Заман Төлеуов. ҚАРАҚУЫС (роман)

ӘДЕБИЕТ
2500

10 тарау

Таң енді сібірлеп келе жатқанда Ғалам малды шолып қайтқан. Жарықтықтардың барлығы орындарынан су шыққандай түрегеліп кетіпті. Қойлар да, сиыр мен жылқылар да бұған үдірейісе қарады. Ит-құс торыған болар деген күдікпен ол, қораның түкпір-түкпірін тексеріп шықты. Үңгіп кірді дейтін қуыс, көзіне шалынбады. Ол «қасқалардан» бәрі шығады. Есік-терезе мықты болса, іргеден қазып кіріп, ойран салғанын талай естіген-ді. Барлығы дін аман екен. Көңілі орнына түскен Ғалам, тағы бір-жар сағат көз шырымын алаңсыз алмақ болып төсегіне қисайған...

Тарсылдатқан дабыстан шошып оянды. Аяғына ілінгенді кие салып, жалаңбас, жеңілтек киіммен сыртқа ұмтылды. Алғашқыда алдын ала айтпай суыт жеткен кемпірі ме деп қалды. Аулаға шыққанда көше жақтан естілген көп дабырды құлағы шалды. 

- Ғалам, аға! Қақпаңызды ашыңыз! 

- Бұ кім ей?

- Мен ғой, ушаскобый.

Ғалам сасқалақтап жүріп, кіші қақпаны ашты. Полицейдің түрі бұзылып кеткен. Үстінде қаудырлақ плащ, аяғында қонышы биік, резеңке етік. Құдды балық аулауға шыққандай. Оның артында осы ауылдың бір-жар егделері ербиеді. Бәрінің ұсқыны сұсты. Кейбірі ауыр күрсініп, жерге қарап қояды. Ғаламның төбе құйқасы шымырлап қоя берді. Бұлар сірә, жаман хабармен келіп тұрған шығар? Балалар аман болса екен! Басына басқа ештеңе келмеді. Кейін, осы жағдайды есіне түсірсе, өзі біртүрлі болып жүрді. Жол апатына кемпірі ұшырады десе қайтер еді? Әлденеге, ол жарықтыққа ештеңе жұқпайтындай – қауіпті өзге тұстан тосатын-ды... 

- Не боп қалды?! – деп Ғалам түкірігіне шашала сұрады. Полицей қалпағын алып, етегіне қақты да:

- Әкиматқа жиналып жатырмыз. Шұғыл дабыл, – деді.

- Мен әскер жасынан кеткен адаммын. Және үйімде өзім ғана. Малды шығару керек.

- Малды қоя тұрыңыз, соларды шығармағаныңыз жөн сияқты.

- Қарағым-ау, айтсаңшы не боп қалды? Соғыс басталып кетті ме?

- Ауыл ақсақалдары мен азаматтарын әкім шұғыл жинап жатыр. Не үшін екенін өзі айтар. Тездетейік!

Аң-таң болған Ғалам: мынадай құлқынсәріден елді мазалаған әкімнің қылығына таңырқай жүріп киініп, кісілерге ерді. 


* * *

- Тынышталыңыздар! Жағдай былай, – деп әкім отырған орнынан түрегелді. Бірінен-бірі оза дабырласқан он шақты адам жым болды. Әкімнің қабағы қатулы. – Өздеріңіз білесіздер... ана жылы «Қызылтал» ауылын су алып кеткенін... әрине, құдай одан сақтасын. «Ащыбұлақ» өзенінің жоғары сағасында отырған малшы хабарласты. Өзен арнасынан асып, ауыл жаққа қалың су кетіп бара жатыр деп. Таудың да қары күрт ери бастапты. 

- Астапыралла! – деп жұрт ішектерін тартты. – Енді қайттік? Қашамыз ба? «Қызылталдан» сабақ алып, сақтық шараларын жасау керек еді! – деген айыптау есітілді. 

- Несіне таң қалып отырсыңдар? Үш-төрт жылда ауылды қызыл су бір қабат басатын әдеті бар емес пе. Тағы солай: қалай келсе, солай ағып кетеді... – деп біреуі басу айтты. 

- «Ащыбұлақ» арнасынан асты дегенді естіп пе едің? – деп келесісі ішек тартты. Сонымен пәтуасыз әңгіме ары қарай жалғаса берді.

- Бала кезімізде кісі бойламайтын терең өзен болған. Кейін ғой, тартылып қалғаны...

