Қазақ халқының болашағы үшін аянбай еңбек еткен нар тұлғалар жетерлік. Олардың есімдері жадымыздан е...
Ғазизбек Тәшімбай. Жұмекеннің Нәсібі
Жұмекенмен сонау 80-жылдары Алматыдағы алты баспа Абай даңғылы мен Гагарин даңғылының қиылысындағы жаңадан салынған баспалар үйіне орналасқан кезде таныстым. Ол «Мектеп» баспасында, мен «Қазақстан» баспасында едім.
Сол бір жылдары майданнан аман-есен оралған ағаларымыздың біразы соғыстағы ерліктері жайлы жазып, баспаларға бас сұғып, естелік кітаптар шығара бастаған болатын. Сондай бір қолжазба Жұмекеннің қолына да түседі. Оқып отырса әлгі майдангер ағамыз қолжазбаның бір жерінде 700 немісті жайратып салдым деп жіберсе керек. Редактор болған соң азын-аулақ түзетулер енгізілетіні белгілі. Сондықтан Жұмекен: «мына ағамыз қызды-қыздымен артықтау кеткен болар, 70 неміс те тақиясына тар келмес» деп бір нольді қағып тастайды.
Баспалардан шығатын әскери-патриоттық тақырыпқа жазылған қолжазбаларды, әсіресе екінші дүниежүзілік соғыс жайындағы хикаяларды батыр партизан ағамыз Қасым Қайсенов сүзгіден өткізетін. Содан әлгі қолжазба алдына келгенде ол кісі өз көзіне өзі сене алмапты. «Мына батыр оның бәрін қалай санап қойды екен?» деп таңғалыпты да, тағы бір нолін қағып тастапты. Сонымен, кітап жарыққа шыққанда 700 немістен жеті-ақ неміс қалады!
Әлбетте, шыққан кітапты алдымен автордың өзі оқиды ғой. Майдангер ағамыз 700 немістен жеті-ақ неміс қалғанын көре сала алдымен баспадағы редакторға келеді. Сонда Жұмекен: аға, өлтірген немісіңіздің қарасы тым көптеу болып кеткен соң бір нолін алып тастағаным рас еді, қалғанын Қасекеңнен сұраңыз, деп құтылады. Майдангер ағамыз салып ұрып Қасекеңе барады. Ол кісі келген шаруасының мән-жайын ұққан соң аз-кем әңгімеден кейін: ау, бауырым, бері қара. Мен төрт жыл бойы партизан отрядында жаумен атысып-шабысып, қолмақол қоян-қолтық айқаста пышақтасып жүріп қаншасын жер жастандырғанымды білмеймін. Ал сен қанша неміс өлтіргеніңді қайдан білесің? Егер де сен сияқты әрбір жауынгер жеті жүз немістен өлтіре берсе, немістен тұқым да қалмас еді ғой. Саған жеті неміс те жетеді, одан артық бірде-бір немісім жоқ, көнсең осы, көнбесең өзің біл, деген екен. Мұны баспадағы жігіттер көпке дейін жыр қылып айтып жүрді. Айта кететін бір жәйт, осыдан кейін соғыстағы ерен ерліктері жайлы жазатындар қатары азайды.
***
Енді Жұмекеннің Нәсібімен қалай танысқаным жөнінде. 2000 жылдың басында Ұлттық банктің Басқарма қызметі басқармасына қарайтын аударма бөлімінде бөлім бастығы болып қызмет істеп жүргенімде бір күні Нәсіп жеңгеміз телефон шалды. Ол кісіні сырттай білгеніммен, жүзтаныс емес едім. «Қалқам, Ғазизбек, мен Жұмекен Нәжімеденовтің зайыбымын. Сені жақсы азамат деп естимін сыртыңнан. Бір өтінішім бар еді», деді. Мен: танысқаныма қуаныштымын, бұйымтайымыңызды айтыңыз, дедім. «Қарағым, Жұмекеннің кенжесі Саида қызымыз Қазақ мемлекеттік университетінің Журналистика факультетін бітірген еді. Экономист мамандығын алып шыққан әпкесі мен ағасы Ұлттық банкте қызметте. Саиданың мамандығы басқа ғой. Сондықтан аударма бөлімінде істегісі келеді. Басқа еш жерге барғысы жоқ. Мүмкіндік болса бөліміңе аласың ба?» деді. Мен: Нәке, Жұмекендей асылдың бір баласын қызметке ала алмасақ, біздің кім болғанымыз. Келсін дедім.
