Ұрпақ өз несібесін алып отырады

ӘДЕБИЕТ
2985
– Халық Президенттің әр Жолдауын асыға күтетіні рас. Жақсы дүние айтылып, елге пайдасы тиер ме екен, оң өзгерістер болар ма екен деп үміттенеді. Әр салада қызмет ететін жандар өздеріне қатысты «қандай жақсылық болады» деп көзі талмай, құлағын түріп отырады. Жолдауда мен назар салған бірнеше игі бастама көтерілді. Ең алдымен, «Қаңтар қырғынында» азапқа түскен, тұтқылдалған, арандап қалған азаматтарды, жастарды босатып, рақымшылық жариялаймыз дегені көңілден шықты. Бұл – өте орынды шешім, толық қолдаймын. Ал осы оқиғаға себепші болған, жұртты араздастырған, қан төккен нағыз қылмыскерлер жазасын алса деп тілейміз. Екіншіден, елімізде шетелдік көлік айдап жүрген адамдар бар. Бұған дейін көлігін заңдастыра алмаған олардың көңілі алаң болатын. Осыны ескерген билік азаматтарға 200-250 мың теңге шегінде утильалымын төлеп, автокөлігін оңай заңдастырып алуды ұсынды. Бұл жаңалыққа елдің көбі қуанғаны анық. Үшіншіден, 2024 жылдан бастап балалар 18 жасқа толғанға дейін жинақтаушы есепшотына Ұлттық қордағы кірістің 50 пайызын аударып отыратыны – көптен күткен жақсы іс, біраздан бері айтылған ұсыныс еді. Халық игілігі іске асатын болды. Толық қолдаймыз, жиналатын қаржы аз немесе көп болсын, әйтеуір бастысы – мемлекет байлығынан ұрпақ өз несібесін алып отырады. Бұдан бөлек, білім мен медицина саласына да қатысты оңды бастамалар көтерілді. Жастардың дамыған елдерде білім алуына жағдай жасалу үстінде. Міне, Жолдауда осындай игі һәм дұрыс дүниелер айтылды. Енді мұнымен тоқтап қалмай, келешекті ел болашағы үшін, мемлекеттің өркендеуі жолында көңілімізді толтырар істер атқарыла береді деп үміттенеміз.  
Жәнібек Қожық 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...