Базарбай МәметовАлаш зиялысы, Алашорда үкіметінің мүшесі, Жетісудағы Алаш қозғалысының көрнект...
Нұрғали ОРАЗ: Боранбай барон - терiс ағаш
Бiз әңгiме етiп отырған Боранбай барон өзінің бұл пәнидегi ең алғашқы алыс сапарын - ауылдағы сегiз жылдық мектептi өлдiм-талдым деп жүрiп бiтiрiп шыққан жылы бастаған екен. Иә, айтпақшы, оның өлдiм-талдым дейтiн себебi, бесiншi сыныпқа дейiн өзге балалар секiлдi бiрсыдырғы тәп-тәуiр оқып келе жатқан да, алтыншыға жете бере аяқ астынан нiлдей бұзылған. Ал енді, нiлдей бұзылғандығының себебi – сонау бір кездiң өзiнде-ақ бұйра шаш, бадырақ көз қара бала Боранбайдың бойынан басқаларда жоқ бiр қызық қасиеттер байқала бастаған.
Сонан кейiн-ақ оның оқуы оңбапты. Өйткенi мектеп деген нәрсенi мүлде ұмытып, апталап-айлап ат iзiн салмай кететiн болған. Қазығұрт тауындағы жылқышыларға, Құмсайдағы қойшыларға, Шошқабұлақтағы тауықшыларға кетiп қала беретiн әдет тапқан.
Қысқасы, Боранбай бала қып-қызыл қаңғыбас болды да шықты. Әрине, таудағы жылқышыға да, шөлдегi қойшыға да, сасық бұлақтың басында отыратын тауықшыларға да қай кезде болмасын көмекшi ауадай қажет-ақ. Әсiресе шаш-етек шаруа жағадан алып, мойын бұруға шамаң келмей қарбаласып жатқан шақта, құдайдың өзi жәрдемге жiбере салғандай қыр жақтан салпақтап келе қалатын қолқанат балаға олар қуанбаса, ренжи қоймайды. Шала-шарпы шай демдеп берiп, ауыл-аймақтың жаңалығын асығып-аптығып жүрiп сұрап алғаннан кейін оның шамасына шақтап шаруа тапсыра салады. Бұл жаққа неғып келдiң, мектептерiң жабылып қалған жоқ па, сабағыңнан қалып қоймайсың ба деп оны ешкiм де тергеп жатпайды. Жол-жөнекей кезіккен көлiкке жармасып, ара-арасында бiраз жер жаяу жүрiп, әжептәуiр машақат көрiп жеткен Боранбайға да керегi сол – сұрамағаны ғой. Тiптi одан бiреу соның бәрін тәптiштеп сұрай қалған күннiң өзiнде де табан астынан бере қояр жауабы да жоқ. Өйткенi бұл жаққа неғып келгенiн, қандай құдiрет айдап әкелгенiн біз түгілі, оның өзi де бiлмейді. Әйтеуiр, осылай қарай көңiлi тартты да тұрды, бар болғаны сол ғана...
Оның есесiне Боранбай қонақ екенмiн ғой деп күй таңдап жататын кiсi емес, қолды-аяққа тұрмай кез келген iстiң бiр ұшына жармаса кететiн елгезек бала. Ал ауылда апасы: “Жүгiрмектiң әкесi де тап осындай жұрттан өткен қаңғыбас едi. Мен алғаш келiн боп түскен жылы аяқ астынан екi ай жоғалып кетiп, әзер тауып алғанбыз. Бұл да қанына тартайын деген екен!” – деп күйiп-пiсiп отырады.
Кейiнгi бiр жылдары астық тасымалдау пунктiне есепшiлiк жұмысқа ауысып кеткен сынып жетекшiсi Бағысбай ағай да: “Әй, осы көресiнi Әлтаевтан-ақ көрдiм-ау!” деп жүреді шыж-быж болып.
Әрине, мектептегiлердiң сабақтан көп қалған баланың басынан сипай қоймайтыны бесенеден белгiлi емес пе. Боранбай Әлтаев та алтыншы класта бiр жыл, жетiншi класта екi жыл қалып қойып, қайта-қайта оқып сегiзiншiге әрең өттi. Ал соңғы жылы одан мұғалiмдердiң өздерi-ақ құтылуға асыққан болар, әйтеуiр көп бөгеуге тырыспапты. Дегенмен, пiкiр плюрализмi дегенiңiз мектепте де жоқ емес, құдайға шүкiр, баршылық. Сондықтан олардың iшiнде де: “Жалпы, Әлтаев жаман бала емес. Мысалы, әдебиетке бейiмi бар...” деушiлер табылған көрінеді.