- Сенің бойыңмен әрине, тұншығуға да болады!.. Хи-хи !..

- Сіздерді әзілдесуге шақырған жоқпын. Ауылға қауып төніп тұр! «Қызылталдан» сабақ алу керек еді. Қажетті шараларды көрсетіп, жобасын да ұсынғамыз. Қаржы тапшылығынан осы күзге қалдырылған. 

- Әй, осы біз қандай мемлекетпіз? Жер асты, жер үсті толған байлық, алтын сандықтың үстінде отырған елміз деп көкиміз де «қаржы тапшылығы» деген сандырақты айтамыз! Жемқорлықты жою керек!

- Дұрыс айтасың! «Алтын сандықтың» үстінде жалаңбұт отырған елміз!  Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық. Мылион тонналап мұнайды кашайттап жатыр! Қайда сол?

- Қайда болушы еді? Бес-алты адамның қалтасына кетіп жатыр...

- Өу, ағалар! Туысқандар! Ауылдың басына қатер төніп келеді деп соған бола бастарыңды қосып отырмын. Бұл не сөз?!

- Бізден ақыл сұрасаң, бұған дейін қайда қалдың? Таң бозынан жылы төсектен жұлып алып!.. 

- Не, бізге көлденең жатып, өзенді бекіт дегің келе ме? Біздің қолдан не келеді, құр сөзді көйіткеннен басқа?

- А, мүмкін, «асарымызды асадық, жасарымызды жасадық»... енді шал-шақпұттар шынымен «Ащыбұлақтың» арнасына көлденең жатып, суды тоқтатайық! 

- Бұл не деген берекесіздік! Шығыңдаршы, кабинеттен! – деп әкім бұлқан-талқан болып, стөлін бір түйді. 


Әкімшілік ауласында біраз адам тұр екен. Ғимараттың көше жақ тұсына: артында тіркемесі бар, бірнеше трактор мен жүк машинасы қаңтарылыпты. Арасында «Нива», «Уаз» сықылды жол таңдамайтын жеңіл көліктер де шалынады. 

Аласа бойлы тығыншықтай әкім, өзі қуалайтын доп сияқты домалап, жиналған жұрттың алдына барды. Оны, түстері сұп-суық боп, сіркелері су көтермейтіндей халдегі жұрт қаумалай қоршады. Бұлар ауылдың бас көтерер азаматтары еді. Манағы сөз таластырған шал-шауқандар табалдырықтан түсуге ерініп, есік көзінде іркілген-ді. 

Мектепте қырық жыл мұғалім болып, содан зейнетке шықса да жұмыс істеп,  ақыр-аяғында аттан-соғыспен әрең кеткен шұбар бет, тарамыс шал Ғаламның құлағына сыбырлады.

- Кімнің жиналғандарын қарашы. Кілең ығай мен сығай... шаруа қожалық басшылары мен солардың жандайшаптары... Апат болса, ең алдымен осылар зардап шегеді. Менде не бар? Сенде не бар? Түгіміз жоқ! Жүр кеттік.

- Қой, ұят болар... Елмен бірге болайық.

- Өзің біл, мен кеттім, - деп анау табалдырықтан қитыраңдай түсіп, елді қақ жара үйіне тартты. «Қайда кеттің?» деп одан ешкім сұрамады. Себебі, бәрі алаңдаулы еді. Ғалам да екіұдай күйге тап болып, кетер-кетпесін білмей дағдарды. Қорадағы қамаулы малды ойлағанда, мыналарға қолды бір сілтеп ата жөнелгісі келді. Жалғыз бұл ғана емес, өзге шалдардың да төзімі түгесіліп, тықырши бастаған-ды. Әлгі шұбар шал тайқып кеткенде – олар да бір ырғатылып барып, әкімнен сескенген соң ғана тежелген. Осыны сезгендей әкім де бұларға мойын бұрды.  

- Ақсақалдар, сіздер өз көшелеріңізге ие болыңыздар. Егер расында қатер төніп жатса, жедел хабарласып, мәлімет беріңіздер. Ел арасында толқу тудырмауға тырысу керек. Сіздерді сол үшін шақырдым. Келгендеріңізге рақмет! Мына жігіттер елдің қауіпсіздігі үшін қызмет етуге жиналды. Осындай ауызбіршіліктеріңізге шын жүректен ризамын! 

