқау жұртпен бас изесіп амандасып қалмаса, шүйіркелесетіндей ешкіммен еш жұмысы жоқ. Көңілді кештерден оның қарасын мүлдем көрмейсің. Кемал ол секілді білімге құштар емес, әрине. Арасында дәрістен жалығып кетіп, теледидар көріп, бір уақ мызғып алып, құлшылығын жасап алады да сабағына қайта кіріседі. Көпшілікпен араласуға келгенде бұл да бейғам. Қарғалар қарқылдаған кештердің бірінде дәретін алып, мискісін себініп Кемал мешітке қарай аяңдады. Мешітке барар жолдағы кәуәпхананың дәмді иісі мұрнын жарып оның тәбетін ашты. Елітіп алып кететіндей-ақ. Мейлің, еріп кетті делік, оны сатып алатындай қалтасында жеткілікті ақшасы болса, қанеки! Ашық мешіт ауласында дәретін алып шығып-кіріп жүрген қараң-құраңдаған егде кісілер. Мешіт ауласын айналшықтап жыртық күртешең, жаураған саусақтарын аямай тиын салғыш тостақ ұстаған қайыршы әркімге жалынышты қарайды. Бірақ, көзінің аржағында «берсең бер, бермесең одан ары» дегендей тәкәппарлықтың нышаны да көрінер-көрінбес білініп қалады. Қайыршының айналасын айналсоқтаған ит те жан-жағына жалынышты көз тастайды. Мөлиген көзінде – дүние жабырқаулы, қайғылы пішінге еніп кеткендей-ақ. Мешіттің әжетханасын тазалаушы ақсаңдай басып, әлдекімге қарап:

– Көкетай, сіз дәретханаға кірген соң ақысын бермей кеттіңіз? - деді байсалды пішінде. Әлгі орта жастағы ересек жан қалбалақтап:

– Құдай-ай, ұмытып кеткем ғой, кешірім өтінем, - деп қалтасын ақтарып жатып әйтеуір қолына әлдебір сыңғырлаған тиындар іліксе керек санамастан кем әлде артық әлгінің қолына төге салды. Ол қарап мынау көп қой дей бермекші еді әлгі мырза жабылып бара жатқан есіктен кіріп, аяқ киімін шешіп те үлгерген еді. Кемал да намазға үлгерейін дегендей асығыс аяқ киімін кіреберіске шешті де мешітке кіргені сол, қамат айтылып жатқанын ести сала соңғы қатарға тұра қалды. Намаз біткен соң айналасын анықтап бажайлап қараса жатақханадағы намазханада бірнеше мәрте көріп жүрген студенттерді көзі шалды. Арасында мауыздай ірі денелі, қара шашты, студенттің жүзі бұған қатты таныс еді. Неге десе, ол жатақхананың намазханасында құлшылық қылып отырып бірнеше мәрте жылағанын көріп қалған. Іштей «тақуа болса керек» деп ойлап та үлгерген. Кейін білсе, үйі мен туған жерін сағынып жүргенін ортақ таныстардан құлағы шалып қалған-ды. Тек ол ғана емес мұндағы көптеген студенттер үйлері мен өсіп өнген жерлерін қимай-қимай келгендері сонша, сағыныштарын немен басарын білмей бірі осылайша құлшылыққа бой берсе, кейбірлері көше қызығын қызықтап кеткен-ді. 

Жатақханадағы бөлмесіне сүлдерін сүйретіп амалсыз кіргенде әлгі Әнес бұны кіреберістен-ақ қарсы алып:

– Оу, қыраным, жүр, бір жүз граммнан тартып жібермедік пе? – деді көзін қысып. Әлгі екі жолдасы да бұған жымың-жымың етеді. Бұл не дерін білмей қалбалақтап қалды да:

– Ойбай-ау менің ондай әдетім жоқ.

– Онда тұрған не бар, көңілің көтеріліп қалады.

– Жоқ, – деп екі қабатты төсек үстіне шығып теріс қарап жатып алды. Астыңғы қабатындағы төсекке Әнес орналасқан.  

– Әй, мына, достарың өзі барып тұрған ақымақ екен, – деді «не болар екен» деп қызықтап қарап тұрған екеуіне қарап, - адам басқа-басқа шараптан бас тарта ма екен? Хош, үшеуің де ішпейді екенсіңдер өзім-ақ ішемін, - деп төсек астындағы қара целофаннан шөлмек шығарды.

– Закир, күзетші кіріп қалмасын есіктің сыртынан бақылай тұр! Бірер стақан тартып-тартып жіберейін, - деді ұртындағы сілекейін тартып сөйлеп. Закир ләм деместен есік сыртынан сыртты барлап тұрды. Әнес аспай-саспай стақанына құйды да, - ал, жолдастар таныстық үшін, білім үшін, - деді де стақандағы сұйықтықты көмейіне төңкеріп кеп жіберді. 

– У-у-һ, жақсы екен, - деп нанның бір тілімін тістеді. Ары қарай аузы аузына жұқпай екі көршісіне ананы-мынаны аңыз ғып әңгіме ете бастады. Сәлден соң әңгімелесуден шаршады ма, іші пысты ма төсегіне шалқалап жатып алып үстіңгі төсекте жатқан Кемалдың матрацын аяқпен тепкілей бастады. Бұл да бір-екі рет ескертіп төменге қарағаны сол, ол әртістерше түк болмағандай көзін жұмып, ұйықтағандай ым-шымсыз жата қалады. Кемал қайта орнына жатып еді, ол тағы да төсекті тебе жөнелді. Қайта қараса көзін жұмып тағы жата қалыпты. Екі досы да мұнысын қызық көргендей бір-біріне қарап ыржың-ыржың етеді. Тағы бір рет төсегін теуіп қалғаны сол шыдамы шегіне жеткен Кемал төсектен жерге ыршып секіріп Әнастың жағасына жармасты:

– Енді, бір рет төсекті тепсең көзіңе көк шыбын үймелетем, - деп зекіп қалды, оның бойының ұзындығы мен білеудей бұлшық етін назарға еш алмастан. Екі жолдас «енді не болар екен» деп қызықтап әлі тұр. Әнас сол бейқам қалпынан танбай:

– Не дейсің, мен ештеме істемедім ғой?! Ұйқы беріңдерші, адамның мазасын алмай, - деп теріс қарап жатып алды. Бұл бөлмеде ауа тарылып, бұл ойынның қазір біте қоймайтынын саралаған Кемал бөлмеден шығып кетті. Есікті тарс жапқанында үшеуінің ішек-сілесі қатып жатқан күлкілері жаңғырып тұрды. Намазханаға кірді. Іші сызға бөккен қабырғалар мен еденнен  көне дымқыл,  жағымсыз иіс шығады. Бірақ, алғаш иіскегенде танауы жыбырлаушы еді, енді үйреніп-ақ кеткендей. Кітап сөрелерінде тұрған құран кітаптарын оқуға қанша тырысқанымен шашыраған ойы бір ретке келе алмай-ақ қойды. Терезеден қалаға қарады. Көше жолдары жол шамдарының қоңыр сәулесіне боялып жатыр. Жүгірген қаңғыбас иттер әлденеден қашып я қуып бара жатыр. Жарым сағаттай отырған соң ұйықтауға бел байлап бөлмеге кірген беті еді әлгі екі жолдас бұған қарап:

– Анау араққа қызып алған соң, жын ұрғандай сені іздеп кетті. Ашуланғаны сонша бақырып-шақырып қабырғаны төмпештеп қояр емес. Қазір ваннада.  Тағы да біраз жүріп, айналып келгенің жөн болады-ау. Ұйықтап қалсын, – деді олар бұған жандары ашығансып. Бұл да кіреберісте аз-кем аялдап, сонсоң бұрылып бөлмеден шығып кетті. Төбелесіп немесе сыйыспай жатақханадан айрылып қалса қайда барып тұрарын іштей топшылайды. Пәтерлер болса удай қымбат. Енді не істесін? Жоғарғы қабаттағы оқу залына барып отырды. Кітап оқып, ертеңгі дәріске дайындалғандай болды. Жан-жағына қараса студенттер бірінен соң бірі орын орындарына тарап жатыр. Әлгі мешітте жолықтырған мауыздай жігіт қана қалды. Балконға шыққан ол, темекісін тұтатып қаланың жасқаншақ шамдарын тамашалай бастады. Бұл да балконға шығып қасына келді де:

– Сен темекі шегетін бе едің? 

– Бүгін бастадым.

– М-м. Кемал болады есімім.

– Гөкче.

– Не себеп болды?

– Бала күнімнен бері үйден ұзап көрмеген қарақан басым мына қалаға тап болып, өзімді қоярға жер таппай жүрмін. 

– Сонда да темекіні бекер-ақ бастаған екенсің.

– Мұндағы жігіттердің көбі осында келген соң бастап кетті. 

– Абайламасаң, бұл қала бәрімізді жұтып қоюы мүмкін. 

– Мына нысандар жарығын жұтып тұрған – түн мен ызғар сияқты ма!? Енді қайтпек керек?

– Ол үшін мешіт бар ғой. Жан-тәнімізді сонда қорғай аламыз.

– Біз үлкен өмірге енді адым аттаған студенттерміз. Алғашқы адымымыз түзу болмаса кейінгісінің оңалуы екіталай. Мен де өзімнің жұтылып бара жатқанымды сезем. Сенсең де, сенбесең де, тіпті өзіме не керектігін де білмеймін, – ол темекісін күлсалғышқа мыжғылады да, - жүрегім қысылады. Үйден ұзап кету деген қасірет екен. Өзімді алып мұхитта қалған жалғыз жаңқадай сезінемін.

– Карс қаласының күзі қыс сияқты суық екен. Маған қыстық күртке алу керек. Сен алдың ба?

– Менде, тіпті, тағдырдың суығына жылу боларлық ештеме жоқ...

***

Кемал имамға ұйып ақшам намазын оқып болған соң, жұртқа ілесіп тәспі тарта бастады. Имам бет бұрған қабырғадағы ою-өрнектерге, айналасындағы сәулет өнеріне, доғал күмездің биіктігіне  көз салды. Осы бір өрнектердің арғы жағында беймәлім бір әлем бар секілді. Сонда небір алып батырлармен, ғалымдармен жүздесіп, сол әлемнен өзінің, өзгенің рухын жауратпайтын шамшырақ алып келетіндей болады да тұрады. Мешіттен шыққанда күмбез үстін торуылдап жүрген түн түстес қарғалар бұның иығына саңғырып кетті. Тітіркеніп барып қалтасындағы қағаз майлықпен саңғырықты сүртіп алып қоқысқа тастады. Аспанға қараса,  шегі жоқтай түпсіз терең. Құдды мешіт күмбезіндей. Аспандағы жымың еткен бірең-сараң жұлдыздар мен шашылған бұлттардың қанталаған бауыры сол бір мешіттің ою өрнектеріндей боп көрінеді. Ойларына оратылып келе жатып саябақ шетінде жалғыздан жалғыз бүрісіп отырған Әнесті көрді. Бұны көре салысымен ол:

– Жолаушы жолдас, серік болмас па екенсің, - деп отырған орындығының тұсын нұсқады. Бұл аз-кем аялдап, «енді тағы не деп жүйкеме тиер екен» деген оймен қасына қалай жетіп барғанын өзі де аңғарған жоқ. Түнді жамылып отырғандай немесе түнге сіңіп кеткендей оның қара торы кейіпі, күрке ішінен анық көрінетін емес. Жанына жақындағанда ғана оның бадырақ жанарындағы көңілсіз жарықты аңғарды. Бұған қайта-қайта тесіле қараған ол:

– Отырсаңшы енді...

– Отырғанда... орындық суық ...

– Онда тұра бер. Тек қасымда қалсаң, жетер.

– Айта бер. 

– Алдындағы сөкеттігім үшін кешірім өтінем.

Әншейінде соны ойлаған сайын ашуы алқымына кеп, өз-өзін әзер тежейтін Кемал, естір-естімес оған деген ашудан еш белгі қалмағандай күйде болды. 