Бiрақ Боранбайдың өзi де бұдан ары қарай бас қатырып оқып жатуды мүлде қажетсiз, қол арбаға қосымша доңғалақ орнатқандай артық тәш-піш деп есептеді. Несi бар! Сегiз жылдық бiлiм де қадiрiне жете бiлген кiсiге аз дүние емес. Және оған кластан-класқа көше алмай қалып қойып, қайта-қайта қайталап оқыған қосымша оқуды қосыңыз!.. Жалпы, осы да жетедi. Сегіз жылдық бiлiммен-ақ әлi талай-талай сергелдеңі мол серiлiк дәурендi бастан өткiзуге шама келедi.
Боранбай бала сегiзiншi сыныпты бiтiрген жылы жазда бiздiң ауылдың шетiне цыгандар таборы келiп қонды. Үстiне шатыр тiккен ат-арбаларын Кiшi Келес өзенiнiң жағасына қаз-қатар тiзiп қойып, түнiмен от жағып, ән салып, би биледi. Бергi беттегi қазақ аулының ұйқысы бұзылып, таң атқанша оқтын-оқтын жастықтан бастарын көтерiп қарап, әр түрлi ойға шомып жатты. Көп етектi қызыл-жасыл көйлек киген цыган қыздары қандай сұлу, қандай ерке, қандай еркiн десеңiзшi...
Таборды көрген бойда қаңғыбас Боранбай, өз үйiрiн тапқан құс сияқты, бергi жағада тыпыршып отыра алмады. Тұп-тұнық суы тобықтан ғана келiп, сылдырай күлiп ағып жатқан Кiшi Келес өзенiн ит сияқты шал-пылдатып кешiп өтті де, цыгандардың жанына жетiп барды. Тiмiскiленiп жүрiп олармен не деп түсініскенін кiм бiлсiн, әйтеуiр, қас пен көздің арасында тез-ақ тiл табысып кеттi.
Ал сол күннiң ертеңiне бiздiң ауылда бiр қой, екi-үш күрке тауық, бес-алты жай тауық және Боранбай бала ұшты-күйлi жоқ болып шықты. Кеше кешкiлiк Кiшi Келестiң жағасына келiп қонған цыган таборының орнында бүгiн арбалардың айқыш-ұйқыш iзi мен әлi толық сөнiп бiтпеген қоламта ғана бықсып жатты...
Сол кеткеннен Боранбай бала мол кеттi.
* * *
Келесi жылы бiздiң бейғам ауылды шырт ұйқыда жатқан жерiнен түн жамылып келiп тонап кететiн қай-қайдағы бiр ұры-қарылар пайда бола бастады. Алғашқы кезде олар Қазығұрттағы жылқышыларды, Құмсайдағы қойшыларды қан қақсатты. Сонан соңғы кезек бiздiң ауылға жеттi.
Ұрлықтың “бiсмiлләсi” Байқазақтың ертең Шора-базарға апарып сатайын деп отырған қызыл тайыншасынан басталды. Шiркiн, былқ-былқ еткен семіз күйiнде базарға аман-есен жеткенiнде, бес жүз мың теңгенi ойланбай-ақ санап алуға болатын бiтiмi бөлек мал едi. Бұйырмаған екен. Байқазақтың iшi удай ашып, бармағын тiстеп қала бердi. Бiр-екi аптаға дейiн бала-шағасына айқайлап, әйелiмен шаңқылдасып ұрсып, үй-iшiнiң берекесiн алып жүрдi.
Қызыл тайыншаның қолды болғанына күмән жоқ едi. Өйткенi бас жiбiн бiреу мұқият орап, маңдайшаға iлiп кетiптi. Соған қарағанда, тiптi нағашысына жиендiк жасағандай, асықпай-аптықпай жүрiп алғанға ұқсай-ды.
Содан кейiн де ауылдың әр тұсынан қорамызға түнде ұры түстi деген әңгiмелер жиi-жиi естiлiп қалып жатты. Тiптi бiреудiң далада iлулi тұрған көйлек-дамбалына шейін сыпырып алып кеткен көрiнедi.
Бұдан соң бiздiң ауыл да қашанғы бейғам жата берсiн, түнде жатарда қораларына құлып салып, есiгiнiң алдына иттерiн байлап қоятын болды. Бiрақ сонда да ұрлық тоқталмады. Ең қызығы, әлгi ұрылардың әбден әккiленiп алғаны сонша, ауылда оларды көрiп қалдым, бiлiп қалдым, тым құрыса сезiп қалдым деушiлер де жуық арада табыла қоймады. Тiптi олар қораға түсетiн түнi ауыл иттерiнің үрмей қоятынын қайтерсiз...