Бір-біріне рахмет айтысқан соң, екі-үшеуден топтасып, үйді-үйлеріне бүгжеңдей тартты. Ұзап бара жатып, Ғалам соңына қарады. Ұйысқан техника да көзге үйреншікті емес, қатерлі көрінді. Адамдары ғимарат ішіне кіріп кеткен сыңайлы. Өзінен төменірек тұратын бір қариямен серіктес болып келе жатқан-ды. Ол да соңынан қуғын түспеді ме деген адамша – артына қарағыштап қояды. Бір кезде:

- Астапыралла, ана сұмдықты қара! – деп ауыл сыртындағы қасқайған белді нұсқады. Ғалам қапелімде ештеңе ұға алмай, қауіпті – жерден емес, аспаннан тосқан тәрізді, төбесіне алақтап:.

- Ештеңе байқамадым, – деді сосын күмілжіп.

- Ойбай-ау, анау ақ қардың бетін осып, ағылып келе жатқан қап-қара не сойқан?! – деп әлгі шал сұқ саусағын қасқа бетке қарай, тағы шошайтты.


Ауыл үйлері – етекті жонның бауырына бытырай жайылған қойлар секілді, сонау етегіне дейін шоқ-шоқ болып қоныстанған еді. Бастауын таудан алатын «Ащыбұлақ» өзені осы ауылды төменінен екіге жарып өтеді. Жүз жыл ма, мың жыл ма бұрын салынған арнасынан бұл өзен өмірі асып көрмеген-ді. Толып аққанның орнына күннен-күнге суалып, бір күндері әншейін қара жыраға айналып тынатындай тәрізденетін. Аяқ-асты мынадай мінез көрсетті. Екі иінінен дем алып, кеудесі жейдесіне сияр емес. Ешнәрсеге жаны ашымайтын, өлдім дегеніңді естімейтін керең секілді, шұбалаңдаған лайлы тасқыннан ажал аңқиды. Оған қараған адам мен малдан да құт қалмас, сірә?.. Елдің зейінін аударған бұл алапатқа пара-пар, тағы бір қатер қасқа жоннан сөгіле жөңки бастаған-ды. Түндегі ұры жылымық бекер алдаусыратып, ұйытпаған екен. Белуардан асқан қар астынан еріп, қара суға айналып, тарам-тарам қаракөк жолақтана еңіс қуалай, ауыл қайдасың деп – жаудың қалың қолындай бөріктері әр тұстан қараң-құраң көрініп, жарыса шауып келе жатты...  


* * *

Ғалам малды шалы қораға шығарып, алдарына шөп салды. Түнімен пішенді көрпілдеткен жылқылар шөліркегенін білдіріп, кісінесті. Әдетте ертелетіп, тек көк бие мен құла тайға су беретін-ді. Күйбеңдеп сол қора жақта жүрген. Көшеден естілген жаман дауыстан селк етті. Ашасын тастай сала қақпаға қарай жүгірді. Қайда қашарын білмей, жолдың шетінде ербиген екі-үш адамды көрді. Астындағы көк мұзы тозып, асфальты қарайып, кенерленген қос танап – қара суға лықа толып, жалмаңдай ағып бара жатыр екен. Ғаламның жүрегі зу ете түсті. «Астапыралла, мынау таудан сорғалаған қар суы ғой?!» Ернеуден асса – жол жиегін жағалай мекендеген үй-жайларды баса жөнелмекші. Осы кезде қалта телефоны шырылдады. Жақтырмай айғай салды.

- Бұ кім?

- Көке, мен ғой! Жалғыз қарындасыңызбын...

- Өй, қарағым-ай, танымай қалдым. Бізді қара су басып жатыр! Өздеріңде аманшылық па?

- Иә аға, бәрі орынша... біз ондайға үйренгенбіз. Жылда басады. Қардан қора-қопсыны қоршап қорған салып, аман қалып жүрміз.

- О не қорған?

- Су келетін тұсқа қарды жиектеп үйе беріңіз, бәр болғаны сол...

- Ой, Аллай-а? Мақұл, сөйте берейін... 

Ғалам бұл жаңалығымен көршілеріне барып бөлісті. Олар «Табылған ақыл екен!» деп қоштау танытып, қамал жасауға кірісіп кетті.. «Құдай ақысы, көрші хақысы» демекші, Ғалам көршілері алдындағы өз аманатын өтедім деген мерейлі сезімге бөленді. 