– Сыра ішесің бе? – деп аяқ астындағы қара целофаннан бөтелкелерді сыңғырлата бастады. 

– Жо-жоқ, әуре болма. Суық күнде жұқа киініп, әрі мұздай сыраны сықпыртып отырғаныңа жол болсын. 

– Қайғырып отырған жәйім бар.     

Мұңайып көзін қоярға жер таппай жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды. Сонда да көзінен бір жасандылықтың нышаны білініп тұр. 

– Сүйген қызым өмірден өтіп кетіпті. Соны естіп жүрегім ауырып отыр. Мені күтем деп сөз беріп еді. Құдды бір кинодағыдай. Енді, міне, көріп отырсың, сөзінде тұрмады. Барып тұрған суайт болып шықты. – деді тісін шықырлатып. 

– Иманды болсын! Қайырлысы, - деді Кемал оны жұбатарлық бірде-бір сөз аузына түспей. Әнес бұған «не шатып тұрсың» дегендей жалт қарады. Көзінде ашу жарқ етті де артынан өзге бір ой ертіп әкетсе керек, жанарының тоңы жіби бастады.

– Сен түсінбейсің, Кемал! Себебі сен сүйіп көрмегенсің. Сен тоңқайып, тұрып құлшылық қылғаннан басқа не білетін едің. Өмір – сен ойлағандай емес.  Анау мешіттің ішінен бері қарай шық. Оның ішінде қамалып отыра берме. Сонда ғана мына дүниенің шын келбетін  көресің. – деді де сәл үнсіз ойланып тұрып.

– Ал сонда мешіттің сыртында не бар екен?

– Бәсе, не бар? – деп ол өзіме сауал қойды, – әлгінден бері оны ұйып тыңдап тұрған Кемал суық та болса орындыққа отырды. Кекілін сипап қойып:

– Мешіттің сыртында не бар? Не бар... – қарғалар бар...

– Уа-ха-ха-ха, - деп Әнес ішек-сілесі қата шалқалап күлді. Күліп жатып аяғын жан-жағына лақтыра берсе керек, жердегі бөтелкелерін бір теуіп, олар бір-біріне соғылып, күркенің бір бұрышына дөңгелей жөнелді. Ол күлкісін сап тыя салып, әлдекімнің шешесінен боқтап жүріп, бөтелкелерді жинап алды. Қайта отырып, тамағын сәл қырнады да, тембрлі, нанымсыз даусымен:

– Міне, сен өзіңнің нағыз ақымақ екеніңді тағы бір мәрте дәлелдедің, – шамданып қалған Кемал «жәй ғана орнымнан тұрып кетсем қалай болады» деп ойласа да, еш тапжылмады. – Мен ол қыздың сұлулығына қайран қалушы едім. Біздің қалада оған тең келерлік сұлу аруды көргем жоқ. Қош, ирандық қалыңдық. Ерте ме, кеш пе мен қасыңа ораламын, - деді сандырақтап. 

Қыс та тақап күн түнді, түн күнді киініп, уақыт жасанып, зырғып бара жатса да, Кемал мешіт ауласына келген сайын күмбез үстінде айналып қонып-ұшып жүрген қарғалар тобына көз тастап, олардың уақытты айналсоқтап ешқайда жібермей, сонда әр сәтті қармауына алып тұрғандай боп көрінеді. Бөлмедегі көршілердің түр-түрлі мінездері мен жалпы бұл қаланың тұрғындарына көңілі толмаған ол жанына дауа іздеп мешітке оралатын. Алайда уақыт өте келе, сырттағы жалт-жұлт еткен шаһардың көңіл күйді қытықтағыш шам жарықтары оны әлдеқайда шақырып тұратын. Оның үстіне жалғыздан жалғыз жүріп те шаршағандай, жан дүниесіндегі тепе-теңдігін де жоғалтып алғандай. Сырт көзге салмақты да, байсалды боп көрінген оның жан әлемінде түр-түрлі соғыс жүріп жатқан-ды. Жігіттік шақтың сан қырлы жұмбағы оның алдын кескестеп шыға келгенде басын қалай, қайда алып қашарын білмей дел-сал күй кешетін де қоятын. Осылай жүрген күндердің бір күнінде көңілінің түкпіріндегі қайраң босап, шөлейт пайда бола қалғандай қалмасы бар ма. Қайда барса да, қай жақа қараса да іші қуыс, дәмсіз хал күйін кешті. Әрі күн өткен сайын студенттердің көпшілігі жиналып алып есік алдында, балконда темекілерін түтіндетіп тұрғанын көргенде іштей қызығып та қалатын. Кейін ол ойынан қашқақтаса да, алдына көлбеңдеп тұрып ала беретін. Осылай күннен күнге санасына әлгі ой тамшылай-тамшылай ақыры тасқынға айналды. Ешкімге айтпай, тығылып темекінің дүкеннен бір данасын алды да жатақхананың бір шетіне жасырын шегіп көрді. Жөтеліп, жөткірінді. Қиналды. Енді шекпеспін деп, қайрылмай кетіп еді, бірнеше күннен соң қолына қайта алып сол бұрышта түтіндетіп тұрғанында «сөзімнің салмағы жоқ болғаны ма» деп өзін жігерсіз  сезінген. Кейіннен осы ойы әдетіне, әдеті де мінез құлқына айнала бастады. Тасқын астында қалып кеткендей үрейлі күйде болды. Өзінің бұл қалаға, одан қалды жасанды неон шамдарына жұтылып бара жатқанын байқады. Талай мәрте шығуға, құтылуға ұмтылып көріп еді, еш қарсыласуға дәрмені жететін емес. Мешітке де баруы жиілей бастады. Тек ары-бері жолдастарымен бильярд ойнауға бара жатқанда мешіт үстіндегі қарғалардың қарқылдағанына ғана қарап сәл аялдап қалады. Көзі небір сұлу қыздарға қараудан ләззат алып, қараған сайын қарай бергісі келетін болды. Көзінен көңіліне кірген сұлулық оны түн баласы әуреге салатын. Төсегінде аунақшып жатып, жанын қоярға жер таппайтын. Бірде Гөкчемен бірге оқу залының балконында кешкі іңірді тамашалап, темекі шегіп тұрған. Өзінің дәл осында басқаша ойлап, басқаша сөйлейтін кезін есіне амалсыз түсірді.