Бiр күнi ауылда мынандай бiр қызық оқиға болды. Боранбайдың үйiмен көршi тұратын Балымша жеңгей кешкi апақ-сапақта мал жайғап жүрiп, қораның түкпiрiнен әлдеқандай бiр тықырды естидi. Бұл не болды екен деп үңiлiп қараса, бiраздан берi бордақылап семiртiп отырған қара тұсақты бiреу артқы аяғынан ұстап алып, дырылдатып сүйреп шығып келе жатыр екен.
– Кiмсiң-әй? – дептi сасып қалған Балымша.
– Есенсiз бе, жеңеше! – дейдi бiр таныс дауыс жайбарақат.
– Құдайға шүкiр...
– Үйдегi iнiшектер қалай, шауып-шапқылап жүр ме?
– Рахмет, қайным... Жүр ғой...
– Әбдiәкiм көкем үйде ме?
– Көкең моншаға кеткен...
– Ә-ә, келiп қалар. Былай тұрыңызшы, өтiп кетейiн.
Әлгi жерде аңқау Балымша семiз тұсақты дырылдатып сүйреп бара жатқан жiгiттiң бет-жүзiн апақ-сапақта жөндi байқай да алмай, есiк аузында ығысып жол берiп қала берiптi.
Ол әбден ұзап кеткен соң ғана iшi бiрдеңенi сезiп:
– Әй, сен өзi кiмсiң?! – деп дауыстайды.
Бiрақ оған ендi ешкiм жауап қатпайды. Сәлден соң терлеп-тепшiп моншадан келген күйеуiне шай құйып берiп отырып Балымша әлгi оқиғаны бастан-аяқ жайып салмай ма, сол кезде Әбдiәкiм көкемiздiң көзi алайып, түрi өзгерiп бара жатады...
Әне, ұрлық деп осыны айт! Кейiн Балымша жеңгей қанша ойланса да, әлгi таныс дауыстың иесi кiм екенiн есiне түсiре алмай-ақ қойды. Япыр-ай, қандай таныс, қандай жақын дауыс дейдi. Бiрақ... әрi ойлайды, берi ойлайды, бәрiбiр есiне түспейдi.
* * *
Осы оқиғадан кейiн бе екен әлде одан ертерек пе, біздің Боранбай қалада Мухниса деген бiр әдемi цыган қызымен көңiл қосыпты. Егер, оның өзi айтқандай, бұл хикая анау-мынау емес, нағыз ақиық ақындардың құлағына тие қалса, ұрпақтан ұрпаққа мұра боп қалатын ғашықтық жайлы бір тамаша қисса болғалы-ақ тұр!
Темiржол бойын жағалап бiраз жүрсеңiз, үлкен станцияның маңындағы қосымша жолдарда қаңтарылып тұрған есiк-терезесi аңғал-саңғал ескi вагондардың талайын байқайсыз. Олар сiзге әуелде көңiлсiз әрi суық көрiнуi мүмкiн. Мүлде iске жарамсыз болып қалған ескi нәрселердi иiн тiрестiрiп неге қояды екен осы? Кiсi көзiне түспейтiн аулаққа апарып тастамай ма. Не болмаса ескі металл сынықтарымен қосып заводқа қайта балқытуға өткiзiп жiбермей ме деп ойлауыңыз да мүмкiн.
Оған асықпай-ақ қойыңыз. Әйтеуiр, түбiнде бiр сол жаққа баратыны, тiптi болмаса, осы тұрған орындарында-ақ тозып, тот басып шiрiп бiтетiнi анық қой. Ондай-ондай ұсақ-түйек шаруаны бiздiң замандастарымыз болмаса, келер ұрпақ атқара салуы әбден мүмкін.
Бiздiң ауылдың Боранбайы мен цыган қызы Мухниса сондай ескi вагондардың бiрiнiң iшiнде оңаша кездесiптi. Аңғал-саңғал терезелерден ескен жазғы түннiң қоңыр салқын самалына жалаңаш кеуделерiн тосып, темiржол бойының қара май аңқыған таныс иiсiн екеуi қатар жұтып жатыпты.
Олар бiреуге қысқа, бiреуге ұзақ болып көрiнетiн өмiр жайлы, бiреуге баянды, бiреуге баянсыз болып жолығатын махаббат туралы, жалпы жарық дүниедегi тiршiлiк хақында бiр-бiріне ұзақ сыр шертiптi.