Содан Саиданы конкурстан өткізіп, жұмысқа қабылдадық. Кейін өзім зейнетке шыққанда орныма қойып кеттім. Әкесі Жұмекенге тартып алғыр да ақылды болып өскен Саида бөлім жұмысын жақсы меңгеріп алды (Бұл әңгімеге шүбәланатындар болса, Жұмекеннің жары Нәсіп Мұстахқызының өзінен немесе оның қызы Саидадан сұрауына болады. Ол әлі күнге Ұлттық банкте). Міне, содан бері Жұмекеннің отбасымен араласып кеттік. Жұмекенге қатысты іс-шаралар өткен сайын Нәкең бізді қалдырмайды. Өткен жылы Нәкеңнің 80 жылдығы тойланғанда, зайыбым Гүлмаржан екеумізді арнайы шақырды. Сонда Нәкең: 80 жылдығымды тойлау ойымда жоқ еді, бірақ балаларым: сіз атақты ақынның жарысыз, есіміңізді біраз жұрт біледі, атап өтейік деп қоймады, — деді Нәкең.
Дастарханды Есенғали Раушанов пен Мереке Құлкенов жүргізді. Кезегі келгенде бізге де сөз берілді. Нәкең маған: Ғазизбек, мені қойшы, Жұмекен жайында айтқаныңды қалар едім, деді. Мен сонда жоғарыда жазғанымдай, Жұмекеннің баспада редактор болған кезіндегі сол бір қызықты оқиғаны айтып бердім. Нәкең разы болды. Біздің осынау адами достыққа ұласқан қарым-қатынасымызды көре алмайтындар да кездесіп қалып жүр. Ондай сұрқылтайлар қай кезде де болған ғой. Әлі де бола береді. Ондайларға сөз шығындаудың қажеті жоқ. Тек реті келген соң айтып жатқаным ғой.
***
Енді Нәсіптің өмірбаянына үңіліп көрелік. Оның өмірі – алыстағы ауылда өскен қарапайым қазақ қызының жүріп өткен жолы.
Нәсіп 1937 жылғы 17 сәуірде Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Қошалақ ауылдық кеңесіне қарасты «Жаңа жол» колхозында дүниеге келген. 1955 жылы «Нұржау» орта мектебін бітіріп, еңбек жолын «Орлы» ауылында кітапхана меңгерушісі болып бастаған.
1957 жылғы 14 тамызда ақын Жұмекен Нәжімеденовпен отау құрған. Қазір Жұмекеннің ошағын сөндірмей, түтінін түзу шығарып, асыл жар болған, бұл күнде Жұмекеннің артында қалған перзенттері Әйкенді, Қарлығашты, Мағжанды, Тоғжанды, Саиданы біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей ел қатарлы тәрбиелеп өсіріп, немерелер сүйіп отырған ардақты әже.
Еңбек жолының қалай жалғасқанына келер болсақ, 1957 жылдан бастап Алматы қаласындағы В.Терешкова атындағы кілем тоқу фабрикасында кілем тоқушы болып еңбек етті. Сөйтіп, қолөнерінің қыры мен сырына қанықты.
1985 жылы Жұмекеннің аяулы бейнесін кілемге түсірді. Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарында және мектеп оқушыларымен өткізген кездесулерде қазақ қолөнеріне қатысты өз тәжірибесін ортаға салумен болды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұраны авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің мұраларын құрастырып, отызға жуық кітап шығарды. Соның ішінде ақынның екі томдық, үш томдық шығармалар жинағын, сондай-ақ жеті томдық толық шығармалар жинағын баспаға дайындады. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің Жұмекен Нәжімеденов туралы зерттеу сауалдарына әрдайым мәліметтер дайындап, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы сұхбаттар беріп, кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» өлеңінің жазылу тарихын көпшілікке алғаш рет ұсынды.
«Біз достықты құрметтеп есейдік, – дейді Нәсіп Мұстахқызы – Жұмекенмен бірге тұрғалы бірде-бір рет ренжісіп көрмеппіз. Ол балажан, жүрегі жұмсақ, ешкімге дауыс көтеріп, қатты сөйлемейтін. Сондықтан мен асау ағысты өмір арнасында Жұмекендей жанға жар болғанымды шексіз бақытым деп білемін».
Нәсіп Мұстахқызы Жұмекен мен Шәмшіге арналып ескерткіш ашылса екен деп армандайды екен. Сол арманының орындалуына біз де тілектеспіз.
(Ықшамдалынып алынды)
Алматы ақшамы
.