– Дәрістер барған сайын қиындап барады. А-а, айтқандай сен темекі шекпеуші едің ғой, - деді Гөкче бағанадан бері бұның темекі шегіп тұрғанын аңғармағанын жасырмастан. 

– Ортаң қандай болса, сен де сондай болады екенсің. 

– Сен қандай болсаң – ортаң да сондай болады деген дұрыс шығар?..

– Солай... Маған студенттік өмір ұнап жатқан жоқ. Расымен де үйімді сағындым...

– Күлсалғышты бері әперіп жіберші...

–Міне!

Темекіні күлсалғышқа сарғая бастаған саусағымен мыжғылап шоғын өшірді. Сонымен қатар бұлардың тағы бір күні күнбатыста сөніп бара жатты. 

Кемал уақытын басқаруды да қойды. Ит құйрығын бұлғаса еріп кете беретін болды. Достары «жүр» деген жерден қалмайтын болды. Түс әлетінде ұйқыдан керіле-созыла оянады да қаза болған таң намазын ойламау үшін, мазалап жатқан ар дауысын естімеу үшін, түнде көрген шытырман оқиғалы киноны есіне қинап түсіреді. Адам басқа, басқа әдеттен айығуы қиын екен. Темекіні қызығып бастап еді енді тастай алмас ауруына айналып та үлгерді. Тағы бір әдеті, – ол құлшылық. Қаншама жыл анасының өсиеті ме екен құлшылығын қалдырмай жүрген ол енді намазын қаза қылып, бірде оқып, бірде оқымауды шығарса да, әйтеуір қолынан келгенше намазға жығылып тұратын. Әсіресе басына бір жай түсіп, сабағы қиындап, иә болмаса пендешілікпен күнә жасап қойған жағдайда көптен көп дұға тілеп отыратын. Сондай күндердің бірінде, жаңа ғана жасаған бір күнәсін өзі кешіре алмай, алайда құдай кешірсе екен деген ниетпен мешітке қарай аяңдап басып бара жатқан. Қарғалар мұны мешіт ауласына кірмей жатып алақанын жайған сығандардай жан жақтан торуылдап қарсы алды. Төбесіне көз тастағаны сол, олар хормен Бетховеннің бір реквиемін орындап жатқандай үрейлі күй қалдырды. Қарғадай қарашығы аспанды айналып самғап қайтты. Мешіт табалдырығын оң аяғымен аттап, ішке енді. Табалдырық пен аяқ киім сөрелерінде ретпен тұрған аяқ киімдерге қарап өз аяқ киімін қай бағытқа қоярын сараптады. Әдетті түрде есік алдына шешіп кірмекші болды. Сонда аяқ киімдердің бейнесі оны қай бір ойларға жетектеп әкетті. Бұл жерде неше түрлі санаттағы адамдардың аяқ киімдерін табасың. Бірі шаруа адамы, енді бірі зейнеткер, бастық, тағы бірі қылмыскер, директор, қайыршы, мүгедек т.б. топтасқан аяқ киімдердің қатарына студент етігі және қосылды. 