Таңғы сағат тоғыздан қалмауға тырысып, асығып-аптығып жұмысқа барып, күнi бойы кеңседе отырып өзiнiң де, өзгенiң де жүйкесiн қажап, кешкi сағат алтыны әрең болдырып, автобусқа қысылып-қымтырылып мiнiп үйiне қайтатын, сонан жетi-сегiз сағат ұйқтап алып, тағы да таңғы тоғыздан қалып қоймауға тырысып, будильниктiң шырылынан оянып жататын адамдар жайлы да толғаныпты. Оларды өздерiмен салыстырып күлiптi, оларды өздерiмен салыстырып жылапты да...
Соның бәрiн-бәрiн тауысқан соң Мухниса:
– Сен бiздiң баронға күннен-күнге ұнап келесiң, – дептi қасында жатқан Боранбайға. – Егер екеумiз үйленемiз десек, олар ендi қарсы болмайды. Көк жасыл орманның арасында, күн сәулесi құйылып тұратын ашық алаңқайда тойымыз өтедi. Түнiмен от жағамыз, ән саламыз, би билеймiз...
– Жоқ, – дейдi Боранбай. – Тойды бiздiң ауылда өткiземiз.
– Ауылы несi?.. Ол қай ауыл едi? Әлгi өзiң тонап жүрген бе?
– Ия, сол ауыл. Бiрақ мен...
– Құдай сақтай гөр! Олар бiздi тiрiдей түтiп жейтiн шығар.
– Жоқ. Бiзге ешкiм де тиiспейдi...
– Қалайша?! Ха-ха-ха! Сен оларды тонайсың, ал олар сол үшiн той жасай ма? Қызық халықсыңдар қазақтар! Ха-ха-ха! Оның бола қоймас, болашақ барон! Той орман iшiндегi алаңқайда өтедi.
Мухнисаның қазақтар жайында айтып жатып қарқылдап күлгенi Боранбайдың ызасын келтiредi.
– Той ауылда өтетiн болады,– дейдi үзiлдi-кесiлдi.
– Бiз еркiндiктi сүйемiз. Асқар таудың биiгiн, көк жасыл орманның қалыңын ұнатамыз.
– Бiз де еркiндiктi сүйемiз, – дейдi Боранбай. – Бiрақ той ауылда өтетiн болады!
– Ендеше, әкiреңдемей өз жөнiңдi тап! – деп тез-тез киiне бастайды цыган қыз қараңғыда ақ тәнi жарқырап.
– Тапсаң тап! – деп атып тұрыпты Боранбай да.
Сол ашуланған күйi азанғы автобусқа мiнiптi де, ауыл қайдасың деп тартып отырыпты.
Ол екеуiнiң арасындағы бұл әңгiменi бүге-шiгесiне дейiн қайдан бiлесiң деуiңiз мүмкiн. Сәл сабыр етiңiз. Күмән кетiруге асықпаңыз. Басқа емес, Боранбай баронның өз аузынан талай рет тыңдадық. Жалпы, жетпiсiншi жылдардың орта шенiнде жас шыбықты ат қылып мiнiп ойнап жүрген кез келген баланы көшеде тоқтатып сұрасаңыз, көзiн жұмып, таңдайын қағып тұрып айтып берер едi. Өйткенi Боранбай барон өзiнiң осындай қызық әңгiмелерiмен бiздiң бала қиялымызды ерте байытып кеткен болатын.
* * *
Бiздiң ауыл қаншама бейғам, қаншама аңғал болғанымен, анау айтқандай ақымақ емес. Қаңғыбас Боранбай қайтып келген күннiң ертеңiне-ақ барлық бәленiң содан болып жүргенiн әркiмнiң-ақ iшi сездi. Бiрақ өз қолдарында бұлтартпайтын дәлелдәрi болмағандықтан, құр әншейiн iштей ойлап қана жүре бердi. Ең әуелi оны Балымша жеңгей бiлдi. Ол Боранбайды көре сала:
– Өлә, бiздiң семiз тұсақты ұрлаған осы екен ғой! – дедi жоғалған қойы қайта табылғандай қуанып. – Бәсе, бұл кiм едi деп жүрсем басым қатып. Даусы жүдә таныс-тұғын. Әй, қаңғыбас қайным, семiз тұсақ қайда?!
– Қайдағы тұсақ? – дейдi Боранбай түкке түсiнбегендей кейiп танытып. – Жеңеше-ау, не айтып тұрсыз өзi?! Мен сiздердi көптен берi көрмей, сағынып келсем...
– О жүгәрмек! Сөзiн қара мұның. Сағындым дейдi... Семiз тұсақты бiздi сағынған соң әкетiп пе едiң?! Со күнгi даусыңды айнытпай танып тұрмын.
