Нұргелді Әбдіғани: Өтпелі кезеңнен өткелі...

ӘДЕБИЕТ
1716

Бір әннің әуезімен


Бокалға құйылған қан-қызыл шарап дауысы...
Сағаттың тілі соғады, сандары ғана ауысып.
Бөлменің шамы қосулы. Әрине, еркінен тыс өзінің...
Шегілмеген шылым тұр тұтанып. Өмірін өзі тауысып.

Иә, рас. Біз өмірді сүреміз еріксіз. Ал оған шара не?
Өлшеулі, бәрі өлшеулі. Өлшеніп берген жол әне...
Қалғыған қою тыныштық. Қараңғылықпен үндескен...
Бір әуен ән болып жылайды... Je suis malade...

Үстелдің үстінде кіршіксіз ақ парақ. Сиясы сорғалап тұр қалам.
Аспанның жылаған дауысы. Әдемі әуезбен астасқан ырғақ ән.
Терезе әйнектен құлдилап түскен жас жүзімді жуады.
Бұл ғалам
Бұл уақыт.
Бұл өмір – шытырман шырғалаң.

Тағы да жолықтық. Қою түн. Қап-қара бөлмеде,
Енді оған сіз... жо-жо-жоқ біз жайлы
сыр ақтармаймын.
Мұң ақтармаймын, алдына жылап бармаймын, шерлене.

Менің орнымда болсаңыз, қайтер едіңіз, сүйіктім?..
Татар ма едіңіз шарабын тағдыр дейтұғын күйіктің.
Атар ма едіңіз арайлы, шұғыла сыйлап әлемге
Батар ма едіңіз шырайлы айналып барып өлеңге?
Менің орнымда болсаңыз, қайтер едіңіз, сүйіктім?..

Менің орнымда болсаңыз, сүйер едіңіз тек сізді.
Ішер едіңіз шарапты, түсінер едіңіз сезімді
Қарар едіңіз ғаламға қарашығымен көзімнің
Көрер едіңіз ондағы махаббат дейтін шексізді...

Мен көрген түсті көрсеңіз, бойлар едіңіз тереңге,
Менің жаныма енсеңіз,
менің тәніме көшсеңіз,
Менің шыныма сенсеңіз,
мен кешкен күйді кешсеңіз...
Айналар едіңіз өлеңге...

Түтінмен аласталған бөлме іші. Уақыт ертеңге ауысқан...
Үстелдің үстінде шегілмеген шылым тұр. Өмірін өлең тауысқан...


Жауын

 

Өмір. Өмір - өзімдікі емес. Сүре тұруға алғанмын.

Қайтарып берімін, 

иесі есігімді қағып кеп, сұраған күні.

Солайша өлемін. 

Өзгелер жоқтауын айтып жылаған күні.

Иә, сол күні... сол күні - арманымның қанаты талған күні...


Жүректің дүрсілі, сағаттың тырсылы үндесіп тұр соғып

Бұл өмір шынында қызық-ақ, 

іздейді өзге бір өмірді.

Сезімге жоқ әлде шарапқа қызып ап, 

жарасым тапқысы келеді көңілді.

Шопеннің күйсандығының пернелерімен бір соғып...

***

Түс көрдім. Аспанды көрдім. Алматының аспанын.

Біз. Ұшып барамыз, үстінан қарап басқаның...

Қалықтап. Кетіппіз шарықтап тым биік. 

Жердегі тіршілік секілді тұңғиық.

Құлап түсуіміз де қас қағым.


Бұлттана бастады мына ара, 

ақ көбік көмкерген хауызға шомылып...

Сағымға айналды Көк төбедегі жесір мұнара.

Құлаймыз, абайсыз сол мұнағара соғылып...


Қайсымыз бірінші құшамыз... 

қара жерді. Әйтеуір, қайтадан ұшамыз...

Мен қайтем? Ал сіз ше, не істейсіз?

Жауабын ұйқыдан тұрған соң естисіз.


Түс көрдім. Тағы да Алматыны. Бұлт басқан аспанды. 

Тұр екенбіз біз, суықтан тоңғандай ұйысып.

Еріндерімізбен емес, жүректерімізбен сүйісіп.