Бәрімен бірге құптан намазын қылып, жұрт тараған соң тағы да жалғыз қалып Тәңіріге жан мұңын ақтарғысы келді ме екен, орнынан тапжылған жоқ. Мешіт ішінде жалғыз қара боп отыр. Қолын жайып, әлдене тілеген оның ерні күзгі сарғыш суыққа дірдек қаққан жапырақтай дір-дір етеді. Төбедегі сығырайған аспашам астында көптен ашпай кеткен құран-кәрімді оқи бастады. Жүрегі жұмсарып, жаны беймәлім бір күйге бөлене бастады. Тек әлден уақытта мешіт ішінде ұйып тұрған үнсіздікке әлдебір дауыс қатқан әлдекімнің шаршаған есікті сықырлата ашқан баяу адымы кілем үстінде бері қарай келе жатты. Ол бұған таяу келе бергенін байқап, бұрылып қарағаны сол – орта жастағы, жинақы киімді, сымбатты келбетті, байсалды бейнелі бір ер адамның бұған ойлы жанарын қадап тұрғанын көрді. Бір қарағанда құдды бір компанияның директоры не болмаса әкімшілікте белді қызметкер деп ойлап қалғандайсың. Бұл оның төбесінен төніп тұрғанына қарап: «Қазір мешіт жабылады, шығуыңызды сұраймын», - деп айтқанын күтіп тұрды. Бірақ олай айтпады. Басын изеп ерінін әнтек жыбырлатып амандасты. Ол да басын изеп қоңыр дауыспен «студентсің бе» деді. Бұл ойланып үлгерместен, күнделікті сөйлеу дағдысымен «солай» деп жауап қатты. Айнала алакөлеңке. Екі қара аспашам астында әлдебір ой ойынын ойнап-ақ тұрғандай. Ол басқа еш ләм-мим деместен, еңкейіп төс қалтасынан бір дана кілтті алып, Кемалға ұсынды. Бұл түсінбестен кілтті алғаны мұң екен, әлгі бейтаныс бұрылып, есіктен шығып бара жатты. Артынан жүгіріп барып бұның мән-жайын білгісі келді, бірақ, ерінді ме, әлде қайтып келер деді ме орнында тапжылмастан отыра берді. Осылай  бес, он минөт отырса керек, әлгі кісінің болмысы ауаға сіңіп қалғандай – әсері кетпей, дәл қасында тұрғандай болды. Сәлден соң құран оқуын қайта жалғастырды. Оқып біткен соң михрабтың ою тастарына көз салды. Сол баяғы күй. Аржағында бір әлем бардай, құдды жұлдыздар жасырынғандай, ғайып перделері тұмшаланғандай еді. Телефонының жарығын қосып cағатқа қарап еді қайтатын уақыт таяпты. Орнынан тұра бергені сол әлгі кілт есіне түсіп қалтасынан шығарып тағы бір мәрте көз салды. О, тоба өз көзіне өзі сенер емес. Кілт самаладай, сығырайған шамдай әзер жанып тұр. Қызықтап ары бері аударып көрді де есікке қарай аяңдай бастап, тағы бір қараса кілттің жарығы өшкелі жатқан білте іспетті мардымсыз ғана нұрланып тұр. «Бұл тағы не жұмбақ болды екен» деп ол таңырқай ойланып тұрды да жаңағы тұрған орынына қарай жақындай беріп еді кілттің жарығы қоса күшейді. Тағы алға адым басқан сайын нұры да күшейіп келеді. Осылай алға михрабқа қарай он шақты қадам аттап еді, кілт кәдімгі аспашамнан, қол фонарінен артық болмаса кем жанған жоқ. Қолындағы самала-шуаққа қайран қалған Кемал қолын жоғары көтеріп айналасына көз салып еді мешіттің әр бұрышы қолмен ұстағандай анық көрініп тұр. Қабырғадағы сағаттың қысқа тілі 10-ды, ұзын тілі 4-ті көрсетіп тұр. Жан-жағын барлап келді де михрабтың безендірілген  өрнектеріне көз тастап еді, жалт-жұлт еткен шығыс тастарындағы оюлар қозғала бастады. Жылжыған өрнектердің арасынан бармақтай ғана құлып тесігі көрінді. Кемал әлгі бейтаныс пен мына кілт сырын енді түсінді. Мешіт ішіндегі мешіт, иә болмаса әлем ішіндегі бір әлем тақылеттес. Бұл ойланбастан жарық тұнған кілтті әлгі тесікке сұқты, – айнала баяғы алабөгдеге қайта оранды. Кілтті солға бұрады, болмады, ал оңға бұраса, михраб қабырғаларынан кірпіштің қозғалған дыбысы естілді. Әлгі тастар мен ою-өрнектер бір жерге ұйысып қақпа ашыла бастады. Алдында ұзын сонар қараңғы дәліз. Кемал қорықса да қызығушылығы бойын дендеп кілтті қолына қайта алып, қалтасына салды. Қақпадан ішке енді. Сол екен қақпа кері жабылды. Ал кілттің жарығы жоқ. Айнала көз байланған тас қараңғы. Баяу, ақырын алға жүре берді. Бір жағынан ауа қармап келеді. Кенет, қолы әлденеге тиді. Аңдаса, есік сияқты. Итеріп қалды. Ашылған есіктен шақырайған күн жарқ ете түсті. Аптап ыстықтың желі бетіне соғып тұр. Айнала толған – құм мен шөл. Жерді шұлығымен басса, ыстық құм аяғын күйдіріп барады. Амал жоқ, секіріп жүріп, әйтеу алдыға адымдай берді. Ыстықтан Карс қаласының суығында киген жемпірі мен күрткесін шешіп құм үстіне тастай салды.  Шәй қайнар уақыт жүрді ме, жүрмеді ме алдынан керуен кезікті. Түйелер үстіне артқан жүкте есеп жоқ. Қараң-құраңдаған керуен басын кербез, тәкаппар бірі бастап келеді. Қасында қолшатыр ұстаған қосшылар жүр. Кемал оны патшаға ұқсатты. Ол бұны байқап, биіктен бажырая менсінбей қарады. Айналасындағы күзетшілері мен көмекшілеріне көзін қысқаны мұң екен, олар демде бұның жағасына жармасты да, аяғын аспанға келтіре көтеріп алып, патша алдына алып келді. Көз қиығымен суық қараған патша:

– Әй, бейтаныс, қайда бара жатырсың? – деді бұл үшін әлдеқашан әлдеқандай шешім шығарып қойған дауыспен. Кемал қорыққан бәсең үнмен:

– Адасып жүрген мен бейбақтың жанын қия көріңіз. Рас, қайда тап болғанымды өзім де білмеймін.

– Сен менің кім екенімді білесің бе?

– Айтып тұрмын ғой, мен ештеме білмеймін.

– О, сормаңдай, сорлы. Жындымын деші. Беріңдер мына жындыға бір кебіс. Түйенің біріне мінгізіп, аяқ-қолын матап-байлаңдар. Сарайға барған соң кесімін шығарамыз. 

Әлгі жауынгерлері патша сөзіне ләппайлап бұйрықты орындай жөнелді. Осылайша Кемал белгісіз мекенде, белгісіз жандармен беймәлім сапарға аттанып кетті. Күні-түні керуен көш үздіксіз жүрді. Кемал қаталап шөлдеп, қарыны қабырғасына жабысқанда ғана болар-болмас сусын мен нан ғана берген патша әскері, не керек, өлтіріп алмай ертіп келеді. Ал өздері аста-төк дастархан жайып, білектерін сыбанып түр-түрлі асты асап жатқанда бұның сілекейі шұбырып, асқазаны ұлып бір шетте қарап қалады. Әйтіп-бүйтіп керуен қалаған жеріне де жетті-ау. Көз тоймас сұлу сарай қол бұлғаған ғашықтай алдарынан күтіп алды. Сарайдың іші-сырты алтын, жақұттармен безендірілген. Қалағаны іске асатын әлгі тойымсыз патша сарайына кіре салып Кемалды қасына шақыртып алды. 