– Иә, бiздiң қатын сенiң даусыңды танып тұр! – дейдi есігiнiң алдында кетпен шыңдап отырған Әбдiәкiм көкемiз де басын көтерiп. – Давай, ендi семiз тұсақты қайтар, әйтпесе сорыңды сорпадай қайнатып сотқа беремiн, бiлдiң бе?
– Не деп бересiз сотқа?
– Семiз тұсақты сығандарға қосылып жүрiп ұрлағаның үшiн!
– Оған дәлелiңiз бар ма?
– Бар. Бiздiң қатын сенiң даусыңды танып тұр ғой.
– Көке, есiңiзде болсын, дауыс доказательство емес!
– Не-ме-не?! – дейдi мұндай күтпеген жауапқа қарсы дәлелдi сөз таба алмай қалған Әбдiәкiм көкемiздiң көзi шекесiне шыға жаздап. – О сыған... Сыған-н..
– Көке, мен жай цыган емеспiн, бiлдiңiз бе? Баронмын!!! – дейдi Боранбай оны одан әрман таң қалдыра түсiп. Сосын көңiлi күрт жабырқап, даусы бәсейiп: – Әй, осы сiздер де... – дейдi тұнжырап. – Алыстан аңсап, ауылда менiң Әбдiәкiм көкем, Балымша жеңгем бар ғой деп сағынып келгенде... Сондағы маған айтқан сөздерiңiз осы ма?! Ау, көке-ау, осы ма едi менiң сiздерден күткенiм... Мен байғұс, әкемнен қалған жалғыз тұяқ болғандықтан, қайда жүрсем де мына сiздердi арқа тұтамын ғой. Әй, жеңеше, көңiлiмдi босаттыңыз-ау. Iшiм күйiп барады тiптi. Салқын айран құйып әкеп берiңiзшi... Уһ!
Табан астында өзгере қалған Боранбайдың бұл қылығына түсiне алмай, Балымша жеңгей балпиып тұра бередi.
– Әй, қатын, айран әкеп бер мына балаға,– дейдi Әбдiәкiм көкемiз кетпенiнiң сабымен кiмге екенiн нұсқап көрсетiп. – Айран сұрап тұр ғой. Қысталақ, неғып сыртта тұрсың, iшке кiрсейшi. Әй, Балымша, үйде әлгi ұзын мойын шишадан қалып па едi? Боранбай бала ауылға келiп қалған екен, соның құрметiне деп, көп емес, жүз-жүзден ғана... Жүрсейшi, ұялма. Онысы несi, қыз құсап сызылып...
Осы оқиғадан кейiн ол Боранбай барон атанып кеттi. Тап бiр нағашы жұртында жүргендей, әр үйге еркелеп кiрiп, бiраз күн алшаңдай басып қыдырды. Ал содан кейiн оны ауылға үстi жабық машинамен iздеп келген екi милиционер аудан орталығына алып кеттi. Кейiн бiлдiк, әскери борышын өтеуден қашқаны үшiн Боранбай барон екi жылға бас бостандығынан айырылып, алыс Сiбiрге ағаш кесуге жiберiлiптi...
* * *
Қарашаның жаңбырлы күндерi басталды. Ауыл арасындағы қара жол аяқ алып жүре алмастай, ми батпағы шығып езiлiп жатыр. Күн де суытып кеттi. Аспаннан жаңбыр бiр тамса, жапырағын жел тонаған сидам теректердiң бұтағынан екi тамшылайды. Айналаның бәрi де көңiлсiз. Күз аспаны қанын iшiне тартып, сұрлана жылайды. Көк күмбезi ендi қайтып жадырап ашылмайтындай, бұдан былай күн де жарқырап ешқашан шықпайтындай көрiнедi.
Күз айының осындай көңiлсiз күндерiнде әлi от жағыла қоймаған қоңыр салқын үйде бұйығып отырып; байғұс цыгандардың күнi не болды екен? Қайда барып пана тапты? Жалпы, олар күз бен қыста қалай тiршiлiк етедi деп ойлауыңыз да мүмкiн. Әрине, бiз бен сiз сияқты қарапайым қазақтарға оны бiлу де оңай шаруа емес. Ал егер Боранбай барон болса ғой, бәрiн де тәптiштеп айтып, түсiндiрiп берер едi. Бiрақ ол қазiр ауылда жоқ. Алыс Сiбiрде ағаш кесiп жүр...