Көзіңізден мөлтілдеп жас тамды...


***

Оятты. Тереземді соққан тамшының тырсылы.


Арылу


Мен енді мұңдарым мен қуаныштарымнан азатпын!

Мишель Вокер


Түн туар шақта орман ойларды үңгілеп

Кімді іздеп жүрмін, нені іздеп жүрмін? Мұң күреп.

Сыртымнан көрген жұрт мені ойлар жынды деп...

Дей берсін мейлі. Діңкелей берсін. Ал менің 

сырымды білсе, анау Тау, мынау түн білед....


Жаралғандардың жоқ енді білем еш бірі.

Күңкіл-сүңкілі. Кірбің кейісі. Кеспірі.

Мен де енді, сірә, өкпелемеймін өмірге

Ешкімді аямас ешкімі.


Қас дұшпандарым сыйлаған 

қасірет қайғы көп менде.

Дос дұшпандарым сыйлаған 

бәсіре бәйгі көп менде.

Ойымды менің бөлмеңдер! 

Сендерді енді еншілеп бердім өткенге!


Ей, менің есуас естеліктерім! 

Тау көшірердей мұңдарым!

Түбі тұңғиық тереңдер! 

Құзары биік шыңдарым! 

Ұмытам енді шын бәрін. 


Кеудемде менің қылтиған соңғы сәулелер

Сергелдең түскен сәттерде кейде әурелер.


Уа, құдіретті тыныштық!

Дәл солай өлді күдік дейтұғын тіміскі.

Мен... Мен де енді ұшқан елеспін.

Ол...Ол да енді елес түн кезген. 

Ескі айдың көлеңкесінде 

тербеле жүзіп мұң іштік.

Уа, құдіретті тыныштық!


Balayées les amours

Et tous leurs trémolos

Balayés pour toujours

Je repars à zéro!!!


Келем мен


Нөсері сіркіреп, күркіреп дауылы долданып, 

Жай оты түссе де төбемнен. 

Табиғат тылсым күш туса да толғанып... 

Уәделі шағымда келем мен! 


Сары аяз тістеп кеп сүйсе де бетімнен, 

Әуреге түссем де әл кетіп денемнен. 

Ақ түтек борыны өпсе де өкінбен! 

Уәделі кезімде келем мен! 


Көп жүрттың күлімсі сасыған күңілі. 

Көлденең көп сөзге қалайша ерем мен?.. 

Сол әсем шаһарға, сол баққа бір күні 

Уәделі уақытта келем мен! 

Айдағдыр қаламым айласын асырып, 

Басыма үйріліп, төнсе де төненнен... 

Сол жерден табылам, күт мені! Асығып! 

Еңбектеп жатсам да жетем мен! 

Егер мен сол күні тұрмасам уәдемде... 

Демегін бұл сенің неткенің?.. 

Білгейсің ол менің әйдік бір әлемге 

Өзіңсіз аттанып кеткенім...


Ақын


 Қазір түн. Қою қараңғылығы аса тым,
 Жұлдыз да жоқ аспанда үмітті тосатын.
 Адасып келеді, ырғалып оңға да, солға да
 Иә, рас. Мас ақын...

Қолында арағы. Жо-жо-жоқ, ойында тек өлең,
 Тарам-тарам тармақтар, шұбылған көп өлең.
 Ол өзін Байроннан артық көреді. Ақиық Абай ғой тіпті,
 Түф, сезім не деген?!

Делебе қозғанда долдиып кетеді күш демде
 Жоқ әлде көшенің шамдары тек оның ізіне түскен бе?
 Жүрекпен жазбайды ол өлеңді. Қайрат –кем. Ақыл жоқ.
 Есіне түскенде жазады ол текқана ішкенде.

Шылымын тұтатып, мұрынның қышуын қандырып,
 Қаңғырып келеді. Мәңгілік елінде мәңгіріп.
 Білмейді ол ешқандай философия дегенді
 Ол үшін дүние жаңғырық.

Жатырда жатқанна көргені түн ғана, көрмеген Күн бетін,
 Мүтіксіз атқарып келетін секілді тертендік міндетін.
 Шытырман ойларын шимайлап, шөлмегін тауысад
 Күнбе күн.