– Ақыры, ештеме білмейтін жынды екенсің. Менің патшалығымды көр, қалағаныңша ішіп-же, сөйтіп екі күннен соң жолыңа аттан. Сені өлім жазасына қияр ем, бірақ, бүгін оған көңілім ауып тұрған жоқ. Әлде қия салсам ба екен... -  деп ойланып қалды да,  -  әй, жоқ, зауқым болмай тұр. Одан да менің қандай, кім екеніме тәнті бол! Және жұртқа мақта, осыны екі күндік басыңа  қонған бақ деп білгейсің. Кейін көрген-білгеніңнің бәріне мен жәйлі жағымды хабар тарат. Барлық әлем менің қандай ұлы екенімді білсін. Әйтпесе, қайта тауып алып шыбын жаныңның апшысын қуыратын болам. Олай болса келістік. Әй, би-төрелер. Қолбасшы мен күзеттегілер, екі күн бойы, мына бір әпенденің жарайды-ау деген барлық сандырағын іске асырыңдар, – деп ол жан-жағына тапсырма берді де алтын жалатылған есігі бар жатын бөлмеге енді. Әлден уақтан соң қатты ұйқы қорылы бүткіл сарайды жаңғырып жатты. Ойламаған жерден бұл үшін бұндай кесім шығарған патшаның шешіміне қайран қалған Кемал алдында иіліп тұрған барша құл мен күңге нендей қалауын айтарын білмей қалбалақтап қалды. Бұндайда ақыл мен жүректен бұрын асқазан пысығырақ болса керек: «Дәмді ет пен ең тәтті шырын әкеліңдерші» деп тілегін жеткізгені сол барлығы жан-жақа зыта жөнеліп, бие сауым уақыт ішінде қалауы орындалып оны үлкен қонақ бөлмесіндегі ою-өрнектей жайылған дастарханға шақырды. Неше түрлі дәмді асты асап жеп, тауысып қоярмын деген ол, астаудың шетіндегі еттен шұқып, ананы-мынаны түртіп жеген соң-ақ қалай тойып қалғанын түсінбеді де. Жаңа ғана түйе жұтып қоятындай арыны зым-зия жоқ. Тамақ ішіп бола сап есіктен небір сұлулар мен аспапта ойнайтын музыканттар қоса кіріп шығыс сазын ойната бастады. Даңғаза әнге билеген бишілерге тамсанып қарап отырған бұның бірнеше күндік шаршауы енді шығып ұйқы қыса бастады. Әлгі мың бұралған бишілер жұмыла бастаған кірпігі ар жағында сағым секілді бұлдырап барып жоғалды. Оянса құс төсекте, мамық жастықта, кең бөлмеде шалқасынан жатыр. Селт ете қалып, орынынан атып тұрды «бұның барлығы түс емес пе», - деп ойлап үлгерді.  Закир, Забур, Әнес қайда дегендей жан-жағына қарап оларды іздейді. Бұның бәрі түс боп шығар деген соқыр үміт. Осы үмітпен терезеге жақындады. Жоқ, сарай сыртында жұрт базар маңын торуылдап сауда-саттық жасап жатқанын, түрлі ойындар ойнап жатқан цирк әртістерін, топты жарып төрт еңгезердей екі иығына екі кісі отырғандай мауыздай-мауыздай жігіттердің патшаны таққа көтеріп әлдеқайда апара жатқанын көрді. Ішін бір суық үрей қарып өтті. Бұған екі күн бойы қалағанын беріп алып, ақыры өлтіріп тынбасына кім кепіл? Осыны ойлағанда жүрегі қысылып кетті. Бөлмесінің есігінен сыртқа аттап басқаны сол екен, аяғын жерге тигізбей жатып мамық шәркені аяғына төсей қалған малайларды көрді. Үстіне жібектен шәлі жауып, таңғы асқа баруын өтінді. Таңғы астан шыққан соң патша алдына шақырылды. 

– Ал, дуана. Қалай, көңілің мен қарының тоқ па? Еш шағымың жоқ па?

– Жоқ, тақсыр! 

– Ие, дұрыс. Мен деген патшамын. Кез-келген бұйрығым мен әмірім екі айтылмай орындалады.  Қорықпа, қалағаныңды айт. Құмарыңды басам десең сұлу қыздар да табылады. Әлде, қызық үшін құмар ойнайсың ба? Не болмаса шарап ішесің бе, масайып ап, шаттанатын боласың. Қаласаң жатып ал да күн-түн демей ұйықта.

– Жоқ, хан ием, - деді бұл иіліп тұрып. – Мен біраз шаһарды аралап қайтсам деп едім, -  деді. 

– О, оның жөн екен. Менің қаһарымның қандай болатынына да куә болмақсың, демек. Хош, бар. 

Ол сарайдан шыққан соң шаһардың саябағын, гүлзарын аралап, жалғыздан жалғыз серуен құрып қайтты. Ханның айналасындағы нысандардағы тұрғындар қам-қайғысыз, бейқам. Ал шаһар шетіндегі жұрттың жағдайы – мүшкіл; кілең жендеттер таяқтап, сабап жатыр. Бар тапқан-таянған малын барымташылар қанап-тонап, одан қалды патша әскері салық қып жинап, бермесе тартып алып жатыр. Үкіметке қарсы келгендерді дарға асады екен. Ол аздай найзаға шаншулы тұрған шабылған бастарды көргенде жүрегі айнып, құсып та жіберді. Шәр сыртын – аштық пен қайғы, ішін болса – күнә мен азғындық жайлағанына көзі жетті. Батпақ, қи аралас сорапта шалынып, сүрініп келе жатқан Кемал айналасында болып жатқан жан түршігерлік жәйттерге үрікті, қорықты. Жол шетінде қолын көкке көтеріп алып зар айтып жатқан тіленшінің азасына құлақ салды: «О, Жаратқан, бізге бәз баяғы паштамызды қайтара көр. Бізге ескі патшаны кері қайтар...», - деп жан дауысы жарияға естіліп жатты. Құлағы елең ете қалған Кемал, «сонда бұл патшалықта басқа патша болған-ау» деп қайран қалып, әлгі тіленшінің қасына жуықтап келді. 

– Бұрынғы патшаларың кім? Ол жайында айтып берші? – деді.

– О, оны патшалардың Патшасы бізге бақ қылып жіберген. Ол еліне жанашыр тұлға болған. Кедей-кепшікке қарасқан, жетім мен жесірге қамқорлықта табылатын. Әділет таразысын тең ұстап, халқы не жесе – соны жеп, жұрты не кисе, – соны киетін.  Оның құрған заңы баршаға тең еді. Бай-манап, кедей-кепшік деп ешкімді бөлген емес. Ол барда айналамызда махаббат пен мейірім бар-тын. Мұнда мамыражай, шуақты жылдарға толы ұзақ көктем болды. Бейбітшілік орнаған сол заман енді, міне, өзің көріп тұрғандай келмеске кеткен. Бүгінде айналаны – аштық пен қаһар жайлап, өлім мен үрей дендеп алды. 