Ауданнан күнiне бiр рет қатынайтын пұшық автобустың екi бүйiрi сатпақ-сатпақ, миы шығып езiлiп жатқан қара жолмен қиқалаңдап әрең жеттi. Бүгiн азанда базарға кеткен азын-аулақ адам сөмкелерiн, қапшықта-рын көтерiп түсiп жатыр. Олардың соңынан шоферге әлденелердi асығыс айтып, қызыл қоңыр плащ киген қыз көрiндi. Аұқ алысы бiздiң ауылдың артынып-тартынып сөмке көтерген адамдарындай емес, тiптi ширақ басады. Төбесiне қызыл ала қол шатыр көтерiп алған.
Ол миы шығып жатқан лайсаң жолдан секектеп тез-тез секiрiп өттi де, Боранбай баронның үйiне қарай жүрдi. Басына тартқан жұқа ақ гүлдi ора-малынан қою бұйра шашы толқындана шығып тұр. Қол шатыр көтерген қолының жiңiшке бiлегi толған бiлезiк. Қасы-көзi қаламмен сызғандай әдемi цыган қызы едi. Бұл бiздiң Боранбай-баронды қаладан әдейi iздеп келген Мухниса болатын.
Үстiне күйеуiнен қалған ескi күпәйкенi киiп алып, мал жайғап жүрген Малдықыз шешей оған таңырқай қарап бiраз тұрды. Алғашында көршiнiң қалада оқитын қызы екен деп ойлап қалған болуы керек:
– Әй, Әнәфиясың ба? Қашан келдiң? – деп сұрады.
– Здраствуйте!
– А-а?
– Добрый день, апа!
– Көтек!
– Как поживаете?
– Үйбай, қазақ па деп тұрсам, орыс па өзi, немене?
– Буранбай дома?
– А-а, бұрынғыдай ма дей ме?..
– Апа, Буранбай бар? Жок?
– Ә-ә, Боранбай ма? Менiң балам ба сұрап тұрғаның. Ол жоқ. Ол ана жақта! Дәлеке, түрме папал!
– В тюрьме?! Как же так?! – деп шошып кеттi Мухниса. – Ох, бедненький! Все-таки какой же вы жестокий народ! Из-за каких-то барашек своего человека посадили да...
– Иә, иә, – дедi Малдықыз шешей басын изеп, белгiсiз бағытқа қарай қолын сермеп. – Сол жақта. Сонда... кеттi...
Мухниса екi қолымен бетiн басып керi бұрылды да, аяғындағы жеп-жеңiл әдемi туфлиiмен қара жолдың ми батпағын тобықтан кешiп жаяу кеттi. Бәлкiм, күз аспаны секiлдi егiлiп жылаған болар цыган қыз...
* * *
Боранбай барон екi жылдан соң ауылға мүлде басқа адам болып оралды. Бұрынғы серiлiгiн Сiбiрде ағаш кесiп жүргенде ұмытып қалдырып кеткендей, можантомпай, қарапайым қазаққа айналды. Ауылдан ұзап ешқайда шықпай, ауласындағы ағаштарды жас баладай мәпелеп, күтiп-баптап өсiрумен болды.
Неге екенi, Сiбiрден келгеннен кейiн оның ағаштарға деген ықылас-пейiлi өзгеше едi. Ауласында жайқалтып бау өсiрдi. Малдықыз шешей ендi күзде самсап пiскен алмаларын Жаңабазарға апарып сататын болды. Ел қатарлы келiн жұмсап, қолымды жылы суға малып отырсам-ау деген арман да көкейiне ұялай бастады. Үй тiрлiгiне шындап араласқан соң, өзiне бiр ақ жаулықты серiк керек екенiн Боранбай баронның өзi де түсiнген болуы керек. Сөйтiп, құдай бiр сәтiн салған күнi ол Созақ жақтан майға пiскен тоқаштай топ-томпақ сары қызды алып қашып келдi. Кәдiмгi осы замандық отырықшы қазақтардың салты бойынша “П” әрпi секiлдi үстел жасап, қалыңдық пен күйеу жiгiттiң тұсына қолкiлем iлiп, оған ақ мақтамен “Боранбай–Балағыз” деп жазып, арақ-шарапты үйiп-төгiп, таң атқанша дүрiлдетiп той өткiздi. Келiн түсiрген Малдықыз шешейдiң төбесi көкке жеткендей қуанды. Той үстiнде абысын-ажындарының арасында шалқып отырып: “Құдай-ау, өзiм жастай жесiр қалып, өлдiм-талдым деп жүрiп әрең дегенде әдiбұлаққа жеткiзген жалғыз ұлым қаңғыбас болып кете ме деп қорқушы ем. Оның да ел қатарлы отау тiгетiн күнi бар екен. Аллаға мың да бiр шүкiр, ол күнге де жеттiм, ендi өлiп кетсем арманым жоқ” деп айтып салыпты.
