Владимир Набоков: Сөз

ӘДЕБИЕТ
2498

Қалың ұйқы құшағынан түс әлемі ертіп ала жөнелді. Табиғаты таңданарлық таулы өлке. Мен әлдебір жолдың шетінде тұрдым. Аспан ашық, біркелкі алтын түске боялған. Табаным тиген топырақты, алып жартастардың шегі мен шетін, көз шағылыстыратын құздарды, сылдырай аққан бұлақтардың мөлдірлігін түгел-түгел сезіндім. Алуан түс, еркіндік пен биіктік, керемет әсерге менің жаным тәуелденді, білгенім: жұмақта едім. Алайда жерге тиесілі жанымды күшті жалын лаулады. Жерлік ой сондай қызғанышпен, сондай қытымырлықпен, мені қоршаған сөз жеткісіз сұлулық демінен қорғауға көшті. Бұл ой, бұл өкініштің жалаңаш алауы, менің жердегі отаным жайлы еді: жалаң аяқ кедей қалпымда тау жиегіндегі жол шетінде аспан тұрғындарын күтетінмін. Олар менің қиялымда мейірімді, нұр сәулелі, ерке самал секілдінетін. Бұлақтарды сыңғырлаған сиқырлы шуға толтырып, ағаштарды ертегі сыбырға бөлеп, арырақтағы жартас ішінде гүлдеген, ұзын шөптер, оттың тілінше өсіп, әдемі гүлдер сабағынан үзіліп, күн нұрына малынғандай төңіректе тостағандай ұшып жүретін төңірек күтпеген сәтте орын алатын кереметті күттіретін. Ауада қалықтаған селдір әрі дөңес күлтелердің иістері сондай тәтті, ылғалды, өмірде көрген-білген ең жақсы нәрселерді есіме түсіретін.

Кенет, мен тұрған жол үсті, жарқылдаған қанаттар толқынына толды. Көз жетпейтін кеңістіктен топтанып көптен күткен періштелер келе жатты. Олардың келуі әуедегі түрлі түсті бұлттардың қозғалысы секілденді, мөлдір дидарлары қозғалыссыз, тек асқан сүйіспеншілікпен сәулелі кірпіктері діріл қақты. Араларында айналаны хор қыздарының күлкісімен көмкерген көгілдір ақық түстес құстар қалықтап жүрді. Қара секпілді қою сарғыш аңдар секектеп ойнауда. Сондай икемді жануарлар, ауаға серпіліп, атлас табандарын ешбір дыбыссыз басты, ары-бері ұшқан гүлдерді ұстап, айналып, әуелеп, көздері жарқылдап, қасымнан өтіп жатты.

Қанаттар, қанаттар, қанаттар! Оның иілімі мен реңкін қалай жеткізем? Барлығы дерлік қуатты әрі жұмсақ – қызғылт сары, шымқай қызыл, қою көк, барқыт қара бүгілген қауырсындарының дөңгелек ұшында жалындады. Нұр төгілген қанаттардың үстіне қалың бұлт үйіріліп, әдейі бақылап тұрғандай әсер қалдырады. Барша көркемдігі мен парасаттылығын бұға алмай, қанаттарын кеңге сермейді, сондағы сұлулықты-ай, жайдары күннің шуағындай, миллион жанардың жарқылындай.
Топталып өтіп жатты, ақырын аспандап шарықтай берді. Менің көргенім: олардың жанарлары – түпсіз терең тұңғиық. Ырғақты қадаммен ілгерілеген сайын гүл себіліп жатты. Қалықтаған гүл күлтелері оларға Тәңірдің мейіріндей молынан төгілді. Құстардың үні де өзгеше, бірде төмен түсіп, бірде жоғары көтеріліп қастарынан ұзамады. Көз алдымда орын алған ғажайыпқа байланып тұра бердім, тұра бердім. Санамның қорқақтығы өзіме аян болса да, әлдебір ой босатпай, арпалыс басталды: оларға жалынып-жалбарынғым келді. Бұл кеңістікте Жаратушының жаратқан тағы бір жаратылыс барын айтсам дедім. Олардың ауыр машақатта екендігін...

Үлбіреген бір үміттің өзін арқаласам өз еліме үлкен қуаныш әкелерімді сездім. Жер бетіндегі жұмыр басты жандардың жан-дүниесіне тыныштық орнар... Ғибадатханалардан әуезді дауыс естілер... Кеш болса да көктем оралар...