– Ал ол патша қайда?

– Ол зынданда. Не өлі, не тірі екені белгісіз... О, Құдайым, бізге бәз баяғы паштамызды қайтара көр. Жалынайын... – деп зарлап, жылаған күйі кете берді. Кемал жауапсыз сауалдарға көміліп орынынан тапжылмай тұрды да қойды.

Бәріне көзі жеткен соң, патшаға «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп ақиқатты бұқпай айтпақшы болды, алайда, жеме-жемге келгенде – бер жақтағы өмірін, ата-анасын ойлап, үнсіз қалғанды жөн санады.

– Қалай екен ме-е-е-нің патшалығым? - деген сұрағына: 

– Бұндай әділ хан мен бұндай қайырымды қала жұртын көрген емеспін, - деп жауап қатты да іштей «бәлесінен аулақ, тезірек қайтайын», - деп кетуге асықты. Осылайша тағы да бір күн аста-төк аспен көңілді ду-думанға шалқып отырып, келесі күні ханның әмірімен жолға шығатын болды.

– Ал, жынды, көрдің, мен жәйлі білдің. Енді сәт сапар. Аңыз ғып айтып жүрерсің. Пәленше деген хан бар екен. Оның патшалығы жер бетіндегі ең әділ, ең мейірімді патшалық дерсің. Оларды алдап-сулап, ақыры күң мен құл ғып жіберетінімді айтар болсаң, айтпады деме иықтағы басың қала сыртындағы найзаға ілініп тұрған бастардың қатарынан табылуы бек мүмкін. Бекер дуана боп жүрген жоқсың. Саған тапсырма – мен жайында ел кезіп, жер кезіп жақсы ақпарат жай.

– Ләппай тақсыр. Әміріңізге құлдық ұрдым, - деді еңкейген күйі артқа шегініп бара жатып, кетуге асыққан күйі.     

– Ал енді бар, бейбақ.

Бұл сарайдан кеткенде түйген жалғыз бір ойы: «Мұндай даңдайсыған жандарды қалай ғана жер көтеріп жүреді екен». Ол жайында өліп кетсе де жақсы ақпарат тарата қоймас. Керісінше, бұндайларға қарсы шығып, әділдікке жетсе, тым болмаса сол әділдік жолында әрекет ететін ерік-жігерге ие болса, соның өзі бұл үшін үлкен олжа. Алайда ондай батылдық әзірге бұда қайдан болсын. Өз басын әрең көтерген кезбеге айналып барады. Ол аздай қайда бара жатқаны беймәлім. Адасып, хан айтпақшы «жынды» адамша шөл даланы айналсоқтап жүргені тағы бар. Жаһанданған мына заманда орта ғасырға тап болғанына әлі сене алар емес. Патша берген бір тостақ су да таусылды. Енді өлместің амалын табу керек деп келе жатқан беті.  Осының барлығы түсім болса екен деп үміттеніп келеді. Осылай шөлде бірнеше сағат жүрді де қойды. Алдында көлдей сағым менмұндалайды демесең ешбір қара көрінетін емес. Әлден уақытта аш, жалаңаш бір қайыршыны кезіктіргенде «жол сұрармын» деп қуанып кетті. Үстіне жыртық лыпа іле салған ол, асасына сүйеніп алып әзер қозғалап барады. Кемалды көрген ол сығырайған көзін одан бетер сығырайтып:

– Әй, жолаушы, жолдас, су бар ма, су? 

– Өзім де сусап келем. Ол аздай адасқаным тағы бар. 

– Мен саған қуана көмектесер ем. Бірақ анау зұлым патша бәрін менен тартып алғалы қа-а-шан.  

– Қалай сонда?

– Мен кезінде осынау патшалықтың патшасы болғам. 

Осы сөзді естір-естімес Кемал мырс етіп күліп жіберді. Сонда да әлгі қайыршы мұнысына мән бермей сөзін жалғастыра түсті. 

– Бүгінгі патша менің уәзірім боп қызмет етіп жүрді. Ақыры бір күні алдап-сулап, мың түрлі қайласымен менің орыныма отырып алғанын да байқамай қалдым. Сөйтті де зынданға тастады. Патшалықтың әр тесігін жетік білетін мен амалын тауып зынданнан қашып шыққалы, мінеки, тау кезіп, шөл кезіп аш-жалаңаш, бас сауғалайтын жер іздеп жүрген жайым бар. Осылай жүре-жүре өліп қаламын ба деп те үрейленем. Ал ол болса айналасының бәрін жайпап, күннен күнге күшейіп келеді. Ал бұнысы жақсылыққа апармасы кәміл. 

– Солай болса, солай шығар, - деді Кемал оның бұл айтқандарын сандырақ деп ойлап, - Патшаның зұлым екені рас. Бірақ бұл – кезінде сенің патша болғаныңа дәйек емес. 

«Мені патша «жынды» дейді, нағыз жындымен шатастырып алғанын көрсеші» деп ойлады Кемал. 

– Енді қазір үйің-күйің жоқ па?

– Аспанды шатыр, даланы төсек қып жүргеніме бірнеше айдың жүзі болды. Өзімді қайтейін, ием үшін қорқам, уайым шегем. 

– А, сонда патша болғаныңа қарамастан иең де бар ма? Патша-құлмын дейсің ғой? Иең де зынданда ма? – деді Кемал оны әжуалай түсіп. 

– Иә, нағыз қапаста қалған мен емес, – ол. 

– Ол – қапаста, сен – мұнда. Жағдайларың қиын екен... Көп сөзді қояйық, менің адасып кеткенімді көріп тұрсың. Айтсам есі ауысқан деп ойларсың, бірақ шындық, - деді бағанадан бері оны мысқылдағаны үшін өкінгендей, –  Менің сенен басқа үмітім жоқ. Патша сарайындағыларға айтар ем, айналада болып жатқан әділетсіздіктерге куә болған соң тілімді тістеп сол жерден кетуге асықтым. 