Кейде осындай көл-көсiр қуаныш үстiнде оқыста ауыздан шығып кеткен мұндай тiлектердiң нысанаға дөп тиiп, артынша-ақ орындалып жататыны бар емес пе. Малдықыз шешей де той өткен соң, бiр аптадан кейiн дүние салды.
Күн батарда келiнi демдеп берген қою шайдан бiр-екi ұрттапты да: “Бүгiн басымның сақинасы ұстап отыр. Сәл жатып, мызғып алайыншы” деп жастыққа бас қойған екен, содан қайтып оянбапты. Осылайша ойда-жоқта, ауырмай-сырқамай, өзi де қиналмай, өзге жұртты да қинамай, мәңгiлiк сапарына үн-түнсiз аттанып кете берiптi жазған. Ол кiсi қайтыс болған күн жұма едi. Молдалардың айтуына қарағанда, жұма күнi жаратқан иемiз тек өзiнiң сүйген құлдарын ғана алып кетедi екен...
Мiне, сiздерге айтқан әңгiмемiз осымен тәмам болса жарар едi. Бiрақ оған қазақ болып өмiр сүрудiң өзi де басқалар ойлағандай оп-оңай шаруа емес...
Майға пiскен тоқаштай былқылдап жүретiн Балағыз жеңгемiз бен Боранбай баронның дәм-тұзы жарасып кете қоймады. Басқасын былай қойғанда, түн жарымы секiлдi беймезгiл уақытта да олардың үй жағынан ұрыс-керiс, шаңқылдасқан дауыстар естiлiп қалып жататын. Оның ақыры немен бiткенi бiздiң ауылға тегiс аян.
Бiр күнi Боранбай барон ерте оянып:
– Тұр, бәйбiше, киiн жылдам! – дейдi ұйықтап жатқан әйелiне дауыстап.
– Құлқын шәрiден қылқылдап не көрiндi, шорлы-ау, – дейдi Балағыз жеңгей жылы төсектi қимай терiс қарап аунап түсiп. Ол кiсi үнемi “с”-ның орнына “ш” деп сөйлейтiн-дi. – Маза бершi кiшiге...
– Бол жылдам, қайын жұртқа барамыз!
– Қай-да?..
– Созаққа.
– Не-ме-не? Шожаққа ма?
– Әй, ыңырсымай тұр деймiн! Сенiң төркiнiңе барамыз.
– Түш көрдiң бе, шорлы-ау?!
– Әй, “шорлы-шорлы” деп шалжиып жата бересiң бе?! Болсайшы, азанғы аптауыздан қалатын болдық қой!
Сөйтiп, Боранбай барон, қоярда-қоймай жүрiп, сол күнi Балағыз жеңгейдi ертiп, таңертеңгi автобусқа отырады. Олар Шымкентке келген соң қырғы базарға соғады. Оны-мұны сауда-саттық жасап, жеңгейдiң қолындағы қара сөмкенiң қос бүйiрiн қампайтып толтырады. Базардан шыға берiсте тоқтап, үш тиындық газды су iшедi. Автостанцияға келiп, Созаққа дейiн екi билет сатып алады.
Төркiнiне қара сөмкенiң қос бүйiрiн қампайтып бара жатқан Балағыз жеңгейдiң көңiлi тоқ болса керек:
– Балмұздақ алып жейiкшi, – дейдi күйеуiне еркелеп.
Әншейiнде бұрқылдап ұрыса жөнелетiн Боранбай жүгiрiп барып балмұздақ сатып әкеледi. Сосын екеуi газет сататын киоскiнiң жанында тұрып жейдi. Балағыз жеңгейдiң қолындағы балмұздағы ерiп кетiп, үстiндегi жасыл барқыт көйлегiн былғап алады.
– Сиыр сияқты жалайды екенсiң, – дейдi оған барон.
– Ой, шорлы, қаңғыбаш! – дейдi тiлi ащы жеңгей ақысын жiбермей.
Сол кезде Созаққа баратын автобус та келе қалады. Балағыз жеңгейдi орнына апарып жайғастырған соң:
– Мен қазiр су iшiп келе қояйын, – дейдi Боранбай барон. – Барам да, келем!
– Мен де шөлдеп отырған шияқтымын, – дейдi жеңгей.
– Екеумiз қосылып су iздеп жүргенде, қара сөмкеден айырылып қалармыз. Отыр орныңда шошаңдамай!
– Ойбай, қойдым. Құрышын iшпеймiн!