Діріл басқан қолдарымды создым, періштелердің аспандауына кедергі етіп, қанаттарына жармастым. Толқындалған, үлпілдек ақ мамық саусақтарымнан сусып кете берді. Сарнадым, сергелдеңге түстім, булығып жалбарына бердім. Олар көкке шарықтай берді, мен қала бердім елеусіз. Мәңгі жарыққа деген махаббаттары дидарларынан нұр шашып, жұмақтың төріне асығып шарықтай берді. Шексіз шуақ төгілген мекен жайлы түйсінуге ой-санам құдіретсіз. Тек бақылаушы едім. Отты тор, жалындаған-жарқылдаған ұшқындар, мамық қанаттардың толқынды суылы...

«Тоқта, мені тыңдай гөр», - деп айқайлап, періштелердің жұмсақ аяқтарын құшуға ұмтылдым. Ұстауға келмейтін, көзге көрінбейтін табандары созылған қолдарымнан сырғып кете берді, кең жайылған қанаттарының ұшы ернімді күйдіріп өте берді.

Бұлтқа жасырынған құздарға көтеріліп, алыстай түсті, алыстай түсті. Жұмақ құстарының үні саябырсып, ауада тербелген гүл күлтелері өз билерін тоқтатты. Мен әлсіредім, басылдым...

О, ғажайып! Періштелердің соңғы тобынан біреуі маған бұрылып, жаныма жайбарақат жақындады. Тұңғиық жанары маған қадала түсті. Жайылған қанатының шетіне аппақ қырау қонақтағандай. Ал қанаттың түсі сөзбен сипаттап, суреттеп жеткізе алмайтын сұр реңкті. Әрбір қауырсынның ұшы күміс орақпен аяқталған. Көркем келбеті, кең маңдайы, жылы жымиған жүзі – жер бетінде көрген келбетті есіме салды. Жаныма жақын болып, біржола менен жыраққа кеткен қымбатты жандардың дидарларын үйлестіріп, дәп осы бейнені қалыптастырғандай. Құлағыма сүйкімді үндердің бәрі бір дауысқа келтірілгендей.

Жақындап келді. Жымиып тұр, мен оның көзіне тіке қарауға батылым жетпеді. Ақырын аяғына ғана үңілген мен оның тобығынан бозарған меңді байқадым. Ол әлі де жерден біржола теріс айналмағанын, менің дұғамды ұғатынын түсіндім.

Басымды көтердім, ыстыққа күйген, топыраққа былғанған алақанымды қарыққан көзіме тақап, өз қайғымды айттым. Менің елімнің керемет екенін, дегенмен оның қараңғылыққа құлдырауы қорқынышты екенін айтқым келді. Керек сөздерді таба алмадым. Асыға-үсіге болмашы жайлар жайлы қайталай бердім. Әлдеқашан өртенген үйді, ескі кітаптарды, мектеп дәптеріне жазылған алғашқы өлеңім жайлы, егістіктің ортасында өскен жабайы таңқурайды, кәрі жөке ағаштары туралы... Тіптен бұрыс кеткенімді ұғып сөзімді қайта бастасам да жаңылыса бердім. Тағы да суық қамалдағы бөлмелер, жөке ағашы, алғашқы махаббат, түймедағында ұйықтайтын аралар... Тап қазір ішіме сыймай, жаныма жай тапқызбаған ең басты себепті айтатын сияқтандым. Елімнің үлкен қайғысын жадымда жандандыра алмай, өзімнің болмашы ауыртпашылықтарымды айта бердім. 

Кілт тоқтап, жоғары қарадым. Періште сондай ықыласпен әрі асқан жылулықпен қарап тұр екен. Жанарынан ұққаным – ол бәрін түсінді...

– Кешір мені, кешір мені, мен ұсақ-түйекті ғана айтқаным, айта алғаным үшін. Бірақ, сен түсіндің ғой... Мейірбан періште, жауап қатшы, көмектесші, менің елімді құтқарам деші, - деп қаттырақ дауыстап жібердім.

Өзінің аспан түстес көкшілтім қанатымен бір сәтте иығымнан құшақтап, періште жалғыз ауыз сөз айтты. Бұл үннен әлдеқашан тынышталған, сүйікті барлық дауыстарды таныдым. Еркін тыныстап көзімді жұмдым. Періште айтқан сөз тамаша еді.

Аударған Кенжеқожаева Ақбота

author

Владимир Набоков

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...