– Қолымнан келгенше көмектесейін, қарғам! 

– Асылы, басқа бір әлемде – мешітте отырғам. Кейін михрабта ашылған қақпадан ішке еніп, осында тап болдым. Енді, қайта сол қақпаға кіріп өз әлеміме кету керек. Бірақ қақпа қайда, мен қайда еш түсініп болмадым, - деді Кемал қарт жауабын білуге асықан соң өрекпи, тез-тез сөйлеп. 

– Рас па? – деді ол жылтыраған жанары жәудіреп. Сонсоң: – Ием-ау, – деп Кемалдың құшағына кіріп кетті де өксіп-өксіп жылай бастады. Сосын көз жасын тыйып, ықылығын әзер басқан соң бұған жабырқай қарады. 

– Ақиқатында мынау шөл дала, анау сарай, әлгі патша мен мына мен – сенің жан-әлеміңбіз. Бұның барлығы сенің жан-дүниеңде болып жатқан уақиға, – дегенде Кемалдың қос қабағы түксиіп, мең-зең күйге түсіп, шынымен де жындана бастаған шығармын деп ойлады. Айналасына «өтірік пе, бәлкім елес шығар» дегендей тағы бір мәрте қарады. Бәрі де анық, шын. 

– Білем, таңқалып тұрсың. Бірақ ақиқаты, – осы. Өз хал-қадеріңді анау өміріңде де сезіп те жүрсің. Бірақ, көзбен көріп, қолмен ұстап кеткенің қандай жақсы болды. Ақиқатқа көз жеткізгенің өзің үшін қайырлы. Ал мен сенің – Арыңмын, - дегенде Кемал оның бейшара, мүшкіл, жыртық кебін киген, қартайған, аурушаң халіне тағы бір рет төменнен жоғары қарай көз жүгіртіп өтт, - Ал анау патша, ол сенің – Құлқының. Енді ойлай бер жан-дүниеңді кім билеп жатқанын. Бұл шөл далада ғана емес,  пәни дүниеде де адасып жүргенің қасірет. Әсілі, сен өз ішіңде өзің адасып жүрсің, -  деді ол бұның көзіне тік, әрі шынайы, үмітпен қарап тұрып. Бұл әлі түк түсінбегендей дел-сал халде. Тіл қатуға дәрменсіз. Үстінен біреу мұздай су құйып-ақ жібергендей. 

– Сенің жан дүниеңді Құлқын билеуде. Егер бұған ерте ме, кеш пе тоқтау салмасаң бәрі де кеш болмақ, - деді ол әр сөзін шегелеп, - Жүр, енді мен саған мешіт қақпасына қайта кірер жолды көрсетейін. Сені көргенім сондай тамаша болды. Міне, жетіп те қалдық. Айтқандарым жөнінде жақсылап ойланғын, - деді ол жердегі әлгі бұл шешіп кеткен қалың күртке, жемпірін құм үстінен көтеріп алып. Кемал жерден басын көтеріп қараса көз алдында іргетасы құмға бөккен мешіт қақпасы тұр. Күрткенің жан қалтасындағы кілтті алып қақпа құлыбына сұққаны сол, есік айқара ашылып, бұрынғы қараңғы дәліз көрінді. Ол әлгі өз Арына қарап тұрып одан кешірім сұрағысы, алдына жығылып жас баладай еңіреп жылағысы келді. Бұлардың ешбірін орындай алмай, тіпті бетіне қарауға дәті шыдамай есіктен еніп ішке кірді. Жабылып бара жатқан есіктің ар жағынан Арының: 

– Құлқыныңа құл болма! - деген жан даусы құлағына талып жетті. Мешітке кірген соң кілті жап-жарық болып баяғыша жанып тұр. Михрабтан алыстаған сайын жарығы бәсеңдей түсті. Орынына кеп отырған соң, басынан өткен оқиғаның ғибратына терең үңілді. Қабырғадағы сағатқа қарап еді 22:22, яғни қаншама күндік саяхаттан оралған соң да екі минөт өтпеген. Бір уақта таныс адым бұған қарай баяу жақындап келе жатқанын аңғарды. Қараса – төбесіне төніп тұрған баяғы сол кілт берген бейтаныс мырза. Қолын бұған созып тұр. Бұл да оның ымын ұққандай қолындағы кілтін қайтарып берді. Ол кілтті алып, төс қалтасына салып баяу адымдарымен мешіттен сыртқа шығып кетті. Бұл аң-таң. Қыдыр ма, Қызыр ма, әулие-әмбие ме, Құдай біледі... Бірақ, басынан өткен мына оқиға оны бей-жай қалдырмағаны анық. 

Сәлден соң мешіт қызметкері болса керек.

– Кешіріңіз, мешітті жабуымыз керек еді... - деді бұған қараңғыдан ашылған есік тұтқасын ұстап тұрған кісі дауыстап. 

– Шығып бара жатырмын, - деді де михрабтың ою-өрнекті, әбзелденген тасты қабырғасына тағы бір көз тастады. 

Қарғалар мешіт мұнарасын торуылдап ары-бері, ұшып-қонып, қарқылдап жүр. Жол үстінде бірең-сараң көліктер тас жолды кесіп бара жатқан қаңғыбас итті қаға жаздап дабыл қағып өтіп барады. Ит те құйрығын артқы аяқ арасына жиырып Кемал қасына жете бере тамақ берер ме дегендей жәутеңдей қарайды. Көше шамдары Кемалдың баяғыша көңілін түрлі күйге түсіріп, әлдебір сағыныш-сезімін оятуда. Аяқ астында шашылған бөтелкелерді бір шетке теуіп қойып, өзінің шашылған ойларын бір ретке келтіре алмай аяңдап келеді. Ішкі ар дауысы: «Құлқынға құл болма!», – деп әлі жаңғырып тұрғандай.

author

Нұрбек Нұржанұлы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...