Ол өзін қояды анда да мұнда да,
 Ішінен ызыңдап, сыбырлап, күбірлеп келеді мұңдана.
 Е, жоқ. Ол өлеңмен дұға оқып келеді
 Сырласы – Түн. Дала.

Ол да мынау өліара өмірге өкпелі.
 Қайтпады құстары. Әттеңі келмеді көктемі.
 Бағдаршам. Қызыл түс. Шамданып тұр қазір сол ақын
 Өтпелі кезеңнен өткелі...


Түн. Темекі. Сезім.


Түн. Темекі түтіні көзімді ашытып барады,

Иісі оның өзге біреулердің қолқасын қабады. Мүмкін

Алты миллиард пенденің мекені болған мынау ғаламшарда

менің ғана жүрегім жаралы.

Тоқта. Жоқ. Ол да бір күні өз емін, өзгеден табады. Мүмкін…


Тағы да меңіреу түн. Мазасыздық әм сандырақ.

Жүйесіз сезім.. Үнсіздік… отырғаны болмаса жан жылап.

Жанымның жанарынан мөлт тамды қансырап, ұйық шер.

Қайда екен, түсімде  армансыз аралап жүрген сол мәңгі бақ?..


Жарықсыз тас қараңғы бөлменің ішінде ойымды талдаймын.

Мазамды майдай ішкен малғұнның өзін, сұлу сөздермен алдаймын.

Иә. Мопассан секілді сезімді секспен өлшейтін, тар кеңістіктен емеспін.

Хемингуей қарияның кейіпкері болған, сол «дана» шалдаймын.

Жалған дүниенің өзін жалған мақтауларыммен алдаймын.


Түн. Бөлме шамы жанды. Қаптады қара жынды көбелек.

Ебейлер заманы туғандай, елпелектеп барып күйеді,  ебелек.

Олардың жарыққа деген махаббатының сыры сонау тереңде жатса керек-ау.

Ой, бөлек. Мен отырмын, осындай көрсоқыр сезімнен жебе деп. Тәңірге сыйынып.


Махаббат дегенің – ғылым. Мөп-мөлдір пәктік пен ләтипа…

Сүйісудің өзі сан жылдық сыры бар – әдеби этика.

Ал Асадов тұжырымына құлақ түрсең, ғашықтық процессі

Ешкім шешуін таба алмаған –  жұмбақ ариф – метика.


Махаббат, ғадауатпен майдандасқан жүрегім сыздайды.

Ұлы Қытай қорғанындай, қамал боп бекінген кеудемді бұз, қайғы.

Тілім-тілімі шыққан, бір жапырақ еттің кімге жаны ашысын?..

Бүгін тағы терлеп ояндым. Түс көрдім сіз жайлы.


Аспан астын пафоспен көмкерген хаостық әлемге наз айтып,

Санадағы атан жүгіндей күрсіністерді азайтып,

Он тоғызыншы әлемге сапар шеккелі тұр екенбіз біз – екеуміз. Эврика!

Біздің сол әнді. Ұшып барады анау соңғы қаз айтып…


Кел жаным. Шаттықтан екеуіміз бірге күлейік, ішігіміз түйіліп,

Естай мен Қорланға бұйырмаған бақ, бізге құйылды үйіліп.

Маған енді жымиып, өкінішсіз қарашы.

Кеудеңнен күмбірлеп естілсін, Славаның әні мен күйі нық.


Менің ойымда жалғыз – сен. Тәнімде әм сол жақтағы бір уыс етімде.

Маза жоқ, не күндіз, ұйқы жоқ Тәңірім не түнде.

Миыма өзгеше бағдарлама енгізілген роботтан айырмам жоқ.

Мен енді махаббатпен айналыспаймын, қағаздың бетінде…


Кезерген еріндерімізді аяйық. Қой енді жатайық, сүйісіп.

Ішіміздегі жанартау оттары еріндеріміз арқылы түйісіп.

Неден екені белгісіз, терлеп барамын. Шешініп жатайық. Ұйысып.

Кенеттен кетті рас, үй ысып.



author

​Бекболат Тілеухан

КОМПОЗИТОР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...