Қарындасы кеңес бергендей қылып, жолдың өз үйі жақ ернеуіне дестелеп, жентек қарды көтеріп шықты. Сосын қора-қопсы жақтың айналдыра қоршамақ болып, ауласына кірді. Көшедегі құйындап жатқан қара судан бұл жақта, әзірше хабар жоқ. Айналып қора сыртына шықты. Ақ шекпенін жамылып, томаға тұйық жатқан бақшаның арқасы тақтайдай тегіс. Сонау көршімен шекаралас жоғары тұстан бірнәрсе қараң еткендей болды. Жымдарымен жосып, жүгіріп жүрген ит-мысықтың бірі болар деп Ғалам сырт айнала беріп, кілт қадала қарады. Тұтасқан қарды кеудесімен бұзып, иреңдеп келе жатқан, бөренедей жуан қара жыланды көрді. Тура қора-қопсы мен ауланы меңзеп келе жатқан тілсіз жаудан Ғаламның зәр-иманы ұшты. Кенет, басына бір ақымақ ой сап етті. Кері қарай біраз шегініп барды да, ордан қарғыған адамша ата жүгіріп, қанатын жая қалың қарға күмп етті. Жедел тұра салып, адымын аша, аттап-бұттап қаракөк сияның алдынан шығып, ағысын ауытқытып, жетектей жөнелді. Тізеден сәл асатын резеңке етік суға толып, қорқылдай бастады. Бастапқыда мұздай суық көрінген қар суы сәлден соң, ып-ыстық қайнаққа айналды. Сең-сең қарды тіземен бұзып, бір бақшадан келесі бақшаға аударып, жолдатып келеді. Қара суға да кедергісіз ағыс ұнайтын секілді, еліктің соңынан түскен топ қасқырша Ғаламның етегін тістелеп, елпілдеп ұшады. Көлденең жатқан үлкен тоғанға жеткенде қашқынның да дымы құрып, жағасына етбеттей құлады. Жаңа арнаға құлдилаған топан су салдырай ағып, тоған арнасына орнаған оппа қарды кеулей, ылди-төмен жөнеп берді. 

Үлкен тоғанның арғы бетінде Сәрсенбектің ауласы. Сол жақтан дауыс шықты.

- Бұ қайсың-ей, ит қуғандай далаңдап жүрген?

- Мен, Ғалам ғой... тажал жетектеп...

- Не дейді? – деп Сәрсенбек арықтың желкесіне көтерілді де, – Мына сұмдық қайдан келген?! – деп жағасын ұстады. 

- Осыдан қашып жүрмін!.. – деп Ғалам жатқан қалпында ырқ-ырқ күлді. 

- Сау жерің жоқ, малмандай су бопсың ғой? Ойбай, жүр үйге! Киіміңді ауыстыр.

Екеуі біріне-бірі сүйеніп, кетіп бара жатқанда: етек жақтан тарпылдата шапқан аттылы кісі бұларды басып озып барып, қайта ошарылды. Үстіндегі қаудырлақ сулығы делеңдеген, оған қосыла тайпақ танауының қос желбезегі де делдиіп кеткен учасковый екен. Ол, амандасуға мұршасы болмай, қолын арт жаққа қарай ербеңдете берді. Ту сырттан шыққан жағымсыз дауыс екі досты елең еткізді. Әдетте, «Тері аламыз, тері аламыз!» деп қақсаған хабарландыруға үйреніп қалған құлаққа «Азаматтар, сабыр сақтап, мектеп ғимаратына жиналыңыздар. «Ащыбұлақ» өзені арнасынан асып, үйлерге, адам өміріне қауіп төндіре бастады. Құжаттарыңыз бен қажетті заттарыңызды ғана алып, тезірек қатерлі аймақтан кетіңіздер! Мектепте ыстық тамақ пен демалатын орын қарастырылған... » деген мақам тым жат естіліп, тұла-бойды түршіктірді. 

- Мынау не сұмдық болып кетті? – деп Сәрсенбек ауылдың қауіп ентелеген етек жағына жалтақтады. Сосын Ғаламды жеделдете жүргізіп, ауласына кірді. 

- Сен үйге кіре бер, кемпір үйде. Саған шақ келетін киімді сол тауып береді. Мен мал жақты байқап шығайын... 

Шырттай киініп, Сәрсенбектің кемпірін жетектеп, үйден шыққанда Ғаламның көзі атыздай болды. Аула қара суға толып кетіпті. Жабық қорадан жас бұзау көтерген Сәрсенбек құрғақ жер іздеген тауық құсап айнала жүгіріп жүр екен. 