– Сөйтiп, Боранбай барон автостанцияда өз әйелiн өзi алдап соғып, белгiсiз бiр жаққа қарай тайып отырады. Артына қарай-қарай қашады. “Уһ, құтылдым ба, құтылмадым ба?!” деп ойлайды. Шамасы, құтылғаны осы болар. Соңынан қуып келе жатқан ешкiм көрiнбейдi.
Созаққа қарай жүретiн автобусқа мiнiп алған Балағыз жеңгей күйеуiн ары күтiп, берi күтiп, ақыры келмеген соң бұрқылдап ұрсып, қарғап-сiлеп кете бередi.
Сосын екеуi қайтып қосылған жоқ...
* * *
Мiне, содан берi де талай жыл зымырап өте шықты. Жетпiсiншi жылдардың орта шенiнде жас шыбықты ат қып мiнiп жүрген балалар – бiз де ер жеттiк. Бiрде қамшының сабындай қысқа, ал ендi бiрде таусылмастай ұзақ көрiнетiн мынау өмiрде әрқайсымыз қал-қадерiмiз жеткенше өз орнымызды тауып, тiршiлiк көшiн алға қарай сүйреп келемiз. Баяғы бiздiң балалық қиялымызды байытқан қаңғыбас Боранбай барон бұл жарық дүниеде елу тоғыз жыл жасап, өткен күзде кенеттен дүние салды. Ол да жұма күнi, аяқ астынан ауырмай-сырқамай жүрiп-ақ мәңгiлiк сапарға аттанып кеттi. Молдалардың айтуынша, жұма күнi... Иә айтпақшы, оны өздерiңiз де бiледi екенсiздер ғой.
Соңынан iз қалмады баронның. Өмiрден ұрпақсыз өттi. Одан туған бала, әрине, басқаларға қарағанда өзгешелеу болар едi. Еркiндiктi ес-түссiз құлай сүйетiн есiл ер болар едi... Өкiнiштi-ақ. Боранбай баронның iзiн жалғастыратын ондай баланың өз кiндiгiнен дүниеге келмей өткенi өкiнiштi-ақ. Бүтiндей бiр шаңырақтың түтiнi сөндi, белгiсi қалмады...
Иә, айтқандай, Боранбай бароннан қалған бiр белгi бар секiлдi. Ол бiздiң ауылдың шетiндегi тоғайда өсiп тұрған Терiс ағаш. Жұрт оны көптен берi солай атайды. Сырттай қарағанда айналасындағы басқа ағаштан ешқандай айырмашылығы жоқ. Бiрақ сiз оның тарихын бiлiп алған соң барып бажайлап қарасаңыз, бiраз өзгешелiгi барын байқар едiңiз.
Ол оқиға, қысқаша айтқанда, былай болып едi. Бiр күнi Еркебай көкемнiң бiзден бiр-екi жас кiшi баласы – үрпек сары Әнтай солқылдақ жас шыбықты ат қып мiнiп, тоғайға қарай “құйындатып” келе жатып Боранбай баронға қарсы кездесiп қалады. Барон оны саусағымен ымдап өзiне қарай шақырады да, тапырақтап жетiп барған “батырдың” бұтының арасындағы “атын” жұлып алады.
– Әй, ақымақ, – дейдi Әнтайға қарап. – Обал емес пе?! Бұл да өзiңдей бала ғой...
Сосын ол саздау жерге әлгi шыбықты тiк шаншып қоя салады. Әнтай қу оның шыбықты ұш жағынан терiс қадағанын байқап қалып:
– Барон көке, бұл бәрiбiр өспейдi, – дейдi. – Өйткенi сiз оны дұрыс шаншыған жоқсыз!
Боранбай барон артына бұрылып қараса, шынында да, жас шыбықты терiс қадап қойған екен. Бiрақ ол өзiн мазақ еткiсi келiп көздерi ұшқын атып тұрған үрпек сары балаға қарап:
– Өсе-дi! – дейдi даусын созып. – Барон қадаған шыбық өспеуi мүмкiн емес!
Расында да, сол шыбық кейiн жетiлiп, өсiп кеттi. Басқа ағаштарға қарағанда бас жағы жуандау, биiк қара ағаш болды. Сол қара ағаш қазiр жапырақ жайған кезде тоғай жақтан келе жатқан Боранбай баронның бұйра шашындай дөңгеленiп көрiнiп тұрады. Жол жиегiнде өскендiктен, отын кесуге барғандар оған атын, есегiн байлап кетедi. Балалар да оның бұтағына өрмелеп шығып жүредi. Өйткенi сол бiр қара ағашқа құстар көп ұя салады.
Мүмкiн, Боранбай бароннан қалған бір белгi сол шығар...