- Астарына қалыңдап кәшек төсеп... бауырынан суық өтпесін деп жүрсем... мына сұмдықты қарасайшы? Қораның ішіндегі қозы-лақ малтып жүр!..

- Таста! – деп Ғалам мен кемпірі қосанжарлай айғай салды. Естуін естігенмен не жаса деп тұрғанын анау түсінер емес. Су қоныштан асып, өрлеп барады. Үйді іргелей өтетін үлкен тоғанның өзегі де ылқия толған сыңайлы – өзеннен өрлей жайлаған қара суға бауырымдап, олар да лап беруге шақ қалыпты... 


* * *

Төбеде бір топ қарға ұшып бара жатты. Олар да алаңдаулы сияқты. Сусылдаған қанаттарын жиілете қағып, күнделікті қона кететін ағаштардан аулағырақ ұшып, апат жайлаған ауылдан бұлар да босқан сыңайлы. Ауылдың тең жартысы мен төмендегі егістік беткейінің ой-шұқыры тегістеліп, шалқыған көк айдынға айналды. Елі қашып, шатырлары қалқиған бос үйлер – су бетінде қалқыған жапырақтай ағараңдайды. Нұх пайғамбардың кемесі құсап, соңындағы тіркемеге адам тиеген тракторлар ғана әр-әр тұстан қараңдайды. Төсінен келетін қара суды арындай кешіп, қаудырлақ кенебі салаңдаған учасковый көше-көшені адақтап, «Мал - жаныңның садағасы, өзің аман қал!» деп жолыққандарды үгіттеп, соңынан көлік жібертіп жүр. Домалақ әкім де тыным табар емес. Ауданға шұғыл ақпараттарды атқылатып жатыр. «Зардап шегіп жатқан жалғыз бұл ауыл емес. Ыңғайы келгенде көмек жібереміз. Үй-мүлік, малға алаңдамаңдар. Шеккен зиянды өкімет өтейді. Өздерің аман болыңдар!» деп жоғары жақтағылар елдің қамын өкімет пен құдайға тапсырған секілді. Осы аласапыран кезінде кереңді елең еткізетіндей барқыраған бір тікұшақ ауылдың үстін: дем салған бақсыдай үш қайтара айналып, өздері қайда қонарын білмей сасып-пұсып жүрген қарғалардың зәре құтын ұшырды.

Абырой болғанда адам шығыны болған жоқ. Іші кепкен малдың өлекселерін бір ай бойы: әр-әр жерден тауып, сасытпай көміп үлгерді.

Өзі құлайын деп тұрған бірен-саран тозған үйлер егіліп батпаққа айналды. Су тартылған соң, аман қалған мал-жан дүр-дүр сілкінісіп, есін жиған ел-жұрт шұрқыраса саулық сұрасып жатты. Шеккен зиянын өкіметтен талап етпек болған біраз жұрт арыздануға кірісті. Кейбірінің үй-жайлары заңдастырылмапты. Кезінде үдере көшкен орыстардан арзан бағаға сатып алып, «екі жеп биге шықтым» дегендер де жетіспеді. Үйлерінің иесі өздері болмай шығып, көздері алақтады. Ал, өзіміз салдық деп қоныс той жасап, мәре-сәре болғандар әне-мінемен жүріп, заңсыз үйін паналап, осы күнге жетіпті. Қазакеңнің құжатқа деген құнтсыздығы осыдан байқалды. Үй-жай мен төрт түліктің паспорты түгілі, кейбірінде мүлдем құжат та болмай шықты. Немесе қазіргі ұрпақтың санасына қонбайтын СССР деген елдің азаматы деген қызыл паспортты күні бүгінге дейін мәпелеп келіпті. Бәрінен де: Ғалам мен оған іргелес екі-үш көршісінің ауласы құп-құрғақ қалғаны елді таңқалдырды. «Жынды шалдың арқасында құдай сақтады!» деп ол көршілері, ара-тұра сөз арасында тамасана еске алып қояды...

Сәрсенбек осалдау екен, екі апта ауруханада жатып шықты. Ғалам түк болмағандай сап-сау көрінді. Қатерлі сәтте оянатын ішкі қорғаныс күштің әсерінен, ол – суықты бойына сіңдірмеген тәрізді. Бірақ, тықылдаған жөтел пайда болды. Сонымен қатар көктем келсе, өмірінен жерітіп, күйзелтетін үйреншікті қалпы қайта қырындай бастаған-ды ... 

Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...